UF

ГЕЛЬМИНТОЗДАР (малдың ішқұрт аурулары)

ФАСЦИОЛЕЗ

Фасциолез (бауыр құрт ауруы) гельминтоздардың барлық мал түлігінде кездесетін аса қауіпті түрі. Онымен көптеген жануарлар да ауырады.

Қоздырғышы. Ауруды Фасциола гепатика (кәдімгі фасциола) және Фасциола гигантика (алып фасциола) трематодалары (сорғыш құрттар) қоздырады. Оларды бір-бірінен оңай ажыратуға болады. Кәдімгі фасциоланың денесі жапырақ пішіндес, ұзындығы 20-30 мм, енді 8-12 мм шамасындай, ал алып фасциола сопақша келген, ұзындығы 33-76 мм, ені 5-12 мм.

Бауыр құрттары аралық иелері - тұщы суды немесе батпақ-сазды жерлерді мекендейтін Лимнеиде (тоған) ұлуларының қатысуымен өніп-өседі. Мал нәжісімен сулы жерге түскен құрт жұмыртқасынан 7-15 күнде мирацидий деп аталатын личинка (ұрық) өсіп, ұлу денесіне енеді. Осыдан 1,5-3 ай өткен соң ұлу денесінде толық өсіп жетілген церкарий ұрығы бөлініп шығып, су өсімдіктеріне жабысып адолескарий ұрығына айналады. Мұндай адолескарийді мал шөппен не сумен қоса жұгқан кезде олардын, бауырында, өт жолдарында сақа фасциола құрттары өсіп-жетіледі. Мұндай құрттар саны көп болса мал бауыр құрт ауруына шалдығады.

Эпизоотологиясы. Фасциолез дүние жүзінде мал мен жабайы жануарлар арасына қең тараған ауру. Қазақстанда бауыр құрт ауруы Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Гурьев облыстарының малың саз-батпақты, суы мол, шалғынды өзен-көл жағаларында жайып-бағатын шаруашылықтарында кездеседі. Бауыр құрты ауруына бұзау, қозы мен лақ жиі шалдығады. Бұл ауру әсіресе Гурьев облысының Теңіз ауданында, ал соңғы жылдары Мақамбет ауданының кейбір шаруашылықтарында ірі қара мал арасында жіті түрде байқалып, мал шаруашылығына біршама зиян шектіріп жүр. Алматы облысының Қеген, Нарынқол аудандарының қойында фасциолез жиі байқалады. Фасциолез малға жайылым маусымында жұғатындықтан ауру жаз және күз айларында шығады, ал мал шығынға (егер ауданда алдын ала сақтандыру шаралары дер кезінде жүргізілмесе) көбінесе күз бен қыста ұшырайды.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Шөппен не сумен қоса малдың ас қорыту жүйесіне жеткен құрт адолескариінен жыныс мүшелері жас фасциолалар шығып, мал ішегін, бауыр капсуласын (қабықшасын) және паренхимасын (үлпершегін) жарақаттай отырып өт жолдарына түседі. Осыған байланысты ішектің кілегей қабаты, бауыр етегі қатты қабынады. Өт жолдарының құрттармен бітеліп қалуы салдарынан ас қорыту жүйесіне өттің үздіксіз құйылуы тежелінеді. Мұның бәрі бауырдың және ас қорыту жүйесінің, организмдегі зат алмасу құбылысының бұзылуына әкеп соғады. Ауру асқынған кезде көп жағдайда мал өліп қалады.

Фасциолез жіті түрінде өршіген кезде малда көптеген ауруларға тән мынандай белгілер білінеді: көзге шалынатын кілегейлі қабықшалары түссізденіп, кейіннен сарғыш тартады, кейде денесінің қызуы көтеріліп, іші бірде өтіп, бірде қатады және т. б., созылмалы түрінде - ас қорыту жүйесінің қызметі бұзылады, қатты арықтайды, жағының астында, төстігінде, құрсақ тұсында, аяқ буындарында жалқаяқ ісік пайда болады.

Ауруды анықтау. Фасциолезді анықтағанда эпизоотологиялық мәліметтер өте маңызды орын алады. Бұл ауру малды саз-батпақта, шалғынды өзен-көл жағаларында жайып баққан кезде жұғатын инвазия. Осы жайт нақты ескеріледі.

Фасциолезді тірі малдан гельмннтокопрологиялық арнайы әдістермен мал нәжісін зерттеу арқылы анықтайды. Оған мал нәжісін біртіндеп сумен шаю, Демидовтің флотациялық-седиментациялық әдісі және басқа да әдістер қолданылады.

Мал нәжісін біртіндеп шаю әдісі: ол үшін қой мен ешкіден 3-5 г жас құмалақ, ірі қарадан 5 г мөлшерінде нәжіс алынады. Осы нәжісті арнайы ыдысқа салып үстіне аз ғана су құяды да, езіп, біркелкі қоймалжың сұйық дайындайды. Оны капрон, дәке не темір сүзгімен таза копрологиялық ыдысқа сүзеді. Содан соң үстіне еселеп су құйып 5 минут тұндырады. Тұнбанын, бетін ептеп төгіп тастап тазалайды да, қайтадан таза су құяды. Міне, осылай бірнеше рет еселей отырып сумен шаю жолымен тұнбаны әбден мөлдір болғанша шаяды. Ең соңғы рет шайған кезде ыдыс түбіне 10-15 миллилитрдей тұнба қалдырады. Осы тұнбаны микроскоппен қарап бауыр құрт жұмыртқаларын іздестіреді. Бұл әдіс өндірістік-шаруашылық жағдайында өте кең қолданылады.

Демидовтің флотациялық-седиментациялық әдісінде мал нәжісі алғаш рет қоймалжың түрде даярланады және шайып сүзген кезде су орнына ас тұзының қаныққан ерітіндісін қолданады. Осыдан кейін біртіндеп шаю әдісіндегідей тұнбаны сумен әлсін-әлсін шайып отырады. Бұл әдіспен зерттеу едәуір жеңіл және оған уақыт та аз кетеді.

Кұрт жұмыртқаларының түсі сарғыш. Бір жақ полюсінде «қақпақша», екінші жағында кішкене «дөңесше» болады. Алып фасциола жұмыртқасының көлемі 0,125-0,157X0,06-0,10 мм, кәдімгі фасциоланікі - 0,13-0,14X0,07-0,09 мм.

Фасциолезді дәл анықтау үшін өлген малдың бауырын академик К. И. Скрябин ұсынған гельминтологиялық әдіс бойынша жарып тексереді. Ол үшін мал бауырын жайпақ ыдысқа салып өт жолдары бойымен тілімдеп, қолмен ұсақтап езіп, үстіне су құйып араластырады. Қан және өт бояуларынан арылту үшін оны таза сумен бірнеше қайтара тұндырып шаяды, бауыр бөліктеріи қолмен алып тастайды. Осыдан соң тұнба түбіне шөккен құрттарды жинап алу оңай. Тірі фасциола жиырылып-созылып жатады.

Фасциолез жіті түрде өршігенде малдың құрсақ қуысында қанды су жиналуы мүмкін. Оның ішінде сорғыш құрттар да кездесетін жағдай болады. Сонымен қатар бауыр капсуласы, бауыр ұлпасы сорғыш құрттармен жарақаттанып, тесіледі. Ауруды анықтауда осы жағдайлар да толық ескерілуге тиіс.

Емі. Фасциолезге шалдыққан малды емдеуде ацемидофен дәрісі өте тиімді. Ол фасциола кұрттарының жетілген, жетілмеген түрлерінің барлығын тез арада жоя алады. Оны малдың азықтандыру тәртібін тежеместен 10 проценттік судағы шыламасы түрінде ішкізеді. Бұл дәріні қойға тірілей салмағының әр килограмына 0,15 грамм (таза дәрі есебінде), ірі қараға - 0,15 г (жіті фасциолезден сақтандыру мақсатында) және 0,2 г (жіті фасциолезді емдеу үшін) мөлшерінде қолданады.

Малды жаппай дегельминтизациялау алдында ацемидофен дәрісін аз ғана мал тобына (5-10 бас) беріп сынап-байқайды. Егер малда өзгерістер (улану) байқалмаса қалған малды түгелдей емдейді. Дәрі шыламасын қолданар алдында ғана нұсқау бойынша дайындайды. Сонымен қатар бауыр құрт ауруын емдеу үшін дертил, гексихол, төртхлорлы көміртегі, битионол дәрілері де пайдаланылады. Дертил «О» дәрісі қойға, ал «Б» дәрісі ірі қараға арналған. Оларды созылмалы фасциолезде малдың тірілей салмағының 1 килограмына 3-4 мг, жіті фасциолезде – 6-8 мг таза дәрі есебінде, гексихолды 0,3 г, мөлшерінде жекелей бергенде бір қайтара, ал топтау әдісімен бергенде 0,2 г есебінде жеммен араластырып жегізеді. Төртхлорлы көміртегі дәрісін бір жасқа дейінгі қой төліне 1 мл, жастан асқан қойға 2-3 миллилитрден ішкізіп, не қарнына шприцпен құяды. Дәріні қолтық терісі астына қойдың әрбір 10 кг салмағына 2 миллилитрден есептеп енгізуде де болады. Ірі қараға бұл дәріні вазелин майымен тең мөлшерде араластырып қоспа жасап, оны малдың тірілей салмағының әр 100 килограмына 10 миллилитрден сан бұлшық етінің 2-3 жеріне егеді.

Аурудан сақтандыру шаралары. Мүмкіншілігіне қарай малды жылы маусымда өріске шығарған жөн. Саз-батпақты, сулы жерде бағылған малдың фасциолезге шалдығатыны ескерілуі тиіс. Малды фасциолезден сақтандыру жұмыстары ғылыми зерттеулердің нәтижесінде анықталып, алдын-ала бекітілген жоспар бойынша атқарылуы шарт. Бауыр құртының аралық иелері кездесетін кішігірім батпақтар құрғатылады, «ұлуларды жою мақсатында 4-5 дихлорсалицила нилид және тотияйын ерітінділері нұсқау бойынша батпақты жерлерге шашылады. Мал жайылымын жаз ортасында сулы жерден құрғақ жайылымдарға ауыстырған тиімді шара болып табылады. Сонымен қатар фасциолез аса қатты өршитін айларда (жаз-күз) малды алдын-ала ацемидофен дәрісімен емдейді. Бұл шара ауруды болдырмауға мүмкіндік туғызады.

ПАРАМФИСТОМАТОЗ

Парамфистоматоз күйіс қайыратын мал мен жабайы жануарлардың аса қауіпті, жіті және созылмалы түрде өтетін ішқұрт ауруы. Оны сорғыш құрттар парамфистоматалар қоздырады.

Қоздырғышы және оның биологиясы. Біздің елімізде парамфистоматалардың 8 түрі, ал Қазақстанда 3 түрі кездеседі. Лиорхис скотиэ - түсі ашық қызыл, денелері иілген конус тәріздес, ұзындығы 2-13 мм шамасында, үшкірлеу, алдыңғы жағында және доғал келген артқы жағында ауыз, бауыр сорғыштары орналасқан. Парамфистомум ишикаваи - лиорхистерге өте ұқсас келеді. Оларды гистологиялық зерттеулер арқылы анықтайды. Гастротилякс круменифер сорғыш құрты алғашқы екі құрттаң жай көзбен-ақ ажыратылады. Гастротилякстердің «астыңғы қуыс» деп аталатын жұқа қалташасы бар. Ол құрттың жыныс тесігін (клоакасын) жауып тұрады. Құрт денесі қошқыл қызыл немесе қызыл түсті.

Жыныстық жағынан толық жетілген парамфистомата құрттары малдың қарнында, тақия қарнында, ал әлі жетілмеген жас түрлері ұлтабар, он екі елі ішек, ащы ішектерде кездеседі. Жас парамфистоматалар жетілген сайын қарынға орын ауыстырып отырады.

Парамфистоматалар сулы жерді мекендейтін ұлулар арқылы өніп-өседі. Құрт жұмыртқасы сулы жерге түседі де, 8-30 күнде олардан мирацидий ұрық-личинкасы шығып ұлу денесіне енеді. Спороциста, редий, церкарий деп аталатын әр түрлі өсіп-жетілу сатылары ұлу денесінде өтеді. 1,5-3 ай ішінде ұлу денесінен церкарий ұрықтары суға шығып, ондағы өсімдіктерге: басқа да заттарға жабысады да, малға ауру жұқтыратын одалескарий деп аталатын сатыға айналады. Мал шөппен не сумен қоса парамфистомата адалескарилерін жұтқан кезде парамфистоматоз ауруына шалдығады. Парамфистоматалар малдың ас қорыту жүйесінде 5-7 жылдай тоғышарлық тіршілік етеді.

Эпизоотологиясы. Парамфистоматоз дүние жүзінде өте кең тараған ішқұрт инвазиясы. Қазақстанда ол Алматы, Жамбыл, Гурьев, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Орал, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Талдықорған, Торғай облыстарында жиі ұшырасады. Бұл ауру мал шаруашылығына біршама зиян келтіреді. Ол әсіресе бір жасқа дейінгі төл үшін аса қауіпті. Төл арасында малды сулы, батпақты жерлерде бағатын шаруашылықтарда жіті түрде өршіп, малды көп шығынға ұшыратады, яғни ауру энзоотия түрінде өтеді. Республикада парамфистоматоз ауруы ірі қара, қой малына жазда және күздің алғашқы айларында өзен суы көп тасыған немесе жауын-шашын мол болған жылдары аса қатты өршиді. Күзгі қарасуық түсе шөпке жабысқан құрт адалескарилері өліп қалады. Ауру су басқан шалғынды жерлерде малға аса көп жұғады.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Мал организмінде парамфистомата адалескарилерінен жас құрттар шығып, ас қорыту жүйесі (қарын, ұлтабар, ащы ішек) кілегейлі қабықшаларына тереңдей енеді де оны зақымдап, тоғышарлық тіршілік етеді. Аурудың осы сатысында егер мал организміне енген құрт көп болса малдың іші қан аралас өтеді, тышқақ тиылмайды. Ол тек арнайы емдеген жағдайда ғана басылады. Жіті парамфистоматозға шалдыққан ірі кара, қой төлдері көптеп шығынға ұшырайды. Алғашқыда ауру малдың жалпы күйі төмендеп, кілегейлі қабықшалары бозғылт тартып, түссізденеді, жүрек соғуы жиілейді, қанында қызыл түіршіктер саны азаяды, ал ақ қан түйіршіктері көбейеді, тамағының асты, төстігі, аяқ буындары ісінеді.

Аурудың созылмалы түрінде онша айқын белгілер болмайды, біртіндеп малдың қоры төмендейді де, ақырында өліп қалады.

Ауруды анықтау. Парамфистоматозды анықтауда эпизоотологиялық мәліметтерді ескеру өте зор роль атқарады. Мал дәрігерлеріне бұл аурудың мал арасында кездесетіні бұрыннан белгілі болуы тиіс. Сондай-ақ жайылым учаскелерінің ерекшеліктері, судың тасуы және басқа да жайттар аурудың өршуіне көп әсер етеді.

Парамфистоматозды тірі малдан анықтағанда жоғарыда айтылған жайттармен қатар инвазияның сыртқы белгілеріне де аса қатты назар аудару керек. Ауру энзоотия түрінде өршіген кезде көптеген малдан аурудың жалпы сыртқы белгілерін бір мезетте байқауға болады. Лабораториялық әдістерден фасциолез ауруын анықтауға қолданылатын мал нәжісін біртіндеп сумен піаю, Демидов әдісі және т. б. пайдаланылады.

Парамфистомата сорғыш құрттары жұмыртқасының түсі ақ сұр, сұрғылт келеді. Құрт жұмыртқасы пішіні, құрылысы жағынан фасциола жұмыртқаларына ұқсас. Одан айырмашылығы тек түсінде, яғни түсі ақ сұр, сұрғылт немесе күміс түстес келеді, ал фасциоланікі сары, алтын түстес.

Осы әдістермен қатар тышқақтап жүрген мал нәжісін ыдысқа салып, сумен біртіндеп шайса тұнбадан өте кішкене, көлемі 1-2 мм шамасындағы жетілмеген парамфистомата құрттарын табуға болады. Мұндай әдісті гельминтоскопия әдісі деп атайды.

Өлген малдың ас қорыту жүйесі мүшелерін гельминтологиялық жарып тексеру арқылы сақа және жас құрттарды оңай табуға болады.

Емі. Парамфистоматоз ауруын емдеуге сыналған дәрілердің ең жақсысы - битионол антгельминтигі. Оны ірі қараға тірілей салмағының 1 қилограмына 0,07 г мөлшерінде әр малға жеке-жеке береді немесе жемге араластырып топтық әдіспен дегельминтизациялайды. Егер ауру белгілері, әсіресе тышқағы тиылмаса дәрілеуді 7-10 күннен соң қайта жүргізеді. Қойды битионол дәрісімен жекелей емдегенде оның әрбір килограмм тірілей салмағына 0,15 г, ал топтау әдісінде - 0,2 г мөлшерінде қолданады. Жекелей бергенде дәріні мал аузына көмейіне қарай сырғытып салып жіберіп, артынан аздап су құяды. Осы аталғандармен қатар ауру малды бөлектеп бағып күтімін жақсартады, ауру белгілеріне сәйкес жүрек-іқан айналысы, бүйрек-зәр шығару т.б. жүйелерінің қызметін жақсартатын дәрі-дәрмектер қолданылады.

Аурудан сақтандыру шаралары. Инвазия бұрыннан кездесетін шаруашылықтағы күйіс қайыратын малды жайылым маусымында сулы, саз-батпақты жерлерде жайып бағуға болмайды, фасциолез ауруына қарсы жасалынған жоспар-шаралар парамфистоматоз ауруына ортақ екені ескеріледі және осы аурулар көбінесе қосарлана өршиді. Аурудан сақтандыру мақсатында жылына екі рет көктемде және күзде - жайылымға шығар алдында және маусым аяқталғанда күйіс қайыратын малды түгелдей дегельминтизациялайды. Инвазия жіті энзоотия түрінде өтетін аймақтарда июль-август айларында аурудың қозу ерекшеліктерін ескере отырып емдеу-профилактикалық шараларын жүргізеді, батпақтарды құрғатады.

МОНИЕЗИОЗ

Мониезиоз төрт түліктің әсіресе, қой, ешкі, ірі қараның, таспа құрттар (цестоза) қоздыратын ішқұрт инвазиясы. Ол қозы-лақ, бұзаулар үшін аса қауіпті.

Қоздырғышы және оның биологиясы. Ауруды Мониезия экспанза, Мониезия бенедени және Мониезия аутумналия таспа құрттары қоздырады. Олардың ұзындығы әрқалай, яғни 2,5-10 метр аралығында, ал ені 16-26 мм шамасында. Мониезия экспанза құртының түсі ақшыл, мониезиоз бенедени - мөлдірлеу келеді. Олардың денесі сколекс (басы), мойынша және мүше бөліктерден құралады. Әр мүше бөлікте мүше аралық бездер болады. Мониезиоз экспанза (дөңгелекше) және  мониезиозбенедени (сызықша) құрттарды бір-бірінен осы бездердің құрылысына қарай ажыратады. Мониезилер аралық иелері топырақ қабатында тіршілік ететін орибатиде кенелерінің қатысуымен өніп-өседі. Бұл кенелер мал нәжісімен түскен құрт жұмыртқасын жұтады. Олардың денесінде 1,5-3 ай ішінде цистицеркоид деп аталатын ұрықтар өсіп-жетіледі. Мал шөппен қоса денесінде цистеркоидтары бар кенелерді жұтып, мониезиоз ауруына шалдығады. Мониезилер малдың ащы ішегінде бірнеше ай бойы тоғышарлық тіршілік етеді.

Эпизоотологиясы. Күйіс қайыратын мал мониезиозы өте кең тараған инвазия. Оған көбінесе төл шалдығады. Ауру малға ылғалды, қора маңындағы қи, көңі мол шашылған жерлерде жұғады. Мұндай учаскелерде орибатиде кенелері көп болады және олар мониезия цистицеркоидтарымен міндетті түрде зарарланған. Алғашқы зарарлану қозы, бұзау жайылымға шыққан соң 15-20 күн өткеннен кейін байқалады. Қоздырғыштардың мониезиоз қоздыруда өз ерекшелігі бар. Мәселен ауруды жаз ортасына дейіи негізінен алғанда мониезия экспанза, ал күзге қарай мониезиоз бенедени қоздырады. Бұзауларда көбінесе Мониезия аутумналия таспа құрттары кездеседі. Осы аурудан жаз айларында қозы өледі. Қүз-қыс айларында мониезилермен зарарлану деңгейі төмендейді.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Мониезия цистицеркоидтары мал ішегінде кілегейлі қабықшаларға сколекстеріндегі сорғыштарымен жабысып, бүкіл денесі арқылы қоректік заттарды сорып өсіп-жетіледі. Құрттар кейде өте көбейіп кетіп, мал ішегін бітеп тастайды. Осындай белгімен ауырғанда оны мониезиоздың обтурациялық түрі, ал таспа құрттар денесінен бөлінген заттармен малдың улануын - аурудың токсикалық, яғни уытты түрі дейді. Құрт әсерінен ауруға шалдыққан малдың нерв жүйесінің қызметі де бұзылады.

Мониезиозға мынандай сыртқы белгілер тән: ауруға шалдыққан қозы, лақ, бұзаулардың іші өтеді, жалпы күйі төмендейді, ариды, саны, тік ішегінің айналасы нәжісімен ластанады. 10-15 күн өткен соң емделмеген төл әлсіреп, сақа малға ілесе алмай қалады, ыңқылдап, күшенеді, тісін шықырлатып қайрайды. Көптеген жағдайда ауру мал өліп қалады. Басқа да іш кұрт ауруларындағыдай малдың әр жерінде (жақ асты, аяқ буындары т. б.) жалқаяқты ісік пайда болады. Бұл жүрекқан айналу, бүйрек-зәр шығару жүйелері қызметінің нашарлауына байланысты. Аурудың обтурациялық, яғни ішек қуысы құрттарымен бітелу түрі көбінесе жас қозыларда білінеді. Олар мойынын бүйіріне қарай қайырып, тыпыршиды, ішек түйнеуі айқын байқалады. Нерв жүйесінің қызметі бұзылған жағдайда ауру мал кенеттен шырқ айналады, тыпырлап, жерге құлап түседі, буын сіңірлері тартылады. Осындай белгілері білінген қозылар бір-екі сағаттан соң өліп қалады.

Ауруды анықтау. Осы мақсатта эпизоотологиялық деректерден төл арасында мониезиоз ауруы бұрыннан кездесетіні және қай мезгілде қандай түрде өршитіні ескеріледі.

Лабораториялық әдістерден мал нәжісін гельминтоскопия әдісімен тексерген кезде сумен біртіндеп шайған нәжіс тұнбасында таспа құрттың мүше бөліктерін оңай көруге болады. Сонымен қатар осы инвазияны анықтауда Фюллеборн әдісі қолданылады. Ол үшін ас тұзының қаныққан ерітіндісі (бір литр суға 400-420 г тұз) пайдаланылады. Бір өлшем нәжісті (3-5 г) кішкене стаканға салып үстіне аз ғана тұз ерітіндісін құйып езеді де, оны басқа таза стаканға тар көзді сүзекімен сүзеді. Содан кейін үстіне ас тұзы ерітіндісімен үстемелеп құйып, 30-40 минуттай тұндырады. Осы мерзім ішінде құрт жұмыртқасы (таспа және жұмыр құрттар) сұйық бетіне көтеріледі. Сым тұзақшамен (көлемі 7 мм) сұйық бетінен 3-4 тамшы іліп алып, төсеніш шыныға тамызады да, үстін жұқа жапқыш шынымен бастырып, микроскоппен қарайды. Мониезиозды копрологиялық әдістермен зерттеуде Котельников, Хренов, Дарлинг және басқа да әдістер қолданылады.

Емі. Мониезиозды емдеу мақсатында 1-2 проценттік тотияйын ерітіндісі, фенасал, күшәлә қышқылды қалайы, күшәлә қышқылды марганец, битионол және басқа да антгельминтик дәрілер қолданылады. Қазіргі кезде шаруашылықтарда феналидон дәрісі кеңінен пайдаланылуда. Оны Бүкіл одақтық гельминтология институтының эксперименттік заводы шығарады. Дәрі ұнтақ күйінде шығарылып жүр. Оның 3 проценттік судағы шыламасын малдың әр килограмм тірілей салмағына есептеп 1-2 миллилитрден ішкізеді. Бұрыннан қолданылып жүрген тотияйын ерітіндісін пайдалану әдісі, дәрі мөлшері мал дәрігерлігі қызметкерлеріне, шопандарға таныс жағдай. Оны қозыларға 1-1,5 айлығынан бастап 15-20 миллилитрден ішкізеді. Содан кейін ай сайын 5 миллнлитрден үстемелеп отырады. Сақа ешкілерге - 60 мл, 3-4 айлық бұзауларға 120-140 мл, 5-6 айлық бұзауларға 140-150 мл ерітінді береді.

Фенасал дәрісін бір ғана малға жекелеп бергенде тірілей салмағының әрбір килограмына 0,1 грамм мөлшерінде қолданады. Топтау әдісі қолданылғанда дәрі мөлшерін малдың әрбіркг тірілей салмағына 0,2-0,25 г есебінде жемге араластырып береді. Бұл әдіс мал дәрілеуді жеңілдетеді. Битионол дәрісін малдың тірілей салмағының әр килограмына 0,1 грамм есебінде қолданады.

Аурудан сақтандыру шаралары. Мониезиозға қарсы шаралар нақты түрде жоспарланып, дер кезінде жүргізіледі. Дәрігерлік жұмыстар сапалы әрі уақытында, барлық төлдітолық қамти отырып жүргізілгенде жақсы нәтиже береді. Аурудың энзоотия түрінде өршуіне жол берілмейді. Сонымен қатар ауруды болдырмау мақсатында жайылым маусымының 5-6 айында малға 1 : 10 : 100 қатынаста тотияйын-фенотиазин-тұз қоспасын дайындайды да, астауға салып, еркін жалатады. Мұндай шараны химиопрофилактика деп атайды.

НЕМАТОДИРОЗ

Нематодироз қой мен ірі қарада (түйеде де кездеседі) жиі кездесетін, созылмалы және жіті түрде өтетін, төл үшін аса кауіпті ішқұрт инвазиясы. Оны жұмыр құрттар - нематодирустар қоздырады.

Қоздырғышы және оның биологиясы. Ауруды нематодирустардың бірнеше түрі қоздырады. Олардың жиі кездесетіні: Нематодирус филиколлис, Н. спатигер, Н. ойратианус және т. б. құрт денесі жұмыр, жіңішке жіп тәріздес, ұзындығы 7-23 мм, ені 0,25 мм шамасында. Еркек және ұрғашы құрттар болып ажыратылады. Оның еркек, ұрғашысын еркек жынысты нематодирустардың спикула деп аталатын мүшесінің пішіні бойынша ажыратуға болады.

Ұрғашы құрттар мал нәжісімен бірге сыртқы ортаға жұмыртқаларын үздіксіз шығарып отырады. Нематодирус жұмыртқалары малдың ас қорыту жүйесінде тоғышарлық ететін басқа да жұмыр құрттардыкінен оңай ажыратылады, яғни ол басқалардан бірнеше есе үлкен, пішіні тауық жұмыртқасы секілді, ішінде 4-6 ірі ұрық шарлары болады. Сыртқы ортада ауаның температурасы 19-27 градус болған кезде жұмыртқа ішінде ұрық-личинка пайда болып, 24-28 күнде сыртқа шығады. Мал осындай ұрықты жұтып қояды да, нематодирозға шалдығады. Нематодирустар ащы ішекті мекендейді, онда бірнеше ай бойы тоғышарлық тіршілік етеді. Зарарландырғыш личинкалар сыртқы орта жағдайына төзімді келеді. Республикамыздың көптеген аймақтарында осындай ұрықтар жайылымдық жерлерде қыстап та шығады.

Эпизоотологиясы. Нематодироз өте кең тараған инвазия. Ол, әсіресе, қой және ірі қарада жиі кездеседі. Жауын-шашынды жылдары нематодироз энзоотия түрінде өршиді. Республикамыздың далалы аймақтарында бұл ауруды мал арасынан барлық маусымда да кездестіруге болады. Онымен қозы мен бұзаулар жайылымға шыққаннан кейін зарарлана баспайды. Ауру жіті өткенде қозы өлімінің өте көп болуы мүмкін. Ауру алғаш рет қыстап шыққан құрт личинкаларын жұтқан кезде жұғып, кейіннен мал арасына тарайды. Сонымен қатар нематодирус құрттары 1-2 жасар және сондай-ақ сақа малда да кездеседі Мұндай мал сирек ауырғанмен ауру таратуда үлкен роль атқарады.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Мал ішегіне енген құрт личинкалары оның кілегей қабықшаларын зақымдап, жарақаттайды. Ондай жерлер қабынады, қанталайды. Нематодирустар қанмен қоректенеді. Міне, осы жайттар ңематодирозға шалдыққан мал (төл) ішінің өтуіне, жалпы күйінің күрт төмендеуіне, жүрек-қан айналу жүйесі қызметінің әлсіреуіне, демігуге әкеп соғады. Ауру мал шөліркегіш келеді. Осындай айқын белгілермен ауырған мал жіті түрде өткен инвазиядан 4-5 күнде өліп қалады. Аурудың созылмалы түрінде айқын белгілер болмайды, мал біртіндеп ариды, жалпы күйі төмендейді, ондай малдың кейде өліп те қалуы мүмкін.

Ауруды анықтау. Осы мақсатта эпизоотологиялық мәліметтер, аурудың клиникалық белгілері, лабораториялық әдістер пайдаланылады. Тірі малдан нематодироз ауруын анықтау үшін жоғарыда аталған Фюллеборн, Котельников пен Хренов т. б. флотациялық әдістер пайдаланылады.

Өлген малдың ащы ішегін гельминтологиялық жарып тексеру әдісімен зерттегенде жіңішке, ұсақ ақ құрттар - нематодирустарды оңай табуға болады. Сонымен қатар мал нәжісін термостатта (жылытқышта) бір айға жуық ұстап (26 градус жылылықта) құрттың зарарландырғыш ұрығын өсіріп анықтауға да болады.

Емі. Нематодироз ауруын емдеуге панакур (5 мг/кг таза дәрі), нилверм (15 мг/кг), мебенвет (0,1 г/кг) және басқа да антгельминтиктер қолданылады. Олармен емдеу үшін жеке де, топтық та әдіс қолдануға болады.

Аурудан сақтандыру шаралары. Ауруды негізінен алғанда сақа мал тарататыны ескеріліп, төлді мүмкіндігіне қарай бөлек өріске шығарады. Бұл шара өте тиімді. Сонымен қатар аурудан сақтандыру дегельминтизациясын көктемде мал жайлауға шығардан бұрын және күзде, мал қыстауға түсер алдында бұрын жайылымда бағылған малды қамти отырып жүргізеді. Эпизоотологиялық деректерді, яғни аурудың өршу маусымын ескере отырып, төлді жайылым маусымында аталған дәрілердің бірімен бірнеше қайтара емдейді.

ДИКТИОКАУЛЕЗ

Диктиокаулез немесе өкпе қыл құрт ауруы мал мен көптеген жабайы жануарлардың аса қауіпті жіті және созылмалы түрде өтетін ауруы.

Қоздырғышы және оның биологиясы. Ауру қоздырғышының бірнеше түрі бар. Ірі қарада Диктиокаулюс вивипарус, қой-ешкіде - диктиокаулез филария (бұл құрт түйе мен ірі қарада да кездеседі), жылқы, есек, қашырларда - диктиокаулез арнфиелди, түйеде - диктиокаулез камели, марал-бұғыларда - диктиокаулез еккерти. Қыл құрттары жануарлардың өкпе, бронхылар, трахеясында тоғышарлық тіршілік етеді.

Олар - ақ, ақшыл сары жіп тәріздес жұмыр құрттар. Еркек-ұрғашысы бар, денесінің ұзындығы 12 сантиметрге дейін жетеді.

Диктиокаулюс құрттары бронхыларда ішінде ұрығы бар жұмыртқа табады. Олар тыныс жолының кілегей-шырынымен кеңірдекке, одан көмекей, ауызға түсіп, мал жұтынған кезде ас қорыту жүйесіне өтеді. Бұл жүйеде жұмыртқа қабықшасын жарып шығып құрт личинкасы мал нәжісімен сыртқы ортаға тарайды. Содан кейін олар екі рет түлеп, зарарландырғыш ұрықтың үшінші сатысына айналады. Міне, осындай диктиокаулюс ұрықтарын шөп, сумен қоса жұтып қойған мал диктиокаулезге шалдығады. Қыл құрттар мал өкпесінде бірнеше айдан аса, тіпті жыл бойы тіршілік етеді.

Эпизоотологиясы. Диктиокаулез республикамыздың барлық ірі қара және қой өсіретін шаруашылықтарында да кездеседі. Инвазия таулы өлкелерде, ылғалы мол, сулы жайылымдық жерлерде малға өте көп жұғады. Сонымен қатар далалы жайылымдарда, тіпті шөлейт аймақтарда да өкпе қыл құрты ауруы кең тараған.

Ауруды өкпесінде қыл құрты бар сақа мал таратады. Олар ерте көктемде өріске шыққанда құрт ұрығы жерге түсіп, 3-7 күн ішінде зарарландырғыш сатысына айналады. Міне, осындай ұрықтарды шөппен, не сумен қоса жұтқан мал, әсіресе төл диктиокаулезге шалдығады. Ауру әр аймақта, әр маусымда түрліше өтеді. Мысалы биік таулы, тау етегіндегі аудандарда ауру август-сентябрь айларында төл арасында жіті түрде өршиді. Ал республикамыздың малын су басқан шалғынды жайылымда бағатын батыс облыстарында мал диктиокаулездің жіті түрімен жаз ортасында ауырады. Мал өлім-жітімге көбінесе күзде ұшырайды. Диктиокаулюс личинкаларымен зарарлану біртіндеп көбейе берсе, мал созылмалы диктиокаулезге шалдығады. Бұл ауру қыс аяғы мен ерте көктемде өте жіті түрде өршиді.

Диктиокаулездің көп уақытқа дейің айқын білінбей (жасырын түрде) өршуінің эпизоотологиялық маңызы бар. Осы жайт аурудан сақтандыру шараларын белгілеген кезде нақты ескерілуі тиіс.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Құрт личинкалары азықпен малдың ас қорыту жүйесіне түскен соң, ащы ішектің кілегейлі қабатына еніп, жарақаттайды да, одан сөл безі жүйесі (түтікшелері) арқылы жүрек-қан айналу жүйесіне ауысады. Жүректен олар қан тамырлары арқылы өкпеге өтеді. Өкпенің ұсақ қан тамырларын, альвеол, бронхы қабаттарын зақымдап, ұсақ бронхылардың ішіне енеді. Личинкалардың жарақаттауы салдарынан осы органдар қанталайды, қабынады. Ондай зақымдалған жерлерге личинкаларға ас қорыту жүйесінен ілесе келген әр түрлі жұқпалы ауру қоздыратын микробтар, вирустар диктиокаулезді асқындырады. Ауруды емдеп жазу қиынға соғады.

Зарарландырғыш личинкалар мал организміне бірден көп түссе ауру жіті түрде өтеді. Ауруға шалдыққан малдың жалпы күйі төмендейді, 1-2 аптадан соң жөтеледі, іші өтеді, денесінін қызуы көтеріледі, аузынан, танауынан кілегейлі сұйық ағады, жөтел күн өткен сайын күшейе түседі, мал қатты арықтайды, ақыр соңында өліп қалады.

Созылмалы түрде өтетін диктиокаулездің айқын белгілері білінбейді. Малдың күйі біртіндеп төмендеп, жөтеледі, қыс аяғында не ерте көктемде сақа қыл құрттар өкпе бронхыларын бітеп, мал шығынға көптеп ұшырайды.

Диктиокаулездің өршуі қой төлдету маусымына сай келген жағдайда ауру қатты асқынып, мал арасында шығын көп болатын жайттар республикамызда кездесіп отырады.

Ауруды анықтау. Диктиокаулезді анықтауда эпизоотологиялық деректер, аурудың сыртқы белгілері және гельминтологиялық зерттеу әдістері пайдаланылады.

Тірі малдан өкпе құрты ауруын анықтауда Вайда (қойдан), Берман (барлық малдан), Котельников пен Хреновтың экспресс-анықтау әдістері мен басқа да әдістер қолданылады. Бұлардың негізгі принципі бірдей. Ол - мал нәжісінен құрт личинкасын іздеп табу. Берман әдісінде бір өлшем (3-5 г) мал нәжісін шүмегі резинамен бекітілген сүзекілі воронкаға салып, үстіне су құяды да бірнеше сағат (қой құмалағын 1-3, сиыр нәжісін 10-12 сағат) қойып қояды. Осы мерзім өткен соң воронкадағы су тұнбасының астыңғы бөлігін Петри табақшасына аздап құйып алады да, микроскоппен құрт личинкасын іздестіреді. Котельников пен Хренов әдісінде бір өлшем мал нәжісін центрифугамен (айналдырғыш) су құйылған пробиркада айналдырып, личинканы нәжістен бөліп алады.

Қой диктиокаулезін анықтауда ең оңай әдіс - Вайда әдісі. Ол үшін кішкене шыныға 2-3 жас құмалақ салып, үстіне 2-3 тамшы су тамызады да 30-40 минуттай қойып қояды. Содан кейін құмалақтарды алып тастап, шыныдағы тамшы қалдығынан диктиокаул ұрығын іздейді.

Өлген малдың өкпесін, бронхылары мен кеңірдегін жарып тексергенде өкпе қыл құрттарын табу оңай. Егер өкпеде қанталау, қабыну белгілері айқын болғанымен, бронхыларда қыл құрттар табылмаса, өкпені ұсақтап кесіп, Берман әдісімен нәжіс тексергендей етіп зерттейді. Осы әдіспен әлі жетілмеген өте ұсақ қыл құрттарын табуға болады. Бұл әдіс әсіресе ауруды жіті, өте жіті түрде өршіген кезінде анықтау үшін қолданылады.

Емі. Диктиокаулезге қарсы панакур (5-10 мг/кг таза дәрі есебінде), нилверм немесе оның орнына тетрамизол (10-15 мг/кг), мебенвет (0,1-0,2 к/кг) және көп жылдардан бері мал дәрігерлігі жұмысында қолданылып жүрген дитразин, цитрат, локсуран (Венгрия дәрісі), йодтың судағы ерітіндісі пайдаланылады. Осы дәрілердің ішінде панакур, нилверм, (мебенвет антгельминтиктерін қолданған өте тиімді. Олар жетілмеген (аса зиянды) және сақа құрттарды түгелге жуық жояды. Ал соңғы дәрілерді қолдану техникасы мал дәрігерлігі қызметкерлеріне бұрыннан белгілі жайт.

Аурудан сақтандыру шаралары. Сақтандыру үшін мүмкіншілігіне қарай өрісті 5-6 күн сайын жаңғыртып, ауыстырып пайдаланғаннан дұрысы жоқ. Сонымен қатар барлық малды ерте көктемде және күз-қыс айларында аурудан сақтандыру мақсатында жоғарыда аталған дәрілердің бірімен дегельминтизациялау да жақсы нәтиже береді. Жаз-күз айларында диктиокаулез жіті түрде өршитін аймақтарда төлді 2-3 рет дегельминтизациялайды. Бұл жағдай аурудың алдын алып, оны болдырмауға мүмкіндік туғызады.

Аскаридоздар

ШОШҚА АСКАРИДОЗЫ

Бұл гельминтоздың жіті түрін Аскарис суум атты жұмыс құрттың личинкалық түрі қоздырады. Онымен көбінесе торайлар жиі ауырады. Аскаридоз шошқа өсіретін шаруашылықтарға көп зиян келтіреді. Ауруға шалдыққан торайлардың өкпесі қабынады, ішек қабаты тесіледі, бауыры зақымдалады, аллергиялық түрлі өзгерістер де байқалады.

Қоздырғышы. Аскарис суум жұмыр құрты. Ол еркек және ұрғашы болып ажыратылады. Жетілген еркек аскарида құртының денесінің ұзындығы 10,5-22 сантиметрдей, ал ұрғашы құрттық – 23-30 сантиметр шамасында болады. Құрт жұмыртқасы қоңыр түсті, көлемі 0,050-0,075X0,040-0,050 миллиметр аралығында, сырты бұдырлы қалың қабықшамен қоршалған. Жаңа шыққан жұмыртқа ішінде бір ұрық клеткасы болады.

Аскаридалардың өніп-өсу циклы аралық иелерінің қатысынсыз дамиды. Сыртқы ортаға шошқа нәжісімен түскен құрт жұмыртқасы ішінде 2-3 аптада инвазиялық, яғни залалды личинка өсіп-жетіледі. Олар басқа құрттардікіндей сыртқы ортаға шықпайды. Торайлар осындай ішінде ауру жұқтырғыш залалды личинкалары (ұрықтары) бар құрт жұмыртқаларымен ластанған астаулардан жем жегенде не әр түрлі азық қалдықтарымен қоректенген кезде аскаридозға шалдығады. Қарынға, ішекке түскен жұмыртқалардың қабықшалары қорытылып кетеді де ішіндегі личинкалар мал ішегін тесіп жарақаттап, қан тамырларына ауысып, одан бауырға жетеді.

Бауырдан личинкалар қан тамырлары арқылы жүрекке ауысып, одан өкпенің ұсақ қан тамырлары - капиллярға барады. Осы жерде олар бірнеше күн өсіп-жетіледі де, өкпе альнсолына, бронхыларына, одан кеңірдек қуысына ауысады. Тыныс жолдарындағы кілегейлі сұйықпен ілесіп көмекейге түседі. Содан мал жөтеліп, қайыра жұтынған кезде өңешке түсіп, одан қарынға, ішекке жетеді. Ащы ішекке жеткен личинкалар 1,5-2,5 ай ішінде сақа аскаридаларға айналып, тоғышарлық тіршілік ете бастайды. Олар ішектегі қоректік заттармен азықтанып шошқа организмінде 7-10 айдай тіршілік етеді.

Кейбір жағдайда шошқалар әр түрлі инфекцияларға (індеттерге) шалдыққанда, дене қызуы күрт жоғарылағанда, немесе кейбір жемазықтың әсерінен аскаридалар өздігінен түсіп те қалуы мүмкін. Бұл нематодалар мал ішегінде иіріліп, басы және құйрығының көмегімен бекіп тұрады. Шошқа ішегіндегі аскаридалар саны жалғыз жарымнан бастап жүзге не мыңдаған құртқа жетуі мүмкін.

Жылы мезгілде аскаридалар 43-45 күнде, суық түскен маусымда 69-90 күн ішінде сақа құртқа айналады. Торайлар нашар күтіліп бағылған жағдайда аскаридозға жиі шалдығады. Аскарида личинкалары шыбын, әр түрлі қоңыздар мен басқа да жәндіктерде өз тіршілігін біршама уақыт сақтай алады. Құрт жұмыртқалары сыртқы орта жағдайына аса төзімді келеді. Олар топырақта 2,5 жылға дейін өлмейді. Аскариданың инвазиялық личинкалары бар жұмыртқалары адам денсаулығына өте зиянды. Адам организмінде құрт личинкалары бауыр, өкпе, қан тамырлары арқылы орын ауыстырып (миграциялау), осы аталған мүшелерді қатты зақымдайды.

Эпизоотологиясы. Шошқа аскаридозы көбінесе 5-6 айлыққа дейінгі жас торайлар арасында жиі ұшырасады. Торайлар сақайған сайын олардың аскаридалармен экстенсивті залалдануы төмендей береді.

Бұл инвазия шошқа өсірумен шұғылданатын барлық шаруашылықтарда кең тараған ауру. Аскаридоз сау торайларға бұрын осы құрттармен залалданған сақа шошқалардан жұғады. Ондай ауру шошқалар, әсіресе мегежін шошқалар нәжісімен қоса күніне мыңдаған аскарида жұмыртқаларын аула-қораларға, жайылымдық жерлерге, жем жеп, су ішетін астауларына шашып, яғни ластап отырады. Сонымен қоса жауын құрттары да аскарида жұмыртқаларын жұтып қойса, олардың ішінде аскарида личинкалары өсіп жетіледі. Бұл жайттың да эпизоотологиялық мәні бар.

Аскариданың инвазиялық личинкалары шошқалардың аяғына ілесіп, тіпті шыбындар немесе шаң-тозаң арқылы да жем, су, азықтарға түседі. Личинка сыртын жапқан жұмыртқаның қалың қабықшасы сыртқы ортаның қолайсыз (температура өзгерістері, құрғақшылық және тағы басқалар) жағдайынан жақсы қорғайды. Мұндай жұмыртқалар құмдауыт жерде 2,5 жылға дейін сақталуы мүмкін. Құрт жұмыртқалары үшін 10-35 градус жылылық нағыз қолайлы температура болып табылады. Минус 30 градуста олар бір тәуліктен соң залалдану қабілетін жоғалтады.

Аскарида жұмыртқалары көптеген химиялық ерітінділерге де төзімді келеді. Олар 2 проценттік формалин ерітіндісінде біршама өсіп-жетіледі, бірақ пайда болған ұрықтардың инвазиялық, яғни ауру қоздыру мүмкіншілігі өте төмен болады. Сонымен қатар 4-5 проценттік сілті, сулема ерітінділеріне де жақсы төзеді. Құрт жұмыртқасымен ластанған қора, алаңдарды, ыдыстарды 3-5 проценттік, ыстықтығы 60 градус сілті ерітіндісімен, сөндірілмеген әк немесе 4-5 проценттік карбол қышқылымен 24 сағаттай жуып-шаю арқылы жоюға болады. 60 градустағы ыстық су аскарида жұмыртқаларының тек қана 40-50 процентін өлтіре алады.

Сонымен, шошқалар ішінде инвазиялық личинкалар өсіп-жетілген құрт жұмыртқаларымен залалданған жем немесе жауын құрттарын жесе, сондай су ішсе олар аскаридозға шалдығады. Аскаридоз эпиэоотологиясында шошқалардың күтімі, қоралардың, жем жейтін астау, басқа да ыдыс-құралдардың таза болуының көп мәні бар.

Шошқа аскаридозы бұрыннан кездесетін шаруашылықтарда профилактикалық шаралар дер кезінде дұрыс жүргізіліп отырылмаса 3-5 айлық торайлардың аскаридалармен экстенсивті залалдануы 97-98 процентке дейін жетуі мүмкін. Торайлар марқайған сайын олардың залалдану деңгейі біртіндеп төмендей береді.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Аскариданың инвазиялық жұмыртқаларымен залалданған 3-8 айлық торайлардан аурудың алғашқы кезеңінде құрт личинкаларының өкпе тканін, қан тамырларын, бронхыларды тесуі, жарақаттауы салдарынан аскарида бронхопневмониясы өршиді. Бұл кезде олардың қызуы көтеріліп, жемді нашар жейді, тыныс алуы қиындап қатты тынышсызданады, жөтел пайда болады. Осы белгілер бір-екі апта бойы байқалады.

Енесін еміп жүрген жас торайлардың іші өтеді, құсады. Олар жиі демігеді, аузынан сілекей шұбырып, ештеңені елеместен төсенішке басын сұғып сұлық жатады. Кейде олардың ішегі түйнейді, сонда торайлар кенеттен шынғырып құлап түседі, аяқтары қалтырап-дірілдеп, сіңірлері тартылып қалады. Мұндай белгілер 1-2 минутқа созылады. Содан кейін торайлар біраз уақыт есеңіреп жатып, зорға көтеріліп, тәлтіректеп әзер қозғалады.

Аскаридоз ауруының ерекше белгілерінің бірі - оған шалдыққан шошқаларда аллергия салдарынан терісінде қызарған, қанталаган, кейде күлбіреп, 5-6 күннен соң қабыршақтанған жараға айналатын патологиялық өзгерістер пайда болады.

Ауруға шалдыққан торайлар нашар өсіп-жетіледі. Ащы ішекте жиналған аскаридалар кейде ішек қуысын бітеп, қоректік заттарды өткізбей тастауы немесе ішекті тесіп шығуы да мүмкін. Аскарида личинкалары өкпемен қатар ішектің сөл бездерін және бауырды қатты зақымдайды. Осы органдарға әлсін-әлі орын ауыстыратын личинкалар айналасында әр түрлі клеткалардан, әсіресе эозинофилдерден тұратын, өте ұсақ патологиялық ошақтар пайда болады. Кейіннен мұндай өзгерістер жойылып, бауыр бөліктерінің дәнекер тканінің қалыңдап, ұлғаюына байланысты бауыр циррозы пайда болады. Сақа аскаридалар ішектің кілегей қабатының зақымдануына және оның қабынуына әкеп соқтырады.

Ауруды анықтау. Шошқа аскаридозын анықтау үшін олардың нәжісін Фюллеборн, Қалантарян, Щербович немесе Дарлинг әдістерінің бірімен тексеріп, аскарида жұмыртқасын іздестіреді. Сонымен қатар инвазияны анықтауда эпизоотологиялық мәліметтердің (аурудың бұрыннан болуы және тағы басқалар) және клиникалық сырт белгілерін ескеру қажет.

Дарлинг әдісінде құрт жұмыртқасын тұндыру, содан кейін флотациялау арқылы жұмыртқаларды сұйық бетіне жинастыру әдістері қолданылады. Осы мақсатта шошқа нәжісін аздаған суға езіп, 3-5 минуттай центрифугамен айналдырған кезде аскарида жұмыртқалары пробирканың түбіне шөгеді. Осыдан кейін үстіңгі қабаттағы сұйықты төгіп тастап, тұнбаға глицерин мен ас тұзының қаныққан ерітіндісінің тең қоспасынан тұратын Дарлинг сұйығын құяды. Тұнбаны жақсылап араластырып, тағы да 3-5 минуттай центрифугамен айналдырады. Осы кезде аскарида жұмыртқалары Дарлинг сұйығының бетіне қалқып шығады. Кішкене сым тұзақшамен сұйық бетінен 2-3 тамшыны іліп алып, төсеніш шыныға орналастырады. Үстін жұқа жапқыш шынымен жауып, микроскоппен аскарида жұмыртқаларын іздестіреді.

Щербович әдісімен аскарида жұмыртқасын табу үшін арнайы флотациялық сұйық әзірлейді. Осы мақсатта 1 литр ыстық суға 920 грамм күкірт қышқыл магнезия тұзын ерітеді. Сұйықты салқындағаннан кейін пайдаланады. Зерттеу жүргізу үшін аздаған шошқа нәжісін (3 грамдай) сумен араластырып, біркелкі қоймалжың әзірлейді, оны сүзіп, сұйығын 1-2 минуттай центрифугамен айналдырады. Тұнбаның үстіңгі қабатындағы сұйықты төгіп тастап, пробирка түбіндегі шөгіндіге флотациялық сұйық құяды да, жақсылап араластырады. Осыдан кейін оны тағы да 1-2 минут центрифугалайды, сұйық бетінен 2-3 тамшы алып, микроскоппен зерттейді.

Аскарида жұмыртқасы қоңыр түсті болады, көлемі 0,050- 0,075X0,040-0,050 мм, сырты қалың, әрі бұдырлы қабықшамен қоршалған. Құрт жұмыртқасы сыртқы ортаға алғаш түскен кезде ішінде бір ғана ұрық клеткасы болады, ал сыртқы орта жағдайы қолайлы болса жұмыртқа ішінде 2-3 аптадан кейін личинкалар пайда болады. Инвазиялық ұрығы бар жұмыртқаларды жаңа бөлінген жұмыртқалардан ажырату аса қиынға соқпайды.

2 айға дейінгі торайлардан шошқа аскаридозын тірі кезінде анықтау өте қиын. Оның себебі - торайлар аскаридозға шалдыққаннан кейінгі 1-1,5 ай ішінде олардың нәжісінен құрт жұмыртқасы табылмайды. Бұл мерзімде құрттардың жыныс мүшелері толық жетіліп үлгермейді. Міне, осы жағдайға байланысты аскаридоздың алғашкы кезеңін иммунологиялық әдіспен ғана анықтауға мүмкіндік бар. Осы мақсатта аллергиялық диагностика әдісін пайдаланады. Ол үшін аскарида денесінен жасалған антигеннің бір проценттік ерітіндісін шошқа құлағының тері қабатына жіңішке инемен енгізеді.

Аскаридозға шалдыққан торайлардың антиген енгізілген жерінде 5 минут ішінде қошқыл-қызыл дақ пайда болады. Ол бір сағаттай уақыт айқын сақталып кейіннен бірте-бірте жойылып кетеді. Аллергиялық дақтың түсіне, көлеміне және сақталу мерзіміне қарай шошқалардың аскаридозбен залалдану деңгейін анықтайды. Айта кететін жайт - осы мақсатта аллергиялық әдістің аса тиімділігіне қарамастан шаруашылық жағдайында жөнді қолданылмай келеді.

Өлген немесе диагностикалық мақсатта сойылған шошқалардың ащы ішегін гельминтологиялық жарып тексеру әдісімен зерттеп, олардан аскаридалар іздестіреді. Сонымен қатар шошқалардың өкпесін, бауырын ұсақтап турап Берман әдісімен аскарида личинкаларымен залалданғанын немесе сау екенін анықтайды.

Емі. Шошқа аскаридозына қарсы пиперазин тұздарын, кремнефторлы натрий, фторлы натрий және гигромицин Б дәрілерін қолданады. Пиперазин антгельминтигі құрамаларынан - пиперазин гексагидратын және оның тұздары - адипинат, фосфат, сульфатты пайдаланады. Пиперазин дәрілерін күніне екі рет (таңертеңгі және кешкі азықтандырумен қоса) жемге қосып топтау әдісімен береді. Салмағы 50 килограмға дейінгі торайларға 0,3 г/кг, ал 50 килограмнан ауыр шошқадардың әрқайсысына 15 грамнан дәрі береді.

Дегельминтизациялау алдында барлық шошқаға арнап өлшенген дәріні әуелі аздаған құрама жемге қосып, содан кейін жемнің қалғанымен толық араластырады. Дәрілейтін күнгі азықтандыру мөлшерін 2 еседей азайтқан дұрыс. Торайларға арналған азыққа сүт немесе сорпа қосып берген жөн. Дегельминтизациялауға дейінгі және дәріленгеннен кейінгі берілетін суды да азайтады. Нашар жетілген, әлжуаз торайларды жеке бөліп алып дегельминтизациялайды.

Кремнефторлы натриймен дегельминтизациялауды жекелеіі не топтау әдісімен жүргізеді.

Бұл ангельминтикті жемге қосып, жасы мен салмағы бір келкі 150 бастай шошқаға топтау әдісімен жегізеді. Ол үшіп әуелі дәріні бір шелектегі сұйық ботқаға әбден араластырып, содан кейін астаудағы қалған жемге қосып береді. Дәрі қосылған қоспаны дегельминтизациялау алдында ғана дайындайды.

Бір күндік дегельминтизациялау әдісін профилактикалық мақсатта, ал екі күндік емдеу курсын шошқалардың аскаридалармен залалдану деңгейі жоғары болған жағдайда қолданады.

Жас торайларды кремнефторлы натриймен енелерінен айырғаннан 10 күн өткен соң жүргізеді. Еміп жүрген торайларды айырғаннан кейін, ал буаз мегежін шошқаларды торайлағарға дейін бір ай бұрын және торайлағаннан кейін бір жұмадан соң ғана дегельминтизациялауға рұқсат етіледі.

Дегельминтизация жүргізген күндері азық нормасын 70-80 процентке азайтады, ал суды қалағанынша береді, бірақ оны өткізетін дәрілер берілмейді.

Фторлы натрийді 0,1 г/кг мөлшерінде торайларды алдын ала 12 сағат ашықтырып барып береді. Сақа шошқаларға дәріні 0,05 г/кг есебінде белгілейді.

Торайларды жеке-жеке дәрілейді. Оларға антгельминтикті жеке астауға буланған немесе ылғалданған жемге қосып береді (жем мөлшері 150 грамнан аспауы шарт). Кейбір торайлардың дегельминтизацияланғаннан соң құсуы мүмкін. Сондықтан оларды дәрілеуге дейін және одан соң да біршама уақыт суаруға болмайды.

Фторлы натрий дәрісін шошқалардың тіліне ұнтақ күйінде салып дегельминтизациялауға болмайды. Бұлай дәрілегенде антгельминтиктің аскаридаға қарсы әсері төмендейді және дәрі окпеге кетсе шошқалардың өліп қалуы мүмкін. Дәріленген торайларды 6-8 сағаттан соң азықтандыруға болады.

Сантонин антгельминтигін 0,05 г/кг мөлшерінде каломель (0,03 г/кг есебінде) қосып, шошқаларды 12 сағат ашықтырғаннан кейін жемге қосып жекелей береді.

Сантонин берілген шошқаларды 3-5 сағаттан соң азықтандырады, суды қалағанынша ішкізуге болады.

Гигромицин Б және гигроветин дәрілерін шошқа аскаридозың емдеу үшін және аурудан сақтандыру үшін қолданады.

Осы мақсатта 1,5 килограмм гигроветинді 1 тонна жемге қосады. Осындай жемді зоотехниялық азықтандыру нормасы бойынша торайларға екі апталығынан бастап күнде беріп отырады. Жемге гигроветинді құрама жем өндіретін заводтарда немесе арнаулы жем араластырғыш машинамен шаруашылықтарда араластырады. Гигроветин қосылған құрама жеммеп торайларды азықтандыру мерзімі 75 күн. Ал қажет болған жағдайда оны 100-120 күнге дейін ұзартуға болады. Мұндай жеммен азықтандыру шошқа аскаридозын болдырмауға көп себебін тигізеді.

Осы аталған дәрілермен қатар шошқа аскаридозына қарсы нилверм дәрісін 15 мг/кг, бенацилді 150 мг/кг мөлшерінде арасына бір тәулік салып екі рет, мебендазолды 20 мг/кг мөлшерінде (10 проценттік мебенвет түрінде) қолданған тиімді.

Аурудан сақтандыру шаралары. Шошқа аскаридозы кездесетін барлық шаруашылықтарда жоспарлы түрде алдын алу шараларын жылма-жыл бір мезгілде жүргізіп отырады.

Шошқа өсіретін репродукторлық және асыл тұқымды шошқа ұстайтын шаруашылықтарда мегежіндерді торайлаудан бір ай бұрын, жазғы лагерьге шығарарда, күзде - қысқа қораға ауыстырарда міндетті түрде дегельминтизациялайды. Торайларды аурудан сақтандыру мақсатында пиперазин антгельминтигімен апрельден декабрге дейін мынандай жүйе бойынша дегельминтизациялайды: бірінші рет торайларды 35-40 күндігінде, екінші рет  50-60, ал үшінші рет - 80 күндігінде, декабрьден апрельге дейін: бірінші рет – 50-55 күндігінде, екінші рет - 90 күндігінде дәрілейді. Шошқа бордақылайтын шаруашылықтарда бордақылауға бөлінген шошқалардың барлығын аскаридоздан гельминтокопрологиялық әдістердің бірімен тексереді, қажет болған жағдайда оларды дегельминтизациялайды. Барлық қора-жайларды мегежіндер торайламастан бұрын, ал шошқа бордақылайтын шаруашылықтарда топтау, ауыстыру және жемдеп-семіртуге қояр алдында түгел дәрілейді. Қоражайды дезинвазиялау мақсатында сілтілердің ыетық ерітіндісін, 10-20 проценттік ыстық кислонафт ерітіндісін қолданады.

Шошқа бағылатын қора-жайлардың, күншуақ жайдың (солярий), серуендету алаңшаларының едендеріне қатты төсеніш төселеді. Мегежің шошқалар мен жас торайларды айналасы қоршалған, күзде жыртылып, екпе шөп егілген учаскелерде бөлек бағады. Шошқа нәжістерін күн сайын жиыстырып, көң сақтайтың жерде биотермиялық әдіспен залалсыздандырады.

Мүмкіншілік болған жағдайда шошқа бағылатын учаскелерді жазда әр он күн сайын, ерте көктем мен күзде 15-30 күнде ауыстырып отырады. Шошқа қораларын жылына екі рет механикалық әдіспен тазалап және дезинвазиялаудан өткізеді. Бұл жұмыстар көктем және күзде атқарылады.

ЖЫЛҚЫ ПАРАСКАРИДОЗЫ

Параскаридозбен жылқы, есек және қашырлар ауырады. Бұл гельминтозды аскарида тұқымдасына жататын Параскарис екворум жұмыр құрты қоздырады. Сақа параскарис құрттары тұрақты иелерінің ащы ішегінде тоғышарлық тіршілік етеді, ал құрт личинкалары өсу кезеңдерінде бауыр және өкпеде кездеседі. Параскаридозға негізінен құлын, жабағылар шалдығады. Олар параскаридозбен қатты ауырады, кейде өліп қалады.

Қоздырғышы. Параскарис екворум ақ түсті жұмыр құрт. Аузының айналасы ұсақ тіспен көмкерілген үш ерінмен қоршалған. Құрттың бас жағы денесінің қалған бөлігінен батыңқы жіңішке құрсумен айқын бөлектенген. Еркек параскарис құрты денесінің ұзындығы 15-28 сантиметр, ол ұрғашысынан денесінің кішілігі және құйрығының иірілген формасы арқылы оңай ажыратылады. Ұрғашы құрт денесінің ұзындығы 37 сантиметрге дейін жетеді. Жыныс мүшесі денесінің алдыңғы бөлігінде орналасқан. Параскарис жұмыртқалары шар тәріздес, сыртқы қабықшасы қалың, жұмыр (тегіс), көлемі 0,09-0,10 миллиметр шамасында, түсі қара қоңыр, ал әлі ұрықтанбаған жұмыртқалары ақшыл түсті келеді.

Бұл нематоданың өніп-өсу циклы тікелей жүреді, яғни жылқы ішіндегі сақа ұрғашы құрттар үздіксіз жұмыртқалап отырады. Олар жылқы тезегі арқылы сыртқы ортаға түседі. Қоршаған сыртқы ортаның (топырақтың үстіңгі қабатының температурасы және ылғалдылығы) қолайлы жағдайында жұмыртқа ішінде 7-8 күнде инвазиялық личинка өсіп-жетіледі.

Мұндай жұмыртқаларды олармен ластанған жем, шөп не сумен қоса жұтып қойған жылқы ішегінде личинкалар жұмыртқа қабықшасынан шығады. Олар ішектің кілегей қабатын тесіп жарақаттап, қан тамырларына түседі. Содан кейін қан айналысы арқылы бауырға, жүрскке, одан өкпеге өтіп, жетіле бастайды. Бірнеше күннен соң личинкалар альвеолдарға, бронхыларға өтіп, кеңірдек қуысына ауысады. Тыныс жолында үздіксіз бөлініп отыратын кілегейлі сұйықпен бірге мал жөтелген кезде көмекейге түсіп, одан асқазанға, ішекке қайта орын ауыстырады. Ащы ішекке түскен личинкалардың 2-2,5 айда жыныс мүшелері толық жетіліп, сақа құрттарға айналады. Жылқы организмінде параскарис құрты бір жылдан астам уакыт тоғышарлық тіршілік ете алады.

Эпизоотологиясы. Параскаридозбен көбінесе құлын, жабағылар ауырады. Бұл инвазия әсіресе жас құлындар үшін өте қауіпті. Олар туғаннан кейінгі алғашқы күндері-ақ параскаридозға шалдығуы мүмкін. Аурудың құлындар арасында кең таралуына параскаридозға шалдыққан сақа мал себепші болады. Мұндай сақа жылқылар ауруды жеңіл көтереді.

Малдың жасы ұлғайған сайын олардың параскарис құрттарымен залалдану деңгейі төмендей береді. Бұл көрсеткіш малдың күтіміне, азықтандыру сапасына да тікелей байланысты. Күтімі нашар құлындар параскаристермен өте қатты залалданады. Мұндай малдың нәжісімен шыққан құрт жұмыртқалары жемшөпке, ақыр-науаларға, мал тұратын орындарға түсіп, оларды ластайды. Жылқыларға параскаридоз ат қораларында ғана емес, құрт жұмыртқаларымен залалданған жайылымдарда да жұғады.

Міне, осыған байланысты емдеу, алдын алу шараларын мал жайылымға шықпас бұрын жүргізудің зор мәні бар. Қазақстанның алуан түрлі табиғи аймақтарында жылқылар өрісте апрель айынан сентябрь айына, ал кейде ноябрь, декабрь айларына дейін де параскаристердің инвазиялық жұмыртқаларымен залалданып, ауруға шалдығуы мүмкін. Жылқылар бұл құрттармен жаздан бастап, қыс бойы өте жоғары деңгейде экстенсивті залалданады. Тек май-июнь айларында бұл көрсеткіш біршама төмендейді.

Құрт жұмыртқалары 10-38 градус жылылықта жақсы жетіліп, инвазиялық, яғни ауру жұқтыратын личинкасы бар жұмыртқаға айналады. Олар сыртқы ортаның ыстық-суықтығына жақсы төзгенмен, топырақтың, әсіресе жылқы нәжісінің ылғалдығы 70 проценттен төмендеген кезде өз тіршілігін жоғалтады. Жаздың ыстық айларында республиканың көптеген аудандарында параскарис жұмыртқалары жайылымда түгелдей жойылып кетеді. Ал, көктемде, жаздың алғашқы айында және күзге қарай, жаңбырлы жылы маусымдарда құрт жұмыртқалары тез арада жетіліп, жылқылардың параскаридозға көптеп шалдығуына себепші болады.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Параскаридоздың ерекше клиникалық белгілері жалпы аскаридоз инвазиясына ортақ. Олар құрт личинкасының бауыр, жүрек, өкпе, тыныс жолдары арқылы орын алмастыру салдарынан, аталған ағзалардың жарақаттануына тікелей байланысты білінеді. Соның ішінде көзге анық байқалатыны - құлындар ауруға шалдыққаннан соң бір-екі аптаның ішінде жөтеле бастайды. Олардан паразитарлық (тоғышар құрттар қоздыратын) бронхопневмония белгілері байқалады. Денесінің қызуы көтеріледі, ас қорыту жүйесінің қызметі бұзылады, іші кейде өтіп, қейде құрғақ құмалақтайды. Ішегі түйнеп, кейбір жағдайда мал өзінен-өзі тебініп, қалтырап құлап қалады. Аяқтары жансызданып, тәлтіректеп, есеңгірей береді. Осы аталған белгілер ащы ішекті параскарис құрттары бітеп тастап, қоректік заттардың ішектен өтпеуі салдарынан, кейде құрттардың өте түйдек шоғырланып, ішек қабаттарын тесіп өтуінен де болады. Сонымен қатар параскарис личинкалары мен сақа құрттарының денесінен бөлінетін зат алмасу қалдықтары организмге улы әсерін тигізеді.

Бұл инвазияда құрт личинкалары ішек қуысынан кейбір зиянды (патогенді) микробтарды әр түрлі ішкі органдарға тасымалдайды. Мысалы параскаридозға шалдықпаған құлындар жылқының инфекциялық ауруы - сақаумен жеңіл түрде ауырады. Кейбір жағдайда параскаристер ішек бойымен жылжи отырып, бауырдың өт жолына түсіп, оны бітеп тастауы да мүмкін. Бұл жағдайда бауырда әр түрлі дегенеративтік өзгерістер - іріңдеу, қабынулар және бауыр ұлпасының (паренхима) әр жерінде өліеттенулер пайда болады. Параскаридозға шалдыққан малда да аллергиялық өзгеріс-белгілер білінеді. Олар шошқа аскаридозының аллергиялық белгілеріне ұқсас келеді.

Ауруды анықтау. Параскаридоз ауруы жылқының жас нәжісін (тезегін) Фюллеборн немесе Дарлинг әдістерінің бірімен зерттеу жолымен анықталады. Табылған құрт жұмыртқасының санына байланысты бұл гельминтоздың интенсивтілігін жобалауға болады. Мысалы дайындалған бір өлшем материалда 3 жұмыртқа табылса ауруды жеңіл, 10 болса - орташа, 30 болса жоғары, ал 30-дан астам болса интенсивті залалдануы өте жоғары деп саналады (Н. В. Демидов, 1980).

Жылқы нәжісінен параскарис жұмыртқасы табылмаған кезде де мал осы аурудан анық таза деп есептеуге болмайды. Себебі бұл құрттар мал организмінде толық жетілуі үшін, яғни жұмыртқа ас қорыту жүйесіне түскен соң сақа құрттарға айналуына 2-3 айдай мерзім уақыт керек. Осы жағдайға байланысты кейде құлын, тай және сақа жылқыларға диагностикалық дегельминтизация жүргізіледі. Берілген антгельминтик осерінен жылқы ішегіндегі құрттар сыртқа шығады.

Өлген малдың ащы ішегін гельминтологиялық әдіспен жарып тексерген кезде параскаристер оңай табылады. Сонымен қатар өлген құлын, жабағылардың ішегінен құрт табылмаса, олардың өкпе және бауырын ұсақтап кесіп, Берман әдісімен зерттеу қажет. Бұл әдіспен осы ағзалардағы миграция жасап жүрген параскарис личинкаларын табуға толық мүмкіншілік бар.

Емі. Жылқы параскаридозын емдеу үшін ертеден бері қолданып келе жатқан төртхлорлы көміртегін мынандай мөлшер- де пайдаланады сақа жылқыларға - 40 миллилитр, тай-құландарға – 15-20 мл, жабағыларға – 10-20 мл, үш айдан бір жасқа дейінгі құлындарға – 15-10 мл. Төртхлорлы көміртегімен дегельминтизациялау алдында жылқыларды 18 сағаттай ашықтырады. Дәріні желатин капсуласы түрінде немесе танаукеңсірік, жұтқыншақ-өңеш арқылы өткізген резина түтік - зондпен құяды. Дәрі құйылған капсуланы арнайы дәрі бергіш құралмен не ұзын корнцанг қысқышымен малдың тілін тартып жұтқыншағына қарай неғұрлым тереңірек салуға тырысады.

Жылқының басын көтеріңкіреп тұрып, жұтынғаннан кейін гана босатады. Танау-өңеш арқылы түтікшемен дәрі құйғанда зондтың өңешке дәл түскенін анықтау керек. Егер ол дұрыс өткен болса, жылқы әлсін-әлі жұтынып тұрады. Сонымен бірге өцешті сыртынан сипап, зондты қолмен-ақ білуге мүмкіндік туады. Ал, зонд көмекей арқылы кеңірдекке түссе, түтіктің қуысынан әлсін-әлі дем шығып тұрады. Мұндай жағдайда оны суырып алып, қайтадан өңешке салу керек.

Төртхлорлы көміртегі берілгеннен кейін бір тәуліктен 5-6 күнге дейін параскарис құрттары жылқы нәжісімен үнемі сыртқа шығып отырады. Егер жылқы құрттармен өте көп залалданған болса, дәрі берілгеннен кейін 2-3 сағат өткен соң, оларға 300-400 грамм іш өткізетін глаубер тұзын береді.

Төртхлорлы көміртегі дәрісін бергеннен кейін кейбір жылқыларда байқалатын жалпы күйінің төмендеуі, шөліркеу, жемшөп жемеу аз уақытқа дене қызуының көтерілуі секілді белгілер біраздан кейін білінбей кетеді.

Жылқы параскаридозы кездесетін шаруашылықтарда жылқыны түгелдей гельминтокопрологиялық тексеруден өткізіп, көктемде және күзде барлық малды төртхлорлы көміртегімен дегельминтизациялайды. 3 айлық құлындарды алғаш рет август-сентябрьде, екінші рет - ноябрь-декабрьде дәрілейді. Емделген сақа жылқыларды 3 күнге дейін қорада ұстайды. Оларды мінуге не жегіп жұмысқа пайдалануға болмайды.

Жылқы параскаридозын емдеу мақсатында пиперазин-гексагидрат немесе оның басқа да тұздарының бірін қолданған өте тиімді. Бұл дәріні жылқы массасының әр килограмына 0,1 грамм есебінде қолданады. Пиперазинмен екі күн бойы емдейді. Дәріні сәл ылғалданған жемге қосып береді. Жылқылар пиперазин тұздары пиперазин адипипат, пиперазин сульфат, пиперазин фосфат дәрілерін пиперазин гексагидратпен салыстырғанда біршама жақсы жейді. Бұл дәрілер мал организміне қауіпсіз. Дәрі берерде жылқыны 7-10 сағаттай ашықтырған жөн. Дегельминтизациядан кейін іш өткізетін дәрілер қолданылмайды.

Құлындарды пиперазинмен дәріні топтап беру жолымен емдейді. Осы мақсатта 2-3 айлығынан бастап құлындарға ай сайын жемге 10 г дәрі қосып, 2 күн дегельминтизациялайды, ал 2 айдан бастап, бір жасқа дейін, ай сайын 15 грамнан 2 күн бойы беріп отырады. Міне, осындай ем-шаралары арқылы жылқыларды параскаридоз ауруынан сауықтыруға мүмкіндік бар.

Аталған дәрілерден басқа қүкіртті көміртегі және фоулеров ерітіндісін де қолдануға болады. Бірақ бұлардың емдік тиімділігі төмен, әрі оларды қолданудың біршама қиыншылығы да жоқ емес.

Шетелдік антгельминтиктерден тиабендазол, мебендазол, парбендазол дәрілерінің тиімділігі жоғары. Осы дәрілерді жылқы параскаридозын емдеуге қолдануға болады. Мебендазол дәрісі мебенвет түйіршігі түрінде жылқы салмағының әр 100 килограмына 6-8 грамм мөлшерінде, тиабендазол 100 мг/кг, парбендазол 15 мг/кг мөлшерінде беріледі. Аталған дәрілермен қатар фенбендазол (панакур) антгельминтигін пайдаланған да аса тиімді.

Панакур дәрісі де әлгіндей түйіршік түрінде салмағы 150 жылқыға - 5 г, 300 кг жылқыға - 10 г, 450 кг жылқыға - 15 г, 600 кг жылқыға - 20 г мөлшерінде жемге қосып беріледі. Бұл дәрінің ерекшелігі онымен емделген малды азықтандыруға ешқандай шектеу қойылмайды.

Жүргізілген дегельминтизацнялаудың тиімділігін 12-14 қүн откен соң жылқы нәжісін Фюллеборн немесе Дарлинг әдістерінің бірімен зерттеу жолымен анықтайды.

Аурудан сақтандыру шаралары. Параскаридоз кездесетін шаруашылықтарда жылқыларды жоспарлы профилактикалық дегельминтизациялаудан өткізіп отырған жөн. Ол үшін құлындарды алғаш рет август айында, екінші рет - енесінен айырған соң, жабағытайларды және сақа жылқыларды алғаш рет март-апрель айларында, ал екінші рет октябрь-ноябрь айларында дегельминтизациялайды.

Сонымен қатар жайылымда бағылатын құлындарды 3 айлығынан бастап ай сайын екі күн ішінде топтап емдеу әдісімен әр құлынға 10 грамм пиперазин жегізеді. Август айынан бастап жылдың аяғына дейін бұл дозаны 15 грамға жеткізіп, 2 күн бойы әр 2-3 айда бір қайтара пиперазин антгельминтигімен дәрілейді.

Жылқыларды дегельминтизациялағаннан кейін оларды құрт жұмыртқаларынан тазартылған қораларға ауыстырады. Осы айтылғандармен қатар ат қоралардың қабырға, еден, есіктерін, жем салатын науа-астауларды, күнделікті пайдаланылатын құрал-саймандарын әлсін-әлі тазартып, шошқа аскаридасының инвазиялық жұмыртқасына қарсы қолданылатын химиялық қоспалармен дезинфекциялап отырған жөн. Параскаридозды жоюда оны болдырмау шараларының зор мәні бар.

Мысалы ат қораның едені топырақ болса, оны жылма-жыл тазартып таптап, үстіңгі қабатына қалыңдығын 10-15 см етіп тағы топырақ төсейді. Әр малдың өзінің тұрақты жататын орны болғаны жөн. Мүмкіндік болған жағдайда жылқы бағылатын жайылымдарды бірнеше өріске бөліп, оны кезекпен пайдаланған дұрыс. Шаруашылыққа басқа жерден әкелінген жылқыларды түгелдей параскаридоздан гельминтокопрологиялық әдіспен тексеруден өткізіп, қажет болған жағдайда оларды дегельминтизациялайды.

БҰЗАУ НЕОАСКАРИДОЗЫ

Неоаскаридоз ірі қараның неоаскарис витулорум нематодасы қоздыратын ішек құрт ауруы. Онымен жас бұзаулар мен енеке және үнді сиырларының төлі ауырады. Неоскаридозға шалдыққан бұзаулардың іші біресе өтіп, біресе қатады, арықтайды.

Қоздырғышы. Неоаскаристер ірі, ақшыл сарғыш түсті жұмыр құрттар. Оның еркектерінің ұзындығы 11-15 сантиметр, ал ұрғашы құрттардікі 14-30 сантиметрге жетеді. Ауыз қуысын барлық аскаридаларға ортақ белгі - бірнеше еріншелер қоршап тұрады. Өңеші цилиндр тәріздес келеді. Ол төрт қырлы қарынмен жалғасады. Еркегінің жыныс мүшесі - спикулалары екеу, олардың көлемі тең, ұзындығы 1,193X0.046 миллиметр. Бұл құрттар малдың ащы ішегінде, кейде ұлтабарында тоғышарлық тіршілік етеді. Құрт жұмыртқасының формасы дөңгелек, сыртқы қабығында көптеген дөңгелек ойықшалары болады.

Неоаскаристердің биологиясы әлі толық зерттелмеген. Ұрғашы құрттар үздіксіз көп жұмыртқалап отырады, олар мал нәжісімен сыртқа түседі. Сыртқы ортаның қолайлы жағдайында (28-30 градус жылылықта) 12-15 күнде жұмыртқа ішінде инвазиялық личинка өсіп-жетіледі. Жалпы алғанда құрт жұмыртқасы ауа райының әр түрлі жағдайына төзімсіз келеді. Малдың ас қорыту жүйесіне түскен инвазиялық жұмыртқадан личинкалар шығып, ішек қабаттарын тесіп, қан тамырларына өтеді. Одан бауыр, жүрек, өкпені аралап, жұтқыншақ, өңеш арқылы қайтадан ащы ішекке жетіп, осы жерде сақа құрттарға айналады.

7-14 күндік жас бұзауларды сойып, гельминтологиялық әдіспен тексерген кезде олардан әлі толық жетілмеген неоаскаристер табылған. Бұл жайт бұзаулардың енесінің жатырында құрт личинкаларымен залалданғанын дәлелдейтін факті болып саналады. Мал организмінде неоаскаристер 3-4 ай бойы тоғышарлық тіршілік етеді.

Эпизоотологиясы. Неоаскаридоз ауруы СССР-дің көптеген аудандарында кездеседі. Ол әсіресе жылы, ылғалды өлкелерде кең тараған. Ауру кездесетін шаруашылықтарда бұзаулардың неоаскаристермен экстенсивті залалдануы 62-74 процентке жетеді. Құрттар көбінесе 1-2 айлық бұзауларда өте көп болады. Аурудың қатты өршитін кезі - июнь-июль айлары, ал қыста инвазия өте сирек ұшырасады. 4-5 айдан асқан бұзаулардын нәжісінен құрт жұмыртқалары көп ретте табылмайды.

Неоаскаридоздың таралуына осы инвазияға шалдыққан бұзаулар себепкер. Олардың нәжісімен құрт жұмыртқалары сыртқы ортаға тарайды. Сонымен қатар буаз сиырлардың жатыры арқылы да іштегі төл залалдана береді. Мұндай бұзаулардан туғаннан кейінгі алғашқы күндердің өзінде-ақ жыныс мүшелері толық жетілген неоаскарис құрттарын табуға болады. 37 күннен бастап бұл құрттардың көбі мал организмінен өздігінен түсе бастайды.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Аурудың белгілері неоаскаридозға шалдыққан бұзаулардан 1-2 аптадан соң біліне бастайды. Бұл белгілер организмдегі құрт санына, оның қандай органдарды зақымдауына байланысты. Ауру мал шөп-судан қалады, ас қорыту жүйесінің қызметі нашарлайды  емгеннен соң іші кеуіп кетеді, аузынан күлімсі сасық иіс шығады, әлсін-әлі жөтеледі, қатты ариды, нәжісі қан аралас болғандықтан түсі қара қоңыр тартады. Қатты ауырған бұзаулар тышқақтайды, кейде бірнеше күн бойы іші қатып қалады, әлсін-әлі аз-аздан зәр шығарады, тыныс алуы қиындап, жиі жөтеледі, нерв жүйесінің зақымдануы байқалады - аяқ буындары, сіңірлері тартылады, бөксесін әзер қозғайды, тәлтіректеп жүреді, көбінесе есеңіреп тұрады, қатты арықтайды. Құрт өте көп болса олар ішек қуысын бітеп, қоректік заттардың өтуіне кедергі келтіреді.

Ауруды анықтау. Тірі бұзаудан неоаскаридозды, мал қиынан құрт жұмыртқаларын Дарлинг, Фюллеборн, Щербович әдістерінің бірін қолдану жолымен анықтайды. Сонымен қатар аурудың клиникалық белгілерін және неоаскаридоздың шаруашылықта бұрыннан бар не жоқтығын ескеру қажет.

Өлген немесе сойылған бұзаулардың ішегін жарып зерттейді, ал өкпесін, бауырын Берман әдісі бойынша тексеріп, олардан құрт личинкасын іздестіреді.

Емі. Неоаскаридозды емдеу мақсатында пиперазин қоспаларын, глаубер тұзын, камала, кремнефторлы натрий, нилверм және басқа да антгельминтиктерді пайдаланады.

Пиперазин антгельминтигін 0,5 г/кг мөлшерінде бұзауды ашықтырып барып береді. Дәрілегеннен кейін оларға кастор майын ішкізіп, тышқақтатады. Неоаскарис құрттары дегельминтизациялағаннан кейінгі бір тәулік ішінде көптеп түсе бастайды. Пиперазин дәрісі құрт личинкаларына да улы әсер етеді, бірақ бұл антгельминтик мал организміне зиянсыз. Сондықтан бұл препаратты неоаскаридоз ауруына қарсы қолдапылатын дәрілердің ең жақсысы деуге толық болады.

Глаубер тұзы (күкірт қышқылды натрий) 0,4 г/кг мөлшерінде 10 проценттік ерітінді күйінде ішкізіледі.

Кремнифторлы натрий дәрісін сүтке қосып 3 күн бойы әр малға мына мөлшерде береді: 20 күннен 1 айға дейінгі бұзауларға 0,8 грамм, 1-2 айлық бұзауларға - 1 грамм, ал 2 айдан асқан бұзауларға 1,5 грамм. Бұл антгельминтик те сақа құрттармен қатар личинкаларға да әсер етіп, олардың көбін өлтіреді.

Нилвермді малдың тірілей салмағының әр килограмына 15 миллиграмнан суға ерітілген күйінде ішкізеді.

Осы аталған дәрілермен қатар 2 проценттік тотияйын ерітіндісі мен фенотиазин де қолдануға болады.

Аурудан сақтандыру шаралары. Неоаскаридоз инвазиясының төлге енесінің жатырында да жұғатынын ескере отырып, сиырларды жас бұзаулардан бөлек бағып-күтеді. 4-5 айлық бұзауларды да енелерінен бөлек бағып, жаяды. Неоаскаридоз кездесетін шаруашылықтарда бұзауларды бір айлығында жоғарыда аталған антгельминтиктердің бірімен дегельминтизациялайды, емдегеннен кейін бір аптадай бұзауларды қорада ұстайды. Мал қораларын қи-қоқыстардан күнде тазартып отырады. 5 айға дейін бұзауларды бір жыл бойы сиыр жайылмаған өрістерде жайып, бағады. Осы шараларды толық қолданған кезде ғана шаруашылықтарды бұзау неоскаридозынан тазартуға мүмкіндік туады.

ЛАРВАЛЬДЫ ЦЕСТОДОЗДАР (таспа құрт личинкалары қоздыратын аурулар)

Бұл ауруларға эхинококкоз, ценуроз және цистециркоз жатады. Олар республиканың мал шаруашылығына өте көп зиян келтіреді.

Эхинококкоз

Эхинококкозбен сүт қоректі жануарлар мен адам ауырады. Мал ішінде эхинококкозбен көбінесе қой, ешкі, ірі қара, түйе, шошқа, ал жылқы сирегірек ауырады.

Жетілген таспа құрт - эхинококктар кейбір жабайы ет қоректілердің де ащы ішектерінде тоғышарлық тіршілік етеді.

Қоздырғышы - эхинококкус гранулозус дейтін ұзындығы 10 миллиметрге дейінгі ұсақ цестодалар. Олар сколекстен, мойынша және 3-4 мүше бөліктен тұрады. Бірінші, екінші мүшелігі, үшіншісі гермафродитті (қос жынысты) және соңғысы - жетілген болады. Сколекстің 4 емшекшесі және тұмсықшасы болады. Ол екі қатар хитинді ілмекшемен қаруланған.

Құрт жұмыртқаларын радиальді қабық жапқан, ішінде диаметрі 0,32-0,36 мм ұрығы болады (онкосфера), үш қосхитинді имек жіпшелі келеді, диаметрі 0,32-0,36 мм. Ит организміне түскен эхинококк 31-97 күн арасында жетіледі. Сөйтіп ол ит ішінде 200 күннен астам тіршілік етеді.

Эхинококтың личинкалық сатысы бұршақтан кішкентай баланың басына дейінгі көлемдегі жылауық боп келеді. Жылауық мөлдір сұйыққа толы болады. Ол (циста) сыртқы ақ түсті кутикулярлы (хитинді) және ішкі - герминативті қабыршақтардан тұрады. Оның ішінде сколекстері қалыптасқаң ұрық қабықшалары болады. Сколокстер жай көзге анық көрінеді.

Мал организмінде эхинокок жылауықтарының инвазиялык жағдайға жетуі үшін айлар, тіпті жылдар қажет. Олардың өсіп-жетілу мерзімі мал түлігі мен оның жасына, организмнің жағдайына байланысты болады.

Эхинококктың тұрақты (дефинитивті) иелері - ит, қасқыр, шиебөрі т. б. Таспа құрт олардың ащы ішектерінде, ал аралық иелері - тұяқты жануарлар мен адамның түрлі органдарында кездеседі.

Іші жұмыртқаға толы, жетілген мүше бөліктер эхинококк денесінен үзіліп, тұрақты иесінің нәжісімен сыртқа шығып отырады.

Сыртқы ортада құрт жұмыртқалары жайылымды, аула-кора маңын, су қоймаларын ластайды. Шөппен және сумен бірге жұмыртқалар малдың ас қорыту жүйесіне түседі. Мұнда олардан онкосфера ұрығы босап шығып, қан ағымы арқылы түрлі органдарға тарайды. Эхинококк цисталары барлық органдар мен ткандерді зарарлай алады. Олар көбінесе өкпе, бауыр сияқты органдарда өсіп-жетіліп, көлемі жағынан әр түрлі цисталарға айналады. Мұндай цисталарды ит жегеннен кейін олардың ішегінде сақа эхинококктар өсіп шығады. Сөйтіп цистаның өршу циклі әуелі мал басынан (миынан) басталады.

Адамдарға эхинококк жұмыртқалары бар көкөніс пен жемістерден немесе иттен жұғады.

Эпизоотологиясы. Эхинококкоз өте кең тараған инвазия. Бордақылаудағы қойлар эхинококкоздан жаппай тексерілгенде республика бойынша қозылар орта есеппен 7,8 процентке, 1 жастан 2 жасқа дейінгісі 11,1 процентке, 2 жастан 3 жасқа дейінгісі - 16,6 процентке, 3 жастан 4 жасқа дейінгісі - 25,4 процентке және 4 жастан асқандары - 28,4 процентке дейін осы ауруға шалдыққан. Республиканың оңтүстік және батыс облыстарында 4 жастан асқан қой 23 проценттен 67 процентке дейін, солтүстікте 7 проценттен 45 процентке дейін эхинококкозбен зарарланған. Орта есеппен алғанда республика бойынша эхинококкозбен түйелердің 41 проценті, ірі қараның 10,5 проценті, шошқаның 3,6 проценті ауырған. Малшы иттері эхинококкозбен 15,5 процент, ауыл тұрғындары мен аудан тұрғындарының иттері 2,1 процент зарарланған. Эхинококк қала иттерінде де кездеседі.

Экономикалық зияны. Гельминтоз ауруларының ішінде республика мал шаруашылығына эхинококкоз мейлінше көп зиян келтіреді. Тәжірибе ретінде зарарландырылған әр қойдан орта есеппен алғанда 9,5 процент жүн, 7 процент сүт, 3,2 процент қосымша салмақ, 8,1 процент ет өнімі, 18,5 процент іш май кем алынғаны анықталды. Мал бауырының 84,2 проценті, өкпенің 76,1 проценті жарамсыз болып, шеккен зиян 482 сомға жеткен. Эхинококкозға шалдыққан әр жүз саулықтан 13 қозы кем алынады. 8 қозы тіршілігінің алғашқы екі айының ішінде өледі.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Эхинококктар негізінен алғанда бауыр мен өкпені, көкбауырды, жүректі, жыныс мүшелерін, миды, көзді тіпті сүйектерді де зақымдайды. Бұлар өте баяу өршиді. Сондықтан да аурудың клиникалық белгілері көпке дейін байқалмайды. Соған байланысты эхинококкпен мықтап зарарланған мал аяқ астынан өліп қалады. Оған әр түрлі қолайсыз жағдайлар; мал қыстатудың нашар ұйымдастырылуы, азықтың жеткіліксіздігі, басқа аурулардың қосарлануы себеп болады. Циста өскен сайын органдар қысыла түседі. Соның салдарынан олар атрофияға (семуге) ұшырайды. Органдардың қалыпты қызметі бұзылады, мал арықтап барып өледі. Организмге эхинококк сұйық затының уы да әсер етеді.

Ауруды анықтау. Малдың жіті өтетін эхинококкозын клиникалық белгілері бойынша және рентгеноскопия әдісімен анықтауға болады. Өлген малдың ауруын анықтау онша қиынға түспейді, сойып көргенде паразиттер не оның цисталары табылса малдың эхинококкозбен ауырғанын біле қоясың. Тірі малдың ауруын анықтау үшін аллергиялық әдіс, сондай-ақ көптеген серологиялық реакциялар: Сколекс-преципитациясы, комплементтерді байланыстыру, латекс аглютинация және басқа әдістерді пайдалануға болады.

Эхинококкозды иттен анықтау үшін олардың тірілей массасының әр килограмына 4 мг мөлшерінде бромды сутегіндік ареколинмен дегельминтизациялау керек. Дәрілеу нәтижесінде ит нәжісімен жетілген, гермофродитті мүше бөліктер немесе құрт бүтіндей бөлініп шығады.

Эхинококктарды табу үшін сақтық шараларын бұлжытпай орындай отырып, бөлінген нәжістерді сумен жуып-шайып, қара түсті ыдысқа салып тексеру керек.

ЦЕНУРОЗ (айналма, тентек)

Ми ценурозы тұяқты мал мен тұяқты жабайы жануарлардың ауруы. Онымен адамның да зарарлануы мүмкін. Ценуроз, әсіресе, қой арасында кеңінен тараған.

Қоздырғышы. Жетілген таспа құрттар - мультицепс ит және кейбір ет қоректілердің ащы ішегін мекендейді. Бұл құрт төрт сорғышты және екі қатар ілмекшелі бас пен көп мүше бөлікті стробиладан (денесі) тұрады. Оның ұзындығы 1,5 метрге жетеді. Таспа кұрт жыныстық жағынан жетілген түріне 36-73 күнде айналады. Ит организмінде 6-8 айға дейін тіршілік етеді. Бір ит күн сайын сыртқа 10 миллионға жуық жұмыртқа бөліп тарата алады. Жұмыртқа ішінде үш қос ілмешекті онкосфера (ұрық) болады.

Ми ценурозының жылауық, яғни ларвальды түрі екі қабаттан тұрады. Герминативті қабықша іші мөлдір сұйыққа және жүздеген сколекстерге толы болады. Мұндай циста «ценур жылауығы» деп аталады. Оның көлемі әр түрлі келеді және ол даму сатысына, миға орналасуына және мал түлігіне байланысты болады.

В. И. Бондареваның деректеріне қарағанда ценурлар қой организмінде 3 айдан соң инвазиялық жағдайға жетеді. Ит не басқа тұрақты иелері ценурозға шалдыққан малдың басын жегенде олардың ащы ішегінде «мультицепс-мультицепс» құрттары өсіп-жетіледі.

Ценуроз Қазақстанның барлық жерінде таралған.

Егер эхинококкоз оңтүстік және батыс облыстардың қойып көп зарарласа, ценуроз жағынан жағдай басқаша. Жалпы шаруашылықтың санитарлық-гигиеналық жағдайы нашар болса ценурозда тез тарайды (мал өлексесін көметін арнаулы шұңқыр-құдықтардың жоқтығы, мал өлексесін итке тастау, малшылардың шамадан тыс көп ит ұстауы).

Қазақстанда мультицепс құрты ит арасында барлық облыста кездеседі. Бірақ Қөкшетау облысы иттерінің 4,8 проценті, 'Галдықорған облысы иттерінің 23,5-25,6 проценті, Орал облысы иттерінің 39,3 проценті ауырғаны жайлы деректер бар.

Республика бойынша орта есеппен алғанда ценуроз қоздыратын құрттар малшы иттерінде - 14,7 процент, елді мекен иттерінде - 2,4 және қала иттерінде 1,5 процент болып келеді.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Ауру бірнеше кезеңмен өршиді. Біріншісі - ценуроздың алғашқы сатысы. Ол ауру жұқаннан кейін 17-20 күнге Созылады да клиникалық белгілері білінбейді. Бұл уақытта паразит ішкі органдар мен қан айналу жүйесі арқылы миға жетіп, одан әрі өсіп-жетіле береді.

Екіншісі - ценуроздың жіті сатысы. Бұл кезде мал қалтырайды, жүріс-тұрысы бұзылады, ақырында сал болып қалады.

Жіті ценуроз 2-3 күн ішінде өтеді. Малдың біразы қырылады, ал тірі қалғандарында клиникалық белгілері бірте-бірте өшеді де, жазылып кетеді.

Үшінші сатысында жасырын өтеді, сөйтіп төртінші немесе ценуроздың. қорытынды сатысына (2-4 айдан кейін) ауысады. Бұл кезде ми тканінің бір бөлігі семіп, нерв жүйесі бұзылады да, ауру малдың жалпы күйі күрт нашарлайды. Қой арықтап, әбден титықтайды да ақыры өліп қалады.

Экономикалық зияны. Республикада ценурозбен күн сайын орта есеппен 200-дей қой ауырады.

Ценуроздан малдың қоңдылығы төмендейді, өлім-жітімге ұшырайды немесе ауруға шалдыққан мал лажсыз сойылады. Мұның бәрі шаруашылық үшін қыруар зиян.

Кейбір зерттеулерге қарағанда ценуроз ауруының алғашқы кезеңінде сойылған бір қойдан орта есеппен 2,6 кг (17 процент) ет пен 0,2 кг (18 процент) май кем алынған. Аурудың төртінші сатысының басында сойылған қойдан 3,7 кг (0,5 процент) ет пен 1,05 кг (95,5 процент) май кем түседі. Ауру барысының ақырғы кезеңінде сойылған малдан орта есеппен 7,4 кг (50 процент) ет кем алынады. Мұндай қойдың еті тағам дайындауға жарамайды. Ондай ет техникалық немесе малға азықтық қажеттерге жұмсалады (П. П. Вибе).

Сонымен ценурозға шалдыққан қой амалсыздан сойылады. Сондай әр қойдан орта есеппен 8 сом 11 тиын зиян шегеміз.

Ал мұндай қой 100 немесе 1000 болса ше?

Мал дәрігерлік санақ деректері бойынша ценуроздан келген шығынды есептегенде республикамыз соңғы жеті жыл ішінде осы аурудан 4005400 сом, яғни жылына орта есеппен 572200 сом знян шегетіні анықталды.

Ауруды анықтау. Клиникалық белгілеріне, яғни бір жағына қырындап жүру, шыр айналу, шегіншектеп жүру, қалтырау, сал болуы, көрмей қалу секілді белгілеріне қарай анықтайды. Бұл ауруды листериоз ауруынан ажырата білу керек. Көптеген жағдайларда оны аллергиялық әдіспен де анықтап білуге болады.

ТЕНУКОЛЬДІ ЦИСТИЦЕРКОЗ  (құрсақ жылауығы)

Тенукольді цистицеркозбен төрт түлік және шошқа түгел ауырады.

Қоздырғышы - құрсақтағы органдардың сірі қабатына жабысып өсетін ларвальды таспа құрттар. Ауру негізінен иттен жұғады. Иттер осы аурудан өлген немесе лажсыздан сойылған малдың ішек-қарнын жеген кезде олардың ащы ішегінде жетілген таспа құрт - «Тения» өсіп шығады. Ол сколекстен (басы), мойынша және ұзындығы 5 метрдей денесі - митазаннан тұрады. Мал организміндегі ларвальды түрі көлемі әр түрлі мөлдір бүртіктер түрінде болады. Оның сыртында қабықшасы бар, ал іші мөлдір сұйыққа толы, бір ғана сколексті денеден тұрады. Тения гидатигена құртының жетілген мүшелері иттің нәжісімең сыртқа шығып, құрт жұмыртқалары топырақты, суды, шөпті зарарлайды. Мал ауруға содан шалдығады.

Аурудың өршуі және оның белгілері. Жіті кезеңі. Сумен және шөппен қоса құрт жұмыртқаларын жұтқан кезде, малдың ас қорыту жүйесінде құрт онкосфералары жұмыртқалардан шығып қан айналу жүйесіне өтеді де бауырға енеді. Мұндай жайттың малды шығынға ұшыратуы мүмкін. Цистицеркоз жіті түрде өткенде бауыр ұлғаяды. Оның сыртқы бетіндегі зарарланған тұсы қоңыр қызыл немесе сұрғылт қызыл түсті, көлемі тары дәнінен бұршақ дәніне дейінгі аралықта болады. Бауырдың сыртқы беті буалдыр фибринді шырынмен жабылады. Фибрин қабатында және оның астында жас цистицерктер жүреді. Бауырды тіліп жібергенде қоңырқай сұрғылт түсті сұйық ағады. Одан ұзындығы 3-6 мм, ені 1-3 мм паразиттер табуға болады.

Цистицеркоздың созылмалы кезеңінде паразиттердің бауырда тіршілік еткені байқалады. Оныншы күні цистицерктер жай көзге де көрінеді.

Ауруды анықтау. Бұл ауруды сыртқы белгілеріне қарап анықтауға болады. Өйткені аурудың жіті түріне шалдыққан мал тынышсызданады, аузынан сілекей ағады, азық жемейді, іші өтеді, құрсағын басқанда ауырсынады. Кейбір мал денесінің қызуы көтеріледі. Ауруды сойып тексеру жолымен де анықтайды.

Экономикалық зияны. Қозыларды қолдан зарарлау жолымен тексергенде олардың 25 процентке дейінінің өліп қалатындығы анықталды. Цистицеркоздың субклиникалық барысы мен экономикалық зиян мөлшері әлі зерттелмеген.

Ларвальды цестодоздардан сақтандыру шаралары. Эхинококкоз, ценуроз және цистицеркоз ауруларынан сақтандыру үшін, бір жағынан құрттарының тұрақты иелеріне (ит, қасқыр, шиеберілер) жұқтырмау, екінші жағынан осы құрттар жұмыртқаларының сыртқы ортаға тарамау жолдарын қарастырады.

Мал аурулары (Құратсырған З.Қ. Қожабеков). -Алматы: 1989. -Б.274-305.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-12-01 12:37:20     Қаралды-86

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »