UF

Орыс календары - славян халықтары қолданған календарьдың табиғи жалғасы. Ол бертін сапалык, өзгерістерге ұшырап, юлиан календарына, ақыры григориан календарына сәйкестендірілген.

Европалық елдерде айлардағы күндер әр түрлі «әулиелерге» тәуелдендірілетіні мәлім. Кезінде орыс халқында да сондай жосықтар болған. Бірақ олар бертін келе діни мағынасынан айырылып, календарьлық атау ретінде ғана сақталған.

Орыс календарында жыл басы 1 қыркүйек (ескі санатпен, жаңа санат бойынша - 14 қыркүйек) болған. Бұл күн «Семен-летопроводец» деп аталған (мағынасы - «Жазды шығарып салатын Семен»), Қыркүйектің 14-21 аралығы (жаңа санат бойынша) «бабье лето» («қатындар жазы») делінген. Жаңа санат бойынша 1 қыркүйек - Стратилат күні.

1 қазан - Арина күні, 14 қазан - Покров күні (жаңа санат бойынша). Мынадай мәтел бар: «Придет Покров - девке голову покрост» - «Покров келер де, бой жеткен қызға шәлі бүркендірер». Ертеде қыз ұзату, үйлену тойлары көбінесс осы қазан айында өткізілген.

28 қараша - «ала байтал мініп жүрген Гурьян». 5 желтоқсан - Прокоп. 12 желтоқсан - Парамон. 17 желтоқсан - Варвара. 14 қаңтар - Василий, 1 ақпан - Макарий, 1 сәуір - Дарья, 18 сәуір - Федул, 15 мамыр - Борис, бұлбұлдар мейрамы, 28 мамыр — Пахом, 31 мамыр - Федот, 2 тамыз - Илья т. с. с. В. И. Дальдің «Пословицы русского народа» атты кітабында айлар мен күндерге қатысты көптеген мақалдар мен мәтелдер келтірілген.

Россияда 1710 жылдан бастап «Брюс календары» шығып жүрді. Онда 1710 жылдан 1940 жылға дейін қамтитын астрономиялық таблицалар (күннің ұзақтығы, батуы мен шығуы, тұтылулар т. б.), діни мейрамдардың мерзімдері, әр айдағы планеталардың көрінетін орындары т. с. с. келтірілген. Жылдар есебі 28 жылдық айналым бойынша, айлар есебі 19 жылдық айналым бойынша берілген. Жыл басы – наурыз болып есептелген. Брюс календары қажет болған сайын қайта басылып, кейде толықтырылып шығарылып отырған. Бұл негізінен астрономиялық календарь, бірақ таблицаларының дәлдігі нашар болды. Сонымен қабат Брюс календарында астрологиялық рецептер де болып жүрді.

Ескі дәстүр бойынша «дүние жаралғаннан» саналатын 7208 жылдың (біздіңше 1699 жылдың) 1 қыркүйектің, яғни жаңа жыл күнін Петр I патша да қарсы алды. Сөйте тұра, сол жылғы 19 желтоқсанда патшаның: «Бұдан былай жыл 1 қыркүйектен емес, 1 қаңтардан, дүние жаралғаннан емес, Христың туғанынан бастап есептелетін болсын» деген указы жарияланды.

1700 жылғы 1 қаңтарда, таңертең, Москвадағы Қызыл алаңда әскери парад басталды, оны Петр I өзі баскарды. Парад 200 зеңбіректен атылған салютпен аяқталды. Сол күні кешке Кремль сарайындағы балда әйелдерге билеуге рұқсат етілді. Патшаның указында бұл жөнінде былай делінген: «тойларда, мейрамдарда, көпшілік көңіл көтеретін жерлерде жұртпен кездескенде қыздар да, күйеулері бар келіншектер де - әйел жыныстын бәрі де - емін-еркін, беттерін бүркемей жүретін болсын».

Петрдің енгізген басқа да жаңалықтары сияқты, календарь реформасы да боярларға ұнамады. Бірақ Петр боярлардың қыңыр тартуын түзей білді. Жаңа календарьдың халық арасыпа таралуында бұрыннан шығып келе жатқан «месяцеслов» календары елеулі роль атқарды.

1708 жылы орыс баспаханалары, Петрдің указы бойынша, шым шытырық қосымша танбалары көп ескі славян жазуы - кириллицаны тастап, оңайлатылған азаматтық алфавитке көшті. Бұл алфавит халықтың пайдалануына жеңіл, қазіргі қолданылып жүрген орыс алфавитіне жақын. Жаңа алфавитпен басылған алғашқы кітаптардың бірі 28 беттік «Календарь или месяцеслов христиаиский по старому стилю или исчислению» болды. Бұл «месяцесловта» жыл мезгілдері, күннің батуы мен шығуы, айдың фазалары, апта күндері көрсетілді, жердің шұрайлы, малдың құнарлы болуы жайында, соғыс пен бейбітшілік, денсаулык, пен әр түрлі аурулар жайында т. с. с. мақалалар келтірілді. Одан кейін шыққан календарьлар осы «месяцесловтын» үлгісімен шығатын болды. Петрдің тұсында «Таусылмас календарь» деп аталған көп жылдық мерзімге арналған көркем календарь да болды.

Петр I календарьды біраз жөндеп, Европа календары қатарына қосты. Бірақ оның енгізген календары ескі санатпен (юлиан календары) қалды. Россия жаңа санатқа Ұлы Октябрь социалистік революциясыпан кейін ғана көшті.

Петр I (1672-1725) Россияның шаруашылығы мен мәдениетін көтеруде көп еңбек етті. Петрдің тұсында Россияның жер байлығы зерттеле бастап, географиялық картасы жасалды, өндіріс ошақтары салына бастады, әскери-теңіз флоты құрылды, шетелдермен сауда қатынастары қалыптасты, оқу орындары мен мәдениет мекемелері бой көрсете бастады. Бұрын шетелдерде Россияның тұрақты елшілері болмаған. Тұрақты елшілер жіберу Петрдің тұсында басталғаң. Баспаханалар, музейлер, сурет көрмелері, әр түрлі шеберханалар, астрономиялық обсерватория т. с. с. Петр I тұсында ашыла бастады. 1725 жылы ашылған Россия академиясы Петрдің жоспары бойынша дүниеге келген болатын. Петр I өз заманының білімді адамы болған, ол ана тілімен қатар ағылшын, француз, неміс, голланд тілдерін білген.

1700 жылы Россия календарының өзгергендігін есте қалдыру үшін алтын медаль шығарылуға тиісті еді. Бірақ неге екені белгісіз, медаль шығарылмаған, оның тек макеті ғана сақталған.

Россияның Петрден кейінгі патшалары календарьға ешқандай мән бермеді. Олар календарь шығаруға сынық бақыр да жұмсамады. Сондықтан календарьды әр кезде әр түрлі жеке адамдар шығаратын болды. Мысалы, Н. И. Новиков (1744-1818) «Христианский календарь на 1784 год» атты календарь шығарды. 1866 жылдан 1886 жылға дейін орыс тіліндегі календарьды А. А. Гатцук (1832-1893) деген чех шығарып тұрды. Бұл календарьлардың сапасы нашар болды. Орыстың кемеңгер жазушысы А. С. Грибоедовтың «Ақыл азабы» атты драмасында Хлестованың: «Календарьлардың бәрі де етірік айтады» деуі сондықтан еді (қараңыз: үшінші перде, алтыншы көрініс).

Орыс тілінде сапалы календарь шығару ісін ұйымдастырушы белгілі мәдениет қайраткері, кітап шығарушы және баспа иесі Иван Дмитриевич Сытин (1851-1934) болды.

И. Д. Сытин орыс тілінде халық оқитын кітаптарды көбірек, сапалы және арзан бағамен шығаруды көздеді. Ол орыс классиктерінің көпшілігінің шығармалар жинағын басып шығарды. 1914 жылы Россияда жарық көрген кітаптардыц 25 проценттен астамы Сытинның баспасынан шыққан.

1887 жылдан 1922 жылға дейін орыс тіліндегі календарьларды - календарь жөніндегі кітаптарды, табель-календарьларды, жыртпа және аударма календарьларды т. с. с. И. Д. Сытин шығарып тұрған. Оның календарьларының тираждары 8 миллионға жеткен.

Россия сияқты елде, - дейді И. Д. Сытин, - адамзаттың мәдени мұраларынан ешқандай үлес ала алмаған миллиондаған адамдар өмір сүріп, содан кейін өліп отырды. Мылқау түкпірлерде қалған, жолдардың жоқтығынан және қалалардың бір-бірінен алшақтығынан орталықтан шалғай жатқан жерлердегі орыс адамдарының баспадан шыққан сөзге ешқандай қатынасы болмады, кітап, газет, мектеп дегендер олардың түсіне де кірмеді, сондықтан календарь ондай адамдардың сыртқы дүниеге қарайтын бірден-бір терезесі сияқты еді.

Олар календарь бойынша ойланатын, календарь арқылы оқитын, сол арқылы ғана білім алатын, ал календарь өмірде кездесетін жағдайлардың бәрінде де ақыл-кеңес беріп отыратын... Халық білімінің бұл қапшығына мемлекет тарапынан бір тиын да шығарылған жоқ (И. Д. Сытин, Кітап жолындағы өмір, Москва, 1962 жыл, 67-68-беттер).

И. Д. Сытинның календарьлары мазмұны жағынан да, көркемдігі жағынан да құнды болды, өз тұсында халық талаптарын қанағаттандыра алды. Бұл жөнінде И. Д. Сытин орыстың көрнекті жазушыларымен, суретшілерімен, қоғам қайраткерлерімен жиі пікірлесіп, кеңеетер алып отырды. И. Д. Сытинның баспасы Л. Н. Толстой, А. П. Чехов,

А.М. Горький, Н. С. Лесков, В. М. Гаршин, В. Г. Короленко, И. А. Бунин, А. И. Куприн, Д. И. Мамин-Сибиряк, И. Е. Репин, А. М. Васнецов, В. И. Суриков, Қ. Ф. Юон, А.В. Верещагин, В. Д. Поленов, В. И. Немирович-Данченко, А. А. Яблочкина, В. М. Бехтеров тағы басқалармен тығыз қарым-қатынаста болды.

Бір жылы патша цензурасы 8 миллион дана тиражбен шыққан жыртпа календарьды сатуға тыйым салып, конфис келеді. Онда мынадай дерек бар еді: «Американ жұмысшысы күніне бір қадақ сиыр етіп жейді. Ағылшын жұмысшысы - қадақтың үш ширегін, француз және неміс жұмысшылары - жарты қадақ. Орыс жұмысшысы күніне екі золотник ет жейді». 1 золотник - қазіргіше айтқанда 4,266 грамм. Сонда орыс жұмысшысы күніне сегіз жарым грамм ғана ет жеген болады. Алайда, көптеген мәдениет қайраткерлерінің ара түсуі арқасында цензура жеңілді, календарь халыққа таратылды.

Октябрь революциясынан кейін Сытинның баспаханалары мемлекет меншігіне алынды. И. Д. Сытин өзі тіленіп, совет баспаларында қызмет істеді. Халық Ағарту Комиссариатының, Халық Шаруашылығының Жоғарғы Советінің жауапты тапсырмаларын шын ықыласымен орындап отырды, советтік кітаптар мен календарьларды шығаруға ат салысты. Ол қағаз жөнінде келіссөздер жүргізуге, кітаптар көрмелерін ұйымдастыруға совет үкіметінің өкілі ретінде шетелдерге барып жүрді, Мемлекеттік баспаның консультанты қызметін атқарды.

Совет үкіметі И. Д. Сытинге қартайған кезінде дербес пенсия тағайындады, оған Москваның орталығындағы Горький көшесінен үй берді.

И. Д. Сытин 1934 жылы Москвада кайтыс болды.

Орыс календары жөнінде айта беруге болады. Ол туралы материал көп, көпшілікке арналған кітаптар да аз емес. Орыс тілінде жыл сайын календарьға қатысты ондаған кітаптар мен кітапшалар шығып тұрады. Бұл тілде аса бай, терең мазмұнды табиғат календары бар, онда жылдың төрт мезгілінің көркем тілмен суреттелген табиғи сипаттамалары, жылдың әрбір айындағы өсімдіктер мен жәндіктердің тіршіліктері, әр кездегі ауа райының ерекшеліктері т. с. с. айтылады. Табиғат календары бір жағынан біздің жалпы білімімізді молайтады, екінші жағынан табиғатты қорғау ісіне себін тигізеді. Басқа халықтарда мұндай өрісі кең табиғат календары сирек кездеседі. Табиғат календары орыс тіліндегі көркем әдебиетте де елеулі орып алады. Пушкиннің, Жуковскийдің, Тютчевтің өлеңдерінде, Тургеневтің, Пришвиннің, Паустовскийдің, Бианкидің әңгімелерінде өзендер мен көлдер, таулар мен ормандар, жапырақтар мен гүлдер сөйлеп тұрғандай, сырласып тұрғандай болады. Ұлы орыс суретшілерінің еңбектерінде де календарь кездеседі: Суриковтың, Шишкиннің, Левитанның, Серовтың шығармаларында жылдың қай мезгілі кескінделгенін ойланбай айтуға болады.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-05-30 15:58:42     Қаралды-1706

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »