UF

СҮЙЕКТЕН ЖАСАЛҒАН ҚАНДАЙ БҰЙЫМДАР БОЛАДЫ?

Категориясы: Өнертабысты


Мал шаруашылығымен, аңшылықпен айналысқан қазақ халқы жануарлардың сүйектерін де түрлі қажеттеріне жарата білген. Қазақ шеберлері үй жиһаздарын, саз аспаптарын, т.б. әзірлегенде оларды әшекейлеп безендіру үшін мүйіз бен сүйекті кеңінен пайдаланған.

Ол үшін үй жануарлары мен түз тағыларының мүйізі мен сүйегі, тұяғы жарай береді. Атап айтқанда: еліктің, бұғының, бұланның, арқардың, қарақұйрықпен бөкеннің (киіктің) мүйіздері мен ірі қараның қабырға сүйектері, жақ, жауырын сүйектері жарамды. Сүйек, мүйізді өңдеуге, әрлеуге ағаш шеберлерінің құрал-саймандары келе береді.

Мүйіз өңдеу үшін бір жетідей уақыт мүйізді суға салып, жібітіп алып, сонан соң ыстық суға қайнатып немесе ыстық қоламтаға салып балқытып алса, кесіп, жонуға жеңіл болады. Мұндай жұмсап, балбыраған мүйізді июге, қалыпқа қысып кез келген пішінге келтіру оңай. Мүйізді ыстық қоламтаға саларда суға малынған киізбен орап қойса, мүйіз күймей жақсы балқиды. Осындай бабына келіп тұрған мүйізді шотпен, пышақпен еркін жона беруге болады.

Шеберлер ертеректе сүйектен шаш тарақ, ат тарақ жасаған, пышақ та саптаған, ожау, саптыаяқ сияқты ыдыстардың сабын да сүйекпен безендірген, әсіресе, пілдің азу сүйегінен жасалған бұйымдар жоғары бағаланған.

Қож, қожы, қазбай. Ұста-зергерлер көріктің көмейіне көмір салуға, ыстық шоқты көсіп алуға, күл шығаруға арнап малдың жауырын сүйегінен жасаған қалақты қож немесе қожы, қазбай деп те атай береді. Қожыны әзірлеу үшін жауырынның ортасындағы ұзына бойы созылып жатқан қыр сүйекті шауып тастайды және оны іліп қою үшін бас жағына қайыстан бүлдірге тағады.

Аттарақ. Жылқы малын жоғары бағалаған қазақ оны баптап, күтетін құрал-жабдыққа да баса назар аударған. Бапкерлер бәйгеге қосатын сәйгүлігіне жабу жауып, әбден терлегенше желіп, ащы терін алған соң суытып, таң асырып қояды. Теріден бөлінген түз жылқы түгіне жабысып, сор болып кеуіп қалады. Соны үгіп түсіру үшін сүйектен әзірленген арнайы тарақты пайдаланады. Оны аттарақ деп атайды. Ондай тарақты жасау үшін жіліншік сүйекті қақ жарып, ағаштың аша бұтағына шегелейді. Қырлы қапталына бедерлеп егеумен тіс, жүз салады. Тарақ жүзінің тереңдігі пышак сыртындай, яғни 3-5 мм-дей болуы керек.

 

Сояу, сүйрік. Сүйектен істелген инені сояу немесе сүйрік деп атайды. Ондай инемен кап, канардың аузын, жабағыны тігуге болады. Қамыс, қоғаның қылтиып жаңа шығып келе жатқан өркенін де қазақ сүйрік деп атаған. Аппақ, жұмыр сүйектен әзірленген сояу ине сол қамыс сүйрігіне қатты ұқсайды. Тіліміздегі «саусақтары сүйріктей» немесе «тырнақтары сояудай» деген сөз тіркестері содан қалыптасса керек.

Сыдырғыш. Өрімшілер таспа тілгенде оны біркелкі етіп сыдыру үшін қатты ағаштан немесе мүйізден әзірленген сыдырғышты қолданады. Ағаштан, мүйізден істелген сыдырғыштың пышақ жүзі тиетін тұсы жұқарып, жылдам тозады. Ал ірі қараның жіліншігінен жасалған сыдырғыш өте ұзақ уақыт тұтынуға жарайды.

Токубіз. Тоқубіз қойдың, ешкінің кәрі жілігінің құрығынан әзірленеді. Кейде оны кәрі жіліктің «шыбығы», «қамшысы» деп те атайды. Кәрі жіліктің жанына жабыса біткен осы жанама шыбықты тазалап мұжып, қырнап алған соң үшкір жағын егеумен егеп, ілдіргі жасайды. Мұндай бізбен иірілген жіптен қолғап, шұлық, шәлі, мойынорағыш, т.б. киім-кешек тоқиды.

Батырғы. Ірі қараның жіліншік сүйегін жара тіліп, бір ұшын сүйір әрі қайқылау етіп етеген, ұзындығы бір сүйем құралды батырғы деп атайды. Онымен былғары, көнек, торсық, кеукерін, т.б. теріден жасалған бұйымдарға батырып өрнек салуға болады.

Инелік. Ірі қараның жіліншік сүйегін пышқымен жара тіліп, жұқартып егеп, бір басын доғалдау етіп жұмырлап, екінші ұшын тілшік қалдыра инелік жасауға болады. Инелікпен балықшылар ау тоқиды.

Шумек. Қазақ баланы бесікке бөлегенде ағаш шүмекпен қатар сүйектен әзірленген шүмекті де пайдаланған. Ондай шүмекті қойдың, ешкінің асықты жілігінен жасаған. Ол үшін асық орналасқан басын тұйық күйінде қалдырып, қырларын егеп, жұмырлап алу керек.

Ұршықбас. Ұршықтың басын (ебелегін), әдетте, ағаштан әзірлейді. Иірілетін жіптің ыңғайына карай кейде ұршықбасты тастан да жасайды. Сол сияқты ірі қараның ортан жілігінің жамбас ұясына кіріп тұратын жұмыр басын шорт қиып алып та ұршыққа бас әзірлеугеге болады.

 

  Жарияланған-2015-11-23 15:10:29     Қаралды-16048

Мәлімет сізге көмек берді ма

АДАМДАР ШАЙ ІШУДІ ҚАШАН БАСТАДЫ?

...

Жабайы шай бұталарын бүгінгі күнге дейін Қытай тауларында кездестіруге болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚЫРЫҚҚҰЛАҚ

...

Қырыққұлақ - жапырақтары тілімденген сәндік өсімдік. 12 мыңнан астам түрі бар. Қазақстанда 35-ке жуығы кездеседі. Кейбір түрлері тамыры арқылы, кейбірі жапырағында пайда болатын өнім бүршіктерімен көбейеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АДАМ ТЕРІСІ ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Биологтар мен дәрігерлер адам терісін бұрыннан зерттеген және оның бізден ешқандай құпиясы қалмаған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БАЙЫРҒЫ ҚАЗАҚ ӨЛШЕМДЕРІ

...

Ертеректе Шығыс елдерінде ұзындық өлшемдері ретінде адамның дене бөліктерінің өлшемі негізге алынған. Ол өлшем бірліктерін елі, тұтам, қарыс, сүйем, кез, сай кез, құлаш, шақырым деп атаған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САДАҚПЕН КӨЗДЕП АТУЫ

...

Англияның садақпен ататын әскери құрамалары 1627-1628 жылдарға дейін қызмет еткен деген тарихи дерек бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕСШАТЫР ЕСКЕРТКІШІ

...

Бесшатыр - көне қорымдар тобы, сақ дәуірінің аса ірі ескерткіштерінің бірі. Ол Жетісу өңіріндегі Желшағыр тауының бөктерінде орналасқан. Бесшатыр қорымының құрамында 31 оба бар. Бұл ескерткіш б.з.б. VI -V ғасырларға жатады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »