UF

ЕТ МҮШЕЛЕРІНІҢ НЕГІЗГІ ҚАЗАҚША АТАУЛАРЫ

Категориясы: Тағам


Мал етін мүшелеуді біреу біліп, біреу біле бермейді. Сол жөнінде әңгіме болғанда этнограф С. Қасиманов былай деген еді: еттің әр түрлі мүшелері, олардың өзіне тән қазақша атаулары қалыптасқан. Солардың негізгілері мыналар:

♦ бас (ірі қарада екі шеке);

♦ жақ (уақ малда тілімен тұтас жүреді. Ірі малда жақ екіге айырылып, тілі бөлек мүшеге саналады);

♦ жақ ет, ұрт ет (ірі қарада бөлек алынып, қазанға да бөлек түседі); мойын (6 буын, бұл қонаққа, сыйлы адамдарға арналған мүшелі табаққа салынбайды);

♦ мойын ет (ірі қарада бөлек сылынып алынатын ет. Қуырдақ қуырылады);

♦ бұғана (екі жақта 3 талдан - 6 тал. Мүше орнына саналады); қара қабырға (6 тал, мүшелермен бірге өр уақытта табаққа салына береді);

♦ сүбе қабырға (етегімен алынған 6 тал. Таңдаулы мүшелердің бірі); қазы (семіз жылқыдан 20 қазыға дейін айналдырылады. Оның кейбіреуі қабырғасыз тілініп, басқа малдың ішегімен айналдырылады);

♦ телше қазы (жылқының сүбесі. Телшені сүрлемей жас күйінде асады);

♦ төс (күйеулер, кей жерде қыз-келіншектер үшін таңдаулы мүше); төс ет (жылқы, сиырда осылай деп аталады. Кесек еттердің таңдаулысы, көбіне қуырдақ қуырылады, сүрленеді);

♦ төстік, төсқасқа (қойда осылай аталады, терісімен істікке шаншып, отқа қаңтап жейді, салқын ас ретінде де пайдалануға болады);

♦ төсқалдақ (ешкіде осылай аталады. Қой мен ешкінің төстіктерін төсқасқа, төсқалдақ деп те атайтын жерлер бар);

♦ төс етегі (қой, сиырда осылай аталады, қарапайым кесек ет); кеңірдек (әдетте соғым сойған кісінің мойын ет жіберіп алған «қол-кесерін» де кеңірдек дейді. Оны жастай асады);

♦ ауыз омыртқа (соғым сойған күні табаққа міндетті түрде түсетін мүше);

♦ қаржілік (көрі жілік деп те атайды. Әр малда екі-екіден болады. Жілік мүшесіне кіреді);

♦ қаржіліктің ойынды еті (ірі қарада болады. Оның кәрі жіліктің айдар еті де дейді (2 бөлек). Көбінесе қуырдаққа арналған; ортан жілік (2) - мүшелі жілік; ортан жіліктің ойынды еті (2). Жұмсақ ет;

♦ жауырын (2) - жіліктердің ішіндегі төменгі дәрежелісі; жауырынның қақпыш еті (2) - кесек ет санына кіреді;

♦ асықты жілік (2) - жамбастан соңғы таңдаулы мүше; - асықты жіліктің айдар еті (2), ұсақ малда жілігімен бірге келетін майлы ет;

♦ тоқбақ (тоқбас) жілік (2) - қолда болатын жілік;    

♦ тоқбақ жіліктің ойындысы (2), оны тобық еті деп те атайды;

♦ жамбас (2) - ірі малдың әр жамбасын екіге бөліп асады. Қойдың, ешкінің жамбасы тұтас болады. Ұсақ малдың ең таңдаулы мүшесі;

♦ жая (ірі малда). Сүрлейді, қақтап кептіреді;

♦ жаяның еті (ірі қарада). Оны 4, 5, 6 бөліп асуға, сүрлеуге болады; белдеме (қой-ешкіде). Оны белдемше, мықын, ұша деп те атайды. Таңдаулы мүшеге жатады;

♦ жалпақ омыртқа (ірі қараның белдемесі). Таңдаулы мүшеге жатады. Сүрлеуге болады;

♦ бәлекей омыртқа (құл омыртқа деп те атайды). Кіші дәрежелі омыртқа;

♦ ұзын омыртқа (6). Мұны да кейде ұша дейді, жалпақ омыртқаға тең, сүрленеді;

♦ арқа (омыртқа) - қой-ешкіде алтау. Мұның еті өте жұмсақ, сондықтан оны көбінесе мипалауға турайды;

♦ жүрек - көбінесе қыз-келіншекке, балаларға берілетін мүше;

♦ үлпершек - жүрек қабына салынған, жұмырлардың бірі;

♦ бауыр - семіз майлы етке, әсіресе құйрыққа қосып жеуге жақсы;

♦ көк бауыр (талақ). Отқа көміп, асып, табаға пісіреді;

♦ бауырет (ірі малда) - асып, қақтап жеуге, қуыруға, жөргемге қосуға борша жасауға тиімді саналған;

♦ бүйрек (2) - балалар сыбағасы;

♦ кісіге - жылқының жүрек майы. Жұмырлардың бір түрі;

♦ ұлтабар - ұсақ малдың таңдаулы, ең майлы мүшесі. Ешкінің жамбасымен бірге табаққа түседі;

♦ қарта (жылқыда) - жылқы етінің таңдаулы мүшесінің бірі;

♦ қима (сиырда) - сиырдың майымен айналдырып, шумақтаған тоқ ішегі;

♦ тоқ ішек (қой, ешкіде) - оның ет, өкпе, шажырқай қосып өрмелеген түрін «Жөргем» дейді;

♦ тік ішек - тоқ ішектің ұшы. Қонақ табағына салынбайды; желін (желін май). Уызға қосып асылады;

♦ өркеш (2) - түйенің май жинайтын мүшесі. Оны көбінесе шыжғырады;

♦ қомдық (2) - түйенің мүшесі. Бұл да шыжғырылады;

♦ қарын - жас қарын семіз қойдың етімен бірге табаққа түседі. Қуырылады. Жылқы қарыны қарта орнына бас табаққа да салынады;

♦ өкпе - сый табаққа түспейді, қуырдаққа жарамды;

♦ өңеш - сыйлы мүше саналмайды, оған тұз, бұрыш салып, майлы ет тығып түйреп пісірген;

♦ жал (6 кертпе) - жылқы етінің таңдаулы мушесі. Ол көбінесе сүрленеді;

♦ сирақтар (қой-ешкі сирағын, кейде тайынша-торпақтардың сирағын үйтеді. Балалар сыбағасы);

♦ жалбыршақ қарын (сиырда) - қыз келіншектер сыбағасы;

♦ таз қарын (жылқыда) - қыз-келіншектер сыбағасы; қарын (барлық мал түлігінде) - қыз-келіншектер сыбағасы;

♦ бүйен (бүйендерге май, ет тығып түйреп, әсіп, меңіреу, жұмыр, түймеш дейтін тағамдар жасаған) - көбінесе қыз-келіншектер сыбағасы.

  Жарияланған-2016-09-23 15:24:28     Қаралды-21528

Мәлімет сізге көмек берді ма

ЖЕРДЕ СУ КӨП ПЕ?

...

Жер шарында теңіздер, өзендер мен көлдер көк түспен бейнеленгенін білесіздер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БАЛ НАНЫ

...

Дөңгелек, шеттері қалың да, ортасы жұқа нан осылай аталады. Салмағы - 0,2 килограмм.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МИНИАТЮРА ҚАЙ КЕЗДЕ КЕЗДЕСЕДІ?

...

Ескі қолжазба кітаптардың беттерінде айтылып отырған оқиғаны бейнелейтін суреттер кездеседі. Ондай суреттерді миниатюра деп атайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЧИЛИ АРХИПЕЛАГЫ

...

Оңтүстік Чили жағалауын қуалай жатқан аралдар жүйесінің жалпы аты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮМІС АЛУ

...

Күміс алу (теңге алу) - өте қызықты, -жігітті сынайтын ойындардың бірі. Белгіленген арақашықтықта үш-төрт жерге шүберекке оралып күміс немесе тенге тасталынады. Шабандоздар кезек алып тізбекке тұрады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Ірімшіктен жасалған ай

...

Мүмкін, Ай тек балалардың елестетуінде ғана үлкен, домалақ ірімшіктің түйірі сияқты пайда болуы мүмкін.

ТОЛЫҒЫРАҚ »