UF

7 ТҮРЛІ ТАҒАМ - ҚУЫРДАҚ

Категориясы: Тағам


Қой етінің қуырдағы

Құрамы: 
1 килограмм ет, 200 грамм құйрық май, 2 пияз, 1 шай қасық бұрыш, 2 шай қасық тұз.
Дайындау процесі:
Ет ұсақтап туралады. Қазан отқа қойылып қыздырылады. Оған алдын ала ұсақтап туралып қойылған құйрық май немесе іш май салынып шыжғырылады. Шыжықты сүзіп алуға да, алмауға да болады. Сүзіп алынса ол асығыста нан қосып жеуге, әсіресе таңертеңгі аста таптырмайтын дәм.
Қазандағы май әбден еріп қайнай бастағанда манағы туралған ет салынады да қазанның қақпағы жабылады. Шамалыдан кейін қазанның қақпағы ашылып, ет бір рет жақсылап араластырылады, тұздалып, бұрышталады. Сақиналап туралған пияз салынып, үстіне табылса - сорпа, табылмаса су құйылады да, қазанның қақпағы жабылады. Сөйтіп, әбден піскенше бұқтырылады. Бұл кезде отты бәсеңдетіп қойған дұрыс.


Жылқы етінің қуырдағы 

Құрамы: 
1 килогратм ет, 300 грамм жылқы майы, 2 пияз, жарты шай қасық бұрыш, 2 шай қасық тұз.
Дайындау процесі:
Бұл - өте дәмді қуырдақ. Оның үстіне жылқы еті адам организміне аса жұғымды, бойға сіңімді келеді. Өзі жеңіл қорытылады.
Ет ұсақтап туралады. Ол қыздырылған қазанға жылқының ұсақтап туралып салынған немесе алдын-ала ерітіп алынған іш майына қуырылады. Өйткені жылқы майы қатып, таңдайға да, ерінге де жабыспайды әрі ол басқа майға қарағанда сіңімді болады.
Май еріген соң үстіне манағы туралған ет салынып, сәл қуырылған соң, сақиналап кесілген пияз қосылады. Тұздалып, бұрышталады. Табылса - сорпа, табылмаса - су құйылады да, қазанның қақпағы жабылып, бұқтырылады.
Піскеннен кейін қуырдақ сүзіп алынады. Сөйтіп жайпақ ыдыспен дастарқанға әкелінеді. Майын бөлек ыдысқа, мәселен, кесеге құйып беруге болады. Кейбір кісілер қуырдақтың майын сүйсініп ішеді. Өйткені ол жүрекке тимейді. Қуырдақты өз майына бөктіріп берсе де болады.


Түйе етінің қуырдағы

Құрамы: 
1 килограмм ет, 300 грамм өркеш, 3 пияз, жарты шай қасық бұрыш, 2 шай қасық тұз, 2 ас қасық ұсақтап кесілген көк жуа.
Дайындау процесі:
Бұл қуырдақ түйенің қол, сан, жон еттерінен өркеш майына қуырылады.
Әуелі ет ұсақтап туралады. Қазан отқа қойып қыздырылады да алдын ала қиықтап кесілген өркеш салынып, шыжғырылады. Аспаздың қалауына қарай шыжығын сүзіп алуға да, қазанда қалдыруға да болады. Жалпы, өркеш майы шыны келеді. Соған орай ол жақсы ериді.
Май әбден еріп, қайнай бастағанда үстіне ет салынады. Дөңгелектеп кесілген пияз қосылады. Тұздалып, бұрышталады. Содан соң үстіне сорпа немесе су құйылады да, қазанның қақпағы жабылып, бұқтырылады. Піскеннен кейін қуырдақ сүзіп алынып, жайпақ табаққа салынады. Бетіне көк жуа себіліп, дастарқанға қойылады. Қуырдақтың майы кесеге құйылып, бөлек әкелінеді.


Қаз етінің қуырдағы 

Құрамы: 
830 грамм қаз еті, 2-3 пияз, 2 ас қасық тоң май, 1 кесе сорпа, 1 килограмм жас капуста немесе сонша тұздалған капуста, 2 түйір қияр, 2 түйір помидор, 2 ас қасық ұсақталған аскөк, тұз бен бұрыш татымына қарай, лаврдың 2-3 жапырағы.
Алдын ала үйітіліп, сирақтары кесілген, ішек-қарнынан тазартылып, жақсылап жуылған қаз ұшасы әрбір кесегі 25-30 грамнан келетіндей тіліп туралады.
Дөңгелектеп кесілген пияз қосылып, сәл қуырылады да, үстіне сорпа не су құйылады. Сөйтіп бұқтырылады. Пісуіне 25-30 минут қалғанда капуста қосылады. Тұздалып, бұрышталады. Лавр жапырағы салынып, әбден піскенше тағы да бұқтырылады.
Дастарқанға қойыларда ыдысқа салынады да, қиярмен немесе помидормен әсемделіп, бетіне көк себіледі.


Үйрек етінің қуырдағы 

Құрамы: 
770 грамм үйрек еті, 1,5 ас қасық тоң май, 1 кеседей су, 2 пияз, 2 помидор, жарты кесе көк бұршақ, 2 шай қасық тұз, жарты шай қасық қызыл бұрыш.
Дайындау процесі:
Үйректің де ұшасы қаз сияқты етіліп бұзылады. Содан соң ірі-ірі етіп туралады.
Қазан отқа қойып қыздырылады да, сақиналап кесілген пияз салынып, шала қуырылады. Үстіне үйрек еті қосылады. Тұздалып, бұрышталады. Үйрек те шала қуырылып, үстіне су құйылады. Сөйтіп әбден піскенше бұқтырылады.
Піскеннен кейін тарелкаға салынып, беті помидормен әсемделеді, гарнир ретінде көк бұршақ пайдаланылады.


Киік етінен дайындалған қуырма 

Құрамы: 
600 грамм киік еті, 2 ас қасық өсімдік майы, 2 ас қасық 3 проценттік сірке суы, 120 грамм құйрық майы, 50 грамм қаймақ, тұз бен бұрыш дәмі мен татымына қарай. Гарнир үшін 4 сәбіз, 3 картоп, 1 ас қасық тоң май, жарты кесе көк бұршақ, көк бұршақ араластырылатын бір шай қасық.
Дайындау процесі:
Киіктің шикі кесек етінің үстіне өсімдік майымен араластырылған 3 проценттік сірке суы құйылып, маринадталу үшін 4-6 сағат салқын жерге қойылады. Бірақ оны маринадта ауық-ауық аударыстырып отыру керек. Маринадталған ет тілгіленіп, сол тіліктеріне құйрық май тығылып, ұнтақ тұзбен тұздалып, қара бұрышпен бұрышталады. Қаймақ жағылады. Сөйтіп қуыру шкафына қойылып қуырылады. Қуыру кезінде ауық-ауық өзінен бөлінген сөлі мен майын үстіне құйып отыру қажет.
Дастарқанға әрбір кісінің ыдысына екі кесектен салып әкелінеді. Гарнир ретінде піскен сәбіз, көк бұршақ, капустадан әзірленген салат, ірілеу етіп турап қуырған картоп пайдаланылады.


Төстік 

Құрамы: 
бір қой ұшасының төстігі, 2 пияз, 2 жас помидор, 2 жас қияр, жарты кесе маринадталған капуста, 1 кесе тұз ерітіндісі, тұз бен бұрыш татымына қарай.
Дайындау процесі:
Қой ұшасынан төс еті сылынып алынады да, екіге тілінеді. Істікке шаншылады да сексеуіл шоғына қакталып қуырылады. Қуыру кезінде тұз ерітіндісі, яғни тұз ерітілген су кұйылып отырады. Қуырылған төстік істіктен алынып, ұсақтап туралады.
Гарнир ретінде көкөніс пайдаланылады.
Бір ескертетін жайт: кой кәрі болса, оның төстігі алдын ала шала пісіріліп алынады.

  Жарияланған-2016-06-29 16:57:04     Қаралды-18724

Мәлімет сізге көмек берді ма

ДӘСТҮРЛІ ҰН ТАҒАМДАРЫ

...

Ұн тағамдары өзінің қоректілік құндылығы жағынан жоғары калориялы тағамдарға жатады. Өйткені оның құрамына май да, ет те, сүт өнімдері де, жұмыртқа да, тіпті көкөніс те енеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КЕТБҰҒА КҮЙШІ МЕН ЖОШЫ ХАН ТУРАЛЫ АҢЫЗ

...

Шыңғыс ханның Жошы деген баласы жабайы құлан аулап, өзін қаумалаған нөкер серіктерінен тым ұзап кеткенін сезбей де қалады. Ханзада жүйткіген құландарды өткір жебемен дәл көздеп құлата береді, оның жүрегінде бейшара жануарларға деген аяушылық болмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЛИМОН ЖӘНЕ МАНДАРИН НУГАСЫ (II түрі)

...

Бұл - шайқалып көпіршітілген белокты кейіннен көбік түзгіште қант-сірне шырынымен қосып тағы көпіршітілген, жаңғақ және хош иісті заттар салынған тағам. Өндіріс кезінде қалған кесінділерінің шикізаты үшін өз салмағының 15-20 процентінен аспайтын мөлшерде

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШҰБАТТЫҢ ДӘРУЛІК, ШИПАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ

...

Шұбат та қазақ халқының дәстүрлі сусындарының бірі. Сонымен қатар бұл сусынның дәрулік, шипалық қасиеті де бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШЫҢҒЫС ХАН

...

Шыңғыс хан - Орта Азияда бүкіл моңғол тайпаларын бір қолға біріктірген ұлы әмірші, Шыңғыс хан империясының негізін қалаушы, атақты қолбасшы. Ол 1162 жылы Дилпун-Болдан (Дилунь-Булдак) шатқалында Онон өзені жағалауында дүниеге келген.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДІРІЛДЕКТІ ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАУҒА БОЛАДЫ?

...

Үйітіліп, әбден тазартылған сиырдың сирағы бірнеше бөлікке бөлінеді де кастрюльге салынып, су құйылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »