UF

ТАЗЫЛАР (ОРТААЗИЯ ТАЗЫСЫ)

Категориясы: Жануарлар


Қазақстан малшылары қой бағуға пайдаланатын иттермен қатар иттің ең ежелден келе жатқан тұқымдарының бірі - ортаазия тазысын немесе тазының басқа да түрлерін өсіреді.

Тазылар түлкі, қарсақ, қоян, қасқыр және басқа да кейбір аңдарды аулау үшін пайдаланылады. Олар, әдетте, салт атты аңшының ертуімен аңның жаңа жүріп өткен ізін іздеп табуға және оны аулауға көмектеседі. Тазылар әдетте жүйірік, иісшіл, қырағы, төзімді және аңды ұстау кезінде барынша айлакер, шалымды келеді.

Тазылардың аса ірі түрлері Қазақстанда көп тараған. Өзбек және түрікпен тазылары типі жағынан біршама өзгешелеу, ұсақ болып келеді.

Тазылардың денесі ширақ, сүйегі шымыр әрі мейлінше жеңіл болады. Бұлшық еті, әсіресе жуан жілік еті өте жақсы жетілген. Терісі жұқа, созылмалы, қатпарланбайды. Тазылардың жыныс мүшелері айрықшаланып тұрады: төбет тазылар ірі, қайратты, ал қаншық тазылар жеңіл денелі, ұсақ келеді. Жоғарғы нерв қызметінің типі - қабаған емес, жуас.

Басы етсіз, сына тәріздес, сопақша. Төбе бөлігі сәл жайпақтау болып біткен, қарақұсы нашар жетілген, желке шүйдесі болса төмендеу, ал маңдай мен тұмсық аралығы қатпарланбай біртегіс болып келеді.

Тұмсығи етсіз, тым ұзын да емес, төмен қарай сәл имектеу, еріндері жұқа болады. Тістері жақсы жетілген, шайнағанда қайшыланып түседі. Көздері шалыс үлкен, қарашығы ала, қабақ жиегі қара түсті болады. Құлақтары салбыраңқы ұзын, майда жүп басқан, құлақ жүндері көз тұсынан сәл жоғарырақ өседі, жүні майда, ұзындығы 11-14 сантиметр (теңбіл жүндерін қоспағанда); шеміршекке біткен жағы сәл көтеріңкі көрінеді. Мойыны ұзын, жұмыр, немесе бір жағына қарай сәл икем бітеді, кейде тік бітіп, сәл иіле орналасады.

Кеуде бөлігі шаршылана біткен. Кеудесі кең, шалқаң әрі шүңгіл, төстің төменгі етегі шынтақтығымен тұтас жатады. Іші сыптай болып, тартыла біткен. Шоқтығы ерекшелене көзге түседі. Еркек тазылардың шоқтығы 60-70 см, ал қаншықтарда – 55-65 см болады. Арқасы түзу немесе сәл шалқақ, кең бұлшық етті келеді. Белі қысқа, шығыңқы. Сауыры кең салалы, салыңқы, жамбас сүйектің басы едәуір шығыңқы орналасқан, бойы орташа иттің жамбас сүйектерінің алшақтығы 7 сантиметрден кем болмайды. Құйрығы майда жүнді келеді, ұзын болмайды, қалыпты жағдайда салбырап тұрады. Құйрықтың ұшы сақиналанып ширатылып немесе дөңгелек жасап, ілгектеніп тұрады. Жүрген кезінде арқасының деңгейінде ғана көтеріледі. Жүні қысқа, майда, тік. Құлақ түбінің жүні майда толқынды келеді де, құлағының төменгі жағын жауып, 5-6 сантиметр түсіп тұрады. Құйрықтың төменгі жағының жүні сирек болады. Алдыңғы аяқтарының сыртқы жағы мен жуан жілігінің жүні өскелең, сабалақтанып тұрады. Башпайларының арасында қысқа қатты жүн өседі. Олардың түсі ақ, қуаң қызыл және сұр түстері болады. Реңдері бірыңғай қара түсті немесе тарғыл болады. Башпайлары қосарланып келетіндері - тазы тұқымының басқа бір түріне жатады.

Алдыңғы аяқтары сіңірлі етсіз, алдынан қарағанда түзу және жарыса біткен, шынтақ буыны сыртқа шығыңқы, иық тұсы жақсы дамыған, табандары біршама ұзын, сәл еңкіш. Артқы аяқтары сыртынан қарағанда түзу, жарыса біткен, аралығы алшақ, етсіз, ұзын сіңірлі және бөлек-бөлек тамырланып айқын көрініп тұрады, тепкі буындары жақсы жетілген және көзге бірден түседі; табан сүйектері ұзын, салбыраңқы. Табандары жалпақ, сәл ұзындау, әсіресе артқы аяқтарының башпайлары шоқтала, бір-біріне тығыз жымдаса біткен, тырнақтары төмен қарай өсіңкі болып келеді.

Жоғарыда аталған тұқымдарға ортақ төмендегідей кемшіліктері кездессе, оларды кебейтіп өсіру үшін пайдалануға болмайды: егер тістері дұрыс (қайшыланып) орналаспаған болса; тістерінің эмалі қатты зақымданған болса; кариес болса; тістері сирек, ұсақ болып келсе; тістерінің біреуі жоқ болса; біржақты және толық крипторхизм болса; шала туатын болса.

Өсіріп-баптаудың негізгі мақсаты - қажетті таза тұқымды иттердің санын көбейту, олардың конституциясын, экстерьері мен жұмысқа қабілеттілік сапасын жетілдіру. Бұған әрбір тұқымды жүйелі түрде асылдандыру жолымен қол жетеді.

Асылдандыру жұмысының негізіне иттерді сұрыптау мен іріктеу шаралары алынады. Сұрыптау дегеніміз белгілі бір тұқымдағы барлық хайуандардың ішінен, оларды одан әрі өсіру үшін ең таңдаулыларын таңдап алу болып табылады. Иттерді сұрыптау кезінде экстерьер бойынша тұқымдық стандарттың талаптары, сондай-ақ иттердің типіне сәйкес олардың мінез-құлқы мен жұмысқа қабілеттілік сапасы ескеріледі. Сұрыптаудың нәтижесінде көпшілік иттің ішінен ең таңдаулыларын іріктеп алуға болады, бұл сол иттердің тұқымдары арқылы бүкіл тұқымды, түгел жақсартуға жағдай жасайды. Экстерьерінің немесе мінез-құлықтың белгілі бір белгілері бойынша мақсатты сұрыптауды жүргізе отырып, келешекте бұл белгілерді берік тұрақтандыруға, оларды сол тұқымдағы барлық иттерге сіңіруге болады. Ит шаруашылығында сұрыптау шаралары әдетте көрмелерде жүргізіледі.

Өсіру үшін таңдалып алынған иттердің ішінен іріктеу жүргізіледі - яғни ұйықтыру үшін жұп жасалынады. Іріктеу бір текті және әр текті болып бөлінеді. Бір текті іріктеу көбіне ең таңдаулы, типі, экстерьері және мінез-құлқы жағынан қажетті талаптарға анағұрлым сай келетін иттердің арасында жүргізіледі. Бір текті іріктеудің нәтижесінде иттердің бұл сапалық қасиеті тұқым қуалай отырып тұрақтанады, сөйтіп бір текті иттердің үлкен тобы қалыптасады. Бірақ көбінесе үялас иттерде бір-біріне ортақ, ұқсас қасиеттер болады, сондықтан бір текті іріктеу көбіне-көп ұялас иттерді өсірумен қатар жүргізіледі.

Әр текті іріктеу мейлінше кең тараған, мұнда бірнеше нашар иттерді жақсы иттермен ұйықтыру үшін іріктеп алынады. Әр текті іріктеу әдетте иттің бойындағы белгілі бір кемшілікті жою мақсатында қолданылады. Мұнда төбет ретінде көбіне бір текті іріктеу жолымен алынған, тұқым қууы тұрақтанған иттер пайдаланылады. Әр текті іріктеу кезінде бір иттің кемшілігі екінші иттің жақсы қасиетімен алмасатындай болуы керек. Мысалы, егер қаншық тазының белі әлсіздеу (сәл төмен бүгіңкі) болса, онда төбеттің белі түзу, күшті болуға тиіс. Негізінде төбет тазының да жақын тектерінің ішінде белі әлсіздері болмағаны жөн. Іріктеу кезінде кемшіліктері бір-біріне қарама-қарсы (мысалы белдері бүгіңкі және күржік) иттерді алуға болмайды, өйткені тұқым қуалаған кезде кемшіліктер арифметикалық жолмен түзелмейді және бөлінбейді, керісінше күшікте сол кемшіліктердің екеуі де болады. Әр текті іріктеу кезінде төбеттерде ұқсас кемшіліктердің болмауына ерекше назар аудару керек, өйткені бұл сол кемшіліктердің күшеюіне және тұқым қуалап орнығын қалуына жағдай жасайды. Әр текті іріктеу кезінде төбетті таңдап алуға ерекше көңіл бөлу қажет, бұл таңдауда төбет өзінің сапасы жағынан оған ұйықтыратын қаншықтан басым болуға тиіс. Төбет ит тұқымның сапасына көп ықпал етеді, сондықтан тұқымында кемшілігі бар төбеттерді ұйықтыруға пайдаланбаған жөн, өйткені ол бұл кемшіліктердің одан әрі тарауына және орнығып қалуына жағдай жасайды. Ит шаруашылығында іріктеу барлық кезде жекелей жүргізіледі, яғни белгілі бір төбетпен белгілі бір қаншықты ұйықтырады.

Іріктеу кезінде иттердің экстерьері, жұмысқа қабілеттілік сапасы, бұған қоса олардың шыққан тегі де ескеріледі. Сұрыптау меп іріктеудің тиімділігін анықтау үшін күшікті міндетті түрде тексеріп, бағалап отыру керек. Мұның өзі тұқымның жақсы қасиеттерінің сәтті үйлесе отырып, одан әрі қайталанып тұруы және, керісінше, кемшіліктердің қайталанбауы үшін қажет.

Тазы өсірудің екі әдісі бар: таза тұқымды тазыны өсіру; будандастыру (тұқымаралық немесе түраралық - аудандастыру).

Таза тұқымды өсіру кезінде бір тұқымдағы иттер ұлықтырылады. Өсірудің бұл әдісі барлық жағдайда, тұқымды пайдалану талаптарына сай келетін белгілері нақты қалыптасқан кезде қолданылады. Қызметке пайдаланылатын ит өсіру шаруашылығында тұқым асылдандыру жұмысын жүргізген кезде таза тұқым өсіру ғана қолданылады.

Таза тұқымды өсіру ұялас және ұялас емес болып бөлінеді.

Ұялас иттерді өсірудің ерекшелігі: мұнда бір ғана ұяластар (жақын инбридинг немесе қан алмастыру) өсіріледі, яғни төбетті өзінен туған қаншық күшікпен, қаншықты өзінен туған төбет күшіктен ұйықтырады. Бұл әдіс өте сирек, көбіне тұқым алу кезінде немесе белгілі бір иттердің айрықша қасиеттерін тұрақтандыру үшін қолданылады. Бірақ мұндай бір ғана ұяластарды ұйықтыру қауіпті, өйткені тұқымның әр түрлі азғындауы, күшіктердің тіршілік ету қабілеті төмен болуы мумкін.

Жаңын ұяластарды өсіру - жартылай ұялас төбеттерді жартылай ұялас қаншықтармен ұйықтыру немесе ұялас төбеттер мен қаншықтардың күшіктерін ұйықтыру болып табылады, бұл аса қауіпті емес. Бірақ мұндай ұйықтыру ұзақ уақыт жүйесіз жүргізілсе мұнда да әлжуаз кемтар күшік тууы мүмкін.

Жақын ұяластарды өсіру әдісін тез тұрақтандыруға, күшейтуге және өсіріліп отырған иттің қасиетін таратуға болады, бірақ мұнда көбіне иттің кемшіліктері де тұрақтанып, күшейе түседі. Сондықтан жақын ұяластарды өсірген кезде аса қатаң бақылау жасау қажет, осы әдіспен өсірілген күшікті мұқият тексеріп, қажетті типке сәл ұқсамай туған күшіктерді одан әрі өсірмей, бракқа шығарған жөн.

Алыс ұяластарды өсіру - неғұрлым алшақ ұялас иттерді ұйықтыру мысалы, ата төбетті екінші немесе ұшінші ұрпағымен ұйықтыру. Бұл өсірудің анағұрлым кең тараған әдісі, мұнда басқа тұқымның жақсы қасиеттері жоғарыдағы екі әдістей тез тұрақтана қоймайды, бірақ мейлінше алыс ұяластарды ұйықтырған кезде одан туған күшікте кері құбылыстар (әлжуаз және азғындау түрінде) тіпті болмайды деуге болады.

Ұяластар арқылы өсірілетін иттер өзінің экстерьерлік ерекшеліктері мен жұмысқа қабілеттілік қасиеттері жағынан айырықшаланып тұруға тиіс, сондай-ақ жоғарғы нерв қызметі жақсы (жуас-ширақ немесе қабаған емес, жуас) дамуға тиіс. Жоғарғы нерв қызметі нашар дамыған инбридингті иттерді немесе экстерьерінде қандай да бір кемшілігі бар иттерді өсіріп көбейтуге болмайды.

Ұялас иттерді өсіру көбінесе линиялық (бір төбеттен тараған аталық із) және ұялас жолмен жүргізіледі. Әдетте, айрықша текті төбеттен тараған иттерді линиялық өсіру деп атайды. Линиялық өсіру қандас және заводтық болып бөлінеді. Қандас линияға типі мен сапасына қарамастан бір ит тұқымынан тараған иттердің бәрі жатады. Заводтық линияның қандас линиядан айырмашылығы, оған иттің басқа тегіне өзінің экстерьерлік типі мен жұмысқа қабілеті жағынан сәйкес келетін, сондай-ақ осы қасиеттерін келесі тұқымдарына беріп оның жалғастырушылары болатын иттер жатады. Линия бойынша өсіруді жүзеге асыру айрықша сапалы ит тектерінің экстерьерлік және жұмысқа қабілеттілік сапасының сол тұқымда берік орнығып, жинақталуына жағдай жасайды.

Көбіне жоғарыдағы қасиеттерді жалғастырушы иттер (өзінің төбет күшігі немесе екінші, ұшінші ұрпағы) өзінің жеке қасиеттерін қалыптастырады. Бұл қасиеттердің өзіне тән өзгешелігі болады. Әр түрлі линиядағы иттерді өзара ұйықтыру көп жағдайда жақсы нәтижелер береді.

Ұялас жолымен өсірген кезде - асыл тұқымды қаншықтан тараған, оған өзінің экстерьері мен жұмысқа қабілеттілік сапасы жағынан ұқсас иттер іріктеледі. Бір ұядан тараған қаншықтар әдетте типі жағынан бірдей болып келеді де, тиісті іріктеу кезінде өзінің типін келесі ұрпағына толық бере алады. Ұяластардың негізін жасайтын қаншықтың төбет күшігі де көбінесе сапасы жағынан асыл текті болады және іріктеу кезінде өзінің линиясын жасайды.

Ит өсіруде будандастыру сирек кездеседі, мысалы, белгілі бір мақсатқа пайдалану үшін өсірілген ит тұқымдары, олардан алынған будандар да көпшілік жағдайда бастапқы тұқымдардан нашар болады. Әдетте, будандастыру жаңа тұқымдарды шығару кезінде қолданылады. Бұл жаңғыртып будандастыру деп аталады. Будандастырудың бұл түрі жай және күрделі болып бөлінеді. Мысалы, жай будандастыруда 2 тұқым, ал күрделіде - 3 және одан да коп тұқым пайдаланылады. Кейде белгілі бір құрып бітуге айналған тұқымдарды қайта көбейтіп өсіру қажет болған жағдайда сіңіре будандастыру қолданылады. Жұмыс иттерін өсіру үшін сиректеу болса да өнеркәсіптік будандастыру әдісі пайдаланылады. Бұл будандастырудан алынған будан иттер (мысалы, колли, неміс будандары) одан әрі көбейтіп өсірілмейді, олар тек жұмысқа ғана пайдаланылады.

Сондай-ақ түр аралық будандастыру да болады. Ит өсіру шаруашылығында бұл үй иттерін қасқырмен және шие бөрімен ұйықтыру арқылы жүзеге асырылады. Ит өсіруде түр аралық будандастыру әдісі практикада қолданылмайды.

  Жарияланған-2019-06-17 17:37:54     Қаралды-1923

Мәлімет сізге көмек берді ма

ТІРІ «МҰРАЖАЙҒА» АЙНАЛҒАН АҒАШ

...

Бұл ағашты алғаш рет 1690 жылы байқап көңіл аударған Жапониядағы голландия елшісі дәрігер Е.Кемпфер болған. Е.Кемпфер байқап қана қоймай, 1712 жьшы толық сипаттап «гинкго» - деп атаған. «Гинкго" - жапон тілінде «күміс жеміс» - деген мағынаны білдіреді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖАҢҒАҚ САЛЫНҒАН АЙВА

...

Мұқият жуылып, өзегі алынған айва азғана суға салынып пісіріледі. Оның қайнатпасынан қою шырын жасалады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖАҢҒАҚ ҚОСЫЛҒАН БИСКВИТ

...

Алдын ала дайындалған негізгі бисквит қамырына қуырылған, ұсақтап туралған, ет тартатын машинкадан өткізілген немесе келіге түйілген жаңғақ (фундук немесе самырсын жаңғағы) қосылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЛҒАШҚЫ СІРІҢКЕЛЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Сіріңкелер салыстырмалы түрде жақында - 19 ғасырдың басында ойлап табылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КӨКШЕТАУ АЙМАҒЫ

...

Көкшетау өңірі Сарыарқаның солтүстік бөлігіндегі көгілдір шоқы-таулар даласы мен Батыс Сібір ойпатының қиыр оңтүстік-батысының кең жазығында орналасқан. Батысы мен шығысының арасы 500 км-ге, оңтүстігі мен солтүстігінің арасы 200 км-ге созылған. Жерінің жа

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТАМИМ ИБН БАХР

...

IX ғасырдың басында Араб халифатының өкілі Тамим ибн Бахр Кимек (Қимақ) қағандығына саяхат жасайды. Түркі тілдес кимектер Шығыс және Орталық Қазақстан жерін, Ертістің орта алабын мекендеген. Тамим ибн Бахр Ұлы Жібек жолында орналасқан белгілі Тараз қаласы

ТОЛЫҒЫРАҚ »