UF

ҰСТА, ЗЕРГЕРЛЕРДІҢ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАРЫ

Категориясы: Өнертабысты


Көрік - ұста, зергерлердің түрлі металдарды балқытып, қыздырып, өңдеу үшін қолданатын, оттыққа жел беріп тұратын құралы. Көріктің «қос көрік», «қол көрік», «мес көрік», «аяқ көрік» деген түрлері бар.

Көріктің көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен  оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады.

Төс - ұстаның түрлі металды қыздырып немесе құрғақтай өңдейтін негізгі құралы. Төстің алдыңғы сүйірлене біткен жағы - тұмсығы, оған қарсы жағы - дүмі, үстіңгі жағы - беті, екі жақтауы - қапталы деп аталады. Төстің беті суғарылған асыл болып келеді. Тұмсығының түбінде, яғни төстің желке тұсында темір кесуге арналған жасык жері, сондай-ақ дүм жағындағы бетінде бір дөңгелек және бір төрт бұрышты тесіктері болады. Дөңгелек тесігіне салып әр түрлі кесу жұмыстары атқарылады. Ал төрт бұрышты тесікке түрлі көмекші құралдар сұғылады.

Төстер қайың, қарағаш, емен сияқты қатты ағаштардан көлденең кесіліп алынған дөңбекке бекітіледі. Оны төстұғыр немесе «мықан» деп атайды. Мықан ағашты айналдырып, құрсаулап қояды. Темір ұстасы көбіне жұмысты тұрып істейді. Сондықтан жұмыс кезінде белі ауырмау үшін әрі балға соғуға ыңғайлы болу үшін төстің биіктігі ұста тік тұрып, қолын жанына қойып, жұдырығын түйгенде төстің бетіне тиіп тұратындай деңгейде орнатылады.

Қысқаш - ұсталардың қозған металды көріктің оттығынан алып, қысып тұрып төске төсеп, аударып төңкеру үшін тұтынатын құралы. Қысқаштың көмегімен металды қысып ұстап, июге болады. Қысқаштың сабы қолға ұстауға ыңғайлы әрі серпімді болғаны дұрыс. Үлкен, ауыр металды қысқанда қысқаштың сабына шығырық кигізіп қояды. Істелетін жұмыстың ыңғайына қарай қысқаштың тұмсығы, яғни металды қысатын аузы да әр түрлі болады. Олар «жалпақ тұмсық», «құс тұмсық», «біз тұмсық», «имек тұмсық», т.с.с. атала береді.

Шымшуыр - әр түрлі заттарды қысып ұстауға арналған құрал. Ұсталар ұстайтын шымшуырдың негізгі бөліктері - басы, білігі, сабы. Оның басы жалпақ темірді қысып ұстауға қолайлы етіп жасалады. Басы мен сабына орнатылған білік (темір) шымшуырдың ашылып жабылуын қамтамасыз етеді. Оттан шоқ алуға арналған шымшуыр жұқа темірден жасалады. Ұзын темірді дәл ортасынан иіп бүктеп, иінге жақын жерінен сақина кигізеді. Ол серпінді темірді жазылып кетпейтіндей етіп ұстап тұрады. Шымшуырды іліп қою үшін оның бүгілген жеріне темір шығыршық өткізеді.

Зергердің шағын шымшуыры - ұсақ металл түйіршіктерін, т.б. заттарды қысып ұстауға қолайлы, темірден соғылған серпімді аспап. Дәнекерлеген кезде зергерлер шымшуырмен жіңішке металл сымды иіп, бүршікті қажет орнына орналастырады. Шымшуырмен тарыдан да ұсақ металл түйірлерін оп-оңай қысып ұстауға болады.

Үгіндірік - көріктің оттығына көмірді қомақтап жинауға, күлін ысыруға арналған кұрал. Ол - пештің күлін ысырып, шоғын қағыстыратын, көсеуге қажет аспап. Үгіндірік жұмыр темірден соғылады және сабына қарсы басы жалпақ әрі имек болады. Қол күймесін деп үгіндірікті ағашпен саптайды.

Көзеуіш - көмірді түртіп, қағыстырып ауа көзін ашу үшін қолданылатын темірден созылған үшкір көсеу. «Көзеу» сөзі ауаның көзін ашу дегеннен пайда болса керек. Көзеуішті қыздырып алып, ағашқа қарып, тесік теседі, шаңырақтың көзін көзейді. Оның үшкір жағын жұмыр не төрт қырлы етіп соғады.

Қалақ - көмірді көріктің оттығына салуға, күлін шығаруға арналған құрал. Оның басы жалпақ, сыйымды (көмір, күл толтырып алатындай) жұқалау келеді.

Оқбақыр - зергерлер металл қорыту үшін қолданатын басы шөміш тәрізді шұңғыл келген, сол жағында шүмегі (суағары) бар темір немесе қыш құрал. Қазақ зергерлері жамбас сүйектің ортан жіліктің басына кіріп тұратын шұңқырын да оқбақыр ретінде металл қорытуға пайдаланған. Оқбақырдың сабы үш қарыстай болады, қол күймес үшін сабының ұшына ағаш, мүйіз, сүйек орнатады. Сүйекті күйдіріп, күлін ұнтақтап, оған саз балшық қосып илеп, кептіріп те оқбақыр жасауға болады. Оған темірден ұзын сап бекітеді. Қыштан жалған оқбақыр тез сынып қалады.

Кауашақ - қаңылтырдан қобылай соғылған қалып. Оған зергерлер оқбақырға қорыған металды құйып, суыған соң шығарып алып, әрі қарай өңдейді. Қауашақ қалыптан шыққан қорытпа жұмыр болады, жуандығы саусақтай, ұзындығы 3-4 елі болады. Қауашақтың қыштан, фарфордан жасаған түрлері де кездеседі.

  Жарияланған-2015-11-23 15:51:42     Қаралды-9374

Мәлімет сізге көмек берді ма

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҺАРМАН ХАНДАРЫ

...

Қазақ төрінде отырып, халық қамын ойлаған ойлы хандар аз болған жоқ. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деп қазақ халқы тегін айтпаған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮНДІЗ КӨРІНЕТІН ЖҰЛДЫЗ ҚАЛАЙ АТАЛАДЫ?

...

Бұл - аспандағы ең жарык жұлдыз, жарықтығы сондай, азанда - барлық жұлдыз өшкен кезде Таң шапағымен бірге жарқырап тұрады, ал ақшамда көк жузінде бар жұлдыздан озып, ең алдымен көрінеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МАЛБАҒАР МЕҢДІҚҰЛОВ

...

Малбағар Меңдіқұлов (1909-1986) - қазақ халқынан шыққан тұңғыш архитектура профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Алматы қаласының тұңғыш бас архитекторы. Ол Орынборда дүниеге келген.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШ ТУРАЛЫ ЕҢ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Шексіз кеңістік кейде тіпті қорқынышты болса да, зерттелмеген және әдемі құбылыс.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СӘНДІ БҰЙЫМДАР ЖАСАУ ӨНЕРІ

...

Үй-ішілік тұрмыста күніне қанша бұйым қолымыздан өтеді десеңші. Егер соның бәрі суретшінің қолынан шықса, дереу өнер туындысына айналар еді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Хан отбасы мүшелерінің ұшуының өз ережелері бар

...

Сол уақыттарда қарапайым адамдар сияқты жалпыға бірдей ұшу ережелерін сақтау тиіс еді, оған қоса хан отбасының өз ережелері бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »