ТЕМІРДІ ҚАЙДАН АЛАДЫ?
Категориясы: Ғылым
Жер-жаһанда темір ұшан-теңіз: ол - сар шағыл құм арасынан, қызғылт-құба топырақ ішінен, қоңыр тас - кремнийден табылады. Керек десең су құрамында да бар.
Соған қарап, жүрген жеріңнің бәрі темір, қалаған жеріңнен қазып ала бер, тек ерінбе деген сияқты боп көрінуі мүмкін. Бірақ мұның мәнісі былай: құмда да, топырақта да, суда да темірдің құрамы өте аз, олардан өндіріп алу тиімсіз.
Темірдің ең көп жері - темірдің кентасында. Міне, дәл содан осынау ең басты металл шығарылады.
Кентас қабаттары жердің терең қыртыстарында жасырынып жатады. Ондай кезде шахта салынады. Әйтсе де, жыныс қабаттары жер бетінен бар-жоғы бірнеше метр жерге орналасатын тұс аз болмайды. Кеншілер скважинамен жерді бұрғылап, түбіне жарылғыш салады, сонан соң сым бойымен ток жүргізеді. Дәп осы жерде қапы қалма, екі құлағыңды тас қып бітей бер. Жер қақ айырылғандай, қопарғыш гүрс етіп жарылады. Сол кезде үйдей-үйдей зілдей топырақ аспанға көтеріліп, қой тастар жан-жаққа шашырап, оқша атылады. Жеті қат жер қойнауындағы ғасырлар бойы жасырынып жатқан кентастың беті ашылады.
Сонымен құлак тұндырған жарылыс та басылады. Қопарылыс болған жерге қарай адымдағыш экскаватор бет алады.
Қопсып жатқан жерге қазғыш-шөмішін кесіп салған экскаватор бір алып шыққан кентаспен тұтас вагонды не алып самосвалды толтырады.
Содан кентасты заводқа жеткізеді. Оны енді қалай темірге айналдырады? Бұл арада адамдарға бет қаратпас от көмекке келеді. Көкпен таласқан домналарда күндіз-түні бірдей жалын лаулайды.
Міне, осындай домна пештерінің бірінің төбесіне қарай көлбеу жолмен кішкентай вагон-арбалар өрмелеп барады. Вагон-арбалар жоғары көтеріліп, тиеп келе жатқан жүгін аударып төменге - пешке төгеді. Бір вагон-арбада кентас, ал екіншісінде - аппақ әк тас, үшіншісінде - отын, қара сұр бұжыр кокс бар. Ол күлдей боп ұнтақталған ең тәуір тас көмірден пісірілген тап пиррог секілді. Ал әк тас коксқа кентас бар артық қоспаны тартып алу үшін көмектеседі.
Кокстың қызуы мол, бірақ өздігінен кентасты қорытуға шамасы жетпейді. Ол одан да күштірек қызу беру үшін отты үнемі үрлеп отыру керек. Ыстык, күйіп тұрған ауа қажет. Домнамен қатар тағы да әлденеше мұнараның тұруы, міне сондықтан. Бұл мұнараларда ауа ысытылады. Сонан соң, аса күшті желдеткіштер құбырмен ауа ағынын айдайды, ол домна пештеріндегі ала құйын отты үрлеп, лаулата түседі. Жалын лапылдап, кен балқып тұна бастайды, шойын металл тамшылары сорғалап ағып, бірте-бірте жылғаға ұласады. Шойын ауыр болғандықтан, пештің түбіне қарай шөгеді, ал рудадағы барлық басы артық заттар жоғары көтеріліп, көпіршіген отты көбік боп қалкып бетіне шығады.
Ең аяғында кен шебері: Шойын дайын! Балқыманы шығара беруге болады» деген белгі береді. Арада бір сәт өткенде, кенет... ұшқын фонтаны шашырап, айналаны алау нұрға бөлеген сұйық металл селі лақ етіп тай қазандарға сарқырай құйылады.
Тай қазан біреу емес - бірнешеу, оның әрқайсысының өз доңғалағы бар. Қос ішектей тартылған темір жол бойында тұтас бір шойын тасығыш - поезд күтіп тұр. Тай қазанның бірі қалай толады, солай екіншісі де шүмек астына тұра қалады. Ал демінен от жалын шарпыған осы поезд қайда барады? Оның маңдай тірейтін жері алыс емес - көрші цех. Бұл жерде шойынды қалыпқа құяды. Сұйық металл қалып ішінде мұздап, ең әуелгі қатты қалпына түседі.
Кейін осы шойын вагон доңғалақтарына, мұхиттардан айлаққа оралған кемелерді арқан шалып байлайтын мықты қазықтарға айналады. Шойыннан метро үңгірлерін қаптайтын тор сауыт, аса ірі бу турбиналардың қабырға-қораптары, автомобиль двигательдері, электр моторлары... жасалады. Барлық адамдар шойынды күн сайын көріп жүрміз. Кәдімгі таба, қара қазан, жылу батареялары, көшеде арық бетін қалқалаған металл торлар - осының бәрі де шойыннан құйылған.
Жарияланған-2016-09-04 17:24:27 Қаралды-17314
ДОПТЫ ХОККЕЙ СПОРТ ТАРИХЫНАН
Бұл спорт футбол ойынына ұқсас мысалы, ойын барысы 45 минуттық екі кезеңнен тұрып, бұрыштан доп беру, айып добын соғу кезеңдерінде болады
ҚАРАҚАТ ЖИДЕКТЕН ӘР ТҮРЛІ ТАҒАМДАР ЖАСАУ
Қарақаттың жидегінде, буршігінде, жапырағында, гүлінде С, В1, Р витаминдері және А витамині (каротин) көп болады. Сонымен қатар жидегінде қант, лимон, алма қышқылдары, илік заты және бояу бар, бүршігінде және жапырағында эфир майы болады.
ШЫМКЕНТ
Шымкент - ежелгі қалалардың бірі. Ол еліміздің оңтүстік- шығысында Бадам мен Сайрам өзендері аралығында орналасқан. Қаланың іргесі екі мың жыл бұрын қаланған. Ерте орта ғасырда Ұлы Жібек сауда жолында жайғасқан ол XVIII ғасырда ірі қалаға айналды. 1864 жы
ЖАЙЫҚ
Жайық өзені Орал тауларының оңтүстігінен басталады. Жалпы ұзындығы - 2428 км. Қазақстандағы ұзындығы - 1082 км. Жайық өзені туралы деректер грек, рим жылнамаларында Дайкс, Ликос, ал орыс жазбаларында 1775 жылға дейін Яик атауымен берілген.
ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН: ТАБИҒАТПЕН СЫРЛАСУ
Оңтүстік Қазақстан облысы республикамыздың түстігінде орналасқан.