UF

КАТАР, Катар мемлекеті - Парсы шығанағының Катар түбегіндегі мемлекет. Жері 22 мың км2. Халқы 1,6 млн. (2010). Астанасы - Доха қаласы. Катардың жері шөлейтті жазық болып келеді. Тұрақты ағатын өзендері жоқ. Климаты қуаң, ыстық. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 100 мм. Халқының басым көпшілігі - арабтар. Олардан басқа негрлер (6-8 мың), үнділер, ирандар тұрады. Ресми тілі - араб тілі, діні - ислам. Катар - экономикасы артта қалған, мешеу ел. Ауыл шаруашылығында әлі феодалдық қарым-қатынас басым. Жағалауындағы құнарлы топырақты өңірінің тұрғындары суармалы егіншілікпен, балық аулаумен шұғылданады. Катардың негізгі байлығы - мұнай (табиғи қоры 778 млн. т). Елдің ұлттық табысының 90%-ін мұнай өнеркәсібі береді; 1971 жылғы өнімі 20,5 млн. т. Мұнай кәсіпшіліктері шетел компанияларының («Катар петролеум», «Шелл оф Катар» т. б.) қарамағында. Катар басқа елдерге мұнай шығарады; өзі тағам өнімдерін, құрылыс материалдарын, машиналар, өндірістік құрал-жабдық, дәрі-дәрмек, мата, киім сатып алады. Басты сыртқы сауда серіктестері - Ұлыбритания, АҚШ, Жапония, Батыс Германия. Тас жолдарының ұзындығы 1 мың км. Астанасында аэропоот бар. Ақша өлшемі - Катар-Дибай риалы.

Тарихи анықтама. Катар түбегін халықтар б. з. б. 3-2-мың жылдықта қоныстанған. Катар туралы алғаш Үлкен Плиний жазды (б. з. 1 ғ.). Оны Сасани әулеті оқтын-оқтын жаулап алды. 7 ғасырда Катарды арабтар бағындырды да, Араб халифатының құрамына енгізді. Халифат ыдырағаннан кейін (10 ғ.) Катар карматтар мемлекетінің құрамына кірді. 13-14 ғасырларда Бахрейн әмірлерінің қол астында болды. 16 ғасырдың бас кезінде Катарды Бахрейнмен қоса португалдар, кейінірек осман түріктері басын алды. 17 ғасырдан бастап Катар Иран, Түркия, түрлі араб тайпалары көсемдерінің, Оман билеушілері мен Сауд әулеттері арасындағы күрес объектісіне айналды. 18 ғасырдың 2-жартысында Катар жерінде Тани әулеті басшылық еткен шағын князьдық құрылды. Бұл әулет 19 ғасырдың ақырында бүкіл Катарды біріктірді. Мұнда феодалдық қатынастар құл иеленушілік пен ру-тайпалық құрылыстың қалдықтарымен ұштасып жатты. 1868 жылы Ұлыбритания Катарға тең праволы емес шартқа күштеп қол қойдырды. 1871 жылы Катарды қайтадан Осман империясы оккупациялады; 1-дүние жүзілік соғыс басталғанда Ұлыбритания Катарды бүтіндей өзіне бағындырды. 1916 жылы Ұлыбритания мен Катар арасында келісім жасалып, Катар британ протектораты болып жарияланды. 30 жылдары Катар жерінен мұнайдың мол қоры табылды. 1935 жылы ағылшын-франц-американ-голланд мұнай компаниясы - «Петролеум девелопмент оф Катар» - 75 жыл бойы Катардан мұнай барлау және өндіру үшін концессия алды.

2-дүние жүзілік соғыстан кейін Катар халқының тәуелсіздік жолындағы күресі күшейе түсті. 1960 жылы Катар астанасында жаппай халық демонстрациялары болып өтті. Реакциялық өктем саясат жүргізген әмір Әли ибн Абдаллах ибн Касем Әл Тани орнынан түсірілді. 1972 жылы ақпанға дейін Катар үкіметін шейх Ахмед бен Әли әл-Тани, ал ақпаннан - Халифа бен Хамад әл Тани басқарды. 1966 жылы елде мұнайшы жұмысшылардың тұңғыш кәсіподағы құрылды. 1970 жылы сәуірде уақытша конституция қабылданды. 1970 жылы мамырда Катарының алғашқы үкіметі құрылды. 1971 жылы 1-қыркүйекте Катар тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. 1971 жылы қыркүйекте Катар БҰҰ және Араб мемлекеттерінің лигасына қабылданды. Қазір Катарды көптеген елдер (Совет Одағы 1971 жылы 8 қыркүйекте) таныды.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-09-01 15:55:30     Қаралды-6447

ҚАЙ МЕМЛЕКЕТ ҚАТЕЛІКПЕН АТАЛДЫ?

...

Кариб теңізінде Пуэрто-Риконың үлкен аралы орналасқан...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ МАТЕРИКА ЕҢ КІШКЕНТАЙ?

...

Австралия - жер бетіндегі ең кішкентай материк.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕРДЕ СУ КӨП ПЕ?

...

Сусыз жер бетінде тіршілік болмас еді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТРОНДАР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Электрон» сөзі грек тілінен «янтарь» деп аударылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ЗАРЯДЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Электрондардың теріс заряды, ал атом ядросының оң заряды бар екенін сіз бұрыннан білесіз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЭЛЕКТР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Көптеген ғасырлар бойы адамдар электр қуатының бар екенін білмеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КОМПАСТЫ КІМ ОЙЛАП ТАПТЫ?

...

Навигацияның дамуымен кеме жасау ғылымы жетілдірілуде - кибернетика...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЗІРГІ ЖАНУАРДЫҢ ҚАЙСЫСЫ ЕҢ КӨНЕ?

...

Қолтырауындар - жартылай суда өмір сүретін ірі жыртқыштар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »