UF

КӨМІРСУЛАР. ЛИПИДТЕР

Көмірсулар. Жануарлар клеткаларында шамалы мөлшерде (құрғақ зат массасының 1%-і шамасында) ғана көмірсулар кездеседі; бауыр мен бұлшықет клеткаларында олар көбірек - 5%-ке дейін болады. Өсімдік клеткалары көмірсуға өте бай: кептірілген жапырақта, тұқымда, жемісте, картоп түйнегінде олардың мөлшері 70%-ке жетеді.

Көмірсулар дегеніміз құрамына көміртегі, оттегі және сутегі атомдары кіретін күрделі органикалық қосылыстар болып табылады.

Көмірсулар қарапайым және күрделі болып бөлінеді. Қарапайым көмірсулар моносахаридтер деп аталады. Күрделі көмірсулар полимерлер болып саналады, ондағы моносахаридтер мономерлердің ролін атқарады. Моносахаридтердің екеуінен - дисахарид, үшеуінен - трисахарид, бірнешеуінен - полисахарид түзіледі.

Моносахаридтердің бәрі де суда жақсы еритін түссіз заттар. Олардың бәрінің дерлік ұнамды тәтті дәмі болады. Моносахаридтердің ішіндегі ең көп таралғандары - глюкоза, фруктоза, рибоза және дезоксирибоза. Жемістер мен жидектердің, сондай-ақ балдың тәтті болуы, олардағы глюкоза мен фруктоза мөлшеріне байланысты. Рибоза мен дезоксирибоза нуклеин қышқылдары мен АТФ құрамына кіреді.

Моносахаридтер сияқты, ди және трисахаридтер де суда жақсы ериді, дәмі тәтті болады. Мономерлік буындарының саны көбейген сайын полисахаридтердің ерігіштігі кеміп, тәтті дәмі жойылып кетеді.

Дисахаридтердің ішіндегі маңыздысы - қызылша (немесе қамыс) қанты мен сүт қанты, полисахаридердің ішіндегі кең таралғаны - крахмал (өсімдіктерде) және гликоген (жануарларда), клетчатка (целлюлоза). Ағаш сүрегі - түгелдей дерлік целлюлозадан құралады. Бұл полисахаридтердің мономерлері - глюкоза.

Көмірсулардың биологиялық ролі. Көмірсулар клетканың әр- түрлі формадағы активтігін жүзеге асыруға қажетті энергия көзі ролін атқарады. Клетканың қозғалыс, секреция, биосинтез, жарық беру және т. б. әрекетіне энергия қажет. Құрылымы күрделі, энергияға бай көмірсулар клеткада әбден ыдырап, осының нәтижесінде қарапайым, энергиясы аз қосылыстарға - көміртегі (IV) оксиді мен суға (СО2 мен Н2О-ға) айналады. Бұл процестің барысында энергия босап шығады. 1 г көмірсу ыдырағанда 17,6 кДж энергия босап шығады.

Көмірсулар энергетикалық қызмет атқаруымен бірге кұрылыс материалы қызметін де атқарады. Мысалы, өсімдік клеткаларының қабырғалары целлюлозадан құралады.

Липидтер. Липидтер жануарлар мен өсімдік клеткаларының бәрінде де болады. Олар көптеген клетка құрылымының құрамына кіреді.

Липидтер дегеніміз суда ерімейтін, бірақ бензинде, эфирде, ацетонда еритін органикалық заттар болып табылады.

Липидтердің ішіндегі ең көп таралған және белгілісі - майлар. Әдетте, клеткада майдың мөлшері шамалы (құрғақ заттар массасының) – 5-10%. Алайда, құрамының 90%-ке жуығы майдан тұратын клеткалар да бар. Жануарларда ондай клеткалар тері астында, көкірек бездерінде және шарбыда кездеседі. Май барлық сүтқоректі жануарлардың сүтінде болады. Кейбір өсімдіктердің, мысалы, күнбағыстың, сораның, грек жаңғағының тұқымдары мен жемістерінде май өте көп.

Клеткаларда майдан басқа да липидтер, мысалы, лецитин, холестерин болады. Кейбір витаминдер (А, Э) мен гормондар да (мысалы, жыныс гормондары) липидтерге жатады.

Липидтердің биологиялық маңызы аса зор және алуан түрлі. Ең алдымен олардың құрылыс материалы ретіндегі қызметін атап өтейік. Липидтер гидрофобты болады. Осы заттардың өте жұқа қабаты клетка мембранасының құрамына кіреді. Липидтердің ішіндегі ең көп таралған майдың энергия көзі ретіндегі маңызы аса зор. Майлар клеткада көміртегі (IV) оксиді мен суға дейін тотыға алады. Майдың ыдырауы барысында көмірсудың ыдырауы кезіндегіден екі есе көп энергия босап шығады. Жануарлар мен өсімдіктер май қорын жинап, оны тіршілік әрекеті процесінде жұмсайды. Өсімдік тұқымдарында майдың көп болуы өскіндерді өз бетінше қоректене алатын болғанша энергиямен қамтамасыз ету үшін қажет.

Бұдан соң майдың су көзі ретіндегі маңызын да айту қажет. 1 кг май тотыққан кезде одан 1,1 кг-дай су түзіледі. Кейбір жануарлардың айтарлықтай ұзақ уақыт су ішпей жүре алатынын осылай түсіндіруге болады. Мысалы, түйелер сусыз шөлде 10-12 күнге дейін су ішпей жүре алады. Қыста ұзақ ұйқыға кететін аю, суыр секілді жануарлар екі айдан астам уақытқа дейін су ішпейді. Бұл жануарлар өздерінің тіршілігіне қажетті суды майдың тотығуынан пайдаланады. Липидтер құрылымдық және энергетикалық қызметінен басқа қорғаныш қызметін де атқарады: май жылуды нашар өткізеді. Ол тері астында жиналады да кейбір жануарларда едәуір қалың қабат түзеді. Мәселен, киттің тері астындағы май қабатының қалындығы 1 м-ге дейін жетеді, бұл оның поляр теңіздеріндегі суық суда тіршілік етуіне мүмкіндік береді.

1. Полянский Ю.И. Жалпы биология. -Алматы, 1991. -299 б.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2024-01-11 13:09:26     Қаралды-66

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »