ӘЛІШЕР НАУАИ
Категориясы: Адамдар
НАУАИ, Әлішер Науаи, Низамаддин Мир Әлішер (9. 2. 1441, Ғират, - 3. 1. 1501, сонда) - өзбек халқының ұлы ақыны, ойшылы, мемлекеттік қайраткері. Әкесі өлгеннен кейін 12 жасар Науаиды Бабыр өз тәрбиесіне алған. Науаи 15 жасында түркі және парсы тілдерінде бірдей жазатын белгілі ақын болды. Ғиратта, Мешхедте, Самарқанда оқып, логика, философия, математикалық пәндерінен мағлұмат алды. Өзінен бұрынғы Фирдауси, Низами, Дехлауи, Хорезми, Сайф Сараи, замандастары Атаи, Саккаки, Лутфи, Жәми творчествосымен танысты. Өзінің мектептес досы Хұсайын Байқара Хорасанның әмірі болған кезде, 1469 жылы мөр сақтаушы (мұхрдар) қызметін атқарды. 1472 жылы уәзір болып тағайындалды және өмір құрметті атағы берілді. Науаи осы қызметтерде жүріп, ғалымдарға, суретшілерге, музыканттарға, ақындарға, хуснихатшыларға (каллиграфтарға) қамқорлық жасады. Өз қаржысына жолдар, көпірлер, каналдар, керуен сарайлар, мектептер, шеберханалар салдырды. Науаидың халық арасында абырой-беделінің артуын қызғанған басқа уәзірлер оны X.Байқарамен араздастырып, 1476 жылы уәзірліктен босатылуына себепші болды. Ол творчестволық жұмыспен айналысып, «Хамса» тобына енетін «Жақсылардың таңдануы» (1483), «Фархад пен Шырын», «Ләйлі мен Мәжнүн», «Жеті әлем» (1484), «Ескендір дуалы» (1485) атты шығармаларын жазды. Науаи «Хамсасының» Низами, Дехлауи, Жәми «Хамсаларынан» ерекшелігі - араб-парсы тілінде емес, тұркі-шағатай тілінде жазылуы, бұқараның ой-арманына, мақсат-мұратына шығарма идеясының жақындығы.
1487 жылы X. Байқара Науаиды Ғираттан аластау үшін Астрабадқа қалаби қызметіне жіберді. Ол мұнда келе шаруаларды алым-салықтан құтқарды, парақор, зұлым әкімдерді қызметтен босатты, мектеп, медресе салдырып, ғылым, өнер, әдебиет істеріне қамқорлық етті. Бір жылдан кейін өз өтініші бойынша Ғиратқа қайтып келіп, творчестволық жұмысына кірісті. 1488-1501 жылдар арасында көптеген ғылыми және көркем шығармалар жазды. Олардың ішінен тарихи-өмір баяндық («Ажәм патшаларының тарихы», «Саид Хасан Ардаштердің өмірі», «Пахлован Мұхаммедтің өмірі»), дидактикалық-философия («Құстар тілі», «Көңілдердің сүйгені»), әдеби-теориялық («Өлең өлшемі»), лингвистикалық («Екі тілдің таласы»), экономикалық-әлеуметтік («Вакфия»), діни-ғұрыптық («Пайғамбарлар мен хакімдердің тарихы», «Мұсылмандың нұры», «Гауһарлар шоғыры») туындыларын атауға болады. 40 мың жолдық «Ойлар қазынасы» («Хазоинул маони») аталатын кітабы төрт жинақтан («Чар диуан») тұрады: «Балалық базары», «Жастық жарасымы», «Егделік ерсілігі», «Қарттың өсиеттері». Парсы тілінде жазылған 12 мың жол өлеңін «Диуани фани» деген атпен дербес жинақ етіп құрастырды.
«Бес қайрат» («Хамсатул мутахаприн») кітабын ұстазы Әбдірахман Жәмиге (1414-1492) арнады. 15 ғасырда жасаған 400 шайырдың творчествосынан мәлімет беретін «Ғажайып мәжілістер» («Мажолисун нафоис») кітабын жазды.
Науаи шығармалары 15 ғасырдың өзінде Мауараннахр мен Хорасанды ғана емес, Иран, Азербайжан, Шығыс Түркістан, Үндістан, Мысыр, түркі елдеріне, кейіннен Европа мен Америка кітапханаларына да тарады. Ақын творчествосы 19 ғасырдың орта шенінен шығыс танушы ғалымдардың назарын аудара бастады. Совет дәуірінде Науаи творчествосын зерттеп үйренуге айрықша көңіл бөлініп, Науаи тану дербес ғылым саласына айналды. Науаи образына әдеби-көркем, музыкалық шығармалар да арналды. Шығармалары көптеген тілдерге аударылған. Таңдамалы өлеңдері қазақ тілінде екі рет (1948, 1968) кітап болып басылды. Айбектің «Науаи» романы қазақша да шығарылды (1949) Науаи творчествосын зерттеуге қазақ ғалымдары да үлес қосуда (М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Р.Бердібаев, К.Сейдеханов). Ұлы шайырдың юбилейі Одақ көлемінде аталып өтті (1948, 1968).
Әдеб.: Таңдамалы өлеңдері. А., 1948; Асарлар, 15 томлик, Тош., 1963-1968; Ғазалдар, А., 1968; Стихотворения и поэмы, М., 1965; Шарафуддинов А., Алишер Навои, Биографический очерк, Таш., 1948; Бердібаев Р., Гүлстанның бұлбұлдары, А., 1970; Ысмайылов Е. Науаи және қазақ әдебиеті. «Қаз.ССР РА хабаршысы». -1948. -№2; Сейдеханов К. Ұлы шайыр, «Жұлдыз», 1968, -№ 2; сонікі, Әлішердің «Хамсасы», «Қазақ әдебиеті», 1968.
Жарияланған-2019-09-09 16:24:58 Қаралды-19892
АЛТАЙ
Алтай тауы Қазақстанның шығысында және Ресей, Қытай, Моңғолия аймақтарында орналасқан. Ертіс өзенінен бастап, Аян тауларына дейін созылып жатыр. Ең биік жері - Мұзтау (Белуха) шыңы. Алтай - Қазақстанның ну орманды жері. Мұнда самырсын, балқарағай, майқара
ҒАЛАМШАРДЫҢ ӘР ТҮКПІРІНДЕ ШУАҚ КҮНДЕРІ ҚАНША?
Табиғатта нашар ауа райы жоқ. Жағымсыз климат болады. Себебі адам өзінің айқын жағдайларда әр түрлі көңіл сезеді:
ҚЫЗҒЫЛТ РАХАТ-ЛУКУМ
Бұл мармелад секілді тағам. Бетіне қант ұлпасы себіледі. Формасы төрт бұрышты болады. Ылғалдылығы – 17-19 процент.
18 ТҮРЛІ ҚУЫРҒАН ЕТ ТАҒАМДАР
Отқа қойылған қазан қызған кезде май салынады. Май еріп, қайнай бастағанда оған кесектеп туралған тауық...
ШЫҒЫС АЛУАСЫ
Табаға қалыңдығын 3-4 сантиметрдей етіп ұн себеленеді де оқтын-оқтын араластырыла отырып, сәл қоңырқай тартқанша қуырылады.
ЖАСАНДЫ СҮТ ӨЛГЕН АДАМНЫҢ ДЕНЕСІН ШІРІТПЕЙДІ
Өкінішке қарай, ауылда тұрып, сиыр ұстамасаң, осы күні дүкен сөрелерінен табиғи сүт сатып алу қиын.