АДАМ ҚОЛЫМЕН ЖАСАЛЫНҒАН БИОГЕОЦЕНОЗДАР
Сендер бұған дейін адамның қатысуынсыз өтіп жататын табиғи биогеоценоздардың ерекшеліктерімен және ондағы болатын заңдылықтармен таныстыңдар. Адамның түрлі шаруашылық әрекеттері табиғатқа үнемі әсер етіп, оны өзгертеді. В. И. Вернадскийдің айтуы бойынша, адамның іс-әрекеті қуатты геологиялық күшке айналып отыр. Адам табиғатты өз мақсатына сай жасампаздықпен көркейте де алады. Адамның осындай іс-әрекетінің нәтижесінде ерекше биогеоценоздар қалыптасады, оған мысал ретінде, адамның ауылшаруашылығына байланысты әрекетінің нәтижесінде пайда болған, яғни қолдан жасалынған биогеоценоздар мен агроценоздарды жатқызуға болады. Оларға қолдан жасалған егістік алқаптар, шалғындықтар, жайылымдар, жасыл белдеулер, суқоймалар мысал бола алады. Мұндай биогеоценоздарды жасау үшін адам алдын ала жоспарланған алуан түрлі агрономиялық, гидромелиоративтік, т. б. әдістерді кеңінен қолданады. Мысалы, мол түсім беретін дақылдар мен шығымы мол шөптер егу, батпақты жерлерді құрғату, каналдар салу, суландыру жүйелерін ретке келтіру, топырақ өңдеу шаралары, топыраққа минералды және органикалық тыңайтқыштар себу, суқоймаларын жасау, т. б. Саябақтар, жеміс бақтары, көкөніс алқаптары, жидек еккен жерлер, тәлімбақтар, т. б. бәрі де жасанды биогеоценоздарға жатады. Осындай биогеоценоздарды жасау кезінде оның құрамдас бөліктерінің топыраққа тигізетін әсері де алдын ала ескерілуі қажет. Бұл кезде топырақты жел мен судың бүлдіруінен (эрозия) қорғау, топырақ жамылғысының табиғи құрылымы мен біртұтастығын сақтау жағдайларын жан-жақты ескерудің ерекше маңызы бар. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде осындай жағдайлар алдын ала ескерілмегеңдіктен, кейін көп жерлер шаруашылық айналымына жарамсыз болып калды, әрі ондай жерлерде эрозия кеңінен өріс алды. Ал қазір ғалымдар игерілген тыңаймағындағы топырақтың беткі құнарлы қыртысының 30%-ке кеміп кеткенін анықтап отыр.
Бұл арада біз адамның алдын ала ойланбай, дәйекті ғылыми зерттеулер жүргізбей жатып жасаған іс-әрекеттердің табиғаттағы тепе-теңдікке қалай әсер еткенін көріп отырмыз. Ол 1953 жылдың соңы 1954 жылдың бас кезінде “Тың далаларды игереміз” деген ұранмен ғасырлар бойы табиғи қалпын сақтап келген далалы аймақтарға “шабуыл” жүргізілді. Осындай науқанның нәтижесінде тек қана Қазақстанның 25 млн. гектар алқабы соқаның соққысымен игеріліп, кейіннен ешқандай шаруашылық айналымға жарамай қалды. Әділіне келер болсақ, қазір сол тыңның ақиқатынан гөрі аңызы басым болып отыр. Көптеген егістікке жарамсыз жер үран дүбірімен жыртылып, бірнеше жылдан кейін ешбір шаруашылық айналымына жарамай бостан-босқа қу тақырға айналып қалды.
Биогеоценоздарда бір түрге жататын өсімдіктердің үлкен аймақтарда өсуі, онымен қоректенетін бунақденелілердің жасанды биогеоценоздарда тез көбейіп кетуіне және олардың сол дақылдардың өсуіне зиян келтіруіне мүмкіндік туғызады. Ал ондай бунақденелілер табиғи биогеоценоздарда әдетте аз кездеседі. Мысалы, қызылша бізтұмсығы табиғи биогеоценоздарда, шалғындарда аздаған өсімдік түрлерімен қоректенеді, бірақ оның зияны ерекше біліне қоймайды. Көп жерлерді алып жатқан қант қызылшасы өскен алқапта қызылша бізтұмсығы бұл дақылдың жаппай зиянкесіне айналды.
Адам өз қолымен жасалған агроценоздарға үнемі көңіл бөліп, ондағы болып жатқан тіршілік тізбегіне белсене араласуы қажет. Мұндай кезде жоғары агротехникалық шараларды қолдана отырып, агроценоз ішіндегі құрамдас бөліктердің өзара әсер ету жағдайларын ескерген кезде ғана ондағы қолдан жасалған шалғындар, егістіктер, жайылымдар, отырғызылған ормандар, т. б. мол өнім береді, әрі өзінің тұтастығын ұзақ уақыт сақтай алады.
Табиғи және жасанды биогеоценоздар арасында көптеген ұқсастықтармен бірге айырмашылықтар да болады.
Табиғи биогеоценоздардың құрамына ағзалардың сан алуан түрлері кіреді. Сондықтан табиғи биогеоценоздар экологиялық жүйе болып саналады, өйткені олар табиғи сұрыпталудың нәтижесінде пайда боладьі, бұл кезде нашар бейімделген ағзалар бірте-бірте жойылады. Соның нәтижесіңде табиғи биогеоценоз өздігінен қалыптасатын әрі күрделі, әрі тұрақты экологиялық жүйе түзеді. Табиғи биогеоценозда өзіне тән зат пен энергия айналымы болады, ондағы өсімдік қалдықтары қайтадан топыраққа араласып кетеді.
Адам қолымен жасалынған жасанды биогеоценоздарды, яғни агроценоздарды құрайтын бөліктер шаруашылық қажеттігіне қарай іріктеліп алынады да, бірте-бірте ондағы тіршілік тізбегі өзгереді. Мұндағы негізгі әсер жасанды сұрыпталу болып саналады. Сондықтан ондай агроценоздарда адам үнемі қосымша агротехникалық шараларды қолдану (тыңайтқыштар себу, т. б.) арқылы оның тұрақтылығын сақтай алады, әрі ең жоғары түсім алуға болады. Жасанды биогеоценоздардағы зат айналымы адам әрекеті арқылы қалпына келтіріліп отырылады және оған үнемі адамның қамқорлығы қажет.
Табиғи биогеоценозда Күн негізгі энергия көзі болып табылса, ал агроценозда Күнмен бірге энергия көзі ретінде тыңайтқыштар пайдаланылады, сол арқылы жоғары түсім алынады. Агроценоздарда үнемі адамның араласуы арқылы зат айналым реттеледі. Табиғи экожүйелердегі сияқты агроценоздың құрамды бөліктерінің арасында да көптеген байланыстар болады. Мысалы, бидай егістігінде бидай және арамшөппен қоректенетін зиянды бунақденелілер, өсімдікпен қоректенетін ұсақ кемірушілер арасында күрделі байланыстар түзіледі. Бұл байланыстардың біраз бөлігі тікелей адамның араласуы арқылы реттеліп отырылады.
Табиғи және адам қолымен жасалынған биогеоценоздар арасында бірқатар аралық сипаттағы бірлестіктер болады. Табиғи биогеоценоздарға да адам әрекеті едәуір өзгеріс енгізеді. Мұндай “аралық” биогеоценоздарға орман және саябақты жақсарту шаралары жүргізілген табиғи шалғындықтарды жатқызуға болады.
Қазіргі кезде ауылшаруашылығына пайдаланылатын жаңадан игерілетін жерлер болмағандықтан егін шаруашылығын дамыту үшін агроценоздардың түсімділігін арттыруға басты назар аударылады. Дүниежүзіндегі құрлықтың 10%-ке жуығын егістік алқаптар алады. Халқымызда “Күте білсең жер жомарт”, “Қара жер қарыз арқаламайды”, “Жері байдың елі бай” деген даналық сөздер агроценоздарды дұрыс пайдалану қажет екенін барлық адамзатқа ескертіп тұр.
Агроценоздардың түсімділігін жоғарылату үшін ауылшаруашылық дақылдарын өсіру кезінде жаңа технологияны кеңінен пайдалану қажет. Қазіргі кезде бұл салада жаңа жетістіктер ретінде индустриялы технология, өте жоғары мамандандырылған шаруашылық ұйымдастырылған, оған сұрыптау агрохимиясы, өсімдік шаруашылығы, үйымдастырушаруашылық жұмыстары, жер өңдеудің жаңа техникалық әдістері, жоғары түсім алуға септігін тигізетін жаңа техниканы пайдалану және әрбір ауылшаруашылық дақылдарының жеке ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы агротехникалық жұмыстар жүргізу шаралары жатады.
Топырақ құнарлығын сақтап қалу үшін және оның құрылымын бүлдірмеу үшін ауыр техника пайдаланылмайды. Кейде ғана жеңіл-желпі жұмыстар жүргізіледі. Мысалы, тұқым себер алдында арамшөптерді жою үшін топырақта тез ыдырайтын және арам-шөптерге күшті әсер ететін химиялық препараттармен өңдейді. Индустриалды технология жоғары түсім беретін іріктемелі өсімдік буданын өсіруді, органикалық және минералды тыңайтқыштардың қажетті мөлшерін ғана пайдалануды талап етеді.
Индустриалды технологияны қолданудың басты шарты - ауыспалы егіс жүйесін қолдану. Бір дақылды үнемі бір орынға қайта-қайта егу жасанды биогеоценоздың түсімділігін азайтады және ондағы зат айналымының бұзылуына жағдай жасайды. Мысалы, жүгеріні бір жерге үнемі қайталап еге берсе, ондағы жүгеріге қажетті тыңайтқыштар мөлшері азаяды, сол арқылы топырақтың табиғи құрылымы өзгереді. Сондықтан да оңдай алқаптарға бұршақ дақылдарын, т. б. өсімдіктерді егіп, ауыстырып отырылады. Мұның өзі жердің тозбауына септігін тигізеді. Қазақстанда ауылшаруашылығына жарамды жерлерді дұрыс пайдалану үшін жер өңдеудің жаңа тәсілдері, эрозияға қарсы шаралар жүйесі кеңінен жүргізілуде.
Агроценоздардан жоғары түсім алу үшін барлық ауылшаруашылық жұмыстары өз уақытында жүргізілуі тиіс. Әрбір егілетін дақылдың ерекшелігіне сай агротехникалық шараларды жүргізу, түқым себу, өсімдікті күтіп-баптау, өнімді жинау мерзімдері қатаң ескеріледі. Индустриалды технологияны қолдану ауылшаруашылық дақылдарының түсімділігін арттыруға және агроценоздарды ұзақ уақыт шаруашылық айналымында пайдалануға бірден-бір мүмкіндік туғызады. Бұл негізінен халықты азық-түлікпенқамтамасыз етуге жол ашады.
Жарияланған-2020-10-27 11:14:29 Қаралды-2035
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану