UF

ҚАЗАҚСТАН ӨСІМДІК ЖАМЫЛҒЫСЫ

Қазіргі өсімдік жамылғысының қалыптасуы. Қазақстан табиғатының алуан түрлілігіне, өсімдігінің тарихи дамуының күрделілігіне байланысты онын қазіргі өсімдік құрамы да әр турлі. «Қазақстан флорасы» (1956-1963) енбегінін дерегіне қарағанда Қазақстан жерінде тек жоғары сатыдағы өсімдіктердің 4750-ге жуық түрі өседі. Бұнын көбі шөптесін өсімдіктер, бұталар мен ағаштың үлесі өте аз.

Қазақстан флорасы үштік орман флорасы немесе торғай флорасы және ежелгі Жерорта теңізінің оңтүстік флорасынан дамыған. Торғай флорасы жалпақ жапырақты орман флорасы типтес тайгалық жалпақ жапырақты және қылқан жапырақты өсімдіктердің дамуына бастама болған. Бұлар Орта Азияға негізінде тау жүйелерінен таралған.

Батыстағы Фетид немесе Тетис мұхитын Солтүстік мұхитпен жалғастырып тұрған Торғай бұғазы олигоценде кеуіп қалғаннан кейін, Қазақстан жеріне европалық орман өсімдіктері (емен, шамшат, таксодия мен секвоя) тараған. Бұл флораның қазба қалдығы Зайсан қазан шұңқырындағы тау жұрнағы шоқыларынан табылған. Мұз дәуірі кезінде Қазақстанның қылқан жапырақты орманының аумағы кеңейе түсіп, солтүстік пен шығыстан Орталық Қазақстанның ұсақ шоқылы территориясына таралған. Бұл бореалдық түрлердің (қарағай, майқарағай) оңтүстік таулы аймаққа таралуына жағдай туғызған.

Климаттың бірнеше дүркін салқындауымен биік тау басын мұз басуға байланысты орман өсімдіктері азайып, аумағы барлық жерде дерлік бұрын таралған жерінен кеміген. Сөйтіп Солтүстік Қазақстанда шашыранды жеке қарағайлы шоқ орман, Тянь-Шаньда бөлек-бөлек орман, Алтайда қылқан жапырақты тайга сақталып қалған. Өзен аңғарында жатқан құм төбелердегі қарағайлы шоқ ормандар Қазақстанның шығысына қарай тереңдей еніп, Ертістің оң жағына (жіңішке шоқ ормандар) таралған. Құмдағы шағын аумақты қарағайлы шоқ ормандар Қостанай облысында (Наурзым, Аманқарағай т. б.) кездеседі. Бұл ормандардың шөбінің едәуір түрі дала шөбіне айналған. Қазақстанның қиыр батысыңда, Жайық бойында шамшат, шегершін және терек ағашы ормандары кездеседі. Бұлар Қазақстан территориясына едәуір кешіректе, яғни тарихи кезеңде Орал алды өңірінен таралған. Шөптесін өсімдіктен інжігул, жүрекше тән. Орман Алтайда көбірек және оның флорасы құрамында мұз дәуіріне дейінгі көптеген реликті түрлер (тайтұяқ, орман тоққұдығы, хош пісті бояу шөп) сақталған.

Қазақстанның оңтүстігінде бұрын Орта Азияда өскен саванна қалдығы деп саналатын аз аумақты ксерофитті селдір ормандар кездеседі. Батыс Тянь-Шань тауларында мұндай ксерофитті селдір ормандарда арша өседі, ал бұл таудың қуаң беткейі сары долана, Регель алмұрты, таудаған, тікенді бадамнан тұратын селдір орманға айналған. Жойылып кеткен саванна қалдығы ретінде тау алды шөліндегі қияқ, қоңырбас, тау прангосы т. б. кездеседі. Ертедегі ортаазиялық саванна кезінде, Оңтүстік Қазақстанға тән қазіргі эфемероид флорасының даму орталығы болған. Осы саванна өзінің ежелгі ареалының солтүстік-шығысында біртіндеп шығыс қазақстандық және алтайлық бұталы далаға айналған. Бұл палеоген теңізінің Орталық Қазақстан ұсақ шоқылығынан шегінуіне байланысты батысқа жылжып, Торғай қолаты тұсында шығыс дала мен батыс дала ұштасып, үштік және төрттік кезеңде бұталы-дала өсімдіктері қалыптасқан, Жоңғар мен Тянь-Шаньның таулы, биік таулы ормандарында далалық формация оңтүстікке тарала бастаған.

Үштік уақытына дейін-ақ Қазақстан территориясына Оңтүстік Африка өсімдігіне қатысы бар (жұп жапырақтылардың, қояншөптің кейбір түрлері) және ертедегі Жерорта теңізі провинциясында өскен өсімдік түрлері ене бастаған. Бұлар үштік кезінде Каспий теңізін айналып, Иран арқылы оңтүстіктің жазық шөлдерінде, тау алды мен Батыс Тянь-Шань және Қаратау жоталарында эфемерлердің (тасбеде, жоңьппқа, эспарцет, аканталимон, скалагерия түрлері) дамуына бастама болған. Қазақстан жерінде миоценде Каспий теңізі мен Балқаш маңы аралығындағы теңіз суынан босаған ойпаттарда шөлдің сортаң өсімдіктері кең дами бастаған. Мұз басу кезеңдері аралығында шөл өңірінің аумағы ұлғайып, бореалдық түрлердің оқшаулануына жағдай туған және бұлар кейін оңтүстік таулы аудандарда өздігінен дамып, бір қатар жаңа түрлердің жетілуінің бастамасы болған.

Топырақ тұздылығының кему процесі қарқынды жүрген жерде саваннадан шөлге бұталар (жыңғыл), шала бұталар (жусан), астық тұқымдастар, қияқ тұқымдастар тарала басталған және климатының құрғақтануына байланысты өсімдіктері бұрынғыдан да қуаңшылыққа бейімделе түскен. Плиоценде және антропоген уақытында тау өзендерімен көптеген мөлшерде құм қабаттары тасымалданып, құмды шөлдердің пайда болуына және мұндай жерлерге жсаммофитті өсімдіктер (сексеуіл, жүзгін, құм қарағаны және басқа бұталар) таралуына мүмкіндік туған.

Неогенде альпілік тау жүйелері пайда болу кезінде Памир - Алай, Тянь- Шань және Алтай таулары көтерілген. Бұлармен бірге биіктікке шалғындық және дала өсімдіктері де көтерілген. Бұлардың флорасы күшті сұрыпталу нәтижесінде тиісті өзгерістерге ұшыраған. Сонымен қатар ол Тибеттің альпілік, Сібірдің тау басындағы таулық тундра типтес және тундра флораларымен толыққан. Түрі өзгерген дала өсімдігіне мыналарды жатқызуға болады: алтай қоңырбасы, Крымов бетегесі, тянь-шань бетегесі, қаз жуа, әр түрлі жапырақты қызғалдақ таспаның бірнеше түрі, кекіребас, майда-желек. Таулық биік жерде шабындық өсімдіктерінің бірнеше түрлері (Шейхцер қоғасы, қияқ, қызғалдақ, теңге жапырақ, қазтамақ) болған. Биіктікте Ольга ұшқаты, түркістан аршасы т. б. өскен. Алтай тауының альпілік белдеуінде мүк, ергежейлі тал, қияқ, альпі қоңырбасы, аратіс дриададан тұратын тау тундрасы пайда болған.

Қазақстан флорасы құрамының бір ерекшелігі - эндемик өсімдік түрлерінің едәуір көптігінде. Мұнда 550 эндемиктер түрі бар. Бұлардың ішінде реликт түрлер де бар. Реликт түрлердің бірқатары - ежелгі палеоген саваннасы өсімдіктерінің қалдықтары. Бұлар - қаратау лепидолофасы, қаратау шайтан келмесі, бұташық ақ жапырақ, шымыр строгановия, жүрекше жапырақты строгановия (Қаратауда), недзведския, шымыр ақ жапырақ (Шу-Іле тауларында), спиреантус (Бетпақдалада), строгановия (Орталық Қазақстан ұсақ шоқылығында). Қаратау жотасының оңтүстік бөлігінде және оңтүстік-шығыстағы Шарын ө. (Іле саласы) жайылмасында едәуір көлемде сақталған согдийлік шетен орманы - реликт орман. Қазақстанның қиыр оңтүстігінде (Өзбекстанмен шекарада) әлі де түйежаңғақ сақталған. Алтайдың майқарағайлы ормандарында да реликт өсімдіктер - тайтұяқ, орман тоққұдығы, хош иісті бояушөп бар. Алша және ірі лиана жүзім Қаратау ормандары мен Шу - Іле тауларының оңтүстік-батысында кездеседі. Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралы, Қызыларайдағы гранит массивтерінен түзілген жерлерде кездесетін қарағайлы шоқ ормандар да - реликтер, мұнда осы кезге       дейін сфагнум өскен шағын батпақтар сақталған. Қазақстанның оңтүстігіндегі ксерофитті селдір ормандар, пісте ормандары, тоғайлар - ежелгі ортаазиялық саванна реликтісі.

Палеоген саваннасының бірқатар реликтері - қаратау лепидолофасы, қаратау көкбасы, бұташық ақ жапырақ, шымыр строгановия, жүрекше жапыракты строгановия Қаратауда кездеседі. Недзведския, шымыр ақ жапырак Шу-Іле тауларындағы, ал спиреантус Бетпакдаладағы реликтер. Орталық Қазақстан ұсақ шоқылығында реликтік строгановия т. б. таралған. Қазақстан флорасына едәуір эндемизм түрлер тән. Эндемиктердің басым түрі Қазақстанның солтүстік-шығысында, Жоңғар мен Тянь-Шаньның таулы, биік таулы аудандарында кездеседі. Бұлар: Ледебур бадамы, бұталардан калофака мен бөріжөке, шөптерден Ильин бозы, тарбағатай бидайығы, қарқаралы ешкі миясы, траутфеттер таспасы, бұта шытыршық, қазақ клаузиясы, қазақстан таспасы, ұсақ бұршақты таспалар, ірі-ірі жемісті шытыр, сайсағыз, ірі гүлді сайсағыз, түкті қаратұқым. Батыс Қазақстанда (Мұғалжарда) кірпі қара тұқымы, пмек таспа, Мұғалжар таспасы, Муғалжар ақжапырағы кездеседі. Шөл флорасы құрамында да эндемик түрлер өте көп: сораңды аюбалдырған, кермек, баялыш т. б.

Өсімдік жамылғысының табиғи зона лар бойыпша сипаттамасы. Өсімдіктерді табиғи-тарихи аудандастыру физикалық-географиялық жағдайларга, ең алдымен климат деректеріне (температура, жауын-шашын және оның түсу сипаты) негізделеді. Қазақстан территориясы орманды дала, дала, шөлейт, шөл геоботаникалық облыстарына (немесе табиғи зоналарына) бөлінеді. Қазақстанның таулы аудандары да жазық өңірі сияқты зоналарға ажырайды, бірақ тау рельефі табиғатқа ерекше өзіндік сипат береді. Сондықтан оның өсімдік қорын шаруашылыққа пайдаланудың ерекше сипаты бар.

Орманды дала зонасының өсімдігі. Орманды дала - өзінің өсімдік жамылғысы жөнінен теңбіл-теңбіл келген макрокомплекс. Мұнда өзіндік ерекшеліктері бар орман өсімдік түрлері тараған, жапырақты орман мен далалық жердің элементтері кездесетін шалғынды дала бір-бірінен айқын ажырайды. Дала және орманды дала өсімдіктерінің бұлай таралуы негізінен рельефке байланысты, дегенмен топырағы шешуші роль атқарады. Орман негізінен жақсы кепкен сұр топырақты жерлерде, қыраттардағы құнарсызданған қара топырақты жерлерде, өзеннің биік оң жағалауында және сайдың эрозиялы беткейлерінде өседі. Шалғындық дала тұзы шайылған кәдімгі қара топырақты жерді қамтиды. Сондай-ақ шалғын, батпақ, сор, сортаң жерлерде де кездеседі.

Орманды даланың орман өсімдіктері арасында қияқ пен астық тұқымдастар едәуір басым өскен түкті қайың, шоқ қарағайлардан тұрады. Мұндай шағын ормандардың аласа ағаштары ретінде солтүстіктің талдары - шілік, сушілік, ақшілік өседі. Ойпаң жерлердің тұзды топырақты жерлерінде қайыңның ерекше эндемик түрі, шілікпен туыстас қызыл немесе қырғыз қайыңы өседі. Қылқан жапырақтылардан сирек те болса құмды, құмдақ жерлерде, борлы топырақта тек қарағай кездеседі. Мұндай шоқ қарағайлар арасында ит бүлдірген, қара жидек, алмұрт, тіпті мүк жидекті сфагнум батпақтары жиі кездеседі. Бұта өсімдіктерден әдетте ракитник, дрок өседі. Ең құрғақ жерлерде астық тұқымдас түрлі шөпті дала кездеседі, орташа қара шірікті топырақты жерлерде қызыл боз бен құмдақ боз, бетеге басым келеді, аздап жіңішке жапырақты қоңырбас, дала атқонағы, қылтықсыз арпабас, жатаған бидайық және Шелл сұлыбасы өседі. Әр түрлі шөптерден алты желекті тобылғы, шанышқақ, солтүстік қызыл бояуы тән. Сортаңдау қара топырақты жерлерде бетеге жырық жусан, Бессер сәбізшесі басым келеді. Малға азық ретінде табиғи өсімдіктерден түсетін жалпы өнім 5-9 ц/га. Бұл жерге мүйізді ірі қара мен жылқы жайған тиімді. Мұндағы жайылым көктемде 100%, жазда 80%, күзде 60% пайдаланылады. Өзен аралықтарындағы ылғалды топырақты тұзы шайылған және шалғынды қара топырақты жерлерде шалғындық астық тұқымдас түрлі шөпті дала қалыптасқан. Мұндай даланың шөптесін өсімдігінде ақ селеу және жіңішке жапырақты боз, жатаған, бидайық, қылтықсыз арпабас т. б. көп. Дала тобылғысы, сиырсілекей, қурайсасыр, түрлі шөп те кездеседі. Көбіне топырағы тұзданып кетеді, сөйтіп мұнда ақ бас, қызыл мия, жырық жусан, Бессер сәбізшесі өсе бастайды. Даланың шалғын шөбінен түсетін өнім 5-10 ц/га, ылғалды жылдары 15 ц/га-ға жетеді. Жақсы шабындық саналады.

Орманды дала зонасының ойпаң жерінде қияқ, елекшөп, мажыра өскен ылғалды және батпақты шалғын қалыптасқан. Шөп түсімі 15-25 ц/га. Пішенге шабылады. Мұндай шабындықтарды құрғату және топырағын шаю арқылы үстеме шөп егу жолымен өте жоғары өнімді шабындыққа айналдыруға болады.

Сор тартқан топырақты жерлерде галофит түрлері (құрғақ сортаңды жерлерде қараматау, селдіргүлді жусан, Гмелин кермегі, жатаған, изен; ылғалды және аса ылғалды сортаңда жалманқұлақ, ұзын қабыршақты ақмамық, сор тартары, сораң шөп) өседі. Бұл өсімдіктер тобы ауыл шаруашылығында пайдаланылмайды.

Дала зонасының өсімдігі. Дала зонасы өсімдіктері құрамында ксерофитті жіңішке жапырақты астық тұқымдас есімдік түрлері басым келетіні байқалады. Боз туысынан қызғылт және қылтанды боз, бұдан соң бетеге, қоңырбас, шөл сұлыбасы, атқонақ өседі. Түрлі шөптен ең көп таралғандары: дала шалфейі, сары жоңышқа, бөрібұршақ, беде, қызыл бояу, қурайсасыр, бөденешөп, ұйқышөп, қазтабан, жусан, ақ жапырақ, баданалы қозықұлақ. Бұл зонада түрлі шөпті астық тұқымдас өсімдікті даланың бірқатар түрін ажыратуға болады. Ылғалдырақ жерлер - қызғылт бозшалғынды түрлі қалың шөпті дала. Қызғылт боз, боз бетеге, бетеге, қоңырбас, қос жарнақты шөптесін өсімдіктер, дала шалфейі, бөрібұршақ, беде, жусан, маралоты, көкбасшөп, қызыл бояу, беденешөп, қурайсасыр көп еседі. Аздаған мөлшерде тамырсабақты астық тұқымдас өсімдіктер - арпабас, бидайық, айрауық өседі. Даланың құрғағырақ келген қызғылт бозды бұл түрін - түрлі шөпті дала деп те атауға болады. Мұнда негізінен қызғылт боз бен бетеге басым өседі, бірақ боз бетеге, қоңырбас, сұлыбас та едәуір көп көздеседі. Түрлі шөптерден шатырша гүлділер бірен-саран өседі, яр түрлі жусан, жоңышқа, шатырақ, бөденешөп көп болады. Күңгірт қызыл және кәдімгі қызыл қоңыр топырақты жерлерде өскен далалық шөп тобы мынадай болады: сарыжоңышқа, қызылбояу, Лессинг бозы, боз бетеге, бетеге, оңтүстік ксерофит түрлері (қалампыр, қозықұлақ, қызыл бояу, ақ жапырақ). Топырақ сортаңдана бастағанда татар төскейшөбі, түкті төскейшөп, мыңжапырақты түймедағы және қара жусан өседі. Бұл дала ерте қурап сары-сабан реңді келеді.

Қостанай, Павлодар және аздап Семей облыстарында кейде құмды және құмдақ топырақты жерлер кездеседі. Мұндай топырақты дала зонасының солтүстігінде қау бетеге, сібір еркек шөбі, көгілдір қоңырбас, Беккер бетегесі, шөпшай, сібір кекірегүлі, аққаңбақ басым өседі. Оңтүстікке қарай боз бетегелі далаға айналады. Құм даланың өсімдігін табиғи пішендік ретінде пайдаланған жөн. Үстеме ретінде қосымша көпжылдық шөп егілсе, шөптің түсімі бірден артады. Табиғи шөптің кепкен массасының өнімі 3-5 ц/га. Оны пайдалану коэффициент шамасы 0,7. Кей жылдары көктемде 100%, жазда 70%, күзде 60% шамасыңда жайылымға пайдаланылады.

Дала зонасының оңтүстігінде тегі жағынан эолдық шөгінділерден дамыған құмды немесе ежелгі аллювийлік құмды жердің эфемерлік көпжылдық өсімдіктері арасында оңтүстік шөп өсімдігіне тән әр түрлі жүзгін, аммодендрон және шөл таспалары кездеседі.

Орал алды үстірті сілемдерінде, Мұғалжарда және ОрталықҚазақстан ұсақ шоқылығында селдір өсімдікті қиыршық тасты, тастақты дала кездеседі. Мұнда қау бетеге, бетеге, шөл сұлыбасы, суық жусан тараған. Тобылғы және дала қарағаны жиі ұшырасады. Мұндай дала шөбінің мал азықтық түсімі 3-7 ц/га. Жыл бойы жайылымға пайдаланылады.

Жайылма, ойпаң, шоқы, қолаттарда шаруашылықтық маңызы үлкен шалғын өседі. Өсімдігі жағынан орманды дала шалғынына жақын болғандықтан, бұдан 10-18 ц/га пішен түседі, ал егер оны жақсарту, күтім шаралары дәйекті жүргізілген жағдайда 20-40 ц/га пішен алуға болады.

Дала зонасының кейбір ойпаң жерлерінде бұталы тоғай түрлерінен тал (сушілік, ешкітал, құбатал) өседі. Ойпаң жерлерде шоқ қайыңдар да кездеседі, кейде бұталар аралас көктерек, итмұрын, долана, қара қарақат, жестер, қараырғай өседі. Шөптесінді, бұталы, ормансыз ойпаң жерлерде шалғынды шөп түрлері - құрғақ айрауық, жатаған бидайық, боз бетеге, шалғындық қоңырбас, тобылғы, сиырсілекей кездеседі. Мұнда ағаш астындағы көлеңкелі және ылғалды, жұмсақ микроклиматқа байланысты өсетін түрлер де бар. Бұларға тас бүлдірген, салалы шебер шөп, қынапты қияқ және табанды қияқ, орман қоңырбасы, тарақша марьянник, дәрілік купена, марьянник және папоротник-орляк жатады.

Дала зонасында жабайы өсетін пайдалы өсімдіктер көп. Мұндағы дәрілік маңызы бар түрлерден жұмыршақ, дәрілік түйе жоңышқа, меңдуана, сасық меддуана, су бұрышы, жанаргүл, құндызшөп немесе ұйқышөп, жайық миятамыры мен жалаңмия, сүйіншөп және шайқурай кеңінен тараған. Өзен  жайылмаларында витаминді өсімдіктер итмұрын, іш айдағыш жестер өседі. Тал қабығы мен қымыздықтың түрлерін т. б. тері илеу шикізаты ретінде пайдалануға болады.

Шөлейт зонасы өсімдігі. Бұл зона дала және шөл зоналары аралығында болғандықтан, оған астық тұкымдас жусан өсімдіктері тән және бұлар боз қызыл қоңыр топырақты жерлерде таралған. Шөлейтте орманды дала және дала өсімдіктері сияқты комплекстер кездесетін болғандықтан, кейбір зерттеушілер шөлейт зонаны «шөл дала» (шөлді дала) деп те атайды.

Шөлейттің қуаңдау келген жерін шөл дала деп атауға болады, өйткені мұндай жердегі боз қызыл қоңыр топырақта жусанды және сораң-жусанды өсімдік тобы өседі. Жазық жердегі өзен аралықтарындағы дөңесті беткейде шым түзетін астық тұқымдас өсімдіктер - бетеге, бетеге боз, боз бетеге, аздап сортаңданған топырақтарда турлі далалық шөппен аралас еседі, өте сортаңданған жерлерде ақ жусан, жатаған, изен, түймедағы, мыңжапырақпен аралас өседі. Сортаң жерлерде шоқ-шоқ бұйырғын, көкпек, қараматау, итсигек, қара жусан кездеседі. Шөл далалық шабындықтан 3-4 ц/га кепкен пішен жинауға болады. Жайылымдық ретінде көктем мен күзде100%, жаз бен қыста 50-60%-ке пайдаланылады.

Су көп жиналатын ойпаң қара топырақтылау жерлерде ылғалды тәуір көретін түрлі шөпті дала өсімдігі өседі. Мұнда бұталы дала өсімдігініц көп өскен жері жиі кездеседі. Құмды далада жусанды еркек шөп кең тараған. Жеңіл саздақты, көбіне сортаңдау жерлерде шым түзетін астық тұқымдас өсімдіктер, ақ жусан, мыңжапырақты түймедағымен бірге аласа келген шөл еркек шөбі, құмдақ топырақты жерлерде шағыр жусанмен аралас құм еркек шөбі өседі. Құм еркек шөбінің тек өзі ғана таза өскен жерлер де (негізінен құмда) жиі кездеседі. Қазан шұңқырлы, топырағы тұщы грунт суларымен шайылған жерге бұталы алқап (тал немесе қызыл тал) өседі, кейде тіпті ағаш та кездеседі. Ойпаң жердің өсімдіктерін көбіне шабындыққа, ал аумағы шағын алқаптарын суарылмайтын егіншілікке, әсіресе бау-бақша - өсіруге пайдалануға болады.

Рельефі ұсақ шоқылы шөлдің топырағы қиыршық тасты келеді, сондықтан оның шөлді дала өсімдігінен айырмашылығы болады. Тастақты топырақ өсімдігі селдір және осы топырақ түріне төзімді өсімдіктер түрлері ғана (тырсық, суық жусан, тобылғы, сіңір, райхан, шеміршек, сүттіген) өседі. Егер бұл топырақ өте сортаңданған болса Лессинг жусаны, төскей шөп, мыңжапырақты түймедағы басым келеді. Тастақты шөл дала өсімдігінен 2-3 ц/га мал азығы түседі.

Шөлейтте төбелі және қырқалы құм шоғырлары кең тараған. Мұндай кұмның өсімдігі еркек шөп, дәу қияқ түрлерінен, құмаршық, Сегнер сүттігенінен, кейде жапырақсыз жүзгіннен тұрады. Жел қағатын шұңқырлар сортаңданса жыңғыл өсе бастайды не сораң өскен борпылдақ сортаңға және сорға айналады.

Шөл дала зонасының көрші зоналарға ауыспалы сипаттағы жағдайы өзен жайылмалары өсімдігіне әсерін тигізеді. Ірі өзендердің жайылмасында сібірге тән ақтал, терек өскен жайылмалық ормандар, Жайық бойында тіпті шегіршін, емен өскен жерлер кездеседі. Аллювийлі топырақты жерлер өсімдігі көбіне сортаңды немесе карбонатты және түрлі шөпті астық тұқымдас өсімдікті шалғын түрінде кездеседі. Шалғыны дала тектес оңтүстік буталы алқапта шенгел, жиде өскен бұталы жерлер басым болады. Суы тартылып қалатын ұсақ өзен жайылмалары сортаң арпасы, ажыниық, жатаған, айрауық, сортаң қияғы, шілтер қияқ, ақмамық пен аралас ши, көкпек және қара жусан өскен сораң шалғыннан тұрады. Мұндай шалғындықтардың түсімі төмен, 10-12 ц/га пішен жиналады. Мал көп жайылса жарамсыздыққа ұшырайды. Бұл өңірдегі шағын өзендер Каспий теңізіне жетпей жазық жерлердегі ойпаңдарға жаиылып «көлтабан» шалғындарына, сортаңдарына, далалық шалғынға айналады. Көктемде жиналған мол судың біртіндеп жерге сіңуі нәтижесінде аздап түрлі шөп араласқан жатаған, бидайық, су бидайық, сораң өскен, сортаң тартқан шалғын топырағы дамиды. Сор мен сортаңдарда жау қпяқ, ақмамық, еркек шөп өседі. Мұндай көлтабандық шалғындықтардың ауыл шаруашылығында маңызы өте зор.

Шөл зона өсімдігі. Қазақстанның жазық жерінің басым көпшілігін және Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шаньның тау алды өңірін алып жатқан шөл зонасы сораң жусанды далаға айналған солтүстік және эфемерлі оңтүстік зона аралық тармаққа ажырайды.

Солтүстік шөл жіңішке жапырақты жусан басым келген бетегелі-бозды өсімдіктерден тұрады. Оңтүстікке қарай топырақ жамылғысы күрделеніп, өсімдік түрі топырақ түріне сәйкес қалыптасады. Солтүстік зона тармағының зона типі - сазды шөл. Бұл су айырықтардың аумақты (орталық) бөлігін қамтиды. Бұл шөлге аздап далалық астық тұқымдас өсімдіктер, шөл еркек шөбі, тырсық, Гогенакер бозы, Шовиц бозы, кейде тырса аралас өскен сораң жусанды өсімдіктер тән. Әдетте тамыр жусан басым өседі. Тамыр жусан, қара жусан және Мейер жусаны өсетін шағын аумақты өңірлер де кездеседі. Сортаңды қоңыр топырақты жерде жусан, бұйырғын, көкпек аралас сораң өсімдік топтары тараған. Тереңірек келген ойпаңдарда боз, бетеге, бидайық және түрлі шөптер - қүртқашаш, қызылбояу, қалампыр т. б. аралас тараған. Жусан-көкпекті шөл сортаңды ойпаңдарда қалыптасқан. Мұның өнім түсімі едәуір жоғары. Қыста қой мен түйе жайылымы ретінде пайдаланылады. Пішен дайындауға да болады. Суарылмаған жағдайда егістікке жарамсыз. Іле, Сырдария және Шу өзендері алаптарында жусанды-сексеуілді (тамыр жусан, қара сексеуіл) алқаптар кездеседі. Сексеуіл арасында біржылдық сораң түрлері өседі.

Солтүстік шөлдің тасты және гипсті бөліктерінде тамыр жусан, бұйырғып және бұта сораң, баялыш таралған. Ағынсыз, тұйық ойпаңдар көбіне сортаңды, өсімдіксіз келеді. Сор, әсіресе сортаңның галофитті өсімдіктері - сораң, ақсора, тұз бұршақ, ремерия т. б. кең таралған. Тасты (тастақты) шөл өсімдігінің өнім түсімі аз, 0,5-тен 2-3 ц/ға құрғақ масса алуға болады. Негізінен қысқы жайылым. Шөбі әсіресе күзде жақсы жетіледі.

Құмды шөлдің кейбір бөлігінде әр түрлі шөпті өсімдіктер көбірек тараған. Мұнда ағаш (ақ сексеуіл), көптеген бұта (жүзгін, бұта таспалар, құм қарағаны, теріскен) өседі. Құм бидайық, құм сұлысы, селеу, құм қияқшасы немесе раң, жусан, гелиотроп т. б. көп жылдық шөптер кездеседі. Мұнда эфемерлерден қызғалдақ, пияз, бір жылдық астық тұқымдастар, қалампырдың бірнеше түрі, кейбір сораң түрлері көп өседі. Шөлдің құм төбелеріндегі өсімдіктері (1,5-4 ц/га құрғақ масса) аз өнімді болса да Қазақстан шаруашылығында үлкен маңызы бар.

Сортаң шөл өсімдіктері негізінен оңтүстіктің жетекші типтері - суккулент сораңдарынан тұрады. Суккулент сораңдардан шала бұталар - сарсазан, қарабарақ, төбесораң, қара сексеуіл (кейде ет-женді сораңдар), ақсора, сораңшөп түрлері өседі. Бұлармен бірге кермек, сортаң тартары, ебе қаңбақ кездеседі. Жер бетіне грунт суының жақын жатқан жерінде және дренаж жеткілікті жағдайда галофитті астық тұқымдас өсімдіктер - ажырық, қаратамыр, жау шалғын, ақмамық өседі және сортаң шалғындықтары қалыптасады. Жыңғыл (тармақ жыңғыл, борық жыңғыл, тікен түкті жыңғыл) қопалары жиі кездеседі. Ылғалдырақ шалғындарда ажырықты бидайық және бидайық шөптер, ал құмды топырақты жерлерде айрауықтар (жатаған және ақөлең айрауық) аралас өседі. Грунт сулары жақын жерлерде қамыс қопалары кездеседі. Өзен жайылмасындағы шалғындар арасында шырмауық аралас өскен тал, тораңғы, жиде тоғайлары алмасып отырады. Бидайық шалғындықтарынан 20-25 ц/га пішен шабуға болады, ал қамысы бар жерде пішен сапасы төмендегенмен, онын өнімі 100 ц/га дейін артады.

Эфемер шөл зонасының зона аралықтары Батыс Тянь-Шань мен Қаратау жоталарының лёсс топырақты тау етегі жазықтарын және Қызылқұм шөлінің оңтүстік бөлігін алып жатады. Қоңыр сұр топырақтарда эфемерлі және жусан эфемерлі топтар дамыған. Көктемде бұл топтар вегетациялық кезеңі қысқа бір жылдық арпабас, мортық, бірқатар крест гүлділер, сарғалдақтар, көкнәрлерден, екі жылдық монокарпиктерден (кейбір сасыр мен рауғаштар) және вегетациясы қысқа көп жылдық эфемероидтардан (қаз жуа, қызғалдақ, шырыш, көбенқұйрық) тұрады. Шалғындық қоңырбас, жуансабақ қияқша басым өседі. Эфемер шөлден 3-4 ц/га, ал ылғалды жылдары 7-8 ц/га шөп жинауға болады. Бұл шөлде қыс басына дейін тамырчы шөп түрлері сақталады, сондықтан күзде, қыста бұл өңірлер 20-30% пайдаланылады.

Шөл зонаның табиғи қоры негізгі мал жайылымы болып саналады, мұның 0,5%-і шабындық, ал қалғаны жайылым. Жайылымның біраз бөлігін жыл бойы пайдалануға болады. Оңтүстік зона аралық шөлдің көп жері мақта өсіруге қолайлы.

Тау өсімдігі. Қазақстанның таулық аудандары іргелес жатқан жазық өңірлердің табиғи зоналарында орналасқан. Алтайдың қазақстандық бөлігі (Кенді Алтай) шөл дала зонасында, ал Тянь-Шань шөл зонасында. Бұл биіктік белдеудің ауысу сипатына әсер етеді. Аласа тау етегіндегі аймақтарда құрғақ дала қалыптасқан. Таудын ең ылғалды белдеулері - орманды және шалғынды дала өсімдік тұрлеріне ібай. Бұлардан жоғары және төмен жатқан белдеулерде өсімдік жамылғысы ылғалдың тапшылығына немесе салқын температураға және вегетация кезеңінің қысқалығына байланысты нашар дамыған. Қазақстан тауларының солтүстік-батыс бөлігінің тау етектері мен аласа таулары - шөл; эфемерлі және далалық түрлі шөпті солтүстік-шығысы - жусанды шөлейт және шым түзетін астық тұқымдас өсімдікті дала. Алтайдың орманды белдеуі (Қазақстан тауларының солтүстік-шығысы) өзінің қылқан жапырақты орманымен, биіктегі шалғынымен Сібірдің жазықтағы тайга өсімдігіне ұқсас, Тянь-Шань мен Жоңғар Алатауындағы қылқан жапырақты орман мен шалғынды алқаптар күн жақ беткейлерінде далалық сирек ағашты алқаптармен алмасады. Солтүстік Тянь-Шаньның орманды-шалғынды белдеуінің төменгі шекарасында алма, көктерек, қайың және қопалы бұта, ал Батыс Тянь-Шаньда ағашты, бұталы өсімдіктер таралған. Бұлар жазық жердің орманды дала орманына ешбір қатысы жоқ есімдіктерден тұрады. Алтайдың биік таулы жерлерінде құрамында арктика талы, аласа қайыңы бар, арасында мүк, қына араласқан өсімдіктер өседі.

Алтайдың таулық белдеулеріндегі осімдік жамылғысында аласа таулар мен тау алды зоналарының шөлейт, дала, шалғынды дала өсімдіктері (боз- жусанды, астық тұқымдас, даланың оңтүстігінде ши араласқан боз, жусан) оседі. Таудың қоңыр, қызылқоңыр топырағында және сілтісі шайылған қара топырақты жерінде далалық бұталар (тобылғы, ешкісабақ), астық тұқымдастар, сортаң және саз топырақта шалғын кездеседі, ал ылғалды беткейлер мен тау аңғарлары табанындағы ылғалды орман топырақтарында қайың, терек, көктерек және тал орманы бар. Күлгінделген топырақты жерлерде кейде қарағайды да кездестіруге болады.

Таудың орта биіктіктегі зонасында орман-шалғын өсімдіктері өседі. Қалыңдығы онша емес тастақты қара топырақты жерлерде қараған мен тобылғы аралас даланың бұталы қопалары, орманның сұр топырақты жерінде далаға бейімделген балқарағай мен қайың өседі. Шөптесін өсімдік жамылғысы түрлі шөпті, бетегелі, астық тұқымдас шалғынды өсімдіктен құралған. Тау орманының аз күлгінделген топырақты жерінде шырша, май қарағайлы орман (Солтүстік-батыс Алтай), балқарағай, самырсын, қарағайлы орман (Қалба жотасы) өседі.

Биік тау зонасы (альпі мен субальні зоналары) субальпілік биік шөпті, қайың, самырсын және балқарағайлы сирек орманды болып келеді. Альпілік зонадағы альпілік шымтезекті шалғын топырақты жерлерде қыналы биік тау тундрасы, шалғынды-шөптесін өсімдікті және қайыңды тундра (Солтүстік-батыс Алтай) жиі кездеседі.

Тянь-Шаньның солтүстік және батыс бөліктеріндегі өсімдік жамылғыларының біраз айырмашылықтары болады. Солтүстік Тянь-Шаньның тау алды шөлді зонасында сораң-жусанды, эфемерлі-астық тұқымдас, жусан және түрлі шөпті бетегелі-бозды өсімдік топтары таралған. Тұзды топырақты жерде арасында ши өскен бетегелі шалғын кездеседі. Таудың қара топырағында астық тұқымдас түрлі шөпті шалғын, орманның сұр топырақты аңғарларында алма, көктерек және басқа жалпақ жапырақты ормандар өседі. Орманның шалғынды белдеуінде қопалы бұталар арасында өрік, күнгей беткейлерінде казақ аршасы, кейде майқарағай (Жоңғар Алатауы), бұталар, арша аралас шырша, жалпақ жапырақты ормандар кездеседі. Шөптесін жамылғысында түрлі шөпті астық тұқымдастар, шебер шөпті, тарғақ шөпті астық тұқымдастар (қияқ және қазтамақ), теңге жапырақты өсімдіктер өседі. Биік таулық белдеуде, шымтезектілеу топырақта шыршалы селдір орман, арша, астық тұқымдас турлі шөпті шалғындар кездеседі. Альпілік зонада альпі шалғыны және кобрезия өседі.

Батыс Тянь-Шаньның тау алды зонасының төменгі белдеуінде эфемерлер, бидайық, арпа, арпабас көп өседі және бұлармен бірге эфемерлі, астық тұқымдас бидайықты арпабас т. б. өсімдік түрлері өседі. Турлі шөпті астық тұқымдас өсімдікті шалғындар әдетте карбонатты топырақты жерлерде таралған. Бұл зонадан жоғары бетеге, жусан және астық тұқымдастар, кейде бірен-саран Зеравшан аршасы, алма ағашы, жемісті бұталар кездеседі. Құрамында прангос, сасыр сияқты астық тұқымдас өсімдіктері бар биік шөпті шалғындар да бар. Өзен бойындағы орманның сұр топырағында шалғын шөп аралас тал, тікен жиде, қайың, алма және жаңғақ орманы өседі.

Шалғынды орман зонасында арша түрлерімен (кәдімгі арша, зеравшан аршасы, жартылай шар тәрізді арша) араласа астық тұқымдас шөпті шалғын өседі. Шайылған қызыл қоңыр және қоңыр түсті таудың шалғынды топырағы тараған.

Субальпілік өсімдіктер түркістан аршасынан, сұлыбас, жоңғар түлкі- құйрығы, селдірек аралас турлі шөпті, бетегелі өсімдік топтарынан тұрады.

Альпілік өсімдіктер түрлі шөпті шалғынды бетегелі (Крылов бетегесі), шалғынды дала және қарагүлді қияқты, сазды шалғындықтардан құралған.

Алтайдағы тау алды егіншілікке пайдаланылады, кейбір жерінде бақ өсіріледі. Табиғи шалғындықтардың шөбі қалың болады. Альпілік шалғындықтардың биік шөбі көбіне жазда мал жайылымына пайдаланылады. Ормандарының да шаруашылықтық маңызы зор.

Солтүстік Тянь-Шаньның тау бөктері мен тау алды жазығы суармалы және тәлімі егіншілікке пайдаланылады, бақ есіру де дамыған. Табиғи шөпті алқаптардан пішен шабылады, мал жайылады. Батыс Тянь-Шань беткейлерінің тым тіктігіне байланысты пішен шабуға қолайсыз. Лөсс топырақты тау алды суармалы дақылдар мен бақ есіруге пайдаланылады. Мұнда жабайы жеміс ағаштарының (алма, сары долана, шетен, қарақат, жаңғақ) өнімдері жиналады.

Жабайы өсетін пайдалы өсімдіктер. Қазақстан флорасында жабайы өсетін тағамдық, дәрілік, хош иісті, бояулық өсімдіктердің жуздеген түрлері бар.

500-ге жуық дәрілік өсімдіктердің түрі кездеседі. Бұлардың ішінде Қазақстанда кең таралған күрделі гүлділер тұқымдасының эфир майлы өсімдіктерінің маңызы зор. Әсіресе жусан туысы түрлері көп. Республика жерінде таралған 82 түрінің 54-і (ермен, қасқа жусан, Шренк жусаны, Лессинг жусаны, боз жусан, суық жусан, дермене т. б.) эфир майлы құнды өсімдіктер саналады. Бұлардың көпшілігі мал азықтық құнды шөп. Кең тараған түймедағының құрамында антисектид зат есептелетін пиретрин болады. Әдетте бұл екпе далмат түймедағынан алынады. Жабайы түймедақта пиретриннің шикізат сапасы төмендеу қоры өте мол. Кең тараған эфир майлы өсімдіктер қатарына шатыраш шалфей, жыланбас, көкбас, жалбыз, киікоты, жебір, зире т. б. жатады.              

Казақстанда өсімдік майын алуға болатын майлы өсімдіктер де аз емес. негізінен бұлар крест гүлділер тұқымдасында көбірек (қыша-сурепка, жабайы шомыр, индау, арыш т. б.). Дәрілік маңызы бар Черняев ақскурайы, қондырма гүлді сирения, бұршақкынды сирения сияқты өсімдіктер толық зерттелмеген.

Сүттіген тұқымдасының барлық түрінің тамырлық бөлігінде флавоноид және кумарин қосындылары болады. Бұл заттар әсіресе сырдария сүттігенінде, алатау сүттігенінде, тянь-шань сүттігенінде түзілетіні анықталды. Казақстандағы мұндай сүттіген түрлері - биологиялық активті заттар алудың бай көзі.

Іле және Жоңғар Алатауында былғары өндірісінде тері илеуге керекті өсімдіктердің көптеген тобы өседі. Бұлардың негізгілері - илік таран, түйе жапырақ, Максимович түйе жапырағы, жүрекше түйе жапырақ, тянь-шань қымыздығы, иілік қарақұмық.

Дәрілік препараттар дайындауда қызыл мияның маңызы күшті. Қазақстанда өсетін 5 мия түрінің ішінде қызыл мия мен мия тамырының кәсіптік маңызы бар. Бұл тек медицина мен кондитер өнеркәсібінде ғана емес, металлургияда да пайдаланылады және экспортқа шығарылады. СССР-де Қазақстан - мия кәсіпшілігі жағынан ертеден дамыған аудандардың бірі. Миядан басқа жабысқақ шайырлы ақбас жусан, аюқұлақ, бақ-бақ, шүйін шөп, меңдуана, жоңғар уқорғасыны, тәтті ащыалқа, жалбыз-тікен, ақ сырттан, шеркөз, құм шөп-шайы, ит ошаған, түйе жоңышқа, шөл жуасының т. б. үлкен маңызы бар. Қылшаның шөлді жерде өсетін түрлерінің құрамында эфедрин болады, бұл медицинада тыныс алу жолдары ауруларын емдеуге қолданылады, ал құмда өсетін лаңсаның кейбір түрлерінен стрихнинге ұқсас эхинопсин алынады.

Түркістан боз тікенінің де үлкен маңызы бар. Бұл - жер бетіндегі ең жақсы сапонинді өсімдіктердің бірі. Мұны медицина, бояу, тоқыма және тамақ өнеркәсіптерінде пайдаланады. Бұл өсімдік тамыры экспортқа да шығарылады.

Қазақстанда витаминді өсімдіктердің де көптеген жабайы түрі өседі. Тянь-Шаньның ормандарында жеміс-жидек ағаштары мен бұталары(грек жаңғағы, бадам, алма, өрік, тянь-шань шетені) көп өседі. Алтай тауларында қарақат, таңқурай, сиыр бүлдірген, тікен жиде, бүлдірген көп болады. Аршаның барлық түрінде де медицина, тамақ және парфюмерия өнеркәсібінде пайдаланылатын эфир майлар көп болады. Аршаның эфир майы экспортқа шығарылатын «Дуаза» темекісіне, сабын, шампунь сорттарына хош иіс беруге, арақ-шарап өндірісінде қайнатпа дайындауға пайдаланылады.

Шөлді өңірлер өзендерінің жайылмасында өсетін жыңғыл мен тал тері илеуге көп қолданылатын илік шикізатының мол көзі. Кең аумақты қамтып жатқан қамыс, ши қопалары қағаз жасау, құрылыс материалдары өндірісіне қажет әрі маңызды отын. Жиде жемістерін жергілікті халық тағам түрлерін дайындауға пайдаланады. Сексеуіл ағашы өте берік келеді және активті көмір дайындауға жарамды, сондықтан оның техникалық маңызы бар. Шөлде тараған адыраспан жемісінің құрамында матаға қызылкүрең не қызыл түс беретін бояу зат болады. Қазақстанның әр түрлі өсімдік қорып пайдалану үшін бұларды нақты есепке алу керек, қорғау және ұқыпты пайдалану шараларын белгілеу қажет. Сонда ғана өсімдік қоры тиімді пайдаланылады және қоры молая түседі.

Әдеб.: Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.70-74. Герасимов И. П., Рязанцев С. П. История географических исследований Казахстана, в кн.: Казахстан, М.-Л., 1950; Валиханов Ч. Ч. Избр. произв., А.-А., 1953; Пальгов Н. Н. Географическая наука в социалистическом строительстве Казахстана. в кн.: Наука в Казахстане за сорок лет Советской власти. А.-А., 1957; Бирмагамбетов А. Основные этапы географических исследований Казахстана. в кн.: Утемагамбетов М. М. Физическая география Казахстана. -А.-А., 1967; Бейсенова А. С. Некоторые итоги физико-географических исследований Казахстана довоенного времени (1917-1941 г. г.), в сб.: География, в. 2, 1970.Очерки по физической географии Казахстана. -А.-А.,1952; СваричевскаяА. Геоморфология Казахстана и Средней Азии. Л., 1965; Утемагамбетов М. М. Физическая география Казахстана. А.-А., 1967; Казахстан. М., 1969; Жандаев М. Ж. Геоморфология Заилийского Алатау и проблемы формирования речных долин. А.-А., 1972.Щерба Г. Н. Геотектоногены и рудные пояса. А.-А.,1970; Абдулин А. А.Геология Мугоджар. А.-А., 1971; Борукаев Р. А., Ляпичев Г. Ф. Складчатые комплексы Восточного Казахстана. в сб.: Вопросы геологии Казахстана. А.-А„ 1971; Беспалов В. Ф. Геологическое строение Казахской ССР. А.-А., 1971; его же, Тектоническая карта Казахской ССР и прилегающих территорий Союзных республик масштаба 1:1 500 000 (Объяснительная записка), А.-А., 1975.Кумпан А. С. Верхний палеозой Восточного Казахстана. М., 1966; Бандалетов С. М. Силур Казахстана. А.-А., 1969; Беспалов В. Ф. Геологическое строение Казахской ССР. А.-А., 1971; Никитин И. Ф. Ордовик Казахстана.-ч. 1-2, А.-А., 1972-1973; Допалеозой и палеозой Казахстана, т. 1-2, А.-А., 1974.Металлогенические и прогнозные карты, А.-А., 1959; Чакабаев С. Е. и др. Геология и нефтегазоносность Южного Мангышлака. А.-А„ 1967; Есенов Ш. Е., Кунаев Д. С., Мухамеджанов С.М. Недра Казахстана. А.-А., 1968.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-04-17 17:09:54     Қаралды-853

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »