UF

ҚАЗАҚТЫҢ АТ СПОРТЫ

 

Ат - ер қанаты. Қазақтардың көптеген ұлттық спорт түрлері атқа байланысты туған. Бәйгенің неше түрлері, сақина алу, көкпар, аударыспақ, сайыс, қыз қуу тағы басқалары адамды ат үстінде шебер өнер көрсетуге, епті, шыдамды, төзімді болуға баулиды. Олардың көбісі ата-бабаларымыз жауынгерлер даярлағанда да маңызды міндет атқарған. Ал атты күту, баптау жүздеген жылдық тәжірибесі бар өзіндік бір ғылым.

Ат спортында көкпардан басқа спорт түрлерінің бәрі жекелей есепке енеді. Себебі онда жеке адамның күші мен әдіс айласы, шеберлігі сынға түседі. Әрине, бұл оның серігі - астындағы атының да бабына тікелей байланысты. Жарысқа тек қана дайындығы бар, атқа жақсы отыра алатын, денсаулығы туралы дәрігерден рұқсат алған спортшылар ғана қатыса алады. Егер қыздар мен әйелдер де бәсекеде күш сынасатын болса ол жайлы арнайы шығарылған ережеде айтылады. Ат спортына қатынасушы - спортшылардың жасы 17-ден кем болмауға тиіс. Егер жаттықтырушының, дәрігердің және жарысты өткізуші үйымның келісімі болған жағдайда жас спортшылар да бәсекеге түседі. Бірақ олардың жасы бәрібір 14-тен кем болмауға тиіс. Тек құнан бәйгеде шабуға ғана жас балаларға рұқсат беріледі. Бірақ олардың жан-жақты дайындығы күшті болуы керек.

Ат спортынан өтетін жарысқа қатынасушы әрбір спортшы мынадай шарттарды алдын ала жақсы білуге тиіс:

- жарыстың шарты, ережесінен толық мағлұматы болу;

- жарыс өтетін жерге ерте келіп, бәсеке басталар шаққа дайын тұру;

- бәсеке кезінде бөгде адамның көмегін пайдаланбау.

Жарысқа қатынасу кезінде белгілі ережелерді бұзуға болмайды, бұл шарттар орындалмаса ешқандай ескертусіз-ақ ол жарыстан шығарылады.

Спортшының номері жеребе арқылы белгіленеді. Ол айқын бояумен көлемі 15x20 сантиметр ақ шүберекке жазылады да, кеудесіне және арқасына анық көрінетін етіп тігіледі немесе байланады.

Жарысқа қатысатын ауылдардың, ауданның, облыстың командалары өздерінің уәкілдеріне бағынады. Уәкілдер спортшылардың режимі, қонақ үйі, аттар мен оның күтімі, жемі туралы қамқорлык, жасауға тиіс. Қажетті документтер де уәкілде болады. Егер бәсеке барысында бір спортшы төрешілердің шешіміне наразы болса, онда наразылығын алдымен өз уәкіліне айтып, ол өзінің пікірін бас төрешіге жазбаша түрде баяндайды.

Әр жарыс алдында ұйымдастыру комитеті құрылады. Бәсекеге дайындалу, төрешілер алқасын құру, жарыс өтетін жерді әзірлеу, дәрігерлік, мал дәрігерлік қызмет көрсету, спортшыларды қабылдап, оларды мандат комиссиясына өткізу - бәрі де ұйымдастыру комитетіне жүктеледі. Комитет құрамына бас төреші де міндетті түрде енеді. Ол жарыстың секретарын, комендантын, төреші хронометршілерді, старт берушілерді, аға төрешілер мен төрешілерді тағайындап, олардың міндеттерін белгілейді.

Қазақтың ат спорты төмендегіше бірнеше түрге бөлінеді: аламан бәйге, бәйге, жорға жарыс, аударыспақ, сайыс, көкпар, жамбы.

Біздер бұл арада қыз қуу, теңге ілу, салма ілу сияқты атпен орындалатын қиын жаттығуларды ұлттық ойындар тарауында әңгімелеуді көздеп отырмыз.

Аламан байге. Аламан бәйгеде ат 25-100 киометр аралығындағы қашықтықта шабады. Жарыс өтетін жер ойлы-қырлы, кедергілі болады. Бір сөзбен айтқанда адамның бойында шыдамдылық, төзімділік сияқты қасиеттерді дамытып, оның атына, өзіне үлкен сын болатын спорт түрі аламан байге деп аталған.

Байге. Аламан бәйгеге қарағанда бәйгеде ат шабатын қашықтық қысқа болады. 1957 жылы Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы физ­культура және спорт женіндегі комитет бекіткен ереже бойынпіа қазір құнандар үшін 1200, 1500, 1600, 1800, 2000 метрлік, дөнендер үшін - 2400, 3000, 3200, 4000, 4800 метрлік, ал бесті және одан кейінгі жастағы аттар үшін - 5000, 8000, 10 000 метрлік қашықтықтарда жарыстар өткізіледі.

Бәйгеге әбден жаратылып мал дәрігерінің тексеруінен өткен аттар ғана жіберіледі. Жарысқа қатысушылар кеудесіне және арқасына тігілген номерлері бойынша солдан оңға қарай, мәре сызығын бойлап, оған 30-35 метрдей жетпей қатар түзеп тұрады. Шабандоз өз командасының эмблемасы бар, жеңіл де ыңғайлы ұлттық киім киеді. Аттың ер-тұмандарында, спортшының киімінде адам жарақаттанатындай темір заттар болмауға тиіс. Бәйге жазык, жерлерде, көбіне арнаулы ипподромдарда өткізіледі. Соңғы жылдары бәйге мереке күндерінде, шопандар слеттерінде, аудан, облыс, тіпті республика көлемінде де жиі ұйымдастырылып жүр.

Жарыс алдына қоңырау үш рет қағылады. Бірінші қоңыраудан кейін шабандоз атына мінеді. Екінші қоңыраудан соң төрешілер алқасы тұрған мінбе алдынан өтіп, өздерінің бәйгеге дайын екендіктерін көрсетеді. Үшінші қоңыраудан соң мәреге тұрады.

Бәйгеге шабатындар жеребеде алған орын бойынша мәре сызығынан 50 метр жерде тұрады да мәрешінің белгісімен (жалау көтеру бойынша) аттарының басын тежей қатарласа мәре сызығына тұрады.

Аттар біркелкі қатарласып тұрған шақта мәреші: «Шап» деген команда беріп, жалауды төмен түсіреді, осы сәттен бастап бәйгенің мерзімі есептеледі.

Мәре сызығынан өтерде жарысушылардың қатары біркелкі болмаған жағдайда төреші: «Кейін» деген команда береді. Осы команда бойынша жарысушылар кейін қайтып, бастапқы орындарына келуге міндетті. Сөйтіп мәре қайта басталады.

Мәрешінің көмекшісі мәренің берілгенін жалауды түсірумен немесе «кейін» деген команда болғанда жалауды түсірмей, жарысушыларға мәре берілмегендігін көрсетеді.

Бәйгеге шауып келе жатқан адамның атын оздыру үшін өзі білген тәсілдің бәрін қолдануына болады, бірақ оған қатарлас келе жатқан атқа қамшысын тигізуге немесе қамшысын жан-жағына үйіруге және айқайлап, ысқыруға болмайды.

Жарысушылар жан-жағындағы аттарға соқтығысып қалмай, оларды басып озып кететіндей бағыт ұстауға тиіс.

Егер алдында келе жатқан ат айналымның ең ішкі жиегіне жақындамай келе жатса, кейінгі аттардың өтіп кетуіне жол ашылып, арттағы аттар оны оң жағынан да, сол жағынан да қуып жете алады. Мұндай жағдайда алда келе жатқан кісіге өзінің сол жағынан өтіп бара жатқан атты жасқап, тура жолынан тайдыруға үзілді-кесілді рұқсат етілмейді. Тайдыра қалған күнде бәйгеге қатысушы жарыс шартын бұзды деп есептелінеді.

Жорға жарысы. Жүрісі майда, тыныш болғандықтан, алыс жолға жорға мінген қолайлы.

Жорға жарысына жігіттермен қатар әйелдер, қыздар да қатысады. Аттың ер-тұрманы, әбзелі әшекейлі, спортшылардың киімі әдемі болуы керек.

Әйелдер үшін жорға жарысының қашықтығы 2, 3, 5 километр, жігіттер үшін 3, 6, 10 километр. Егер жарысқа қатысушылардың саны он адамнан көп болса олар жеребе бойынша бірнеше топқа бөлінеді де, әр топ жарысқа бөлек-бөлек түседі.

Бірінші орынға белгіленген қашықтықты ең аз уақытта өткен спортшы шығады. Егер екі немесе бірнеше жорға сөреге бірдей келсе (аттың басы озса ұтқан болып есептеледі) онда төрешілердің ұйғарымы бойынша таза жорғалаған және әбзелі мен киімі, жорғаға отырысы әдемі спортшы жеңіске жетеді.

Кейде жорға жарысы командалық есепте де өтеді. Командалар аралас (әйелдер, ерлер) немесе біртекті (тек әйелдер әйтпесе ерлер) болуы да мүмкін. Мәреге кешігіп әйтпесе келмей қалған спортшы жарысқа қатынастырылмайды. Жалпы командалық бірінші орын анықталғанда кездейсоқ оқиғаға болмаса тәртіп бұзғаны үшін жарыстан шығарылған әрбір қатысушыға оның өзі қатынасқан топтағы ең соңғы көрсеткіш есептелінеді. Егер команда құрамында бірнеше әйтпесе бір спортшы кем болса онда ең төменгі көрсеткіш және бұған қоса 10 секунд айып есептелінеді. Егер жарыстың сипаты жекелей командалық болса, онда команданың түгелдігіне қарамай жекелей есепте бірінші орынға шыққан спортшы жеңімпаз атанады.

Қашықтықты өту тәртібі бәйге кезіндегідей. Бірақ жарыс кезінде жорға жүрісін бұзса оған бір ұтылыс ұпай жазылады. Бұл 10 секундқа тең. Жалпы жарыста көрсеткен уақытқа 2 ұтылыс алғандарға 20 секунд, 3 ұтылыс алғандарға 30 секунд уақыт қосылып жазылады. Жорға жүрісінен жарыс үстінде төрт рет жаңылысса онда ешқандай ескертусіз-ақ жарыстан шығарылады. Төрешілердің мұндай шешімі микрофон арқылы жарияланады.

Жорға жарысында ат жүрісінің әдемілігіне, әбзелдер мен спортшы киімінің сәнділігіне де қосымша ұпай беріледі. Көрермен қауым жақсы ұйымдастырылған жорға жарысынан үлкен эстетикалық ләззат алады. Жорғаларды баптау ұзақ уақытты талап ететін болғандықтан жарыс өтетін күн алдын ала ерте белгіленеді.

Аударыспақ. Аударыспақ - шабондоздардың жекпе-жек бәсекеде бірін-бірі аударысуы. Бұл спорттың дене тәрбиесіндегі маңызды түрінің бірі. Жарыс жекелей командалық болып бөлінеді. 18 жасқа толмаған жігіттер жарысқа жіберілмейді. Аударысушылар салмақтарына қарап үш қатегорияға бөлінеді. Салмағы 65 килограмға дейінгілер - жеңіл, 65-тен 80 килограмға дейінгілер орта және 80 килограмнан жоғарылар ауыр салмақтылар тобына жатады. Әрбір команда салмағы осы үш категорияға сәйкес келетін үш адамнан құрылады.

Жарыс көлемі 30x30 метрлік алаң немесе диаметрі 30-40 метрлік шеңбер ішінде өткізіледі. Жарысқа қатысушылар қалың матадан тігілген сырт көйлек немесе бешпет, шалбар және етік киіп шығады. Атқа үзеңгілі, қазақы ер салынады. Дойыр я қамшы ұстауға болмайды. Ұстау (аударысу) төрешінің ысқырығы бойынша басталып, 15 минутқа созылады. Егер кездесушілер бірін-бірі аттан аудара алмаса, бас төреші мен оның екі жәрдемшісі екі ойыншының қайсысы көбірек жіті қимылдағаны жөнінде пікірлерін дауысқа салып, жеңісті көп дауыс алғанына береді. Өзімен ұстасушыны атынан аударып түсірген немесе сол қарсыласының денесінің әйтеуір қай мүшесін болса да жерге тигізген адам жеңіп шыққан болып саналады.

Жарысқа қатысушыларға мыналар рұқсат етіледі:

- қарсы жақтың белбеуінен жоғары киімінен, мойнынан, басынан, қолынан, аяғынан және кеуде тұсынан ұстау;

- өзінің және қарсы жақтың атына табанын, қолын, тізесін тіреу;

- екі аттың да мойнынан қапсыра ұстау;

- қарсы жақтың атын да, өзін де кез-келген жаққа қолмен итеру;

- ешбір жерге тиместен қарсы жақтың атына секіріп міну және өз тізгінінен айырылмай отырып, оны аттан аудару.

Ал егер мұндайда өз тізгінінен айрылып қалса, жеңілген болып есептеледі.

Жарысқа қатысушыға мыналар рұқсат етілмейді:

- белбеуден төменгі киімнен ұстауға;

- тұншықтыру немесе жарақаттауға әкеліп соқтыратын қимыл жасау, қолды, саусақты, аяқты және мойынды бұрауға;

- қарсы жақтың не өз атын ұруға;

- сөйлесуге, айқайласуға.

Аударыспақ спортшыдан өте күшті, епті, атқа жақсы отырып оны жақсы меңгеруді талап ететін спорттың атлетикалық түрі. Онымен айналысушылар күші жағынан штангашыдан, әдіс-айла жағынан балуаннан, ептілік, шеберлік жөнінен акробаттан немесе гимпасттан кем болмауға тиіс.

Сайыс. Көп жерлерде сайысты аударыспақпен шатастырып жүр. Бұл дұрыс емес. Сайыс та ат үстіндегі жекпе-жек. Тек ұшы тұқыл найзамен, кей жерлерде сойылмен өткізіледі. Оның бұл екі түрі де «Қыз-Жібек» және «Көксерек» көркемсуретті фильмдерінде жақсы көрсетілген (Төлеген мен Бекежанның, Аманқұл мен бай баласының ат үстіндегі жекпе-жектері).

Сайыс жігіттерді ептілікке, батылдыққа, қаруды шебер қолдануға тәрбиелейді. Бәсекеге түсушілердің найзаларының ұзындықтары, сойылдарының салмақтары бірдей болады. Спортшының найза «шаншылатын» кеуде тұсы мен тақымдығына қалың кеудеше, тақымша киіледі. Басқа жерден найза «шаншуға» болмайды. Тақымға найза салған найзагер оны көтеріп аттан аударып тастауға тиіс. Егер сайыста сойыл қолданылса онда адамды не атты ұруға рұқсат етілмейді. Сайысшылар тек бір-бірінің сойылдарын ғана қағып түсіруге тиіс. Жеңіске найзаны немесе сойылды қағып түсірген, бәсекелесін аттан аударған, әйтпесе төрешілердің көзқарасы бойынша шеберлік көрсеткен спортшы ие болады.

Сайыс көлемі 50x20 метрлік шеге топырақты алаңда өткізіледі. Спортшылар да аударыспақтағы сияқты үш салмақ категориясына бөлінеді. Олар бәсеке кезінде бір-бірінің аттан хауіпсіз құлауын қадағалауға және қиын жағдайда көмек көрсетуге тиіс. Егер жарыс кезінде дәрігер болмаса, онда жекпе жек өткізілмейді. Қорыта келгенде сайыс - адамдардың өте күшті дайындығын қажет ететін ұлттық спорттың күрделі түрлерінің бірі.

Көкпар. Қазақ халқының ежелгі ұлттық ойындарының бірі - көкпар жігіттерді батылдыққа, ептілікке, төзімділікке, шапшаңдыққа үйретіп, денесін шынықтырады, кенет кездесетін қиындықтарды оңай жеңуге, ұйымшылдыққа тәрбиелейді, ал ат ойынға бейімделіп, ұшқыр, төзімді, сондай-ақ өте мықты, кез-келген жерде бұлтарғыш болуға қалыптасады.

Көкпар тарту ойыны жазық жерге немесе шеге топырақты, тегістелген алаңға ұйымдастырылады. Ойын алаңының екі шетіне қақпа - отау (шекара) қойылады. Екі командадағы қатысушылар алаңның ортасына шығады, тартуға әзірленген серке де (тұлып) осында болады. Төрешінің берген белгісі бойынша екі команданың бірі көкпарды жерден іліп алып, өз қақпасына қарай шаба жөнеледі. Екіншң командадағы жігіттер көкпарды жібермей, өз қақпасына апаруға тырысады. Көкпар тартуға жігіттері сай, жақсы ұйымдасқан, әдісқой, айласы көп команда жақсы ойнайды. Белгіленген уақыттың ішінде қай команда көкпарды өз қақпасына көп әкеліп тастаса, сол жеңген болып шығады.

Көкпарды өз қақпасына әкелген команда 1 ұпай, қарсы команда «О» ұпай алады. Көкпар қақпаға әкеліп тасталғаннан кейін ойын тағы да алаңның ортасынан басталады.

Қол-аяғы кесілген серкені көкпар етіп тартудың орнына брезенттен немесе басқа бір төзімді матадан тігілген, 20-35 килограмм тартатын тұлыпты көкпар етіп тартқан жөн.

Көкпар тартуға ауылдардың спорт ұйымдарының физкультура коллективтерінің командалары, аудандардың, қалалардың, облыстардың құрама командалары қатысады.

Көкпар тартуға жасы 18-ге толған, дәрігерден алған рұқсаты бар жігіттер ғана қатысады. Ол мінген атына да мал дәрігерінен көкпарға қатысуға болады деген анықтама қағаз алады:

Команданың құрамындағы адам санын жарысты өткізгелі отырған ұйым белгілеуге тиіс, бірақ әр команда 5 адамнан кем болмауы керек.

Сол жарыстың төрешісі көкпар тартуға қатыса алмайды. Алаңда төреші ысқырса ойынға қатысушылар тартысты дереу тоқтатуға тиіс.

Көкпаршыға бір күннің ішінде екі ойынға қатысуға рұқсат етіледі, бірақ ол ойындардың арасында кемі екі сағат үзіліс керек.

Көкпарға қатысушы әрбір адам жарыстың ережелерін біліп, оларды мүлтіксіз орындауға тиіс.

Көкпар тартуға қатысушының киімі және атының ер-тұрманы, жарысқа қатысушының үстінде төзімді матадан тігілген курткасы, шалбары, аяғында етігі болуы керек, әр адамның арқасына өз командасынан берілген номер тігіледі, әр команда мүшелерінің киім формасы, костюмдерінің түсі бірдей болуға тиіс. Ерде адам мен атқа зақым келтіруі мүмкін заттардың болмағаны жөн.

Көкпарды топырағы жұмсақ алаңда тарту керек. Алаңның көлемінің қандай болуы тартысқа қатысатын адамдардың санына байланысты: әрқайсысында бес-бестен адамы бар екі команда қатысатын болса алаңның көлемі 300x100 метр; әр командада 10 адамнан болса - 500x200 метр, 15 адамнан болса - 700x300 метр, 20 адамнан болса - 1000x500 метр болуға тиіс.

Көкпар тартатын алаңның айналасы белгіленіп, бұрыш-бұрыштарына биіктігі 1 метрдей жалау қадалады. Алаңның ортасына радиусы 3 метр дөнгелек сызылады. Ол анық көрінуге тиіс.

Қақпа - отау алаңнан тура тартылған сызықтың орта шеніне салынады. Ол былайша жасалады: диаметрі 25-30 сантиметр, биіктігі 2,5-3 метр екі жұмыр діңгекті арасын 10 метр етіп қағады.

Төрешілер алқасын физкультура және спорт комитеті немесе жарысты өткізгелі отырған ұйым тағайындайды, оның құрамында бас төреші, алаң ортасында болатын төреші, алаңның екі бүйірінде болатын екі төреші, хрометрші төреші, адам дәрігері мен мал дәрігері және секретарь болады.

Егер ойынға көп команда қатынасатын болса, алаңның ортасында және екі бүйірінде жүретін төрешілердің санын бірін-бірі алмастыра алатындай етіп көбейту керек.

Бас төрешінің міндеттері: а) көкпарының жарыстың ережелеріне сай дұрыстап өтуін қадағалау, б) төрешілер алқасына басшылық ету, в) төрешілерді тағайындап және ауыстырып отыру, г) алаңның жарысқа дайындығын тексеру, д) жарыстың ережелерін бұзған және өзін дұрыс ұстай алмаған төрешілерді төрелік жұмысынан шығару, е) торешілер алқасының мәжілісін өткізу, ж) жеке төрешілер қарарының дұрыс еместігіне өзінің көзі жетсе, ондай қарарды бұзу, 3) жарысты өткізгені туралы есепті баяндама жасау.

Алаң ортасындағы төрешінің міндеттері: көкпар ойынын бастату, ойын жүріп жатқан кезде керек деп тапса тоқтату, ойынның басталуын және аяқталуын жариялау. Ол команданы ысқырықпен береді.

Өтіп жатқан ойынды төреші жарыстың ережесі бұзылса, сондай-ақ адам не ат мертігіп қалса, алаңның екі бүйіріндегі төрешілердің берген сигналы бойынша ескерту жасауға тура келсе ғана тоқтатады.

Бір адам ойын ережесін үш рет өрескел бұзса алаңдағы төрешінің оны ойыннан шығарып жіберуге қақысы бар. Бірақ оның орнына басқа адамды қатыстыруға болмайды.

Алаңның екі бүйіріндегі төрешілер алаңдағы төрешіге бағынады. Ойын жүріп жатқан кезде олар алаңның екі қапталында атпен жүріп бақылайды.

Жарыстың ережелері бұзылса бүйірдегі төреші қолындағы туды тік көтеру арқылы хабар беріп, алаңдағы төрешіден ойынды тоқтатуды талап етеді.

Әрбір командада тиісті ұйымның тағайындалған ресми өкілі және сол командаға қатысу шылардың ішінен белгіленген команда капитаны болу керек.

Қай командаға қай жақ қақпаның тиетіндігін жарыс басталмастан бес-он минут бұрың жеребе тарту арқылы шешеді. Алаңдағы төрешінің белгісі бойынша әр команда өз қақпасының алдында тізіліп сапқа тұрады.

Алаңдағы төреші қапталдағы төрешілермен бірге алаңның ортасына шығып, жарысқа шақырған белгі ретінде ысқырады. Көкпаршылар ортадағы дөңгелек сызықтан он метр жерге келіп тұрады да: «Бәлен командадан түген командаға спорттық сәлем» деп құттықтасады. Мысалы: «Арал ауданының командасынан Қазалы ауданының командасына спорттық сәлем!» Командалардың капитандары бір-бірімен және төрешімен қол алысады. Бұдан кейін көкпар жатқан алаң орталығындағы дөңгелек сызыққа келіп тоқтайды. Қапталдағы төрешілер өз орындарына кетеді. Ортадағы төреші командалар мен өзінің көмекшілерінің дайын болғандығына көзі жеткен соң, ысқырық беріп, жарысты бастауға рұқсат етеді. Әр команданың капитаны көкпарды жерден бұрын іліп алуға тырысады. Көкпар жерден ілініп алынғаннан кейін екі командадағы жігіттер тартысқа кіріседі.

Тартыс 60 минутқа созылады. 30 минут тартысқаннан кейін 10 минут үзіліс (демалыс) беріледі. Үзілістен кейін көкпар алаңның ортасына әкеліп қойылады, командалар қақпаларын алмастырады. Жеңіске 60 минутта көкпарды өз қақпасына көп апарған команда жетеді.

Көкпаршыларға қарсы жақтан көкпарды алуға көкпарды өзінің командалас серігіне беруге, тыруға, тартыс үстінде жерге түскен көкпарды көтеріп алуға, қамшы ұстауға, төрешінің рұқсаты бойынша атын ауыстыруға болады.

Сонымен қатар, көкпарды қанжығасына байлауға, басқа спортшының киімінен ұстауға немесе атын ұруға, әдейі кедергі жасауға, отаудан асқан көкпарға таласуға, төрешілермен керілдесуге, көкпарды алаңнан сыртқа алып шығуға рұқс етілмейді.

Егер ойын кезінде көкпар алаңнан шықса, төреші ысқырық беріп, ойынды тоқтатады. Сосын көкпаршыларды ортадағы сызықтың екі жағынан 10 метр жерге дейін тұрғызады да, ысқырық беріп, ойынды қайта бастайды. Жігіттердің барлығы бір жерге жиналып қалып, жердегі көкпар алынбаса бұл дода деп аталады. Додада ат пен жігіттің мықтылығы сыналады. Ұпай теңдігі жағдайында жігіттері көп дода алған команда артықшылыққа ие болады. Дода 5 минуттан асып кетсе, әйтпесе, көкпар қақпаға жетсе ойын қайтадан ортадан басталады. Төрешінің нұсқауын орындамағаны, алаңға дер кезінде келмегені, бәсеке ережесін бұзғаны үшін, ойыншыға ескерту жасалынып, ол тағы да қайталанса сөгіс беріледі, ал өрескелдігі үшін спортшы жарыстан шығарылады.

Жамбы. Жамбы ату жарысы 250x300 метр келетін алаңда өткізіледі. Жамбы мәреден 100 метр жердегі биіктігі 3-4 метр дараққа (бағанаға) орнатылады. Алаңның шетіне жалаушылар ілінеді. Нысаналар тай тұяк, жамбы (көлемі тайдың тұяғындай), ай қабақ (туған ай формасында жасалынып, екі ұшынан ілінген), теңге (кейде алтын қабақ делінеді, алтын теңге ілінгендіктен осылайша аталса керек) түрінде болады. Ай қабақ теңге бір орында тұрып атылады. Ал жамбы ат үстінде шауып келе жатып көзделеді. Егер нысана тұсына келгенде аттың екпіні тежелсе онда айып ұпай есептелінеді, атты тоқтатып қойып көздеуге рұқсат етілмейді. Жамбыны кіші калибрлі мылтықпен немесе спорттық садақпен көздеуге болады. Мәре сызығында қатар тұрған шабандоздар жамбыға тигізгенше өз кезегімен (жеребе бойынша бірден бастап номерленеді) шауып өтіп ата береді.

Жамбы ату тәртібін жеребе тарту арқылы белгілейді. Жеребе жарыс басталмастан 1-2 сағаттай бұрын салынады.

Мәредегі төреші шақырған жарысқа қатысушы мылтығының стволын төмен қаратып ұстап, атыс болатын жаққа қарап, старт берілетін сызыққа келіп тұрады.

Мәредегі төреші «Мылтығыңды оқта!» деп команда берген кезде жарысқа қатысушы мылтығын бір патронмен оқтайды да, стволын жоғары қаратып ұстайды. Төреші «Алға!» деп команда бергенде жарысқа қатысушы сызықтың бойымен шаба жөнеледі. Жарысқа қатысушының сол жағында тұрған нысанаға бірнеше метр қалғанда ол нысананы көздеп атады, содан кейін шапқан бойы сөреге келеді. Олай етпесе ойын ережесінің бұзылғаны.

Нысана бекітілген діңгектен жерге құлап түссе нысанаға оқ тиген болып есептеледі де, жарысқа қатысушыға 1 ұпай, ал оқ тимесе «О» ұпай есептейді. Ұпайды неғұрлым көп алған адам немесе команда жеңіп шығады.

Нысана мен ат шабатын сызықтың арасы 35-45 метр болуға тиіс. Ойынға қатысушы әрбір шауып өткен сайын бір-ақ оқ атуға тиіс, әйтпесе ойыннан шығарылады. Неше оқ атылатыны жарыс туралы ережеде белгіленеді.

Жарысқа қатысушыға мылтық пен оқ-дәріні жамбыны өткізуші ұйым береді.

Спортшы аттан жығылып қалған жағдайда жарысты жалғастыруға рұқсат етілмейді, оған «0» ұпай жазылады да, ойыннан шығарылады.

Жарысқа қатысушының мылтығы от алмай қалған жағдайда жарысқа қатысушылардың бәрі өтіп болғаннан кейін оған екінші рет атуға рұқсат етіледі. Спортшы мәреге шыққан кезде нысананың жанында адам тұруға болмайды. Жарысты ұйымдастырып, өткізу үшін төрешілер алқасы құрылады. Оның құрамында аға төреші, мәредегі төреші, сөредегі төреші, жарысқа қатысушылардың қасында жүретін төреші, секретарь, жарыс коменданты, дәрігерлер мен мал дәрігерлері болады.

Түйе жарысы. Түйе жарысы бойынша айыр өркешті інген, қоспақ, нар (мая) жарысады. Жарыс қашықтығы 2-10 шақырым аралығында болады. Айыр түйеге белдік, қоспаққа жазы, нарға ашамай салынады. Түйе жарыс халық арасындағы көңілді жарыстардың бірі болған. 1971 жылдан бастап Алматы ипподромында түйе жарыстары өткізіліп келеді.

Отарбаев А. Шопан серігі. -Алматы, 1978. -237-251 б.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2024-02-16 13:14:12     Қаралды-65

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »