UF

ЖАПОНИЯ (Нихон немесе Ниппон, жапонша «Таң шапағы елі») - Шығыс Азиядағы мемлекет, Тынық мұхиттың батыс бөлігіндегі бірнеше мың (4 мыңға жуық) аралдарды (ірілері: Хонсю, Хоккайдо, Окинава, Кюсю, Сикоку) алып жатыр. Солтүстігі - Охота теңізі, шығысы Тының мұхит, батысы - Жапон және Шығыс Қытай теңіздері. Жері 372 мың км2. Халқы 126,8 млн (2017). Әкімшілік жағынан - астаналық (Токио-то) префектураға, 2 арнаулы қалалық (Киото - фу, Осака - фу) және 43 жай префектураға (кен), Хоккайдо губернаторлығына (мұның өзі 14 округқа ажыратылады) бөлінеді. Астанасы - Токио қаласы.

Мемлекеттік құрылысы. Жапония - конституциялы монархия. Қазіргі конституциясы 1947 жылы қабылданған. Конституциясында «ұлттың суверенді правосы есебінде» соғыстан бас тартатындығы айтылған. Мемлекеттік басшысы - император. Император конституңияға енгізілген түзетулерді, заңдарды, үкімет указдары мен шарттарын жариялайды, парламентті шақыру, жалпыға бірдей парламент сайлауын жариялау да соның міндетіне жатады. Жоғары заң шығарушы органы - екі палаталы парламент. Ол Өкілдер палатасы мен Кеңесшілер палатасынан құралады. Екі палатаның да депутаттары жалпыға бірдей төте сайлау жолымен - Өкілдер палатасының мүшелері 4 жылға, Кеңесшілер палатасының мүшелері 6 жылға сайланады.

Жоғары атқарушы өкімет органы - үкімет - Министрлер кабинеті. Премьер-министр министрлерді тағайындап, орнынан босата алады. Кабинет парламент алдында жауапты. 20 жасқа толған барлық азаматтар сайлауға праволы.

Табиғаты. Жапония жері биіктігі орташа және аласа таулы болып келеді. Басты тау жоталары - Оу, Хида, Акалси (Хонсю аралында), Токати (Хоккайдода), Испдзути (Сикокуда). Ең үлкен аралы Хонсюдің таулары 3-ке бөлінеді:   орталық тармақ - Оу (биіктігі 2040 м), шығыс тармақ - Китаками (1914 м) және Абукума (1193 м) батыс тармақ - Дева (2230 м) және Этиго (2128 м). Жапонияның ең биік жері - Фудзияма вулканы (3776 м) осында. Жапония территориясының 20%-ке жуығы жазық; олардың ішіндегі ірілері және экономикалық маңыздылары: Исикари (Хоккайдода), Канто, Этигол, Кинки, Ноби (Хонсюда), Цукуси (Кюсюде). Жапония жерінде вулкандық және сейсмикалық процестер жақсы байқалады; мұнда 6 вулкандық зона бар: Рюкю-Кюсю (Рюкю-Кюсю аралдары), Хакусан Хонсюдің оңтүстік-батысында Рудзи, Текай (екеуі де Хонсюдің солтүстік-батысында), Насу (Солтүстік Хонсю мен Хоккайдоның оңтүстік-батысында) және Тисима немесе Сиретоко (Солтүстік-Шығыс Хоккайдода). Вулкандарының жалпы саны 150, оның 35-і сөнбеген. Аса күшті атқыланған вулкандар - Асама (1783, 1929, 1958), Бандай (1888), Сакурадзими (1914, 1958, 1962), Сиретоко - Иосан (1936), Токатидаке (1936, 1962). Елдің басқа бөлігіне қараганда, Хонсю аралының Тынық мұхиттық жағалауы жер сілкіну мен цунами толқындарына көбірек ұшыраған. Өте күшті жер сілкінулер 1885, 1891, 1897, 1923, 1946 жылдары болды. 1923 жылғы жер сілкінуден әсіресе Токио қаласы қатты қирады. Пайдалы қазындылары:   тас көмір (Солтүстік Кюсю, Хонсюдегі Дзёбан, Убэ, Хоккайдодағы Исикари және Кусиро кендері), мыс рудасы Асио-Сасагатани, Осарудзава, Бесси) мұнай (батыс Хонсю, Хоккайдо), темір рудасы (Камаиси), қорғасын, мырыш рудалары Камиока, Хосокура кендері). Кюси аралында алтын және күміс өндіріледі.

Климаты теңіздік, муссондық; бірақ Жапония территориясы 3 климаттық - қоңыржай (солтүстік бөлігі), субтропиктік (орталығы) және тропиктік (оңтүстігі) зонаға бөлінеді. Климатының қалыптасуына Куросио, Цусима жылы және Оясио суық теңіз ағыстары әсер етеді. Күз айларында тайфун болып тұрады. Қаңтардың орташа температурасы - 10°С-тан (солтүстік бөлігі) - 18°С-қа (оңтүстігі) дейін, тамызда 17° С (солтүстік жағы), 27°С (оңтүстік). Жауын-шашынның жылдық мөлшері 1000-3000 мм. Өзендері гидроэнергия қорына бай (10-20 млн. квт). Су тасу жиі болады. Басты өзендері: Исикари (ұзындығы 346 км), Синано (369 км), Китаками (243 км), Тоне (322 км), Иосино (236 км), Кисо (232 км), Тенрю (216 км). Ірі көлдері - Бива (ауданы 675 км2), Инавасиро, Товада, Куттяро, Тоя, Касумигаура. Жапония жері күлгін, қоңыр, кейде қызғылт топырақты, өзен аңғарлары бойындағы жазық аймақтар аллювийлі шөгінді топырақты келеді; кей жерлері шалғынды-батпақты болады. Территориясының 60%-і орман (қылқан жапырақты, субтропиктік, тропиктік) және бұта. Жапонияда өсімдіктің 5500 түрі, ағаштың 160 түрі өседі. Жануарлар дүниесінде сүтқоректілердің 270 түрі (сібір аюы, жапон макакасы, қасқыр, борсық, жанат ит т. б.), құстың 800 түрі, жыланның 18 түрі, кесірткенің 3 түрі кездеседі. Балықтың 800, молюскінің 1200 түрі ауланады; Жапония жері өзінің табиғи жағдайына қарай 5 физика-географиялық ауданға бөлінеді; олар Солтүстік Жапония (Охота) Солтүстік-Шығыс Жапония, Орталық Жапония, Оңтүстік-Батыс Жапония, Оңтүстік (тропиктік) Жапония.

Халқы. Негізгі тұрғындары - жапондар. Хоккайдоның солтүстік-шығыс бөлігінде айндар (32 мыңға жуық), оңтүстік аралдарда рюкюлер (800 мыңдай) тұрады. Барлық халықтар әр түрлі диалектілі (бастылары астана немесе Киото, шығыс не Токио, оңтүстік не Кюсю диалектілері) жапон тілінде сөйлейді. Жапон жазуы ұғымдар мен әліппенің 2 түрінен (катакана және хирагана) құралған иероглифтер (кандзи) негізінде қалыптасқан. Жапония халқы тығыз қоныстанған (әсіресе оңтүстік бөлігі) елдер қатарына жатады; орташа тығыздығы 1 км2 жерге 280 адамға жуық (1972). Халықтың 82%-і қалаларда тұрады; тұрғындар саны млн-нан астам қалалары: Токио, Осака, Нагоя, Йокоама, Киото, Кобе, Китакюсю, Сапперо. Еңбек етуші халық 52 млн. (1970), оның 26,2%-і (13,7 млн.) өнеркәсіптің, 7,7%-і (4,0 млн.) құрылыстың, 19,3%-і (10,1 млн.) ауыл шаруашылығының, орман және балық аулау кәсібінің, 6,2%-і (3,2 млн.) транспорт пен байланыс мекемелерінің, 21,9%-і (11,4 млн.) сауда мен банкісінің, 14,7 %-і (7,7 млн.) халыққа қызмет ету орындарының, 3,4%-і (1,7 млн.) мемлекеттік қызметінің үлесіне тиеді.

Тарихы. Жапония жерін адам өте ерте заманнан-ақ мекендеген. Б. з. б. 7500-300 ж. ш. мұнда неолиттік дземон мәдениеті, онан соң Яёи мәдениеті (б. з. б. 300 - б. з. 300 ж. ш.) болған. Бұл тұста егіншілік пен мал шаруашылығы өркендеп, қола және темір құралдар қолданыла бастады. Б. з. алғашқы ғасырларында халықтың әлеуметтік жікке бөлінуі күшейді; құлдық заманы басталды. 3 ғасырда жапондардың аса ірі тайпалық одағы пайда болып, таптық қоғамның ұйысуы барысында жапон мемлекеті қалыптасты. Феодалдық қатынастардың туып, дамуымен бірге Жапонияда құл иеленушілік қатынастар да қатар өмір сүрді. 645 жылы Жапонияда Тайка төңкерісі болып, феодалдық өндіріс әдісі үстемдік алды. Жер мемлекеттік меншігі деп жарияланды. Шаруалар жан басына қарай жер бөліктеріне (надел) бекітілді де, мемлекетке азық-түлік рентасын төлеуге, әр түрлі жұмыстар атқаруға тиіс болды.

8 ғасырда ақсүйектер мен ғибадатханалардың жер меншіктері (сёэн) пайда бола бастады. 11 ғасырдың басында надел жүйесі жойылып, поместьелер феодалдың жер меншігінің үстем түріне айналды. Бұл тұста көсемдер бастаған феодалдардың әскери топтары қалыптасты. 12 ғасырдың орта шенінде бұлардың ішіндегі ең күштілері Хонсюдың солтүстік-шығысындағы Минамото мен батысындағы Тайра болды. Олардың өзара күресінде 1185 жылы Тайра жеңілді. Өкімет билігі шығыс феодалдарының қолына көшіп, 1192 жылы олар өз көсемі Еритоме Минамотоны «сёгун» (қолбасшы) деген атпен мемлекеттік басшысы етіп жариялады. Осы лауазыммен орта ғасырлық Жапонияда аса ірі феодалдар әулетінің өкілдері тұқым қуалап ел биледі; император өулетінің билігі тек былайша ғана мойындалды. Сёгундық әскери-феодалдық топқа (буси), әсіресе сёгунға тікелей тәуелді адамдарға (гокэнин) сүйенді, бұлар әкімшілік қызмет атқарды. Буси тобының төменгі бөлегі ұсақ әскери дворяндар жігі - самурайлардан құрылды. 13 ғасырда Қытай мен Кореяның бірсыпыра жерін басып алған монғолдар Жапонияға да қауіп төндірді. 1274 жылы және 1281 жылы монғолдар Жапонияға қарсы екі дүркін жорық жасап, одан ештеңе шығара алмады.

13 ғасырдан бастап Жапонияда сауда және қолөнер корпорациялары (дза) тез өсіп, қалалар ұлғайды. 14-15 ғасырда феодалдық орташа жер меншігінен (сёэн) ірі-ірі жер иеліктер - князьдықтарға көшу жүзеге асты. Тәуелді адамдарға лен (жалға алатын жер) бөліп беріп, бұл үшін оларды өзіне қызмет істеуге міндеттеген құдіретті князь (даймё) феодалдар арасындағы негізгі тұлғаға айналды. Ол қолөнер мен сауданы өз бақылауына алды. Ұсақ және орта феодалдар тікелей жер иемденуден қалып, князь сарайының маңына топтасты. 14 ғасырдың 30 жылдарында Минамото әулетінің сёгундары орнына Асикага сёгундарының үкіметі (1335-1572) келді. Бұл тұста орталық үкімет Минамото кезіндегіден едәуір әлсіз болды. Қолына бірсыпыра күш жинаған жеке князьдардың дербестікке ұмтылуы феодалдық бытыраңқылықты күшейтті. 15-16 ғасырда шаруалар көтерілістері өріс алды. Әсіресе 1485-1492 жылдар Ямасиро провинциясының оңтүстігінде болған көтеріліс (Ямасиро көтерілісі) кеңінен қанат жайды. 16 ғасырда Сакаи, Хирана қалалары т. б. өзін-өзі билеу правосын алды.

15-16 ғасырларда Жапония Қытаймен және Кореямен сауданы үдетті. Қытаймен сауданы өрістету Жапонияның кен қазу өнеркәсібін дамытута әсер етті. Феодалдар кен байлықтарын игеруді тездетті. Мұның өзі кейбір феодалдардың онан әрі күшеюіне жәрдемдесті; олар жоғарғы сюзереннің-сёгунның қамқорлығынан құтылуды аңсады. 16 ғасырдың орта шенінде Жапонияға европалықтар келді (1542 жылы - португалиялықтар, 1584 жылы - испандар). Бұл тұста Жапонияны феодалдық бытыраңқылық әбден жайлап алғанды; сондықтан оны негұрлым күшті европалық елдердің басып алу қаупі төнді. Қайткенмен де, елді біріктіру қажет болды. Бұл істі қолбасшы Нобунага Ода (1534-1582) қолға алды. Хидэёси Тоётоми тұсында (1536-1598) ел іші негізінен бірігіп болды. Мұнымен қатар, шаруалар қозғалысы және ерікті қалалардың бостандығы басын жанышталды. 1592-1598 жылдар Кореяға қарсы екі рет шапқыншылық жорық жасалып, олар сәтсіздікпен тынды. Тоётоми өлгеннен кейін феодал Иэя-су Токугава (1542-1616) елді біріктіру ісін аяқтады. 1603 жылы Токугава сёгун деп жарияланды. Токугава сёгундарының 3-әулеті елді 1867 жылға дейін биледі. Бұл тұста Жапония бір орталыққа бағынған феодалдық абсолюттік мемлекет еді. Жеке меншікті жер, ірі қалалар мен рудниктер Токугаваның экономикалық негізі болды. Токугава тұсында князьдықтар әкімшілік-шаруашылық жағынан дербестігін сақтады. Князьдықтарды даймелер биледі, олардың қарамағында ірі-ірі жасақтар болды. Бірақ орталық үкімет даймелерді қатаң бақылап отырды. Қызметші топтар - самурайлар негізінен князь сарайының маңына топтасып, ақыны күріштей алды. Үкімет 4 топ - самурайлар, шаруалар, қолөнершілер, саудагерлер жүйесін қатаң орнатты. 17 ғасырдың 30 жылдарынан бастап Жапонияға шетел адамдарының келуіне, ал жапондардың өз елінен кетуіне тыйым салынды.

17 ғасырдың аяғы мен 18 ғасырдың басында токугавалық Жапония экономика және мәдени дамудың жоғары шегіне жетті (Гэнроку кезеңі, 1688-1703). Бұл дәуір Токугава мемлекетінің тарихындағы бетбұрысты кезең болды; осы тұстан бастап Жапония феодалдық құрылыстың ыдырау заманына аяқ басты. Өңделетін жер көлемінің өсуі тоқтады; 150 жыл ішінде күріш өндіру бір орнында тоқырап тұрып қалды. Әсіресе 18 ғасырдан бастап шаруалардың жерден айрылу процесі күшейді. Жер меншігі бірте-бірте жаңа помещиктердің (син дзинуси) қолына көшті; бұлар өздерінің тегі жағынан самурайлардан шыққан немесе деревняның -жоғарғы топтарынан көтерілген еді. Шаруалар енді жерді осы помещиктерден жалға алатын болды. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында капиталистік мануфактуралар пайда болды (мақта-мата, жібек тоқу т. б.). Феодалдық тәртіптердің тұсауын ұзе отырып, бірте-бірте капиталистік қатынастар, буржуазиялық табы (бұрыңғы цех шеберлері, самурайлардың бір бөлігі) қалыптасты.

19 ғасырдың 50-60 жылдарында Жапония АҚШ пен европалық мемлекеттердің экспансиясына ұшырады. 1854 жылы АҚШ екі портты шетел кемелеріне ашқызды. 1854-1858 жылдар АҚШ пен европалық мемлекеттер душар еткен әділетсіз шарттар Жапонияны дүние жүзілік рынокқа еріксіз тартты. Осы тұста өріс алған ішкі саяси дағдарыс ел ішінде революциялық жағдай туғызды. Негізгі үш түрлі күш: шаруалар мен қала кедейлерінің қалың бұқарасы, сауда-өнеркәсіп буржуазиясы, буржуазиямен сыбайлас дворяндардың төменгі тобы (самурайлар) сёгундыққа қарсы күресті. 1867-1868 жылдар Жапонияда буржуазиялық революция болып, ол аяқталмай қалды. Революцияның негізгі қозғаушы күші шаруалар мен қала кедейлері болды. Олар сёгундық өкіметін құлатты. Мұның нәтижесін буржуазия мен дворяндардың билеп-төстеуші топтары пайдаланды. Жаңа үкімет бірқатар саяси және әлеуметтік өзгерістер жасады (1871-1873 жылдар аграрлық реформа, феодалдардың сословиелік жүйесін жою, жалпыға бірдей әскери міндеттілікті енгізу т. б.). Бұлар Жапонияда капиталистік өндірістік қатынастардың орнығуына жол ашқанымен, көптеген жартылай феодалдық қалдықтардың сақталып қалуына мүмкіндік жасады, өйткені реформалардың дәйексіздік сипаты болды. Жер реформасы нәтижесінде жерге деген буржуазия жеке меншік принципі оряады. Жер негізінен жаңа помещиктер деп аталатындар мен ауқатты шаруалардың қолына көшті. Кедей шаруалардыц жерден айрылу процесі онан сайын күшейе түсті, помещиктер шаруаларды қанаудың капитализмнен бүрынғы әдістерін кеңінен қолданды.

1867-1868 жылдар революцияның аяқталмай қалуы, феодалдық қалдықтардың сақталуы, шикізат қорының тапшылығы ірі өнеркәсіптің қалыптасуына бөгет болды. Сондықтан ірі кәсіпорындар салу жөніндегі негізгі шығынды мемлекеттік өзі көтерді. Мұндай кәсіпорындар кейіннен жеке меншікті капиталға, ең алдымен сауда-өнеркәсіп шонжарларының шағын тобына (Мицуи, Мицубиси т. б.) су тегін бағаға сатылды. Бұл саясат буржуазия мен монархиялық мемлекеттік аппарат арасындағы байланысты нығайтуға жәрдемдесті. Капиталистік өндіріс дамыған сайын, жұмысшы табы да қалыптаса түсті; 1890 жылы Жапонияда 350 мыңдай жұмысшы болды. 19 ғасырдың соңғы ширегінде елде конституция жолындағы күрес өрістеді. Саяси дағдарысты шиеленістірмеу үшін үкімет жұртшылыққа жеңілдік жасады: 1889 жылы император атынан конституция жарияланып, монархтың өз праволары ерекше кеңейтілді де, парламенттің өкілдіктеріне мықтап шек қойылды. Конституция монархия, жоғары аристократия, жартылай феодал помещиктер мен ірі буржуазия арасындағы реакциялық одақты заңдастырды.

1867-1868 жылдар революциядан кейін Жапонияның билеуші таптары агрессиялық сыртқы саясат жолына түсті. 1876 жылы Кореяға әскер енгізу қаупін тендіріп, оны әділетсіз шартқа қол қоюға мәжбүр етті. 1894 жылы Кореяда шыққан шаруалар көтерілісін басуды желеу етіп, Жапония Кореяға өз әскерлерін жіберді де, Жапон-Қытай соғысын (1894-1895) бастады. Соғыста жеңіп шығып, Жапония Қытайдан Тайвань мен Пэнхуледао аралдарын және көптеген контрибуция алды, Кореядағы ықпалын мейлінше күшейтті. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында жапон капитализмі империализм сатысына өтті. Өндірісті шоғырландыру, капиталды орталықтандыру негізінде ірі-ірі концерндер пайда болды (Мицуи, Мицубиси т. б.). Финанс капиталын жасау процесі аяқталды. Жапония Қытай мен Кореяға капитал шығара бастады. Жапонияның билеп-төстеуші топтары дүниені қайта бөлісуге жанталаса әзірленді. Монополистік капитализмге тән агрессия құмарлық өкімет басына келген (буржуазиямен бірге) помещиктік топтардың соғыс авантюрасына әзір тұратындығымен күшейе түсті. Сонымен, жапон империализмі әскери-феодалдық империализм ретінде қалыптасты; мұнда монополистік капиталдың ұстемдігі ескіліктің жартылай феодалдық қалдықтарымен және помещиктер табының едәуір саяси роль атқаруымен ұштасты.

Жұмысшы табының сан жағынан көбеюі, оның саяси санасының артуы нәтижесінде жұмысшы қозғалысы өрістеді. 1897 жылы Сэн Катаяманың бастауымен Кәсіподақтарды ұйымдастыруға жәрдемдесу қоғамы құрылды. 1898 жылы Социализмді зерттеу қоғамы ұйымдасты. 1901 жылы майда осы қоғамның негізінде с.-д. партия құрылды; үкімет оған бірден-ақ тыйым салды.

20 ғасырдың басында Жапония мен Россия арасында Маньчжурия мен Кореяға талас шиеленісе түсті. Англия мен АҚШ-тың қолдауына сүйеніп, жапон үкіметі Россияға қарсы соғысқа әзірленді. Сөйтіп, 1904 жылы ақпанда  Орыс-жапон соғысы (1904-1905) басталды. Жапон әскерлері бірқатар жеңістерге жетті, бірақ соғыста әбден қалжырады. 1905 жылы тамызда Портсмутта басталған келіс сөздердің нәтижесінде Жапония мен Россия арасындағы бітім шартына қол қойылды [Портсмут бітім шарты (1905)]. Бұл шарт бойынша, Россия Кореяны Жапонияның ықпалында деп мойындады, Қытайдағы Квантун обл-н Порт-Артурмен және Дальниймен қоса Жапонияға жалға берді, Қытай-Шығыс темір жолының оңтүстік тармағы мен Сахалин аралының оңтүстік бөлегін басы бүтін берді. 1905 жылы қарашада Кореяда жапон протектораты орнады, 1910 жылы тамызда Корея жапон отарына біржола айналды. Жапон монополиялары Оңтүстік Маньчжурия мен Қытайдың басқа да аудандарының байлықтарын өз қажеттеріне жаратты.

1904-1905 жылдар Орыс-жапон соғысы кезінде жапон социалистері соғысқа қарсы науқан ашты. 1905-1907 жылдар орыс революциясы Жапонияда Жұмысшы қозғалысы мен демократиялық қимылдың өрістеуіне елеулі ықпал жасады. 1904 жылы мұнда 879 адам қатысқан 6 ереуіл болса, 1907 жылы 10 мың жұмысшы қатысқан 57 ереуіл болды. 1906 жылы Жапон социалистік партиясы құрылды, 1907 жылы оған үкімет тыйым салды.

1-дүние жүзілік соғысты Жапонияның билеп-төстеуші топтары өздерінің Қиыр Шығыстағы позицияларын нығайтуға пайдалануды ұйғарды. 1914 жылы 23 тамызда Жапония Германияға соғыс жариялады. Қазанда жапон флоты Германиядан Маршал, Мариан, Каролин аралдарын тартып алды; қарашада жапон әскерлері Германияның Қытайдан жалға алған Шаньдун провинциясын түгелдей дерлік оккупациялады. Сонымен бірге, Жапония өзінің Қытайдағы позицияларын мықтап нығайтты.

Жапон империалистері Ұлы Октябрьлық социалистік революциясы туралы хабарды асқан өшпенділікпен қарсы алды. Жапонияның билеп-төстеуші топтары Совет Россияның тату көршілік қатынастар орнату жөніндегі ұсыныстарын қабылдамай, АҚШ-пен, Англиямен, Франциямен бірлесіп, 1918 жылы көктемде Совет республикасына қарсы қарулы интервенция жасау жолына түсті. Жапон империалистері Байқалға дейінгі ұлан-байтақ жерді басып алмақ болды. 1918 жылы тамыз – қыпкүйекте Россиядағы Октябрьлық революциясының тікелей әсерімен жапон еңбекшілерінің жаппай революция қимылы - «күріш бүлігі» болды; ол елдің үштен бір бөлігін, 141 қаланы қамтыды. Қозғалысқа 10-нан 13млн-ға дейін адам қатысты. Совет Россияға интервенция жасаумен бірге, жапон үкіметі Корея мен Қытайды отарлау саясатын онан әрі жүргізе берді. Жапонияның Қытайдағы экспансиясының күшеюі Англия мен АҚШ-қа ұнамады. 1921-1922 жылдар Вашингтон конференциясында Жапония Шаньдун провинциясын Қытайға қайтарып беруге көнді, сөйтіп барлық империалистік елдер үшін Қытайдың «есігі ашық және мүмкіндіктері бірдей» деген принципті мойындаған тоғыз мемлекеттің шартына қол қойды. Мұның өзі Қытайда емін-еркін үстемдік етпек болған жапон монополияларына аса елеулі соққы болып тиді.

1920 жылы көктемде Жапонияда экономикалық дағдарыстың белгілері байқала бастады. Монополиялардың қыспағы, еңбекшілердің тұрмыс дәрежесінің онан сайын нашарлауы жұмысшы қозғалысының қайта өрлеуін туғызды. Социалистік идеялардан нәр алған халық бұқарасы экономикалық талаптар қоюмен бірге, саяси ұрандар да көтерді. Совет Россиядағы интервенцияны дереу тоқтатуды талап етті. 1920 жылы Жапонияда (Токиода) тұңғыш рет 1 Май демонстрациясы өткізілді. 1921 жылы Осака, Кобэ, Иокогама, Асио еңбекшілері де Май мейрамын тойлады. 1922 жылы 15 шілдеде Токиода Жапония Коммунистік партиясының (ЖКП) құрылғаны жарияланды. Сол жылы күзде империалистік Жапонияның Совет Қиыр Шығыстағы интервенциясы толық күйреді, шапқыншылар Владивостокты тастап шықты, тек Сахалин аралының солтүстік жартысы ғана жау қолында қалды. 1920 жылы басталған өндірістің құлдырауы 1924-1925 жылдарға дейін барды; тек 1925 жылы ғана өнеркәсіп өнімі 1919 жылғы дәрежеден асып түсті. 1925-1926 жылы Жапонияда жұмысшы табының саны көбеюіне байланысты, жұмысшылар мен шаруалардың бұқаралық жария партиясын құру жолындағы қозғалыс өріс алды (бұл тұста ЖКП өте астыртын жағдайда болатын). 1926 жылы мартта Родо номинто партиясы (жұмысшы-шаруа партиясы) құрылды.

1924-1925 жылдар жапон-ағылшын, әсіресе жапон-американ қайшылықтары шиеленісе түсті. Бұл жағдайда Жапония үкіметі СССР-мен қарым-қатынасын жақсартуды жөн көрді. 1925 жылы қаңтарда СССР мен Жапония арасындағы қарым-қатынастың негізгі принциптері (дипломатиялық қатынас орнату, даулы мәселелерді реттеу) туралы Конвенцияға қол қойылды. Жапон әскерлері Солтүстік Сахалиннен кетті. 1927 жылы сәуірде өкімет басына келген. Танака үкіметі Шаньдунға екі рет әскер жіберді. 1928 жылы наурызда ЖКП мен басқа да солшыл ұйымдардың мүшелерін жаппай тұтқынға алу басталды. Сәуірде Родо номинто партиясына тыйым салынды. 1929-1933 жылдар дүние жүзілік экономикалық дағдарыс Жапонияны ерекше қатты шайқалтты. Өнеркәсіп өнімі 32,5%, кейбір салаларда 50%-ке дейін, ауыл шаруашылық өнімі 40% қысқарды, 3 млн-дай адам жұмыссыз болды. Билеуші таптар бұл қиыншылықтардан шығудың жолын сыртқы саяси экспансиядан іздеді.

1931 жылы 18 қыркүйекте Жапония Маньчжурияны басып ала бастады; кейіннен оны Қытайдан мүлде тартып алып, Маньчжоу-го атты қуыршақ мемлекет құрды. 1933 жылы наурызда Жапония Ұлттар лигасынан шықты. АҚШ-тың, Англияның, Францияның билеп-төстеуші топтары жапон агрессиясына қарсылық жасамады; олар: Жапония СССР-ге қарсы соғыс ашады және Қытайдағы революция қозғалысты тұншықтырады деп есептеді. Фашистік Германиямен бірге, Жапония «антикоминтерндік пактіні» (1936) жасаушылардың бірі болды. 1937 жылы шілдеде Жапония бүкіл Қытайды басып алу үшін соғыс бастады, сөйтіп, 1938 жылы Қытайдың неғұрлым дамыған және аса бай батыс бөлегін оккупациялауды аяқтады, 1939 жылы ақпанда Хайнань аралын басып алды. 1938 жылы шілдеде жапон әскерлері Хасан көлі маңында совет жеріне тап берді, бірақ мықтап соққы жеді. 1939 жылы мамырда Квантун армиясының бөлімдері Халхын-Гол өзені ауданында МХР мемлекеттік шекарасын басып өтті. Совет әскерлері монғол бөлімдерімен бірлесе отырып, тамыздың аяқ шенінде басқыншыларды толық талқандады. Германия, Италия, Жапония арасында 1940 жылы қыркүйекте қол қойылған «Үштік пакт» жапон империализмінің агрессиялық пиғылын айқындай түсті. «Үлкен соғысқа» әзірлік кезінде реакция мықтап бел алды. Барлық буржуазия және оңшыл-социалистік партиялар таратылып, олардың орнына фашистік тұрпаттағы бюрократиялық ұйым - Таққа жәрдемдесу ассоциациясы деген құрылды. 2-дүние жүзілік соғыс басталған жағдайда Жапонияның елімізге шабуыл жасауына жол бермеу үшін Совет үкіметі 1941 жылы сәуірде Жапониямен бейтараптық туралы пакті жасады.

1941 жылдың аяғында Жапонияның билеп-төстеуші топтары гитлершіл Германиямен және фашистік Италиямен одақтасып, 2-дүние жүзілік соғысқа қатысу туралы шешім қабылдады. 1941 жылы желтоқсаның 7-нен 8-не қараған түні жапондардың соғыс-әуе, соғыс-теңіз күштері американ флотының Пирл-Харбор базасына (Гавай аралдары), Гуамға, Манилаға және ағылшындардың Гонконг отарына шабуыл жасады. 1942 жылдың орта шеніне дейін Жапония Тынық мұхит пен Оңтүстік-Шығыс Азияда едәуір жерлерді басып алды (Филиппины, Үндіқытай, Тайланд, Бирма, Малайя, Индонезия). Бейтараптық туралы совет-жапон пактіне қарамастан, 1941 жылдың жазында-ақ Жапония СССР-ге қарсы соғыс ашу жоспарын («Кантоку-эн» жоспары) жасап алған болатын. Осы мақсатпен жапондар сақадай сай әзірленген квантун армиясын Совет Одағының шекараларына тақап қойды. Сондықтан, Совет үкіметі бұл арада едәуір әскер ұстауға мәжбүр болды. Мұның өзі фашистік Германията көп жәрдемдесті. Жапония Германияны Совет Одағы туралы әскери-барлау мағлұматтарымен жасақтады. Жапон соғыс кемелері Совет кемелерінің емін-еркін жүріп-тұруына бөгет жасады. Осыларды ескере келіп, 1945 жылы 5 сәуірде Совет үкіметі бейтараптық туралы пактіні бұзатынын жариялады. Сол жылы тамызда жапон халқы атом бомбасының кесапатына ұшырады. Американ соғыс-әуе күштері Хиросима, Нагасаки қалаларына атом бомбаларын тастады (6 және 9 тамыз), сөйтіп, бейбіт халық жаппай қырғынға килікті.

2-дүние жүзілік соғысты тез аяқтауға ұмтыла отырып, Совет үкіметі, одақтас мемлекеттер арасындағы келісімге сәйкес, 1945 жылы 8 тамызда империалистік Жапонияға қарсы соғыс жариялады. Совет армиясы МХР әскерлерімен бірлесе отырып, жапондардың ең таңдаулы деген Квантун армиясын толық талқандады, Маньчжурияны, Солтүстік Кореяны, Оңтүстік Сахалинді, Куриль аралдарын азат етті. 1945 жылы 2 қыркүйекте Жапония сөзсіз тізе бүгу туралы актіге қол қойды. Алайда АҚШ-тың билеуші топтары бұл жеңістің нәтижелерін жалғыз пайдаланғысы келді. Олар одақтастар атынан Жапонияны бір жақты оккупациялаған өз әскерлерінің сонда тұрғанын пайдаланып, оны АҚШ-қа толық тәуелді мемлекетке айналдыру мақсатын көздеді. Жапония тізе бүккеннен кейін Совет Одағы Потсдам декларациясы (1945) мен одақтастардың басқа да келісімдерінің шарттарын толық және сөзсіз орындауды, жапон милитаризмінің түп тамырына балта шауып, бұл елді бейбітшілік сүйгіш, демократия мемлекетке айналдыруды қамтамасыз ететін шаралар қолдануды талап етті.

1945 жылы желтоқсанда СССР, АҚШ, Англия Сыртқы істер министрлерінің Москва кеңесінде Қиыр Шығыс комиссиясын (Жапония жайындағы негізгі саяси бағытты белгілеу үшін) және Жапония үшін Одақтық совет (одақтас мемлекеттердің Жапониядағы бақылаушы органы ретінде) құру туралы шешім қабылданды. Дүние жүзілік күштердің талабымен соғыстан кейінгі алғашқы жылдары АҚШ Жапонияда бірқатар демократиялық реформалар жасауға мәжбүр болды. 1946 жылы қазанында жапон парламенті жаңа конституция қабылдап, ол 1947 жылы 3 мамырда күшіне енді. Императордың өкімет билігі едәуір тежелді. Жапония халықаралық даулы мәселелерді шешу құралы ретінде соғыс жүргізуден, жер бетінде, теңізде, әуеде қарулы күштер ұстаудан бас тартты. 1889 жылғы конституцияға қарағанда, жаңа конституция Жапонияның мемлекеттік құрылысын демократияландыру жолында маңызды қадам басқандық еді. 1946-1948 жылдар Токиода жапондардың басты-басты соғыс қылмыстыларын соттаған халықаралық процесс болды.

Алайда 1948 жылдың аяғынан бастап, АҚШ жапон монополияларының позицияларын қалпына келтіруге кірісті. Соғыс қылмыстылары жаппай ақтала бастады. 1950 жыды болашақ жапон армиясының ұясы ретінде полицейскийлердің резервтік корпусы құрылды. Американдардың окуппациялық өкімет орындарының нұсқауы бойынша, демократия бостандықтарды тежейтін шаралар жүзеге асырылды. Әсіресе ЖКП мен кәсіподақ активистеріне аяусыз соққы берілді. Кореядағы соғыс интервенциясы АҚШ-ты Жапониямен бітім шартын тезірек жасауға итермеледі. 1951 жылы Сан-Францискода болған конференцияда ағылшын-американ көпшілігі Совет Одағының Жапонияны демократияландыруға бағытталған ұсыныстарын қабылдамады; сондықтан, Совет Одағы шартқа қол қоюдан бас тартты. Бір жақты бітім шартына 1951 жылы 8 қыркүйекте қол қойылды. Мұнымен бірге, жапон-американ қауіпсіздігі туралы шарт жасалып, АҚШ Жапония жерінде соғыс базаларын салуға, әскер ұстауға право құқық алды.

Жапонияны АҚШ-тың соғыс-стратегиялық жүйесіне тартуға, милитаризмді қайта жаңғыртуға халық бұқарасы қатты қарсылық көрсетті. 1952 жылы 1 мамырда Токиода т. б. қалаларда бейбітшілік, бостандық және ұлттық тәуелсіздік жолындағы күрес ұранын көтерген демонстрациялары болып өтті. Жұмысшы табының ереуіл күресі кеңінен қанат жайды. 1953 жылдан бастап амерпкан соғыс базаларын жою жолындағы бұқаралық қозғалыс өріс алды. Ашықтан-ашық америкашыл саясат жүргізіп келген премьер-министр Сигэру Иосида 1954 жылы орнынан түсуге мәжбүр болды. Жаңа үкіметті либерал-демократия партияның президенті Итиро Хатояма басқарды; ол СССР-мен қарым-қатынасты жақсарту өз саясатының негізгі мақсаттарының бірі деп жариялады. 1956 жылы 19 қазанында Совет Одағы мен Жапония бірлескен декларацияға қол қойып, екі арадағы соғыс жағдайын тоқтатуға және дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіруге ұйғарды. Екі жақ бітім шартын жасасу туралы келіссөздерді онан әрі жүргізбек болды. 1956 жылдың аяғында Жапония Біріккен Ұлттар Ұйымына алынды. 1957 жылы желтоқсанда СССР мен Жапония арасында сауда шарты және сауда мен төлем туралы келісім жасалды.

Соғыстан кейінгі жылдары, әсіресе 50 жылдардың ортасынан бастап жапон экономикасы тез дамыды. Мұның нәтижесінде, Жапония 1971 жылы өндірістің соғыстан бұрынғы дәрежесінен 12-13 есе асып түсті. 60 жылдардың аяғы мен 70 жылдардың басында Жапония ұлттық өнімнің жалпы көлемі жөнінен капиталистік дүниеде АҚШ-тан кейінгі 2-орынға шығып, зат өткізетін рыноктар мен шикізат қорлары жолындағы бәсеке күресіне белсене қатысушылардың біріне айналды. Дүние жүзілік экономикалық рыноктағы позицияларын нығайта отырып, жапон монополиялары жер-жерде АҚШ-пен бәсекені күшейтті, сөйте тұра американ фирмаларымен тығыз іскерлік байланыстарын сақтады. Экономиканың өрге басуымен бірге, жапон қоғамының барлық қайшылықтары, ең алдымен, еңбек пен капитал арасындағы қайшылық күшейе түсті. 1960-1970 жылдар еңбекшілерге түсетін алым-салық 3 есе артты. 1971 жылы көпшілік тұтынатын товарлардың жалпы бағасы 1963 жылғымен салыстырғанда 57,2% қымбаттады. Жапон еңбекшілерінің тұрмыс дәрежесі дамыған капиталистік елдердің қай-қайсысындағыдан да төмен.

Жапонияның экономикалық қуатының нығаюы капиталистік дүниедегі күштердің ара салмағын едәуір өзгертті. Жапония дүние жүзілік саясатта белсенді роль атқара бастады. Либерал-демократиялық партияның үкіметтері АҚШ-пен әскери-саяси одақты берік сақтап, нығайта беруді, бұл одақтың өз ішінде Жапонияның позицияларын барған сайын күшейтуді өз саясатының негізі деп біледі. Жапония вьетнам халқына қарсы соғыста АҚШ-қа көп жәрдем берді. 1964 жылы Жапония американдардың атом сүңгуір қайықтарының жапон порттарына кіруіне келісім берді. АҚШ-та Жапонияның кейбір талаптарын орындады. 1972 жылы АҚШ заңсыз пайдаланып отырған Рюкю аралдарын ең басты Окинава аралымен қоса Жапонияға қайтарып берді; алайда барлық негізгі әскери объектілер АҚШ-тың қолында қалды.

Бірлескен деклараңиядан кейін совет-жапон қатынастары елеулі түрде дамып келеді. Екі ел арасындағы сауда айналымы 15,4 млн. сомнан (1957) 820 млн. сомға жетті (1972). 1971 жылы қыркүйекте сауда айналымы мен төлемдер туралы келісімге қол қойылды, сөйтіп, 1971-1975 жылдар совет-жапон саудасын 2 еседей кеңейту көзделді. Ғылым мен мәдениет саласындағы байланыстар едәуір күшейді.

1972 жылы шілдеде Сато үкіметінің орнына, либерал-демократиялық партияның Какуэй Танака бастаған жаңа үкіметі келді. Сол жылы қыркүйекте Танака Пекинге барып, ҚХР басшыларымен келіс сөз жүргізді; мұның нәтижесінде Жапония мен ҚХР арасында дипломатиялық қатынас орнады.

Жапон еңбекшілері монополиялар мен реакцияның шабуылына табанды қарсылық көрсетіп келеді. 1955 жылдан бастап, әр көктем мен күзде миллиондаған еңбекшілер қимыл жасап, экономикалық және саяси талаптар қоюда. 1970 жылы 2259 стачка болып (соңғы он жылдың ішіндегі рекорд) оған 1720 мың адам қатысты. 1970-1972 жылдар көктемгі және күзгі ереуілдердің, жиындар мен демонстрациялардың қатарында 8 млн-дай жұмысшы мен қызметші болды. Жұмысшы және демократиялық қозғалыстың өрге басуы коммунистік және социалистік партиялардың бұқара арасындағы ықпалын күшейтті. 1972 жылы желтоқсан өкілдер палатасы сайлауында ЖКП кандидаттарынан бұрынғы 14 депутаттың орнына 38 депутат, Жапония Социалистік партиясынан бұрынғы 87 депутат орнына 118 депутат сайланды. Елдің саяси өмірінде оппозицияшыл күштердің ролі мен ықпалы барған сайын артып келеді.

Саяси партиялары, кәсіподақтары және басқа қоғамдық ұйымдары. Либерал-демократиялық партия (ЛДП) 1955 жылы құрылған. Монополистік ірі капиталдың, сарай маңындағы аристократияның, жоғары дәрежелі бюрократия мен деревня байларының мүддесін қорғайды. 1780 мың мүшесі бар деп есептеледі (1971), анығында, одан едәуір аз. Жапония социалистік партиясы (ЖСП) 1945 жылы құрылған. Солшыл с.-д. партия, 35 мың мүшесі бар (1971). Демократиялық социализм партиясы (ДСП) 1960 жылы құрылған. ЖКП-ден бөлініп шыққан оңшыл социалистердің ұйымы. 54 мың мүшесі бар (1971). Жапония Коммунистік партиясы (ЖКП) - 1922 жылы құрылған. 300 мың мүшесі бар (1972). Таза саясат партиясы (Комэйто) - будда қоғамының (Сокагаккай) саяси ұйымы ретінде 1964 жылы құрылған. 109 мың мүшесі бар (1971).

Жапон кәсіподақтарының бас советі (Сохе) - 1950 жылы құрылған. 4300 мың мүшесі бар (1972). Солшыл кәсіподақтардың аса ірі бірлестігі. ЖСП-ні қолдайды. Бүкіл жапондық еңбек конфедеациясы (Домэй) 1964 жылы құрылған. 220 мың мүшесі бар (1972). Оңшыл реформистер орталығы. ДСП-ні қолдайды. Бейтарап        кәсіп-одақтардың байланыс советі (Тюрицу рорэн) - 1966 жылы құрылған. 1400 мың мүшесі бар (1972). Атом және су тегі қаруына тыйым салу жолындағы күрестің жапондық        советі (Гэнсуйке) 1955 жылы құрылған. ЖКП-нің қолдауына сүйенеді. Ядролық қаруға тыйым салу жолындағы жапон ұлттық конгресі (Гэнсуйкин) 1963 жылы құрылған. Жапонияның бейбітшілік комитеті 1950 жылы құрылған. «Жапония - СССР» қоғамы 1957 жылы құрылған. Жапон - совет достығы қоғамы 1965 жылы құрылған. Жапон - совет байланыстары қоғамы 1966 жылы құрылған.

Экономикасы. Жапония - капиталистік дүниедегі ең жоғары дамыған индустриялық-аграрлы елдердің бірі. 2-дүние жүзілік соғыста Жапония империализмнің жеңілуі және елді АҚШ-тың оккупациялауы Жапонияның империализм лагеріндегі позициясын біраз әлсіретті; бірақ АҚШ билеуші тобымен тіл табысқан Жапонияның монополистік капиталы көп кешікпей елдің шайқалған экономикалық жағдайын соғысқа дейінгі қалпына келтірді (1955); Жапония тез қарқынмен қайта өрлеу жолына түсті. Жапония монополиясы мен мемлекеті арасында келісім және өте тығыз байланыс орнаған; монополияның күшеюіне, яғни монополистік кәсіп орындарын жетілдіруге, жаңа өнеркәсіп салаларын (электроника, автоматика, атом энергетикасы, мұнай химиясы) дамытуға, ірі әскери заказдардың монополияларга түсуіне және олардың даяр өнімдерін сатуға мемлекет тарапынан үлкен қамқорлық көрсетіліп отырылады. Жапония экономикасында аса ірі финанстық-өнеркәсіптік топтардың (ең бастылары - «Мицубиси», «Мицуи» және «Сумитомо») үлесі басым; олардың қарамағындағы кәсіпорындарда Жапония өңдеу өнеркәсіп жұмысшыларының 1/3-і еңбек етеді. Металлургиялық кәсіпорындардың көпшілігі «Син Нихон сэйтаку», электротехника «Хитати», ауыр машина жасау «Мицубиси Дзюкоге», тұрмыстық электротехника «Мацусита дэнки» монополистік бірлестіктердің билігінде.

Өнеркәсіптің өсу қарқыны жөнінен Жапония капиталистік елдер арасында ең жоғары орында: егер АҚІП өнеркәс. Өндірісі 1960-1970 жылдар арасында 54,1%-ке, ГФР-дікі 73,6%-ке, Франциянікі 79,2%-ке, Ұлыбританиянікі 31,2 %-ке өссе, Жапония өндірісі 269,5%-ке өсті, яғни соғысқа дейінгі мөлшерінен 11 есе артты. 1971 жылы капиталистік дүниеде Жапония өнеркәсіп өндірісінің үлесі 9,5%-ке жетті. 1969 жылы өнеркәсіп өнімі жөнінде 3-орынға (АҚШ пен ГФР-ден кейін), жалпы ұлттық өнімінің мөлшерінен (196,1 млрд. долл., 1970) 2-орынға (АҚШ-тан кейін) шықты. Бірақ әскери-өнеркәсіптің күшті дамуы салдарынан, Жапония жан басына шаққандағы ұлттық табысының мөлшері жақынан капиталистік елдер арасында соңғы орындардың бірін алады. Өнеркәсіптің тез қарқынмен дамуына байланысты, жұмысшы күшін қанау да күшейе түсуде. Соғыстан кейін Жапония экономикасында біраз өзгерістер болды: ұлттың табыстағы өнеркәсіп үлесі 2 есе өсті (1947-1948 жылдар 20,6% болса, 1969-1970 жылдар 40,2%-ке жетті): ауыл шаруашылығының улесі осы мезгіл ішінде 3 есе азайды. 1970 жылы еңбек етуші халықтың 35,5%-і өнеркәсіп салаларында, 16,2%-і ауыл шаруашылығында еңбек етті.

Өнеркәсібі. Жапонияның тау-кен өнеркәсібі онша дамымаған, ол барлық өнеркәсіп өнімі құнының 1%-ке жуығын ғана береді. Өнеркәсібіне қажетті тас көмір, мыс және қорғасын-мырыш рудаларының, күкірттің 45-50%-і ғана Жапонияның өзінде өндіріледі. Аздаған мөлшерде боксит, марганец, темір, қалайы рудалары, асбест, сурьма, кадмий, хромит, молибден өндіріледі. Электр станцияларының қуаты 68,3 млн. квт. (1970), электр энергиясын өндіру жөнінен капиталистік елдер арасында Жапония 2-орында (АҚШ-тан кейін). Атом энергетикасы шұғыл дамуда (1965 жылы қуаты 166 мың квт-тық тұңғыш атом станциясы іске қосылды), 1971 жылы елде 5 атом электр станциясы (жалпы қуаты 1271 мың квт) жұмыс істеді.

Жапония өңдеу өнеркәсіп салаларындағы ең жақсы дамығаны - ауыр өнеркәсіп (барлық енеркәсіп өнімі құнының %-ін құрайды). Металлургиялық домна және мартен пештерінің қуаты молайтылған (1970 жылы домналардың жалпы қуаты 76,5 млн. от-ға, мартен қуаты 114,6 млн-ға жетті), көптеген үздіксіз прокат стандары іске қосылған, бүкіл болаттың 2/6-і оттегі конверторларында қорытылады. Металлургия өнімі негізінен елдегі ірі 15 комбинатта өндіріледі. Түсті металлургияда алюминий мен шақпақ мыс шығару басым, оларды балқыту жөнінен Жапония 4-орын алады (СССР, АҚШ, Канададан кейін).

Бүкіл өңдеу өнеркәсібі өнімі құнының машина жасаудың үлесіне тиеді. Арнаулы автоматты станоктар мен станок линиялары (металл жону станогын шығарудан капиталистік дүниеде АҚШ пен ГФР-ден кейінгі 3-орынды Жапония алады), әр түрлі подшипниктер, химиялық өнеркәсібінің машиналары, мата тоқу станоктары (1970 жылы жіп иіретін 9,9 мың және мата тоқитын 50,5 мың станок жасалды), құрылыс тракторлары мен экскаваторлары, мұнаралы крандар, энергетикалық генераторлар мен турбиналар, тоңазытқыштар т. б. алуан түрлі машиналар түрлері шығарылады. Тұрмыстық электр бұйымдарын шығарудан капиталистік елдер арасында Жапония 2-орын (АҚШ-тан кейін), тұрмыстық электроника бұйымдарынан (әсіресе транзисторлық радиоқабылдағыш) 1-орын, бақылау-өлшеу приборлары мен, магнитофон шығарудан 3-орын, қол сағаттарын шығару (23,8 мың, 1970) жөнінен 2-орын (Швейцариядан кейін) алады.

Жапонияның көптен әйгілі өнеркәсіп салаларының бірі - кеме жасау; бүкіл капиталистік елдерде жасалатын кемелердің 48,3%-і осында шығарылады. Жапония кемелерінің 4/6-і, халықаралық кеме жасау корпорацияларының құрамына кіретін 10-нан астам ірі компаниялардың («Мицубиси дзюкогё», «Исикавадзима», «Харима дзюкогё», «Мицуи Дзо- сэн», «Кавасаки дзюкогё» т. б.) кәсіпорындарында шығарылады. Кемелердің %-і экспортқа сатылады. Автомобиль жасаудан Жапония 2-орында (АҚШ-тан кейін) және Жапония автомобилін көп елдер сатып алады. Жапонияның химилық өнеркәсібі, әсіресе мұнай химиясы өте күшті дамыған; синтетикалық каучук және талшық, пластмасса шығарудан Жапония капиталистік елдер арасында 2-орын (АҚШ-тан кейін), карбамидтен 1-орын, азот тыңайтқыштарын шығарудан 2-орын алады. Жеңіл өнеркәсіп салаларынан мата тоқудың үлесі басым; табиғи жібек және штапель маталарын тоқуда капиталистік елдер арасында Жапония 1-орын, синтетикалық матадан 2-орын, мақта матадан 4-орын алады. Целлюлоза және қағаз жасаудан капиталистік дүниеде 3-орында.

Даму қарқынының жеделдігіне қарамастан, барлық капиталистік елдер сияқты, Ж. экономикасы да ұдайы дағда- рысқа (1954, 1962, 1965, 1970, 1971 ж.) ұшырап отырады, кейде өиімді кере- гінен артық шығару дағдарысы да (1957, 1958 ж.) болады (1-таблица).

 

1-кесте. Негізгі өнеркөсіп өнімдері

 

 

Өлшемі,

1950

1967

1968

1969

1970

1971

Электр энергиясы

млрд. квт-сағ

65,2

244,9

273,3

316,3

359,5

-

Тас көмір

млн. т

38,5

47,5

46,6

43,6

39,7

-

Шойын

»

2,2

40,1

46,4

58,1

68.0

-

Болат

»

4,8

62,2

66,9

82,2

93,3

-

Қара металдар прокаты

»

3,6

49,4

53,8

71,8

-

Мыс

мың. т

85

470

548

629

705

-

Алюминий

»

24,8

379

478

565

728

-

Металл өңдеіу станоктары

мың дана

4,1

153,9

184,6

231,4

256,7

12,2

Телевизор

млн.

-

7,0

9,0

12,1

12,5

Радиоқабылдағыш

млн.

0,3

18,2

30,2

34,1

32,6

28,1

Кеме

млн. брутто рег. т

0,2

8,0

8,2

9,0

12,9

-

Жеңіл автомобиль

мың.

1,6

1376

2056

2611

3179

3718

Жүк автомобилі

»

35,6

1743

1991

2022

2064

2058

Аммоний сульфаты

мың. т

1502

2710

2715

2566

2419

-

Мақта маталар

млн.м2

1305

2825

2744

2779

2616

-

Жүн маталар

»

66

377

386

434

426

-

Жібек

»

-

177

182

179

192

-

Жасанды жібек және штапель маталар

»

-

1624

1619

1650

1545

-

Синтетикалық мата

»

50

1709

1893

2397

2746

-

Қағаз

мың. т

-

5059

5489

6147

7135

-

Қартон

»

-

3985

4468

5162

5838

-

Цемент

млн. т

4,5

42,5

47,7

51,4

57,2

-

 

Ауыл шаруашылығы. Жапония ауыл шаруашылық тағамдық өнімдер жөнінен елдің өз қажетін ғана қамтамасыз етеді. 1946-1949 жылдардағы жер реформасы нәтижесінде өте ірі помещиктік көліктер жойылды, ауыл шаруашылық жердің көбі шаруаларға сатылды. Өте шағын шаруашылықтардың үлесі басым. 1970 жылы 5,3 млн. шаруалардың қарамағында 3,6 млн. ұсақ шаруашылыңтар болды; бұлар бірте-бірте жойылып, олардың орнына жоғары механикаландырылған капиталистік фермалар құрылуда. 1971 жылы ауыл шаруашылығында 3,5 млн. трактор болды. Өңделетін жер 5,9 млн. га (территориясының 16%-і), оның 1/3-і суармалы егіс. Жалпы ауыл шаруашылық өнімінің 38,3%-і күріш, 15,7%-і бақша өнімі, 7,8%-і жеміс, 4,8%-і техникалық дақылдар өнімі, 21,9%-і мал шаруашылығы өнімі, 2,8%-і жібек талшығы. Жапонияның мал шаруашылығы мешеу жағдайда, оның дамымауына басты себеп - жайылым мен шабындықтың жоқтығы (2-кесте).

 

2-кесте. Негізгі ауыл шаруашылық дақылдарының егісі және жиналған өнімі

 

 

Егісі, мың га

Өнімі мың тонн

1967

1968

1969

1970

1971

1967

1968

1969

1970

1971

Күріш

3263

3280

3274

2923

2695

13770

18765

14003

12689

10887

Бидай

367

322

-

229

-

997

1012

758

477

440

Картоп

183

188

169

151

-

3663

4056

-

3488

-

Қытай бұршақ

422

374

339

337

-

190

168

136

126

-

Шай

48,5

48,9

49,7

51,6

-

85

85

89,6

91,2

-

 

Жапония ауланған балық өнімінің мөлшері жөнінен дүние жүзінде басты орындардың бірін алады. 1970 жылы 9,3 млн. тонна балық және басқа теніз жәндіктері, 17,4 мың тонна кит ауланды. Меруерт, устрицалар, әр түрлі балдырлар қолдан өсіріледі. Балық және теңіз жәндіктері - жапондардың негізгі тағамы. 1970 жылы елде 391390 балық аулау кемесі, 6 кит базасы, 24 кит аулау кемесі болды. Балық аулаумен айналысатын Жапония ауланған балық өнімінің мөлшері жөнінен дүние жүзінде басты орындардың бірін алады. 1970 жылы 9,3 млн. тонна балық және басқа теніз жәндіктері. 232 мың шаруашылық бар.

Транспорты. Жапонияның аралдық жағдайына байланысты теңіз транспортының маңызы өте зор. Теңіз сауда флотының сыйымдылығы (27 млн. брутто регистр тонна) жөнінен Жапония капиталистік елдер арасында 2-орын алады. Елде 90 ірі теңіз порты бар, олардың ішіндегі ең бастылары - Токио, Осака, Нагоя, Иокогаме, Нагасаки, Модзи, Сасебо. Ішкі жүк тасымалында автомобиль транспортының үлесі (37%, 1970) өсуде. Автопаркінің мөлшері жөнінен капиталистік дүниеде 5-орын алады. Автожолдарының жалпы ұзындығы 150 мың км, оның 107 мыңы тас жолдар. Темір жолы 27,9 мың км, оның 7 мыңы жеке меншік қарамағында. 1967 жылдан бері Токио атырабында аспалы темір жол жұмыс істейді. Кюсю және Хонсю аралдары су астымен өтетін темір жол тунелімен жалғасқан. Токио (107 км), Осако 44 км), Нагоя (14 км), Кобе (8 км) қалаларында метрополитен салынған. Әуе транспорты жақсы дамыған. 1967 жылдан бері Москва-Токио, Токио-Москва тұрақты әуе қатынасы бар.

Сыртқы саудасы. Дүние жүзілік капиталистік базарда Жапония импорт мөлшерінен 5-орын, экспорт мөлшерінен 4-орын алады. Басқа елдерден өндірістік шикізат, отын, азық-түлік, кейбір машиналар (импортының 12%-і) сатып алынады. Экспортының 94%-і өнеркәсіп өнімдері. Шетке көптеген машина және өнеркәсіп жабдықтары, тұтыну бұйымдары (кеме, автомоб., радиоқабылдағыш, телевизор, фотоаппарат, мата т. б.) шығарылады. Сыртқы сауда айналымының Солтүстік Америка мен Батыс Европа елдерінің үлесіне келеді. 1960-1970 жылдар СССР-мен сауда қатынасы 5 есе артты. Басты сыртқы сауда серіктесі - АҚШ; оның үлесіне Жапония импортының 25,3%-і, экспортының 31,2%-і (1970) тиеді.

Ақшасы - иен; СССР Мемлекеттік банкісінің нарқы бойынша (1973 жылы наурыз) 1000 иен - 2 сом 85 тиынға тең.

Денсаулық сақтау ісі. 1970 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда, баланың тууы 18,7, адамның өлімі 6,9, тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені 13,1. Адам өмірінің орташа ұзақтығы ерлерде 69, әйелдерде 74 жас. Бұл елде көп тараған аурулар: нерв жүйесі мен жүрек аурулары, қатерлі ісік, туберкулез. Жапонияның оңтүстігінде алапес ауруы көбірек таралған. Сондай-ақ, психикалық аурулар да жиі кездеседі. Мысалы, 1968 жылы психикалық ауру салдарынан госпитальға түекен адам саны 175,9 мың болған. 2-дүние жүзілік соғыс зардабынан Хиросимада және Нагасакиде 230 мың адам атом бомбаларының жарылуынан әр түрлі ауруларға шалдыққан. Жапонияның Радиотерапия ғылыми-зерттеу институты тұрғын халықтың сүйегінде едәуір мөлшерде радиоактивті бөлшектер бар екенін атап көрсеткен. Ауаның түтін, шаң-тозаң, улы газбен, су торабының ақпа сулардан және өнеркәсіп қалдықтарынан ластануы тұрғын халықты әр түрлі ауруларға шалдықтырады.

Денсаулық сақтау ісі. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігіне жүктелген. Бұл минліктердің қарамағында көптеген бөлімшелер бар. 1970 жылы Жапонияда 1,3 млн. төсектік 38,8 мың аурухана (1000 адамға 12,5 төсек) болды, оның ішінде 374,6 мың төсектік 2,6 мың аурухана мемлекеттік, 937,1 мың төсектік 36,2 мың аурухана жеке меншік. 1969 жылы Жапонияда 113,8 мың дәрігер (900 адамға бір дәрігер), 36,4 мың тіс дәрігері, 62,4 мың фармацевт, 28,9 мың акушер, 134,6 мың медицина сестра, жұмыс істеді. Медицина кадрларын дайындайтын 50 медицина оқу орны бар. Бұл оқу орындарына жыл сайын 4,3 мың студент қабылданады. Токиода дәрігерлер білімін жетілдіру институты бар.

Баспасөзі, радиохабары, телевизиясы. Жапония мерзімді басылымдар саны мен олардың тиражы жөнінен капиталистік елдер арасында алдыңғылардың бірі. 170 күнделікті газетінің (1971) жалпы тиражы 49,7 млн. дана. Көптеген газет, журналдарды саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарға тәуелсіз коммерциялық баспалар шығарады. Негізгі ірі басылымдар белгілі бір монополистік топтың мүддесін қорғайды. Жапония баспасөзінде «Асахи симбунся», «Майнити симбунся» және «Иомиури симбунся» газет-журнал концерндері жетекші роль атқарады. Провинциялық газеттер жергілікті мәселелерді, жалпы ұлттық және халықаралық проблемаларды қамтиды. Аса ірі буржуазиялық газеттері: жапон тілінде -«Асахи» (1879), «Майнити» (1872), «Иомиури» (1874), «Нихон кэйдзай» (1876), «Санкэй симбун» (1933), «Токио симбун» (1942), «Хоккайдо симбун» (1942), «Акита сакигакэ симпо» (1874), «Минами Нихон симбун» (1881), «Ниси Нихон симбун» (1874), «Тунити симбун» (1942), «Никкан споцу» (1946); ағылшын тілінде - «Асахи ивнинг ньюс» (1954), «Майнити дейли ньюс» (1922), «Дейяи Иомиури» (1955), «Джапан таймс» (1897). Журналдары:  «Сюкан      Асахи», «Сюкан Майнити» «Бунгэй сюндзю» (1946), «Бунгаку» (1933), «Кэйдзай херон» (1946), «Экономисуто» (1923), «Тюю корон» (1886). Саяси партиялық газеттері: «Акахата» (1928), «Гакусэй симбун» (1941) - Жапония компартиясының органдары, «Минся симбун» -Демократиялық социализм партиясының органы, «Сякай Симпо» (1959) - Жапония социалистік партиясының органы, «Дзию минсю» (1955) - Либерал-демократиялық партиясының органы, «Комэй симбун» (1965) - Комэто партиясының органы; журналдары: «Дзэнчэй» (1946), «Бунка херон», «Гикай то дзититай», «Гэккун гакусю» (1961), «Сякай сэйдзи сире» - Жапония компартиясының органдары, «Гэккун сякайто» (1957) «Сэкай цусин», «Тихо сэйдзи» - Жапония социалистік партиясының органдары, «Сэйсаку геппо», «Сосики дзеко», «Хосо сиридзу» - Либерал-демократиялық партиясының органдары, «Сисаку то торон», «Гикай то дзюмин» - Демократиялық социализм партиясының органдары, «Син сюкан» - Жапония кәсіподағы бас советінің органы. Жапонияның негізгі информациялық агенттіктері: «Киодо цусин» (1945, Токио), «Дзидзи цусин» (1945, Токио).

Радиохабары мен телевизия жүйесі негізінен Жапония радиохабар бірлестігі - Нисон хосо кекай (ХНК) бақылауында. Радио және телехабар жапон, агылшын тілдерінде жүргізіледі.

Оқу-ағарту ісі. Жапонияда 6 ғасырда будда храмдары мен монастырьлар жанында мектептер ашыла бастады. 8 ғасырда халық ағарту жөнінде бірінші заң шығып, мектептің мемлекеттік жүйесі жасалды. 1872 жылғы заң бойынша, дамып келе жатқан капитализм талабына сәйкес, бірыңғай бір орталыққа бағындырылған халық ағарту жүйесі жасалды. Жапонияның қазіргі халық ағарту жуйесіне 6-15 жастағы балалар үшін ақысыз міндетті оқу енгізілген. Балалар бақшасына 3-5 жастағы балалар қабылданады. Балалар бақшасының көпшілігі жеке адамдар қарауында және ақысы жоғары:   Бастауыш мектеп 6 жылдық. Орта мектеп төмен (3 жылдық, 13-15 жас) және жоғары орта мектеп (3 жылдық, 16-18 жас) деп, екі сатыға бөлінеді. Мұның біріншісі міндетті оқу жүйесіне жатады. Екіншісінде оқу ақылы. Бұл мектептердің 25%-і жеке меншікті. Кешкі және сырттан оқитын мектептер де бар. 1971 жылы бастауыш мектептерде 9,6 млн. орта мектептерде 8,9 млн. оқушы болды. Жоғары білім университеттерде, кіші колледждер мен техникалық колледждерде беріледі. 1971 жылы 389 университетте (281-і жеке адамдар қарауында) 1,4 млн. студент оқыды. Университеттерде оқу ақылы, әсіресе жеке меншікті университеттердің оқу ақысы өте жоғары 200 мың иенге дейін барады. Кіші колледждерде оқу мерзімі 2-3 жыл. 1971 жылы 486 кіші колледждерде 271,5 мың студент оқыды; Техникалық колледждер төмен орта мектепті бітірушілерді қабылдайды, оқу мерзімі 4-5 жыл. 1971 жылы 63 техникалық колледжде 46,7 мың студент оқыды.

Жапонияда 1972 жылы 725 кітапхана, 328 музей болды. Ең ірі кітапханалары: Токиодағы Ұлттық кітапхана (1 млн. томнан астам), Киото ун-тінің кітапханасы (2 млн. томға жуық), Осака провинциясының кітапханасы (1 млн. томға жуық). Басты музейлері: Токиодағы Ұлттық музей, көркемөнер галереясы, Киото мен Хоккайдоның муниципалдық музейлері.

Әдебиеті. Жапон тіліндегі алғашқы әдебиет ұлгілері («Кодзики» шежіресі, «Маньесю» өлеңдер жинағы) 8 ғасырда пайда болды. «Кодзики» - эпикалық, шығарма. Бұған ертедегі мифтік әңгімелер, аңыздар, құдайлар мен батырлар жөніндегі ертегілер, тарихи әңгімелер, тұрлі көне поэзия үлгілері енген. Ал 8 ғасырдың 2-жартысында пайда болған «Маньесю» антологиясынан халық поэзиясымен қатар, алғашқы жазба әдебиет өкілдері Хитомаро мен Акахитоның, Окураның лирикалары да орын алған. 9-10 ғасырда проза жанрының алғашқы үлгілері пайда болды. Сарай маңындағы ханым Мурасаки Сикибудің «Гэндзи-моногатари» рома ны (11 ғасыр басында) жарияланды. Бұл - әлем әдебиетіндегі алғашқы романдардың бірі. 13-15 ғасырларда Жапонияда әскери билік орнап, «Гунки» (әскери эпопея) атты әскери жаңа жанр пайда болды. «Хэйкэ-моногатари» («Тайр әулеті жайлы әңгіме», 13 ғасыр), «Тайхэйки» («Алып әлем туралы әңгіме», 14 ғасыр) осы ағымның шығармаларына жатады. 15-16 ғасырда поэзия жетекші роль атқарды. Театрлар ашылып, драматургия пайда болды. Онда көбінесе әскери тақырыптар қамтылды.

14 ғасырда әскери эпопеялардың орнына серілік романдар пайда болды: «Согамоногатари» («Ағайынды Согалар туралы әңгіме»), «Есицунэки («Есицунэ туралы әңгіме») т. б. 17 ғасырда ірі реалист жазушы Ихара Сайкакудың (1642-1693) «Бір еркектің махаббат машақаты» (1682) т. б. романдары, Тикамаңу Мондзаэмоның (1655-1724) пьесалары елеулі табысқа жетті. Бұл жылдары атақты ақындар Басе (1643-1694), Бусано (1716-1783), Исса (1763-1827) творчествосы елеулі орын алды.

18 ғасырда Цуруя Нанбоку (1755-1829), Каватакэ Мокуами (1816-1893) сияқты драматургтердің есімдері танылды. Ал қала тұрмысын суреттейтін реалистік дәстүрді Дзиппэнся Икку (1766-1831) жалғастырды. 1867-1868 жылдардағы буржуазия революциядан кейін әдебиетте реализм қалыптаса бастады. Цубоути Сее (1859-1935) роман жөнінде «Романның мәні» (1885) атты трактат жазды. Фтабатэй Симэйдің (1864-1909) «Көшпелі бұлт» романы жапон реализмінің негізін қалады. Жапон-қытай соғысынан (1894-1895) кейін елде ішкі қайшылық күшейе түсті. Токутоми Рока «Өмір сүрмегеннің өзі артық» (1899), «Куросиво» (1902) романдарында әлеуметтік тақырыпқа ойысты.

20-ғасырдың басында әдебиетте революция рух пайда бола бастады. Жазушы Киносита Наоэнің «Отты бағана» атты романында миллитаризм, үкімет басшыларының зұлымдық әрекеттері әшкереленді. Симадзаки Тосон творчествосы («Орындалмаған ант», «Көқтем», «Таң алдында» т. б.) Жапония әдебиетіндегі сыншыл реализмнің биік шыңы болды. Жапонияда демократияшыл поэзияның негізін қалаушы ақын Исикава Такубоку (1885-1912) өзінің «Бір уыс құм» (1910), «Көңілсіз ойыншық» (1912) атты кітаптарында халықты реакцияға қарсы күреске шақырды.

1920 жылдарда жұмысшылар қозғалысының өрлеуіне байланысты Жапонияда пролетарлық әдебиет пайда болды. 1928 жылы Пролетар өнерінің бүкіл жапондық федерациясы (НАПФ) құрылды. Хаяма Есикидің «Теңіз адамдары» (1926), Кобаяси Такидзидің «Балықшы» (1929), «Партияға арналған өмір» (1932), Такунага Сунаоның «Күнсіз көше» (1929) романдары Жапония әдебиетіндегі социализм реализм әдісінің қалыптасуында елеулі роль атқарды. Алайда 1930 жылдары реакцияның күшеюіне байланысты, көптеген прогресшіл көзқарастағы жазушылар қамауға алынды. Бұл жылдары өздерін әдебиеттегі «террористер» деп атаған авангардтық ағым пайда болды. Олар буржуазиялық мәдениетпен бірге реалистік өнерді де жоққа шығарды.

2-дүние жүзілік соғыстан кейін Жапония әдебиетінде жаңа кезең пайда болды. Қоғамның ішкі қайшылықтары әдебиетте де түрліше бағыттар мен ағымдар тудырды. Солардың бірі - дәстүрлік және жаңашылдық деп аталады. Дәстүрлік бағыттың өкілдері - Нагаи Кафу, Сига Наоя, Масамунэ Хакутэ т. б. болды. Кавабато Ясунариге «Қарлы ел» (1947), «Мың қанатты тырна» (1951), «Таулар даусы» (1953), «Көне астана» (1961) повестері үшін 1968 жылы Нобель сыйлығы берілді. 1945 жылдың аяғында Жапонияда прогресшіл әдебиет дамып, демократияшыл жазушылардың «Синнихон бунгакуай» атты қоғамы құрылды. Оның құрамына Миямото Юрико, Никоно Сиггэхару, Такунага Сунао, Курахара Корэхито т. б. кірді. Прогресшіл жазушы Миямото Юрико (1899-1951) жазған «Кезеңдер» (1947-1949), Ногами Яэконың «Лабиринт» (1948-1956) атты романдарында Жапония коммунистерінің ерлігі, абақты мен айдау мұқата алмаған қажырлылығы суреттеледі. 1948-1950 жылдардан бастап Жапония прогресшіл әдебиетінде американ басқыншылығына қарсы қозғалыс, бейбітшілік үшін күрес тақырыбы кең өріс алды. Осы тұста Нома Хиросидың «Ажал алаңы» (1952), Такунага Сунаоның «Тынық таулары» (1951), Сата Инэконың «Машиналар арасында өткен жастық шағы» (1955), Ота Еконың «Жарты адамы» (1955) т. б. шығармалар жазылды. Сонымен бірге миллитаристік, кекшілдік сезімдерді қоздыруға арналған әскери әдебиеттер де бар. Оған Пудзи Масанобудың «Гвадалканар», «Халхын-Голі» т. б. шығармалары жатады.

1965 жылы «Демократияшыл әдебиет одағы» атты жаңа ұйым құрылды. Оған көбінесе прогресшіл жазушылар енді. Олар пролетар әдебиетінің дәстүрін дамытып, демократияшыл күштердің біртұтас майданына арқа сүйеп, халықтың әл-ауқаты мен талап-тілектерін, олардың бейбіт те жарқын болашақ үшін күресін жырлауға ерекше мән беруде. Жазушы Симода Сэйдзидің (1913 ж. т.) «Окинава» (1957), «Таңсәрі» (1970), Накадзато Кисенің (1927 ж. т.) «Айырық» (1963), «Қысқа түс» (1969), Сумии Суэнің «Өткелсіз өзен» (1970), Кубода Сэйдің «Сякунаго деревнясының күнделігі» (1972) романдарында Жапонияның жарқын болашағы үшін жауапкершілік проблемалары көтерілді.

Жапон әдебиетінен қазақ тіліне «Жапон ертегілері (1959); «Жапон әңгімелері» (1965); «Хиросима қасіреті» (жинақ, 1969); Симадзаки Тоссонның «Орындалмаған өсиет», Эндо Сюсанудың «Әйел жүрегі» (1970) кітаптары аударылды. Қазақтың академиялық жазушылары М. О. Әуезов (1960), Ғ. Мүсірепов (1967) Жапонияда болып, оның демократиялық көзқарастағы жазушыларымен пікір алысып қайтты.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Төбесі сабанмен жабылған ағаш құрылыстар Жапония архитектурасының ежелгі ескерткіштеріне жатады (б. з. 1 ғ., Идзумо Исэ ғибадатханалары). 6 ғасырда буддизммен қабат келген Қытай мәдениеті Жапония архитектурасында өз таңбасын қалдырды (Хорюдзи, Якусидзи, Тодайдзи ғибадатханалары). 8 ғасырда қытай үлгісімен Жапонияның астанасы Нара салынды. 10-12 ғасырда феодализмнің өркендеуіне байланысты Жапонияда тұрғын үйлер мен ғибадатханаларды ағаштан салу әдісі қалыптаса бастады. 11-12 ғасырларда құрылыстың бұл түрлері мәнерлене, сәнделе түсті. 12-16 ғасырларда жапон тұрғын үйінің жана түрі қалыптасты. Үйлердің көлемі кішірейтіліп, бөлмелер саны көбейтілді. Бөренелерден құрастырылып, айналдыра құрсауланған, еденіне бойра төсеген, қабырғалары сырғыма немесе алмалы болып келетін мұндай үйлер жапон тұрғындарының осы күнге дейінгі негізгі баспанасы болып келді. 16 ғасырдың аяғы мен 17 ғасырдың басында қамалдар салу өріс алды, 17 ғасырда қала салу ісі өркендеді (Эдо - қазіргі Токио салынды). 19 ғасырдың 2-жартысынан бастап Жапония архитектурасы Батыс Европа мен Американың ықпалында болды. Бұдан кейінгі жылдарда жапон архитектурасы түрлі теориялық көзқарастарды басынан өткерді: Токиодағы банк үйі (1890-1896, арх. Тацууно Кинга), Кабуки театры (Синъитиро Окада) т. б.

2-дүние жүзілік соғыстан кейін жапон архитектурасы ұлттық дәстүрде дами бастады. Ірі қалаларды жаңарту ісі қолға алынды (Токио, Нагасаки, Хиросима). Ескі дәстүрмен салынған жатаған үйлердің ортасынан жер сілкінісіне төзімді етіп, темір блокты зәулім үйлер салу - қазіргі жапон архитектурасына тән қасиет. Көрнекті архитекторлары Тангэ Кэндзо, Отани Сатио, Маэкава Кунио, Дзюндзе Сака-кура.

Жапония бейнелеу өнерінің ежелгі ескерткіштері неолит дәуіріне саяды. Б. з. б. 3 ғасырда қоңырау пішінді қола бұйымдар мен айналарға жанрлық т. б. суреттер салу, 3-6 ғасырларда «ханива» - адамдар мен аңдардың балшықтан домбаздалған бейнелерін жасау өркен жайды. 6 ғасырда өнер буддизммен байланысты дамыды. Қытай және Корея ықпалымен діни мазмүндағы мүсіндер жасалды, 7-8 ғасырлардағы өнерден аристократтық идеялар, өмірден байқалған нақты жайттар (Тоседайдзи храмындағы мүсін, 8 ғ.) көрініс тапты. 9-11 ғасырларда діни мүсінді нақыштай түсуге назар аударылса, 12-14 ғасырларда өнердің бұл түрі монументті сипат алды (Камакурадағы Будда мүсіні, 13 ғ.). 15-16 ғасырларда будда мүсін өнері құлдырап, Дзэн сектасымен байланысты мүсін өнері мен зиялыларға тән ұсақ пластика пайда болды. Тарихы 6-8 ғасырлардан басталатын кескіндеме өнері (лакқа түсірілген буддалық өрнектер, қабырғаға салынған суреттер т. б.) одан әрі дами түсті. 8 ғасырдың аяғы мен 11 ғасырдың ортасында табиғат көріністерін көлбеу сызықтар арқылы нәзік бейнелейтін «ямато-э» жанры өркендеді. Натураны түспалдап көшіруден аспайтын портреттік жанр, сатиралық және анималистік кескіндеме (Тоба Содзе) өмірге келді. Жапония өнеріне 14 ғасырдан бастап тушьпен салынатын қытай кескіндемесі елеулі ықпал етті. Бұл дәстүрді Сэссю (15 ғасырдың басы мен 16 ғасыр) және 15 ғасырда қалыптасқан Кано мектебінің шеберлері (Кано Мотонобу, Кано Эйтоку т. б.) творчестволықпен қабылдады. 16-17 ғасырларда жанрлық кескіндеме қанат жайды. Бұл мектеп қала өмірі тақырыбына бой ұрып, ағашқа ойып жасалатын түрлі түсті гравюраны дамытты. 18-19 ғасырларда осы жанрға қалам тартқан суретшілер Харунобу Судзуки, Утамаро Китагава т. б. құнды туындылар берді. 19 ғасырдың аяғында европалық бейнелеу өнерінің жетістіктері кеңінен қүптау тауып, майлы бояумен сурет салу етек алды. Ұлы Окт. революциясының әсерімен Жапония өнерінде демократия бағыттағы графика, кескіндеме және мүсін өнері қалыптасып, революция тақырыптағы шығармалар туындады. 1925 жылы Жапония пролетарлық суретшілерінің одағы құрылды. Игі дәстүрдің онан өрі өрбуіне 1930-1940 жылдардағы реакция жол бермеді. Қазіргі Жапония бейнелеу өнерінде ұлттық дәстүрмен қатар европалық өнердің реалистік тәжірибесін ұстанған бағыттар мен әр түрлі формалистік ағымдар кезігеді. 2-дүнте жүзілік соғыстан кейін бейбітшілікті көксеген демократия бағыттағы прогресшіл шеберлердің үлкен тобы (кескіндемешілер: Тосико, Маруки Ири, Мита Гэндзиро; график суретшілер: Уэно Макото, Хирохару Нии; мүсіншілер: Уэки Сигэру, Син Хонго т. б.) көрнекті шығармаларымен жұртқа танылды. Ерте заманнан бері келе жатқан лактан, металдан (қылыштың өрнекті қыны т. б.), сүйектен, фарфордан тұтыну бұйымдарын жасау өнері әлі күнге дейін мәнін жоймай, өркендеп келеді. Қазіргі Жапония өнерінің ішіндегі көп таралған жанрдың бірі - графика. Оно Тадасиге, Уэно Макото, Сэкино Дзюнъитиро, Такидайра Дзиро, Хирохару Нии т. б. көптеген суретшілердің шығармалары Жапония табиғаты мен қарапайым халық өміріне арналған. Қазіргі көрнекті шеберлері:    Маэкава Сэмпан, Хирацкэ Унъити, Онти Косиро, Мунаката Сиконың шығармаларынан ұлттық дәстүрді европалық әдіспен ұштастыруға талпынушылық байқалады.

Музыкасы. Жапон архипелагының халықтық музыкалық дәстүрі туралы деректер аз сақталған. Жапония музыкасы жайлы алғашқы дерек 3 ғасырға саяды. Кореяны жаулап алу жапондықтарға корей және қытай музыка мәдениетімен танысуға мүмкіндік берді. Мүның өзі Жапония музыкасының қалыптасуына әсерін тигізді. 7 ғасырда сарай музыкасы дамыды, сарай артистерін даярлайтын алғашқы музыка мектептер ашылды. 7-8 ғасырларда үнді музыкасы келіп араласты. Жапония ұлттық музыкасы корей, қытай, үнді музыка мәдениетін бойына сіңіре отырып қалыптасты. Жапония ескі музыка дәстүрлерін (музыка-хореграфиялық, музыка-драмалық) жақсы сақтаған. Соның бір түрі - кагура. Бұл мифтік сюжетке негізделген жора-жосық биі. Қазіргі кезде халық биі түрінде кездеседі. Көбінесе егін орағы кезінде орындалады. Жапония музыкасында жарты тонды 2 пентатоникалық лад кең тарады: біріншісі - кума, екіншісі пвато деп аталады. Музыка халық аспаптары: сямисэн, кото (ішекті аспаптар); хитирики (гобой сияқты үрлемелі аспап); фуэ, сякухати (бамбук флейталар). 16 ғасырдан тарай бастаған Европа музыкасы 1868 жылғы революциядан кейін өріс алды. 1872 жылы Токиода ашылған консерватория батыс мектебі деп аталған музыка зерттеушілер тобының орталығына айналды. Музыка зерттеушілер Жапонияның қазіргі музыкасын шартты түрде дәстүрлі, ұлттық және жаңа батыс мектебі деп аталатын негізгі 3 бағытқа (мектепке) бөледі. Дәстүрлі музыка мектебінің жетекшісі композитор М.Мияги (1883-1956) болды. Оның творчествосы көне музыка дәстүрді (негізінен әдет-ғұрып музыкасын) қазіргі музыка фольклормен ұтымды ұштастыруымен ерекшеленеді. Ұлттык және жаңа батыс мектебінің айтарлықтай өзіндік ерекшелігі жоқ. Ол қайнар көзін ұлттық музыка дәстүр мен қазіргі европалық музыка бағыттан алды. Қазіргі ұлттық мектептің жетекшілері Ясудзи (1900 ж. т.), Е. Мацудайра (1907 ж. т.), А. Ифукубэ (1914 ж. т.) көне музыка дәстүрді қазіргі музыка жазу тәсілдерімен ұластырды. Олардың бірқатар шығармаларынан франц. импрессионизмінің, сонымен бірге А. Н. Скрябиннің, И. Ф. Стравинскийдің және С.С.Прокофьевтің ықпалы байқалады. Батыс мектебінің өкілі композитор әрі дирижер К.Ямада (1881-1965) - бірнеше опералар мен балеттердің, оркестр және камералық музыкалардың авторы. Ол Жапонияда тұңғыш симфониялық оркестр ұйымдастырды (1915). Сондай-ақ Жапон филармония қоғамы (1925), Токионың филармониялық (1929) және Жапонның симфониялық оркестрі (1939) К. Ямаданың қатысуымен құрылды. Ямада және оның жолын ұстаушылар европалық классикалық музыка дәстүрін дамытып келеді. «Жаңашылдар» деп аталатын «абстракті», «нақты», «электрондық» музыка жазу стилін жақтаушылар да осы жаңа батыс мектебіне жатады. 1930 жылы Жапон композиторлар одағы құрылды (1948 жылы қайтадан ұйымдастырылды). 1957 жылы 20 ғасырдың музыка институты ашылды. Көптеген музыка каламгерлері жаңа буын композиторлар ассоциациясына (Сидзинкай) топтасты. 1960 жылы Жас композиторлар бірлестігі ұйымдасты. Оған X. Хаяси, Т. Маюдзуми (1953, «Икс-игрек-зет» деп аталатын шығармасы Ұлттық өнер фестивалында жоғары сыйлық алды), А. Миёси, Я. Акутагава сынды композиторлар енді. Қазіргі белгілі музыка қайраткерлері - композитор М. Оки (1901 ж. т.) «Музыкалық форма теориясының» авторы, музыка теоретигі С. Морои (1903 ж. т.), И. Дан (1924 ж. т.).

Жапонияның музыкалық өмірі Токио, Осака, Киото, Нагоя сияқты консерваториялары бар қалаларға топтастырылған. Токиода Музыка академиясы, симфониялық оркестр және Токио филармония оркестрі; Осакада Кансай симфониялық оркестрі, Нагояда қалалық филармония оркестрі жұмыс істейді. Жапонияда опера жанры өріс алмаған (Токиода тұңғыш европалық опера 1903 жылы қойылды). 1952 жылы ұйымдасқан Токионың опера компаниясын К. Набори басқарады. Токиода 1934 жылы ұйымдасқан Фудзавардың опералық труппасы, Осакада Кансай труппасы (1949 жылдан) бар.

1931 жылдан Токиода жыл сайын пианистердің, скрипкашылардың, әншілер мен композиторлардың музыка конкурстары өтіп тұрады. 1967 жылы жапон симфониялық оркестрі (жапон-совет жастары достығы комитетінің басшысы Ясуси Акутагаваның жетекшілігімен) СССР-де гастрольдік сапарда болды. Совет балетмейстерлерінің қатысуымев 1963 жылы Токиода П. И. Чайковский атындағы балет труппасы құрылды. 1971 жылы Жапонияның «Сетаку» варьетесі, «Шарпс энд флэтс» пен 1973 жылы «Дүние жүзінің ырғақтары» атты джаз оркестрі Қазақстанда (Алматыда) өнер көрсетті. 1933 жылдан «Онгаку херон» («Музыка сыны») журналы шығады.

Театры. Географиялық жағдайына байланысты жапон мәдениеті, оның ішінде театр өнері көп жылдар бойы басқалардан оқшау жағдайда дамыды. Жапон театрының қайнар көзі ертедегі әдет-ғұрып пен діни мерекелерге саяды. 7-8 ғасырларда Жапония театры біртіндеп Корея, Қытай және Үндістанның театр түрлеріне жақындай бастады. Олардың кейбіреулері жапон театр тарихынан гигаку (7 ғ.) деген атпен орын алды. Гигаку сауығы қарабайыр би пьесаларынан құралды. Оған қатысушылар маска киіп, ойын көрсетіп отырды. 11 ғасырдан кейін гигакуді музыка-театр өнерінің басқа түрлері ығыстырып шығара бастады. Оның кейбір элементтері бугаку мен сингакуге қосылды. Бугаку деп аталатын музыка-би сауығын дін мен сарай зиялылары діни мерекелерде, мінәжат ету кезінде өткізетін салтқа айналдырды. Сингаку 11 ғасырда комедиялық пантомима, ән-би, акробатика, қуыршақ ойындары сияқты халық өнерінің түрлерін қамтитын - саругакуге ұласты. 12 ғасырдың басында бугаку өнері құлдырап, оның орнын әскери қауымға кең таралган дэнгаку мен саругаку басты. Бугакудің кейбір элементтері Жапонияның классикалық музыкасы мен би өнерінің негізін құрады. Саругаку сауығы діни мерекелер кезінде орындалып, көпшілік арасында кең таралды. 14 ғасырда саругакудің комедиялық бөлігі шағын пьесалардан (тұрмыстық комедиялардан), кейде сатиралық көріністерден тұратын кёгэн сауығына ұласты. Осымен қатар жергілікті би мен әндерге негізделген дэнгаку сияқты ойын түрі кең өріс алды. Соның негізінде 14 ғасырда театрдың жаңа бір түрі - Но театры дүниеге келді.

Би мен музыкаға құрылған Но сауығын ерлер хоры, флейта мен барабан оркестрі сүйемелдеді. Олар бастырма астындағы сахнаға орналасты. Басты кейіпкері маска киіп ойнады. Сауық көріністері пантомимаға құрылды, ал ойынның оқига желісін хор түсіндіріп отырды. Актерлер текстің кей бөлігін айтуда әуезді әнді немесе мәнерлі декламацияны пайдаланды. Рольдерді тек ер кісілер ойнады. 16 ғасырда өзара соғыс Но театрының дамуына кесірін тигізді. Өзара қырқыс тоқтағаннан кейін (17 ғасырдың басында) сауда мен қолөнері өркендеп, қалалар бой түзеді. Бейбіт өмір мәдениет саласын жандандыра түсті. Жапонияның алдыңғы қатарлы классикалық дзёрури және Кабуки сияқты театрларына негіз болған жаңа театр түрлері пайда болды. Дзёрури театры 16 ғасырдың аяғында қуыршақшылар, әнші-жыраулар өнері түрінде дүниеге келді. Кабуки театры 17 ғасырда пайда болып, 18 ғасырда шырқау биікке көтерілді. Оның қалыптасқан дәстүрлері Жапонияның қазіргі театрында да сақталған. Кабуки театры дзёруридің драмалық формаларын пайдаланды. Бірақ мұнда оқиғаны жырау-гидаю емес, актерлер айтатын болған. Кабуки театрында қалыптасқан көркемдік әдістер канонға айналды. Спектакльдер зәулім театрдың кең сахнасында қойылды. Сахнаның сол жағында бүкіл залдың үстінен өтетін - ханамити деп аталатын өткелшесі болған, ол кейде қосымша сахна ретінде де пайдаланылды. Әйелдер ролін ерлер орындады. Кабуки театрлары Токио, Осака, Киото және Нагояда бар. Жапония театрының тағы бір классикалық түріне Но жатады. Ол 2-дүние жүзілік соғыстан кейін ішінара өзгерістерге ұшырады. Токиода, Киотода, Осакада Но театры ойынын көрсететін бірнеше театр үйлері бар. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында симпа, сингэки, синко-кугәки сияқты театр өнерінің жаңа түрлері шықты. Симпа – демократия «Дзию минкэн ундо» қозғалысының негізінде туган жаңа театр мектебі. Ол дәстүрлі (Кабуки) және жаңа (сингэки) театрлардың элементтерін қамтыған. Синкокугэки - халық арасында кең таралған театр жанры. Оның актерлері Кабуки театрының орындаушылық әдісін пайдаланды. Сингэки - европалық театр ықпалымен 20 ғасырдың басында туған замани драмалық жанр. Алғашқы жылдары сингэки театры батыс-европалық жазушылардың озық шығармаларын қойды. 60 жылдардың аяғында сингэкидің 50-ге тарта труппасы жұмыс істеді.

Жапон жазуы - Жапонияда қолданылатын буын жүйелі жазу. Жапондардың қытай иероглифтерінен өрбіген қазіргі буын жүйелі жазуы - кана 8 ғасырда қалыптасқан. Ол сөз буыны мен дауыстыларды бейнелейтін 46 таңбадан тұрады. Буынныц алғашқы дауыссызының жіңішкелігін білдіретін диакритик таңбаларды қосқанда кананың таңба саны 70-ке барады. Кананың катакана, хирагана дейтін нұсқалары да бар. Бұл екеуінің таңба саны да, білдіретін мағынасы да бірдей. Айырма тек бұлардың сыртқы түрінде ғана. Жапон жазуы өлі күнге қытай иероглифтерінен қол үзбей келеді. Сөздің түбірі көбінесе иероглифпен беріледі де, жалғанатын қосымшалар канамен жазылады. Бұрын жапон тексі жоғарыдан төмен қарай әрі оңнан солға қарай оқылатын болса, қазір солдан оңға қарай да оқылады.

Киносы. Алғашқы фильмдер 1899 жылы түсірілді. 1908 жылы Киото мен Токиода отандық киностудия ашылды. Жапон кино өнері өркендеуінің әуелгі кезеңінде фильмнің екі түрі - осы заманғы сюжетке және тарихи аңыздарға негізделген фильмдер жасалды. Режиссерлер мен актерлер өз творчествосында жапонның классикалық театры Кабуки мен жаңа бағыттағы «симпа» театрының әдісін қолданды. 1910 жылдары шетелдік кино тәжірибесін игерумен қатар, кино өнерінің өзіндік тәсілдерін іздестірді. Жұмысшы қозғалысының өріс алған кезінде (1920 жылдардың 2-жартысы) Жапон кинематографистері совет көркем кино жетістіктерінен үлгі алды. Едәуір әлеуметтік мәселелерді қозғайтын фильмдер жасалып, пролетарлық кино өнері біршама жандана түсті. 1931 жылы дыбысты кинокартиналар шыға бастады. 30 жылдардың 1-жартысында басталған милитаризация мен 2-дүние жүзілік соғыс (1939-1945) хроникалық-документті киноны үкімет саясатына бағындырды. Көркем кино саласындағы прогресшіл режиссерлер шындықты бейнелеуден алшақтап, тарихи оқиғалар мен Кабуки театрын түсіруге мәжбүр болды. 40 жылдардың аяғында демократиялық қозғалыстың өріс алуына байланысты, алдыңғы қатарлы кино қайраткерлері Жапонияның АҚШ-пен саясаттас болуын қолдамады. 50 жылдардың басында тәуелсіз кино өндірістері мен прокаттық кинокомпаниялар пайда болды. Олар соғысқа (Хиросима трагедиясы жайлы) қарсы тақырыпта, сондай-ақ жұмысшы табы мен халықтың ауыр хал-жайы туралы фильмдердің шығуына игі әсер етті; пролетарлық жазушылардың шығармалары экрандалды: «Атом бомбасының балалары» (1952, реж. К. Синдо), «Жер басып жүрген бір әйел» (1953, реж. Ф. Камеи), «Күн көрмеген көше» (1954, реж. С. Ямамото), «Сонда да біз тіріміз» (1951), «Талтүстегі түнек» (1956, екеуінің де реж. Т. Имаи) т. б. «Тәуелсіздер» тобы жасаған «Тақыр арал» (1960, реж. К. Синдо) фильмі дүние жүзіне танылды. 1960 жылдардың басында ірі кинофирмалар «тәуелсіздер» кинокомпанияларын ығыстырып шығарды. 50 жылдары реж. А. Куросаваның «Расёмон» (1950) және К. Мидзогутидің «Сайкакуден келген әйел» (1952) атты кинокартинасы дүние жүзіне белгілі болды. Ұлттық және европалық киноның озық дәстүрін дамытқан Куросава творчествосы Жапония кинематографиясының жаңа өрістеу кезеңін бастады. Сонымен қатар, реж. К. Итикава, М. Кобаяси, К. Киносита т. б. фильмдері де жоғары көркемдік дәрежеге жетті. 1960 жылы Жапония фильм шығаруда сан жағынан (547) алдыңғы орындардың біріне ие болды. Бірақ1963 жылы Токиода П.И.Чайковский атындағы балет труппасы құрылды. 1971 жылы Жапонияның «Сетаку» варьетесі, «Шарпс энд флэтс» пен 1973 жылы «Дүние жүзінің ырғақтары» атты джаз оркестрі Қазақстанда (Алматыда) өнер көрсетті. 1933 жылдан «Онгаку херон» («Музыка сыны») журналы шығады.

Бірақ кейіннен кино өндірісі дағдарысқа ұшырап, кинокартиналардың көркемдік сапасы төмендеді; кинотеатрларда гангстерлік, порнографиялық және жан түршігерлік «сұмдықтар» фильмдері қойылды. 60 жылдар мен 70 жылдардың басында адамгершілікті паш еткен «Ұмытпа сол бір кұндерді» (1963, сов. прокатында «Хиросима тастары» деп аталды, реж. К. Йосимура), «Құмдағы әйел» (1964, реж. X. Тесигахара), «Ереуілші» (1967, реж. М. Кобаяси), «Махаббаттың үш қыры» (1967, реж. Н. Накамура), «Дәурен сүр -ақыры бір өлім» (1971, реж. К. Синдо), «Қызыл сақал» (1964), «Трамвай доңғалағының дүрсілімен» (1971, екеуінің де реж. А. Куросава) атты фильмдер жасалды. Белгілі актерлері: Т. Мифунэ, М. Кио, М. Мори, Н. Отова, К. Киси, Ю. Исихара, Ф. Ямамото, X. Такаминэ, И. Ямада. Жапонның документті («Токио олимпиадасы», 1965, реж. К. Итикава), ғылыми-көпшілік және мультипликациялық фильмдері айтарлықтай табысқа жеткен. 1971 жылы Жапонияда 400-ге жуық көркем фильм шығарылды. Оның жартысынан астамын «Тоэй», «Сетику», «Тохо», «Никкаңу» кинокомпаниялары жасады. 3 мыңға тарта кинотеатр жұмыс істейді. Кино мәселелеріне арналған мерзімді баспасөз және киноклубтар бар.

Әдеб.: Окладников А. П. К вопросу о древнейшем населении японских островов и его культуре, «Советская этнография». 1946, №4; Жуков Е. М. История Японии, М., 1939; Эйдус X. Т. Очерки новой и новейшей истории Японии. М., 1955; Очерки по истории рабочего движения в Японии, под общей ред. Хаттори Корэфуса, пер. с япон., М., 1955; Xанигоро. История японского народа, пер. с япон. М., 1957; Динкевич А. И. Очерки экономики современной Японии. М., 1972; Попов В.А. Развитие капитализма в сельском хозяйстве Японии с древнейших времен до наших дней. М., 1968; Японский милитаризм. М., 1972; Япония. Очерки развития национальной культуры и географической мысли. М., 1964; Катаяма Сэн, Статьи и мемуары. М., 1959; Латышев И. А. Правящая либерально-демократическая партия Японии и ее политика. М., 1967; Вербицкий С.И. Японо-американский военно-политический союз (1951-1970 гг.). –М., 1972; Игнатущенко С. К. Япония и США: партнеры и конкуренты. -М., 1970; Глускина А. Е. и Логунова В. В. Очерки истории современной японской демократической литературы. -М.-Л., 1955; ГригорьеваТ., Логунова В. Японская литература. –М., 1964; Глухарева О. Н., Прибыткова А.М. Архитектура Японии. в кн.: Всеобщая история архитектуры. -Т. 9. –М., 1971; Бродский В.Е. Японское классическое искусство. –М., 1969; Николаева Н. С. Декоративное искусство Японии. М., 1972; Конрад Н. И. Японский театр, в кн.: Восточный театр, Л., 1929; Одзаки К„ Новый японский театр, пер. с япон., М., 1960; Ивасаки А. Современное японское кино, пер. с япон., М., 1962; его же. История японского кино, пер. с япон., М„ 1965.

Токио (1869 жылға дейін Иеддо, Эдо) - Жапонияның астанасы, темір жол торабы, теңіз порты, халықаралық аэропорт (Ханэда). Елдің саяси, экономикалық және мәдени орталығы. Дүние жүзіндегі аса ірі қалалардың бірі. Хонсю аралының оңтүстік-шығыс бөлігінде, Токио шығанағының жағалауында, Сумида ө. атырауын ала жайласқан.

Қала басқармасы. Қаланы ассамблея мен губернатор басқарады. Ассамблея қала өміріне байланысты қаулыларды қабылдап, бюджетті бекітеді. Ассамблея экономика, еңбек, денсаулық сақтау т. б. мәселелер жөніндегі тұрақты комитеттерді құрады. Атқарушы өкімет билігі губернатордың қолына топтастырылған. Губернатордың 2 орынбасары, қаланың бас казначейі, оның 2 орынбасары бар.

Тарихи анықтама. Токионың негізі 15 ғасырдың ортасында қаланған. 1457 жылы болашақ қаланың орнына Эдо (Иеддо) замогы салынды (мағынасы - «шығанаққа кіретін жер»). 18 ғасырда Эдо дүние жүзілік ең ірі қалалардың біріне айналды (1787 жылы 1368000 адам тұрды). Аяқталмай қалған буржуазия революция нәтижесінде (1867-1868) сегунат жойылды. Император резиденциясы Киотодан Эдоға көшірілді, сол кезден бастап Эдо Токио деп аталды да, Жапонияның астанасы болды. 19 ғасырдың 2-жартысында Токиода жібек, лак, фаянс және сыр өнеркәсібі, ал 19 ғасырдың аяғында машина, кеме жасау өнеркәсібі дамыды. 1897-1898 жылы Токиода алғашқы кәсіподақтар пайда болды. Токиода 1918 жылы Октябрь социалистік революциясының ықпалымен «күріш бүлігі» болып өтті. Ал 20 ғасырдың 20 жылдарында Токиода және Жапонияның басқа қалаларында коммунистік үйірмелер мен топтар пайда болып, олардың базасында 1922 жылы Жапония коммунистік партиясы құрылды (ЖКП). 1944-1945 жылы Токио американ авиациясының аяусыз бомбалауына ұшырап, тұрғын үйлер мен өнеркәсіп орындары қирады. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін Токио еңбекшілер мен жұмысшы қозғалысының және демократия қозғалыстың базасына айналды.

Экономикасы. Елдегі ірі банкілер, биржалар, финанс және өнеркәсіп концерндер басқармалары Токиода шоғырланған. Жапониядағы жалпы өнеркәсіп өнімінің 25%-і Токио кәсіпорындарында өндіріледі. Металл өңдеу, машина жасау, әлектротехникалық, химия, металлургия, полиграфия, кеме жасау, мұнай айыру, тамақ, жеңіл өнеркәсіп салаларының ірі кәсіпорындары жұмыс істейді. 405 жоғары оқу орындары және колледждер (1973), Жапония Ғылым академиясы, Жапонияның Ұлттық кітапханасы, елдегі ірі театрлар (Кабуки т. б.), музейлерт. б. көптеген мәдени-ағарту орындары осында.

Архитектурасы. Токиода 16 ғасырдың аяғы мен 17 ғасырдың бас кезінде ағаш үйлер мен ғибадатханалар салу жоғары қарқынмен жүргізілді. Қаланың орталық бөлігінде айнала қамал-қабырға және су толы ормен қоршалған император сарайы ансамблі орналасты. Токио архитектурасы 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың бас кезінде негізінен европалық дәстүрдегі жалған готикалық стильдің ықпалымен (Токио вокзалы, Парламент үйі т. б.) қалыптасты. Бұл іске көбіне Европа мен Америка архитекторлары (Н. Раймонд, Д. Кондэр, Ф. Л. Райт) қатысты. 20 ғасырдың 50 жылдары қоғамдық ғимараттар салу ісі кең қанат жайды. Ғимараттар жер сілкінісіне лайықталып, жаңа құрылыс материалдарынан (бетон, түрлі-түсті керамика т. б.) тұрғызылады. Зәулім ғимараттардың жанында ағаштан қиылған жатаған үйлердің қатар тұруы - Токио архитектурасына тән қасиет.

Әдеб.: Токио через двадцать лет, пер. с япон., М., 1972.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-01-22 12:32:05     Қаралды-16013

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »