UF

ОҢТҮСТІК АФРИКА РЕСПУБЛИКАСЬІ (ОАР) - Оңтүстік Африкадағы мемлекет. 1961 жылдың майына дейін Оңтүстік Африка Одағы аталды. Кейін доминион ретінде Британ ынтымағының құрамына енді. Жері 1223,4 мың км2. Астанасы - Претория.

Мемлекеттік құрылысы. 1961 жылғы конституция бойынша ОАР - республика. Мемлекеттік басшысы - президент, оны сенат пен жиналыс палатасы мүшелерінен құрылатын сайламшылар коллегиясы 7 жылға сайлайды. Тек қана ақ нәсілділерден сайланатын - парламент, сенат пен жиналыс палатасынан тұрады. Сенатта 54 сенатор бар: оның 11-ін президент тағайындайды, ал 43-ін жиналыс палатасы мен провинциялық советтердің мүшелерінен құралатын сайламшылар коллегиясы сайлайды. Жиналыс палатасы төте сайлаумен сайланатын 171 мүшеден тұрады. 18-ге толған ақ нәсілділер сайлауға праволы.

ОАР 4 провинциядан құралған. Бұрын мандатпен басқарылатын Оңтүстік-Батыс Африканы (Намибияны) заңсыз басып алып, ОАР үкіметі оны бесінші провинцияға айналдырды. Әр провинцияны президент тағайындайтын әкім басқарады; сайланбалы провинциялық совет бар (жиналыс палатасы қалай құрылса, бұл да солай құрылады). Апартхейд саясаты бойынша, ОАР «ақ» және «қара» Африкаға бөлінген. Ақ нәсілділер аудандарында африкалықтардың саяси және азаматтық праволары жоқ. «Қара» Африкада 8 бантустан деген құрылған, мұнда халық орталық үкіметке толық бағынатын тайпа көсемдерінің қол астында.

Табиғаты. ОАР Оңтүстік Африка таулы үстіртінің оңтүстік шетін ала орналасқан. Шығысын Айдаһар таулары (биіктігі 3482 м). Оңтүстік Африка жағалауын бойлап Кап таулары алып жатыр. Пайдалы қазындылары - алтын, уран, қалайы, марганец, хромит, хризотил-асбест, мыс. Климаты ыстық және ылғалды тропиктік; оңтүстік-шығысы субтропиктік. Жаз айларының орташа температурасы 18-27°С, қыс айларында 7-18°С. Жылдық жауын-шашыны 150-750 мм (үстіртте). Оңтүстігінде жаз айларының орташа температурасы 13-21°С. Жылдық жауын-шашыны 650-700 мм. Айдаһар тауының шығыс беткейлерінде 1000-2000 мм, Атлант теңізі жағалауында 60-100 мм. Басты өзендері - Оранжевая (Вааль саласымен) және Лимпопо. Елдің шығыс жағына қарай саванна, Айдаһар тауларында - мәңгі жасыл таулы субтропиктік бұталар, ішкі аудандарда - тікөнді бұталар өседі.

Халқы. Байырғы тұрғындары - банту тіл семьясы тобына жататын халықтар (коса, зулу, бечуан, басуто); оңтүстік-батысында бушмендер, готтентоттар тұрады. Барлық халқының 2/3-сі африкалықтар, 1/5-і европалықтардың ұрпақтары, 10%-і метистер, 3%-ке жуығы азиялықтар - үнділер. Европалықтардан (4 млн.) - африканерлер, ағылшын, итальяндықтар, француздар, немістер тұрады. Мемлекеттік тілі - африкаанс және ағылшын тілі. Байырғы халықтарынын көпшілігі жергілікті дәстүрлі дінді, африканерлер мен ағылшындар әр түрлі бағыттағы христиандық дінді ұстайды. Орташа тығыздығы 1 км2-те 17 адамнан. Ірі қалалары - Претория, Кейптаун (парламент резиденциясы), Йоханнесбург.

Тарихы. Қазіргі ОАР жерін ең ежелгі заманда готтентоттар мекендеген. Сол сияқты елдің оңтүстік-батыс бөлігінен басқа күллі жерін банту халықтары қоныстаған. Европалықтардың отарлау жорығын голландиялықтардың Ост-Үндістан бірлестігі бастап, 1652 жылы Кап отарын құрды; ол бушмендер мен готтентоттардың, ал 1770 жылдардаң бастап банту халықтарының жерлерін басып алу есебінен бірте-бірте кеңейе берді. Голландиялық және француз отаршылары - бурлар (кейіннен олар өздерін африканерлерміз деп атап кетті) отарды кеңейте отырып, бушмендер мен готтентоттарды қырғынға ұшыратты, шөл далаға ығыстырды немесе құлдыққа душар етті. 1795 жылы отарды Ұлыбритания аннексияға алды, 1802 жылы ол голландиялықтардың қарамағына көшті, ал 1806 жылы оны Ұлыбритания қайта басып алды. Ағылшындардың қыспағына наразы болған бурлар көршілес жерлерді отарлай бастады. 1838 жылы олар зулулар жерін басып алып, онда Наталь республикасын құрды. 1843 жылы Натальды Ұлыбритания аннексияға алды. Одан батысқа қарай орналасқан жерлерді басып алған бурлар бірнеше республика құрды. 50 жылдары бұлар Трансвааль және Ерікті Қызғылт мемлекет болып бірікті және оны Ұлыбритания таныды.

Кап отары құрылған алғашқы жылдардан бастап-ақ готтентоттар европалықтардың құлдануына қарсы күрес жүргізді. Отаршылар ежелгі халықтардың тәуелсіздігіне қол сұғуын кеңейткен сайын, бұл күрес күшейе берді. Мыс., коса халқы қолдарына қару алып, жүз жыл күресті. Өз алдарына дербес мемлекет құрған зулулар мен басутолар отаршыларға қарсы ерекше қимыл жасады. Оңтүстік Африка жерінен алмас пен алтын кендерінің табылуы (60 жылдардың аяғы мен 80 жылдардың басы) европалықтардың көптеп келуіне, кен қазу өнеркәсібінің өркендеп, темір жолдардың салынуына жол ашты. 19 ғасырдың аяғында кен өндіру ісінде алғашқы монополистік бірлестіктер пайда болды, бұлар европалық, ең алдымен ағылшын финанс олигархиясымен тығыз байланысты еді. 80 жылдардың басында Африка халқының жұмысшы қозғалысы туды (Оңтүстік Африка тарихындағы тұңғыш стачка 1882 жылы желтоқсанда болды). Бірнеше жерде европалық емес жұмысшылардың өзара көмек қоғамдары құрылды. Сол 80 жылдары тегі европалық жұмысшылардың алғашқы кәсіподақтары пайда болды.

1899 жылы Ұлыбритания бурларға қарсы соғыс ашты (Ағылшын-бур соғысы, 1899-1902), сөйтіп Трансвааль мен Ерікті Қызғылт мемлекетті басып алды. 1909 жылы ағылшын парламенті «Оңтүстік Африка туралы акт» қабылдап, Оңтүстік Африка Одағы (ОАО) құрылды деп жариялады, оған 4 провинция - Кап отары, Наталь провинция, Трансвааль мен Ерікті Қызғылт мемлекеті (Қызғылт провинция) енді. ОАО-ға Британ империясы шеңберіндегі доминион правосын берген акт 1910 жылы 31 майда күшіне енді (ОАО-ның құрылған ресми күні). ОАО-да орнаған тәртіп қанаудың бурлық және ағылшындық жүйелерінің ең жаман қасиеттерін өз бойына жиды. ОАО-ның алғашқы үкіметін (1910-1919) Оңтүстік Африка партиясының (1910 жылы құрылған) басшысы, бур генералы Л.Бота бастады. Бұл партия агылшын өкімет орындарымен ауыз жаласқан бурлық жер иеленушілердің мүдделерін көздеді. Ген. Дж. Б. М. Герцог бастаған неғұрлым ұлтшыл пиғылдағы бур саяси қайраткерлері билеуші партиядан шығып, 1913 жылы ұлтшылдар партиясын құрды. Бота үкіметі Африка халқын мықтап кемсітетін бірқатар шаралар қолданды; 1913 жылғы жер заңы бантулар үшін отырықшылық межесін бөлгілен, африкалықтардың өздеріне бөлінген резерваттардан басқа жерлерді иемденуіне тыйым салды. Бүкіл ОАО көлемінде жасалған езу және кемсіту жүйесіне қарсы күресте 1912 ж. Африка Ұлттық конгресі (АҰК) қалыптасты; мұның өзі Сахараның оңтүстігіндегі Африканың негізгі халқының алғашқы аса ірі саяси ұйымы еді.

1 дүние жүзілік соғыста ОАО Ұлыбритания жағында болды; соғыс аяқталғаннан кейін бұрын Германияның қол астында болған Оңтүстік-Батыс Африканы басқаруға Ұлттар лигасынан мандат алды. Соғыс жылдарында Европа елдерімен сауда байланысы әлсіреді, оның есесіне ОАО-ның ішінде кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінің бірқатар салалары едәуір өркендеді. Жұмысшы табының саны мықтап көбейді. Африкалық жұмысшылардың ірі-ірі кәсіподақ бірлестіктері қалыптасты. 1921 жылы Оңтүстік Африка компартиясы құрылды. Мұның өзі Африка құрлығындағы алғашқы компартия еді. 1922 жылы болған Ранд (Витватерсранд) көтерілісінде коммунистер маңызды роль атқарды. Бұл тегі европалық жұмысшылардың Африка тарихындағы аса ірі қимылы болды.

1924 жылы өкімет басына ұлтшылдар партиясы келді; ол бур республиканизмі дәстүріне арқа тіреп, ОАО-н республика етіп жариялау жолында күресуге уәде берді. Герцог үкіметі (1924-1933) ақ нәсілді емес халықты кемсіту шараларын онан әрі күшейту программасын жүзеге асырды. «Циви- лизациялы еңбек» туралы 1924-1926 жылы қабылданған заңдар мен нұсқаулар белгілі бір мамандықты талап ететін жұмыстарды африкалықтардың атқаруына ресми түрде тыпым салды. Кемсітушіліктен пайда болған ауыртпалықтар 1929-1933 жылдардағы дағдарысты күшейте түсті. Ереуілдер мен толқулардың саны көбейді. 1929 жылдың орта шенінде африкалық жұмысшылардың кәсіподақтарымен және басқа ұйымдармен бірлесе отырып, халықтың кең майданы ұйымын - Африкалықтар праволарының лигасын құрды. 1934 жылы Герцог (премьер) және Смэтс (вице-премьер) бастаған коалициялық кабинет құрылды; буржуазия екі партия бір партия болып бірікті. Африканер ұлтшылдарының неғұрлым реакцияшыл тобы 1934 жылы жаңа партиядан бөлініп шығып, Д.Ф.Малан бастаған «таза» ұлтшылдар партиясын қайта құрды. 1936 жылы шыққан заң бойынша, Кап отарындағы бірнеше мың африкалықтар тегі европалық сайлаушылармен ортақ тізімнен шығарылып, жеке курияға бөлінді. Ал бұрын олардың басқалардай сайлау правосы болғанды.

Германияда фашистік диктатура орнағаннан кейін (1933) ОАО-нда фашистік қозғалыс етек алды. 2-дүние жүзілік соғыстың бастапқы күндерінде Біріккен партияның Герцог бастаған бірқатар басшылары мен Ұлтшылдар партиясы Ұлыбритания жағында соғысқа қатысуға қарсы шықты. Парламент Ұлыбританияны қолдау жөнінде тоқтамға келгеннен кейін Смэтс бастаған үкімет құрылды; Герцог пен басқа да африканер ұлтшылдары Біріккен партиядан шығып кетті. Герман агентурасымен байланысты фашистік ұйымдар диверсия жасап, саботаж ұйымдастырды, Германияның қолдауымен ОАО-нда қарулы көтеріліс жасауды жоспарлады. ОАО әскерлері Солтүстік Африка мен Европадағы соғыс қимылдарына қатысты. Соғыс кезінде өнеркәсіптің өркендеуі тездеді, жұмысшы табы өсті. Демократияшыл күштер нығайып, компартияның ықпалы артты, 1944 жылы АҰК өз талаптарының кең программасын - праволар туралы Билль қабылдады. Соғыстың барысында африканер капиталы күшейді, сонымен қатар америка монополиялары ОАО экономикасында маңызды позиция алды. Экономикалық жағынан Ұлыбританияға тәуелділік бәсеңдей түсті. Бұл жағдайда Британияға қарсы, сепараттық пиғылдар өсті. Соғыстан кейінгі алғашқы жылдарда демократиялық және реакцияшыл күштердің арасындағы күрес шиеленісті. 1948 жылы Ұлтшылдар партиясы өкімет басына келісімен реакция күрт күшейіп, тұрмыстық барлық салаларында фашистік тәртіптер орныға бастады. Ұлтшылдар партиясы құрған үкіметтерді Малан (1948-1954), И.Г.Стрейдом (1954-1958), X.Ф.Фервурд (1958-1966), Б.Форстер (1966 жылдан) басқарды.

1949 жылы Оңтүстік Африка үкіметі БҰұ шешімдеріне қарамастан, мандат жүйесін жоятынын мәлімдеді, сөйтіп өзінің бұрынғы мандатқа алған территориясы - Оңтүстік Батыс Африканы (Намибияны) басып алды да, оны өз провинциясы ретінде басқара бастады. Нәсілдік кемсітушілік пен сегрегаңияны онан әрі күшейтуге бағытталған апартхейд саясаты ресми мемлекеттік саясат деп жарияланды. Мұның өзі 2-дүние жүзілік соғыстан кейін ОАО-ның кіші империалистік мемлекеттік ретінде қалыптасуының аса елеулі ерекшелігі болатын. Нәсілдік кемсітушілікпен қатар ұлтшылдар үкіметі демократиялық ұйымдарды басып-жаныштауға күш салды. Түсті халық ұйымы (кейіннен конгресі) мен Демократтар конгресі (тегі европалық адамдарды біріктіреді). 1955 жылы кәсіподақтардың Оңтүстік-Африкалық конгресі құрылды; мұның өзі «тән түсіне» қарамайтын бірден-бір кәсіподақ бірлестігі еді, ОАКП-мен және АҰК-мен бірлесе отырып, бұл ұйымдар 1955 жылы өз елінің тарихындағы ең өкілді жиналыс - Оңтүстік Африка халқының конгресін өткізді. Ол ел ішіндегі барлық прогресшіл күштердің программасы - Бостандық хартиясын қабылдап, нәсілдік кемсітушілікті толық жою, барлық азаматтардың тең праволылығы, жер қойнауын, банкілер мен өнеркәсіп монополияларын национализациялау, жерді кім өңдесе, соларға қайта бөліп беру негізінде көп нәсілді демократиялық мемлекет құру талаптарын қойды.

50 жылдардың аяқ шенінде Африкада азаттық қозғалысының өрге басуы жағдайында ОАО үкіметі ел ішінде апартхейд саясатына қарсы күрестің күшеюінен қорқып, террорға мықтап бой ұрды (демонстрациялар мен ереуілдерді атқылау, жаппай тұтқынға алу, әлденеше рет төтенше жағдай енгізу т. б.)., Экономиканы милитарландыру қарқыны тездетілді. 1950-1953 жылы ОАО әскерлері корей халқына қарсы агрессиялық соғысқа қатысты. Британ одағына қатысушы африкалық және азиялық елдердің қыспағымен ОАО-ның нәсілшіл үкіметі 1961 жылы бұл елдің одақтан шыққанын мәлімдеуге мәжбүр болды, сөйтіп ол Оңтүстік Африка Республикасы (ОАР) болып жарияланды. Бұдан соң үкіметтің демократияға қарсы бағыты бұрынғыдан да күшейе түсті. 1962 жылы Демократтар конгресіне тыйым салынды, 60 жылдардың орта шенінде аса көрнекті демократиялық қайраткерлер өмір бақи түрмеде отыруға кесілді (онын ішінде белгілі юрист, ОАКП мүшесі Б.Фишер 1975 жылы түрмеде өлді). «Бантудың өзін-өзі басқаруын көтермелеу туралы» заң (1959) бойынша, 60 жылдардың бас кезінде жергілікті халық үшін «ұлттық отандар» (немесе «бантустандар») құрыла бастады (бұрыннан бар резерваттар негізінде). Африкалықтардың парламенттегі өкілдігі жойылды (1970-71 жылы бұл жағдай Кап провинцияндағы мулаттардың басына да түсті). 1970 жылы барлық африкалықтар, туған жеріне қарамастан, «бантустан» азаматтары деп жарияланды; мұның өзі оларды ақ нәсілділерге арналған аудандарда тұру правосынан айыру еді. 1969 жылы мемлекеттік қауіпсіздігі деп аталатын басқарма құрылды, оның міндеті - ақ нәсілдің «артықшытығын» баянды ету, Африканың тәуелсіз мемлекеттеріне қарсы бүлдіру әрекеттерін жүргізу болды.

Халықаралық көлемде ОАР үкіметі Оңтүстік Родезия мен Португалияның Африкадағы отарларының (1974 жылға дейін) нәсілшіл және отаршыл билеп-төстеушілерімен байланысты нығайту шараларын қолданды. Барып тұрған нәсілшілдік саясат жүргізу ОАР үкіметінің халықаралық істерде мықтап оқшау қалуына әкеліп соқты. ОАР-дағы нәсілдік кемсітушілік туралы мәселе БҰҰ Бас Ассамблеясының күн тәртібіне әлденеше рет қойылды. Алайда батыс елдерінің реакцияшыл топтары ОАР жөнінде әсерлі экономикалық және саяси шаралар қолдануға көрінеу кедергі жасап келеді, өйткені олар ОАР-ды Африкадағы отаршылдыңтың тірегі деп қарайды. 60 жылдардың 2-жартысынан бастап ОАР үкіметі Африканың жас мемлекеттері алдында түрған қиыншылықтарды пайдалана отырып, олармен келіссөз жүргізді, сөйтіп Малавиді, Лесотоны және басқа да елдерді өз ықпалына көндіруге тырысты. Ол Оңтүстік Африка елдерінің ортақ рыногын құру науқанын өрістетіп, онда үстем жағдайға ие болу мақсатын көздеді. Апартхейд тәртібіне қарсы күресті басқарушы ОАКП мен АҰК (астыртын жағдайда отырса да) қарулы күрес жүргізу туралы шешім қабылдады. 1962 жылы қабылданған программада және басқа документтерде «Африка халқын ұлттық азат ету» және «Оңтүстік Африкада ұлттық демократия мемлекетін құру» мақсатында ұлттық-демократиялық революңия жасауды ең таяудағы міндет етіп алға қойды.

Экономикасы. ОАР - дамыған индустриялы-аграрлы ел. Минералды және ауыл шаруашылық шикізаттарын дүние жүзілік капиталды рынокқа шығарады. Экономикасында шетел капиталы басым (негізінен ағылшын, АҚШ, Германия). ОАР 1973 жылы алтын, хром, марганец рудасы, сурьма, платина өндіруден дүниеде 1-орын, алмас, асбесттік ванадий өндіруден 2-орын, уран концентраттары өнімі жөнінен 3-орында.

Өнеркәсібі. Африка өнеркәсіп өнімінің 40%-і ОАР-дың ұлесіне тиеді. Өнеркәсібінің жетекші саласы - тау-кен өндірісі. Басқа елдердегі алтын және платина өндірудің 3/4-і, алмастың 1/5-і ОАР үлесіне тиеді.

Оңтүстік-батыс бөлігі жағалауында мұнай өндіріледі (жылына 8-9 млн. тонна), көмір өндірудің басты аудандары – Трансвааль, Наталь провинцияның солтүстік бөлігі. Оранжевая атырабы. Қара металлургияның басты орталықтары - Претория және Фандербейлпарк Машина жасау (тау-кен жабдықтары), химия (минералдық тыңайтқыштар, қышқылдар), мұнай айыру, мұнай-химия (импорттық мұнай), тамақ (ет, консерві, қант, шарап жасау) өнеркәсіп салалары дамыған.

Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығының барлық өнімдері европалықтардын фермерлік шаруашылықтарынан өндіріледі. Барлық өңделетін жерінің 85%-і европалық сектор шаруашылығының үлесіне тиеді. Негізгі ауыл шаруашылықтар дақылдары - жүгері, бидай, картоп. Европалықтардың плантацияларында мақта, темекі, қант құрағы өсіріледі. Кап провинция жағалауындағы жүзім және бақ шаруашылығының экспорттық маңызы зор. Ауыл шаруашылық дақылдарының 1972 жылғы өнімі (мың тонна): жүгері 9630, бидай 1730, арахис 420, күнбағыс 132, сұлы 104, арпа 36, цитрус жемісі 671. Теңізден балық аулау дамыған (514 мың тонна). 1972 жылы мал басы (млн.): мүйізді ірі қара 12,4, қой 30,7 ешкі 5,6 шошқа 1,3.

Транспорты. Темір жолының ұзындығы 22,1 мың км, оның ішінде электрлендірілгені 4,2 мың км. Ұлттық және жергілікті автомобиль жолдары 371 мың км, оның ішінде асфальтталғаны 32 мың км. Маңызды теңіз порттары - Кейптаун, Дурбан, Порт-Элизабет және Ист-Лондон. ОАР Африка, Австралия елдерімен және Үндістан, Ұлыбританиямен әуе жолы арқылы байланысады.

Сыртқы саудасы. 1972 жылғы импорты - 3109 млн. рэнд, оның ішінде (%): машиналар және жабдықтар 43,1, минералды отындар 6,9 химиялық өнеркәсіп өнімдері 6,4, мата тоқу 6,8, азық-түлік товарлары 4,1; экспорты (алтынсыз) 2070 млн. рэнд, оның ішінде (%): азық-түлік товарлары 32,1, алмас және қымбат бағалы тастар 11,6, металдар 15,4, металл рудалары 5,0 машина жасау өнімдері 15,4, жүн 6,8. Сыртқы сауда серіктестері: Ұлыбритания (импорты 19,0% және экспорты 25,7%), АҚШ (15,0% және 7,1%), ГФР (13,3% және 6,4%), Жапония (8,6% және 12,5%).

Ақша өлшемі - рэнд.

Оқу-ағарту ісі. Бұл салада нәсілдік кемсітушілік саясаты жүзеге асырылады. Ақ нәсілділер мен африкалықтар үшін оқу жүйесі әр түрлі. 7 жастан 16 жасқа дейінгі ақ нәсілді балалардың 90%-тен артығы мемлекеттік және жеке адамдар қарауындағы мектептерде оқиды. Бастауыш мектепте оқу мерзімі 7 жыл, орта мектепте 5 жыл. ОАР-да 16 университет бар, оның ең ірісі - Преториядағы Оңтүстік Африка университеті, 1873 жылы құрылған. 1970-1971 оқу жылында ақ нәсілділерге арналған бастауыш және орта мектептерде 864 мың бала, бастауыш мектептер үшін мұғалімдер даярлайтын оқу жүйесінде 12,5 мың адам, жоғары оқу орындарында 53 мыңнан аса ақ нәсілді студент оқы-жылдық орта мектептен тұрады. Африкалықтардың мектепке түсуіне шек қойылған, міндетті оқу жоқ. 1970-1971 оқу жылында африкалықтарға арналған бастауыш және орта мектептерде 3,6 млн. бала оқыды. Бастауыш мектептерде оқудан қол үзу деген өте көп. Бастауыш білім алғандардың шағын бөлігі ғана орта мектепке түседі. 1973-1974 оқу жылында африкалық балалардың 62%-інің мектепке баруға мүмкіндігі болмады. Африкалықтар мән басқа да нәсілдерге арналған бастауыш мектептерге мұғалімдер даяр лайтын жүйеде 1970-1971 оқу жылында 8,5 мың адам оқыды. Африкалықтардың жоғары білім алуы тым қиын. 1971-1972 оқу жылында бұлардан тек 5 мың адам ғана жоғары дәрежелі білім алды.

Әдебиеті. ОАР-дың әдебиеті негізінен ағылшын және африкаанс (бурлар немесе африканерлер) тілдерінде дамыды. Сонымен бірге банту халықтарының тілдерінде (суто, коса, зулу) жазылған шығармалар да бар. Банту халықтарын отарлау кезінде шыққан фольклорда батырлық дастандар, ертегілер, мақал-мәтелдер болды. Африкандықтар әдебиеті банту тілдеріне латын алфавиті негізінде жазу ісінің енгізілуімен байланысты өріс алды. 19 ғасырдың аяқ кезінде отарлаушылыққа қарсы бағытталған «Қарсылық әдебиеті» (негізінен ағылшын тілінде) пайда болды. Сыншыл реализм арнасында дамыған бұл әдебиет халық санасын оятуда елеулі роль атқарды. Тарихи романдарымен танылған. О.Шрайнер (1855-1920), Т.Мофоло шығармаларында демократиялық бағыт басым болды. Дж.Дубе, Р.Зломо, Б.Билакази т.б. романдарында банту халықтарының тарихы және оларды біріктіру идеясы бейнеленді. Дж. Коуп (1913 ж. т.) «Әдемі үй» (1955), П.Г.Абрахамс (1919 ж.т.) «Найзағайдың сүрлеуімен» (1948), «Жеңіп алу» (1950) т.б. романдарында, А. Ла Гума (1925 ж.т.) «Түндегі қаңғырыс» (1962), «Тас мекенді ел» (1967), «Тұман маусымының соңында» (1973) повестерінде әлеуметтік теңсіздікке, нәсілшілдікке қарсы батыл үн көтерді. Нәсілшілдікті әшкерелеу тақырыбы 60-70 жылдардағы әдебиетте де басты мәселе ретінде бейнеленіп келеді.

Әдепкіде нидерланд, кейіннен африканс тілінде жазылған бурлардың алғашқы әдеби шығармалары бурлар тарихына және отарлаушылыққа арналған:       тұңғыш қоныстанушылардың күнделік жазбалары, С.Я.Дю Туаның (1847-1911) поэзиясы т.б. Ағылшын-бур соғысының (1899-1902) әсерінен X.С.Преллердің (1875-1943) романдары, К.Л.Ф. Лейполдтың (1880-1947) өлеңдері жазылды. Я.Ф.Е.Селлирс (1865-1940) романтикалық жырларымен көрінді. И.Ван Брюгген (1881-1957) «Ампи» атты реалистік трилогиясын жариялады. Прозаиктер X.Кюн (лақап аты - Микро, 1903 ж.т.), П.Схуман (1904 ж.т.), Ә.Леру (1922 ж.т.), ақындар Э.Крихе (1910 ж.т.), Й. Йонкер (1933-1965) т.б. шығармаларында әлеуметтік мәселелерге үн қосып, африкандықтардың ауыр тағдырын суреттеді.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Таулы аудандарында әр кезеңде әр түрлі тайпалар салған тастағы таңбалар мен суреттер мол сақталған. Бұл суреттердің көпшілігі (әсіресе жануарлар бейнесі) байырғы бушмендер мұрасы (б. з. б. 1-мың жылдық) деп жорамалданады. Аңшылық, соғыс, тұрмыс-салт көріністерін бейнелейтін суреттердің дені 16-17 ғасырға саяды. Байырғы суреттер бір түсті, ал бертінгі кезде салынғандары әр түрлі бояулармен сырланған. Жергілікті халықтың негізгі баспанасы ортасында қотаны бар, әр түрлі формада салынған лашықтар мен күмбезшелеп тұрғызған астық қоймаларынан тұратын - крааль. Лашық қабырғалары бедерлі немесе геометриялық өрнектеп қалаған таспен нақышталады. Ірі қалаларында (Претория, Кейптаун, Йоганнесбург) 17-18 ғасырларда голланд сәулет өнері ықпалымен тұрғызылған құрылыстар ірге тепкен. Қазіргі қала құрылысында темір-бетон конструкция мен шыны және пластмасса кеңінен қолданылып, капиталистік қалаларға тән үлгімен (ортада әкімшілік ғимараты, банк, магазин, қонақ үйлер мен виллалар т.б. орналасқан) тұрғызылады. Алайда Африканың негізгі тұрғындары мыжырайған лашықтарда тұрады. Металл қақтау, қыш құю, ағаш пен тері ұқсату (көбінесе геометриялық өрнекпен бедерлеу), тоқыма, әр түсті моншақтардан әшекей бұйымдарын жасау ертеден (17 ғасырдан) дамыған өнер түріне жатады. 20 ғасырдың ортасында Кейптаунда Оңтүстік Африка суретшілері ассоциациясының басқармасы құрылды. Басқарма жанында сурет галереясы жұмыс істейді. Туған жер көрінісі мен табиғатына қалам тартқан бір қатар суретшілері (И. Стерн, Л. Лижинц, Г. Бонзайер, С. Картер т. б.) бар.

Музыкасы. ОАР музыкасынан жергілікті тұрғындар мен ақ нәсілдер және үндістер музыка мәдениетінің тоғыстығы байқалады. Мұнда байырғы музыка дәстүр (бушмендер мен готтентоттарда) мен көркем творчество (зулустар әні, ксилофоншылар ансамблі - чопи т.б.) қатар дамыған. Республика ұлттық мәдениетінің дамуына апартхейд саясатын жүргізуші реакцияшыл үстем тап өкілдері бөгет болып отыр. ОАР-да музыкалық оқу орындары, музыкалық насихаттау қоғамы, симфониялық оркестр (Дурбан, Йоганнесбург, Кейптаун қалаларында) жұмыс істейді. ОАР мәдениеті шағын ғана ақ нәсілдер тобының және нағыз ұлттық мәдениет болып екіге бөлінеді. 20 ғасырдың 1-жартысында ағылшын музыканты У. Г. Беллдің (1912 жылдан Кейптаундағы Оңтүстік Африка колледжінің дйректоры) басшылығымен композиторлық мектептің іргесі қаланды. Белгілі өкілдері: П.Рэйнир, Г.Фаган, Б. Герстман, А. Ван Вик, X. дю Плесси т.б. Мұнда сонымен бірге ағылшын дирижері А. Коутс және композитор Э.Чизхолм еңбек етті. 19-20 ғасырдың қарсаңында ұлттық творчествоны дамыту қолға алынды. Осы кезде дәстүрлі әндерді модерлендіру етек алып, кейін бұл әндер жаңа түр («мбубе» т.б.), әлеуметтік сипатқа ие болды. Ұлттық опера дүниеге келді. Т. Матчикизаның «Кинг Конгы» операсы Европа мен АҚШ-та жиі орындалады. Г. Саксон мен Б. Лешоая операларында әлеуметтік тақырыпты қамтып, дәстүрлі ансамбльдік ән орындау өнерін ұтымды қолданды. Әнші М. Макеба мен кернейші Масекела есімдері көпке танылған. Халық музыка мәдениетін зерттеумен X. Трейси (Йоганнесбургтегі Африка музыка қоғамының, Африка музыкасы халықаралық кітапханасының негізін салушы, көптеген зерттеу еңбектердің авторы), П.Керби (Оңтүстік Африка музыка аспапта орындаушыларына арналған монументті зерттеу еңбектің авторы) шұғылданады. ОАР-да симфониялық оркестрлер (Дурбан мен Йоганнесбургте), музыка насихаттау қоғамы, музыка оқу орындары жұмыс істейді. Алайда бұл мекемелер тек ақ нәсілділерге ғана арналған.

Театры. ОАР территориясын мекендеген халықтардың байырғы сауық- билерінде театр элементтері мол сақталған. Бйді маска киіп билеу дәстүрі бар. 17 ғасырда европалықтардың ОАР жерін қоныстануы ұлттық ойын-сауық түрлерін біршама ығыстырды. 18 ғасырдың аяғында әуесқой театр үйірмелері пайда бола бастады. 1800 жылы Кейптаунда Африкадағы тұңғыш театр ғимараты тұрғызылды. 20 ғасырдың 30-40 жылдары профессионал труппалар пайда болды. Спектакльдер ағылшын және африкан тілінде қойылды. 1947 жылы Б. Бруктың театр компаниясы, бір жыл өткен соң Ұлттық театр мекемесі (үкімет қаржысымен) құрылды. 50 жылдары Оңтүстік Африка артистері қоғамы және Банту артистерінің ұлттық қоғамы ұйымдасты. 60 жылдардан бастап драма мектептері мен университеттер жанынан профессионал артистер даярлау қолға алынды. Үкімет жүргізіп отырған нәсілге бөлу саясатына қарамастан негізгі тұрғындардың театр өнері қалыптаса бастады. Қазіргі өмірлік мәселелерді қозғайтын пьесаларды қоюға үкімет тарапынан тыйым салынып, африкан театрының дамуына кедергі жасалып отырады. Драматург А.Фугардтың нәсілшілдік пен апархейд тәртібіне қарсы жазылған «Тұтқындау» атты пьесасы 1974 жылы сахнадан алынып тасталды. Алтон Кумалоның «Темба» атты пьесасы ОАР жерінің шын иелері - сол жерде еңбек етуші халық дегенді арқау еткен. Африка артистері гастрольдік сапармен шетелге шығып тұрады. 1973-1974 жылдары Лондонда драматикалық труппа өнер көрсетті.

Киносы. 1915 жылы Йоганнесбургте «Киларни» киностудиясы ұйымдасдырылды. Бұлардың Оңтүстік Африка жерін жаулап алу жайындағы «Отаршылдар» (1961), ағылшындардың зулулармен соғысы жайындағы «Құрбандық символы» (1918) фильмдері - бұл киноотудияның алғашқы туындыларының бірі. ОАР кинематографистері алғашқы күннен бастап отарлаушылар саясатын жүргізуге мәжбүр болды. Қаражат босату мен кинофильмді өндіріске жіберу мәселесіне цензура араласып отырады. 1963 жылы Преторияда Кино мәселесі жөніндегі ұлттық басқарма құрылды. 60 жылдары фильм-эпопеялар «Диндака» (1967) және «Маджуба» (1968) жарық көрді. «Таң аддындагы бөгделер» (1969, реж. П. Рубенс) фильмі агылшын-бур соғысын арқау етті. Режиссерлер Д. Уйс («Парижге дейінгі жол бойында», «Шөл далада жоғалған адам»), Э. Нафаль («Кандидат», «Доктор Кали») комедиялық және музыкалық шытырман оқиғалы фильмдер қойды. 1971 жылы ағылшындардың африкан тайпалары көтерілісін (19 ғасырдың аяғы) басып тастауына арналған «Шанганидағы патруль» фильмі экранга шықты. Нәсілшілдер саясатын ашық уағыздайтын фильмдері - «Сидней мен бур» (1971, реж. Уйс) және «Катарина» (1971, реж. Нафаль және Я. Ротенбах) үгіт-насихат мақсатымен 1970 жылдан бастап қарапайым халыққа арналған фильмдер шығарыла бастады. ОАР-дағы отаршылдық саясатқа америкалық режиссері Л. Рогозиннің жасырын түсірген «Оян, Африка» (1959) фильмі соққы болып тиді. «Диалогтың акыры» (1970) атты фильм нәсілшілдікті әшкерелеуші күрескерлердің жемісті туындысына айналды. 1971 жылы 13 көркем фильм түсіріліп, 500 кинотеатр жұмыс істеді.

Әдеб.: Моисеева Г. М., Южно-Африканская республика, М., 1966; Гальчинский А. С. Южно-Африканская республика, М., 1973; Никитина И. А. Захват бурских республик Англией. М., 1970: Давидсон А. Б. Южная Африка. Становление сил протеста, 1870-1924, М., 1972; Ястребова И.П. Южно-Африканский Союз после второй мировой войны, М., 1952; Апартеид. Его последствия для образования, науки, культуры и информации, пер. с англ., М., 1969.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-09-02 15:39:30     Қаралды-8926

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »