UF

ТАНЗАНИЯ (Таnzаnіа), Танзания Біріккен Республикасы - Шығыc Африкадағы мемлекет. Британ Ынтымағы құрамында. Материктік (Танганьика) және аралдық (Занзибар және Пемба) бөліктерден тұрады. Солтүстігінде Угандамен, солтүстік-шығысында Кениямен, оңтүстігінде Мозамбикпен, оңтүстік-батысында Малави және Замбиямен, солтүстік-батысында Бурунди, Руандамен шектеседі. Шығысында Үнді мұхиты, батысында Танганьика, солтүстігінде Виктория көлдерімен шайылады. Жері 942,6 мың км2. Халқы 48,2 млн. (2013). Астанасы - Дар-ас-Салам қаласы. Әкімшілік жағынан 25 облысқа бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Танзания - республика. Федеративтік мемлекет. Уақытша конституциясы 1965 жылы қабылданған (1967-1974 жылдар түзетілген). Мемлекет пен үкімет басшысы - президент (5 жылға сайланады) қарулы күштердің қолбасшысы, ол жоғары лауазым иелерін тағайындауға, парламентті шақыруға, таратуға праволы. Екі вице-президент ұлттық жиналыс мүшелерінен тағайындалады. Оның біріншісі - Занзибара революциялық Советінің председателі, екіншісі - премьер-министр. Жоғары заң шығаратын өкімет органы - бір палаталы Ұлттық жиналыс( 218 депутат) бес жылға сайланады. Сот жүйесі Танганьикада - жоғары сот, округтық және праймериз соты, ал Занзибарда - апелляция советі (Жоғары сот), халық соттары бар.

Табиғаты. Теңіздік жағалауы абразия және абразиялы - аккумуляциялық шағын қойнаулармен тілімделген; көп жері маржандық шоғырлардыц көтерілуінен пайда болған. Территориясы негізінен Шығыс Африка үстіртінде (биіктігі 1000 м-ден астам) жайласқан. Геологиялық құрылымы жөнінен Танзания территориясы Африка платформасының шығыс бөлігі құрамына кіреді. Пайдалы қазындылары: алмас, алтын, қалайы, вольфрам, темір, титан, ниобий, полиметалл рудалары. Климаты экваторлық-муссондық. Ыстық айларының орташа температурасы 20-27°С, суық айларынікі 12-22°С. Жылдық жауын-шашыны 500-1500 мм. Ірі өзендері - Руфиджи, Рувума, Пангани. Виктория, Танганьика, Ньяса тұщы көлдерінің біраз бөліктері Танзания жерінде. Тұйық, суы ащы көлдерде (Руква, Эяси, Натрон, Маньяра) кездеседі. Жері негізінен күрең қызыл, қызыл қоңыр, кей жерлері сортаң, ойыстары қара шөгінді топырақты келеді. Батысында және оңтүстігінде орманды алқап, теңіз маңы ойпаттарында баобабы аралас қуаң, орталық және солтүстік-шығыс аудандарында қараған аралас аласа шөпті саванна және тікенекті бұталар өседі. Биік тау беткейлерінде ылғалды мәңгі жасыл орман, жоғарырақ афросубальпілік, афроальпілік өсімдік жамылғысы, мұхит жағалауларын бойлай мангра орманы қалыптасқан. Піл, мүйіз тұмсық, бегемот, буйвол, бөкен, жираф, жыртқыштардан арыстан, қабылан, қорқау қасқыр т. б. мекендейді. Құстарға (әсіресе түйеқұстарға) өте бай. Крокодил, жылан кездеседі. Көпшілік аудандарына цеце шыбыны тараған. Жануарлар дүниесін саңтау үшін Гомбе, Меру, Мкомази, Рунгва, Селус, Килиманджаро, Катави резерваттары, Серенгети, Лейк-Маньяр, Нгурдото-Крейтер ұлттык, парктері құрылған.

Халқының 98%-і шығыс банту тобына жататын африка халықтары. Елдің солтүстігінде васукумалар, ваньямвезилер, ваньятурулар, ирамбалар, ирангилер; орталығында вахехелер, вабеналар, вапогоролар, вазарамолар, валугурулер, вагоголар, солтүстік-батысында ваджаггалар, вашамбалар, оңтүстігінде маконделер, мверлер, вакингалар, ваньякьюсалар т. б. қоныстанған. Солтүстік-шығыс далалы бөлігінде нилот семьясына жататын масайлар, орталығында кушит және койсан тілдерінде сөйлейтін халықтар мекендейді.

Үнділер, пакистандықтар, арабтар да тұрады. Халқының жартысынан астамы жергілікті дәстүрлі дінді ұстайды, қалғандары - мұсылмандар. Мемлекеттік тілі - суахили, ағылшын тілі. Григориан және мұсылман (һижра) календарьлары қатар қолданылады. Халықтың 1970-1973 жылдар орташа жылдық өсімі 2,7%. Еңбек ететін тұрғындары 6,3 млн. (Танзания халқының 44%-і), бұлардың 85%-і ауыл шаруашылығында (1972) істейді. Орташа тығыздығы 1 км2-ге 16 адамнан (1974). Қала халқы 10%. Ірі қалалары - Дар-ас-Салам, Занзибар, Танга, Мванза.

Тарихы. Танзания жерінде адам баласы бұдан 2 млн. жыл бұрын өмір сүрген. 7-8 ғасырларда Танзанияның құрлықтағы жері мен Занзибар аралына, онымен іргелес басқа да аралдарға арабтардың сауда-саттық жүргізетін қоныстары орнады. 16 ғасырда Танзания жеріне португалиялықтар келіп, Занзибарды Африканы отарлаудың плацдармына айналдырды, ал 18 ғасырда оларды Оман сұлтандығының арабтары ығыстырып шығарды. 9-18 ғасырларда аралдар мен жағалауда этникалық бірлестік - суахили халқы қалыптасты. Ол ислам дінін қабылдап, өзінің төл-тума мәдениетін жасады.

1884 жылы Танзанияның құрлықтағы жерін Германия жаулап алып, Шығыс Африкадағы отарының негізі етті. Занзибар 1890 жылы ағылшын протекторатына айналды. 1-дүние жүзілік соғыс (1914-1918) кезінде Танзания жерінде ағылшын-герман әскерлерінің шайқастары болды. Соғыстан кейін Танзанияның құрлықтағы бөлігі (Танганьика атанған) мандатты территория ретінде Ұлыбританияның басқаруына берілді. 2-дүние жүзілік соғыстан (1939-1945) кейін де соның қамқорлығындағы территория болып қалды.

1-дүние жүзілік соғыстан кейін туа бастаған жұмысшы табы мен интеллигенция Танзания жерінде ұйымдасқан ұлт-азаттық қозғалысының тууына себепші болды. 1929 жылы Танганьика африкалықтарының ассамблеясы құрылып, нәсілдік кемсітуге, ұлттық езуге қарсы ұран көтерді. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін Шығыс Африкада азаттық қозғалысы еселеп өрлей түсті. 1954 жылы Танганьиканың африкалық ұлттық одағы құрылып, Танганьикаға саяси бостандық беруді талап етті. 1957-1958 жылдар Занзибарда алғашқы азатшыл ұйымдар құрылды. Танганьика мен Занзибар халықтарының күресі отаршыларды қуумен аяқталды. 1961 жылы 9 жжелтоқсанда Танганьика тәуелсіз ел деп жарияланды (бір жылдан соң республика болды). 1963 жылы 10 желтоқсанда Занзибар тәуелсіздік алды. 1964 жылы 26 сәуірде Танганьика мен Занзибар қосылып, Біріккен Танзания Республикасын құрды (оның БҰҰ-ға кірген күні 1961 жылы 14 желтоқсан). Танзания үкіметі елдің экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік маңызды өзгерістерді жүзеге асыруға бағытталған саясат жүргізуде. Оның программасы елдің капиталистік емес жолмен дамуын көздейді. Танзания сыртқы саясатта блоктарға қосылмау принципін ұстайды, антиимпериалистік, антинеоколониализм бағытын қолдайды. 1961 жылдан СССР-мен дипломатиялық қатынас орнатқан. Екі елдің арасында экономикалық, техникалық, сауда-саттық, мәдени байланыс жасау туралы келісімдер бар.

Саяси партиялары, кәсіподақтары және басқа қоғамдық ұйымдары. Танганьиканың африкалық ұлттық одағы, 1954 жылы негізі қаланған. Афро-Ширази партиясы, 1957 жылы негізі қаланған. Жастар лигалары мен Әйелдер лигалары. Танганьика еңбекшілерінің ұлттық одағы, 1964 жылы негізі қаланған, кәсіподақ бірлестігі.

Экономикасы. Танзания экономикасы онша дамымаған аграрлы ел. 1967 жылы аграрлы реформа жүргізілді, жер мемлекеттік меншігі болып жарияланды. Танзания құрылғаннан кейін (1964) бірқатар плантациялар, өнеркәсіп орындары, шетел банкілері, ірі сауда компаниялары национализацияланды. Мемлекеттік тарапынан бақылау қойылды. Халық шаруашылығын өркендетудің 1976-1979 жылдар 3-бесжылдық жоспары жасалды. Жалпы ішкі өнімнің 38%-і шаруашылығының, 12%-і өнеркәсіптің, 5%-і кұрылыстың, 12%-і сауданың, 11%-і транспорттың, 22%-і қалған экономика салаларының үлесіне тиеді (Ұлттық табысын жан басына шаққанда 120 доллардан келеді (1976).

Ауыл шаруашылығы. Ұсак шаруашылықтардың үлесі басым. Ірі мемлекеттік және жартылай мемлекеттік шаруашылықтар (сизаль, шай, қант кұрағын өсіретін) құрылуда. Шаруашылық кооперативке бірігуде. Ауыл шаруашылығының басты саласы - егіншілік. Территориясының 60%-і ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Басты экспорттық дақылдары: сизаль. қалампыр (бұлардың өнімдері жөнінен Танзания дүние жүзінде 1-орын алады) мақта, кофе, шай. 1974 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 12,1, ешкі 4,5, қой 2,9, құс 22,1.

Өнеркәсібі дамымаған. Тау-кен өнеркәсібінің (алмас, қалайы, ас тұзы, слюда, құрылыс материалдары өндіріледі) үлесі басым. Мұнай айыру темекі өңдеу, мата тоқу т. б. өнеркәсіптер қалыптасуда.

Транспорты. Темір жолынын ұзындығы 3,5 мын км, автомобиль жолы 20 мың км (1975). Дар-ас-Салам-Замбия (шекарасына дейін) мұнай құбыры бар. Ірі порттары - Дар-ас-Салам, Мванза. Халықаралық аэропорты - Дар-ас- Салам (қаладан 15 км).

Сыртқы саудасы. 1974 жылы экспорт құны 2552 млн. доллар, импорты 4957 млн. доллар болды. Шетке кофе, мақта, қалампыр, мұнай және мұнай өнімдері, алмас шығарылады. Өзі машина және өнеркәсіп жабдықтар түрлерін, қара металл прокаттарын т. б. сатып алады. Басты сыртқы сауда серіктері: Ұлыбритания, Қытай, ГФР, АҚШ, Жапония, Италия, Үндістан Индонезия, Иран. Ақша өлшемі - танзания шиллингісі.

Денсаулық сақтау ісі. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі (1969) бойынша әрбір мың адамнан туатын бала саны 47, мың адамнан өлетіні 22, әрбір тірі туған 1000 баладан өлетіні 162. Өмірдің ұзақтығы 41 жас. 1969 жылы 112 аурухана, туберкулез және психикалық 3 госпиталь, 10 лепрозорий болды. Танганьикада 1971 жылы 474 (27,9 мың тұрғынға 1) дәрігер, 406 дәрігерге көмекші, 27 тіс дәрігері, 49 фармацевт, 396 акушер, 442 медсестра және 1 мыңдай медицина қызметкерлер болды. Занзибарда 1967 жылы 43 дәрігер (8,2 мың тұрғынға 1), 2 тіс дәрігері, 3 фармацевт, 25 акушер, 192 медсестра т. б. 400-дей медициналық қызметкер болды. Дәрігерлерді Угандада Макерерадағы медициналық институт, Дар-ас-Салам университетінің медициналық факультетінде даярлайды. Денсаулық сақтау ісіне 1968-1969 жылдар мемлекеттік бюджеттің 5,6%-ін жұмсады.

Оқу ағарту ісі. 1973 жылы Танзания ересектер арасындағы сауатсыздықты жою жөніндегі жұмыстары үшін, Халықаралық Н.К. Крупская атындағы сыйлық алды. Мектептерде оқу ақысыз. 7 жылдық бастауыш мектепке балалар 7 жастан қабылданады. 1973-1974 оқу жылында бастауыш мектептерде 1192 мыңнан астам оқушы оқыды. Орта мектеп 6 жылдық (4Н-2). 1971-1972 оқу жылында орта мектептерде 43,3 мыңнан астам оқушы оқыды. 1970-1971 оқу жылында кәсіптік-техникалық оқу жүйесінде 1,5 мыңнан астам оқушы оқыды. Техникалық орта білім беретін Дар-ас-Саламдағы техникалық колледж (1956 жылы құрылған). Бастауыш мектеп оқытушыларын даярлайтын 2 жылдық педагогикалық училищелерде 1971-1972 оқу жылында 4,2 мың оқушы оқыды. Дар-ас-Саламдағы университетте (1961) 1974-1975 оқу жылында 2,3 мыңға жуық студент оқыды. Ірі кітапханалары: Ұлттық орталық кітапхана (кітап қоры 900 мыңнан астам дана), университет кітапханасы (1961 жылы негізі қаланған; 120 мың дана). Ұлттық музей, Занзибар мемлекеттік музейі бар.

Әдеб.: Чижов Н. Н. Танзания. -М., 1972.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-10-06 15:01:28     Қаралды-1191

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »