UF

7 ТҮРЛІ БҰҚТЫРҒАН ЕТ ТАҒАМДАР

Категориясы: Тағам


Шикі сөк қосып бұқтырған қой еті

 

Кұрамы:

1 килограмм қой еті, 2 ас қасық тоң май, 4 пияз, жарты шай қасық даршын, 2 ас қасық мейіз, 2 кеседей сорпа, 1 кесе шикі сөк, 1 ас қасық жусай, тұз бен бұрыш татымына қарай.

Дайындау тәсілі:

Ет ұсақтап туралады да табадағы қыздырылған майға салынып қуырылады. Содан соң кепсермен сүзіп алынады. Сол майға ұсақтап туралған пияз қуырылады.

Бөлек ыдысқа шикі сөк бөктіріледі. Кастрюльге қуырыған ет, шала қуырылған пияз, бөктірілген шикі сөк, даршын, бұрыш, тұз, мейіз салынып, сорпа құйылады да духовкаға қойылып бұқтырылады.

Дастарқанға әкелерде тарелкаларға салынып, бетіне ұсақталған жусай себіледі.


Алма қосып бұқтырылған сиыр еті

 

Құрамы:

500 грамм сиыр еті, орташалау 3-4 алма, 2 пияз, жарты шай қасық зире, тұз бен қара бұрыш татымына қарай.

Дайындау тәсілі:

Ет ұсақтап туралады. Қабырғалары болса 2-3 сантиметрден келетіндей етіліп шабылады. Пияз сақиналап кесіледі. Алма жақсылап жуылып, ортасынан қақ бөлінеді де өзегінен тазартылады. Сөйтіп тіліктерге тілінеді.

Ет, пияз, алма, зире - бәрі қосылады да, тұздалып, бұрышталады. Барлығы кастрюльге салынып, солардың деңгейіндей су құйылады да, қақпағы жабылып, үстінен ауыр затпен бастырылады. Содан соң кастрюль күші орташа отқа қойылып, қайнаған бойда мүлде бәсеңделеді. Сөйтіп 50-60 минут бұқтырылады.

Піскеннен кейін сүзіп алынған ет пен алма тарелкаға салынып, ал тұздығы кесеге құйылып дастарқанға әкелінеді.


Саңырауқұлақтар қосып бұқтырған қой еті

 

Құрамы:

600 грамм қой еті, орташалау 7-8 саңырауқұлақ, 3 пияз, жарты шай қасық зире, бұрыш пен тұз татымына қарай.

Дайындау тәсілі:

Семіз қой еті әрбір кесегі 15-20 грамнан келетіндей етіліп туралады. Сүйегі болса ол да сол мөлшерде шабылады. Тұздалып, бұрышталады. Зире салынады. Ұсақтап туралған пияз қосылып араластырылады да, беті жабылып қойылады. Осы кезде саңырауқұлақты жақсылап жуылады да төртбұрыштап немесе ұзындығы 5-7 сантиметр, ені 3-4 сантиметр, қалыңдығы 1 сантиметр болатындай етіліп туралады.

Содан соң ет пен саңырауқұлақ қосылады да, эмальды кастрюльге салынып, үстіне ет пен саңырауқұлақ батып жататындай етіліп су құйылады. Қақпағы жабылып, үстінен ауыр затпен бастырылады да, отқа қойылады. Бір қайнағаннан кейін оттың күші барынша азайтылып, 60-70 минут бұқтырылады.

Піскеннен кейін ет пен саңырауқұлақ кепсермен сүзіп алынады да, тарелкаларға салынып, дастарқанға әкелінеді. Ал тұздығы кесеге құйылып бөлек беріледі.


Көкөніс қосып буға бұқтырған ет

 

Құрамы:

500 грамм ет, 500 грамм еттің майы (немесе 400 грамм құйрық май), 1-3 картоп, 2-3 пияз, 3-4 помидор 1 сарымсақ, 1 кесе туралған капуста, 2-3 түйір болгар бұрышы, 1 бау әшкөк (немесе сонша аскөк), бұрыш пен тұз дәмі мен татымына қарай.

Дайындау тәсілі:

Әуелі осы тағамға арналған бүкіл көкөніс тазартылады. Картоп үшбұрыштап туралады. Сәбіз бен капуста ұзыншалап, помидор мен пияз сақиналып кесіледі. Сарымсақ баданалары бөлініп, қабығы аршылады. Болгар бұрышы мен көктер ұсақтап кесіледі. Содан соң ет пен ет майы (немесе құйрық май) ұсақтап туралады.

Бұл тағам әр кісіге жеке-жеке дайындалады. Сондықтан әр адамға бір-бір зерен кесе алынып, түбіне сол кісіге тиесілі картоп, сәбіз, сарымсақ, помидор, болгар бұрышы, капуста салынады. Тұздалып, бұрышталады. Көк себіледі. Ал үстіне ет пен еттің майы салынады. Сөйтіп әрбір кесек бу кастрюлінің қабаттарына қойылып, 1 сағат буға бұқтырылады.

Бұл тағам дастарқанға піскеннен кейін сол ыдыстарымен әкелінеді.


Бұқтырған төс ет

 

Құрамы:

1 килограмм төс ет, 1 ас қасық тұз, 1 шай қасық қара бұрыш, сарымсақтың 3-4 баданасы, 2-3 лавр жапырағы, 1 ас қасық өсімдік майы, гарнир үшін - 1 кесе күріш 2 помидор, 2 қияр, 3-4 картоп, 1 кесе туралған капуста.

Дайындау тәсілі:

Төс ет жақсылап жуылып, сорғытылады. Ұнтақталған дәмдеуіштер жағылады да, өткір пышақпен еттің беті тілгіленіп, май жағылған табаға салынады. Сөйтіп қызуы жақсы духовкаға қойылады да, ауық-ауық су себе отырып, 1 сағат бұқтырылады.

Гарнир ретінде кез-келген көкөніс, күріш ботқасы, асқан картоп пайдаланылады.


Қара өрік қосып бұқтырған қаз еті

 

Құрамы:

1 қаз ұшасының тең жартысы, 1 ас қасық тоң май, 200 грамм кепкен қара өрік, тұз бен бұрыш татымына қарай, гарнир үшін - шағындау 1 капуста, 1,5 кесе макарон, сонша вермишель.

Дайындау тәсілі:

Қаздың жүні жұлынып, отқа шарпылып үйтіледі. Жылы сумен жуылады. Өткір пышақпен мүшеленіп, ірі сүйектері алынып тасталады. Тұздалып, бұрышталады. Сөйтіп, 15 минут ыдыстың беті жабылып қойылады.

Таба отқа қойылады да май қыздырылады. Оған әлгі дайындалған қаз еті салынады да, отты күшейтіп қойып қуырылады.

Қара өрік алдын-ала суға салынып, кептіріледі. Әбден кепкен соң өсімдік майы қыздырылған кастрюльге салынып, үстіне манағы табадағы қуырылған қаз еті аударылады да, аздап су құйылып, қақпағы жабылады. Сөйтіп, 1 сағат бұқтырылады.

Бұл тағамға гарнир ретінде бұқтырылған капуста, сорпаға асқан макарон, вермишель пайдалануға болады.

Дастарқанға ыстық күйінде гарнирі үстіне салынып әкелінеді.


Алма қосып бұқтырған үйрек еті

 

Құрамы:

1 кішіректеу үйрек, кесе толар-толмас қаймақ, 1-2 тал петрушка, 2-3 алма, 2 ас қасық тоң май, тұз бен бұрыш татымына қарай; гарнир үшін кішіректеу 1 капуста.

Дайындау тәсілі:

1 килограмдай тартатын үйрек ұшасының басы, сирақтары кесіп тасталады. Ішек-қарнынан тазартылады. Сәл-пәл отқа шарпылып үйтіледі. Жақсылап жуылады. Содан соң мүшелеп, ірі сүйектері алынып тасталады.

Қалың табаға май салынып отқа қойылады. Ол еріп қайнай бастағанда оған әлгі дайындалған үйрек еті қуырылады да, майымен қоса кастрюльге аударылып, үстіне аздап су себіледі.

Алма да жуылып, тіліктерге тілінеді, өзегі алынып тасталынады. Сөйтіп ол да кастрюльге салынады. Тұздалып, бұрышталады. Осы мақсатқа арналған қаймақтың тең жартысы құйылады. Сөйтіп кастрюльдің қақпағы жабылып, бәсең отқа қойылады да, 50 минут бұқтырылады.

Гарнир үшін ұсақтап туралған жас капуста (болмаса тұздалған капуста) табаға салынады да, аздаған үйрек қуырылған май құйылып қуырылады.

Тарелканың бір жағына осы қуырылған капуста, екінші жағына бұқтырылған үйрек еті салынып, дастарқанға әкелінеді. Бетіне көк себіледі.

  Жарияланған-2016-09-21 17:43:00     Қаралды-9112

Мәлімет сізге көмек берді ма

МАЛБАҒАР МЕҢДІҚҰЛОВ

...

Малбағар Меңдіқұлов (1909-1986) - қазақ халқынан шыққан тұңғыш архитектура профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген сәулетшісі, Алматы қаласының тұңғыш бас архитекторы. Ол Орынборда дүниеге келген.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҮКЖИДЕК КӘМПИТІ

...

Мүкжидектің іріктеп алынып, жуылған жемістері кастрюльге салынып, үстіне су (1 килограмм жеміске 1 стакан) құйылады да жұмсарғанша қайнатылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШЕЛПЕК НАНЫ

...

Бұл - дөңгелек, шет жақтары қалың, ортасы жұқа, үстінен әр жері тесілген, салмағы 0,2 килограмм тағам.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НАУАТ (кинза шекері)

...

Жіпке ілінген ірі, жылтыр, мөлдір келетін қанттың бір түрі. Оны жасау үшін құмшекер және қосымша материал ретінде ақ жіп пайдаланылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ХАКІМЖАН НАУРЫЗБАЕВ

...

Хакімжан Есімханұлы (1925-2009) - Қазақстанның тұңғыш кәсіби мүсіншісі, халық суретшісі. Ол Қостанай облысында дүниеге келген. Харьковтағы көркемөнер институтын бітірді. Алматы қаласындағы көркемсурет училищесінде тұңғыш рет мүсіншілер үйірмесін ұйымдасты

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕҢІЗ КӨЛІ

...

Теңіз көлі Ақмола облысының аумағында орналасқан. Көлге Сарыарқадан басталатын Нұра өзені келіп кұйылады. Тереңдігі - 2-2,5 м. Теңіз көлінде 60-қа жуық кішігірім аралдар бар.

ТОЛЫҒЫРАҚ »