UF

АРМЕНИЯ ТАРИХЫ

Армения - Кавказ сыртының оңтүстігіне орналасқан одақтас республика. 1920 жылы 29 қарашада құрылған. Жер көлемі 29,8 мың км2. Халқы 2, 93 млн (2017). Әкімшілік жағынан 34 ауданға бөлінеді: 23 қала, 28 қ. т. поселкелері бар. Астанасы - Ереван.

Табиғаты. Армения - таулы ел. Ол Армян таулы қыратының солтүстік-шығыс бөлігіне орналасқан. Ең биік тауы - Арагац (4090 м). Арменияның солтүстігінде Сомхет жотасы, солтүстік-батысында Джавахет, оңтүстікке таман Базум, Памбак, оңтүстік-шығысында Зангезур жоталары, оңтүстігінде Арарат жазығы, ал орталық бөлігінде Севан көлі бар. Армян жері Жерорта теңіздік қатпарлы геосинклиналдық белдеуіне кіреді, оның геологиялық құрылысы өте күрделі. Мұнда кембрийден антропогенге дейінгі барлық жүйелердің шөгінділері мен құрамы әр түрлі интрузивтік жыныстар, әсіресе юра мен палеогеннің вулкан текті, шөгінді қатпарлары кең тараған. Жерінің  антропоген мен таяуда сөнген вулкандардың лавалары, туфтары алып жатыр. Пайдалы қазбалары: мыс, молибден, алтын, темір рудасы, нефелин сиениті; құрылыс материалдары - туф, мәрмәр; минералды бұлақтар көптеп кездеседі. Арзни, Джермук бұлақтарының бойнша одақтық курорттар салынған. Жазық және тау етектерінде климаты континентті, жазы құрғақ, ыссы, қысы салқын: қаңтардың орташа температурасы - 5°С, шілдеде 24-26°С; жауын-шашынның жылдық мөлшері 200-400 мм. Қыраттар мен тау беткейлерінде субтропиктік климат, қаңтардың орта температурасы - 2-8°С, шілдеде 18°С, жауын-шашын мөлшері 600-800 мм. Тауларда таулы тундралық климат, қысы суық, қарлы, қаңтардың орташа температурасы – 9-14°С, жазы салқын, шілденің орташа температурасы 10-15°С. Армения өзендері Каспий теңізінің алабына жатады. Гидроэнергияға бай, транспорттық маңызы жоқ. Ірілері - Аракс, Кура және олардың салалары: Ахурян, Касах, Раздан, Дебед. Көлдерінің үлкені - Севан. Тау етектерінде қызыл қоңыр, тау беткенлерінде таулық-ормандық, таулардың жоғарғы белдеулерінде (3500 ж-ге дейін) таулық-шалғындық, өзен аңгарларында аллювийлік, ал ауыл шуаршылығы дамыған Арарат жазығында сұр және ашық құба топырақ түрлері тараған. Арарат жазығының өңделмеген бөлігінде жусанды, сортаңды өсімдіктер өседі. Армения территориясының 13%-і орман, солтүстік-шығысында еменді, оңтүстігінде еменді-қарағайлы ормандар өседі. Ормандарында жануарлардан - елік, сілеусін, қарақас тышқан, тауларда таутеке (муфлон), аю, барыс, түлкі, шибөрі, қоян, доңыз, қасқыр кездеседі. Севан көлі форель т. б. балықтарға бай.

Халқы. Халқының 88,6%-і армяндар, 2 208 мың, азербайжандар 148 мың, орыстар 66 мың, курдтар 37 мың. Бұлардан басқа украиндар, гректер, ассириялықтар (айсорлар) тұрады. Орта тығыздығы 1 км2-те 83,7 адам. Арарат жазығында халықтың тығыздығы өте жоғары (400 адамға дейін). Халқының 59%-і қалаларда тұрады. Үлкен қалалары - Ереван, Гюмри, Ванадзор, Алаверди, Армавир, Кафан.

Тарихи очерк. Армян жерінің таулы өлкесін төртінші сатылық дәуірдің бірінші жартысында алғашқы қауымдық адам мекендегені анықталды. Оның халқы қоғамдық экономикалық формациялардың барлығын бастан кешірді. Б. з. б. 1-мың жылдықтың бас кезінде алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауы негізінде таптық құрылыс қалыптаса бастады. Урарту мемлекеті құлағаннан кейін, Армения жерінде құл иеленушілер мемлекеті орнады. Б. з-дың 1-мың жылдығының басында құл иеленушілік құрылыс ыдырап, б. з-дың 3-4 ғасыр аралығында феодалдық қатынастар үстемдік ете бастады да, феодализм дәуірі 19 ғасырдың ортасына дейін созылды. Армян халқы өте ерте замандағы хай, армен, урарт т.б. халықтардың қосылуы нәтижесінде қалыптасты. Урарту құлағаннан кейін, оның жерін б. з. б. 6 ғасырда армян тайпалары жайлаған. Б. з. б. 6 ғасырдың аяқ кезінде Армения парсының Ахемен мемлекетіне қарайды. Парсы мемлекетін Александр Македонский талқандаған соң армян жері соның империясына кірді. Б. з. б. 4 ғасырдың аяғында Кіші Армения мен Айрарат алқабында дербес Армян патшалықтары бөлініп шықты. Оңтүстік-Батыс Армения (Софена) мен Оңтүстік Армения тәуелді мемлекет есебінде Селевки мемлекетінің құрамына енді. 220 жылға жуық Айрарат патшалығы мен Оңтүстік Армения қосылып, Ұлы Армения құрылды. Б. з. б. 190 жылы Магнесия тұсында Селевки әулеті жеңілді. Соны пайдаланған Ұлы Армения мен Софена билеушілері бас көтеріп, б. з. б. 189 жылы өздерінің тәуелсіздігін жариялады. Армян мемлекеті Тигран II (95-56) тұсында барынша күшейіп, негізгі Армян жерлерін түгел біріктірді. Софена да соған кірді. Осы кезеңде Ванадзор, Арташат, Тигранакерт сияқты ірі қалалар пайда болды. Оларда металл өнеркәсібі, құмыра өндірісі, тас пенағаш ою өнері, мебель жөне үй-жиһаз өндірісі, былғары, тоқыма, зергерлік кәсібі, құрылыс ісі едәуір дамыды. Қалалар басқа елдермен ірі сауда қатынасын жасап, өзін-өзі басқару құқығына толық ие болды. Ұлы Армения мәдениеті күшті дамыды, оған Ежелгі Грек, эллинистік Сирия мен Кіші Азия мәдениетінің әсері мол болды. Әсіресе архитектура, тарих, театр, әдебиет ерекше өркендеді. 301 жылы христиан діні Ұлы Арменияның ресми діні деп жарияланды. Осыдан былай армян шіркеуі феодалдық құрылыстың қорғаушысына айналды. Бірақ феодалдық бытыраңқылықтың күшеюі мемлекетті іштей тоздыра берді. Оның үстіне біздің заманымыздың 1 ғасырынан бастап Армения Рим мен Иран арасындағы ұрыс майданына айналып, бірте-бірте құлдырай бастады да, 387 ж. Сасан әулеті билеген Иран мен Византияның бөлісіне түсті. Көбірек бөлігі Иранның вассалдық бағынышына кетті. Бірақ байырғы Армения мәдениетін сақтау жолындағы күрес толастамай, феодалдық армян әдебиеті мен архитектурасы өркендей берді. 393 жылы Месроп Маштоц армян әліппесін жасады. 7 ғасырдың ортасында армян жеріне араб әскерлері басып кірді. Жергілікті халықтың ұзақ жылға созылған қарсылығын күшпен басқаннан кейін, 8 ғасырдың басында, «Армения» деген атпен араб халифатының құрамына енді. Бірақ армян халқы өз тәуелсіздігі жолындағы күресті тоқтатпады. Армян халқының араб басқыншылығына қарсы жүргізген ұзақ жылғы күресі ұлт-азаттың күреске ұласты. 9 ғасырдың аяқ кезінде Баграти әулеті басқарған Армян патшалығы құрылды. Экономика мен мәдениет өрге басты. Двин, Ани, Карс, Нахичеван, Ван сияқты ірі сауда, қолөнер және мәдениет орталықтары пайда болды. Алайда ішкі феодалдық алауыздықтар мен Византия империясының басқыншылық саясаты армян мемлекетін ыдырата берді. Армения 11 ғасырда салжұқтардың, 13 ғасырда татар-монғолдардың шапқыншылығына ұшырады. Бұл шабуылдар елді барынша күйзелтіп, армян халқының дербестігін мүлде жойды. Өндіргіш күштер талқандалды. Армян халқы Батыс Еуропа мен орыс жеріне қарай ығысуға мәжбүр болды. 14 ғасырдың ортасынан бастап Армения Алтын Орда хандары мен көшпелі түрікмен арасындағы қанды соғыс майданына айналды. Әсіресе Тоқтамыс пен Әмір Темір жорықтары кезінде Армения қатты күйзеліске ұшырады. Феодал шонжарлардың жерлерін татар, түрікмен, курд ақсүйектері мен әскер басылары иемденіп алды. Армян халқы ыдырап, басқа елдерге көшуге мәжбүр болды. Біразы Қырымға, Польшаға барып орын тепті. 16-18 ғасырда Армения үшін Түркия мен Иран арасында талай қанды соғыстар болып, экономиканың дамуына кеселін тигізді. Ондаған мың армяндар Иранға зорлап әкетілді, көркейіп өсіп келе жатқан Джульфа қаласы мүлде қиратылды. 1639 жылы Армения  бөлшектеніп, батысы Түркияға, шығысы Иранға қарады. Түрік, Иран басқыншыларының шектен асқан қатал саяси-әлеуметтік және ұлттық-діни езгісі армян халқының азаттық жолындағы жаппай қозғалысын тудырды. Армяндар қаһармандық күресте өздерінің тілін, мәдениетін, дербес өмір сүру, даму құқығын қорғады. Қарабах пен Сюник армяндарының түрік басқыншыларына қарсы Давид-Бек бастаған көтерілісі (1722-1728) осы күрестің үлкен бір белесі болды. Осындай қиын жағдайда армяндар Россиядан қорғаныс тапты. 1673 жылы католикос Акоп Джугасци бастаған армян халқының бір топ өкілдері орыс патшасы Алексейге өздерін иран патшалығынан азат ету жөнінде тілек білдірді. 1801 жылдан бастап, Шығыс Грузия Россияға қосылғаннан кейін, Иран қол астындағы армян жерін азат ету басталды. 1828 жылы орыс-иран соғысының нәтижесінде Эриван, Нахичеван хандықтары Россияға қосылды. Шығыс Арменияың Россияға қосылуы армян халқын мүлдем шойылудан сақтап қалды. Осыдан былай Шығыс Арменияның даму тарихында жаңа кезең басталды.

19 ғасырдың 2-жартысында Батыс Арменияда түрік озбырлығына қарсы ұлт-азаттық күрес күшейе түсті. Ол Россия құрамындағы Шығыс Армениямен қосылу мақсатында жүргізілді. 1877-1878 жылдардағы орыс-түрік соғысының нәтижесінде Карс пен Адаган азат етілді.

Елдің әлеуметтік, экономикалық өміріндегі күрделі өзгерістер, армян ұлтының қалыптасу процесі, патша үкіметінің үлттық езгі саясатына қарсы күресі Арменияда қоғамдық саяси қозғалыстың кең өріс алуына себеп болды. 19 ғасырдың 1-жартысында ағартушылық ағымды X. Абовян бастап шықса, кейін орыстың революцияшыл демократтарыныц жолын ұстаған М. Налбандян болды. 1870 жылы Арменияда шаруалар реформасы жүргізілді. Армения дамудың капиталистік жолына түсті.

20 ғасырдың бас кезінде Арменияда алғашқы с.-д. топтар құрылды. Оларға С.Шаумян, С.Спандарян, Б.Кнунянц басшылық етті. Армения еңбекшілері 1905-1907 жылдардағы революцияға белсене қатысты. Россияда жеңген Ұлы Октябрьлық социалистік революциясы армян халқына азаттық әкелді. Бірақ буржуазияшыл ұлтшыл дашнактар, муссаватшылар мен меньшевиктер Батыс Еуропа империалистеріне арқа сүйей отырып, 1917 жылы қарашада өкіметті өз қолдарына алды. 1918 жылы майда Түркия Брест бітімін бұзып, Шығыс Арменияның шағын бір бөлігін басып алды. Сол жылы қарашада түріктер кетіп, олардың орнына ағылшын әскерлері басып кірді. Буржуазияшыл-ұлтшыл үкімет халықтарды бір-біріне айдап салып, өз ара қырылыстыру саясатын жүргізді. Армяндарды грузиндер мен азербайжандарға өшіктіріп, қанды соғыстарға арандатты. Бұған наразы болған халық 1920 жылы майда жаппай көтеріліске шықты. Халық қанға боялды. 1920 жылы тамызда дашнак үкіметі Түркияға соғыс жариялады. Түрік әскерлері Шығыс Арменияға қайта басып кіріп, Эриванға қатер төндірді. Осындай қысылтаяқ кезеңде Советтік Ресей еңбекшілері армян халқына туысқандық қолын ұсынды.

2-армия (қолбасшысы М. Василенко, Әскери Совет мүшесі С. Киров) әскерлерінің көмегімен армян халқы дашнактардың озбырлығынан және түрік басқыншыларынан құтылды. 1920 жылы 29 қарашада Шығыс Арменияда Совет өкіметі орнап, Армения ССР-і құрылды. Өнеркәсіп, транспорт, жер халық меншігіне айналды. Совет өкіметі Арменияға қаржы, азық-түлік және өнеркәсіп өнімдері жөнінен зор көмек көрсетті.

1922 жылы наурыз айында Армения Закавказье Федерациясының құрамына және сол құрамда Совет Одағына кірді. 1936 жылы 5 желтоқсанда одақтас республика болды. 1937 жылғы 23 наурызда республика Советтерінің 9 съезінде Армения ССР-інің коиституциясы қабылданды. Соғыстың алдындағы бесжылдықтар тұсында республиканы индустрияландыру, ауыл шаруашылық коллективтендіру және мәдени революцияны жүзеге асыру нәтижесінде Арменияның экономикалық және мәдени бейнесі түбірімен өзгерді. Ол бұрынғы патшалық Россияның мешеу шет аймағынан индустриялы - аграрлы социалистік республикаға айналды. 1940 жылы Армения өнеркәсібінің өнім шығару дәрежесі 1913 жылғымен салыстырғанда 9 есе артты.

Ұлы Отан соғысы жылдарында армян халқы СССР-дің барлық халықтарымен бірге неміс-фашист басқыншыларына қарсы қаһармандықпен күрес жүргізді. 96 армянға Совет Одағының Батыры деген атақ берілді. 70 мыңдай адам ордендермен, медальдармен наградталды.

Соғыстан кейінгі жылдары Арменияның халық шаруашылығы мен мәдениеті өрлей түсті. 1958 жылы 29 желтоқсанда Армения ССР-і Ленин орденімен, 1968 жылы 16 қазанда екінші рет Ленин орденімен, 1970 жылы 27 қарашада Октябрь Революциясы орденімен наградталды. Барлық совет халықтары сияқты Армения еңбекшілері де коммунизмнің материалдық-техникалық базасын жасауға белсене қатысып келеді.

Халық шаруашылығы. Армения - өнеркәсібінде түсті металлургия, химия, әлектротехника, машина жасау, тоқыма, шарап-коньяк, жеміс-консерві өндірісі, ауыл шаруашылығында жүзім, жеміс және етті-сүтті мал өсіру дамыған индустриялы-аграрлы республика. 1968 жылы өнеркәсібінің жалпы өнімі 1913 жылғымен салыстырғанда 146 есе артты. Арменияда өндірілетін барлық өнімдердің 70%-ін өнеркәсіп береді. Отын, энергетикалық ресурстарға кедей болғандықтан, су энергиясын пайдалану кең дамыған. Раздан, Арпа, Воротан, Ребед өзендерінің бойында Ереван, Гюмуш, Арзни, Канакер, Айрум т. б. СЭС-тер салынған. Азербайжаннан Карадаг - Ереван газ құбырының жүргізілуіне байланысты Ереван, Раздан, Ванадзор қалаларында газбен жұмыс істейтін ЖЭС-тер салынды. 1969 жылы электростанциялардың қуаттылығы 1347 Мвт-қа жетті. Түсті металлургияның негізгі көсіпорындары - Алаверди мыс-химия, Каджаран, Дастакерт, Агарак қаларындағы мыс-молибден комбинаттары, Канакер алюминий зауыды және Кафан, Каджаран, Агарак, Ахтала мыс рудниктері. Мыс өнімін шығарудан Армения СССР-де 3-орын (РСФСР мен Қазақстаннан кейін) алады.

Арменияда химия өнеркәсібінің өркендеуіне бірнеше қолайлы жағдайлар әсер етті: біріншіден, республика территориясы химиялық шикізат - таза әк тасқа бай (Давалин кен орны), екіншіден, Арменияда арзан су электр энергиясы кеп өндіріледі, үшіншіден, түсті металлургияның қалдықтары арасында химиялық шикізаттар көптеп кездеседі. Ереван, Ванадзор, Алаверди қалаларындағы химия өнеркәсіп орындары кальций карбитін, аммиак, синтетикалық каучук, шина, лак пен бояу, азот пен фосфор тыңайтқыштарын шығарады. 1968 жылы 123 мың тонна тыңайтқыш өндірілді. Машина жасау және металл өңдеу өнеркәсіптік орталықтары - Ереван (автомобиль, Армэлектрозавод, станок жасау, компрессор зауыттары), Гюмри (станок жасау), Ванадзор (прибор жасау) қалалары. 1968 жылы 10,9 мың дана металл өңдеу станогы, 76,7 мың насос жасалды. Цемент, шифер, құрастырмалы темір-бетон конструкцияларын шығаратын (1967 жылы 712 мың лг3), мәрмәр, туф өңдейтін құрылыс бұйымдары өнеркәсібінің орталықтары (Ереван, Арарат, Арзни, Артик) бар. 1968 жылы Арменияда 99,4 млн. м мақта мата, 5524 мың м жүн мата, 10540 мың м жібек, 9,6 млн. пар аяқ киім шығарылды. Соңғы жылдары химиялық жасанды бұйымдар (ацетат жібегі және канрон талшығы) жасау кең өріс алып келеді. Жеңіл өнеркәсіптік орталықтары - Гюмри, Ереван, Шаумян, Ванадзор, Ереван, Аштарак, Айрум, Армавир, Кафан т. б. қалаларда орналасқан тамақ өнеркәсіп орындары 1968 жылы 6035 мың дал шарап, 193 млн. банк консерві шығарды. Армения шараптың 50-ге жуық, коньяктің 10-нан астам және шампан шарабының 4 түрін шығарады. Шарап-коньяк жасайтын «Арарат» тресінің бұйымдары дүние жүзіне әйгілі. «Джермук», «Арзни», «Севан» минералды сулары - Арменияның мақтанышы.

Ауыл шаруашылығының басты салалары: жүзім, жеміс, техникалық дақылдар өсіру және етті-сүтті ірі қара мен қой шаруашылығы. Барлық жер көлемінің 16,9%-і жыртылған, 2,1%-і жүзім және жеміс бағы, 4,3%-і шабындық, 23,0%-і жайылым, 12,7%-і орман, 39,8%-і ауыл шаруашылығына жарамсыз жерлер. 1968 жылы 495 колхоз бен 257 совхоз, олардың қарамағында 18,3 мың трактор, 1,6 мың астық комбайндары болды. Егістік негізінен Арарат жазығында, Севан көлі төңірегінде, Зангезур тауы етегінде егіледі. Зангезур, Ширак таулы аудандарында және Севан көлі алабында мал шаруашылығымен айналысады.

Транспорты. 1968 жылы темір жолдардың жалпы ұзындығы 562 км болды, оның 70%-і электрлендірілген. Негізгі магистральдары: Гюмри - Ереван - Джульфа. Автомобиль жолдарының ұзындығы 8,2 мың км, оның 5,2 мың км-і асфальтталған. Маңызды автомобиль жолдары:  Тбилиси - Ереван, Ереван - Севан - Дилижан - Ванадзор, Карадаг - Ереван - Тбилиси. Ванадзор - Гюмри газ құбырлары жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау ісі. Арменияда Совет өкіметі тұсында безгек, шешек, оба, қайталамалы сүзек, басыр, полиомиелит аурулары мүлде жойылды. 1967-1968 жылдар адамның орта жасы 73-ке жетті. 1913 жылы Арменияда 212 кісілік 6 аурухана болса, 1968 жылы 20 160 кісілік 265 аурухана жұмыс істеді. Дәрігерлердің саны 73-тен (1913) 7114-ке дейін (1968) көбейді. Жоғары білімді дәрігерлерді Еревандағы медицина және дәрігерлер білімін жетілдіру институттары дайындайды. Арменияда қазір 10 ғылыми-зерттеу медицина институттары бар. 1969 жылы бұл мекемелерде 102 медицина ғылымдарының докторы, 447 ғылым кандидаты еңбек етті. Арменияда курорт көп. 350-ден астам шипалы бұлақтармен қатар Арзни, Джермук, Дилижан сияқты курорттардың одақтық мәні бар. Арменияда денсаулық сақтау ісін дамытуға жұмсалған қаржы 1950 жылы 16 млн. сомнан 1968 жылы 69,2 млн. сомға дейін артты.

Ғылым және ғылыми мекемелері. Арменияда ағарту ісі қоғамдық тарихи дамудың ерте дәуірінде басталған. 4 ғасырда армян алфавиті пайда болды. Ұлы Октябрь революциясына дейін Армения мектептерінде тек ауқаттылардың балалары оқыды. Совет өкіметі орнағанға дейін (1920) Арменияда 166 мектеп (18600 оқушы) болды, халықтың 10-15%-і ғана (2-3% әйелдер) сауатты еді. 1940 жылға дейін Армения жаппай сауатты республикаға айналды. 1968-1969 оқу жылында мектеп оқушыларының саны 612,5 мыңға жетті, 12 жоғары оқу орындарында студенттердің саны 51,9 мыңнан асты, 29 музей, 1108 клубтық мекемелер жұмыс істеді. Кітапханалардың жалпы саны 1221-ге (кітап қоры 9862 мың) жетті. Қолжазба мұраларының дүние жүзілік қорларының бірі - М. Маштоң атындағы Матенадаран кітапханасы.

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Арменияда кітап бастыру ісі Венецияда 1512 жылы шыққан «Парзатумар» («Түсіндірме календарь») атты тұңғыш армян кітабынан басталады. Алғашқы армян баспаханасы 1567 жылы Константинопольде құрылды, кейін Римде (1584), Парижде (1633), Лейпцигте (1680) армян баспаханалары ашылды. Армян тілінде тұңғыш географиялық карта 1696 жылы шамасында Амстердамда, армян журналы «Аздарар» («Хабаршы») 1794 жылы Мадраста (Индия), армян газеті «Аревелян цануцманц» («Шығыс хабарнамасы») 1815 жылы Астраханьда шықты. Шығыс Армения  Россияға қосылғаннан кейін (1828) армян тіліндегі кітаптар мен мерзімді басылымдар Ереванда, Петербург, Астрахань, Тбилиси, Бакуде басылып шығарылды. 19 ғасырдың 2-жартысында «Мегу Айастани» («Армения арасы», Тбилиси, 1858-1886) газеті мен «Масяц Агавни» («Масис көгершіні», Париж, Феодосия, 1855-1865), «Мурч» («Балға», Тбилиси, 1889-1907) журналдары шығып тұрды.

1902-1907 жылдары Закавказьеде С. Г. Шаумян, С.С.Спаидарян, Б.М.Кнунянц сияқты лениндік мектептің марксшіл-публицистері шығарған большевиктік «Пролетариат» (1902, армян тілінде), «Пролетариаты крив» («Пролетариат күресі», 1903-1905), «Банвори дзайн» («Жұмысшы үні» - РСДЖП Баку большевиктік ұйымының тұңғыш жасырын органы, 1906), жария «Кайц» («Ұшқын», 1906), «Кочдевет» («Уран», 1906, армян, азербайжан тілдерінде), жария «Орер» («Күндер», 1907) т. б. газеттер Арменияда революциялық ой-пікір мен қозғалыстың кең қанат жайып, өрістеуіне зор ұлес қосты. Алғашқы маркстік бағыттағы журнал - «Нор-Хоск» («Жаңа сөз», 1911-1912). 1913 жылы Арменияда барлығы 55 кітап, 2 журнал, 6 газет шықты. Ұлы Октябрьлік социялистік революциясын әзірлеу қарсаңы мен өткізу кезінде армян тілінде Бакуде «Социал-демократ», Тифлисте «Банвори крив» («Жұмысшы күресі»), «Нор кянк» («Жаңа емір»), Александропольде орыс тілінде «Правда жизни» газеттері шықты. Совет өкіметі тұсындағы тұңғыш армян газеті - Баку коммунасының органы «Техекату» («Хабар», 1918).

1920 жылы Армения телеграф агенттігі (АрмТАГ), 1921 ж. «Айастан» («Армения») мемлекеттік баспасы құрылды. 1968 жылы республикалық «Айастан», «Луйс» («Сәуле») т. б. баспалар жалпы тиражы 9870 мың дана 1104 кітап шығарды. Осы жылы Арменияда 91 газет, 95 журнал шықты. Республикалық газеттер: армян тілінде «Советакан Айастан» («Советтік Армения», 1920), «Авангард» (1923), «Пионер канч» («Пионер ұраны», 1925), «Гракан терт» («Әдебиет газеті», 1932) т. б., орыс тілінде «Коммунист» (1934), «Комсомолец» (1938), азербайджан тілінде «Совет Эрменистаны» (1921), курд тілінде «Риа-Таза» («Жаңа жол», 1930). 1965 жылдан бастап шетелдегі армяндар үшін арнаулы апталық «Айреники Дзайн» («Отан даусы») газеті шығады. Партиялық, қоғамдық-саяси, әдеби, сатиралық журналдар: «Ленинян угиов» («Лениннің жолымен», 1923), «Советакан Айастан» (1945), «Айастани ашхатаворуи» («Арменияның еңбекші әйелдері», 1958), «Советакан граканутюн» («Совет әдебиеті», 1933), «Советакан арвест» («Советтік өнер», 1932), «Возни» («Кірпі», 1954) т. б.

Ереванда радиохабары 1926 жылдан, телеорталық 1956 жылдан жұмыс істейді. Радио және телехабар армян, орыс, азербайджан, курд тілдерінде жүргізіледі. Шетелдегі армяндар үшін армян, араб тілдерінде арнаулы радиохабар беріледі.

Әдебиеті. Армян халқының әдебиеті - СССР халықтары әдебиеті ішіндегі ең көнелерінің бірі. Онда армян халқының өмірі мен ерлік күресін бейнелейтін халық туындылары молсақталған. Арменияның ауыз әдебиетінен патшалар мен қолбасшылар, философтар мен тарихшылар, жазушылар мен суретшілер жайындағы тарихи аңыз, эпикалық жырлар, халық шыршылары - гусандар поэзиясы елеулі орын алады. Армян фольклорының асқар шыңы - «Сасунци Давид» дастаны. Дастанда армян халқының 7-10 ғасырлардағы Араб халифаты езгісіне қарсы ерлік күресі бейнеленеді. Армян жазба әдебиетінің тарихы 5 ғасырдан басталады. 4 ғасырдың аяғында халықтың мемлекеттік тұтастық пен тәуелсіздік үшін күресі тұсында таза армян тіліндегі жаңа әдебиет жасау қажеттігі туды. Армян жазуын жасау сол кездің аса ірі ғалымы, ағартушы Месроп Маштоцтың (361-440) үлесіне тиді. Араб және Византия ұстемдігі кезінде (7-9 ғ.) армян әдебиетінде діни проза мен шіркеу поэзиясы үстем болды. Армения тәуелсіздігі қайта орнаған соң (886), жаппай мәдени-экономикалық өрлеу басталды да, әдебиетте адамгершілікті жырлау идеясы арта түсті. Сол өрлеу дәуірінің ірі өкілі Григор Нарекаци поэзияны шіркеу шырмауынан шығаруға күш салды. 11 ғасырдың ортасында шетел тепкісіне қайта түскен армян халқының 12 ғасырда ғана тәуелсіздікке қолы жетті. 12 ғасырда Иоанн Саркаваг, Нерсес Шнорали, Мхитар Гош тәрізді жазушылар әдебиетке келді. Осы кезде армянның көне әдеби тілі - грабар пайдаланудан қалып, халық тілі үстемдік алды. Бірте-бірте орта армян тілі қалыптасты. 13 ғасырдан бастап әдебиетте кертартпа-феодалдық бағыт пен халық мүддесін көздеуші бұқарашыл бағыттың күресі күшейе түсті. Бұқарашыл бағыттың көрнекті өкілдері Константин Ерзнкаци (13-14 ғ.), Фрик (13 ғ.), Вардан Айгекци (13 ғ.) болды. Ованес Тулкуранци (14-15 ғ.), Григор Ахтамарци (16 ғ.), Наапет Кучак (16 ғ.), Саят-Нова (18 ғ.) тәрізді жыршылар халықтың көкей-тесті арман-мұңына үн қосты. 19 ғасырдың алғашқы ширегінде Шығыс Арменияның Россияға қосылуы экономика мен мәдениеттің өрлеуіне жағдай жасады. Оқу орындары ашылып, кітап шығару ісі жолға қойылды. 18 ғасыр мен 19 ғасырдың 1-ширегінде армян әдебиетіндегі бағыт классицизм болды. Мұның өкілдері (О. Ванандеци, П. Минасян, А.Багратуни) тарихи тақырыпқа бой ұрып, мемлекеттік тәуелсіздікті қалпына келтіруді өздерінің саяси мақсаты етті. 19 ғасырдың 1-жартысында жаңа армян әдебиетінің негізін салушы X. Абовян прогресшіл романтизм мен реализмді қуаттап, бұған дейін армян адебиетінде орын тепкен классицизмге қарсы күрес ашты. 19 ғасырдың ортасында армян әдебиетінің өрлеу дәуірі басталды. Х.Абовян дәстүрін дамытқан көрнекті жазушы, ірі ойшыл М.Налбандян 50 жылдардың ақырында революцияшыл демократизм бағытын ұстап Н. Г. Чернышевский, Н.А.Добролюбов, А.И.Герцендердің жолын қуды. 60-80 ж. армян әдебиетінде азаматтық поэзия кең өрістеді. Бұл тұстың көрнекті ақындары Р.Патканян (1830-1892), С.Шахазиз (1841-1907) болды. 80 жылдары О.Иоаннисян, әсіресе 90 жылдардан бастап О.Туманян мен А.Исаакян сияқты ақындар творчествосы армян поэзиясы дамуының жаңа кезеңін танытты. Бұл екі ақынның да шығармалары халық оптимизміне бай. О.Туманян «Сасунци Давид» дастанын, А. Исаакян «Сасундық Мгер» эпосын қайта өңдеді. Революцияға дейінгі армян поэзиясының дамуындағы тың бағыт А.Терян (1885-1920) творчествосымен тікелей байланысты. Армян пролетарлық әдебиетінің негізін қалаушы және оның ірі өкілдерінің бірі Акоп Акопян болды. Бір топ пролетарлық жазушылары революция пафосқа толы жырлар жазды. Олар: Ш. Кургинян (1876-1927), М.Петросян (1867-1934), Арази (М.Арутюнян, 1878 ж. т.) т. б.

Ұлы Октябрьлік революциясынан кейін Арменияның экономикасы мен мәдениеті, әдебиеті мен өнері дамып, өзінің шырқау шыңына жетті. Совет армян әдебиеті идеологиялық күрес үстінде шыңдалып жетілді. Демократиялық интеллигенңия өкілдері: О.Туманян, О.Иоаннисян, А.Исаакян, А.Ширванзаде, Нар-Дос, Д.Демирчян қайшылықтары бола тұрса да, революцияны жырлады. 1920 жылы Тбилиси мен Ереванда армян әдебиетінің топ-бірлестіктері ұйымдасты. 1927 жылы армян пролетарлық жазушыларының бір тұтас одағы, 1929 жылы армян совет жазушыларының федерациясы құрылды. 20 жылдары мол дарынымен көзге түскен Е. Чаренц жаңа өмірдің жаршысы болды. Оның өлеңдері мен поэмалары («Бірегей поэма», «Халық туралы жыр» т.б.) балладалары («Владимир Ильич туралы баллада», «Ленин және Әли» т.б.) революция асқақ ойға құрылған. Осы жылдардың жемісі ретінде А.Вштунидің (1894-1958) шығыс үлгісінде жазылған поэмалар циклін, А.Акопянның «Волховстрой», «Ширканал - большевик» поэмаларын, А.Хикоянның ұлт өлеңдері мен мысалдарын, В.Алазан ның, Н.Зарьянның, Г.Сарьянның жырларын атау орынды. Бұл тұста С.Зорьянның, А. Бакунцтың повестері мен әңгімелері жарық көрді. 30 жылдар әдебиеті өмір шындығын жіті зерттеу, өнердегі социалистік мұраттарды ардақтау, жаңа эстетикалық принциптерді қалыптастыру талабымен дараланады.

Ұлы Отан соғысы кезінде 40-тан астам армян ақын-жазушылары майданда болып, жалынды жырлар жазды. Соғыстан кейін Г.Севунцтің «Тегеран» (1952) романы жарық көріп, ол Совет Одағы халықтары мен шетел тілдеріне аударылды. А.Саинянның, Л.Гурунцтің, Н.Зарьянның шығармалары революция қарсаңындағы оқиғаларды суреттесе, С.Ханзадаянның, Хр. Такалцянның романдары осы заман адамдарының өміріне арналған. Ғылыми-фантастика жанрының дамуына жазушы А.Шайбон елеулі үлес қосып келеді. В.Ананянның «Севан жағасында», «Барыс үңгірінің тұтқыны» романдары көп ұлтты Совет Одағы мен социалистік елдерде жылы қабылданды. Әдебиетке Ұлы Отан соғысы жылдары келген жаңа буын өкілдері де совет халқының бейбіт өмірдегі ерлік еңбегін бейнелеу ісінде көзге түсті. Олар: Г.Эмин, С.Капутикян, А.Сагиян, В.Давтян, В.Ованесян, М.Маркарян, А.Дарбни, М.Корюн, Н.Зарьян, Г.Борян, Г.Тер-Григорян, Р.Араксманян т.б. армян ақын-жазушылары туралы көптеген монографиялар жазылып, халықтың бай мұраларын кең қамтитын әдебиет тарихы жарық көрді.

Архитектурасы. Урарту мемлекеті кезіндегі құрылыстар (б. з. б. 9-6 ғ.) армян архитектура мәдениетінің жоғары сатыда дамығанын көрсетеді. Біздің заманымызға дейін жеткен көптеген құрылыстар, өсіресе феодалдық дәуір құрылыстары өзіне тән ерекшелігімен, көркемдік құндылығымен көз тартады. Армяндардың ерте заманғы баспанасы тас тұғырға дөңгелек етіп салынатын болған, кейінірек тік бұрышты үйлер пайда болады. Құл иеленушілік дәуірдің архитектурасынан бірен-саран ескерткіштер мен көне заман тарихшыларының кейбір деректері ғана қалған. Ксенойюнт «Анабазис» ат шеңбегінде (б. з. б. 4 ғ.) Армения қыстақтарының айналасы қорған, дәл ортасында бекініс-сарайы болады дегенді айтады. Оның суреттегеніне қарағанда, үйлері жартылай жер кепе, төбесінде саңылауы бар мал қорасы да жапсарлас салынады. Армения халқының қазіргі дәстүрлі тұрғын үйлері - глхатун осыдан таралса керек.

Б. з. б. 1 мыңыншы жылдықтың соңғы ғасырларында ежелгі дәуір өнерімен қарым-қатынаста болуы армян-эллин архитектурасының тууына жағдай жасады. Сол заманнан қалған ескерткіш - Гарни қорғаны (б. з. б. 2 - 1 ғасырларда). Феодалдық дәуірде негізінен шағын қамал - сарайлар құрылысы дамыған [Ани, Анберд, Двинадағы салтанатты сарайлар (5 ғасырдың 2-жартысы)] Христиан дінін қабылдау (301) діни архитектураны дамытуға жол ашты. 4-5 ғасырларда негізгі үлгі бір нефтілі және үш нефтілі базиликалар, кейіннен сол үлгіден күмбезді базилика және күмбезді зал деп аталатын құрылыс түрлері (Птгнидегі ғибадатхана, 6 ғ.) пайда болады. 6-7 ғасырларда дөңгелек ғибадатханалар салу бәсекеге айналды (Багарандағы шіркеу, Мастарадағы Иоанна шіркеуі, Эгмнадзиктегі Звартноц ғибадатханасы).

6-7 ғасырлар - орта ғасырлық армян архитектурасының классикалық дәуірі. Кейінгі ғасырларда армян сәулет өнерінің дамуына негіз болған композициялық басты тәсілдер дәл осы кезде қалыптасқан еді. Бертініректе тасқа қашап өрнек салу, фасад аркатурасы, бедерлеу өнері дамыды. Монастырь комплекстері қауырт көбейді (Татев, Санаин, Ахпат т. б.). Ол кезден қалған ең тамаша құрылыс - Анидегі кафедралы собор (989-1001 ж., сәулетші Трдат). 15 ғасырдан бастап өз тәуелсіздігінен айрылған Арменияда құрылыс та азайды.

Арменияның Россияға қосылуы нәтижесінде қалалар жоспарлы жүйемен салына бастады. Арменияның Совет өкіметі тұсында өнеркәсіптік және мәдениет жөнінен дамуы тұрғын үй құрылысын кең өрістету, қалаларды қайта салу қажеттігін туғызды. Мемлекеттік мекемелер, партия және совет ұйымдарының үйлері, емдеу және балалар мекемелері мен оқу орындары салынды. Республикада жаңа архитектураның қалыптасуына және кадрларды дайындау ісіне архитектор А.И.Таманян зор үлес қосты. Оның ең тамаша туындыларының қатарына Армения ССР-і Үкімет үйі, А. Спендиаров атындағы Ереван опера және балет театры жатады. Осы ғимараттардың құрылысына енгізген жаңалықтар кейін Армения архитектурасының стилін қалыптастыруға зор әсер етті. Ұлы Отан соғысынан кейін өнеркәсіп, азаматтық тұрғын үй құрылысы одан әрі өркендеп, қалаларды тұтас ансамбль түрінде салуға көп көңіл бөліне бастады. 1954-1955 жылдардан бері тұрғын үйлердің, мектеп, балалар тәрбиелеу орындары мен клуб, емханалардың экономикалық типтік жасау жөншен көп жұмыстар істелді. Үйлерді алдын ала дайындалған тұтас қабырғалардан құрастырудың тәжірибе жұмыстары жүргізілді. Тұргын үй салуда (Еревандағы Шаумян ауданында) қабат саны мен көлемі әр түрлі үйлерді бір-бірімен үйлестіре тұрғызу мүмкіндіктерін шебер пайдалануға шағын хауыз, гүлзар жасау, агаш егу ісіне айрықша көңіл бөлінді.

Ереванды жаңартудың бас жоспары жасалып (1969, М.Д.Мазманян, Э.А. Папян т. б.), қала орталығы қайта салына бастады, көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызылуда. 1933 жылы Архитекторлар одағы құрылды.

Бейнелеу өнері. Ерте кезден бастап-ақ (б. з. б. 6 мыңыншы жылдар). Арменияда металды көркемдеп өңдеу, балшықтан, қыштан бұйым жасау, тастан, ағаштан, әр түрлі жануарлар мен жәндіктердің кескін-бейнесін салу өнері белгілі болатын. Көркемдік мәдениеттің бұдан кейінгі өсіп-өркендеген саласын Урарту көркемсуреттері мен мүсіндерінен көруге болады. Ежелгі грек мәденнеті дәуірінен бері сақталып келе жатқан бақыр ақшалар, қираған шіркеулердің төбе-төбе болып қалған орындары мен Гарнидегі мозаикалық едендер сол мәдениетті толықтыра түседі. Орта ғасыр дәуірінде мүсін жасау өнері өріс алды. Оның өзі архитектурамен тығыз байланысты болды (Птгни, Звартноц, Ахтамар). Сирек кездесетін дөңгелек скульптура, тігінен қойылған мемориалды тақталардың ою-өрнектері архитектуралық заңдылыққа жауап береді. Керамикалық бұйымдардың қарапайым және әшекейлі түрлері, ағашқа жасаған оюлар (Севандағы архитектуралық колоннаның есігі т. б.), металдағы әрлі жазулар, бояумен салған көркемсурет ескерткіштері сақталған (Лмбат, Аруч, Ахтамар, Татев т. б.). Миниатюраның өркендеген кезі 13 ғасыр болды. Кейінірек кітап басып шығару дамығанша Ван, Татев, Гладзор мектептері айрықша орын алды (суретшілер Авак, Акоп, Джугаеци). 17 ғасырдан керамикалық бұйымдар, ағашқа ойып жасаған суреттер, қылыш, мылтықтарға салған нақыштар, зергерлік бұйымдар, етік нәлдері, кестешілтер сияқты заттар сақталып қалған. Аса бағалы түсті кілем де кеңінен белгілі. 17-18 ғасырларда салынған монументті және портреттік көркемсуреттерде реалистік белгілер көріне бастады. Шыншыл сурет өнерінің қалыптасуы 19 ғасырға саяды (шығыс Армения облыстары Россияға қосылғаннан кейін). Көркем портрет жасау өнері 19 ғасырдың орта шенінде өріс алады (суретшілер А. Овнатанян, С. Нерсесян). 19 ғасырдың 2-жартысында көптеген суретшілері Петербургте, Москвада оқып, олардың кейбіреулері сол кездегі «Көшпелі көрме» деп аталатын реалист суретшілердің ұйымымен жақын болды. 80-90 жылдарда жанрлар дами бастады: тарихи (В. Суреньянц, А. И.Шамшинян т. б.), табиғат суреттері (Г.В.Башинджагян). 19 ғасырдың соңында көркем портрет үлкен маңызға ие болды. Революцияға дейін Совет өкіметі жылдарында табиғат суреттері мен портрет салуда Е. М. Татевосян, С. М. Агаджанян, Ф. П. Терлемезян, М. С. Сарьян т. б. суретшілер айрықша орын алды. 19 ғасырдың аяқ кезінде мүсіншілер шыға бастады (А. Гюрджян т. б.). Совет өкіметі тұсында бейнелеу өнерінің барлық түрлері мен жанры дами түсті. 1921 жылы мемлекеттік музей жанынан көркемсурет бөлімі ашылды (1935 жылдан А. бейнелеу өнерінің музейі, 1947 ж. сурет галереясы). 1922 ж. көркемсурет мектебі ұйымдастырылды (қазіргі көркемөнер училищесі). Аты аталған шеберлердің шығармаларымен бірге табиғат көрінісін бейнелеуде С. А. Аракелянның, Г. М. Гюрджянның, графикада А. К. Коджоянның, мүсін өнерінде - А. М. Сарксянның, С. Л. Степанянның, А. А. Урартудың еңбектері ерекше көзге түседі. Табиғат суреттерінде, тұрмыстық жанрда Армения халқының ұлттық ерекшелігін айқын көрсете білген суретшілер совет ақиқатты да өз творчестволарына арқау етті. М. М. Абегян, А. В. Бекарян, О.М.Зардарян, Э. А. Исабекян сияқты суретшілердің және мүсіншілер С.И.Багдасарянның, Г.Б.Бадалянның, Н.Б.Никогосянның, Г.Г.Чубарянның еңбектері бұған дәлел.

Музыкасы. Армян музыкасы 3000 жылы бойы монодиялық (бір дауыстылық) мәдениет түрінде дамыды. Мұның өзі гусан (армян профессионал халық ақын-әншісі, композиторы) өнерін, халық ән творчествосының тамаша үлгілерін тудырды. Орта ғасырдың өзінде-ақ музыкалық теориясының іргесі қаланып, 8-9 ғасырда музыкалық шығарманы хазы (орта ғасырдағы армян нота жазуы) арқылы жазу жүзеге асады. Осы кезде тагергу (лирикалық ән шығарушылар) өнері айрықша дамиды. Арменияда блул, дудук, зурна, паракапзуқ (үрлеп ойнайтын аспап), кеманча, саз, канон, тар (ішекті аспап), тмбук, доол, даф (соғып ойнайтын аспап) сияқты халық аспаптары бар. Дудукшілер мен зурнашылардың триосын (сазандари) Армения халық музыкасындағы дәстүрлі шығыс ансамблі деуге болады. Чем-чем (жеке кісілік), шарор (екі кісілік), вер-вер, кочари (бірнеше кісілік) атты билер кең тараған. Овнатан (17 ғ.) Саят-Нова (18 ғ.), Ширин (19 ғ.), ІІІерам (20 ғ.) т. б. Арменияның әр кезеңдегі атақты ашугтары. 19 ғасырдың аяқ кезінде армян музыка мәдениетінде көп дауыстылық, хор (X.Кара-Мурза, М. Екмалян творчествосында) пайда бола бастайды, халық ән-билері, мугамдары өңделеді (Н.Тигранян). 1870 жылдары Т. Чухаджянның (армян тұңғыш операсының авторы) оперетталары қойыла бастайды. Арменияның композиторлық жаңа мектебінің негізін салушы Комитас болса, симфониалық музыка бастаушысы А.Спендиаров еді. Р.Меликян классикалық тұңғыш армян романстарын, А.Тигранян армян реалистік халық операсын жазды. Арам Хачатурян өзінің алуан жанрлы творчествосы арқылы армян музыкасын жаңа бір биік белеске көтерді. Э. Абрамян, А. Арутюнян, А.Бабаджанян, Э.Багдасарян, К.Закарян, М.Мирзоян, Э.Мирзоян, Э.Оганесян, К.Орбелян т.б. композиторлар - симфониялық, камералық, хор, эстрада т. б. салада шығармалар жазып, армян музыкасына елеулі үлес қосқан авторлар. Музыкалық зерттеушілерден Н. Ташчян (19 ғ.), С.Меликян, А. Адамян, М. Агаян т. б. атауға болады. Армения халқы Н.Папаян, М. Бабаян, З.Долуханова, Т. Сазандарян, Г. Гаспарян сынды әнші қыздардың, Т. Налбандян, Ш. Тальян, П. Лисициан т. б. атақты әншілердің бірнеше буынын түлетіп ұшырды. К. Сараджев, А. Мелик-Пашаев (дирижерлер), И. Налбандян, А. Давтян (скрипкашылар), Ю.Айрапетян (пианист), М. Абрамян (виолончельші) сияқты музыканттар Армения профессионалдық музыкалық мәдениетіне үлкен үлес қосты. Ереванда Армения Спендиаров атындағы опера және балет театры (1933), музыкалы комедия театры (1942) болса, филармония (1932) құрамында симфониялық оркестр, хор, Комитас атындағы ішекті аспап квартеті (1925), халық ән-би ансамблі, халық биі ансамблі, Саят- Нова атындағы гусан әнінің ансамблі, халық аспаптар ансамбльдері бар. Армения ССР-нде музыкалық мектептері, учплищел зрі, жанында арнаулы музыкалық орта мекзебі бар Ереванның Комитас атындағы консерваториясы (1923) жұмыс істейді.

Театры. Армян театрының тууы көне заманнан басталады. Тастан салынған амфитеатрларда трагедиялық, комедиялық спектакльдер қойылып отырған. Орта ғасырдағы феодалдық қоғамның нығайып, күшейген кезінде де ойын-сауық көрсету үзілмеген. Арнайы театр үйлерінің болуы спектакльді үзбей көрсетіп отыруға мүмкіндік берді. 16 ғасырдың аяғында Армения өзінің тәуелсіздігінен айрылды. Арменияда түрік-иран патшалығы үстемдік еткен кезеңде армян театры өзінің даму жолынан айрылып, 15-16 ғасырда көне Армения театрының дәстүрі құлдырай бастайды. Тек 1827 жылы Арменияның Россияға қосылуымен Армения театрының жаңа кезеңі басталды. 19 ғасырдың басында әуесқойлық сауық үйірмелері Армениядан тыс жерлерде де ұйымдастырылды. 19 ғасырдың орта шенінде Тифлис, Баку т.б. қалаларда (Константинопольде) профессионалдық Армения труппалары құрылды. Алғашқы армян спектакльдері Ереванда 1865 жылы қойылған, ал 1873 жылы драматург, актер әрі режиссер Э.Тер-Григорянның басқаруымен театр коллективі ұйымдасты. Ұлы драматург Г.Суидукян («Хатабала», «Тағы бірқұрбандық», «Пэпо», «Ойрандалған орда») мен көрнекті комедиограф А. Паронян («Багдасар ағай», «Шыгыс дантисі», «Жағымпаз») драматургиясы армян театр өнерінде сыншыл реализмнің туып қалыптасуына жол ашты. Арменияның ұлы демократиялық-революционері М. Налбандянның эстетикалық принципін жүзеге асыруда белгілі актер және режиссер Г.Чмшкян көп еңбек сіңірді. Арменияның 19 ғасырдағы ұлттық сахна өнерін жаңа белеске көтерген үздік театр шеберлері: П. Адамян, М. Амрикян, М.Мнакян т.б. Мұнан кейінгі кезеңдегі Армения театрының даму жолы драматург А. Ширванзаде мен актерлер О. Абелян, Сирануйш, O.Майсурян творчествосымен тығыз байланысты. 1-орыс революциясы мен дүние жүзілік соғыс және Октябрьлік қарсаңындағы армян театрлары өздерінің реалистік дәстүрін сақтап қалуға ұмтылды. Патша өкіметінің бөгде ұлттар мәдениетінің өркендеуіне көрсеткен қыспағы, ұйымдастыру ісі мен материалдық қиыншылықтар Армения театрының дамуына кедергі келтірді. Совет өкіметінің тұсында армян театр өнерінің түбегейлі, жан-жақты өсуіне зор мүмкіндік туды. 1921 жылы Ереванда 1-мемлекеттік театр (1937 жылдан бастап Сундукян атындағы) құрылды. Бұдан басқа армян театрлары Баку (1920), Тбилиси (1921), Гюмри (1928), Ереван (1929), Ванадзор (1931), Степанакерт (1932) т. б. қалаларда ашылады. Армения театрының сахнасында классикалық (Шекспир, Шиллер, Мольер, Гольдони, Ибсен, А. Островский, Гоголь, Горький) шығармалар көбірек көрсетіледі. Театрлар репертуарынан ұлттық классика (Сундукян, Ширванзаде, Паронян) және қазіргі армян сов. жазушыларының (Д. Демирчян, В. Вагаршян) пьесалары да орын алды. Совет Армения театрын дамытуда Асмик, А.Восканян, В.Вагаршян, Р.Вартанян, М.Джанан, Г.Габриелян т.б. актерлер мен режиссерлер (А. Бурджалян, Л. Калантар, А. Гулакян) қосқан үлес мол. А.театр қайраткерлерінің ішінде СССР халық артисттері Р.Нерсесян, В. Папазян, А. Аветисян, А.Аджемян, Г. Джанибекян, Арм. ССР халық артистері Л. Зорабян, О. Гулазян, Т. Сарьян сияқты режиссерлер бар. Арменияның драмалық театрларына кадрды Ереванның театр өнері институты (1944) даярлайды. 1940 ж. Ереванда Армения театр қоғамы ұйымдасты.

Киносы. 1923 ж. «Арменияның мемлекеттік фото-кино» акционерлік қоғамы құрылды. Тұңғыш көркемсуретті «Намус» фильмі 1925 ж. экранға шықты. 1927-1934 жылы аралығында «Зарэ», «Хас-Пуш», «Жанартаудағы үй», «Жын-пері», «Мексикалық дипломаттар», «Қара қанат аясында», «Гикор» фильмі түсірілді. Бірінші дыбысты «Пэпо» фильмі 1935 жылы жарық көрді. Бұдан кейін «Зангезур», «Тау тасқыны», «Каро», «Давид Сасунский» сияқты көркемсуретті фильмдер жасалды. Ұлы Отан соғысы жылдарыңда тарихитақырыпқа арналған «Давид-Бек» және «Туған ел» фильмі қойылды. Бұлардың көпшілігін қойған режиссерлер А. Бек-Назаров пен С. Кеворков. Актерлері: X. Абрамян, А. Джигарханян, М.Симонян, М.Мкртчян т.б. Соңғы кезде Армения кинематографистері жасап шығарған киноленталар арасында «Найзағай жолымен», «Тау көлінің құпиясы», «Аренаға жол», «Ағайынды Сарояндар», «Гоар Гаспарян ән шырқайды», «Мартирос Сарьян» т.б. бар. 1958 жылы Армения ССР-інің кинематографистер одағы құрылған. Арменияда 722 киноқондырғы (1969) жұмыс істейді.

Әдеб.: Армения, М., 1966 (серия «Советский Союз»); Пиотровский Б. Б., О происхождении армянского народа, Ер., 1946; Брюсов В.Я., Летопись исторических судеб армянского народа, М., 1918; Кавказский культурный мир и Армения, П., 1915; Абегян М., История древнеармянской литературы, т. 1, Ер., 1948; История армянской советской литературы, М., 1966; Измайлова Т. А., Айвазян М. А., Искусство Армении, М., 1962; Дурново Л. А., Краткая история древнеармянской живописи, Ер., 1957; Токарский Н. М., Архитектура Армении IV-XIV вв., Ер., 1961; Арутюнян В. М., Оганесян К. П., Архитектура Советской Армении, Ер., 1955; Шавердян А., Комитас и армянская музыкальная культура, Ер., 1956; Музыка Советской Армении. Сб. статей, М., 1960; Гоян Г., 2000 лет армянского театра, т. 1-2, М., 1952; Ризаев С., Театры Советской Армении. Справочник, Ер., 1965; его же, Армянская художественная кинематография, Ер., 1963.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-08-14 09:40:49     Қаралды-4688

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »