СОМАЛИ, Сомали Федерациялық Республикасы (СФР) - Африканың солтүстік-шығысындағы мемлекет, Сомали түбегіне орналасқан. Солтүстігінде Аден шығанағы, шығысында және оңтүстік-шығысында Үнді мұхиты қоршаған. Батысында Эфиопиямен және Кениямен, солтүстік-батысында Француздық Афарлар және Исса территориясымен (Франция Сомали) шектеседі. Жері 637,7 мың км2. Халқы 12,3 млн. (2017). Астанасы - Могадишо қаласы. Әкімшілік жағынан 15 облысқа бөлінеді, Могадишо қаласы - өз алдына әкімшілік бөлік.
Мемлекеттік құрылысы. Сомали – Федерациялық республика. Республиканың жоғары заң шығарушы органы - Жоғары революциялық совет (ЖРС). Мемлекеттік және ұкімет басшысы - президент 6 жылға сайланады. Сомали үкіметі Мемлекеттік секретарьлар Советі деп аталады. Сомалиде саяси партия және кәсіпшілер одағы құрылмаған, біртұтас басқарушы партия мен кәсіпшілер одағын ұйымдастыру жұмысы жүргізілуде.
Табиғаты. Елдің орталық бөлігін биіктігі 500-1500 м үстірт алып жатыр. Үстірттің солтүстік шеті биік, тар, терең шатқалдармен жырымдалған. Уарсанжели-Миджуртина тауларының биіктігі 2408 м-ге жетеді. Солтүстігінде және оңтүстік-шығысында үстіртті сәл адырлы келетін ойпаттар қоршап жатады.
Сомали Африка платформасының солтүстік-шығысында орналасқан. Аден рифт аймағынан оңтүстікке қарай және Бур массивінде бұл платформа жер бетінде көрінеді. Қабығы юраның, бордың және палеогеннің теңіз шөгінділерінен түзілген (қалыңдығы 7-8 мың м-ге дейін). Үнді мұхиттың жағалауы маңындағы аймақта фундамент қабығының қалыңдығы 14 км-ге жетеді. Фундаменттің жыныстарында пьезо-кварц кендер, бериллий, тантал, ниобий, қалайы, уран-торий рудалары алынатын жерлер, темір рудасы кендері бар. Палеоген жыныстарында уран-ванадий кендері, теңіз жағалауында ильменит кездеседі.
Климаты экваторлық-муссондық, қуаң; солтүстігінде тропиктік шөл және шөлейт климат. Жауын-шашын мөлшері оңтүстігі мен батысынан солтүстігі мен шығысына қарай жылына 500-600 мм-ден 100 мм-ге дейін азаяды. Жаңбыр жауатын маусымдары «гу» (сәуір - шілде, жүгері, мақта, күнжіт, бұршақты дақылдар егетін кезең) және «дер» (қазан-желтоқсан, қонақ жүгері және тары егуге қолайлы), құрғақ маусымдары «хагай» (шілде-қыркүйек) және «жилал» (желтоқсан-наурыз) ден аталады. Солтүстігінде орташа температура қаңтарда 25-30°С, шілдеде 32°С. Оңтүстігінде температураның жылдық ауытқуы 2-3°С. Ішкі аудандарында температураның тәуліктік ауытқуы 30°С. Екі тұрақты ағатын өзені бар. Бұлар төменгі ағысында кеме жүзетін Джуба және Веби-Шебели. Құрғақ арналар - «туги» көп кездеседі, бұлар тек жаңбырлы маусымдарда ғана суға толады.
Территориясының көпшілік бөлігі шөл. Қуаң атыраптарында жапырағы түсетін тікенді ағаштар орманы және бұталар да өседі. Топырағы қызғылт және қызыл қоңыр келеді. Шұраттарда құрма, кокос пальмалары өседі. Бағалы смола беретін эфирлі бұталар көп. Джуба мен Веби-Шебелигін аңгарлары қалың тропиктік орманды. Жануарлардан бөкен, зебра, жираф, арыстан, қабылан, қорқау қаскыр, өзен бойында піл, мүйізтұмсық, кабан кездеседі. Өзендерде крокодил, гипопотам бар. Маймыл, құстар, бауырымен жорғалаушылар, насекомдар өте коп.
Халқының басым көпшілігі - сомалиліктер. Олармен бірге оңтүстік аудандарында банту тілі семьясындағы халықтардың азғана тобы - вагоша және суахилилер мекендейді; теңіз жағалауындағы қалаларда арабтар, амхарлар, үнділер және европалықтар көбінесе итальяндар) тұрады. Ресми тілдері - сомали және араб тілдері. Үстем діні - суниттік ислам. Ресми календары - григориандық.
1970-1974 жылы халықтың жылдық орташа өсімі 2,5% болды. Еңбек етушілердің 82%-тейі ауыл шаруашылығында істейді. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге 5 адамнан. Маңызды қалалары - Могадишо, Бербера, Харгейса, Кисимайо, Иша-Байдоа.
Тарихы. Палеолит заманында-ақ осы күнгі Сомали жерінде алғашқы адам қоныстары болған. Б. з. алғашқы ғасырларында қалалар пайда болып, арабтармен, үнділермен, гректермен сауда-саттық жасалды. 7-8 ғасырларда Сомали түбегіне араб мұсылмандары көшіп келіп, жергілікті халықтың дінін, тілі мен мәдениетін қалыптастыруға үлкен ықпал жасады. 19 ғасырда Европа мемлекеттері Сомали түбегін жаулап алу үшін әлденеше рет жорық жасады. 20 ғасырдың басында түбек 3 отарға бөлінді (Британ Сомалиі, Сомалидің Француз жағалауы, Итальян Сомалиі). 1949 жылы 21 қарашада БҰҰ Бас Ассамблеясы Итальян Сомалиін 10 жылдық мерзімге халықаралық қамқорлық жүйесіне беру туралы шешім қабылдады (елді басқаруға Италия тағайындалды). 1956 жылы сомалиліктердің қатты талабымен итальян өкіметі Заң жиналысына сайлау өткізді. Сайлауда Жас сомалиліктер лигасы (ЖСЛ) жеңіске жетті. Тарихта тұңғыш рет ұлттық Сомали үкіметі құрылды. 1960 жылы ұлт-азаттық қозғалысының өрістеуінен шошынып, ағылшын үкіметі Британ Сомалиінде Заң советіне сайлау өткізуге мәжбүр болды. Онда Сомали Ұлттық лигасы (СҰЛ) жеңіске жетті. 1960 жылы 26 маусымда Британ Сомалиі тәуелсіз ел деп жарияланды. 1960 жылы 1 шілдеде бурынғы Британ және Итальян Сомалилері бірігіп, тәуелсіз Сомали республикасын құрды.
Сол жылы Сомали БҰҰ-ға қабылданды. 60 жылдардың аяқ шенінде империалистік топтар қолдаған реакцияшыл элементтердің өкімет басына келу қаупі төнді. Патриоттық күштер бұғап үзілді-кесілді қарсы тұрды. 1969 жылы 21 қазанға қараған түнде Сомали армиясының прогресшіл күштері ген. Мохаммед Саид Барренің бастауымен революция төңкеріс жасап, өкімет билігін өз қолына алды. Сомали Демократиялық Республика (СДР) болып жарияланды, М. С. Барре оның президенті болды. 70 жылдардың басында СДР басшылары елдің социалистік даму жолымен алға басатынын, оның идеологиясы ғылыми социализм принциптері болатынын жариялады.
1969 жылдан бастап СДР экономиканы жандандыруда, мәдени мешеулікті жоюда, ұлттық кадрлар даярлауда, елдің қорғаныс қабілетін күшейтуде едәуір табыстарға жетті. Бұған Совет Одағы мен басқа да социалистік елдер зор көмек көрсетті. СДР дәйекті бейтараптық, соғыс одақтарына катыспау саясатын ұстап, империализмге, отаршылдық пен нәсілшілдікке қарсы, халықтардың бейбітшілігі мен қауіпсіздігін нығайту жолында күрес жүргізіп келеді. 1960 жылы СДР мен СССР арасында дипломатиялық қатынас орнатылды. 1961 жылы сауда, экономикалық және мәдени ынтымақ туралы Совет-Сомали келісімі жасалды. 1974 жылы 11 шілдеде Сомали мен СССР арасында достық және ынтымақ туралы шартқа қол қойылды. 1974 жылы ақпаннан бастап СДР-Араб елдері лигасының мүшесі.
Экономикасы. Сомали - аграрлы ел. 1974 жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың 2-бесжылдық жоспары (1974-1978) жүзеге асырыла басталды. 1974 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 4, қой 3,9, ешкі 5, түйе 3. 1974 жылғы ауыл шаруашылық дақылдарының өнімі (мың т): банан 140, қант құрағы 35, дәнді дақылдар 150. Ауыл шаруашылық. плантацияларының 85%-сі итальяндық компанияның қолында. Жылына 38,3 млн. квт-сағ электр энергиясы өндіріледі. СССР-дің техникалық көмегімен суландыру жүйелері, елдегі алғашқы Джуба СЭС (5 мың квт) салынды. Өнеркәсіп орындарының едәуір бөлігі шетел капиталының (негізінен Италиянікі) қарамағында. Мемлекеттік металл құю, бірнеше май шайқау зауыдтары, сигарет-сіріңке және көкөніс-жеміс консерв фабрикалары т. б. кәсіпорындар іске қосылды.
1973 жылы автомобиль жолының ұзындығы 18 мың км, оның ішінде асфальтталғаны 1,4 мың км. Автопаркінде 13,4 мың машина бар (1973). 1974 жылы Джохер – Було-Бурти автомобиль жолының (180 км) құрылысы аяқталды. 1972 жылғы порттарының жүк айналымы - 608 мың т. Могадишо және Кисимайо аэропорты бар. Шетке тірі мал, банан, мал шаруашылығының өнімдері шығарылады. Сырттан өзі машина, жабдықтар, мұнай өнімдерін т. б. әкеледі. Ақша өлшемі - сомали шиллингісі. 1976 жылы тамызда 100 сомали шилингісі 11 сом 97 тиынға тең болды.
Денсаулық сақтау ісі. Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 1965-1970 жылдар арасында 1000 адамға шаққанда туу орта есеппен 45,9, адам өлімі - 24,0. Бала өлімі көп. Тірі туған әрбір мың баланың өлгені 200-ге жуық. Инфекциялық, паразиттік аурулар көбірек кездеседі, өлімнің негізгі себебі де солар (оның ішінде 1-орында безгек).
1970 жылы 5000 төсектік ауруханалар (мың адамға 1,9 төсек) болды. 1974 жылы 180 дәрігер (17,2 мың адамға 1 дәрігер) жұмыс істеді. 1970 жылы 13 фармацевт, 4,5 мыңға жуық орта білімді медициналық қызметкерлер болды. 1970 жылдан медициналық қызмет тегін көрсетіледі; барлық дәрігерлер мемлекеттік емдеу мекемелеріне көшірілген. Ұлттық медицина кадрларын даярлау шетелдерде, сондай-ақ Сомали ұлттық университетінің медициналық факультетінде даярланады, орта білімді медициналық қызметкерлер 3 медицина мектебінде әзірленеді. 1971 жылы денсаулық сақтау ісіне мемлекеттік бюджеттің 7,7%-і жұмсалды. 1964 жылы СССР Шейх, Уоджид қалаларында 2 госпиталь (әрқайсысы 50 төсектік) салып, Сомагиге сыйлады.
Оқу ағарту ісі. Тәуелсіздікке дейін халықтың 95%-і сауатсыз болды. 1973 жылы қаңтардан бастап барлық жерлерде Сомали жазуы енгізілді. 1974-1975 жылдар сауатсыздықты жою жөнінде жалпы ұлттық науқан өткізілді. 1972-1973 оқу жылынан бері барлық оқу орындары мемлекеттік бақылауында. 1974 жылы міндетті түрде 3 жылдық білім алу туралы заң қабылданды. 1973/74 оқу жылында бастауыш мектептерде 69 мың, орта мектептерде 27 мың бала оқыды, 2 мыңнан аса адам кәсіптік-техникалық дайындықтан өтті. Могадишода мал-дәрігерлік, денсаулық сақтау, индустриялық, педагогикалық колледждер, Ұлттық университет (1954 жылы құрылған), Ұлттық кітапхана (1934 жылы құрылған, кітап қоры - 8 мың дана), Ұлттық музей бар.
Әдеб.: Хазанов А. М. Сомалийская республика. М., 1961; Сергеева И. С. Сомалийская республика. М., 1965; Вобликов Д. Сомали. М., 1970; Шерр Е. Сомали. Борьба за социалистическую ориентацию. М., 1974.
Жарияланған-2020-10-05 17:04:23 Қаралды-1443
АРА НЕ БЕРЕДІ?
Аралар - біздің әлемде маңызды рөл атқаратын кішкентай, бірақ өте маңызды жәндіктер.
КЕМПРҚОСАҚ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
Адамдар бұл ең әдемі табиғат құбылысының табиғаты туралы бұрыннан қызықтырды.
АЮЛАР НЕГЕ ҚЫСТАЙДЫ?
Ұйықта қысқы ұйқы аюларға қыстың аш маусымынан аман өтуіне көмектеседі.
АНТИБӨЛШЕКТЕР ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
«Анти» сөзінің мағынасын елестету үшін қағаз парағын алып...
- Информатика
- Математика, Геометрия
- Қазақ әдебиеті
- Қазақ тілі, әдебиет, іс қағаздарын жүргізу
- География, Экономикалық география, Геология, Геодезия
- Биология, Валеология, Зоология, Анатомия
- Әлеуметтану, Саясаттану
- Астрономия
- Ән, Мәдениет, Өнер
- Қаржы, салық және салық салу, банк ісі, ақша несие және қаржы
- Қоршаған ортаны қорғау, Экология
- Мәдениеттану
- ОБЖ
- Психология, Педагогика
- Философия
- Физика, Химия
- Русский язык
- Спорт
- Тарих
- Биотехнология
- Экономика и менеджмент
- Медицина
- Архитектура
- Дінтану