UF

ИНФЕКЦИЯ ЖӘНЕ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ АУРУЛАР ТУРАЛЫ ТҮСІНІК

 

Медициналық және мал дәрігерлік микробиологияның, эпидемиологияның және эпизоотологияның даму барысында инфекция (латынша инфектио - жұқтыру, зарарландыру) ұғымы біршама өзгерді. Алғашында медициналық сөздіктерде инфекция деп тек жыныс мүшелері арқылы тарайтын ауруларды атайтын. Кейіннен бірте-бірте инфекция деген ұғымның мағынасы ұлғайып, қазіргі кезде адам мен жануарлардың зиянды (патогендік) микроорганизмдер туғызатын бүкіл ауруларын атайды.

Сонымен, ғылыми тұрғыдан қарағанда инфекция дегеніміз патогендік микробтардың микроорганизмде орын тепкеннен кейінгі өзара эволюциялық қалыптасқан күрделі биологиялық қарым-қатынасы.

Белгілі бір ортада ауру қоздырғышы мен микроорганизмнің өзара қарым-қатынасының өршу барысын инфекциялық процес деп атаймыз. Бұл ұғымға бір жағынан ауру қоздырғышының өсіп-өнуі, таралуы және орналасуымен қоса микроорганизмнің оған қарсы күресу қабілеті енеді. Бір сөзбен айтқанда, инфекциялық процесс жұқпалы аурудың залал-зардабының негізі.

Биологиялық тұрғыдан қарағанда инфекция тірі жанның өзара қарым-қатынасындағы паразитизмнің бір түрі. Ғалымдар бұл шешімге, яғни инфекцияны биологиялық процесс ретінде тек XIX ғасырдың екінші жартысынан кейін ашылған жұқпалы аурудың қоздырғышы бар екені анықталғаннан кейін ғана келді. Алғашқы кезде жануарлар организмін микробтардың өсіп-өнетін бейтарап ортасы деген ұғым қалыптасқан. Бұл көзқарастың шалалығы мен күмәнділігін мезгейтін Л. Пастер мен И. К. Мечниковтың жұмыстары жұқпалы ауру - микроб қоздырғышы мен макроорганизмнің оғаң қарсы тұратын корғаныс күштерінің өзара күресуі екенін дәлелдейді. И. П. Павловтың нерв жүйесін тексерген жұмыстары организмдер кездесетін жалпы ортаның зор маңызының барын көрсетті. Осы тұрғыдан қарағанда инфекцияның күшеюіне, тарауына макроорганизмнің бірталай ықпалы бар.

Инфекцияның басталуы ми өршуі үшін әр аурудың өзіне тән қоздырғышы, оның денеге даруына қажетті жайлары және қоздырғыштың макроорганизмге ауру тудыра алатын қабілеті болуы керек. Осы айтылған жағдайлардың бәрі қолайлы кезде қоздырғыш өз «күшіне мініп» инфекциялық (жұқпалы) ауру қозады. Инфекция өрши бастағанда оның залал-зардабына тән аурудың сыртқы белгілерін байқауға болады.

Сонымен инфекция дегеніміз эволюциялық жағдайда қалыптасқан микробтардың макроорганизмде тоғышарлық тіршілік етуі салдарынан болатын ауру. Инфекциялық аурулардың басқа аурулардан біршама өзгешеліктері бар: біріншіден, әр аурудың жеке қоздырғыш микробы болады, ол ауру малдан сау малға жұға алады; екіншіден, ауру қоздырғышы сау мал организміне енгеннен аурудың алғашқы сыртқы белгілері білінгенге дейін біршама уақыт өтеді, оны жасырын (инкубациялык) кезең дейміз, одан кейін аурудың өршуі және бәсеңдеу кезеңдері өтеді; үшіншіден, ауру қоздырғышына қарсы жауап ретінде организмде иммунитет (қорғаныш күш) пайда болады.

Осы құбылыстар әр ауру қоздырғышының бағыттылығына, уыттылығына және макроорганизмнің осыларға қарсы қоя алатын қорғаныс күшіне байланысты. Сондықтан да бірталай жағдайларда инфекциялық аурудың сыртқы белгілерінің байқалмауы мүмкін. Аурудың мұндай түрінде тиісті шаралар дер кезінде жүргізілмесе инфекция кең тарап, етек жайып кетеді.

Макро және микроорганизмдердің өзара қарым-қатынасы эволюциялық дәуірде қалыптасқан және бүкіл тірі жан-жануардың барлық белгілі симбиоздық бірге тіршілік ету қатынасын қамтиды. Ол қатынастар  мутуализм, комменсализм, паразитизм.

Мутуализм дегеніміз, симбионттардың (бірге тіршілік етуші организмдердің) бір-біріне пайдалылығы. Мысалы күйіс қайыратын мал қарнында тіршілік ететін микробтар өсімдік клетчаткасын ыдыратып, крахмалға айналуға көмектеседі де, өздеріне керекті бактериялық белокты ажыратып алады. Ішек таяқшасы бактернясы ас қорыту органдарында макроорганизмге керекті В2, В3, В5, В6, В7, В9, В10, К2 және Е витаминдерін құрап шығарады, микробтың кейбір түрлері В1, В12 және К витаминімен қамтамасыз етеді. Комменсализм (жемтіктестік) дегеніміз симбионттардың бір-біріне зияны тимей, біреуінің екіншісінің еншісімен қоректенуі. Комменсалдарға тері бактериялары, антиномицеттер, стафило және стрептококктар, тыныс жолдарындағы пневмококктар, пастереллалар және ірің стрептококктары, ішек-қарындағы ішек таяқшасы, энтерококктар және шіріту микробтары. Кейде бұл комменсалдар мал қоңы төмендегенде жеке ауру қоздырғышы болып шығуы да мүмкін.

Паразитизм дегеніміз табиғатта ең көп тараған бір организмнің екінші организм тарапынан қоректенуі. Микроб-паразиттер өздері мекендеген иесінің есебінен қоректеніп, өсіп-өнуімен қоймай, оған тікелей зиян келтіреді. Мұндай микробтарды патогендік (ауру тудыратын) деп атайды. Бұлар енген организмде микробтардың өсіп-өнуіне қарсы жауап ретінде қорғану күштерінің шамасына қарай патогенді микробтар зарарсызданады немесе сол микробтың түріне байланысты ауру басталады. Мұндай ауру туғызатын микроб-паразиттерге әр түрлі бактериялар, вирустар, грибоктар, риккетсиялар, микоплазмалар және хламидиялар жатады.

Микроб-паразиттердің арғы негізі табиғатта жан-жануарға зияны жоқ органикалык, заттармен қоректенетін сапарофиттерден шыққан. Микроорганизмдердің жалпы эволюциялық бірінші сатысында автотрофтар тұр. Бұлар өздеріне қажетті қоректік заттарды қарапайым органикалық емес қосылыстардан (көміртегіні - ауадағы көмір қышқыл газынан немесе карбонаттардан, азотты - аммиактан т. б.) алған. Автотрофтарға нитрофициялық бактерия, темір бактериясы және жіңішке күкірт бактериясы т. б. жатады. Бұлар күрделі көміртегі қосындыларымен қоректене алмайтындықтан жан-жануарларды ауырта алмайды. Келесі сатыдағы микробтар гетеротрофтар (басқалай қоректену) тобына жатады. Олар өздеріне қорек ретінде көміртегіні күрделі қосындылардан, яғни белоктардан, майлардан, углеводтардан, метаннан, көмірсутегінен т. б. ажыратып алады. Микробтардың эволюциялық дамуына байланысты бірқатар гетеротрофтар өз қорегіне кездескен органикалық қосылыстарды ажырата алатын болды. Бұл топқа негізінен шіріту микробтары, грибоктар, топырақ пен суда тіршілік ететін микроорганизмдер және адам мен жануарлардың аутофлорасы (ішек-қарын мен тыныс алу органдарының зиянсыз микробтары) жатады. Бұлар органикалық қалдықтарды ыдыратып қоректенеді де сапрофиттер (шіріген шөп) деп аталады. Бертін келе гетеротрофтардың бірталайы қорегіне қажет көміртегіні өлі органикалық субстраттармен, зат алмасу қалдықтарымен қатар өсімдіктер мен жан-жануарлар клеткаларынан тікелей алатындай сатыға жетеді. Мұндай микробтарды паразиттер немесе паратрофтар (қасында қоректену) деп атайды. Олар өсімдік, жәндік, жануар және адам тканьдерінде ғана тіршілік ете алады. Солардың клеткаларындағы қосондылармен қоректенеді.

Алғашында, микроб-паразиттер жануарлар терісінде, сыртқы ортамен тікелей қатысы бар ас қорыту, тыныс алу жолдарында, зәр шығару, жыныс жолдарының кілегейлі қабықтарында өсіп-өнуге бейімделген. Қеле-келе олар тері мен кілегейлі қабықты тесіп өтіп, сыртқы ортамен тікелей қатынасы жоқ органдарда да өсетін болды. Сонымен қатар микроб-паразиттер бірте-бірте өздерінің өсіп-өнуіне ыңғайлы жануарларды іздеп, жайлы органдарды ғана мекендейтінді шығарды. Микробтардың әлгінде айтылған машықтығы сыртқы ортаның физикалық-химиялық жағдайы мен микроорганизмнің қорғаныс күшінің қалыптасуымен қатар жүрді.

Сонымен қазіргі кезде мал ауруын туғызатын қоздырғыштардың басты тобы сапрофиттік тіршілік ете алмайтын облигатты (шартты) паразиттер және олардың ең жоғары сатысындағылары - клетка ішінде тіршілік ете алатын вирустар, кейбір потогенді қарапайымдар, риккетсиялар, микоплазмалар, хламидиялар. Клетка ішінде өсуге дағдыланғандар өршу процесінде өздерінің ферменттік системасын жоғалтуға айналған вирустар тек клетканың ферментін пайдаланады. Бұлармен қатар жануарларды ауруға шалдықтыратын факультативті (уақытша) паразиттер де кездеседі. Мысалы ботулизмнің және сіреспенің қоздырғыштары көбінесе сапрофиттікке бейімделген. Микробтың бірталай түрлері малға патогенді бола тұрып сыртқы ортада да тіршілік ете алады. Қазіргі кезде бір топ микроорганизмді шартты патогенді қоздырғыштар деп атайды. Қейінгі жылдары, малды жаппай вакциналау мен пәрменді эпизоотиялық шаралардың қолданылуына байланысты шартты паразиттер туғызатын аурулар азайды. Мұндай табысқа жеткен шаруашылықтар қазір этиологиялық себептерден туатын факультативті паразиттермен қатар бұрын белгісіз болып келген аурулардан зардап шегуде. Әсіресе мұндай жағдай малын бір жерге шоғырландырған ірі шаруашылықтар үшін қиын болып отыр. Бұл дағдарыстың басты себептерінің бірі антибиотиктердің шамадан тыс қолданылуына байланысты микробтардың белгілі түрлерінде күтпеген қасиеттердің пайда болуында. Сонымен қатар антибиотиктерді ұзақ уақыт қолданғанда малдың жайсыз жағдайларға қарсы тұратын өзіндік табиғи төзімділігі төмендеп кетеді.

Инфекция қоздырғышының зияндылығы. Патогендік (ауру тудырушылық) дегеніміз микробтың белгілі бір түрінің инфекция тудыра алатындай қабілеті. Патогендік - микробтың зат алмасу және морфологиялық өзгешеліктерге жауапты ген «бақылауындағы» қоздырғыштың маңызды белгісі. Микробтың бұл өзгешелігінің оның өсіп-өрбуі, таралу, сақталуы үшін маңызы зор. Әрбір микробтың түрі өзіне лайықты патогендік сипатына сай аурудың тек бір түрін ғана туғызады да, қоздырғыштардың организмге енуі, таралуы және орын тебуіне байланысты организмнің дертке шалдығуы, иммунитеттің өзгеру және микробтардың сыртқы ортаға таралу жолдарын, аурудың сыртқы белгілерін қалыптастырады.

Ауруды анықтағанда, емдегенде, күресу шараларын белгілеғенде қоздырғыштың ерекшеліктерін ескеру қажет. Микробтың патогендік қабілетінің толық байқалуы оның өсетін ортасына байланысты. Мысалы, жылқының инфекциялық қан аздық ауруының қоздырғышы ашатұяқтыларға жұқпайды, ал керісінше аусыл қоздырғышын жылқы елемейді. Сондағы біздің айтайын дегеніміз - әр түрлі инфекция қоздырғышы мал түлігіне қарай ауру қоздырады. Оны микробтың патогендік спектрі деп атаймыз. Осыған байланысты кейбір инфекция қоздырғыштарын шартты патогендік қоздырғыштарға жатқызамыз (аусыл, Ауески ауруы, топалаң және т. б.). Бұл қоздырғыштар эволюциялық өршу сатысында өздерінің уыттылығын, бағыттылығын жетілдіріп, көбінесе малды аурудың өте жіті және жіті тұрлерімен ауыртатын болды. Сонымен қатар біршама аурудың қоздырғышы инфекция тудыру үшін ыңғайлы жағдайды күтеді. Жай уақытта мұндай микробтар организмде комменсал ретінде тіршілік етеді де, малдың қоңы түсе бастағанда өрши жөнеледі. Сонымен қатар патогендігі бойынша микробтың бір түрінің өзі неше түрлі штамдар мен серотиптерге бөлінеді. Мысалы туляремияның кейбір штамының 5-6 микробының өзі ақ тышқанды өлтірсе, басқаларының мыңдаған санының оған әлі келмеуі мүмкін. Осы айтылған патогендіктің күшін уыттылық (вирулентность) деп атаймыз да, оны келісілген мөлшермен жұқтырудың (ДИМ) және өлтірудің (ДЛМ) шекті мөлшерімен өлшейміз. Патогендіктің ең басты белгілері инвазиялылығы (жаукершілігі) және улылығы. Инвазиялылығы дегеніміз микорбтың теріден, кілегей қабықтардан өтіп, органдар мен тканьдерге орын теуіп организмнің қарсылығына қарамай өсіп-өну қабілетін сақтау қасиеті. Улылығы дегеніміз микробтың өсіп-өну жолындағы зат алмасу процесінің қалдықтарын өз денесінен сыртқа шығару қабілеті. Вирустардың патогендігі олардың макроорганизм клеткаларының ішінде өсіп-өну қабілетіне байланысты. Вирустармен зарарланған клеткалар өздеріне тиісті міндеттерді атқара алмайды. Кей жағдайларда клеткаға енген вирустар оны бұзуға әлдері жетпей, өздері қырылып қалады. Осы айтылған екі құбылыстың ортасында клеткалар бұзылмай, оның ішіндегі вирустар да тірі қалатын жағдайды вирогения дейміз. Вирогения кезінде клеткаларда тоқтаусыз өсу қабілеті пайда болуы мүмкін (лейкоз, Марек ауруы ж. т. б.).

Микробтың организмге таралу жолдарына байланысты инфекцияның түрлері. Қез-келгеп инфекцияның өршуі ауру қоздырғышының таралуына және организмнің оған қарсы күресу қабілетіне байланысты болады.

Инфекцияның ену жолы. Патогенді микробтың организмге енген жерін инфекцияның ену жолы деп атаймыз. Оған жататындар - тері, көздің кілегей қабықшасы, ішек-қарынның, зәр жүретін ж;ше тыныс жолдарының кілегей қабықтары, ал ұрықтар үшін плацента (шарана). Әр инфекцияның қоздырғышы өзінің эволюциялық даму кезінде организмге дарудың, өсіп өнудің, тараудың ең қолайлы жолдарына бейімделген. Кейбір микробтар патогендік қасиетін тек өзі бейімделген жол арқылы ғана байқата алады. Құтырудың вирусы терінің жараланған жерінен, әйтпесе кілегей қабық арқылы өткенде ғана ауру туғыза алады. Сіреспе қоздырғышы іріңдеген, терең және ластанған жаралар арқылы жұғады.

Жылқының жұқпалы қан аздық ауруын тек қансорғыш жәндіктер ғана қоздырады.

Микробтың кейбір түрлері организмге неше түрлі жолдармен дариды. Мысалы топалаң жемшөппен, тыныс алу жолдарымен және тері жарақаты арқылы жұғады. Жылқының маңқасы мең мал туберкулезінің де жұғу жолдары сан алуан.

Аурудан сақтандыру шараларын жүргізгенде қоздырғыштың дару жолдарына бейімділігін ескеру керек. Инфекцияның организмге ену жолдары неғұрлым көп болса ондай аурумен күресу қиындай береді.

Микробтар организмге енгеннен кейін сол жерде тоқтап өсіп-өне бастаса, жергілікті немесе ошақты (стрептококктар, страфилококктар, трихофитондар), ал егер бүкіл денеге жайылса оны жайлаған инфекция дейміз. Бактериялар бірінші ошақтан қан жүйесі арқылы тарап, басқа органдарда өсіп-өне бастаса оны бактериямен (бруцеллез, туберкулез, маңқа) ненемесе вируссмия (шошқа обасы) деп атаймыз.

Ал микробтар қан жүйесінде өсіп-өнген инфекцияны септицемия (топалаң, пастереллез, шошқаның қылшасы ж. т. б.) дейді. Бірінші ошақтан лимфа немесе қан жолдарымен ішкі органдарға тарап, онда жеке-жеке ошақ құрып іріңдеуі пиемия (сақау, пиобактериоз) деп аталады. Сепсис пен пиемия қосылған аралас инфекцияны септикопиемия дейді.

Микроорганизм мен сыртқы ортаның инфекцияның басталуы мен өршуіндегі маңызы. Инфекцияның басталуы мен өршуіне организмге дарыған микробтардың уыттылығымен, сан мөлшерімен бірге зарарланған мал тұқымы, жасы, дене құрылысы, жалпы физиологиялық жағдайы да әсерін тигізеді.

Бұл айтқандарымыз малдың табиғи қуаты, яғни патогендік микробтың әрекетіне қарсы тұратын жалпы төзімділігі болып табылады.

Табиғи төзімділік микроорганизмнің иммунды-биологиялық қуатымен бірігіп қорғаныс-жаттықтыру шебін құрады.

Организмнің көптеген жалпылама физиологиялық қорғаныш күштері туа бітіп эволюциялық даму жолында нығая түседі. Микробтың организмге даруына тері мен кілегей қабықтар біршама кедергі болады.

Жарақатсыз денеден бірталай патогенді микробтар өте алмайды. Бірақ тері қабаты бруцеллездің, туляремияның, бұзаутаздың қоздырғыштарын бөгей алмайды. Терінің кейбір осал бактерияны жойып жібере алатын қасиеті де бар. Оның сірі қабығы қышқыл болғандықтан микробтар өсе де алмайды.

Терінің майы мен тері стрептококктарды, сальмонелдерді және ішек таяқшасын ерітіп жіберді. Бүтін кілегей қабықтар патогенді микробтардың денеге даруына едәуір бөгет болады, оған сілекейде, көз жасында, маңқада және қақырықта болатын лизоцимнің де бірталай қосымша әсері бар. Тыныс жолдарының жыбырлақ эпителиі кездескен микробты сыртқа аластауға көмектеседі. Ас қорыту органдарының, әсіресе асқазан мен онекі елі ішек сөлдері әр түрлі бактерияларды ерітіп жібере алады. Зәр шығару және жыныс мүшелері жолдарының қышқылдығынан микробтар ол ортада мекендей алмайды.

Сөл бездерінде теріден, кілегей қабықтан өтіп кеткен бактериялар сүзіліп, фагацитоз бен қабыну процесі арқылы қауіпсіздендіріледі.

Сөл бездерінің қаусарлығы, яғни кедергілігі әсіресе сақау мен туберкулез ауруы кезінде айқын байқалады.

Қан сарысуында және ткань сөлінде бактерияға қарсы - лизоцим бактериолизиндер және комплемент болады.

Ауру өрши бастағанда организмнің жалпы қорғаныш күші де, микробпен күресу үшін бірте-бірте ыңғайлана береді. Ауру қоздырғышына қарсы фагоциттердің әрекеті күшейеді, түрлі тканьдердің, клеткалардың қорғаныш күштері өзгереді, микроб антигендеріне қарсы әсер ететін иммунды-глобулин-антителалар дайындалады.

Сыртқы ортаның қүбылмалылығы организмнің табиғи төзімділігі деңгейінің өзгеруіне әкеліп соғады, ал күйі төмен мал ауруға шалдыққыш келеді. Нейрогуморалдық қорғаныс күштері, малды күнбе-күн, үнемі кездесетін үйреншікті қауіп-қатерлерден сақтауға арналған.

Малдың тынышын алып, қатты мазасыздандырғанда оның ауруға қарсы табиғи төзімділігі күрт төмендеп кетеді. Оны туғызуға әсер етуші жағдайларды - физикалық, химиялық, жемшөптік, жарақаттық, тасымалдық, технологиялық, биологиялық және психикалық деп бөледі. Стрессорлар адренокортикотропты гормонның (АҚТГ) мөлшерден тыс бөлінуіне және денеде картикоидтардың жиналуына әсер етеді. Қортикоидтар микробтың дарыған жерінде қабынуға жол бермей, қоздырғыштың организмге тез тарауына мүмкіндік туғызады. Малдың жемшөбі тапшы болғанда организмде белок айналымы бұзылып, иммунды-глобулиндер азаяды, фагоциттердің әрекеті төмендейді, созылмалы аурулар өршіп, иммунитет жоғалады. Рационда белок көп болып, жемді шамадан тыс бергенде қанның бактерияға қарсы күресетін күші азаяды, ацидоз басталады. Мал азығында минералды заттар жетпегенде организмде улы заттарды қауіпсіздендіру, ас қорыту және су айналымы бұзылады.

Витаминдер жетпегенде зат алмасу процесі күрделі күйзеліске ұшырайды, тері мен кілегей қабықтардың қаусарлық деңгейі төмендейді, барлық иммунды-биологиялық қорғаныш күштері әлсірейді.

Қорғаныш күшінің деңгейі малдың жасына байланыстыболады. Мәселен жаңа туғаң бұзаулар сыртқы ортаның қолайсыз жағдайына төзімсіз келеді.

Олардың қанында гамма-глобулиндер болмайды, ащы ішектің кілегей қабығы болбыраған бос болады, таз қарынның қышқылы және зиянды бактерияларға қарсы тұра алатын қабілеті, сөл бездері жүйесі мен бауырдың қорғаныш әсері төмен келеді. Бұл жас бұзаудың бірталай ауруларға шалдығуға бейімдігін көрсетеді. Сақа малға қарағанда жас малдың кілегей қабықтары мен терісінің қорғаныш күші едәуір төмен болады.

Олардың клеткалық қорғаныш күші бірталай жоғары болғанымен қабыну шамасы мен гуморальды қорғаныстары әлсіз келеді.

Осы себептерден жас малдың тек өзіне тән инфекциялары бар (колибактериоз, сальмонеллез ж. т. б.).

Сонымен табиғи төзімділік - туа бітетін генетикалық қасиет. Бірақ оның деңгейі мал түлігіне, жасына, тұқымына, күйіне және сыртқы орта жағдайына байланысты болады.

Инфекцияның түрлері. Инфекциялық аурудың байқалуы мен өршуі. Инфекция өзіне тән танымал белгілерімен өтіп жатса, оны ашық инфекция, ал керісінше, белгілері көмескі, айнымалы, беймәлім болса жасырын инфекция деп атаймыз. Бұл топқа микроб тасушылық пен жалған инфекция да жатады. Осы инфекциялардың ішінен жиі кездесетіні - ашық инфекциялар.

Олардың жұқпайтын аурулардан бірталай өзгешеліктері бар: айрықша ерекшелігі жұқпалылығы, арқаулығы және инфекциядан сауыққаннан кейінгі иммунитеттің құралуы.

Айрықша ерекшелігі дегеніміз - әр инфекциялық ауруды тек сол індетке тән микробтың тудыруы.

Жұқпалылық - инфекциялық аурудың кең тарауға мүмкіндігі. Ол қоздырғыштың ауру малдан сау малға тікелей, болмаса басқаша екі ортадағы ортақ заттар мен жәндіктер арқылы таралуын айтамыз. Ең жұқпалы ауруларға ірі қараның аусылы, қойдың сарыбы, шошқа обасы, жылқының тұмауы т. б. жатады.

Ауру кезеңдерінің біртіндеп алмасуын - инфекцияның арқаулығы дейміз. Инфекцияда аурудың алғашқы белгілері біліне бастаған кезең - басталуын (сырқат) толық белгілері анықталған кезең - өршуі (дерт) алмастырып, ең соңында аурудың беті қайтып, белгілері бәсеңдеген (айығуы) кезеңіне ауысады.

Ауру қоздырғышы денеге дарып өсіп-өне бастағаннан кейін оның алғашқы белгісінің білінуіне дейінгі, ал созылмалы аурулардың бірталайында (туберкулез, бруцеллез) иммунды биологиялық күштердің айқындалуына дейінгі уақытты індеттің жасырын кезеңі дейміз. Мұндай кезең бүкіл инфекцияларғатән. Бірақ ол әр ауру үшін әрқалай, яғни бірнеше сағаттан немесе күннен (аусыл, топалаң, ботулизм, жылқының тұмауы) бірнеше айларға (құтыру) дейін созылады. Жасырын кезеңінің бір аурудың өзінде әр түрлі уақытқа созылуы мүмкін. Шошқа обасында ол 4 күннен 20 күн аралығында өтеді. Көрсетілген айырмашылықтар қоздырғыштың уыттылығына, оның өсіп-өнгіштігіне, дару мөлшері мен жеріне, малдың қорғаныш күшінің деңгейіне байланысты. Қоздырғыштың уыттылығы жоғары организмге дарыған мөлшері де біршама болса, онда ауру денеге тез тарайды да, жасырын кезең тез өтеді. Қоздырғыштың даритын жеріне тәуелділігі құтыру ауруынан жақсы байқалады. Мәселен ит қапқан жара малдың басына қаншалықты жақын болса аурудың жасырын кезеңі де соншалықты қысқа болады. Бірталай инфекцияда (құтыру, шошқа обасы т. б.) жасырын кезең мерзімі аяқтала келе қоздырғыштар сыртқы ортаға тарала бастайды. Сондықтан мұндай аурулардың алдын алу шаралары өте мұқият жүргізілуі керек.

Жасырын кезең аурудың алғашқы белгілері біліне бастаған сырқат кезеңмен ауысады. Бұл уақыт бірнеше сағаттан 1-2 күнге дейін созылады. Сонда организмдегі жүріп жатқан физиологиялық өзгерістер аурудың алғашқы белгілері болып есептелінеді. Мысалы мал әлсірейді, самарқау тартады, шөп жемейді, аздап денесінің қызуы көтеріледі. Соңынан сырқат дертке айналып, аурудың бүкіл белгілері айқындалады. Осы белгілері бойынша ауру анықталып, оған қарсы күресу шаралары белгіленеді. Бұл кезеңнің ұзақтығы ауырған малдың күйіне байланысты.

Ауру белгілері және оның айқындылығы қоздырғыштың қандай мүшеге орныққанына, соның салдарынаң олардың қызметінің өзгеруіне және организмнің қорғаныс күшінің жауабына байланысты болады. Дене мушелерінің физиологиялық езгерістеріне сәйкес тыныс алу органдары, ас қорыту, нерв және жүрек-қан тамыр жүйелері, зәр шығару жүйесі мен жыныс мүшесі зақымданып, қан мен сөлдің құрамы өзгереді.

Қейбір белгілер, мысалы, қызуының көтерілуі көптеген инфекциялық ауруларда кездеседі. Мал денесі қызуының көтерілуі мен төмендеуі, оның аралық ұзақтығы аурудың өзгешелігін аңғартады.

Бактериялармен зақымдалған клеткалардан шыққан улы заттар жүрек пен тамырларға, жүйкеге әсерін тигізеді. Қан қысымы мен тамыр соғуы өзгереді, қабыну басталады.

Көптеген инфекцияларда ұсақ қан тамырларының жарылуынан және тағы басқа себептерден тері және кілегей қабықтар қабынады.

Бактерия улары ас қорыту жүйесінің қызметін бұзып, оның фермент пен сөл шығару, қозғалу мен сыртқа шығару, тағы басқаларына әсер етеді. Індеттерде орталық нерв жүйесі қатты күйзеліске ұшырайды, ауырған мал үркеді немесе меңірейеді, бұлшық еті дірілдеп, сіңірі тартылады, кей жағдайда еліруі де мүмкін.

Аурудың беті бері қараған жағдайда бірте-бірте бұзылған мүшелер өз арнасына түсіп, белгілері бәсеңдеп айыға бастайды. Айығу кезеңі аурудың ауыр-жеңілдігіне, малдың күй-қуатына, күтімі мен емдеу шараларына байланысты.

Кейбір жағдайларда ауырған мал мүлде сауығып кетуі мүмкін. Ондайда аурудың кейбір белгілері ұзақ уақыт сақталады. Қөпшілігінде ауру белгілерінің бәрі жоғалғанмен, мал сауыға қоймауы да мүмкін. Мұндайды аурудың ішке түсіп кетуі дейді. Ауру асқынғанда мал әлсіреп, арықтап барып өледі. Мысалы қой топалаңы, жыбырлағы, ешкінің кебенегі және т. б. аурулар ұзаққа созылмай аз уақытта үлкен шығынға ұшыратады.

Аурудың ағымы өте жіті, жіті, жітілеу, созылмалы, ал клиникалық белгілері бойынша айқын, айқын белгісіз, көмексі болып бөлінеді. Кейде аурудың оның көбірек кездесетін орны бойынша атайды (ішекте, өкпеде, теріде т. б.). Инфекция өте жіті өткенде бірден басталған септицемия мен токсинемия осы ауруға тән белгілердің көрінуіне жеткізбей бірнеше сағатта малды өлтіріп тынады (топалаң, жыбырлақ, брадзот, шошқаның ақ қылшасы ж. т. б.). Ауру жіті түрде өтсе оның сыртқы белгілері ерекше айқын байқалады, бас аяғы бірнеше-ақ күнге созылады (топалаң, қарасан, аусыл, құтыру ж. т. б.). Инфекция жітілеу түрде өткенде аурудың сыртқы белгілері жақсы білінеді.

Созылмалы аурулар айлап-жылдап жүреді. Сыртқы белгілері зорға байқалып, кейде тіпті жоғалып кетеді (туберкулез, бруцеллез, маңқа). Мұны қоздырғыш уыттылығының төмендігінен, организм төзімділігінің едәуір жоғары болуынан деп түсіндіруге болады.

Аурудың осы түрлерімен қатар, кейде келте түрі де кездеседі. Ауру өзінің өршіп келе жатқан бетінен қайтып, малдың сауығып кетуін аурудың келте түрі дейміз.

Инфекцияның өршуі үстінде аурудың созылмалы түрі жіті түріне немесе керісінше келте түріне ауысуы мүмкін.

Жүріп жатқан инфекцияның сыртқы белгілері осы ауруға тән болса - айқын, ал алдамшы болса ондай аурудың түрін - көмескі дейміз. Организмге қоздырғыштар біртіндеп, аз-аздан дарығанда, олардың ауру қоздыруға шамасы жетпей тек иммунды-биологиялық жауап береді. Қоздырғыштардың осылай жұғуын иммундандыратын жалған инфекция деп атаймыз. Егер организмге дарыған микроб малды ауырта алмай, өзінің өсіп-өнуі қалыпты бір деңгейден өспесе ондай биологиялық тепе-теңдікті малдың бактерия тасуы дейміз. Мұндай мал эпизоотиялық ошақтың сөнбей, инфекцияның қайталануына себепкер болады.

Эпизоотиялық процесс және оны қозғаушы күштер. Эпизоотиялық процесс дегеніміз жұқпалы аурудың пайда болуы мен таралуы, қоздырғыштың ауру мал мен сау малдың арасындағы тоқтаусыз жұғу процесі. Тоқтаусыз жұғу-жұқтыру процесі бүкіл жұқпалы аурулардың және олардың қоздырғыштарының құрып кетпеуінің кепілді шарасы. Сонымен эпизоотологиялық процестің болуы үшін қоздырғыштың көзі, оны жұқтыратын жағдай және қоздырғышты қабылдайтын организм болуы шарт. Эпизоотиялық процесс инфекцияның жұқпалылығына байланысты аурудан сау малға тарап, одан әрі жалғаса береді. Жұқпайтын инфекциялық ауру болмайды.

Инфекция қоздырғышының көзі. Эпизоотологиялық процесс құрамындағы жоғарыда айтылған үш белгілі күйінің: қоздырғыштың көзі, қоздырғыштың таралуы және қоздырғышты қабылдайтын организм - аурудың сақталуы тұрғысынан келсек бәрінің қажеттілігі бірдей, бірінсіз бірі болмайды да инфекция тоқтап қалады. Бірақ инфекция көзі - ең бастамасы. Сонымен инфекция көзі дегеніміз, патогенді микроб сақталатын, өсіп-өнетін, жиналатын және сыртқа шыға алатын зарарланған жан-жануар организмі. Ауруға шалдыққан малдың қауіптілігі аурудың кезеңіне байланысты. Жасырын кезеңде көбінесе микроб тарамайды, тек кейбір инфекция (құтыру, аусыл және шошқа обасы) кезеңінің соңғы кезінде микробтар сыртқа тарай бастайды. Қоздырғыштарды ең көп шығаратын кезең - аурудың дертке айналған кезі. Сондықтан бұл уақыт ауру тарату тарапынан ең қауіпті деп саналады. Ауру мал да сауығып келе жатқан және сауыққаң малға ұзақ уақыт инфекция көзі бола алады.

Мұның сыртында бірталай инфекция малға да, адамға да жабайы жануарларға да ортақ. Мұндай аурулардың (шошқа қылшасы, лептоспироз ж. т. б.) жабайы жануарларда сақталуы инфекция қоздырғышының табиғи ошағы деп аталады. Эпизоотологияға қарсы шаралар жүргізгенде инфекцияның көзін табу, оны аластау немесе жою маңызды мәселенің бірі болып саналады.

Қоздырғыштың таралуы. Эволюциялық даму бойынша қоздырғыш инфекция көзінен қоздырғышты қабылдай алатын организмге ауысады. Ауысудың үш жолы бар: қоздырғыштың организмнен шығуы; қоздырғыштың сыртқы ортада болуы; қоздырғыштың басқа организмге даруы. Қоздырғыштың сыртқы ортаға шығуы - оның мекендеген организміне, ал басқа организмге даруы - инфекцияның ену жолына байланысты. Қоздырғыштың организмнен шығуы физиологиялық процеспен (тыныс алу, сілекей ағу, нәжіс шығару, зәр шығару, эпителийдің түлеуі), патологиялық жолмен (жөтел, танаудан кілегей сұйық ағу, құсу, іш өту, түсік тастау т. б.) және қансорғыш жәндіктердің көмегімен болады. Организмге дарудың екі-ақ жолы бар. Олар - сыртқы ортамен қатынасы бар қуыс органдар арқылы, тері мен кілегей қабықтар арқылы. Осы айтылғандарды қорыта келгенде патогенді микробтың көптігіне қарамай олардың шоғырланған жері анатомиялық-физиологиялық жүйеге сәйкес ас қорыту, тыныс алу, тері және қан айналымы болады. Сондықтан инфекциялық ауру таратудың азық пен су, тыныс алу, қансорғыштар арқылы және жұғысу секілді төрт жолы бар. Қоздырғышты қабылдай алатын мал - эпизоотиялық процестің қозғаушы күші. Инфекциялық аурудың өршуіне тек аурудың көзі мен оның сыртқа таралуы жеткіліксіз. Ауру етек жайып, кең таралу үшін қоздырғышты қабылдай алатын мал болуы керек. Қейбір аурулармен (аусыл, шошқа обасы) бұрын ауырмаған және вакциналанбаған малдың бірі қалмай ауырады, ал басқаларымен (сақау, Ауески ауруы, колибактериаз, сальмонеллез) барлық мал ауыруға мүмкіндік бола тұрса да олармен көпшілігі ауырмай, бірен- сараны ғана шалдығады. Малдың осындай әр түрлі қоздырғыштарға әр қилы сезімталдығы қабылдағыштықтың индексі деп аталады да, ауруға шалдыға алатын 100 малдың ауырған санымен белгіленеді. Эпизоотологиялық жағдайдың көрсеткіші ретінде қабылдағыштықтың индексі әрбір нозоологиялық атау үшін тексеріліп белгіленіп қойылған. Табындағы немесе отардағы мал арасында ауруға шалдығатыны мен шалдықпайтынының сан бойынша өзара қатынасы - табынның, отардың иммунологиялық құрылысы деп аталады. Ауруға шалдығуы мүмкін малдың иммунологиялық құрылысына оның табиғи төзімділігі, тұқымы, жасы, жынысы, күтімі және т. б., оның сыртында осы аурумен ауырғаны, вакциналануы үлкен әсерін тигізеді.

Эпизоотологиялық процесс. Инфекция мен инвазияның өсіп-өнуі, тарауы, індет жүріп жатқан жердің биологиялық, табиғи-географиялық және әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты, бір аурудың өзінің сол жерде әр түрлі ауыртпашылықпен өтуі мүмкін. Эпизоотологиялық процеске әсері тиетін биологиялық факторларға қоздырғыштың уыттылығы, малдың қабылдағыштық сезімталдығы, індеттің ауырлығы мен ағымы; табиғи-географиялық факторларға қансорғыш жәндіктер мен қоздырғыштың табиғи ошағының болуы; ал әлеуметтік-экономикалық факторларға малдың орналасу тығыздығы, шаруашылық қатынастар, зоогигиеналық және мал дәрігерлік шаралар жатады. Эпизоотиялық процесстің байқалу шамасын спорадия, эпизоотия, панзоотия деген үш түсінікпен белгілейді.

Спорадия - дегеніміз эпизоотиялық процестің ең төменгі шамасы. Бұл кезде ауру бірен-саран, әр жерде ғана кездеседі, олардың бір-біріне қатынасы болмайды. Эпизоотия - дегеніміз эпизоотиялық процестің орташа шамасы. Бұл кезде ауру едәуір етек алып, шаруашылықты, ауданды, аймақты және мемлекетті шарпуы мүмкін.

Панзоотия дегеніміз эпизоотиялық процестің ең жоғары мүмкіндігі. Бұл кезде ауру бірнеше мемлекетті, жер шарының бір бөлігін, кейде бірнеше бөлігін қамтуы мүмкін.

Энзоотия дегеніміз эпизоотологиялық түсінік, аурудың белгілі бір жерде ғана тарауы.

Эпизоотиялық процесс бірін-бірі біртіндеп ауыстыратын алты кезеңнен тұрады. Олар эпизоотияның аралық кезеңі, эпизоотияның алдындағы кезең, эпизоотияның күшеюі, эпизоотияның өршуі, эпизоотияның бәсеңдеуі, эпизоотияның басылуы.

Эпизоотияның аралық кезеңінде ғана мал ауырады, бірен-сараң микроб тасушылар көбейіп, ауру өрістемейді.

Көптеген мал иммунитетінің қайтпаған кезі -эпизоотияның алдындағы кезең деп аталады. Ауырған мал саны көбейе бастайды, көптеген малдың иммунитеті төмендеп, аурудың кеңірек жайылуына жағдай туады.

Эпизоотияның күшею кезеңінде ауру өрістеп, ауырған мал саны тым көбейіп кетеді, ауру жіті және өте жіті түрде өтеді, алғашқы ауырған мал сауыға бастайды.

Эпизоотияның өриіуі кезеңінде малдың бәріне жұғып, ауру жіті, ішінара жітілеу түрде өтеді. Сауығып, иммунитет пайда болған мал саны да біразға жетеді.

Эпизоотияның бәсеңдеу кезеңінде жаңадан ауырған мал саны азаяды, бұрын ауырған мал біртіндеп сауығып, иммунитеті бар мал көбейеді, ауру жітілеу және көмескі түрге ауысады.

Эпизоотияның басылған кезеңінде жаңадан ауырған мал саны мүлде азайып, бірен-саранға жетеді, ауру тоқтайды, малдың барлығында дерлік иммунитет пайда болады, бірақ олардың ішінде бірталай микроб тасушылар қалып қояды.

Осы кезеңдердің айырмашылығына байланысты дер кезінде шара қолданылса эпизоотияны өршітпей әрқашан басып тастауға болады.

Мал аурулары (Құратсырған З.Қ. Қожабеков). -Алматы: 1989. -Б.22-34.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2023-12-01 12:11:03     Қаралды-311

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »