UF

ГРЕЦИЯ (Ежелгі), Эллада (грек. Неllаs) - ежелгі грек мемлекеттері шерінің жалпы аты; Балқан түбегінің оңтүстігін, Эгей теңізіндегі аралдарды, Фракия жағалауын, Кіші Азияның батыс өңірін ала орналасқан. Грек отаршылдығы дәуірінде (б. з. б. 8-6 ғ.) бұл мемлекеттер өз ықпалын Оңтүстік Италия, Шығыс Сицилия, Оңтүстік Франция жеріне, Африканың солтүстік жағалауына (Киренаикаға), Қара теңіз бен Азов теңізінің бұғаздары мен жағалауларына дейін таратып, сол жерлерде грек отарлары ашылған.

Тарихы. Археологиялық қазба деректеріне қарағанда, Македониядан Элидаға дейінгі Греция жерін адам орта палеолит дәуірінде (100-40 мыңыншы ж. ш.) мекендей бастаған.

Неолит дәуірінде (7 мың жылдықтың орта кез шамасы - 2800 ж. ш.) Грецияның халқы егіншілікті игеріп, мал шаруашылығымен айналысқан, отырыңшы өмір сүрген. Орта палеолит дәуірінде қалыптасқан ру құрылысы неолит дәуірінде әбден кемеліне келді. Грецияның солтүстігінде Сескло, Димини және Лариса мәдениеті дамыды. 5-4 мың жылдықтарда құрлықтағы Грецияда Эгей теңізінің аралдарында, өсіресе Критте неолит мәдениетінің жергілікті нұсқалары қалыптаса бастады.

Ертедегі қола дәуірінде (б. з. б. 28-21 ғасырлар шамасында) Греция аралдары ерекше өрледі. 3 мың жылдықтың ортасына таман Сирос, Парос, Мелос, Китнос, Аморгос т. б. аралдарда күміс, қорғасын, мыс өндіру, металдан ыдыс, қару-жарақ, құрал-жабдық, неше түрлі жиһаздар жасау кең өріс алды. Сонымен қатар, қыш-құмыра және құрылыс қолөнері де едәуір алға басты. Лемнос аралында Полиохни. Аттикада Агиос-Козмас сынды алғашқы қалалар пайда болды. Құрлықтық Грецияның басқа жерлеріндегі ру құрылысы өз күшін толық сақтады. 2200-2000 жылдарда тайпалар соғысы мен халық сапырылысының салдарынан аралдар мен құрлықта өркендеген бірсыпыра орталықтар құрып кетті. Алғашқы грек тайпаларының арасынан ахейялықтар мен ионийлықтар күшейіп шықты.

Орта қола дәуірінде (б. з. б. 20-17 ғасырлардың шамасы) шаруашылық және әлеуметтік өмірде Криттің едәуір ілгері басқаны байқалады. Онда Кнос, Фест, Агия-Триада, Маллия сынды құл иеленуші шағын мемлекеттер пайда болды. Крит жазуы дамып, пиктографиядан иероглифке көшті (23-17 ғасырлар). 18 ғасырдың шамасында Грецияның буындық жазуы деп аталатын жаңа жүйе жасалды. Криттіктер үлкен флот құрып, Эгей теңізінің бірсыпыра аралдарын өзіне бағындырды. 20-17 ғасырларда құрлықтағы Грецияның ішкі тарихы біршама баяу дамыды, мұның өзі қауымдық қатынастардың тұрақтануына әсер етті. Микены, Тиринф, Пилос т. б. ертедегі құл иеленуші мемлекеттер тек 17 ғасырдан бері қалыптаса бастады. 17 ғасырдың ортасы мен 16 ғасырдың аяғында Ахейя әулеттерінің билігі күшейді.

Кейінгі қола дәуірінде (б. з. б. 16-12 ғасырлар шамасында) Крит мемлекеттері өрлеп, дами түсті. Қалалар өсіп, сыртқы байланыстар кеңейді. 1470 ж. ш. Фера аралында болған тектон апаты салдарынан Крит аралында жер сілкініп, қалалар мен деревнялар қирады, халық набат болды, арал қаңырап бос қалды. Тек Кноста ғана сарай қалпына келтіріліп, шамамен 1380 жылға дейін шағын мемлекет сақталды. Құрлықтағы Греция 16-13 ғасырларда өрлеудің ең биік шынына көтерілді. Ахейялықтардың микен мәдениеті көршілес елдерге, оның ішінде Мысырға да ықпал жасады. Ахейялықтардың жазу-сызуы дамыды. Табылған жазба ескерткіштері Ахейяны ертедегі құл иеленуші мемлекеттер деп сипаттауға мүмкіндік береді. 13 ғасырда ахейя әулеттері теңіздің арғы бетіндегі елдерге бірнеше жорық жасады. Ғалымдар ахейялықтардың Трояға жасаған шабуылында 1200 жылдарға шамалайды.

1200 ж. ш. құрлықтағы Греция мен аралдарға, оның ішінде Критке тайпалар басып кіре бастады. Солтүстік аймақтардан дорий тайпалары басып кіріп, Орта және Оңтүстік Грецияның біраз бөлігіне орналасты. Тек Афины ғана өз тәуелсіздігін сақтап қалып, Пелопоннестегі жеңілген Ахейя мемлекеттерінің бірсыпыра халқы солай қарай қашты. Ахейя мемлекеттері тез ыдырап, грек қоғамында ру қатынастары жанданды. Еңбек құралдары мен қару-жарақтың бірте-бірте тарала бастауы өндіргіш күштерді ілгері дамытуға негіз болды. Грецияда дербес ұсақ қауымдар қалыптасты. 9 ғасырда өкімет басында басилейлер тұрды, ру ақсүйектері күшейді: Көптеген аймақтарда рудың жер меншігі жер иелігінің негізі болып алды. 9 ғасырға таман грек тайпалары - золиялықтар Солтүстік Грецияны, дорийлықтар Орта Грецияны және Пелопоннестің шығыс жағын, иониялықтар Аттиканы мекендеді; дербестігін сақтап қалған ахейя тайпалары Аркадия мен Ахейяға қарай ығыстырылды. Бұл кезеңде гректер Кіші Азия аралдары мен жағалауларын отарлай бастады.

Б. з. б. 8-6 ғасырларда темірден жасалған еңбек құралдарының одан әрі таралуы арқасында, қолөнершілер жеке бөлініп шықты. Қолөнердің егіншіліктен бөлінуі бұрынғыдан кеңірек көлемдегі айырбасқа, рынок үшін өнім өндіруге көшудің бастамасы болды, қалалардың өркендеуіне жол ашты. Тұрақты сауда қатынасын жасап, халқын шикізатпен, азық-түлікпен жабдықтап тұру Греция қалалары үшін өмірлік маңызы бар іске айналды. Қалаларда жерсіз шаруа саны көбейді, сонымен қатар, жұмыс күші - құлдар керек болды. Қоныстарды бөліп шығару экономикалық қажеттікке айналды. 8 ғасырдың орта кезінде Италиядағы Эвбеи-Кумы аралында тұңғыш қала қонысы бөлініп шықты. Әсіресе 7-6 ғасырларда отарлау күшейді. Грек қоныстары Эгей теңізінің солтүстік, Сицилияның шығыс, Италиядағы Тарент бұғазының жағалауына таралып, Қара теңіз жағалауына дейін жетті. Бір ғана Милеттің өзі Қара теңіз жағалауында 75 қоныстың негізін қалады. Соның нәтижесінде 6 ғасырларда-ақ грек саудасы халықаралық сипат алды; гректердің қол өнер бұйымдары батыс, шығыс рыноктерінде өте өтімді болды. Грецияға жан-жақтан құлдар тоғытылып, астық және басқа азық-тулік, шикізат, жиһаздар ағылып келіп жатты. Демостың ру ақсүйектеріне және несие құлдығына қарсы күресі 8-6 ғасырдың басты ерекшелігі болды. Демос табанды күрес нәтижесінде Грецияның кейбір қалаларында (мыс., б. з. б. 594 ж. Солон реформасының нәтижесінде Афиныда) несие кіріптарлығын жойғызды. Бірақ ру шонжарларының реформа жүргізуге қарсылық көрсеткен әрекетін тек қару күшімен ғана басуға болатын еді. Кедей шаруалардың қарулы күрес жолымен орнатылған жеке-дара өкімет билігі - тирания нақ осындай күш болды. Ертедегі грек тираниясы (7-6 ғ.) құрлықтағы Грецияның бірқатар қалаларына орнады. Мыс., Сикион Коринфте (Кипсел, Периандр тираниясы), Мегарыда, кейінірек Афиныда (Писистрат тираниясы, Клисфен реформалары) және Ионий қалалары - Милетте, Эфесте, Самоста (Поликрат тираниясы) тирания дәуірлеп тұрды. Тирандар реформасы нәтижесінде ру ақсүйектерінің экономикалық және саяси артықшылықтары жойылды.

Б. з. б. 8-6 ғасырлар аралығында ежелгі грек қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси ұйымның ерекше формасы - полистер (өз алдына мемлекет болған қалалар) қалыптасты; олар ерікті азаматтар коллективі ретінде құлдарға, тәуелді халықтардың басқа категорияларына (клароттарға, панестерге, илоттарға және басқаларға), сондай-ақ жат елдіктерге - метектерге қарсы тұрды. Б. з. б. 6 ғасырдың аяқ кезінде экономикалық жағынан күшті дамыған кейбір полистерде (Коринф, Афины) құлдық кең тарады, оларда құлдар мен құл иеленушілер антогонистік таптарға айналды. Сонымен қатар, бірсыпыра полистерде (Спарта, Крит полистері, Аргос т. б.) құлдықпен бірге ұзақ уақыттар бойы рулық құрылыстың қалдықтары да сақталды.

Полистер арасында әр түрлі экономикалық және саяси себептермен күрес болып тұрды. 6 ғасырдың аяғында қалалардың алғашқы ірі бірлестігі - Спарта бастаған Пелопоннес одағы құрылды. 5-4 ғасырларда Греция тарихында полистік құрылыстың экономика, саяси және мәдени гүлденуінің ең биік шырқауы болды. Экономикалық жағынан ілгері кеткен сауда, қолөнер полистерінің шаруашылық жұйесі құл еңбегіне негізделді; құл еңбегі қолөнерде (құлдар жұмыс істейтін шеберханаларда), рудниктерде, әредік ауыл шаруашылығында пайдаланылды. Грецияның гүлдену дәуірі Афинының көтерілуімен байланысты; ал мұның өзі грек-парсы соғыстарында Афины демократиясы жеңіп шығуының, сондай-ақ парсыларға қарсы соғыста Афины бастауымен Эгей теңізінің аралдары мен оның солтүстік-шығыс және баты жағалауларында орналасқан мемлекеттерден Делос одағы құрылуының нәтижесі еді. Афинының күш-қуаты барынша молайып, саяси құрылысы барынша демократияланған, мәдениеті барынша көркейген тұсы - Перикл басқарған кезең (443-429). Алайда бұл кезең біршама қысқа болды. Одақтас елдердің бағынышты күйге түсуі оларды тәуелсіздік алуға ұмтылдырды. Сонымен қатар сыртқы саяси сипаты бар қақтығыстар - Афины мен Коринфтің батыстағы сауда жолына таласы және Афины мен Спартаның Грециядағы үстемдікке таласы шиеленісіп келе жатты. Осы қайшылықтар грек полистерінің көпшілігін шарпыған Пелопоннес соғысына (б. з. б. 431-404) әкеліп соқтырды. Соғыста Афины одағы жеңіліп қалды. Афины сыртқы иеліктерінен түгел айрылды, флот Спартаның қолына көшті. Грецияда Спарта үстемдігінің дәуірі басталды. 395 жылы Спарта тұтандырған Коринф соғысы (395-387) шықты. Бұл соғыста Афины, Коринф, Фивы т. б. бірігіп, Спартаға қарсы тұрды. Полистердің әлсіреуі, олардың финанс шаруашылығының құлдырауы салдарынан барлық полистер сол дәуірдегі байлығы шалқыған Персияға тәуелді болып қалды. Сондықтан соғысушы жақтарға бітім шартын Персия ұсынды (Патша немесе Анталкид бітімі, 386); Персия Кіші Азия қалаларына қайтадан билік орнатты. Грек қалаларына бақылау жасау Спартаға тапсырылды. Спарта грек бостандығы мен тәуелсіздігінің басты жауы болып алды. Фивыға спарта гарнизоны енгізілді, бірақ Пелопид пен Эпаминонд бастаған Фивы демократтары бірігіп (379), спарталықтарды қуып шықты да, сонау 6 ғасырда өмір сүрген Беотия одағын қалпына келтірді. 318-371 жылдар Спартамен күресу үшін Екінші Афины теңіз одағы құрылып, оған Фивы да кірді. 371 жылы Левктры түбінде фивылықтар спарта әскеріне қирата соққы берді. Мантинея түбіндегі соғыста (362) Фивының қолбасшысы Эпаминонд қаза болғаннан кейін, Физының азғана уақыт дәуірлеу кезеңі аяқталды. Алайда Афинының Екінші теңіз одағында Бірінші одақ тұсындағы тәртіпті қайта орнату талабына одақтастар тойтарыс берді; бұл 375-355 жылдардағы Одақтастар соғысының шығуына апарып соқты; соғыс одақтың ыдырауымен тынды.

Осындай жалпы күйзеліс, дағдарыс кезеңінде Грецияның солтүстігінде жаңа күш шарғылы дипломатия жолымен, эллиндердің бостандығын, олардың қасиетті жерлерін қорғау деген сылтаумен Филипп II патша Грецияны бірте-бірте өзіне қаратып алды (349-344). Александр Македонский қолбасшы болған грек-македон армиясының шығыста кед жерді жаулап алуы эллейін грамматикалық мектептерде тәрбиеленді, одан соң кифаристік мектептерде музыка үйренді. Балалар 12-13 жастан палестраға ауысып, эннелинизм дәуірін ашты. А. Македонскийдің монархиясы өзі өлісімен-ақ ыдырап кетті. Диадохтар мен олардың мұрагерлері - эпигондар арасындағы ұзақ күрес нәтижесінде бірқатар дербес эллинистік мемлекеттер құрылды. Олардың ішіндегі ірілері Селевк, Птоломей әулеттерінің монархиялары мен Македонияның өзі болды. Эллинистік дәуірдегі Грецияда әскери үлгідегі мемлекеттер мен одақтар басым болды (Македония, Ахейя одағы, Этолия одағы, біраз уақыт Спарта). Олар Грециядағы үстемдікке таласты. Александр өлгеннен кейін, Афины бастаған мемлекеттердің Македонияға қарсы жүргізген күресі (323/322) Македонияның жеңісімен, грек демократтарының жазалануымен аяқталды. Алайда Македония бүкіл Балқан түбегіндегі үстемдігін түгел қалпына келтіре алмады. Жаңадан пайда болған күшті екі одақ - Ахейя одағы (280 ж. ш.) мен Этолия одағы (320 ж. ш.) бірігіп те, жекелеп те Македонияға қарсы күрес жүргізді. Ахейя одағы Пелопоннестің көпшілік бөлігін (одаққа 192 жылдан кейін кірген Спартадан басқа) және ең ірі қалаларды (Сикион, Коринф, Мегара) қамтыды. Этолия одағына, Этолиямен қатар, Орта Греция аймақтары (Афиныдан басқалары), Оңтүстік Фессалия т. б. кейбір қалалар кірді. Александр мұрагерлерінің арасындағы талас, ал кейінірек Македония мен екі одақ арасында болған Грециядағы өкімет билігі үшін күрес салдарынан қалалар жаппай қирады, тұрғын халықтар құлдыққа сатылды, орталық аймақтарға жаңа отаршылар келіп орналасты. Грекқалаларын екінші жақтан теңіз қарақшылары да тонай бастады.

Киноскефалы түбінде болған соғыста (197) римдіктер Македонияны жеңді. 196 жылдан былай қарай Македония саяси маңызынан айрылды, ал 148 ж., Андриск көтерілісі тұншықтырылғаннан кейін, Иллириямен, Эпирмен бірге Римнің провинциясы на айналды. Римдіктер Этолия одағын таратып жіберді. 146 жылы римдіктерге қарсылық көрсетпек болған Ахейя одағы да талқандалды. Сөйтіп, Греция іс жүзінде Римнің қол астына қарады. Рим империясы жарияланып, әбден нығайып алғаннан кейін (б. з. б. 27 ж.), Греция Римнің Ахейя атты провинциясына айналды (шартты түрде еркін қала деп есептелген Афиныдан басқалары). Б. з. 4 ғасырынан бастап Греция Шығыс Рим империясы - Византияның негізгі ұйтқысы болды.

Оқу-ағарту ісі. Греция полистерінің даму жағдайына байланысты, тәрбие Македония пайда болды. Айламен білім берудің әр түрлі жүйесі құрылған. Солардың ішіндегі көбірек белгілі болғандары - афины және спарта тәрбиесі. Афины тәрбие жүйесі жан-жақты және демократиялыққа жақындау болды, ол ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және дене тәрбиелерінің ұштасуын көздеді. Ер балалар 7 жасқа дейін үйде, одан тәрбиесін алды. Палестрадан кейін бай ата-аналар балаларын гимнасийге беріп, оларды қоғамдық қызметке дайындады. Спарта тәрбие жүйесінде бала тәрбиесіне мемлекеттік бақылау жасау баланың туған күнінен басталды. Мемлекеттік тәрбиеге денсаулығы күшті балалар ғана алынды. 7 жасқа дейін балалар үйде тәрбиеленді, 8 жастан 20 жасқа дейінгі спартиаттар үшін міндетті мемлекеттік оқу жүйесі 6 ғасырдың орта кезінен б. з. дейін келді. Осы сияқты оқу жүйесі Крит, Фурия, Трезенде де болды. Бұл мектептерде әскери-спорттық және қоғамдық діни оқу басым болды. Б. з. б. 5 ғасырда Астипалеяда, Микалессте, Хиосте т. б. полистерде болған жеке адамдардың қарауындағы мектептер белгілі бір пәнге бейімделді. Сондықтан балалар 6-7 жастан 14-ке дейін түрлі пәндерді оқу үшін бірнеше мектепке барды. Оқушылар грамматиканы меңгерген соң, классикалық шығармалармен танысты. Арифметика, оқу, жазуға үйрету қатар жүргізілді, үйткені цифрлар әріппен белгіленді.

13-15 жасқа дейін балалар гимнасийде оқыды. Ер балалар 18-20 жаста эфебияда дайындықтан өтті. Грециядағы ірі ғалымдар (риториктер, софистер, медиктер т. б.) төңірегіне топтасқан үйірмелерді жоғары білімнің бастамасы деуге болады. Оқу ісінің кең таралуына байланысты, Грецияда білім жүйесінің теориясы ретінде педагогика өзінің дамуына мүмкіндік алды (Платон, Аристотель, Демокрит). Грек білімі және педагогикалық теориясы тарихтың даму барысында талай рет өзгеріп отырды. Грецияны Македония, кейіннен Рим жаулап алғаннан кейін, дене тәрбиесінің орнын гуманитарлық пәндер алды. Жоғары білім орталықтары үлкен кітапханалары бар қалаларға ауысты. Грек білім беру жүйесі Рим, кейіннен Европа және араб білім беру жүйесінің негізін қалады.

Мифология және дін. Греция мифологиясы дамудың ұзақ жолынан өтті. Оның алғашқы кезеңі (матриархаттық дәуірде) өзінің стихиялылығы, дөрекілігімен сипатталады. Мифологиялық көзқарас бойынша барлық сұмдық жерден шығады деп есептелді. Алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінде ежелгі гректер мифологиясы мен дінінде заттардың рухани мәні мен олардың өздері бір-бірінен ажырамас тұлға деген ұғым пайда болды. Мыс., Зевс құдай бүркіт, аққу, найзағай, ал Афина жапалақ немесе жылан түрінде бейнеленді. Олимпиялық мифология шыққанға дейін, жеке қауымдар ғана таныған көптеген жергілікті құдайлар болды. Олимпиялық мифология қалыптасуына байланысты, патриархалдық дәуірде бұл құдайлардың есімдері немесе оларға табынған жерлер жаңа эпитет болып қосыла берді (мыс., Зевс Трофоний, Артемида Эфесская т. б.). Б. з. б. 2 мың жылдықта грек мифологиясы дамудың ең жоғары сатысына көтерілді. Бұл кезде көп құдайлардың бәрі - «адам атаулының және құдай біткеннің әкесі» Зевске бағынды. Олимп тауын мекендеген құдайлардың әрқайсысына белгілі бір қызмет берілді. Афина - соғыс, өнер, қалалар мен елдерді қорғау құдайы, Гермес - сауда құдайы, Афродита - ғашықтық пен сұлулық құдайы т. с. с. Олимпиялық мифология бойынша құдайлар мен шайтандар адам түрінде бейнеленді. (Мұны антропоморфизм деп атайды). Бұрыңғы сұмдықтар жайлы аңыздар орнына батырлар туралы (Геракл т. б.) мифтер пайда болды. Мұндай мифтердің шығуы адамның табиғатқа үстемдік жасай бастағанын көрсетеді. Греция мифологиясымен қатар дін де дами бастады. Дін ғажайып күш иесі - құдайларга сеніп, оған арнап құрбандық шалуды, дұға оқуды уағыздады. Грек мифологиясы мен діні Ежелгі Шығыс халықтарының кейбір қағидаларын қабылдады. Грек мифологиясының адамгершілікке, ізгі сезімге толы бейнелері ертедегі дуние өнерінің дамуына негіз болды. Ол ертедегі рим діні мен мифологиясының дамуына ықпал жасады. Барлық грек мәдениеті сияқты, оны Қайта өркендеу дәуірі идеологтары молынан пайдаланды, сондай-ақ ол кейінгі дәуірлер ғылымы мен өнерінің дамуында да елеулі роль атқарды.

Тіл білімі. Грецияда тіл білімі мен философия бірге қаралды. Грек философтары тіл білімі мен философияға қатысты кейбір мәселелерді талқыға салып, пікір таластырды. Сондай мәселенің бірі сөз және онымен аталатын заттың арасындағы байланыс, аналогия (тілде заңдылықтың, жүйенің болуы) мен аномалия (тілде заңдылықтың, жүйенің болмауы) жайында болды. Мыс., Гераклит әрбір атау өзі белгілейтін заттың табиғатымен тікелей байлайысты, соның тікелей көшірмесі десе, Демокрит, керісінше, заттар мен олардың атауларының арасында табиғи байланыс жоқ деп есептеді. Грамматик Аристрах (б. з. б. 2 ғ.) басқарған анологистер тілде заңдылықтар мен үйлесімді жүйе бар деп қарады. Ал стоик Кратес (б. з. б. 170 ж. ш.) басқарған аномалистер тілде заңдылықтардан тыс, оларға қайшы құрылыстар көп деп санады. Платон дыбыстардың тіркесінен құралған сөздердің және олармен аталатын ұғымдардың арасында әуелде белгілі бір ішкі байланыс болды, кейін бұл сөздерден туынды сөздер жасалды деп қарап, сөздерді есімдер және етістіктер тобына бөлді. Аристотель есім және етістіктерге қоса көмекші сөздердін болатынын айтып, жекелік-көптік, септік және грамматикалық тек туралы ұғымдарды айқындады, граммататикалық ұғымдар мен логикалық ұғымдарды өзара тығыз байланыста қарастырды. Ол сөйлемді тілдік дербес единица деп бағалады, дауысты, дауыссыз дыбыстарды, сөздердің буын жігін ажыратты. Әсіресе стоиктер (Xрисипп, б. з. б. 280-206 ж., Кратес) грамматика саласында мол еңбек етті. Олар тіл біліміне сөз таптары деген терминді енгізді, үстеулер мен артикльдерді айқындады, зат есімдерді жалқы және жалпы есімдерге топтастырды, септіктің түрлерін және грек тілінде 24 дыбыс бар екенін айқындады. Грек әдеби тілінде жасалған классикалық шығармаларға, әсіресе Гомер, Эсхил, Софокл шығармаларына, лексикалық және грамматикалық түсініктер берумен байланысты тіл білімі дамыды. Дионисий Фракийский (б. з. б. 170-90 ж. ш.) грек тілінің грамматикасын жасады. Александрлық мектептің атасы Аристарх 8 түрлі сөз табы (есім, етістік, есімше, есімдік, үстеу, жалғаулық, предлог және артикль) бар деп есептеді. Грек тілі грамматикасының Европа елдерінде грамматикалық ойлардың дамуына үлкен өсері болды. Грек грамматикасының латындандырылған терминологиясы тіл білімінде қазір де қолданылады.

Философиясы. Греция философиясы б. з. б. 7 ғасырдан б. з. 6 гасырына дейінгі құл иеленушілік қоғамда дамып, қалыптасқан. Соңғы жылдарда жүргізілген зерттеулер Греция философиясының шығуы мен даму тарихы Африка және Азия елдері философиясы мен мәдениетіне ұштасып жатқанын анықтады. Бұл елдерде жазу-сызу, мифология, философия, табиғат тану жөніндегі ғылым негіздері гректерге қарағанда ертерек дамыған. Әсіресе Вавилон, Египет ғылымы мен философиясы Греция философиясының дамуына зор әсер етті. Шығыс елдерінде қалыптасқан физика, математика, астрономия т. б. ғылым салалары Ионий қалаларында, әсіресе Милетте қайта өркендейді. Философияда әлем мен адамды мифология тұрғысынан түсіндіру теріске шығарылып, ондай көзқарасқа шек қойылады. Ол кезде философия мен табиғат жөніндегі ғылым сала-салаға бөлінбеген, бір тұтас болатын. Сондықтан да алғашқы грек математиктері, физиктері, астрономдары, физиологтары философия мәселелермен де шұғылданды. 6 ғасырдағы Милет философтары дүниедегі алуан түрлі заттардың тегі бір ғана заттан тұрады деп есептеген. Мыс., ол заттар негізін Фалес су деп, Анаксимандр ауа деп, Гераклит от деп, Ксенофан топырақ деп жорамалдаған. Бірақ осы материалистік ілім жүйелерінің ішінде идеализмге әкеліп соқтыратын көзқарастар да болды. Мұндай көзқарастар кейіннен грек философиясындағы идеализмнің қалыптасуына негіз болды. Сократ пен Платонның идеалистік ілімі бұрыга соңғы материализмге қарсы болды. Греция философиясы тарихи философиядағы қарама-қарсы негізгі екі бағыт қана емес, сондай-ақ философиялық ойлаудың екі әдісінің - диалектика мен метафизиканың да бастапқы үлгісі болды. Гераклит өзінің материалистік космологиясы мен физикасында, физиологиялық ілімінде диалектиканы дүниеге бір тұтас көзқарас ретінде қалыптастырды.

Грек философтарының басым көпшілігі диалектик болған. Шын мәнінде, Греция философиясының тарихы сол замандағы құл иеленушілік қоғамның даму диалектикасын айқын бейнелейді. Қоғамның алдыңғы қатарлы күштері мен кертартпа күштері арасындағы талас-тартысы грек философиясында қалыптасқан қоғамдық ілімдер мен этика, эстетикадан айқын көруге болады. Гректер күрестің, таластың, айтыстың қандай түрін болса да дәрінтеп, оған әдебиет пен өнерде ерекше орын береді. Философтар арасындағы айтыстар жиі болып, онда философиялық мектептер мен ағымдардың өкілдері өзара пікір таластырып, идеологиялық күреске түсіп, өз ілімдерін дәріптей дамытып отырған. Греция философиясындағы бұл күресті Платон өзінің «Софист» атты диалогыңда «Алыптар арасындағы күрес» деп атаған. Гректің данышпан философы Аристотель де өз ілімін бұрыңғы-соңғы философиялық мектептердің өкілдерін сынға алу және олармен ғылыми айтысқа түсу сарынында жазған. Кейіннен гректерде философиялық айтыс дәстүрге айналады. Ионий қалаларының, әсіресе Милеттің саяси тәуелсіздіктен айырылуына байланысты, философияның даму орталығы бірте-бірте батыс аймақтарға, Италиядағы гректердің мемлекет-қалаларына, Сицилия аралдарына қарай ауыса бастайды. Осы кезде Кротонда Пифагор мектебі ұйымдасады. Парменид пен Зенон Элей мектебінің негізін салады. Сицилиядағы Аригентте Эмпедокл, Леонтинде софист Горгий философиямен шұғылданады. 5 гасырда Аттиканың саяси-экономикалық және мәдени орталығы болған Афиныда философия шарықтап дамыды. Афиныға жан-жақтан ғалым-философтар т. б. өнер иелері келіп топтасты. Сөйтіп, мұнда материалист Анаксагордың мектебі ашылды. Әуелі Сократтың, кейіннен Платонның идеалистік философиясының негізі қаланды. Грецияның солтүстігіндегі Абдерада Левкипп пен Демокриттің материалистік атомизм мектебі қалыптасып, көрнекті софист Протагор ілімі өрістей бастайды. Демократиялық мекемелердің (халық жиналысы, сот құрылысы, сайлау жүйесі) дамуы жан-жақты білімі бар, саяси сауатты, шешен адамдарды қажет етті. Мұндай саяси қайраткерлерді баулитын оқытушылар Эмпедокл негізін салған Сицилиядағы шешендер дайындайтын мектептен келді. Оларды кейіннен софистер деп атаған. Сол кездегі софистердің көрнектілері Протагор, Горгий, Продик, Гиппий т. б. болды. Софистік оқытудың басты мақсаты - қандай да болмасын қағиданы, пікірді дәлелдей алу не бекерге шығара білу өнеріне үйрету болды. Мұндай оқыту шектен шыққан релятивизм мен диалектиканы жалаң сөз таласына - софизмге айналдыруға әуестендірді. Софистік ағымға нағыз ғалымдар мен қоғамдық өмірді дұрыс түсіне білген философтар қарсы шықты. Софистік ілімге қарсы тұрған Демокриттің материалистік атомизмі мен Платонның объективтік идеализмі және оның шәкірті Аристотельдің ілімі болды. Афины демократиясының құлдырауына байланысты, софистік оқыту мен жалпы софистік ағымы тежеуге түседі. Осы кезде Платон Афиныда өз мектебін - Академиясын ұйымдастырады. Александр Македонский Афиныны өзіне бағындырған соң, Аристотель өз мектебі - Ликейде философиядан, сол кездегі ғылымның барлық салаларынан сабақ беріп, шәкірттеріне зерттеулер жүргіздіреді. Кейін Аристотель өз ілімін ұстазы Платонның іліміне қарсы қояды. Аристотель Платонның идеяны сезімдік заттардан бөліп жеке идеялар дүниесі бар деп қарауын сынға алады. Аристотель ілімі объективтік идеализмнің ерекше түрі болды. Ол өзінің болмыс туралы іліміне сүйене отырып, қоғам мен табиғат жөніндегі сол заманның барлық білімін жүйеге келтірді. Мұндай орасан зор синтезді жасауға оның логикалық еңбектері мен жан туралы трактатында тұжырымдалған таным мен ойлаудың түрлері жөніндегі принциптері негіз болды. Аристотельдің логикалық еңбектерінің жинағы кейін «Органон» (құрал) деп аталған. «Органон» 2 мың жыл бойы Европада, Таяу Шығыс пен Орта Шығыс елдерінде логикалық зерттеулер мен логиканы оқытуға бірден-бір негіз болып келді. Платон Академиясында математикамен басым шұғылданса, Аристотель мектебінде арнаулы жаратылыс тану ғылымдарын оқыту және оны зерттеу кеңінен өріс алды. Аристотель мен оның шәкірттері Демокрит дәстүрін онан әрі дамытып, космология, физика мәселелерін зерттеудің, сонымен қатар зоология, жануарлардың салыстырмалы анатомиясы (Аристотель), ботаника (Теофраст) сияқты жаратылыс танудың жаңа салаларын ашты. Қоғамдық ғылымдар саласынан Ликейде мемлекет құрылысы, Афинының және бірқатар грек полистерінің конституциясы баяндалумен қатар, педагогика, риторика негіздері, эстетика мен поэтика мәселелері зерттелді. Аристотель пифагорлықтар жасаған алғашқы гелиоцентрлік жүйені ескермей, өзінің геоцентрлік жүйесін ұсынды. Бұл ілім б. з. 2 ғасырында Александрия астрономы Птолемейдің математикалық формаға келтіруімен 15 ғасырға дейін күмәнсыз шындық деп танылды. Б. з. б. 4-3 ғасырлардың соңғы кезеңінде грек қалаларындағы дағдарыстың одан әрі күшеюіне байланысты, Греция қоғамының рухани өмірі күрделі өзгерістерге ұшырады. Бұл дәуірдің философтары дүниенің жалпы заңдылығына адам шек келтіріп, оны өзгерте алмайды деп, қоғамдық өмірге, саясатқа белсене қатынасудан бас тартты. Олар адам баласы білімге, ақыл-ойға сүйене отырып, осы дүниедегі өзінің орнын таба білу қажет деп уағыздайды. Сондықтан осы кездегі Греция философиясында этика мәселелері басты орын алумен қатар, скептицизм бағыты - адамның ақыл-ойының қабілетіне күмәндану етек алды. Ежелден идея мен саясаттың, ақиқат үшін күрестің ордасы болып келген философиялық мектептер ендігі жерде жеке адамды тәрбиелеумен, этика мәселелерімен ғана шұғылданып, қоғам өміріне, әлеуметтік жағдайға, саясатқа немқұрайды қарайтын, жұрттан оқшауланған адамдар тобына айналды. Сонымен қатар, Перганда, Родоста, Александрияда жаңа мәдениет орталықтары көркейіп, нығая бастады. Ғылымның жеке салалары ашылып, ғылыми әдебиеттің арнайы түрлері қалыптасады. Осы эллинизм дәуірінде философия материализм ежелгі материалистік мектептердің дәстүрін жалғастырып, философияны ғылымның жаңа табыстарымен байытады. Бұл кезеңнің философия мектептері ішінде ықпалы күшті болған Эпикур мектебі, Зенон негізін қалаған стоицизм мектебі және Перрон бастаған скептицизм мектептері болды. Эпикур өз ілімінде Демокрит материализмін негізге алды, Зенон және оның шәкірттері Гераклит пен Аристотель ілімдеріне сүйенді. Эпикур материалистік атомизм тұрғысынан адам, жан, этика, таным критерийі, сезім негіздері жөніндегі ілімін таратады. Эпикур этикасы бойынша нағыз даналық - адамның өз табиғи қажеттерін қанағаттандыру үшін еш нәрседен тартынбай ұмтылуында. Эпикур ілімі мен үнемі тартыс-айтыста болған стоицизм физика мен этиканы негіздеуге арналған зерттеулерінде логика ілімінің жаңадан бірнеше салаларын ашты. Стоицизм дами келе кейіннен Рим философиясына негіз болды. Ежелгі грек скептицизмінің Перроннан кейінгі орта және жаңа Академия өкілдері Аркесилай, Карнеад, кейінірек Энесидем мен Секст Эмпирик болды. Олар, біріншіден, түйсіктің хақ екенін мойындайды, екіншіден, қандай да болмасын қарама-қарсы пікірлерді дәлелдеуге болады дейді. Осыған байланысты, пікірдің қандапын болса да дәріптеуден сақ болуды талап етеді. Греция философиясының соңғы 100 жыл ішіндегі даму сипатының сыры құл иеленуші Рйм имперпясының саяси-әлеуметтік құрылысының қоғамдық санаға тигізген әсерінде. Рим империясы тұсында құл иеленушілік қоғамның әлеуметтік қайшылықтары шегінен асты. Сол қайшылықтарды шешудің жолын таба алмай торыққан халық бұқарасы дінге бой ұрды. Маркс айтқандай, сол сұм дүниеде туған рух, қасірет шеккен жанның зары - халықтың басын айналдыратын апиындін пайда болды. Римде Шығыстан келген діни ілімдермен түрлі мистерияларға табынушылықтың неше алуан түрлері тарай бастады. Осындай жағдайда философияның өзі де діни көзқарасқа қарай ауытқып, кейде тіпті мистикаға да айналып кетті. Платонизм мен пифагоризм де діни мәнге ие бола бастады. Неоплатонизмнің ең дарынды өкілі Плотин, логик Порфирий және Прокл болды. Бұл ілімдер Греция философиясының ең соңғы ілімдері - эпикуризм мен стоицизмнен кейінгі философия ой-өрістің тарылып, құлдырай бастауының айқын бейнесі еді. Сонымен 6 ғасырдың басында Греция философиясының дамуы аяқталды. Бірақ грек философиясының рухани идеялық бай қазынасының өз заманынан кейінгі дәуірлерде философиялық ойдың дамуына тигізген әсері зор болды. Греция философиясының материалистік және идеалистік дөстүрі («Демокрит бағыты» мен «Платон бағыты») кейінгі тарихи жағдайларда феодализм мен капиталистік қоғамының философиялық ой-өрістерінің дамуында ерекше орын алды. Араб және араб мәдениеті тараған елдерде халифаттық өркендеу дәуірінде Аристотель ғұлама-философтардың ұстазы деп танылып, оның еңбектері араб тіліне аударылды. Араб ғалымдары оның еңбектеріне арнап түсіндірмелер жазды. Солардың ішіндегі ең көрнектісі - әл-Фараби өзін Аристотельдің шәкіртімін деп санаған.

Жаратылыс тану ғылыми көзқарастары. Ежелгі грек жаратылыс тану ғылымының басты ерекшелігі оның эмпиризмдік негізінің әлсіздігі және жалпы болжаулар мен теориялардың молдығы болды. Эллинизм дәуіріне дейін (б. з. б. 4 ғ.) жаратылыс тану, саяси және философиялық көзқарастар тұтас бір ғылым болып саналды, барлық философтар жаратылыс зерттеумен шұғылданды. Алғашқы геометриялық мағлұматтар, циркульдың қолданылуы, күн тұтылуын болжау т. б. милет мектебінің (б. з. б. 6 ғ.) негізін қалаушы Фалестің, ал жануарлар тіршілігін бақылау Анаксимандрдың есімімен байланысты. Математика, статика, астрономия және медицина ғылымдары көбірек дамыды. Пифагор және оның мектебі сандар теориясының, ал геометрияда математикалық ұғымдарды дәл анықтау және логикалық дұрыс дәлелдеу тәсілдері дамуының негізін қалады. 6-5 ғасырларда биолог және дәрігер Алкмеон Кротонский бірінші болып жануарларды сойып зерттеп, нерв қызметінің орталығы мида болатынын анықтады. Сицилия медициналық мектебінің негізін салғап Эмпедокл (5 ғ.) адам ұрығының дамуын түсіндіруге тырысты. Осы сияқты болжаулар мен тәжірибелерге негіздей отырып, классикалық дәуірде Аристотелъ көптеген ғылыми білімдерді жинақтап, қорытындылады. Ол сол кезде белгілі болған барлық ғылымдар жүйесін жасап, оларды сұрыптауды ұсынды, зоология, ботаника, биологиялық ғылымдарының бастапқы негізін салды.

Эллинизм кезінде жаратылыс тану ғылымы философиядан бөліне бастады. Астрономия және онымен байланысты математика, механика дәл және жүйелі түрде зерттелетін пәнге айналды (Евклид, Архимед, Аполлоний Пергский, Диофант Александрийский, Аристарх Самосский, Гиппарх, Птолемей, Герон Александрийский т. б.). Ежелгі грек географиялық шығармаларында суда жүзу және құрлықтағы саяхатты суреттеп жазу, бір жерден екінші жерге дейінгі қашықтықты көрсетіп отыру кеңінен орын алды. Мұндай шығармалар жаттауға жеңіл болуы үшін көбінесе өлеңмен жазылған. Анаксимандр жасаған (7-6 ғ.) картада адам мекендеген жер орталығы Эллада деп көрсетілген. Картаның орталығына Жерорта теңізін салып, жерді теңбе-тең екі бөлікке - Европа және Азияға бөлген. Кейінірек (6-5 ғасырларда) У. Гекатей Милетский бұған жердің үшінші бөлігін - Ливияны (Африканы) қосты. Жердің шар тәріздес екендігі туралы ұғым пифагоршыларда 6 ғасырда-ақ пайда болғанымен, Анаксагор жерді цилиндр пішіндес деп шамалады. Ал Аристотель (4 ғ.) Жерді меридиан бойынша өлшеуге болатындығын айтты. Дикеарх жер меридианы 300 000 стадийге тең екендігін анықтады. 3 ғасырдың аяқ кезінде Эратосфен дәл өлшеу нәтижесінде, мұны 252 000 стадийге, яғни 39 690 км-те дейін қысқартты. Бұл өлшем жер меридианының нақтылы ұзындығына (40 007 км) едәуір жақын келеді. Массилиялық Питеас өзі географиялық зерттеу жүргізген пункттердің жазғы маусымдағы күн ұзақтығына сәйкес ендігін анықтады. Кейін кеңінен қолданылғаи бұл әдіс Гиппархтың (б. з. б. 2 ғ.) жер шарын 360 градусқа бөлуіне негіз болды. Соғыс жорықтары және ертедегі Рим империясымен сауда байланысының күшеюі Птолемей картасына Британия және Иерна (Ирландия), ал Үнді мұхитында Тапробана (Цейлон) аралдарын көрсетуге мүмкіншілік берді. Птолемей «Географиясы» сол кездегі географиялық ғылымының шыңы болды.

Тарих ғылымы. Тарихи тақырыпқа арналып жазылған тұңғыш шығармаларға ионий логографтарының еңбектері жатады. Олардың ішіндегі ең әйгілісі - Гекатей Милетский (б. з. б. 6-5 ғасырлар). Ол - «Жер жағдайын баяндау» және «Генеалогия» деген еңбектердің авторы. Логографтар өз еңбектерінде сан алуан хронологиялық және хроникалық жазбаларды пайдаланды. «Тарих» атты атақты шығарманың авторы Геродотты да осы логографтардың қатарына жатқызады. Фукидидтің (5-4 ғ.) «Тарих» деген еңбегі Пелопоннес соғыс оқиғалары на арналған. Фукидид алдымен соғыс тарихын жазуына қарамастан, әлеуметтік-саяси күрес мәселесіне көп көңіл бөледі. Ол қандайда бір тарихи құбылыстың шығу тарихын анықтай отырып, оқиғаның туу себебіне ерекше көңіл аударады. Тұтас алғанда, Фукидид тарихи оқиғаларды әділ, шындықпен баяндайды. Геродот пен Фукидидтің еңбектерін алға апарушы Ктесий (5-4 ғ.) болды. Оның шығармалары парсы және үнді тарихы мен географиясына арналған. Ксенофонттың (5-4 ғ. аяғы) «Грек тарихы» деген еңбегінде соғыс оқиғалары лаконофиль тұрғысынан баяндалады. Оның «Анабасис» атты шығармасы әскери географиялық мемуарлардың ең жақсы үлгісі болды. «Жалпы» тарих жөніндегі көне үлгілерге Тимейдің (4-3 ғ.) еңбектері жатады. 4 ғасырдағы грек полистерінің мемлекеттік құрылысы жайындағы нақтылы мәліметтер философтардың шығармаларында (Платон, Аристотель т. б.) қамтылған. Полибий (2 ғ.) өзінің 40 томдық «Тарихында» 220-146 ж. арасындағы Греция Македония, Кіші Азия, Сирия, Египет т. б. елдердің тарихы мен өзара байланысын баяндайды. Посидоний оның еңбегін ары қарай дамытып, тарих жайында 52 кітап жазды. Рим дәуірінде гректің тарихы жайында жазғандардың ішінен Дионисий Галикарнасскийді (б. з. б. 1 ғ.), Плутархты (б. з. 1-2 ғ.), Аррианды (2 ғ.), Дион Кассийді (2-3 ғ.) атап өтуге болады.

Әдебиеті. Греция әдебиеті - грек халқының құл иелену заманында туған, Европадгғы ең көне әдебиет. Гректердің мифологиялық образдар мен сюжеттерді мол пайдалануы Греция әдебиетінде алуан жанрлардың тууына негіз болды. Көне дәуірде, яғни 9 ғасырдан (б. з. дейінгі аралықта), құл иеленушілік пайда болған кезден бастап, грек халқының өмірі түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Оның әдебиеті туып, өркен жая бастады. Алайда, грек мифологиясы әдебиеттің негізгі арқауы болып қала берді. Бұл кезеңнің ұлы ескерткіштері - «Илиада» мен «Одиссея». Ру-тайпалық қарым-қатынастардың күйреу кезінде Гесиодтың (8-7   ғ.) дидактикалық поэмасы «Теогония» («Құдайлардың тегі») туды. Бұл дәуірдің әдебиетінде лирика жетекшілік роль атқарды. Б. з. б. 6 ғасырда Анаксимандр, Анаксимен, Гераклит сияқты философтар өздерінің ой-пікірлерін прозалық трактат түрінде жазды. Өмірде болғанды хроника жолымен хабарлау - тарихнаманы, ал өмір көрінісін фольклорлық сыңайда баяндау - новелланы туғызды. Құл Эзопқа байланысты аңыз-әңгімелер - осының бір сілемі. Эзоп тек прозалық фольклордың негізгі кейіпкері ғана емес, сонымен қатар талай мәнді де құнарлы мысалдардың авторы болды деген жорамал бар.

Ежелгі грек әдебиетінің ең бір гүлденген шағы - Аттика дәуірі, бұл кезде, яғни 5-4 ғасырларда Афины мәдени өркендеудің биігіне көтерілді. Осы кезеңде Эсхил өзінің «Персілер», «Орестея», «Данаиды», «Прометей» сияқты шығармаларымен трагедия жанрының шоқтығын көтерсе, Софокл «Антигона», «Филоктет», «Эдип патша» арқылы драма жанрын қалыптастырды. Сол дәуірдің үлкен тұлғасы Еврипидтің «Медея», «Ипполит», «Геракл» т. б. шығармаларында адамды іс-әрекетімен, күйініш-сүйінішімен көрсету басым болды. Кратил, Евполид, Аристофан творчествосында комедия жанры өріс алды. Проза жанры бұл дәуірде ғылыми-философиялық және тарихи-баяндау формаларымен өркендеді. Софистік мәдениет тұсында проза көркем сөз сипатына ие болып, шешендік өнерге айналды, риторика пайда болды. Философ Платон, Сократ, тарихшы Ксенофонт заманында шешендік сөздің абыройы артса, Аристотель поэтикалық сөздің қадір-қасиетін өзінің «Ақындар туралы» трактаты мен әйгілі «Поэтикасында» баяндап, оның тарихи және теориялық сыр-сипатын ашты. Греция әдебиетінің эллиндік және римдік дәуірлері Македония жаугершілігі кезінде орнаған әскери-бюрократиялық монархияның тілек-талабына сай, монархтарды мақтауға, жел сөздікке ауысты. Бұл дәуірде поэзияның кіші түрі - эпиграмма бірқыдыру өркен жайды.

Греция әдебиеті кейінгі әдебиеттердің, оның ішінде Рим әдебиетінің де өсіп-өркендеуіне үлкен әсерін тигізді. К. Маркс ежелгі грек әдебиеті мен өнерін адамзат қоғамының сәбилік дәуірінің тамаша бір ғажап дүниесі деп бағалады.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Грек архитектурасының шығу төркіні мегарон деп аталатын тұрғын үй түрі қалыптасқан крит-микен мәдениетіне саяды. Гомерлік кезеңде (б. з. б. 11-8 ғ.) мегарондар негізінде алғашқы грек храмдары салына бастады. Архаика кезеңінде (б. з. б. 7-6 ғ.) полистердің дамуымен байланысты, етек жағында қоғамдық алаңдар (агоралар) мен тұрғын үйлер тұрғызылған бекініс төбелер - акропольдар салынды. Құлдық қоғамның толысып, полистердің гүлденген шағында тастан салынған қоғамдық құрылыстар, стадиондар, гимнасий және палестра сияқты оқу орындары ірге көтерді. Әсіресе ғибадатханаларды сәулеттеудің қоғамдық ролі басым болды. Ежелгі сәулетшілер грек архитектурасындағы пропорциялық үйлесім мен образдар айқындығына осы ғибадатхана ордерлерін (Архитектуралық ордерлер) дамыту арқылы жетті (Олимпиядағы Гераның, Коринфтегі Аполлонның ғибадатханалары). Классика кезеңінде (б. з. б. 5-4 ғ.) құлдық қоғамның өркендеуіне орай, грек архитектурасы гүлдену сатысына көтерілді. Қоғамдық ғимараттар көбінесе мәрмәрдан салынды. Б. з. б. 5 ғасырдың 1-жартысындағы сәулет өнеріне тән жинақы стиль. (Посейдониядағы «Посейдон» ғибадатханасы) бертін келе ашық райлы архитектуралық образбен (Олимпиядағы Зевстің ғибадатханасы) алмасты. Афиныдағы акрополь ансамблін құрайтын классикалық периптер - Парфенон және симметриясыз Әрехтейон ғибадатханасы, Нике Аптерос ғибадатханасы - ежелгі грек архитектурасының шыңы. Б. з. б. 5 ғасырда қала салу ісі жаңа қарқынмен өркендеп, қалаларды жоспарлы түрде тұрғызу қалыптасты (арх. Гипподам), порттар мен гаваньдар салу жұмысы дамыды. Осы тұста коринфтік ордерлер пайда болды. Б. з. б. 4 ғасырда үш ордердің (дорилік, ионилік және коринфтік) басын біріктірген ғибадатханалар (Тегеядағы Афины Алеи ғибадатханасы) тұрғызылды, әсіресе ақсүйектер қауымына арналған құрылыстар, театрлар (Эпидавр мен Афиныда) салу маңызды орын алды. Полистердің тоқырауға ұшыраған кезінде жеке адамдарды дәріптеу мақсатымен (Галикарнас мавзолейі), б. з. б. 4 ғасырдың 2-жартысында пайда болған эллинистік архитектураға тән перистилі бар сәулетті тұрғын үйлер салынды. Ежелгі грек архитектурасындағы қоғамдық мазмұн мен адамзат мүддесіне толы, гармониялық үндестікте шешім тапқан образдар кейінгі дәуірдің сәулет өнеріне үлкен ықпалын тигізді.

Грецияның бейнелеу өнері де крит-микен мәдениеті негізінде дамыды. Оның кейінгі өркендеуі ежелгі грек кұлдық қоғамының қалыптасу және гүлденуімен тікелей байланысты. Бізге келіп жеткен ескерткіштердің ең маңыздылары: мәрмәр мүсіндер (сонымен қатар храмдарды безендірген мүсін, фронтондардағы мүсін топтамалар, фриздердегі рельефтер және метоп) және қыш ыдыстарындағы әсемдік жазбалары. Гомерлік кезеңде бейнелеу өнері қарапайымдылыққа бой ұрды. Бұған бағана тәрізді ағаштан жасалған құдай мүсіндері, қыш ыдыстардағы геометриялық өрнектер т. б. жатады. Классика кезеңіндегі өнер өмір шындығын өзек етіп, әсемдік үйлесімдігінің биігіне көтерілді. Осы кезде Несиот, Пеонн, Мирон сияқты мүсіншілердің творчествосы арқылы бейнелеу өнері жоғары дәрежеге көтерілді. Халық образын азаматтық пафоста бейнелеген Парфенон храмындағы (Афины) рельефтер Фидийдің басшылығымен жасалды. Ол - Акрополь алаңындағы Афины қола мүсінінің, Парфенондағы алтын мен піл сүйегінен жасалған Афины және Зевс мүсін ескерткішінің де авторы. Мүсін өнерінің мұнан әрі дамуы Кресилай, Алкамен т. б. шеберлердің жасаған еңбектеріне байланысты. Б. з.б. 6 ғасырда қыш ыдыстарына адам кескінін еркін бейнелеу дәрежесіне көтерілген қызыл фигуралы стиль пайда болды. Б. з. б. 5 ғасырда монументті кескіндеме (Полигнот т. б.) дамыды. Б. з. б. 4 ғасырда мүсін өнеріндегі образдар - айқын индивидуальдық портрет, шарқын драмалық-патетикалық бейнелер (Скопас), нәзік сезім сырын беру (Пракситель), сыртқы сұлулықты тәптіштеу (Леохар), қозғалыс үстіндегі қажетті бір сәтті бейнелеуге назар аудару (Лисипп) сияқты, жаңа ізденістермен толысты. Александр Македонскийдің жаулап алуынан бастап Греция өнері күрделі де сан қырлы эллинизм өнерінің арқауына айналды. Греция өнері өмірдегі сұлулықты, мифтік аңыздарды ой елегінен өткізіп, адамзаттың азаматтығын паш етумен ғасырлар бойы реалистік өнердің көрнекті үлгісі болып қалды.

Музыкасы. Музыка гректердің қоғамдық өмірінен елеулі орын алған. Ол жастарды тәрбиелеу құралының бірі болса, ән айту мен музыка аспапта ойнау гимнастикалық және шеберлік жарысы программасына енген. Грецияда әншілердің, музыканттар мен бишілердің арнайы ұйымы (коллегиялар) болған. Ежелгі грек музыкалық өнерінің ерекшелігі - сөз (текст) бен музыканың, бидің тығыз байланыста болуында. Біздің заманымызға грек музыкасы нота жазуларының бірнеше фрагменттері жетті: Еврипидтің «Орест» драмасының жүйесіне шазылған музыка (338-344-б.), Аполлонға арналған екі гимн, жоқтау әуені және лирикалық әндер, 12 жол пеан, Аянттың өзін-өзі өлтіруіне жазылған музыкалық жолдары т. б. Грек музыкасының ең көне түріне лин-әндер (жүзім жинаған кезде форминг деген ішекті аспапқа қосылып орындалған), үйлену тойы әндері, пеан (Аполлонның құрметіне арналған шаттық гимні) және тренос (жоқтау әуені) жатады. Әсіресе көне театрда музыканың ролі басым болды. Гректің ақын-драматургтері әрі композитор болған (Вакхилид, Пиндар, Сапфо, Эсхил, Софокл т. б.). Б. з. б. 6-5 ғасырларда вокальдық музыкадан аспаптық музыканың дараланып шығуы байқалады. Байырғы гректердің музыкалық төңірегіндегі теориялық және эстетикалық тұжырымдаулары кейінгі дәуірлерде де маңызын жойған жоқ. Грецияда термин болып қалыптасқан «музыка», «мелос», «ритм», «гармония». сияқты атаулар музыкада осы күнге дейін қолданылып келеді.

Театры. Ертедегі грек драмасы мен театры жүзім мен шарап жасау құдайы Дионистің құрметіне ауылдық жерде мереке өткізу негізінде пайда болды. Бұл мерекелерде маскалы адамдар, теке терісін кигендер (теке Дионистің қасиет тұтатын жануары) өнер көрсетті. Маскалылар хорының би аралас әндерінде диалог элементтері мен сахналық қимыл-әрекет басым жатты. Эллинистік дәуірге дейін хор грек драмасындағы басты элемент боп келді. Б. з. б. 6 ғасырдың 2-жартысында ақын Феспид хордан ерекше орындаушыны - актерді бөліп шығарды. Грек драмасы өзінің даму процесінде діни әдет-ғұрыптардан бірте-бірте алшақтай берді; сонымен бірге, драма грек мифтерінің бүкіл байлығын пайдаланды. Гректің ұлы ақындары - Эсхил, Софокл, Еврипид, Аристофанның драматургиялары грек халқының қоғамдық-саяси және рухани өмірін жан-жақты көрсетті. Театр ойындары ашық далада өткізілді. Театр үйі орхестрден (дөңгелек алаң), театроннан (көрермендер орны) және скенадан (бастапқыда актерлердің киініп, сахнаға шығуына арналған жай, палатка; Эсхил тұсында оқиға орнын белгілейтін ағаш қоршау) құралды. Театрларда әйел рольдерін ерлер орындады. Актерлердің бәрі де маска киіп ойнады. Эсхил өзінің қаһармандық-патриоттық трагедияларында екінші актерді (дефтерагонист) енгізді. Бұл қайғылы қақтығыстарды тереңірек ашып, театр ойынының өсерлі болуына жол ашты. Софоклдың азаматтық, эстетикалық идеалдарды жырлаған трагедияларында үшінші актер (тритагонист) пайда болып, хордың ролі төмендеді, трагедияда диалог көбейді. Еврипид творчествосында қаһармандық таңырып әуені бәсеңдейді, бірақ адам психологиясына, айналадағы өмір шындығына назар аудару күшейеді. Ал Аристофанның комедиялары Афиныдағы қоғамдық-саяси өмір құбылыстарының ұнамсыз жақтарын өткір диалогтармен әшкереледі. Эллинизм дәуірінде театр қоғамдық-саяси тақырыптан қол ұзді. Трагедия күрт құлдырай бастады. «Жаңа комедия» (Менандр т. б.) тек үйішіндегі қарым-қатынасты, жеке адамның күйініш-қасіретін берумен шектелді. Эллинистік дәуірде кең тараған тұрмыстық, пародиялық-сатиралық шағын көріністер - мимдер Грецияда ерте кезден-ақ орындалып келді. Мим актерлері маскасыз ойнады. Мұнда әйелдер де қатысты. Эллинистік дәуірде мифологиялық сюжетке құрылған пантомималық-би сауықтары да тарады. Грецияның театр мәдениеті дүние жүзілік театрдың дамуына зор әсер етті. Күрделі қоғамдық-саяси, философиялық және әтикалық мәселелерді қозғау, зорлық пен езгіге қарсы күресу, көрермендердің азаматтың ой-санасын тәрбиелейтін қаһармандық тұлғалар жасай білген, осының бәрі - Греция театр өнерінің өміршең қуатын танытады.

Әдеб.: Маркс К. и Энгельс Ф., Об античности. под ред. и с предисл. С. И.Ковалева. Л., 1932; Маркс К. Формы, предшествующие капиталистическому производству. Маркс К. и Энгельс Ф., Соч., 2 изд., т. 46, ч. 1; Тюменев А.И., Очерки экономической и социальной истории древней Греции. -т. 1-3, П., 1920-22; Жураковский Г. Е. Очерки по истории античной педагогики. 2 изд., М., 1963; Лурье С. Я. Очерки по истории античной науки. М., 1947; Клингер В. П. Животные в античном и современном суеверии. К., 1911; Зелинский Ф. Ф. Древнегреческая религия. П., 1918; Радциг С. И. Античная мифология. -М.-Л.,         1939; Дынник М. А. Очерк истории философии классической Греции. М., 1936; История греческой литературы. под ред. С.И. Соболевского (и др.). т. 1-3. –М.-Л., 1946-1960; Варнеке Б.В. История античного театра. –М.-Л., 1940; Блаватский В. Д. Греческая скульптура. -М.-Л., 1939; Чубова А. П. и Иванова А. П. Античная живопись. М., 1966; Музыкальная культура древнего мира. Сб. ст., под ред. и с вступ. ст. Р. Грубера, Л., 1937; Головня А. Древнегреческий театр. в кн.: История зарубешного театра, М., 1971.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-05-08 14:50:22     Қаралды-9792

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »