UF

ҺАРОН РАШИД АКАДЕМИЯСЫ

 

Көптеген тарихи себептердің салдарынан грек ғылымы біздің эрамыздың V-VI ғасырларында бүтіндей құлдилап төмендеп кетеді. Мұнда түрлі соғыстар мен христиан дінінің қырсығы аз болған жоқ. Осыдан бастап Европаны ұзақ уақытқа созылған қараңғылық түнегі басады. Советтің көрнекті ғалымы, академик В.А.Стеклов осы кезеңді «бұл кез Европаны тасқараңғы надандықтың қақпасына айналдырған және тоқыраудың түнегіне тұншықтырған ғаламат ауыртпалық төнген уақыт еді» деп сипаттайды.

Гректердің, сол сияқты Индия және басқа елдердің ғылымы мен мәдениетінің ендігі мұрагерлері біздің заманымыздың VII ғасырында араб халифатына біріктірілгеп ІІІығыс халықтары болып саналады.

Ғылым мен мәдениет Батыста құлдилап, орта ғасырлық түйыққа тіреліп тоқыраған қарсаңда, Шығыс елдерінде, әсіресе Орта Азияда келешек ұрпақ үшін ғылымды одан ары дамыта, жалғастыра түскен ірі-ірі қайраткерлер өмір сүрді. Еңбектерінің басым көпшілігін сол кездегі мәдени ортақ тіл саналатын араб тілінде жазылғандықтан, соңғы кезге дейін олардың барлығы жаппай араб оқымыстылары санатына қосылып келді.

Бұл жерде «араб ғылымы» деген атпен қалыптасқан адамзат мәдениеті тарихында алатын үлкен орны бар ғылым-білім жиынтығы жайлы біраз тоқтала кеткеніміз жөн. Буржуазия тарихшыларының бір парасы «араб ғылымына» арабтың төл оқымыстыларының жетістіктерімен қатар, орта ғасырлар заманында арабтар жаулап алған басқа халықтардың да ғылми мұраларын қалай болса солай қосып, біртұтас «мұсылман мәдениеті», «араб мәдениеті» болды деген пікірді насихаттап жүр.

Буржуазия галымдарының енді бір бөлегі оны дербес араб мәдениеті мен ғылымы дейді, халифатқа біріккен басқа Шығыс жұртында дербес ғылым, мәдениет болды дегенге мүлде қарсы шығады.

Арабтың төл мәдени және ғылми дәстүрлерінің бастамалары ертектен басталады. Мұсылман діні пайда болмай тұрған кездің өзінде-ақ, біздің заманымыздың бас кезінде арабтарда ауыз әдебиеті едәуір көркейеді, онда халық даналығы әралуан қырынан көрініп, еркіндік, батырлық, білгіштік сияқты ізгі іқасиеттер дәріптелді. Осы кезде шыққан һатим ат-Таи, Амир Кулсум, Ал-Асвад және басқа ақындар творчествосы араб әдебиетінің төрінен орын алады. Бір қызығы һатим ат-Таи - «Атымтай жомарт» деген лақаппен ескі қазақ әңгіме-аңыздарында мол ұшырасады (Атымтай жомарт туралы бір әңгіме, мысалы, «Мың бір түннің» бірінші томында бар).

Араб бәдеуилерінің көшпелі тұрмыс тәжірибесінен халық санасына астрономиялық білім дағдылар сіңісе бастайды. Арабтар Шолпанды - «аз-Зухра», Меркурийді - Әл-Утарид» деп атаған, осы тәрізді 250 аспан шырағына ат қойып, айдар таққан. Ерте заманнан қалған көптеген жазу-таңбалар, архитектуралық құрылыстың тамтықтары қазірге дейін сақталған. Оның үстіне оңтүстік Аравия ерте дүниедегі сауда-саттық орталықтарының бірі болған. Араб саудагерлері керуен тартып ұзақ сапар шегіп, бірсыпыра географиялық және басқа білімдер жинаған. «Арабтар тарих сахнасына мұсылман дінімен бірге шыққанмен, - деп жазады атақты арабист академик И. Ю. Крачковский, - олар арасында исламнан бір жарым ғасыр бұрын-ақ саяси және діни ояну байқалады. Бұл, бір жағынан, дін мәселелеріне деген ықыластап көрінсе, екінші жағынан, поэзияның жарқырап жандануынан ашық сезіледі».

Осының барлығы ежелгі арабтарда ғылыми білімдердің бастамалары, өзінің мәдени дәстүр болғандығын біршама толық ыспаттайды, араб тарихындағы Мұхаммедке дейінгі дәуірді варварлық, тағылық (жаһили) дәуір санайтын мұсылман дінін жақтаушылардың өтірігін әшкерелейді.

VII ғасырдың бас кезінде Аравияда жаңа дін - мұсылман діні пайда болды. Бұл дінді негіздеуші, таратушы Мұхаммед (571-632) бұрынғы әр тайпаға бір кұдай орнына баршаға ортақ бір кұдай - Алланы қойды. Өзін Алланың бұл дүниедегі өкілі (расул) - пайғамбар деп жариялап, барлық жұртты бір құдайға мойынсұнуға шақырды. Мұсылман, ислам деген сөздің түп төркіні - мойынсұну, бағыну дегенді білдіреді. Мұсылмандарға қойылатын талап-міндет, салт-саналар, мораль, заң - барлығы жартылай өлең түрінде жазылған «қасиетті» кітап - Құранда баяндалды.

Құрандағы догмалар мен қағидалар Алла сөзі, әмірі деп жарияланды. Пайғамбардың мұрагерлері - халифтер болды, олар: Абубакир Сыдық, Омар, Оспан және Әли. Мұхаммед және халифтер өлгеннен кейін өкімет үшін көп қырғын талас болып, оның аталас туыстары Үмия әулеті жүз жылдай патшалық құрады. Үмияның баласы Жазид патшалық үшін таласта Мұхаммедтің туысы һәм туған жиені Әлидің баласы Хұсейнді семьясымен, нөкерлерімен Кербала шөліне қамап, бірін қоймай қырғандығы тарихтан мәлім. Кейіннеп ұзақ күрес, айқас нәтижесінде билік Мұхаммедтің немере туысы Аббас тұқымына көшеді (Аббасидтер династиясы). Бұл оқиғалар қазақтың ескі қиссашыл ақындары шығармасында мол жырланған. Мәселен, Шәді төреде мынадай жолдар бар:

«Хусейнді Жазид кырып Кербалада

Шәйітлік дәрежесін жеткізді әңа»

немесе

«Жүз жылдан кейін өшірді

Үмияның шахлық намларын

Аббастарға өткізді Патшалықтың сандалын».

Дін-исламды таратуды сылтау етіп бір қолына құранын, екінші қолына қылыш ұстаған араб жаулап алушылары бір ғасырдан сәл-ақ аса уақыт ішінде солтүстік-батыс Индияны, Персияны, Орта Азияны, Мысырды, Шамды (Сирияны), Африканың солтүстік жағалауын, Пиреней түбегін тағы басқа көп жерді басып алады. Осы негізінде үлкен мемлекет - Араб халифаты құрылады.

Алғашкы кезде араб басқыншылары бағындырылған елдердің ғылми және мәдени мұраларын беталды талқандап «көпір» білімпаздарды қуғынға ұшыратады. Мәселен, екінші халиф Омар Иранда қолға түскен көп кітаптарды өртеп жіберуге бұйрық қылады. Бұл қаталдықты ол: «Егер бұл кітаптарда шындыққа жеткізетін нәрсе болса, онда Алладан біз шындыққа апаратын одан да зор білім табамыз, ал егер мұнда жалған нәрселер баяндалса, онда олардың керегі жоқ», - деген қағида арқылы ақтап, жуып-шаяды. Саяси, Діни мақсаттан туған бұл озбырлық әсіресе Орта Азияда күшті болады. Араб мәдениетінің белгілі маманы профессор Қары-Ниязов «Ұлықбектің астрономиялық мектебі» атты кітабында 712 ж. арабтардың Хорезмнің бүкіл ғылыми әдебиетін құртып жіберумен қатар, оқымыстыларды аяусыз қырып-жоюға дейін барғанын келтіреді. Орта Азиядан шыққан ұлы ғалым Әбу Райхан Бируни өзінің «Өткен ұр ұрпақтар ескерткіштері» деп аталатын еңбегінде былай дейді: «Кутейба (араб қолбасшысы) Хорезм жазуын білетін, тарихын меңгерген және ғылымын үйрете алатын адамдарды құрытып жіберді, ол тарихтың жасырын-жабық қалғандығы соншалық, хорезмдіктер туралы қазір еш нәрсені дәлме-дәл білу мүмкін емес».

Алайда бұл бүлдіріп жоюшылық ұзаққа созылмайды. Жаңа қалыптасып келе жатқан феодалдық қарым-қатынастар, орасан зор мемлекеттің саяси-шаруашылық мүддесі басып алынған елдер мәдениетіне, ғылымына басқаша қарауды талап етті. Атап айтқанда, араб ғылымы ескі грек және Индия ғылымынан нәр алумен катар, мәдениеті жоғары басқа елдердің - Мысырдың, Сирияның, Персияның, әсіресе Орта Азия елдерінің үздік ғылыми мұраларына сүйене дамыды.

Міне, осылай әртүрлі ғылыми дәстүрлер тоғысып, ғылым мен мәдениеттің жаңа да күшті қарқынмен дамуына жол ашылады. Александрия, Антиохия, Дамаск, Самарқанд, Алеппо, Бұхара, Отырар сияқты ежелгі мәдени орталықтармен қатар Каир, Бағдат, Кордова сияқты жаңа шаһарлар да ғылым, мәдениет орталықтарына айналады. Мұсылман қалалары оқшауланбай, Шығыс пен Батыстың басқа орталықтарымен тығыз байланыста болады.

Халифат орталығы Меккеден Дамаскіге, кейіннен Аббасидтер тұсында Бағдатқа көшіріледі. Ғылымның қадір-қасиетін дұрыс түсіне білген Бағдат халифтары аталы-балалы әл-Мансур, (754-776), һарон Рашид (кәдімгі «Мың бір түннің» кейіпкері), әл-Мамундар (813-833) кезінде ғылым дамыту мәселесіне айрықша назар аударып, үлкен қамқорлық жасайды.

Бағдатта және басқа қалаларда астрономиялық обсерваториялар (расадханалар) салдырылады. һарон Рашид патша «Даналық үйі» («Бейіт ал-хикма) деп аталатын, жанында жақсы жабдықталған кітапханасы бар арнаулы аудармашылар орталығын кұрады. Кейінгі халиф әл-Мамун тұсында бұл орталыққа мемлекеттік сипат беріліп, көптеген қаржы, арнайы штат бөлінеді, грек, сирия, индия тілдеріндегі қолжазбалар мол алдырылып, оларды араб тіліне аудару жұмысы қызу қолға алынады. Аздаған уақыттың ішінде индия астрономдарының және Гиппократ, Платон, Аристотель, Евклид, Архимед, Менелай, Аполлоний, Птолемей тәрізді грек ғылымының көрнекті өкілдерінің еңбектері аударылып, шұғыл зерттеле бастайды. Арабтар гректердің ғылыми-философиялық мұраларына ғана үлкен ықылас аударып, олардың тарихы, поэзиясы, драмасына оншалықты мән бермейді. Оның есесіне олар парсы тілінен «Калила және Димна», «Шехрезада және Парвиз», «Парсы патшалыктарының тарихы» сияқты көркем-дидактикалық шығармаларды игеруге көп көңіл бөледі.

Бағдатқа халифаттың түкпір-түкпірінен білімпаз, өнерпаз, оқымыстылар шақырылып топтастырылады. Олардың ішінде арабтың өз ғалымдарынан басқа перстер, сириялықтар, гректер, еврейлер, хорезмдіктер, түріктер және басқа ұлттардын өкілдері бар. Осылайша дүние жүзілік ғылым тарихында үлкен орны бар Бағдат ғылыми мектебі пайда болады. Бағдат оқымыстылары өткендегі мұраларды жедел оқып-үйренумен қатар, өз беттерімен де соны ғылыми зерттеулер жүргізіп, жаңалықтар ашуға әрекет жасайды.

Жаңа өрлеп келе жатқан жас араб ғылымының өсуі жодындағы маңызды оқиғалардың қатарына. Жер мөлшерін білу үшін меридианның бір градус доғасының ұзындығын өлшеу фактісін келтіруге болады. Бұл жұмыс 827 жылы астрономдар Хамид ибн Абдул-Малик пен Али ибн Исаның басшылығымен жүргізіледі.

Өлшеудің қортындысында меридианның бір градусында 56 араб милі бар екендігі анықталады, яғни Жер шеңберінің ұзындығы үшін шындыққа үйлесетін 40700 километр сапы шығады. Бұл өлшеудің бұрынғы грек өлшеулерінен (Эратосфен, Птолемей) дәлдігі жоғары.

Градус ұзындығының осы мәні кейіннен Европа географтарына кеңінен мәлім болады. Бірақтабатыс оқымыстылары араб милінің орнына білместіктен одан 384 метр қысқа итальян милін қабылдап, үлкен ағаттық жасайды. Сондықтан да европалықтар меридианның әрбір градусын арабтарға қарағанда 22 километр кем есептейді.

Арабтардың градус ұзындығын бұрынғыдан көрі дәлірек өлшеуінің ғылым тарихында мәні зор. Мұны астрономия мен математика салаларындағы жоспарлы түрде жүргізілген жұмыстың нәтижесі деп қарау керек. Екінші жағынан, бұл араб ғылымының өз тарапынан ашқан тұңғыш жаңалығы, алғашқы жеңісі келешек ірі-ірі табыстарының төлбасысы болды.

Бұл қарсаңда ғылым-білім халық арасына едәуір таралып, оқыған, зиялы кісілердің тобы көбейгені байқалады. Әсірссе Һарон Рашид, әл-Мамун патшалардың тұсы ғылымның дамуына біршама қолайлы кезең болған сияқты.

Бағдаттағы «Даналық үйін» - академияның негізін салушы Һарон Рашид есімі шығыс әдебиетімен азды-көпті хабардар әрбір кісіге белгілі. Оның аты асқан әділдігімен, дарқандығымен, қайырымдылығымең, білім-өнер кұмарлығымен тарихта аңыз болып қалған. һарон Рашид сарай төңірегіне ақын, әнші, күйші, ғалымдарды көп жинайтын болған. Арабтың мәһшүр ақыны Әбу Науас, белгілі музыкант, ғалым Ибраһим әл-Мәусали һарон Рашидтің өте жақын адамдары болған. Ибраһим әл-Мәусалидің асқан музыканттығына дән риза болған Фараби кейіннен оның есімін өзінің «Музыканың ұлы кітабында» бірнеше рет үлкен ілтипатпен атап өтеді. Басқаны былай қойғанда, һарон Рашид, Әбу Науас, әл-Мәусали жайындағы мәліметтерді халық қазынасы «Мың бір түн» әңгімелерінен де көп ұшыратамыз. һарон Рашид заманындағы ғылым-білімге деген кұштарлықты, халық даналығын, мәдени ортаны көрсету үшін біз де осы «Мың бір түннен» бір мысал келтіруді жөн көрдік.

«һарон Рашидтің алдына барған ғалым қыз туралы әңгімелер» былай басталады: ««Бағдат қаласында саудагерлердің саналыларының бірі, байсалды бір адам жасапты. Қартайыңқырап келіп бір ұлды болады. Бір жеті той өткізіп, атын Әбіл-Хасан қойыпты. Баласын жақсы тәрбиелеп, көрнекті білімді түгел оқытып, әскери өнерге де шұғылдандырыпты, сонымен қатар әдебиет, мәдениеттен де хабары болып, өлең айтып, ән салуға да машықтандырады».

Бұл үзіндіден һарон Рашид заманындағы бай адамдардың баланы жан-жақты білімді, өнерлі етіп тәрбиелеуге ұмтылатыны көрінеді.

Сол жігіт әкесі өлгеннен кейін дүние-мүлікті орынсыз шашып тақыр кедейлікке душар болады. Сонда жанында қалған жалғыз канизагі өзін һарон Рашид патшаға сатуын, сатқанда өте көп ақша, мал-мүлік сұрауын өтінеді. һарон Рашид қыздың мұншалықты қымбаттығына таңырқап, қыздан ғылымның қандай саласынан хабары бар екенін сұрайды. Сонда қыз: «Тақсыр, сіздің заманыңыздағы ғылым саласынан менің білмейтінім жоқ. Уа, тақсыр халифа, ғылымды үйрену қиын емес, оны керекті жерге жұмсау керек. Ол жұмсалмаса, шықпайтын жерге егілген дән сияқты. Мен білімді алып қана қойғаным жок, оның керекті жеріне жұмсау өнерін де үйрендім. Не пайда, мендегі ғылым - өнетін жерге түскеп дон. Бірақ дәні де бар, жері де бар, тек керекті күннің нұры түспейтін жер. Болмаса, тақсыр халифа, мен жалпы ғылымнан қарасын танып оку, жазудан басқа тарих, әдебиет, астрономия, табиғат, жер-су жаратылысы, емдеу ғылымы, саясат, шариғат, ән-күй, музыка құралының бәріне ойнауды үйрендім. Құранды жеті түрлі мақаммен оқуды білем. Нендей білім білсем, оның жазуын, іске қалай асыруын білем. Соның бәрін білген менің атым Канизак! Мұқтажды күніне сатылу үшін сіздің ордаңызға келіп отырмын», - деп жауап берген көрінеді.

Сонан соң патша сарайындағы бүкіл ғұламаларын шақырып, ғалым қыздан ғылымның барлық саласынан емтихан алады. Қыз ол ғалымдармен айтысып барлығын жеңіп шығады.

Риза болған һарон Рашид: «Рақмет, қызым. Бұл заманның босқа өтпей, ала білген кісіге үлесі бар екен. Талап етіп алушысы болса, заманымыздың үйренетін ғылымы да, көркемөнері де, үлгі болғандай тәлім-тәрбиесі бар екен», - деп, үлкен сыйлық тарту етіпті.

Бұл, әрине, ғылыми дәл дерек емес. Дегенмен, мұның өзі сол замандағы қауымның өнер-білімге қарым-қатынасы, мәдени тынысы жөнінде бірсыпыра елес береді.

Ескеретін бір жәйт, бұдан һарон Рашид, әл-Мамун заманы «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» ұжмақ болған екен деген ұғым тумасқа керек. Еңбекші бұқара, әсіресе жаулап алынған кіріптар елдердің қарапайым халқы қатты өзгіде болған. Бұған һарон Рашидтің дәруіш болып кеткен сопы баласының аң аулап сән-салтанат құрып жүрген әкесіне айтқан мына сөзінен-ақ байқауға болады (бұл да «Мың бір түннен»): «Мені сіз барлық кедей, мүгедек халықтар алдына дүниеқорлық даралығыңызбен шерменде қылдыңыз. Дүйім жұрт нан таба алмай әуре, сіз алтын-күміске оранып аң таба алмай әуресіз. Қөрік таудың көк шыққан жерінде болады. Қогі жоқ мұз басқан шоқысында қандай ажар болады. Сіз де сондай бір шоқысыз. Мен ондай мұзды жерді сүймеймін». һарон Рашидтің бағынышты елдерден салық арқылы жимаған кірісі аса бай мемлекет Византияның осындай кірісінен бес есе көп болған.

һарон Рашидтің ғылым қамқоры аталып жүрген екінші баласы әл-Мамунның да халыққа жасаған қиянат, зорлығы бір басына жетерліктей. Мәселен, ол Азербайжан мен Батыс Ирандағы халифатқа қарсы Бабек бастаған халық көтерілісін қан-жоса етіп басқан. Әл-Мамун Отырар қаласының да патшасымен көп жыл басқыншылық соғыс жүргізгені тарихтан мәлім.

Біз Бағдат обсерваториясы мен «Даналық үйінің» ғылыми жұмыстарының басты ұйтқысы Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан ғалымдар болғанын үлкен мақтаныш сезімімен айтамыз. Олар: Мұхаммед Хорезми (Хорезмнен шыққан), Ахмед Ферғани (Ферганадан шыққан), Ғаббас Жауһари (Отырардан шыққан), Ахмед Мервази (Мервтен шыққан) жане басқалар.

Осылардың ішінде тек Шығыс қана емес, бүкіл дүние жүзілік ғылым тарихында Мұхаммед Хорезмидің алатын орны үлкен. Ол араб ғылымының шын мәнінде алғашкы қарлығашы болды. «Ағаға қарап іні өседі» дегендей, Хорезми еңбектері сол тұстағы және онан кейін шыққан көп ғалымдарға үлгі-өнеге болды.

Хорезмидің отаны Хорезм, жалпы Орта Азия елдері VIII-IX ғасырларда саяси және мәдени құлдырауға ұшырағанын айттық. Мұның басты себебі араб басқыншыларының сойқанды шабуылы, қанқұйлы соғыс аласапыранының кесірі мен қырсығы еді. Араб жаугершілігіне дейін Орта Азия атырабы, әсіресе Хорезм өзіндік бай мәдениеттің бесігі болған гүлденіп тұрған ел еді. С.П.Толстов, А.Ю.Якубовский, В.А.Шишкин және басқа тарихшыларының зерттеуіне қарағанда, Орта Азияда тау-кен ісі, әртүрлі минерал бояулар мен түрлі түсті шынылар өндіру ісі өте ерте заманнан-ақ кең дамыған. Орта Азия мен Қазақстанда металл өндіру, оны пайдалану ісінің тарихы мыңдаған жыл бұрын басталғанын дәлелдейтін фактілер көп. Мәселен, Үлкен Ферғана каналын қазу барысында біздің заманымызға дейінгі бірінші мың жылдықтың ортасында жасалған төрт құлақты, үш аяқты қола қазан табылған. Қытай саяхатшысы Чжан-Цянпың (б.з. дейінгі II ғ.) көрсетуінше, қытайлықтар әйнек, шыны жасау өнерін орта азиялықтардан үйренген.

Өкінішке орай ол тұстағы Орта Азия халықтарының рухани мәдениетінің деңгейін білдіретін мағлұматтар өте аз, ол туралы біз тек қосалқы деректерге сүйенеміз.

712 жылы араб басқыншылығына қарсы Хорезмде жергілікті халықтар бас көтеріп көп соғысқаны тарихтан белгілі. Жергілікті халықтың сағын сындырып, мысын құрту мақсатымен араб жаулап алушылары аса қатал қырып-жою, бүлдіру шараларын қолданған. Орта азиялық ұлы ғалым Бирунидің бұл жөнінде айтқан куәлігін біз жоғарыда келтірдік. Олар әсіресе мәдени мұраларды жоқ қылып, кітап біткеннің бәрін түк қоймай өртеп жіберген, ескіше хат танитын адамның біріп қоймай қырған.

Арабтар әсіресе Хорезмде ескіден тараған зороастра (арабша мәжус) дінін тұтушыларды аямай қуғынға ұшыратқан. Хорезмидің аталары да осы дін өкілі болғандығын оның екінші ныспысы «Әл-мәжуси» деген сөз білдіреді. Сондықтан ол Бағдатқа кетіп бас сауғалап, онда барғаннан кейін де жасырын-жабық бой тасалап жүрген болу керек деген болжам бар.

Хорезми Бағдатқа VIII ғасырдың аяғында келген сияқты. Бұл кезде Бағдаттың аса көркейіп тұрған кезі болатын.

«Әлей шаһары» атанған Бағдат 762 жылы жүз мыңдаған еңбекші халықтың көз жасы, қан мен тері, адам айтқысыз ауыр бейнеті, кайғы-қасыретінің жемісі ретінде не бәрі төрт жылда салынып біткенге ұқсайды. Бағдаттың жедел көтеріліп дүние жүзілік мәдени, ғылыми орталыққа айналуына осы өңірдегі (Месопотамия, Вавилон) аса бай ескі мәдениеттердің тоғысқан торабы болғандығының мәні зор болды.

Бағдаттағы «Даналық үйінде» Хорезми әуел баста негізінен астрономиямен айналысады. Осы кезде, яғии IX ғасырдың жиырмасыншы жылдарында ол атақты астрономиялық таблицаларын (зидж) түзеді, бұл еңбек автор өлгеннен кейін де бірнеше ғасыр шығыс ғұламаларының қолдан түспес құралы болған.

Аспан шырақтарын жүйелі түрде бақылау Бағдатта VIII ғасырдан басталады. 771 ж. мұнда Индиядан астрономиялық кітаптар алдырылады да, соның біреуін белгілі астроном және математик Ибрагим әл-Фазари арабшаға аударады. Арабтар мұны «Үлкен синдхант», яғни «Астрономия жөніндегі үлкен трактат» деп атайды. Мұнда теориялық мәселелермеп қатар аспан шырақтарының қозғалысы таблицалары келтірілген. Араб елдерінде астрономия ғылымының өркендеуінде бұл шығарманың мәні үлкен болды.

Хорезми осы еңбектің аудармасын бірнеше рет қайта қарап жөндейді, түзетеді, үлкен қосымшалар қосып, сол негізде әлгі айтылған «Таблицаларын» жазады. Бұл еңбектің ең бастапқы нұсқасы жоғалып кеткен, қәзір тек онын 1126 ж. аударылған латынша нұсқасы бар. Хорезмидің басқа еңбектерімен бірге ол 1964 ж. Ташкентте орыс тілінде басылып шықты.

Жұлдыздар таблицаларын жасаумен қатар Хорезми Мамуи патшалығы кезінде жүргізілген басқа да астрономиялық және геодезиялық жұмыстарға, жоғарыда айтылған Жердің бір градус меридианының ұзындығын өлшеу әрекетіне де белсенді ат салысқан.

Хорезми өз заманының талабына сәйкес. астрология мәселелерімен де шұғылданған. Мұсылман елдерінде мол қапат жайған бұл жалған ғылымның түп төркіні жердегі оқиғалар аспан денелерінің қозғалысына, орналасуына тәуелді болады деген теріс қағидаға негізделген. Жұлдызнамашылар (яғни астрологтар) адамның тағдырын, түрлі оқиғаларды алдын ала болжап білеміз деп бал ашып, көріпкелдік жасамақшы болған. Әкімдер мен мұсылман діншілдері астрологияны барынша қолдап, оны өз мүдделеріне пайдаланып баққан. Өтірік сандырағына қарамастан, астрологиялық зерттеулердің де астрономияны, ғылымды дамытуға белгілі дәрежеде септігі тиіп отырған. Өйткені алдын ала болжау үшін көптеген бақылау, есептеу жұмыстары жүргізілуге тиіс болған. Ал оған әкімдер мен патшалар қаржы-қаражатты аямай төгетін еді. Сондықтан да ғалым астрономдар мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалу үшін кейде әдейі, кейде жорта, кейде қорқып патша сарайында астролог (жұлдызнамашы) қызметін атқарған. Міне, Хорезми де осы себеппен астрология тақырыбына кітап жазып, патшалар мен дін басыларының көңілін аулаған сияқты.

Кейін шыққан Шығыс ғұламалары Фараби, Бируни, ибн Сина астрологиялық болжамдарға негізінен қарсы шығың, оны әшкерелейтін еңбектер жазады.

Хорезми математика және астрономия жөнінде едәуір құнды еңбектер қалдырған. Олардың ішінде ең бастысы - «Китаб аль-мухтасар фи хисаб әлджәбр вал муқабала» («Қалпына келтіру, салыстыру тәсілімен есептеудің қысқаша кітабы»), XII ғасырда латын тіліне аударылған бұл кітап көп ғасырлар бойы Батыс және Шығыс елдерінде алгебра жөніндегі негізгі құрал болды. Европаның атақты математиктері Фибоначчи, Тарталья, Кардано тағы басқалар Мұхаммед әл-Хорезмидің осы еңбегінен тәлім алған. Сондықтан да Шығыс, Батыс оқымыстылары бір ауыздан Хорезмиді «Алгебраның атасы», ал оның осы шығармасын ғылым тарихында алгебра мәселелерін дербес баяндайтын бірінші кітап деп бағалаған. Түрлі есеп-қисаптарды шешуге арналған бұл кітап халиф әл-Мамунның тапсыруы бойынша жазылған. Осы сияқты аса маңызды жұмыстың Хорезмиге тапсырылуы оның айрықша дарындылығын, ал ғалымның отаны Орта Азия ғылымының сол тұста алдыңғы шепте тұрғандығын байқатады.

Кітаптың Мамун патшаға бағышталған алғы сөзінде автор оны жазу мақсаты жайлы былай дейді: «Қалпына келтіру, салыстыру тәсілімен есептеудің қысқаша трактатын жазуды қолға алып отырмын, өйткені мұндай енбек мұра бөлісуде, сауда-саттық ісінде немесе жер өлшеуге, каналдар қазуға қатысты барлық іс-әрекеттерде, санау практикасында өте қажет...»

Хорезми кітабы негізінен түрліше теңдеулер шешуге арналған. Математикада теңдеу шешу дағдысы мен әрекеттері өте ертеден басталады. Сонау ежелгі мысырлықтар мен вавилондықтар бір белгісізі бар бірінші дәрежелі және квадрат теңдеулер шешу ережелерін білген. Бірақ олар мұндай есептерді шешуді өз алдына дербес мәселе етіп қарамаған. Одан кейін шыққан грек математиктері теңдеу шешудің геометриялық әдістерін меңгерген. Олар тіпті үшінші дәрежелі (куб) теңдеулердің кейбір түрлерін конустық қималар (шеңбер, эллипс, парабола, гиппербола) жәрдемімен шешкен. Алайда гректер теңдеуді геометриялық салудан бөліп қарамаған. Олардың «геометриялық алгебрасында» әңгіме төркіні теңдеудің түбірін табуда емес, белгілі бір есептің шартын қанағаттандыратын кейбір кесіндіні сала білуде жатыр. Грек оқымыстылары теңдеулер шешуді (яғни алгебраны) математиканың дербес саласы ретінде қарастырмаған.

Теңдеулер шешу мәселесін үнді ғалымдары кеңірек қарастырған, олар, мәселен, квадрат теңдеудің екі түбірі болатынын білген, теріс және иррационал сандарды қарастырған, алгебралық символиканы (таңбалауды) пайдалануға тырысқан. Дегенмен, үнділердің алгебрасы әлі де болса өз алдына бөлек ғылым емес, теориялық негіздеуден аулақ, көбінесе поэтикалық (өлеңмен немесе сұлу сөз арқылы) баяндалған әртүрлі ережелер жиыны болатын.

Мұхаммсд Хорезми «Алгебрасында» өзіне дейінгі бұл төңіректегі мағлұматтарды іріктеп пайдалана отырып алгебраға өзгеше, жаңа мағына берді, оны теңдеулер шешу жөніндегі өнерге айналдырды. Ол өнер ермек үшін емес, практикалық мұқтаждықты өтеу үшін қолданылады. Мәселен, кітаптың төрттен үш бөлігі үштік ереже бойынша шығарылатын сауда, мұрагерлік есептеріне, фигураларды өлшеу сияқты көптеген практикалық мәселелерді шешуге арналған.

Мұхаммед Хорезми «Алгебрасында» теория мен практиканы орынды үйлестіреді, бір жағынан, есептеу ережелері ретімен баяндалса, екінші жағынан, ол ережелер геометриялық жолмен дәлелденіп отырады. Кезі келгенде анықтамалар келтіреді.

Кітап мазмұны жағынан бірінші және екінші дәрежелі теңдеулерді шешудің шеңберінен шықпайды. Тендеудің белгісізін - «зат», ал оның квадратын - «мүлік» тағы осы сияқты жаңа атаулар енгізеді. Берілген теңдеуді ол «әльд- жобр вәл муқабала» деп аталатын айрықша әдіс арқылы негізгі түрлердің біріне келтіруге тырысады. «Әльджәбр» амалы теңдеудің бір жағындағы мүшені кері таңбамен екінші жағына шығаруға мүмкіндік берсе, «әл-мукабала» амалы теңдеудің екі жағындағы бірдей мүшелерді шығарып тистауды талап етеді.

Европада осы «әльджәбр» сөзі латынша бұрмаланып «алгебра» терминіне айналып кеткен. Бұл математиканың үлкен бір саласының атауы екені баршаға мәлім. Ал Хорезмидің (әл-Хорезми) өз атынан, берілген бір мәселені шешу үшін қолданылатын есептеулер тәртібін білдіретін, «алгоритм» деген математикалық термин қалыптасты.

Сайып келгенде, Хорезми осы еңбегі арқылы алгебраны жаңа сапаға көтеріп, математиканың дербес бір саласына айналдыруы даусыз.

Мұхаммед Хорезмидің алгебралық білімдерінің қайнар көзі туралы пікірлер түрліше. Қейбір ғылым тарихшыларының оны ежелгі грек оқымыстысы Диофантпен байланыстыру қисынға келмейді, өйткені ол қарсаңда Шығыс ғұламалары Диофант еңбектерін әлі білмейтін. Хорезмидің математикалық идеяларының қалыптасуына үнділердің де азды-көпті ықпалы тиюі сөзсіз. Математика тарихшысы Цейтен Хорезмидің алгебрасын ежелгі гректердің «геометриялық алгебрасының» айна-қатесіз көшірмесі деп тіпті ағат кетеді.

Бұл мәселе туралы құлаққа кіретін қортынды жасаушылар, белгілі шығыс ғылымын зерттеуші ғалымдар Ганкель, Гандз, Юшкевич т. б. болды. Олар Хорезмидің «Алгебрасын» талдай келе, оның ғылми нәр алған негізгі бұлақтарының бірі ретінде ескі Вавилон ғылымын нұсқап отыр. Мұнымен қатар жоғарыда көрсетілгендей, кейінгі зерттеулер ғұламаның өз отаны ежелгі Хорезмде де ғылым мен мәдениеттің терең тамырлы өзіндік дәстүрлері болғанын сипаттауда.

Мұхаммед Хорезмидің математика тарихында, қала берді бүкіл адамзат мәдениеті тарихында үлкен мәні болған екінші бір еңбегі арифметика жайлы кітабы еді. Өкінішке қарай бұл кітаптың араб тіліндегі нұсқасы сақталмай, бізге XIV ғасырда аударылған латынша қолжазбасы тиіп отыр.

Қазіргіше айтқанда көлемі 1,5-2 баспа табақтан аспайтын түсінікті де тұжырымды түрде жазылған бұл шағын кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде санаудың ондық позициялық системасы жөнінде түсінік беріледі, екіншісінде бүтін сандарға, ал кейінгі бөлімінде алпыстық және жай бөлшектерге амалдар қолдану ережелері айтылады, квадрат түбір табу әдістері көрсетіледі.

Профессор Юшкевичтің айтуына қарағанда, бұл кітап Таяу Шығыс пен Европада кең таралған санаудың ыңғайсыз гректік және арабтық алфавиттік системасы мен рим нумерациясының орнына аса кемелденген санаудың ондық системасының келуіне себепші болған. Санаудың бұл жүйесі, яғни қазір дүние жүзінде жаппай қолданылып жүрген он таңба (0,1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9) арқылы кез келген санды жазу ережесі ежелгі Индияда пайда болғанын біз жоғарыда айтып кеткенбіз. Индия цифрлары (Европада мұны, кейде араб цифрлары деп те айтады) араб елдеріне VIII ғасырдың аяғында астрономиялық шығармалар арқылы келген, бірақ жөнді тарала қоймаған. Міне, осы ыңғайлы да оңай санаудың ондық системасы Шығыс және Батыс елдеріне кеңінен жайылуына тікелей себепші болған шығарма Хорезмидің айтылмыш арифметикалық трактаты болды.

Хорезмидің алгебра және арифметика жөніндегі еңбектері гылыми мазмұны терең болумен қатар баяндау стилі өте жеңіл, көпшілікке түсінікті тілмен жазылған. Шығыстың бір математигі әл-Хорезми математика сияқты кемеңгер ғылымның сиқырлы пердесін жұлып тастады деп дәріптейді.

Мұхаммед Хорезми ғылымның көп саласында қалам тартқан жан-жақты ғалым.

1878 ж. Каирде Хорезмидің география туралы көлемді еңбегі «Китаб сурат ал-арз» (Жер кескіні туралы кітап) табылды. Птолемейдің «География» атты еңбегін түбірінен өңдеу негізінде жазылған бұл кітапты географ ғалымдар мен жоғары бағалап отыр. Бұл жерде айта кетерлік бір жайт - Хорезми езінен бұрынғы өткен ғұламалар болсын, замандас оқымыстылары болсын, солардың ғылыми еңбектерін, мұраларын құрмет тұтып жоғары баға берген, тыңнан жаңалық ашып ғылымда соны жол салушыларды да, бұрын жазылған еңбектерді жөндеп, түзетіп, ұқсатушыларды да қадір тұтқан. Ол ғылым жолының қиын екенін, яғни «ине мен құдық қазғандай» ауыр бейнет екенін ұққан, ұғындырған ғалым. «Өткен заман, өткен халықтардан шыққан оқымыстылар, - дейді Хорезми, - ғылым мен философияның әртүрлі тараулары, сан салалары бойынша тынбастан кітаптар жазды. Олар мұнда сіңірген еңбектеріне, шама-шарқына сай келер ұрпақтың алғысы мен ризашылығына жетуді көздеді, айтып жүрер, естеріне түсіріп жүрер деп ниеттенді, ғылым сырларын ашу жөнінде көрген бейнетін, тартқан азабын мұндай сыйға татымсыз болды, аз жұмыс тындырдық деп өтті. Біреулері бұрын мәлімсіз зерттелмеген ғылыми дүниелер бетін ашып кейінгіге мирас қалдырды. Ал екіншілері тыңнан жол салмаса да, өзінен бұрынғылар еңбектерін түсіндіруді көздеді, қиынын жеңілдетіп, ғылым соқпағын даңғыл жолға айналдыруды көздеді. Немесе ол бұрынғы өткен ғұламалардың жіберген кемшіліктері мен  қателері болса, даттамай, ізгі, адал ниетпен ол олқылықтырды түзеп, өңдеп, жамап-жасқап, қауым кәдесіне жаратуға тырысты».

Сөйтіп, Хорезми бұрынғы оқымыстылар мұрасына ықтиятты болуды, оларды барынша толық меңгеруді, реті келген жағдайда түзеп, кемелдендіруді уағыздап үлкен өнеге көрсетіп отыр. Кейін шыққан Шығыс оқымыстылары бұл тұрғыда көптеген көрнекті табыстарға жеткені мәлім. Мәселен олар Евклидтің «Негіздеріне» елуден, ал Птолемейдің «Алмагестіне» жиырмадан аса рет түсініктеме (комментарий) жазғаны айқындалды.

Хорезмидің жоғарыда айтылған географиялық еңбекті жазуға тікелей түрткі болған басты себеп - әл-Мамун патшаның дүние жүзінің үлкен картасын жасау туралы тапсырмасынан туған тәрізді. Айтушылар бұл картаны немесе атласты жасауға Хорезми бастаған жетпіс оқымысты қатысқан деседі.

Мұндай көлемді жұмыс география ғылымын жетік біліп, оны жаңа талапқа сай дамытуды қажет етуі даусыз. Хорезмидің шығармасы Птолемейдің «Географиясының» құрғақ көшірмесі емес, бұл - түзілу жоспары, материалдың сұрыпталуы, жазылу, баяндау тәсілі жөнінен өз алдына дербес туынды. Мұнда грек ғалымдарына бүтіндей беймәлім мағлұматтар мол. Хорезмидің карталарында грек атауларымен қатар араб, иран және басқа Орта Азия халықтары тіліндегі атаулар көп кездеседі.

Хорезмидің географиялық еңбегінің көрнектілігі сонша, XX ғасырдың басына дейін бірсыпыра ғылым тарихшылары IX ғасырда өмір сүрген математик және астроном Хорезмиден басқа, одан өзге арабта XI ғасырда тағы бір географ Мұхаммед Хорезми болыптымыс деген пікірді жақтап келді. Мұның жаңылыс пікір екені қазір толық дәлелденді.

Хорезмидің ғылыми бейнесін аздап болса да толықтырарлықтай тағы бір екі дерек сақталған. Халиф Васик (842-847) ғылыми, саяси мақсатпен үлкен экспедиция жабдықтап, хазарлар еліне жібергенде, сол елшілікті хазарлар тарханына Хорезми бастап барыпты. Хазар мемлекеті ол кезде Волганың сағасынан Кавказ жоталарына қарай орналас қан ел. Хазарлар тілі жөнінен ежелгі түркілерге жақын халық. Олар әкімін «тархан» деп атаған, ол хан жұрты қазіргі Астраханнан солтүстікке таман 15 шақырым жерде Итіл (Еділ) қадасында тұрған. Бұл сапар Хорезмидің өз отанының мәдениетін, тілін ұмытпағанына куәлік етеді, өйткені елшілікті басқару сол барған елдің әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын, тілін жетік білетін кісілерге ғана тапсырылатыны белгілі.

Бұл сапардан келгеннен кейін Хорезми тағы бір экспедицияны басқарып Византияға саяхат жасайды. Мұндағы мақсат Құранда айтылған бір суреге қатысты ел арасында айтылып келген бір аңыздың рас-өтірігін тексеру болады. Ол аңыз бойынша Кіші Азияның Эфес қаласының маңындағы бір үңгірде Алланың әмірімен жеті бала отыз тоғыз жыл ұйықтап оянады. Біреуін қалаға ас-тамақ әкелуге жібереді. Ол қайтып келген соң бәрі қайтадан мәңгілік ұйқыға кетеді, денелері шірімей бәз-баяғы күйінде сақталыпты-мыс.

Халиф осы аңызды тексеру үшін Византия императорына Хорезми бастаған елшілік жібереді. Сол кездегі тарихшы ибн-Хордадбектің айтуынша, Хорезми жергілікті халықтың қасиетті, киелі санап маңына жоламайтын үңгіріне қорықпастан жалғыз кіріп үлкен батылдық көрсетеді. Қурап қалған сүйектен басқа ешнәрсе таппаған ғалым үңгірден шыға берісте отырған сопы шалға: «Сен бізге тірі бейнелі өліктер көрсетеді деп келсек, қурап қалған қу сүйектерді ұстаттың ғой», - депті.

Бұл мысал ғылыми шындық үшін құдай сөзін де, құран ептіп де тексеруге даяр тұрған жанқияр, тайсалмас ғалым бейнесін көз алдымызға келтіреді.

Хорезми өмірі туралы ең ақырғы дерек халиф ал-Васик өлімімен байланысты айтылады, ұлы ғалым патшаның жан-азасына қатысады. Васик 847 ж. өлген, Хорезмидің бұдан кейін қанша жасап, қашан, қалай дүние салғаны жайлы мағлұмат жоқ.

Қорыта келгенде, Хорезмидің дүние жүзілік ғылым тарихындағы алатын орны ерекше. Оның ғылыми істері мен озық идеялары сонау орта ғасырлық тар түнектің өзінде шартарапқа ілім шарапатын мол шашқан шамшырақ тәріздес. Бұл әңгімемізді Хорезмидің үзеңгілесі және жерлесі Ғаббас Жаухари жайлы қысқаша мағлұматтар келтірумен тамамдауды жөн көрдік.

Ғаббас Жаухари - жоғарыда айтылған IX ғасырда құрылған Бағдат мектебінің өкілі, жерлестері Хорезми, Ферғани, Мервазимен бірігіп Багдат обсерваториясы мен «Даналық үйінің» негізін қалаушылардың бірі. Ғаббас әл-Жаухаридың Оңтүстік Қазақстанның Отырар қаласынан шыққандығын көрсететін деректер бар. Отырар алқабындағы бір қалашықтың орнындағы төбе күні бүгінге дейін Жаухарана» немесе «Гауһарана» деп аталады. Ол әлгінде корсетілген жерлестерімен бірге 829-830 жылдары Бағдатта және 832-833 жылдары Дамаскіде жүргізілген астрономиялық бақылауларға қатысады. Бұл бақылаулар негізінде «Мамунның астрономиялық таблицалары» деп аталатын еңбек жазылады.

Ғаббас әл-Жаухари математикамен де шұғылданған. Мәселен, ол «Евклидтің «Негіздерін кемелдендіру» деп аталатын трактат жазған. Бұл трактат бізге әзірше мәлімсіз. Тек Насыреддин Туси (XIII ғ.) өзінің параллель түзулері жайлы еңбегінде әл-Жаухаридан үлкен үзінді келтіреді. Бұл үзінді бойынша шығыс математиктері ішінен ең бірінші болып Евклидтің параллель түзулер теориясын сынға алушы осы Ғаббас әл-Жаухари екендігі көрінеді. Ол өзінше V постулатты дәлелдеуге әрекеттенеді. Бұл үшін әл-Жаухарн мынадай жоруды қабылдайды. Егер екі түзу үшінші бір түзумен қиылысып, тең параллель айқыш бұрыштар жасайтын болса, онда кез келген түзумен қиылысқанда да осы қатыс орынды болады. Дәлелдеу барысында әл-Жаухари үшбұрыштың орта сызығы туралы теореманы және бұрыш ішіндегі кез келген нүктеден бұрыштың екі қабырғасын да қиып өтетін түзу жүргізуге болатынын көрсететін теореманы дәлелдейді. Бұл теореманы 1800 жылы Евклидтің бесінші постулатын дәлелдеуге француз геометрі Лежандр пайдаланған. Ғаббас Жаухаридың параллель түзулер туралы идеясын кейіннен Орта Азия ғалымдары Омар Хайям және Насыреддин Туси дамытады.

Хорезми мен Фараби арасында Бағдат мектебінен бірсыпыра көрнекті оқымыстылар шықты. Олардың қатарына жоғарыда аты аталған ғалымдардан басқа атақты Сабит ибн Қорра, ағайынды Бану Мусаларды, Абу Камилді және басқаларды көрсетуге болады. Бағдат мектебіне тікелей қатысы болған, араб философиясы мен ғылымындағы үлкен бір тұлға әл-Кинди болды.

Әл-Кинди Әбу Юсуф араб философиясының негізін қалаушы болып саналады. Оны «арабтардың философы» деп айтуы осыдан. Әл-Кинди Иеменнің Кинда өлкесінен шыққан, әкесі Куфа қаласының әмірі болған. Ол 800 жылдар шамасында Басрада туады, білім алуды осы Басрада бастап, Бағдатта аяқтайды. Әл-Кинди жоғарыда айтқан әл-Мамун патшаның замандасы, ол Бағдат халифатында ғылым мен философияның қалай өрлегенін көзімен көрген, өзі де грек авторларын араб тіліне аударуға ат салысқан. Әл- Киндидің өлген мезгілі дәл мәлім емес, 860-879 жылдар шамасында қайтыс болған.

Әл-Кинди сол тұстағы араб халифатындағы оқыған адамдар ішінде ең жан-жақты энциклопедиялық білімді адам саналады. Ол қалам тартпаған ғылым-білім салалары жоқ деп айтуға болады. Орта ғасырлық араб жазбаларында әл-Кинди 238 еңбек жазған деген мәлімет бар, бірақ олардың көбісі бізге жетпеген. Әл-Кинди, әсіресе, философия, логика, математика, астрономия, медицина, метеорология, музыка және оптикамен көп айналысқан. Ол грек тілін жақсы білген, сондықтан ежелгі грек ойшылдарының еңбектерін насихаттауға көп үлес қосқан, Аристотельдің Метафизикасының», Птолемейдің «Географиясының», Евклид шығармаларының аудармаларын редакциялаған. Мұның үстіне ол Аристотельдің логикалық шығармаларына, Птомелейдің «Алмагестігіне», Евклидтің «Негіздеріне» түсініктемелер жазған.

Әл-Киндидің ғылыми-философиялық шығармалары тек қана Шығыс ғұламаларына ғана емес, Батыс оқымыстыларына да игі әсер етті. Оның еңбектері X-XI ғасырларда латын тіліне аударылып, олардан философ Роджер Бэкон жане атақты итальян математигі Кардано көп тәлім алған. Кардано әл-Киндиді дүние жүзілік он екі кемеңгердің бірі деп атаған.

1901 ж. ал Киндидің бірсыпыра еңбектері Москвада орыс тілінде «Избранные произведения мыслителей стран Ближнего и среднего Востока» атты жинақта басылып шықты. Бұл трактаттарда ол философия, логика, музыка, математика т. б. мәселелерді қозғайды. Әл-Қинди берген ғылымдар тізбегі, яғни классификациясының мәні үлкен. Озінің «Аристотельдің кітаптарының саны және философияны оқып-үйрену үшін не қажеттігі жайлы» деп аталатын трактатында ол ең алдымен физика, яғни жаратылыстану ғылымдарын, математиканы және логиканы атайды, үйткені, әл-Киндидің пікірі бойынша, бұларсыз әлемді толық біліп те, философия ғылымдары, этика мен саясатты терең біліп те болмайды.

Қорыта келгенде, әл-Кинди шығыста алғаш болып Аристотельдің ғылыми-философиялық дәстүрін дамытуды қолға алған философ, энциклопедист ғалым. Әл-Қиндидің бұл бастамаларын одан кейін іле-шала Фараби және басқа энңиклопедист ғұламалар одан ары қарай өркендетіп жаңа сатыға көтереді, кемелдендіреді, сөйтіп философияда, ғылым мен өнерде тамаша табыстарға жетеді.

Әл-Кинди мен Фарабидің жолын қуып философия мен барлық ғылым салаларын қабаттастыра алып жүрген ғұламалар қатарына «араб энциклопедистері» деген атпен кең танылған философтар тобы жатады. Олардың басты ерекшелігі заманындағы бүкіл ғылым философия тарауларын қамтитын көп кітаптан тұратын еңбек - энциклопедия жасауды жүзеге асырған.

Энциклопедия білімнің жүйелі түрде реттеліп жазылған жиынтығы болып саналады. Ғылымның көп түрінен хабардар оның сан-салалары бойынша ірілі-уақты, қысқаша немесе толық шығармалар жазған ғылым адамдарын энциклопедистер деп атайды.

Ғылымның даму тарихында жинақталған білім қорларын сұрыптап, реттеп белгілі бір жүйеге салу тәртібі ежелден бар. Мұндай әрекеттер, бір жағынан, ғылымдағы баржоқты айқын сезініп, оны кемелдендіруге, дамытып толықтыруға итермелесе, екінші жағынан, ғылымның өзін түсінуді, түсіндіруді, пайдалануды жеңілдетіп отырған. Энциклопедия жасау дәстүрі осылай пайда болған.

Энциклопедия сипаттағы еңбектер ежелгі Египет, Қытай, Греция елдерінде де кездеседі. Атақты данышпан Аристотельдің ғылми мұралары осының айқын айғағы. Ол өз заманындағы ғылым мен философияның барлық салаларын қамтыған шығармалар жазған.

Орта ғасыр заманында араб халифатына біріккен Шығыс елдерінде Аристотель жолын қуып энциклопедиялық туындылар берген ғұламалар болған. Олардың ішінде әл-Қинди, әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Бируни сияқты аты әлемге әйгілі кемеңгерлер бар. Энциклопедиялық еңбекті кейде бір адам ғана емес, бірнеше адам бірігіп жазатын болған. Мұның үлгісі ретінде ежелгі грек ғалымы Пифагордің шәкірттерін, екінші сөзбен айтқанда, пифагоршылардың ғылми мұраларын атауға болады. Шығыс елдерінде жазылған ең алғаш мұндай экциклопедиялық шығарма «Адал достардың трактаттары» болды. Бұл еңбектің жазылу тарихы назар аударарлық. X ғасырдың екінші жартысында Басра қаласында жасырын саяси және ғылыми ұйым құрылды. Ол ұйым мүшелері өздерін «Адал достар» деп атаған, оларды «араб энциклопедистері» деп те атайды.

«Адал достар» қоғамының бөлімшелері Таяу және Орта Шығыстың көптеген қалаларында құрылған. Олар өздерінің аты-жөнін, мақсат-жоспарын мейлінше жасырып, құпия ұстаған.

Мұның басты себебі «Адал достар» мұсылман дінінің сара жолына, Құранның қатып қалған қағидаларына (догмаларына) бүркемелі түрде қарсы шыққан. Олардың ілімі бейбіт, адамгершілік мақсатты көксеп, адамдар арасында достықты, теңдікті, жақсы қарым-қатынасты дәріптеген.

«Адал достар» өздерінің ғылми, философиялық көзқарастарын 52 трактаттан тұратын «Расаил Ихван ас-Сафа» атты энциклопедиялық көлемді еңбектерінде баяндаған. «Адал достар трактаттарының» бізге жеткен ең толық деген нұсқасы 1928 жылы Қаир қаласында төрт том болып араб тілінде басылып шықты.

Жоғарыда айтқан себеп бойынша бұл энциклопедияны жасаушылар жайлы мағлұмат жоқтың қасы, тек бес автордың аты-жөні сақталғаи. Олар: Зайд ибн Рифаат, Абу Сулейман әл-Бисти (әл-Мукаддаси), Абул-Хасан әл-Авфи, Харун әл-Заньяни, Абу Ахмет әл-Махраджани. Бұлардың қай-қайсысы болса да өз заманының аса білімді, алдыңғы қатарлы адамдары болған сияқты. Мәселен, атақты тарихшы әл-Кифти (XIII ғ.). «Адал достар» ұйымының басшыларының бірі Зайд ибн Рифаат жайлы былай деп жазады: «Оның алдырмас ақылы, жалынды жігері, мойымас дарыны бар еді; ол өлең мен сөзге ерекше қабілетті, математика, риторика және тарих бойынша ұшан-теңіз білімді жап еді. Мұның үстіне ол саяси-идеология және дін мәселелеріне жүйрік болатын».

«Адал достар» энциклопедиясы негізінен ағартушылық мақсатта жазылған. Олар дінді философия және ғылыммен уштастырып тусіндіруге тырысады. Бұл сайып келгенде, дінгн қарсы әрекет болып есептеледі. Сондықтан да сол тұстағы мұсылман дінінің идеологтары «Адал достар» көзкарастарына барынша қарсы шыққан. Осы себептен ол энциклопедистер өз трактаттарын халифаттың түкпір-түкпірінде жасырын жолмен таратып отырған. Осылай тез арада бұл еңбектің мазмұны оқушы қауымға кеңінен мәлім болған. «Адал достардың» энциклопедиясы философиялық ғылымдарға арналған. Ол кезде философиялық ғылымдар санатына метафизика, дін ғылымымен қатар математика және жаратылыстану ғылымдары жататын. Олар математикаға – 14 трактат, жаратылыстануға – 17, метафизикаға – 10, теология және дін мәселелеріне 11 трактат арналған.

Бұл трактаттарды жазуда «Адал достар» ежелгі грек және Шығыс ғалымдарының жетістіктеріне сүйенеді. Атап айтқанда, математикалық шығармалары - ежелгі грек ғалымдары Пифагор, Евклид, Никомах және біздің Фараби шығармаларына, астрономия, географиясы - Птолемей мұрасына, биология және логикалық трактаттарды - Аристотельге, психология, метафизика, теология жөніндегі трактаттары - Платонға, саяси-әлеуметтік трактаттары – неоплатониктер мен Фарабидің еңбектеріне негізделген.

Бұл ғалымдарға Фарабидің әсері күшті болғанын көрсететің маглұматтар көп, мәселен, олар Фарабидің «Зиялы қала» (ол-мәдинат әл-фазилат) жөніндегі ілімін басшылыққа алып, болашақ үлгілі қоғам туралы пікірлер айтуға тырысқаны байқалады.

«Адал достардың» энциклопедиясында сол замандағы ғылымның көкейтесті көп мәселелері қарастырылған. Рас, әртүрлі авторлардың қолынан шыққандықтан, ғылми жағынан ала-құла дәрежеде жазылған мәселелер көп кездеседі.

Жалпы алғанда, «Адал достар» энциклопедиясында қамтылған жаңалықтар әлі мардымды зерттелінбей жатыр. Оның үстіне бұл авторлар Шығыс пен Батыстың өздерінен кейінгі көптеген энциклопедистеріне игілікті әсер етуі даусыз. Бұл да зерттелуге тиісті келелі мәселе болса керек.

 

Пайдаланған әдебиет:

 

Көбесов А. Сөнбес жұлдыздар. –Алматы: Жазушы, 1973. -160 бет.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2016-09-28 11:24:39     Қаралды-1744

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »