UF

ҚАЗАҚСТАННЫҢ РОССИЯҒА ҚОСЫЛУЫ

Россия мен Қазақстанның арасында 16 ғасырдың аяғынан бастап ұзақ уақыт бойындағы экономикалық және саяси байланыстар дамыды. Бұл Қазақстанның Россияға қосылуының бірден-бір дайындығы еді. Россияға Қазан (1552) және Сібір (1582) хандықтарының қосылуы нәтижесінде Россия мемлекетінің шекаралары қазақ даласына жақындай түсті. Тікелей көрші болу орыстардың қазақтармен қалайда қарым-қатынас жасаудың мүмкіндігін туғызды, сауда қатынасы жанданды. Бұған Россияның шет аймақтарында бекініс қалалардың: Тараның (1587), Томскінің (1604) және басқа бекіністердің орнауы объективті түрде көмегін тигізді; бұл бекініс қалалар орыс шекарасын сыртқы шапқыншылықтан қорғау үшін салынса, кейіннен олар айырбас сауда пункттеріне айналды.

Россияның Қазақстанға назар аударуы 16 ғасырдың аяғынан бастап күшейе түсті. Бұл кезде Россияның Хиуамен және Бұхармен дппломатиялық сауда қатынастары, Орта Азия хандықтарының қалалары мен қолөнер орталықтарында орыс көпестерінің транзит саудасы қазақ даласы арқылы жүріп жатты. Кәсіпқой көпестер - Строгановтар аң терісіне бай өлкеге қол жеткізу үшін Кама сауда жолы арқылы Сібірмен екі арадағы сауданы жолға қоюға тырысты. Строгановтардың приказчиктері Сібірдің шет аймақтарына жақын тұратын қазақтармен айырбас сауда бастады. 1573 жылы Қазақстанға Т. Чебуковтың елшілігі жіберіліп, оған қазақ-орыс сауда қатынастарын дамытуға көмектесу міндеті жүктеллі. Бұл елшіліктің сәтсіздікке ұшырағанына қарамастан, Қазақстан мен Россия мемлекеті арасындағы сауда және саяси байланыстары әлсіреген жоқ. Бұл жөнінен орыс мемлекетінің Строгановтарға берген грамотасын (1574) айтуға болады. Онда Строгановтарға Сібірдегі игерілген жерлерінің бәрінде және ондағы орта азиялық хандықтар мен қазақ даласынан келген саудагерлермен баж салығынсыз сауда жасауға рұқсат берілген.

16 ғасырдың 90 жылдарында Москва мемлекеті Қазақ хандығымен байланыс жасағанда мынадай мақсатты көздеді: Сібір ханы Көшім мен Бұхар ханы Абдуллаға қарсы күресте Қазақ хандығын пайдалану керек болды. Қазақтарды орыс азаматтығына қабылдау туралы мәселе сол кезде бірінші рет көтерілді. Мұны бастаушы қазақ ханы Тәуекел еді. Ол екі майданда - Сібір ханы Көшімге және Бұхар ханы Абдуллаға да қарсы соғысып жатқан болатын. 1594 жылы Тәуекелдің елшісі Құлмұхаммед Москвада жылы ықыласпен қарсы алынды. Тәуекелдің туысы Оразмұхаммед сұлтанның елге қайтуына рұқсат сұрауы бұл елшілікті жіберуге сылтау болды. Қазақ елшісі қазақтарға әскери көмек көрсетуді өтінді, сөйтіп бұл көмек ортақ жауға қарсы пайдаланылады деп уәде берді. Сондай-ақ Құлмұхаммед Қазақ хандығын Россияның қарамағына алу туралы Тәуекелдің өтінішін де айтты. 1595 жылдың мартында патша Иван Федорович қазақтарды орыс азаматтығына қабылдау туралы Тәуекелге сенім грамотасын берді және оған әскери көмек көрсетуге уәде етті. Сол жылы Москвадан орыс елшісі В. Степанов Тәуекелге барды. Алайда Степановтың елшілігі қазақтардың Россия азаматтығына көшуін баянды ете алмады. Дегенмен, қазақ-орыс қатынастарын дамытуда, орыс үкіметі мен қазақ билеушілерінің арасында тікелей саяси байланыстар орнатуда елшілік едәуір роль атқарды.

Оқиғалардың бұдан кейінгі барысы байланыстардың нығайып, дамуына жәрдемдесті. Россияның және Қазақ хандығының шекараларына жоңғарлардың қауіп туғызуы бұл ретте аз роль атқарған жоқ. Жоңғар билеушілерінің сыртқы басқыншылық саясаты удей түсті. Малға жайлымды ұлғайту мақсатымен жоңғар тайпаларының бірі - торғауыттар Еділге дейін жетіп, 1630 жылы оның төменгі ағысына қоныстанды. Жоңғарлардың басқа отряды 1634 жылы Батыс Сібірде Тюмень және Тара уездеріне, 1640 жылы Уфа аймағына және Оралдың төменгі жағына шапқыншылық жорықтар жасады. Жоңғарларды Жетісудың бай жайылымдары да қызықтырды, олар мұнда 1643 жылы басып кірді. Осы шапқыншылықтардың нәтижесінде Жоңғар хандығы 17 ғасырдың ортасында Алтай, Тянь-Шань және Гоби шөлі аралығындағы кең байтақ жерлерді алып жатты.

Жоңғар билеушілерінің агрессиялық әрекеттері қазақ хандарын, сондай- ақ орыс үкіметін өздерінің күштерін де «ойрат қатеріне» қарсы біріктіруге ұмтылдырды. 1616 жылдың өзінде-ақ Тобыл воеводасы Куракинге шекараны қорғауға және жоңғарлардың Ертісті бойлай ілгерілеуіне, Сібір қалаларына қарай жақындауына жол бермеу үшіті қазақ ханы Абылаймен бірлесіп шара қолдану тапсырылған болатын. 1630 жылы қалмақ тайпаларын орыс азаматтығына алғанда, оларға қазақ хандығы мен башқұрт жерлеріне өтпеуге, өздерінің көшіп-қонатын жерлерін ғана мекендеуге шарт қойылды. Бұл шара қазактарды Россия жағында ұстап тұруға әрі жоңғарлармен соқтығыс бола қалған күнде қазақтармен серіктесу үшін жасалған еді.

Жоңғар феодалдарының агрессияшыл пиғылдары қазақ билеушілерін Россиямен жақындасуға мәжбүр етті. Бұл жөнінен Тәуке ханның қазақ-орыс байланыстарын нығайтуға бағытталған қызметі назар аударарлық. Алайда ақсүйектер оның бұл қызметіне қарсылық көрсетті. Мыс., беделді қазақ феодалдар тобының қарсылығы салдарынан Ф. Скибин мен М. Трошиннің 1694 жылғы елшілігі табысқа жете алмады, бұл елшілік тұтқындағы орыстарды қайтару және шекарадағы жанжалдарды тоқтату туралы талап қоюды мақсат тұтқан еді. Бұған қарамастан, Тәуке хан өзінің саясатында орыстар мен қазақтардың жақындасуы үшін табандылықпен көптегеп әрекеттер жасады. 1686-1693 жылдарда Сібірге бес рет елшілік жіберді.

17 ғасырдың аяғындағы орыс-қазақ қатынастарының нығайтылуына Россия жағы да қазақ ханы Тәукеден және оның төңірегіндегілерден кем мүдделі болған жоқ. Россия үкіметіне Қазақстандағы ықпалын нығайтуға нақты, қажетті алғы шарттар жасау үшін өз тылын нығайтып, шекарасын жоңғарлардың шапқыншылығынан қауіпсіздендіру керек болды. Тарихи тәжірибеге қарағанда, Жоңғар хандығының күшеюіне мүдделі болмаған Россия қазақтардың жоңғарларға қарсы күресіне жәрдемге келуге мүдделі еді. Оның үстіне көреген қазақ билеушілері де Россияга сүйенбейінше сыртқы қауіпті жоюға болмайтынын да түсінді. Сонымен қатар шекарасын сыртынан қорғап тұратын Қазақ хандығымен достық ниетте болуды қолдады.

Жоңғар шапқыншылығының жиілеуіне байланысты Россиямен қарым- қатынасты жақсарту 18 ғасырдың басынан бастап қазақ хандықтарының өміріндегі міндетке айналды. Осы кезеңде Россиямен Қазақстан аралығында елшілердің барып-келуі жиіледі. Бұл елшілердің ішінен Қайып ханның Б. Екешев пен Б. Бөриев бастаған 1716 жылғы сентябрьдегі елшісін, оған жауап ретінде 1717 жылдың аяғында келген Н. Белоусов бастаған орыс елшісін, сондай-ақ Әбілқайыр ханның Шабу мен Баһадур бастаған 1718 жылғы октябрьдегі елшілігін т. б. атауға болады. Осы елшілердің қызметі нәтижесінде Россия әкімдері мен қазақ билеушілері арасында жоңғарларға қарсы бірлесіп күресу туралы келісімге келуге нақты мүмкіндік туды. Бірсыпыра жағдайларға байланысты қазақ хандарымен жүргізілген келіс-сөздердің бірде-бірі аяғына дейін жеткізілмеді, бірақ мұндай келіссөздің жүргізілуі екі жақтың да оған мүдделі болуы қаншалықты маңызды болғанын білдіреді.

Қазақтар үшін Россиямен жақындасудың қажеттігі - саяси жағынан қарағанда сыртқы шабуылдан қорғану әрі экономикалық қатынасты дамыту мәселесіне байланысты еді. Сібірді шаруашылық мақсатына сай игеру мұнда бірқатар бекініс-қалалардың салынуы, солар арқылы қазақ даласына төте жолдың ашылуы Россияның Қазақ хандығымен сыртқы сауда байланысының дамуына жәрдемдесті. Қазақтардың Россиямен екі арадағы саудасының дамуына Тобыл зор роль атқарды, оған Түркістанның саудагерлері үнемі келіп тұрды.

Қазақтардың орыстармен сауда байланыстары Россияның оңтүстік-шығыс шет аймақтарында да басталды. 1613 жылы Жайық қалашығының (қазіргі Орал), ал 1640 жылы Гурьевтің іргесі қаланғаннан кейін мұнда сол маңдағы көшпелі қазақтар сауда жасау үшін келіп тұратын болды. Қазақ даласымен шекаралықта жаңа бекініс қалалардың салынуы өзара товар айырбасының дамуына себешпі болды, атап айтқанда, қазақтың мал шаруашылығы өнімдерінің орыс рыногына өтуіне, қазақтардың астық, қолөнер бұйымдарын сатып алуына жағдай туғызды. Сонымен Қазақстанның Россиямен жақындасуына экономикалық алғы шарттар да туды.

Петр I тұсында Россияда байқалған экономикалық өрге басу өз тарапынан оның шығыс елдерімен сауда байланыстарын күшейтуді қажет етті. Орта Азия хандықтарымен ғана емес, сонымен қатар Иранмен, Қытаймен және Үндістанмен сауда және экономикалық саяси байланыстар орнату мәселелеріне Петр I ұдайы көңіл бөліп отырды. Ал ол елдерге баратын жол Қазақстан арқылы өтетінді. Сондықтан Петр І өзінің Шығыс саясатында Қазақстанға ерекше назар аударды, өйткені қазақ даласын саяси және экономикалық жағынан игеру орыс сауда капиталына Шығыстың рыноктарын ашатын жол еді.

Жоңғар басқыншыларының қазақ жеріне басып кіруімен байланысты қазақ хандықтары үшін өте-мөте ауыр жағдай туды, бұл 1723 жылы әбден шегіне жетіп асқынып та бітті. Бұл жыл тарихқа «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен енді. Жонғар шапқыншылығы онсыз да саяси бірлігі жоқ қазақ халқын қатты есеңгіретіп, оның одан сайын ыдырай беруіне әсер етті. Малдың жаппай қырылуы, жайлымдықтардан айрылу шаруашылық дағдарыстың асқындауына әкеп соқтырды, ал мұның өзі билеп-төстеуші ақсүйектер арасындағы саяси қайшылықтарды бұрынғыдан да күшейтті. Сөйтіп, 18 ғасырдың 30 жылдарының басында қазақ хандықтары аса терең саяси және экономикалық дағдарысқа душар болды. Іштей өзара қырқысу елді жегідей жеді, халықтың шаруашылық тіршілігінің негізі болып табылатын көшпелі мал шаруашылығы құлдырап кетті: ол көшіп-қону саласында томаға-тұйық қалып қойды да, егіншілік аймақтары мен қолөнер орталықтарынан ежелгі байланыстарын үзді. Қазақтардың кейбір білікті мемлекеттік қайраткерлері мұндай жағдайдан шығудың бірден-бір амалы Россияның қол астына көшу деп білді. Шын мәнісінде қазақ халқының одан арғы тағдыры осы мәселенің шешілуіне байланысты еді.

Россия азаматтығын қабылдауды алғаш қолға алған Кіші жүздің ханы Әбілқайыр болды. 1725 жылдың бас кезінің өзінде-ақ ол Россия азаматтығын қабылдау мәселесі жөнінде патша үкіметімен келіссөздер жүргізу үшін өзінің елшісі Қойбағар Көбековты Петербургке аттандырды. Алайда Жоңғар хандығымен қақтығысу мүмкіндігінен қауіптенген және қазақтарды орыс азаматтығына қабылдаудан түсетін тікелей пайда жоқ деп есептеген патша үкіметі Әбілқайырдың өтінішін жауапсыз қалдырған. Сыртқы істер коллегиясының шешімінде «оларды ұлы мәртебелі императордың қамқорлығына алудан келер пайда жоқ секілді» деп сыпайылап жаза салынды.

Алайда Әбілқайыр сыртқы саясатта таңдап алған бағытынан - Россиямен байланысты нығайтудан айныған жоқ. Кіші жүз старшындарының жиналысында Жоңғар хандығына қарсы Россиямен әскери одақ құруға шешім қабылданған соң, 1730 жылы келіссөздер қайта басталды. Старшындар жиналысы Әбілқайырға осы мәселе жөнінде патша үкіметімен келіссөздер жүргізуді тапсырды. Әбілқайыр өзіне берілген екілдікті асқақ пайдаланып, Жоңғарға қарсы әскери одақ құру туралы ұсыныс жасаудың орнына, Россияның азаматтығына қабылдау туралы ұсынысты қайтадан жаңғыртты. Канцлер Г. Голавкинге жолдаған хатында, ол өзінің Россияға қосылу туралы өтінішін қол астындағы барлық қазақ руларының тілегі болып табылады деп жазды.

Әбілқайыр ханның С. Құндағұлов пен К. Көштаев бастаған елшісі 1730 жылы сентябрьде Уфаға барып, патша әкімдеріне қазақтарды Россия азаматтығына қабылдауды өтініп, император Анна Ивановнаның атына жазылған хатты табыс етті. Әбілқайыр және оның елшілері, Россия азаматтығын қабылдау Кіші жүз бен Орта жүздің қазақ руларының тілегі бойынша деп, ерекше атап көрсетті. Әбілқайырдың өтінішіне ресми жауап ретінде император Анна Ивановна 1731 жылғы 19 февральда Кіші жүзді Россия азаматтығына қабылдауға рұқсат етілген кепілдеме грамота бекітті.

Россияның азаматтығын қабылдағанда Әбілқайыр Жоңғар хандығына қарсы күресте Россия империясының күш-қуатына сүйенуге үміттенді, Россиямен екі арадағы сауданы ұлғайтпақ болды, Жайық пен Еділ арасындағы жайлымдықтарды пайдалануға дәмеленді. Мұнымен қатар Әбілқайыр Россия азаматтығын қабылдап, Кіші жүзде өзінің жеке басының хандық билігін орыс қаруының көмегімен нығайтпақшы еді.

Ал патша өкіметі қазақтарды Россия азаматтығына қабылдағаннан кейін ең алдымен өзінің Шығыстағы сыртқы саясатын жүзеге асыру үшін Қазақстан жерін стратегиялық тіректі базаға айналдыруды мақсат етті. Осыған байланысты патша үкіметі қазақтар соғыс тарапындағы істерді орындауға да міндетті деп білді.

Россия үкіметі қазақтарды өзінің протекторатына қабылдау империяның оңтүстік-шығыс шекарасын қауіпсіз етеді, қазақтардың билеушілері және орта азиялық сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді деп те жорамалдады. Сонымен патша үкіметінің Қазақстан жөніндегі саясатынан, әуелден-ақ Россия империясының экономикалық және әскери саяси мүддесі байқалды.

Ханға патша грамотасын табыс ету үшін және сұлтандар мен старшындардан ант алу үшін Петербургтан Әбілқайыр ордасына орыс елшілігін жіберу ұйғарылды. Елшілікті сыртқы істер коллегиясының Шығыс тілдерінің тілмашы А. И. Тевкелев басқарды.

Патша үкіметі Россия азаматтығын қабылдауды Кіші жүздің барлық сұлтандары мен старшындары қолдайды деп сенген еді. Алайда Тевкелев Ырғыздағы Әбілқайыр ордасына келгенде (1731 ж. апрельде) ханның пікірін старшындардың барлығы бірдей жақтамайтындығы анықталды. А. И. Тевкелев бастаған елшіліктің жазбасында Россия азаматтығына қабылдау туралы мәселе төңірегінде әр түрлі феодалдық топтардың өзара аяусыз қырқысқаны айтылады. Осы кездегі Кіші жүздің ішкі саяси жағдайы мынадай еді: феодалдық бытырандылық үстем болатын, Әбілқайырдан басқа хандық правомен билік жүргізген билер мен сұлтандардың да иеліктері болды. Сондай-ақ толып жатқан ру басыларының ықпалы әлі де күшті еді. Әбілқайырдың жеке дара билікке ұмтылуы өз жағдайынан қауіптенген феодалдардың бір бөлігінің үзілді-кесілді қарсылығына кездесті.

1731 жылы 10 октябрьде Кіші жүз ханы Әбілқайыр, Орта жүздің беделді батыры Бөгенбай, оның туысы Құдайназар, Кіші жүздің старшыны Есет және Кіші жүздегі рулардың көпшілік бөлігінің өкілдері болып 27 старшын Россия азаматтығына адалдыққа ант берді. Бұл Қазақстанның Россияға қосылуының бастамасы еді.

Басқа да қазақ феодалдарының осындай ант беруі үшін тағы да біраз уақыт керек болды. 1732 жылдың аяғында Тевкелев өзінің миссиясын аяқтап, 1733 жылдың 2 январында Уфаға қайтты, Әбілқайырдың патша сарайына аттандырған елшілігі де онымен бірге осында келді. Елшілік 1734 жылдың январында Петербургке барды, онда жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде Кіші жүздің Россияға қосылуы біржола ресми қабылданды.

Патша өкіметі жаңа қосылған қазақ жерлерін Шығыс елдеріне өту кілті деп есептеп, ондағы өзінің позицияларын нығайту үшін 1734 ж. майда Орынбор экспедициясын ұйымдастырды. Оны сенаттың обер-секретары X. К. Кириллов басқарды. А.И.Тевкелев оның көмекшісі болып тағайындалды. Экспедицияның алдына Россия мен Шығыс елдері арасындағы сауданың тірек пункттері болуға тиісті бекіністер салу, жаңа қосылған қазақ жерлерін жан-жақты зерттеу, оның ішінде бағалы кен байлықтарын табу үшін геологиялық барлау жүргізу міндетін қойды. Ақырында, Кирилловқа Орга жүз бен Ұлы жүзден ант алу, Сырдарияда кеме тоқтайтын орны бар бекініс салу тапсырылды. Алайда Башқұртстанда 1734-1738 жылдар болған көтеріліс Орынбор экспедициясының кең көлемді жоспарларының іске асуына бөгет жасады. Кириллов өзінің бар назарын енді осы көтерілісті басуға аударуға мәжбүр болды.

Үздіксіз соғыс зардаптарынан және рулар арасындағы тартыс пен барымтадан әбден титықтаған қара шаруалар бұқарасы Россиямен одақтасуға, онымен татулыққа мүдделі еді. Деректемелердегі пікірлерге қарағанда, Россия азаматтығына қабылдау туралы өтініштің мәні «хандар мен олардың сұлтандарының масқара озбырлықтарынан құтылуды, сөйтіп Россияның қол астындағы басқа көшпелі халықтар сияқты тыныштықты көбіне-көп тілеу болды».

Кіші жүз Россия азаматтығын қабылдағаннан кейін қазақтардың біршама тыныштықта өмір сүруі олардың мал шаруашылығын қалпына келтіруге мүмкіндіктер жасады. Шекара маңындағы қалаларда сауданың дамуы да осыған жәрдемін тигізді. Мал шаруашылығының қажеттері орыс әкімшілігін қазақтармен екі арадағы сауда-саттықты барынша көтермелеуге ынталандырды.

Кіші жүздің Россияға қосылуы Орта жүздің де осындай шешімге келуіне алғы шарттар туғызды. Кіші жүздегі руларды Россия азаматтығын қабылдауға итермелеген ішкі-сыртқы және экономикалық себептер жоңғар шапқыншылығынан әлдеқайда күшті зардап шеккен Орта жүзде де сезілген еді.

1731 жылдың аяғында Әбілқайыр мен Бөгенбай өздерінің өкілдерін Орта жүз ханы Сәмекеге жіберіп, Россия азаматтығын қабылдауға ұсыныс жасады. Сонымен бір мезгілде. А. И. Тевкелевтің тапсырмасы бойынша Орта жүзге осы секілді ұсыныспен башқұрт старшыны Таймас Шаимов та аттандырылды. 1731 жылы декабрьде Орта жүздегі рулардың бір бөлігі атынан Сәмеке Россияға адал болуға ант берді, мұның өзінде ол «Россияның азаматы болуды Әбілқайырдың айтуымен емес, өз ықтиярымен қалап алғанын» ерекше атап көрсетті. Алайда Сәмеке өзінің бұл шешімінде тым дәйексіз болып шықты. Ол адалдық жөнінде берген антын талай рет бұзып, Россия азаматтары - башқұрттардың жеріне шапқыншылық жасады. Біртіндеп тыныш өмір сүруге ұмтылу Орта жүз қазақтарында да басымдық алды, оның бер жағында башқұрттарға шапқыншылық жасау адам шығыны мен зияннан басқа ештеме берген жоқ. Оның үстіне Жоңғар басқыншылығының қаупі де жойылған жоқ еді. Мұндай жағдайда Россия азаматтығын қабылдау туралы қайтадан ант беру арқылы көрші елдермен бітімге келуде жоғарғы келістіруші ретінде Россия үкіметіне үміт артып, жоңғарлар басып кірген жағдайда Россияның күш-қуатына сүйенуге болатын еді. Сәмеке Россияның қол астына кіру туралы жаңадан өтініш берді. Император Анна Ивановнаның 1734 ж. 10 июльдегі грамотасы арқылы бұл өтініш қанағаттандырылды.

Сәмеке ханнан кейін Орта жүздің басқа билеушілері де Россиямен жақындасу үшін қадамдар жасады. Мыс., 1735 жылы декабрьде Күшік хан және сұлтандар Барақ пен Керей, басқа да бірқатар батырлар Орта жүзге елшілік жіберілуін өтінді; бұл елшілік Россия азаматтығын қабылдауды ресми хаттауға тиісті болды. И. К. Кирилловтың орнына тағайындалған В. Н. Татищев 1738 ж. съезд шақырды, онда Кіші жүз бен Орта жүздің билеушілері 1731 ж. берілген антқа адалдықтарын тағы да растады.

Орынбор комиссиясының жаңа бастығы князь Урусовтың ұсынысымен өткізілген Кіші жүз бен Орта жүз старшындары мен сұлтандары өкілдерінің 1740 жылғы 2-съезі де Қазақстанда патша үкіметінің орнығу мақсатын алға қойды. Съезге келген Орта жуз ханы Әбілмәмбет пен сұлтан Абылай Россия азаматттығын қабылдауды жақтады. Келіссөздердің нәтижесінде 1740 жылы Орта жүз бен Кіші жүздің 300-ден астам старшындары мен сұлтандарының антымен Россия азаматтығын қабылдау баянды етілді. Сөйтіп, бұл арқылы Орта жүздің едәуір бөлігінің Россияға қосылуы аяқталды.

Әбілмәмбет ханның, Абылай сұлтанның және старшындардың 1740 жылы ант беруі шындығында Орта жүздің Россияға қосылу процесінің тек бастамасы ғана еді, қосылуды іс жүзінде және біржола аяқтау үшін әлі көп уақыт керек болды. Россия азаматтығы Орта жүздің барлық руларына бірдей тараған жоқты. Орта жүздің беделді сұлтаны Барақ өзінің қол астындағы Найман руының қазақтарымен бірге тек 1742 жылы ғана Россия азаматтығын қабылдады.

Орта жүздің Россияға қосылуының біржолата аяқталуына оның көшін- қонатын жайылымдарының алыстығы, Россиямен экономикалық байланыстың нашарлығы, сондай-ақ кейбір билеушілер позициясының тұрлаусыздығы бөгет жасады. Жоңғар феодалдарының Орта жүзді Россиядан бөлентеп тастауға тырысуы да аз әсер еткен жоқ.

Кіші жүз бен Орта жүз Россияға қосылғаннан кейін тұтас бір ғасыр бойына патша өкіметінің Қазақстандағы билігі тек осы территорияға ғана тарады. Қазақ жерлерінің едауір бөлігі (оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандары) Россия империясының ықпалынан тысқары қала берді, ол жерлер Орта Азия хандықтарына (Хиуа, Қоқан, Бухар) тәуелді болды.

Россия мен Орта Азия хандықтарының арасында да белгіленген шекаралардың жоқтығы ұдайы шекара жан-жалдарына әкеп соқтырды. Жағдайды қиындатқан тағы да бір нәрсе - көптеген қазақ рулары Хиуа, Қоқан жеріндегі иеліктерінде қыстап шыққан соң, жазда Россияға қарасты өздерінің жайылымдық жерлеріне қайта көшіп кетіп отырды. Мұның өзі бұл мемлекеттердің әрқайсысы оларды өз қол астымыздағы халық деп есептеп, түрлі алымдар мен салықтар салуына сылтау болды.

Россияға қосылғанға дейін Орта жүз жекелеген феодалдық иеліктерге бөлінген еді, оларды Абылай ханның ұрпақтары, сұлтандар билеп-төстеді. Осындай иеліктердің болуы және Орта жүз феодалдары арасындағы жиі соғыстар қазақ шаруасын қатты күйзелтті. Саяси жағынан бытыранды Ұлы жүз қазақтары Орта Азия хандықтарының қатал езгісіне тап болды.

Халықты күйзелткен феодалдық соғыстар және орта азиялық хандықтардың қатал езгісі Ұлы жүз қазақтарының өз еркімен Россия азаматтығына көшуінің басты себептерінің бірі болды. Ұлы жүз қазақтары өздері ертеден бері сауда және саяси байланыс жасап келе жатқан Россияға қосылуға ұмтылды. Россияның құрамына кіруге Ұлы жүздің ханы Жолбарыс бастаған беделді старшындар Аралбай, Оразкелді, Қодар, Төле, Ханкелді, Сатай сонау Әбілқайыр тұсында әрекет қылған болатын. Патша үкіметі Ұлы жүзді Россия империясының құрамына қабылдау жөніндегі граммотаға қол қойған еді. Алайда Ұлы жүзді Жоңғар хандығының басып алуы себепті 1734 жылы бұл грамота Жолбарыс пен старшындарға жіберілмей қалды.

1848 жылы Ұлы жүз қазақтары өздерін Россия азаматтығына қабылдау туралы Батыс Сібір губернаторы арқылы патша үкіметіне хат жолдады. 1849 жылы 18 январьда патша үкіметі Ұлы жүздегі қазақ руларының өтінішін қарап, оларды ресми түрде Россияның ерікті азаматтары деп жариялады. Жалайыр тайпасының билеушісі Сүйік Абылайханов қол астындағы қазақтармен бірге Россия азаматтығын қабылдады. Деректемелердегі мәліметтерге қарағанда, еркегі және әйелі бар барлығы 55 462 жан Россия азаматтығын қабылдауға ант берген, олардың қолында 802 359 бас малы болған, осымен байланысты сұлтан С. Абылайхановқа 8-класс чиновнигі деген атақ берілді.

Россияның Ұлы жүздегі ықпалы біртіндеп күшейе берді. Патша үкіметі әрі қорғаныс, әрі тегеурінді сипаттағы бірқатар шараларды іске асыруға кірісті. Бұл шаралар, негізінен алғанда, екі бағытта: әскери (бекініс шептері мен қамалдарды жеделдете салу, орыс шекарасын бойлай казактарды қоныстандыру) және саяси (әкімшілік басқару ісіндегі реформалар) бағытта жүргізілді. Осы кезеңде Қапал, Сергиополь (Аякөз), Лепсі бекіністері салынды. Ұлы жүздің жаңадан қосылған аймақтарын басқару ушін үкімет 1848 жылы «Үлкен қырғыз (қазақ) ордасының приставы» деген лауазым белгіледі, ол Батыс Сібір генерал-губернаторына тікелей бағынатын болды.

1854 жылы Верный (Алматы) бекінісін салғаннан кейін Іле өлкесіне қоныс аударған орыс шаруаларын және қазақтарды қоныстандыру басталды. Жетісу өлкесінің маңызы өсуімен байланысты мұндағы приставтық 1856 жылы Алатау округы болып қайта құрылды, орталығы Верный болды. Округта жаңа сот-әкімшілік ережесі енгізілді. Бұл ереже бойынша, тонаушылыққа, барымтаға және кісі өлтіруге байланысты қылмыстар туралы елеулі істердің бәрі орыс сотының қарауына берілді. Сот ісін жүргізудің жаңа тәртібі объективті роль атқарды. Ол қазақтардың шаруашылығына зардабын қатты тигізген өзара қырқысқан соғыстардың тыйылуына көмектесті.

19 ғасырдың 60 жылдары қазақ жерлерінің Россияға қосылуы аяқталды. Осының нәтижесінде қазақ еңбекшілері Россия пролетариатының азаттық жолындағы революциялық күресіне араласты. Қазақ еңбекшілерінің орыс пролетариатымен тікелей қарым-қатынас жасауы, ұлт-азаттық қозғалысқа орыс пролетариатының белсенді араласуы - қазақ еңбекшілерінің ұлттық және әлеуметтік езгіден толық азат етілуі үшін объективті алғы шарттар жасады. Қазақстанның Россияға қосылуының аса маңызды прогрестік нәтижесі міне осында.

Қазақстанның Россияға қосылуының әлеуметтік-экономикалық және мәдени нәтижесінің де терең мәнді прогрестік манызы болды. Россиямен экономикалық байланыстардың күшеюі және қазақтардың мал шаруашылығына товар-ақша қатынастарының кеулеп өтуі қазақ қоғамындағы патриархаттық-рулық қатынастарды ыдыратып, капиталистік қатынастардың өтуіне көмектесті.

Патша өкіметінің отарлық қатал езгісіне қарамастан Қазақстанның Россияға қосылуы оның өндіргіш күштерінің дамуына елеулі қозғау салды. Қазақтар шаруашылығы бір тұтас букіл россиялық рыноктың игілігіне тартылды. Қазақтар мал шаруашылығы өнімдерін орыстың тоқыма бұйымдарына, темірге және үй ішіне қажетті басқа заттарға айырбастауға мүмкіндік алды. Қазақстанның Россияға қосылуы қазақ халқын артта қалған хандық биліктен (Жоңғар хандығы, Хиуа, Қоқан және Бұхар) езгіден, құлдықтан құтқарды.

Қазақ халқының орыс халқының алдыңғы қатарлы демократиялық мәдениетіне тартылуы үстем болып келген исламның реакциялық-мистикалық идеологиясының негіздерін шайқалтты. Қазақ халқының аса көрнекті өкілдері Ш. Ш. Уәлихановтың, Ы. Алтынсариннің және А. Құнанбаевтың көзқарастары мен творчествосы орыстың озық демократиялық мәдениетінің игілікті ықпалымен қалыптасты.

Патша өкіметінің отарлық саясатына қарамастан, Қазақстанның Россияға қосылуының прогрестік маңызы болғандығы сөзсіз.

18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басындағы Қазақстанның экономикалық дамуы және ішкі-сыртқы саяси жағдайы. Бұл дәуірде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы Россияның біршама озық экономикасының ықпалымен өтті: ол кең-байтақ қыр өлкесінің мешеу натуралды шаруашылығына зор ықпалын тигізді. Отырықшылық пен егіншілікке ауысқан шаруашылықтардың саны көбейді. Сауда дамыды. Натуралды шаруашылық біртіндеп ыдырай бастады. 18 ғасырдың аяғында және 19 ғасырдың басында Кіші жүз бен Орта жүз халқы шаруашылығының дамуы үшін қазақтар бекініс шебі маңында көшіп-қонып жүрген солтүстік, солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс аудандарда анағұрлым қолайлы жағдайлар туды. Айырбас сауда кезінде қазақтар бекініс-қалалар (Орынбор, Троицк, Петропавл, Семей, Ямышев, Өскемен т. б.) мен бекініс шебіндегі қазақтардың және орыс шаруаларының қоныстарына жақын келіп қонды. Солардың тәжірибесін үйренген осы маңның қазақтары 18 ғасырдың 2-жартысында пішен дайындайтын болды. Осы кезден бастап қазақтардың Троицк мен Орынбордан ауыл шаруашылық құрал-саймандарын сатып алғандығы байқалады. Қыстау салатын орынды таңдағанда малшылар негізінен пішен дайындауға болатын шалғындық жерлерге назар аударды. Мұны өз көзімен көргендер бекініс шебі маңында көшіп-қонып жүрген ауылдардың тұрғындары «орыстардан шөп шабуды үйренгенін» айтады. Алайда бұл кезде мал азығын дайындау қазақтарда әлі баяу дамыған еді және ол отырықшылықпен байланыстырылған жоқ. Қыстауда мал азығын дайындап қойған соң, малшы халық мұнда тек қыс түскенде ғана оралады. Сонымен бірге қыстаудың өндірістік маңызы өсе берді: қазақтар сол арадан пішен дайындады, мал қораларын салды. Олардың егістіктері қыстау маңында болды. Қыстау төңірегіндегі учаскелерде, сондай-ақ өзен-көлдің жағасында егіншілікпен айналысқан жатақтар отырықшы тұрмыс құрды. Жер жыртып, егін егу енді ғана басталған еді, сондықтан одан алынған өнім алғашта өз қажеттерін өтеуден онша көп артылған жоқ, ішкі айырбас саудасы болмашы мөлшерде ғана шығарылды. Қазақтар егін салуға тек тың жерлерді пайдаланып отырды. Орыс шаруалары қазақ егіншілерін дәнді-дақылдарды ауыстырып отырумен - үш танапты егіспен таныстырды. Қазақстанның кейбір аудандарында ауыспалы егіс жүйесі ертеден бері болатын, қоныс аударған орыс шаруалары, өздеріне үш танапты егіс дағдылы нәрсе болса да, осы жүйені игерді. Сөйтіп, жергілікті экономика орыс шаруаларының шаруашылығына да өз әсерін тигізді.

Қазақстанның экономикалық дамуы үшін осы дәуірде пайдалы кен байлықтары ашылуының зор маңызы болды. 1768-1774 жылдар Академия ұйымдастырған экспедиция металлургия зауыдтарын салатын орындарды анықтауға, сондай-ақ пайдалы кен байлықтарын зерттеп табудың перспективасын белгілеуге тиісті болды. Орынбордағы И. И. Лепехин, П. С. Паллас, И. П. Фальк бастаған экспедиция отрядтары бұл жөнінен көп жұмыс істеді. 18 ғасырдың 70-80 жылдар Орталық және Батыс Қазақстанда мыс, қорғасын кен орындары ашылды. Торғай облысындағы Қамысты ө. алабында ақ мәрмәр табылды, Шваньгиннің, Риддердің т. б. барлаушы отрядтары Шығыс Қазақстанда пайдалы қазынды кеннің мол қорын ашты. 1784 жылдан Бұқтарма, 1789 жылдан Риддер, 1791 жылдан Зырян рудниктері іске қосылды. Кен орындарына жакын маңда көшіп-конған қазақ шаруасы біртіндеп әуелі қосалқы кәсіпке, одан соң рудниктердегі жұмысқа тартылды. Сонымен бірге олар Илецк мен Коряков форпостындағы (казіргі Павлодар), Эльтон мен Төменгі Басқұншақ көлдеріндегі тұз кәсіпшіліктерінде жұмыс істеді. Еріксіз еңбектің ауыр жағдайында журіп, қазақ кедейлері «жұмыскер адамдарымен» және таяу селолар мен деревнялардағы шаруалармен қарым-қатынас жасады. Феодалдық-крепостниктік езгі жаныштаған орыс және қазақ еңбекшілерінің ортақ мүдделері осылай туды.

Россияның дамуы Қазақстанмен екі арадағы сауданың өркендеуіне себепші болды; бұл сауда қазақтардың малын және мал шаруашылығы өнімдерін өткізуге кең мүмкіндіктер ашты. Алғашқы кезде орыс рыногына малды негізінен феодалдық ақсүйектердің өкілдері: хандар, сұлтандар, байлар сатты. Кейіннен орыс-қазақ саудасына қатардағы шаруа да тартылды. Қазақтар малды және мал шаруашылығы шикізатын Россиядан әкелінген егіншілік өнімдеріне, қолөнері мен фабрика бұйымдарына айырбастады. Жайық бойындағы станицалардың турғындары жылма-жыл 500 мың сомдай ақшаға мал сатып алып отырды. Қазақстаннан жыл сайын сатып алынған малдың жалпы құны 3-3,5 млн. сомға жетті. Бұл малдың біразы - Еділ бойына, Ірбіт, Нижегород жәрмеңкелеріне және басқаларына апарылып сатылды. Сауда тек қалаларда, бекіністі пункттер мен станицаларда ғана жүргізілген жоқ. Орыс көпестері шағын керуендерімен қазақ даласына да аттанды, сөйтіп оны аралап жүріп өз товарларын айырбастады. Бұл айырбас саудадағы балама құн 2 сом күміске бағаланатын қой болды. Саудаға байлар құныға қатысты. Олар орыс көпестерінен комиссияға товар алып, кейіннен ауылдастарына сатты. Алыпсатарлар әдетте товарды ақшаға сатып алып, ауылдарда бұл товарды тоқтыға айырбастады. Товарлар көп ретте сатып алушыға кейін тоқты орнына қой алатын болып көктемге дейін қарызға берілген. Орыс көпестері негізінен қой мен жылқы сатып алды. 1814 жылғы дерек бойынша Бөкей хандығы қазақтарынан 348 710 бас мал, оның ішінде 277 мың қой, 47 242 жылқы, 16 302 ірі қара, 14 066 ешкі сатып алынған. Бөкей (Ішкі) ордасы жыл сайын 2 млн. сомның малын сатты, оны ең алдымен мата бұйымдарға айырбастады. Қазақстаннан Россияға едәуір мөлшерде жергілікті қазақ матасы - шекпендік және алаша, қап т. б. бұйымдар жасауға арналып, өрмекпен тоқылған қалың мата (армячина), сондай-ақ көптеген жүн, елтірі, тері және бағалы аң терілері шығарылды. Россиядан қазақ даласына мәуіті мата, шыт, бөз, қытай матасы әкелінді. Әсіресе кедейлер арзан шыт пен кенепке аса мұқтаж еді. Металл бұйымдар: қазан, ошақ, балта, пышақ және қарапайым ауыл шаруашылық құралдары көптеп әкелінді. Сырдария бойында, Арал маңында және Маңқыстауда көшіп-қонып жүрген қазақтар бұрынғысынша Хиуа, Бұхар хандықтарымен суда-саттығын жүргізе берді. Астыққа, мақта, матаға, қолөнер бұйымдарына айырбастау үшін қазақтар Орта Азия базарына мал, киіз, текемет, өрнектеп тоқылған алаша апарды.

18 ғасырдын аяғында және 19 ғасырдың басында Қазақстан экономикасында болған өзгерістер әлеуметтік қатынастар мен саяси құрылыстағы өзгерістерді тудырды. Бұл өзгерістер ең алдымен қазақ қоғамының құрылымында байқалады: таптық құрамның біршама қайта топтасуы болып жатты, бір әлеуметтік топтың ролінің әлсіреуі, екіншісінің ролінің күшеюі әркелкі өтіп жатты. Ханның билік жүргізуі барған сайын құлдырай берді. Қазақ қоғамының өндіргіш күштерін әлсіреткен феодалдық өзара қырқыстың алдында ол дәрменсіз болып шықты. Хан билігін сақтау Қазақстанда өзінің толық үстемдігін орнатуға тырысқан патша өкіметінің мүдделеріне сай келмеді. 49 ғасырдың 20 жылдарында патша үкіметі әуелі Орта жүзде (1822), одан соң Кіші жүзде (1824) хан билігін біржола жойды. Орта жүз бен Кіші жүздегі әкімшілік реформалар - өлкеде самодервиенің саяси позициясын нығайтуды, орыс сауда-өнеркәсіп капиталының Қазақстанды игеруі үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасалуын камтамасыз етуді көздеді. Ханның билігі жойылғаннап кейін сұлтандардың аз ғана бөлігі саяси өкіметті сақтап қалды. Ал олардың көпшілігі өздерінің бурынғы саяси маңызы мен өкімет билігін жоғалта бастады. Билердің правосына шек қойылды. Батырлар мен төленгіттер сияқты әлеуметтік топтардың өмірінде едәуір өзгерістер болды.

18 ғасырдың аяғында және 19 ғасырдың басында Қазақстанның Россияның құрамына кірмеген жерлері Хиуа және Қоқан хандықтарының қол астында қалды. Сырдарияның теменгі ағысы мен Арал теңізіне іргелес, сондай-ақ Үстірт пен Маңқыстау өңірінде орналасқан жайылымдық жерлерді Хиуа басып алды. Бұл жерлерде қатал феодалдық езгі тәртібі орнатылды. Хиуа хандарының көшпелі тайпалардан жинайтын салықтарының мөлшері жылына 1 млн. сомға жетті. Қоқан хандары жүргізген агрессиялық саясат Хиуа хандарынікінен кем болған жоқ. Әлім ханның тұсында (1799-1809) Қоқан феодалдары Ұлы жүзге қарсы бірқатар шапқыншылық жорықтар жасады. Олар Шымкентті, Сайрамды, Әулие-атаны, Түркістанды басып алды. Омар хан билеген кезде (1809-1822) Қоқанның билігі сырдариялық қазақтарға ғана емес, сонымен бірге Жетісуға да тарады. Халық бұқарасы қоқандық феодалдардың үстемдігіне қарсы талай рет азаттық күресіне көтерілді. Әсіресе Түркістанның, Шымкенттің, Әулиеатаның төңірегіндегі қазақтар қатысқан 1821 жылғы көтеріліс күшті болды.

Қазақтардың Е. И. Пугачев бастаған шаруалар соғысына қатысуы (1773-1775). 18 ғасырдың 1-жартысында, әлі де болса өндіргіш күштің дамуын тежеп келе жатқан феодалдық-басыбайлылық жүйе орын алып отыр еді. Бұл қанау империяның шет аймақтарында, Қазақстанда, оның ішінде, әсіресе Кіші жүзде отарлық қанаумен қоса қабат үдеп тұрғанды. Сол кезде Орал мен Сібір бекіністерін салу, көшіп-қонудың дәстүрлі жүйесіне нұқсан келтірді. Патша үкіметінің Жайық пен Еділ аралығында, Ертістің арғы бетінде көшіп-қонуға тыйым салуы қазақ шаруашылығына әсер етті. Оған қоса Батыс Қазақстанда тұз иелігін жасап, оның өнімін Жайық қазақ-орыс әскеріне сатып алуға міндеттеуі -Кіші жүздің батыс аймағындағы малшылардың жағдайын ауырлатты. Патша өкілдерінің заңсыздығына, әскери күштің ығыстыруына наразылық білдірген қазақтардың шағымына құлақ салмады. Осындай жағдай қазақ еңбекшілерінің наразылығын тудырып, 1773-1775 жылдары шаруалар соғысына қатысуына себепші болды.

18 ғасырдың 2-жартысында Россияда таптық күрес шиеленісті. Заонежье еңбекшілерінің (1709-1771), Москва тұрғындары (1771) және Жайық казактарының (1772) көтерілістерінен кейін Е. И. Пугачев бастаған шаруалар соғысы бұрқ ете түсті. Оған орыс шаруалары, казактар, Орал заводтарында жұмыс істеп жүрген башқұрт, қазақ татар, т. б. халықтардың еңбеккер адамдары қатысты.

Жетіжылдық және 1-орыс-түрік соғысына қатысқан Дон казак-орысы Пугачев Петр III деген ат жамылып, басыбайлы шаруаларды помещиктердің жалшылығынан құтқарып және жерді бүтіндей халық иелігіне беру туралы манифест жариялады.

Көтеріліс жайындағы хабар қазақ ауылына тез тарады. Нұралы хан хатшысын Пугачевқа астыртын жөнелтті. Нұралы Пугачевпен байланыс жасай отырып, бір жағынан Орынбор губернаторына көтерілісшілер отрядының орналасқан жерін, бет алысын мәлімдеп, әрі Пугачевқа қарсы әскери көмек те ұсынды.

1773 жылы сентябрьде көтерілісшілер Жайық қалашығының түбіне келіп, оны қоршап алды. Пугачев негізгі күштерімен Жайықтың жоғарғы ағысына қарай жылжыды. Көптеген бекіністер мен форпостлардың гарнизондары қарсылықсыз Пугачев жағына шықты. Казак станицаларының тұрғындары нан мен тұз алып шығып қарсы алды. Пугачевтың отряды 1773 жылы 5 октябрьде өлкенің әкімшілік, әскери орталығы Орынборға келді. Сол кезде көтерілісшілердің құрамында 2500 адам, 20 зеңбірек болды. 6-7 октябрьде көтерілісшілер қалаға шабуыл жасап тойтарыс алғаннан соң, оны қоршауға кірісті.

Қазақтарды көтеріліске қатыстыруға Пугачев үлкен мән бергенімен, Нұралыны өз жағына қарата алмады. Сондықтан қазақ еңбекшілеріне тікелей тіл қатуды ұйғарды. Орынборды қоршап тұрған кезінде оның адамдары шақыру «қағаздарын» алып, Кіші жүздің ауылдарын аралап жар салды. Пугачев оларға жер-су сыйлап, дін бостандығын беруге уәде етіп, Екатерина ІІ-нің үкіметіне қарсы бірігіп күресуге шақырды.

Орынбор әкімшілігінің мәлімдеуі бойынша Тама, Табын, Жағалбайлы руларының кейбір бөліктері бірінші күннен-ақ Пугачевқа қосылып, патша бекіністеріне шабуыл жасады. Көптеген мәліметтердің бірінде 1773 ж. 7 октябрьде Орынборға жасалған шабуылға 2 мың қазақ қатысып, көп зиян шектірген. Енді бір құжаттарда Беріш пен Шеркеш руының отрядтары Орал шебінің бекіністі пункттерінің гарнизондарына шабуыл жасаған 1774 ж. январьда А. Овчинников отрядының көтерілісшілері Гурьевты алғаннан кейін Кіші жүздің батыс жағының тұрғындарына шаруалар соғысының ықпалы күшейе түсті. Патша әкімшілігі мен хандарға қарсы кейбір сұлтандар да көтерілісшілерге қосылды. Досалы сұлтан 200 адамдық қолмен баласы Сейдалыны Пугачевқа аманатқа жіберді. Ол Орынбор түбіндегі соғысқа белсене қатысты. Сонымен қатар Орынбор қоршауына және Елек (Илецк) қорғанысына шабуыл жасауға Орта жүз жігіттері де араласты. Қазақтар арасында Пугачевтың дақпырты барған сайын ұлғая түсті. Нұралы хан қорғаныстағы Жайық қалашығының коменданты мен Астрахань губернаторына жазған бір хатында: «Қазақтар менің ырқымнан шығып барады. Осының бәрі өзін Петр ІІІ-мін деп жүрген оңбағанның кесірі» деп жазды. Кіші жүз бен Орта жүз еңбекшілері Пугачев армиясына материалдық жағынан да жәрдем көрсетті. Көтерілісшілермен жанасқан жерлерде товар айырбасы болды. Кейбір жағдайда қазақтар көтерілісшілер отрядына пұлсыз мал да берді.

1774 жылдың мартында патша әскерлері шабуылға шықты. Олардың негізгі күші Орынбор мен Жайық қалашығына ойысты. 2 мартта Голицын басқарған әскер көтерілісшілер армиясын жеңіліске ұшыратты. Пугачев Орынбор бекінісін тастауға мәжбүр болды. Жаудың тегеурінінен көтерілісшілер Жайық қалашығынан да ығысты.

1774 жылы 10 апрельде Сакмара ауданындағы ұрыста Пугачевтың негізгі күші тағы да жеңіліс тапты. Көтерілісшілер армиясының қалған топтары таулы башқұрттарға ығысты. Олар оңтүстік Оралға келісімен көтеріліске қайта қуат бітті. Оның орталығы енді Орал заводтары болды (Белорецк, Авзяно-Петровск т. б.).

Көтеріліс орталығы Оңтүстік Оралға ығысуына байланысты қазақтардың Сібір қорғандарына шабуылы жиілей түсті. Осы кездегі шекарадан түскен мәліметте: «Орта жүз қазақтары бұған дейін старшындарына бағынып, момақан тірлік етсе, енді Сібір шекаралық шебінен кейде қарулы, кейде қарусыз өте беретін болды», - деп жазды. Пугачев Орта жүз қазақтарын өз жағына тартып, адам күшін, әрі ат алу үшін оларға үндеу жазып, жұмысшыларын жіберді. 1774 жылы июньнің басында Сарыторғай маңында Орта жүз старшындары бас қосты. Олар Пугачевтың үндеуін талқылап, «келістік, бар жағынан жәрдемдесеміз» деген ұйғарымға келді.

Орынбор мен Жайық қалашығындағы көтерілісшілер қоршауын бұзғаннан кейін Нұралы хан патша әкімшілігін ашықтан-ашық белсенді түрде қолдауға кірісті. Қазақ сұлтандары да патша жағына біржолата ауытқыды. 1774 ж. жазда Кіші жүзде жаңа толқу пайда болды. Қазақтар Жайық бекінісіне жиі-жиі шабуыл жасады. Жекелеген жасақтар Жаңа өзен уезі мен Волга жағалауына дейін барды. Бұл кезеңде қазақ еңбекшілерінің ереуілшілері Пугачев армиясының әскери операциясымен ұйымдасқан түрде байланыста болмады. Дегенмен олардың шабуылы патша әскерінің едәуір күшін алаңдатты. Жазалаушы әскер штабының мәліметі бойынша 1774 жылдың жазында ғана қазақтар патша қорғаныстарына 240 рет шабуыл жасады.

Патша үкіметі Түркиямен соғысты аяқтағаннан кейін көтерілісшілерге қарсы граф Паниннің басқаруымен ірі әскери құрам шығарды. Пугачев жазалаушы әскермен соңғы рет 1774 ж. 25 августа Царицынның оңтүстігінде 100 км жерде Сальников зауыдында шайқасты. Жеңіліс тапқан Пугачев азғана отрядпен Жайыққа беттеді, бірақ Үлкен және Кіші өзен (қазіргі Орал облысында) маңында оларды казак-орыстардың сатқын басшылары тұтқындап, патша өкіметіне тапсырды. 1775 жылы 10 қаңтарда Пугачев, Перфильев, Шигаев, Падуров, Торнов Москваның Болотная алаңында өлтірілді де, қалғандары каторгаға айдалды. Шаруалар соғысының дүмпуі 1775-1776 жылдары қазақ даласында да білінді.

1773-1775 жылдар шаруалар соғысы дворяндық мемлекеттік іргесін шайқап, еңбекші халықтың феодалдық тәртіптің мызғымастығына, патшаның беріктігіне деген сеніміне шүбә келтіріп, крепостнойлық құрылысқа қарсы жол ашты, оны жақындата түсуге мүмкіндік туғызды. Бұл соғыс империализм дәуіріндегі шаруалар қозғалысына тән белгілі бір аймақ шеңберінен аспайтын стихиялық дүрбелең жағдайда болды. Көтеріліске қатысқан әр түрлі әлеуметтік жіктердің (казактар мен шаруалар, жұмысшы адамдар), Еділ, Жайық жағалауының, Казақстан халықтарының крепостнойлық және ұлттық езгіге қарсы бірлескен күресінде әр түрлі мақсат бар еді. Күрестің іштей бірегейлілігі, бір тұтастығы болмады. Сонымен қатар жалпы халық күресін бастауға қабілетті жұмысшы табы әлі қалыптаса қойған жоқ еді. Осының бәрі көтеріліс күшінің ыдырауына, бөлшектенуіне әкеп соқты. Жергілікті мүдделер көтеріліс басшыларының идеясын құрсаулап тастады. Осындай жағдайлар көтерілісшілердің ерен ерлігіне, оның басшыларының батылдығына тосқауыл болып, көтеріліс жеңіліске ұшырады.

Бұл соғыс қазақ халқының өмірінде маңызды орын алды. Мұнда қазақ шаруасы тұңғыш рет орыс еңбекшілерімен қоян-қолтық жұмылып, бостандық жолындағы күреске шықты. Стихиялық жағдайда болса да бірлескен бұл соғыста орыс, қазақ халықтарының тарихи тағдырының бірегейлігі көрінеді.

Қазақтардың шаруалар соғысына қатысуы, белгілі жағдайда, болашақтағы дала феодалдары мен ақсүйектеріне, патша үкіметінің жүздерде жүргізіп отырған отаршылдық саясатына қарсы күресіне негіз қалап, еңбекші халықты оятты. Сонымен қатар орыс, қазақ еңбекшілерінің бірлескен күресінің Қазақстанның Россияға өз еркімен қосылуында прогрессивтік маңызы болды.

Қазақ шаруаларының феодализмге және отаршылдыққа қарсы күресі. Сырым Датов бастаған көтеріліс Қазақстанның Россия құрамында дамуының екі бағыты болды. Бірі - Россияның озық экономикасы мән мәдениетінің ықпалымен қазақ қауымы шаруашылығының, мәдениетінің прогрессивтік бағытта өсуі, екіншісі - қазақ қауымының феодалдық тобына арқа сүйеп, патшалық отаршылдық қанауының күшейе түсуі, 18 ғасырда Қазақстанда феодалдық қатынас одан әрі дамыды, соған байланысты таптық қайшылықтар да шиеленісе түсті. Феодалдық және отаршылдық қанаудың бір түрі малшы шаруалардың көші-қоныс жерлерін тарылту болып табылады.

Е. Пугачев бастаған шаруалар соғысы жылдарында қазақтар 1756 және 1771 жылғы жарлыққа мойын ұсынбай, Еділ мен Жайық аралығындағы жайылымдық жерлерді пайдалана берді. Бірақ шаруалар соғысын басқаннан кейін бұл жерлерге мал жаю мүмкін болмай қалды. Орал бойындағы шекара линиясы қалпына келтіріліп, қамал гарнизондары күшейтілді. Патша үкіметі сұлтандардыөз жағына тартып, солар арқылы қазақ еңбекшілерінің дүмпуін болдырмауға әрекет жасады. Өз тарапынан Нұралы хан және сұлтандар патшаға шын берілгендігін дәлелдеуге тырысып бақты.

1782 жылғы жарлық бойынша хан шекаралық басшылардан рұқсат алғаннан кейін ғана ауылдар Жайықтан өтіп, көшіп-қонатын болды. Нұралы мен оның жақын тумалары Оралдың қазақ әскерлерінің старшындарымен сөз байласа отырып, көштің қоныс тәртібіне қол сұғып, ауылдарды бірігіп тонап отырды. Малшыларды ашықтан-ашық тонау, заманнан қалыптасқан көш жолдарын, қоныстарды озгертуі еңбекші халықтың шаруашылығын күйзелтті.

Кіші жүз қазақтары көтерілісінің негізгі себебі - жер мәселесінің шиеленісуінен, патша үкіметінің қазақтарға «ішкі жаққа» (Жайық пен Еділ аралығына) өтуге тыйым салуы, феодалдық және отаршылдық қанаудың күшеюі, хан мен сұлтандардың, Орал казак әскерінің, патша әкімшілігінің тарапынан ашықтан-ашық тонау, зорлық-зомбылық көрсетумен болды.

Шаруалар мен феодалдардың арасындағы қарама-қайшылықтар шиеленісумен қатар, феодалдық таптың өз ішінде де билік ушін тартыс жүріп жатты. Дала ақсүйектері (сұлтандар) патриархалдық феодалдық билеушілердің (би, старшын, батырлар) ықпалының күшеюімен келіскілері келмеді. Әр түрлі феодалдық топтардың арасындағы күрес-тартыс таптық күштердің белгілі дәрежедегі ықпалына және көтерілістің барысына әсерін тигізді. Оның негізгі күші шаруалар еді. Көтеріліске билер мен старшындар, батырлар да қатысты. Олар қаналушы халықтың дүмпуін, наразылығын өз мақсаттарына жұмсамақ болды. Қарапайым шаруа старшындар мен батырлар қауымның мүддесін ойлайды, сонымен қатар, олар хан мен сұлтандардың тепкісінен халықты азат етпек деген жалған ойда болды. Сондай-ақ, бұлардың бастауымен Орал казак әскерлерінің шабуылынан да құтыламыз деп ойлады. Патриархалдық феодалдық бай-манаптардың көздеген мақсаты шаруалардың мақсатымен ұштаспайтын еді, олардың арасында қарама-қайшылық болды. Көтеріліске шыққан шаруалар феодалдық және отаршылдық қанаудан құтылмақ ойда еді. Олар хан мен сұлтандардың тарапынан зорлық көріп, алым-салықтар төлеп тақыр кедейге айналғанды. Шаруалар феодалдық құрылысты жою туралы міндетті қойған да жоқ және қоймақ та емес еді. Көтерілісті бастаған үстем таптың өкілдері хан мен сұлтандардың правосына ғана шек қойып, жүздегі өзінің беделі мен үстемдігін нығайтуды көздеді. 1782-1783 жылдардың қысында «Ішкі жаққа» өткен Кіші жүз малшыларының 4 мыңнан астам жылқысын Орал казак әскерлерінің старшындары айдап әкетті. Осыдан кейін іле-шала Орал әскерлері таяу жатқан ауылдарға шабуыл жасайды екен деген қауесет тарады. Сонымен Кіші жүздің батыс аймағында дүмпу пайда болды. Бұл қауесет басқа жерлерге де жайылды. Көтерілісшілер топтары ұйымдасып, әдеттегідей оларды ру старшындары басқарды. Солардың ішінде ерекше көзге түскені Сырым батыр еді. Ол ірі феодал, Байбақты руының старшыны болатын. Сырымның ауылы Ембі мен Жайықтың арасын жайлайтын. 1785 жылдың басында Сырым Датовтың отрядында 2700 адам болды. Бұл кезде көтерілісшілердің жалпы саны 6 мыңнан астам еді. Олардың негізгі ұйытқысы Сағыз өзенінің бойына топтасқан. Бұлардың саны барған сайын арта түсті.

Көтерілістің етек алуынан сескенген Нұралы хан мен Айшуақ сұлтан Орынбордағы патша әкімшілігінен көтерілісті басу үшін әскер жіберуді өтінді. Шекарадағы патша әкімшілігі бұл жағдайды Петербургке мәлімдеп, қазақ даласында көтерілістің етек алуы ханға ғана емес, патшаға да катер туғызатынын білдірді. Орынбордағы көтерілісті басу үшін генерал Смирновтың отряды құрылды. Бұл отряд 1785 жылы февральдың орта шенінде Елек бағытына қарай қозғалды. Сол кезде Жайықтан Ембі бағытына Колпаков және Паномаревтардың зеңбірекпен қаруланған отряды да шыққан еді. Бірақ бұл кезде көтеріліске араласқан ауылдар Ембіден әрі көшіп кеткенді. Қазақ отрядтары көтерілісшілердің топтасқан жеріне іздеу салып жүргенде Сырым батыр 500 жігітпен олардың ту сыртынан аттанып, Антоновск бекінісіне шабуыл жасады. Содан кейін Сахарная тағы басқа бірнеше қорғандар мен бекіністерді шапты.

Көтерілісшілердің хан мен сұлтанға патша үкіметінің жазалаушы отрядтарына қарсы күресі еңбекші халықтан қолдау тапты. 1785 жылы 24 мартта майор Назаров бастаған жазалаушы отрядтың Каршинск бекеті мен Сахарная қорғанысының аралығында көшіп жүрген бейбіт ауылды тонап, талқандауы еңбекші халықты қатты назаландырды. Бұған дейін қозғалысқа қатыспаған көптеген ауылдар енді көтерілісшілерге қосылды. Қол астынан кетіп қалған ауылдарды қайта өзіне қаратпақ болған ханның қарекетінен ештеңе шықпады. Оның өкіметі дағдарысқа ұшырады. Кіші жүз ішіндегі осындай жағдай патша әкімшілігіне ханның ықпалынан тыс көтеріліске шыққан ру басшыларымен байланыс жасауға мәжбүр етті. 1787 жылдың жазы мен күзінде өткен старшындардың съезінде патша үкіметінің қарары талқыланып, одан қазақтарға Ембі мен Жайық арасынан көші-қоныс жер беруді және Орал казак әскерлерінің әскери жорықтарына тыйым салуды талап етті. Сол съезге көтерілісшілер де кеңінен қатысты. Талаптың басты тармағы Нұралы ханды тағынан түсіру еді. Сырым бастаған старшындардың бір тобы хан өкіметін бүтіндей жою талабын ұсынды. Ал өзге тобы хан тағын сақтап, Нұралыға ғана қарсы шықты.

Осы кезде көтерілісшілер хан ауылына шабуыл жасады. 1786 жылы апрельде көтерілісшілердің қысымынан ығысқан хан патша үкіметін паналауға мәжбүр болады. 1786 жылы 13 июньде Екатерина II Нұралы ханды хандықтан шеттету туралы рескриптке қол қойды. Нұралы Орынборға шақыртылып, одан әрі Уфаға жөнелтілді. Патша үкіметі қазақ даласындағы дүмпуді әрі үстем тап арасындағы тартыстарды пайдаланып, Кіші жүздегі хандық өкіметті жоюды ұйғарды. Патша әкімшілігінің кеңесіне құлақ қойып, съезд старшындары 1785 жылдың күзінде Кіші жүзді үшке бөлу туралы шешімге келді. Бұл бөліктердің әрқайсысын съезд сайлаған старшындар билейді. Патша үкіметі Кіші жүзде хан өкіметінің жойылуы - отаршылық саясатты жүргізуге ыкпалын тигізеді деп ұйғарды. Сонымен қатар патша үкіметі патриархалдық-феодалдық шонжарларға арқа сүйеп отырды. Ықпалы күшті деген беделді старшындарға «Бас старшын» деген атақ берді. Бұларға өзге де руларды бақылау міндеті жүктелді. Басқару жүйесіндегі төменгі буын - ру старшындарына да жалақы белгіленді. Бірақ бұл «реформа» Кіші жүздің ірі старшындары мен билерінің қарсылығына әрі бұған Орта жүздің ханы Уәлидің, Түрікменнің ханы Пірәлінің құптамауына байланысты жүзеге асырылмады. Бұған қоса патша үкіметі Францияда басталған буржуазиялық революциядан сескенгенді. Осындай жағдайда ел басқарудың ескі жүйесіне қандай да болса өзгеріс енгізу революциялық іс тәрізді болды.

1790 жылы августа Нұралы Уфа қаласында кайтыс болғаннан кейін билер тобы Кіші жүздің хандық тағына Есім сұлтанды отырғызды. Патша әкімшілігі бұл сайлауды тән алмай, үкіметтің бекітуіне Ералы сұлтанды ұсынды. Ресми тәртіпті сақтаған болып, сұлтандар мен старшындардың жаңа сайлайтын жиынын 1791 ж. августың ақырында шақыру белгіленді. Хан «сайланатын» жерге (Ор қорғанына таяу) патша әскері келтірілді. Осындай жағдайда халық жаратпайтын Ералы сұлтан хан «сайланды». Бұл хабар халық наразылығын тудырып, елді қатты дүрліктірді. Соның салдарынан малшы шаруалар сұлтандардың ырқына көнбей, өз бетінше көтерілді. Бұл қозғалыстың феодалдарға қарсы белгілері айқын көріне бастағанды. Осындай жағдайда билер мен сұлтандар арасында хандықты қалпына келтіру, сұлтандармен келісімге келу деген пікір ашық айтылды. Халық қозғалысының осы кезеңінде Сырымның басында толқу пайда болды. Ол хан үстемдігін жою райынан қайтып, «өзіміздің ырқымыздан шықпайтын хан сайлайық» деген билер мен старшындардың көпшілігінің талабына қосылды. Сырым Ералыға қарсы күресе отырып, Кіші жүздің хан тағынан дәмелі Әбілғазы Қайыповты жақтауға ден қойды. Әбілғазы көп жанды әрі қолды Шекті руының билеушісі және Хиуа ханымен де берік байланыста еді. Сырым Сырға қарай көшті. Бұхар мен Хиуа хандарына, феодалдарына арқа сүйеген Әбілғазы сұлтанға Сырымның иек артуы қарапайым халықтың мүддесіне қайшы келді. Бұхар мен Хиуа шонжарлары, діни ағзамдары қазақтың кейбір бай-манаптарымен жең ұшынан жалғасып, қазақ жерін Россиядан бөлуге ат салысты. Бірақ олардың көтерілісшілер арасына жүргізген үгіті ықпал етпеді. Кіші жүз Россияның қол астында 60 жылға жуық болуының да әсері тиді. Көтеріліске шыққандар бүкіл қазақ жұртшылығы сияқты Россиямен шаруашылық байланыстың пайдасын бұзып, байырғы жайылымдық жерлерін сақтап қалуға тырысты.

Соған қарамастан Кіші жүздегі көтеріліс өрісі жаңа қарқынмен үдей түсті де, 1792 жылдың жазында бүкіл жүзді толық дерлік қамтыды. Еңбекші халық хандықты қалпына келтіру жолында күресті. Олар қозғалысқа қарсы билер мен старшындардың ауылдарын шапты. Қазақ даласына жазалаушы отрядтардың шығуы, көтерілісшілердің шекара қорғаныстарына шабуылын үдетті. Сырым көп кешікпей көтерілісшілердің қонысына келді.

1792 жылдың күзінде көтерілісшілердің негізгі күші Елек қалашығына таяу жерге орналасып, қорғанға шабуыл жасауға әзірленді. Бұдан бұрынғыдай, сұлтандар көтерілісшілер отрядының қай жерге орналасқанын, олардың мақсатын шекара өкіметіне алдын ала хабарлап қойғанды. Сондықтан қорған гарнизондары тойтарыс беруге әзір еді. Сырым бастаған отряд 29 сентябрьде Елек қалашығына шабуылға шығып, қорғанды ала алмады. Патша корғаныстарына тұтқиылдан жасаған бірнеше шабуылы сәтсіз аяқталғаннан соң көтерілісшілер күрес тәсілдерін өзгертті. Олар партизандық соғыс тәсіліне көшті. Аз топпен қимыл жасаған көтерілісшілер отряды ізін білдірмеді. Ауылдар бар көмегін жасады. 1794 жылдың жазында Ералы дүние салды. Патша үкіметі жаңа хан сайлауды ұзақ ойластырды. 1796 жылы октябрьде ғана билердің азғана тобынын қатысуымен Кіші жүздің ханы Нұралының баласы Есім сұлтан болды деп жариялады. Есім хан көтерілісті басуға барлық жазаны қолданды.

1795-1796 жылдың қысында қаззқ даласын жүт жайлады да, көптеген ауыл ақсүйек болып қалды. Мал қырылған соң, ел аштыққа ұшырады. Еңбекшілердің осындай ауыр жағдайына қарамастан Есім мен оның сыбайластары әр түрлі алым-салық жинауды тоқтатпады. 1797 ж. 26 марттан 27 мартқа қараған түні көтерілісшілер отряды хан ауылын шапты. Есім ханды өлтіріп, ауылы талқандалды. Ханның тумалары бытырай қашты. Ханның өлімі, халық дүмпуінің барған сайын арта түсуі шонжарларды сескендірмей қоймады. Олардың жаңа ханды құптайтынын патшаға білдірді. Алаш, Беріш, Тама, Адай, Шеркеш г. б. ру-тайпа старшындары ханды өлтірген көтерілісшілерді жою үшін Орал әскерінің атаманы Донский ұйымдастырған жазалаушы отрядтың жорығына қатысты. Сонымен қатар патша үкіметі айлаға көшті, хан сайланбай хан кеңесі құрылды. Хан кеңесінің басшылығына Айшуак сұлтан, мүшелігіне алты старшын, патша әкімшілігінің уәкілі муфти Құсайынов сайланды. Кеңеске сұлтандар мен старшындардың уәкілдері енді. Бұл феодалдардың халыққа қарсы күресін біріктіруге жағдай туғызды. Хан кеңесі 1797 жылы августа шақырылды. Көп кешікпей жиын өтіп жатқан жерге, құрамында 7 мыңға жуық адам бар отрядты бастап Сырым келді. Ол халықтың қатты күйзелгеніне және хан кеңесінің құрылуына байланысты күресті тоқтатқанын мәлімдеді. Сырым кеңестің мүшелігіне алынды. 1797 жылы октябрьде патша үкіметі қаусаған қарт Айшуақ сұлтанды хан сайлады.

Көтеріліс стихиялы түрде 1797 жылдың аяғына дейін созылды да, тоқтады. Оның жеңіліске ұшырауының негізгі себебі - ұйымшылдықтың болмауы, нақты мақсатсыз, стихиялы өтуден еді. Сонымен қатар сұлтандармен жең ұшынан жалғасқан билер мен старшындардың сатқындығы, көтеріліс басшыларының, атап айтқанда, Сырым Датовтың толқуы, күресте ақырына дейін тұрақты болмауы да жеңіліске себепкер болды.

Көтеріліс 14 жылға созылды. Бұл қазақ халқының тарихындағы маңызды оқиға еді. Сондай-ақ хан өкіметінің үстемдігін біржолата жоюға ықпалын тигізді. Көтерілістің ішкі қайшылығы, әлсіз жақтарына қарамастан, оның ұлт-азаттық сипаты әрі прогрестік маңызы болды.

Исатай Тайманов бастаған халық-азаттық көтерілісі (1836-1837). 19 ғасырдың басында Жайық пен Еділ арасындағы аймақта Бөкей хандығы (Бөкей ордасы) құрылды. Бұл хандықта таптық жіктелу және жеке меншіктің нығаю процесі болып жатты. Орасан көп қой мен жылқы бай-феодал ақсүйектердің қолында шоғырланды. Бұрын қазақ қауымдарының меншігінде болған негізгі жеке бөліктерді енді хандар, сұлтандар және феодал ақсүйектердің басқа өкілдері басып алды. Жәңгір хан мен оның туыстары 400 мың десятина шұрайлы жерді иемденді, оның қайын атасы Қарауылқожа Бабажанов 700 мың десятина жерді иеленді. Бөкей ордасындағы барлық жердің үштен екісі феодалдық жоғары топтың қолында болды. Қауымдық жерлердің талан-таражға түсуімен қатар еңбекшіден алынатын салық үсті-үстіне көбейді. Әсіресе «зекет» салығының ауыртпалығы зор еді. Хан жылына 82 мың сом жинады. Хан семьясының ішіп-жеміне арналған «соғым» атты салық та болды. Бұл салық жыл сайын мал түрінде (жылма-жыл 4 мыңға дейін жылқы) жиналды.

Бөкей ордасында феодалдық тәуелділіктегі шаруалардың көтерілісі алдында халық бұқарасының 1818,   1827-1829жылдағы қозғалысы болған еді. Қазақтардың Жайық сыртына кетуімен байланысты бұл қозғалыстар феодалдық бай ақсүйектер мен отарлық өкімет орындарына стихиялы түрде таптық наразылық білдіруі еді.

1838 жылдың ішінде хандықтап тыс жерлерге 1611 үй қоныс аударды. Қазақтардың Жайық сыртына көшуіне, әуелде патша үкіметі оншама мәнбермегенмен кейін бұл жағдайдың кең етек жаюы жергілікті әкімшілікті қатты қауіптендірді.

Халық бұқарасының 1827-1829 жылдардағы стихиялық қозғалысы анағұрлым елеулі болды. Қозғалыс бүкіл Бөкей ордасын қамтыды, Шептің күзетілгеніне қарамастан қазақтар тұтас ауыл-ауылымен Жайық сыртына, Кіші жүз жеріне қарай өте берді. 1827-1829 жылдардағы қазақ шаруаларының стихиялық қимылдары нәтижесіз аяқталды. Алайда, феодалдар мен отаршылдыққа қарсы Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов бастаған көтерілісті әзірлеуде шаруалардың стихиялық қимылының зор маңызы болды. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші шаруалар еді, оларға Жәңгір ханның саясатына наразы кейбір старшындар қосылды. 18 ғасырда Кіші жүздің қоғамдық-саяси өміріндестаршындар елеулі роль атқаратын. Қоғамның аса маңызды ішкі мәселелерін шешкенде хаңдар олардың пікірімен санасып отырды. Ал 19 ғасырда жағдай өзгерді. Жәңгір ханның тұсында өздерінің қол астындағы руларда жеке дара билік жүргізген старшындардың бұрынғы праволары бұзылды. Хан мен ру басылары билеу правосын тонау құралы ретінде пайдаланған еді.

Қазақ шаруаларының 1836 жылғы көтерілісі ханның қол шоқпары, Каспий маңындағы орасан көп жерлерді иемденген өздерінің қас дұшпаны Қарауылқожа Бабажановпен қақтығыстан басталды. Оның Юсупов пен Безбародконың имениелерін басқарушылармен кіріптарлық шарт жасасуы көтеріліске шығуға тікелей сылтау болды. Бабажановтың заңсыз салықтар жинауына, оның шексіз жүгенсіздігі мен озбырлығына еңбекші халықтың шыдамы таусылды. И. Тайманов осы халықтың атынан Жәңгір ханға хат жазып, онда Қарауылқожаның істеген қиянаттарын атап көрсетті, сөйтіп халық оның қол астында қала алмайтындығын дәлелдеді. Жәңгір өзінің жауап хатында Исатайды халыкты бүлік шығаруға итермелейсің деп айыптап, оны келіссөздер жүргізу үшін өзіне келуге шақырды. Бұл ханның тактикалық амал-айласы еді. Ол халықтың талаптарын орындауды ойлаған да жоқ, тек Исатайды құрытқысы келді - оны конвоймен Орынбордағы шекаралық комиссияға жібермекші болды. Жәңгірдің бұл ниеті Исатайға мәлім еді. Ол хан ордасына бармады. Жәңгірдің ақылымен Қарауылқожа феодал ақсүйектерден 800 адамдық отряд жасақтап, «зұлымдарды» - Исатай мен Махамбетті, олардың жақтастарын жазаламақшы болды. Ал бұл уақытта Исатай мен Махамбет шаруаларды өздерінің қас дұшпаны - ханға және оның сойылын соғушыларга қарсы күреске шығуға шақырды. Көтерілісшілер қатары күн санап өсе берді. Феодалдық озбырлыққа наразы кедейлер барлық рулардан Исатай, Махамбетке ағылып келіп жатты. 1836 жылы июльде көтерілісшілер хан ордасына жорыққа аттанды. Бұл жорықтың мақсаты - Қ. Бабажановты ел билеуден тайдыруға Жәңгірді мәжбүр өту еді. Исатай бастаған көтерілістен үрейленген хан шаруалардың көтерілісі туралы барлық сұлтандар мен ру басыларына хабар беріп, олардан ханның ордасын қорғауды ұйымдастыруды да талап етті. Мұнымен бірге Астраханьның әскери губернаторьіна хат жазып, көмекке әскери отряд жіберуді өтінді. Уақыт ұту үшін хан Исатайдың алдынан арнаулы өкілдер жіберуге жарлық етіп, хан көтерілісшілердің барлық талаптарын қанағаттандырмақшы деп хабарлады. Бұған сеніп қалған Исатай Жәңгірдің өкіліне талаптарын жазбаша табыс етіп, отрядтарымен кейін қайтты.

1836 жылдың күзінде ру басылары мен сұлтандарға бағынудан бас тартқан рулардың 20 ауылы Исатайға келіп қосылды. 1837 жылдың қарсаңында көтерілісшілер отрядтарындағы қаруланған жігіттердің саны 3 мыңнан асты. 1837 жылы 16 сентябрьде көтерілісшілер Қ. Бабажановтың ауылына қарулы шабуыл жасады. Бабажанов қашып құтылды. Көптеген сұлтан, саудагер, старшын өлтірілді, жараланды, ал кейбіреулері тұтқынға әкетілді. Көтерілісшілер Бабажановтың меншігіндегі малды айдап әкетті, оның халықтан жинаған 3000 сом ақшасын алды. Дәл осы уақытта сұлтан Шақа Нұрышевтың ауылдары да талқандалып жатты. Сұлтанның өзі қашып кетті. Біраз кейініректе көтерілісшілер Балқы бидің және оның туысының ауылын талқандап, 100 жылқысын, 300-ге жуық ірі қарасын және 80 түйесін айдап алды. Өсімқор ірі саудагердің қыстақтарына да шабуыл жасалды. 1837 жылдың аяғында Исатай екі мыңдық отрядты бастап, хан ордасына аттанды. Мұны естіген соң Жәңгір хан ордасына төнген қатер туралы Орынбор әскери губернаторына хабарлап, әскери көмек сұрады. Губернатор 1837 жылы октябрьдің аяғында подполковник Гекенің отрядын көтерілісшілерді жазалауға жұмсады. Міне, осы кезден бастап қазақ еңбекшілерінің қозғалысы тек жергілікті феодалдарға емес, сонымен бірге патша отаршылдығына да қарсы бағытталды.

Бұл уақытта Исатайдың отряды хан ордасынан сегіз шақырым жерде тұрды және оны алуы да мүмкін еді. Подполковник Геке қалыптасқан жағдайдың қатерлілігін бағалап, уақыттан ұтуға ұйғарды. Ол зұлымдық ниетпен Исатаймен келіссөздер жүргізіп, «жанжалды» бейбіт жолмен реттеуді ұсынды. Исатай тез шешімге келе қоймады, ақырын күтті, бұл жағдай отряд ішінде наразылық тудырды. Осы кезде старшындар көтерілісшілердің сыртынан ханмен келіссөздер бастап, талап-тілектерін халықтың ежелгі әдет-ғұрпы бойынша шешуді өтінді. Старшындар ханның өкімет билігіне қарсы шыққан жоқ еді, олар тек қазақ рулары арасындағы өздерінің жағдайын нығайтуды көкседі. Патша әскерлері батыл қимылға көшті. 1 ноябрьде подполковник Меркуловтың отряды Теректіқұм алқабында орналасқан Исатай аулына кенеттен тап беріп, оның семьясын тұтқынға алды. Мұны естіген Исатай хан ордасын қоршауды тастап, әскерін өз аулына қарай бұрды. Шешуші шайқас 1837 ж. 15 ноябрьде Тастөбе алқабында болды. Көтерілісшілер күтпеген жерден жауға қарсы лап беріп, оны шегінуге мәжбүр етті. Толық талқандалу қатерін сезген подполк. Геке енді зеңбіректерді алғы шепке қойып, жақыннан картечьпен атқылауға жарлық етті. Зеңбіректерден бораған оқ көтерілісшілер арасында абыржу туғызып, оларды кейін шегіндірді. Казак отряды көтерілісшілерді тықсыра қуды, бірақ олардың басшыларын ұстай алмады.

Тастөбе алқабында жеңіліске ұшырағаннан кейін көтерілісшілердің көбі өз ауылдарына тарап кетті. Шағын бір отрядты бастаған Исатай 1837 ж. декабрьде Кіші жүзге кетті. Онда көтерілістің басшылары Кіші жүзді Россиядан бөліп алып, өз билігін орнатуға тырысқан сұлтан Қайыпқали Есімовпен одақ құрды. Осы кезден бастап Бөкей ордасындағы шаруалар көтерілісінің жетекшілері халықтық көтерілістің басшылары болудан қалды.

Шаруалар көтерілісі жеңіліске ұшырады. Бұл жеңілістің басты себептерінің бірі - көтерілісшілерге қарсы патша үкіметі мен қазақ билеуші топтары өкілдерінің одақтаса қимыл жасауы болды. Маңызы бұдан әсте кем түспейтін екінші себеп көтерілісшілердің таптық құрамының болмағандығы еді. Көтеріліс алғашқы кезден-ақ старшындардың ұстаған позициясынан әлсіреді, ал бұлардың арасында көтерілістің жетекшілері де бар еді. Олар феодалдық тәртіппен батыл күресуді өздеріне мақсат етіп қойған жоқ. Көтеріліс Қазақстанның өзге де аймақтарындағы, әсіресе бүкіл Россиялық азаттық қозғалысымен байланыста болмады. Дегенмен олар күрес туын кейінгі ұрпаққа беріп кетті.

Қазақ совет энциклопедиясы. –Алматы, 1979. –Б.183-189.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-03-24 17:01:18     Қаралды-411

АДАМ ОТТЫ ҚАЛАЙ "БАҒЫНДЫРДЫ"?

...

Ежелгі адам көп нәрседен қорқады: ...

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖҰМЫРТҚА НЕГЕ СОПАҚ ПІШІНДЕ?

...

Сопақ пішіні жұмыртқалар үшін ең оңтайлы болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРА НЕ БЕРЕДІ?

...

Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН КЕМПІРҚОСАҚ ДОҒА ТӘРІЗДІ?

...

Адамдар бұл сұрақты көптен бері қойып келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?

...

Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАҚТАДАН НЕ ЖАСАУҒА БОЛАДЫ?

...

Мақта – тамаша талшық беретін өте бағалы өсімдік.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕГЕ АНТАРКТИКА ЕҢ СУЫҚ КҮНТИНЕНТ?

...

Жер шарындағы ең суық аймақтар – полюстер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...

ТОЛЫҒЫРАҚ »