UF

ОҢТУСТІК РОДЕЗИЯ (1965-1979) - Орталық Африкадағы мемлекет. Солтүстігінде, солтүстік-батысында Замбиямен, солтүстігінде және солтүстік-шығысында Мозамбикпен, оңтүстік-батысында Ботсвана, оңтүстігінде Оңтүстік Африка Республикасымен шектеседі. Жері 389,4 мың км2. Халқы 6 млн. (1973). Астанасы – Хараре қаласы.

Мемлекеттік құрылысы. Оңтүстік Родезия - формальды түрде Ұлыбританияның өзін-өзі басқаратын отары. Қазіргі конституция 1970 ж. Оңтүстік Родезияны «тәуелсіз республика» деп жариялап, нәсілшілдік тәртіпті заңдастырып берді. Мемлекет басшысы - президент 5 жылға сайланды, әрі қарулы күштердің бас қолбасшысы, ол үкімет басшысы - премьер-министрді тағайындайды, үкімет европалықтардан құрылады. Заң шығарушы жоғары орган - парламент сенат пен жиналыс палатасынан тұрады. Сенатта 23 мүше бар, оның онын жиналыс палатасының европалық мүшелері, онын көсемдер советі сайлайтын африкалық көсемдер сайлап қояды, үшеуін президент тағайындайды. Жиналыс палатасы 66 мүшеден тұрады (елуін ақ нәсілді халық, сегізін африкалықтар, сегізін тайпа көсемдерінен, старейшиналар мен «жергілікті өкімет» кеңесшілерінен құрылатын сайлау коллегиясы сайлайды). Сайлау заңына тым көп мал-мүлік және білім цензілері арқылы шек қойылған (1970 жылғы сайлауда европалықтардың сайлау тізімінде 50 мың, ал африкалықтар тізімінде 4,3 мың сайлаушы болды). 1969 жылғы заң бойынша, Оңтүстік Родезия жері ақ нәсілділер және африкалықтар аудандарына бөлінді, бұларда жергілікті басқару жүйесі әр түрлі. Ақ нәсілділер аудандарында сайлап қойылатын жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ал африкалықтар аудандарында - көсемдер мен старейшиналар енетін африкалық советтер құрылған (советтерді үкімет өкілдері - округ комиссарлар басқарды).

Табиғаты. Оңтүстік Родезия территориясы негізінен Матабеле үстіртінде (биіктігі 1000-1500 м) орналасқан. Солтүстігін Замбези өзенінің аңғары, батысын Калахари жазығы, оңтүстігін Лимпопо өзенінің аңғары, шығысын Иньянга тауы (биіктігі 2596 м) алып жатыр. Климаты солтүстік жағында субэкваторлық, оңтүстігінде тропиктік. Ауаның орташа температурасы қазан айында 21°-тан 27° С-қа, шілдеде 10°-тан 17°С-қа дейін. Жылдық жауын-шашын мөлшері 300-450 мм; оңтүстік-батыс бөлігінде 1250 мм-те дейін жетеді. Оңтүстік Родезия жері ағын су қорына бай келеді; солтүстік және солтүстік-батысынан Гвааи, Саньяти өзендері (Замбези өзенінің оң салалары), оңтүстігінен Лимпопо өзенінің сол салалары, оңтүстік-батысынан Ната өзен, Үнді теңізіне құятын Саби өзен өтеді, өзендері шоңғалды, табалдырықты, кеме жүзуге қолайсыз. Жері кебіне қызыл қоңыр және тропиктік қара топырақты. Саванна, бұта аралас селдір орман, Иньянга тауының шығыс беткейінде мәңгі жасыл тау орманы мен шалғыны өседі. Мүйіз тұмсық, жираф, антилопаның бірнеше түрі, арыстан, өзендерінде крокодил кездеседі. Өзен аңғарларында адамға және малға өте қолайсыз цеце шыбыны тараған.

Халқының көпшілігі африкандықтар (машона, матабеле т.б. тайпалар өкілдері). Арғы тегі европалықтар саналатын тұрғындары 262 мың. Елдің байырғы халқының көпшілігі ауылдық жерде тұрады. Африкандықтар өздерінің жергілікті дәстүрлі діни нанымға сенеді, европалықтар христиан дінінде. Ресми тілі - ағылшын тілі. Маңызды қалалары - Солсбери, Булавайо, Форт-Виктория, Умтали, Шибани.

Тарихы. Оңтүстік Родезия жерінен табылған археологиялық ең көне бұйымдар палеолит дәуіріне жатады. 14-15 ғасырларда мұнда Моно-мотапа мемлекеті (17 ғасырдың аяғына дейін өмір сүрген) дәуірлеп тұрды. Археологтар ашқан Зимбабвенің қираған ескі жұрты (тұрғын үйлер, алтын кені қазылған орындар, ирригациялық құрылыстар т.б.) оның даму дәрежесінің жоғарылығын аңғартады. 18 ғасырда Лимпопо мен Замбези өзендерінің аралығын Машона тайпалары алып тұрды. Бұл араға 19 ғасырдың 1-жартысында Матабеле тайпалары келді. 19 ғасырдың аяғында Оңтүстік Родезия жеріне ағылшын отаршылары басып кіре бастады. 1889 жылы ағылшын королевасы Оңтүстік Родезияны және Солтүстік Родезияның бір бөлігін басқару жөніндегі әкімшілік билікті «Британ Оңтүстік Африка компаниясына» (ағылшынның Оңтүстік Африкадағы отарлау саясатын белсене жүргізушілердің бірі С. Родс 1888 жылы құрған) берді. Бағынбаған Матабеле тайпасына қарсы 1893 жылы ағылшын әскерлері соғыс қимылдарын бастады. Елді жаулап алып, Родстың құрметі үшін оған «Родезия» деген ат қойды. Содан былай африкалықтар жаулап алушыларға қарсы талай рет бас көтерді. 1896-1897 жылдары көтерілістер кең өріс алды, бірақ отаршылардың күші тым басым еді.

1923 жылы Оңтүстік Родезия өзін-өзі басқаратын отар статусына ие болды (Британ Оңтүстік Африка компаниясының әкімшілік правосын ағылшын үкіметі сатып алған; бұл кезде отардағы европалықтардың саны 30 мыңнан асқан). Аяусыз қанаушылық (алтын кен орындарында, темір жол құрылыстарында, асбест, хром кенін қазуда) Оңтүстік Родезия халқының отаршылдарға өшпенділігін туғызды. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін отаршылдыққа қарсы күрес жаппай өрістеген шақта ағылшын үкіметі 1953 жылы Родезия мен Ньясаленд федерациясын құрды (оған Оңтүстік және Солтүстік Родезия мен Ньясаленд кірді). Оңтүстік Родезияның европалықтардан тұратын «өзін-өзі басқару» органы отаршылдықтың тірегі болуға тиіс деп есептелді. Африкалықтардың қысымымев федерацияны амалсыз таратқаннан кейін (1963) елде азаттық күресі күшейді. 1961 жылы қабылданған нәсілшіл конституция негізінде 1965 жылы мамырда Родезия парламентінің сайлауы болып өтті. Сайлау Родезия майданы атты нәсілшіл партияны (1962 жылы құрылған, 1962 жылы желтоқсаннан үкімет басында) нығайтты. Бұл партияның басшысы Я.Смит бастаған үкімет елдегі азшылық европалықтардың ғана өкілі болып табылады. Ол бір жақты шешім қабылдап, отарды «тәуелсіз» деп жариялады. Сөйтіп, африкалық көпшіліктің тілегімен есептеспеді. Англия үкіметі осы бір жақты шешімді заңды деп таныған жоқ, біраң нәсілшілдерге қарсы батыл шара қолданбады, әсері аз экономикалық санкциялармен ғана шектелді. 1969 жылы қарашада қабылданған Родезияның жаңа «конституциясы» нәсілшілдікті баянды етті.

Смит үкіметінің саясатына африкалық қалың көпшілік қарсы шығып отыр. 1974 жылы африкалықтар Ұлттық жиналыс сайлауына байкот жариялады. Оңтүстік Родезиядағы Африкалық ұлт советі (1972 жылы құрылған), Африкалық Зимбабве халқының одағы (1961 жылы құрылған), Африкалық Зимбабве ұлттық одағы (1963 жылы құрылған) және Зимбабвенің азаттық майданы (1971 жылы құрылған) атты ұйымдардың басшылары 1974 жылы Лусакада (Замбия) Оңтүстік Родезияның конституциялық құрылымы, елдегі тұрғылықты халықтың еріктілігін қамтамасыз ету туралы конференция шақыруды талап етіп, Я. Смит үкіметінің алдына мәселе қойды. Бұл кеңеске қатысушылар өздері басқарған ұйымдардың бәрін бір тұтас африкалық партияға біріктіріп, оны Африкалық ұлт советі деп атауға келісті.

Оңтүстік Родезиядағы африка халқының нәсілшіл тәртіпке қарсы күресін Африкалық бірлік ұйымы, Совет Одағы т. б. социалистік мемлекеттер, прогресшіл, антимпериалистік күштер тегіс қолдайды.

Шаруашылығы. Оңтүстік Родезия - аграрлық ел. Экономикасы мешеу халде. Ұлттық табысы негізінен таукен өндірісі мен ауыл шаруашылығынан түскен түсімнен құралады. Ауыл шаруашылығына жарамды құнарлы жерлер ақ нәсілдік плантаторлардың қарамағында. Экономика салаларында шетел капиталының, әсіресе Оңтүстік Африка Республикасының ықпалы күшті. Жалпы ұлттық өнімнің 17,3%-і (бұның 11,2%-і европалықтар секторында, 6,1%-і жергілікті тұрғындар шаруашылықтарынан өндіріледі) ауыл шаруашылығының улесі (1972). Ауыл шаруашылығының 1972 жылы жинаған басты өнімдері (мың тонна): темекі 65,8, жүгері 1107 (1972-1973), мақта 147,6, бидай 81,7 (1971), 1972 жыл мал басы (мың): мүйізді ірі қара 5563, қой 724, шошқа 179, ешкі 35. Тау-кен өндірістерінің өнімдері негізінен өңделместен шетелге шығарылады; өнімдері (мың т): мыс рудасы 32,0 (1973), хромит 180,9 (1970), никель рудасы 15,0 (1972), көмір 3096 (1971). 1971 жылы 15 тонна алтын өндірілді. 1971 жылы 6800 млн. квт-сағат электр энергиясы алынды. Шағын синтетикалық сұйық отын (Сасолбург), химия, автомобиль құрастыру, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар бар. Сыртқы саудасы ОАР, АҚШ, Жапония, Германия, Ұлыбританиямен байланысты.

Темір жолының ұзындығы 2522 км (1973), автомобиль жолдарының ұзындығы 8341 км, оның ішінде асфальттанғаны 4063 км.

Ақша өлшемі - родезия фунты.

Денсаулық сақтау ісі. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, 1965-1970 жылдар әрбір мың адамға шаққанда 48,4 бала туып, 14,4 адам өлген (бала өлімі тірі туған әрбір мың балаға 122-ден келген). Ақ нәсілді халықтың орташа өмірі: еркектер үшін 65, әйелдер үшін 70 жас, қара нәсілді халықтың бұл көрсеткіші: еркектер үшін 44,8, әйелдер үшін 47,8 жас, 17,8 мың төсектік (310 адамға 1 төсек) 226 аурухана бар, 896 дәрігер (6,6 мың адамға бір дәрігер), 131 тіс дәрігері, 314 фармацевт, 1654 акушерка, 4070 медицина сестра жұмыс істеді (1971). Мемлекеттік бюджеттің 5,7%-і денсаулық сақтау ісіне жұмсалды (1971).

Әдеб.: Капиталистилеские и развивающиеся страны, М., 1973.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-01-22 15:22:43     Қаралды-1350

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »