UF

ЖАЗДЫҢ ЫСТЫҒЫНДА ШӨЛ ҚАНДЫРАТЫН СУСЫНДАРДЫ ДАЙЫНДАУ

Категориясы: Тағам


САЛҚЫН СУСЫНДАР

Жаздың аптап ыстығында ішкен сап-салқын сусын мейіріңді қандырмай ма? Кез-келген адамның үйге кірісімен сусын сұрайтыны сондықтан. Небір әңгіме-дүкен сусын ішіп, шөл басқан соң басталады.

Қазіргі қазақ дастарқанында компот, кисель, тағы басқа жеміс-жидек, көкөністерден, бақша дақылдарынан қант қосып әзірлейтін салқын сусындар да көрнекті орын алады.

КОМПОТТАР

Алма компоты. Алма әуелі салқын сумен әбден жуылады. Содан кейін қабығы аршылады. Көлеміне қарай алты не сегіз бөлікке бөлінеді. Өзегі мен дәнін алып тастап, кастрюльге құйылған салқын суға салып қайнатылады. Басқа ыдысқа салынған қабығы мен өзегінің үстіне ыстық су құйылып 10-12 минут қайнатылады. Сонан соң қабығы мен өзегін сүзіп алады да сұйыққа қант қосып, жақсылап араластырады. Енді осы сироптың үстіне алма кесінділерін салып, лимон қышқылын қосып, тағы да 6-8 минут қайнату керек.
Құрамы: 2-3 түйір алма, кесенің 2/3 бөлігіндей қант, 1 шай қасық лимон қышқылы, 4-6 кесе су.
Алмұрт компотын дайындау технологиясы да, құрамы да алма компотын дайындағандай.

Айва компоты. Айва жылы суға жуылады. Пышақпен бірнеше бөлікке бөлінеді. Өзегі мен дәнін алғаннан кейін ыдысқа салынады да үстіне салқын су құйылады. Суды айва кесінділері әбден батып тұратындай деңгейде құю керек. Сонан соң лимон қышқылы қосылады да, айва шала піскенше қайнатылады. Шала піскен айваға қант қосып, тағы да 25-30 минут қайнатса, компот дайын болады.
Құрамы: 2-3 түйір айва, кесенің 2/3 бөлігіндей қант, 1 шай қасық лимон қышқылы, 4 кесе су.

Шабдалы компоты. Әбден жуылған шабдалы 3 минуттай ыстық суға салынып қойылады. Мөлшерлі уақыттан кейін кепсермен сүзіліп алынады. Содан соң ғана қабығы аршылып, ортасынан қақ жарылады. Сүйектерін де алып тастайды. Енді осы қабығы мен сүйегін әлгі шабдалы салынған ыстық суға қант араластырып салып, 5 минут қайнатады да, дәкемен сүзіп алады. Дайын сұйыққа ортасынан бөлінген шабдалы салып, үстіне ыстық сироп құйылады, лимон қышқылы қосылады. Содан кейін аздап қайнатады да, отын сөндіреді.
Құрамы: 3-4 түйір шабдалы, кесенің 2/3 бөлігіндей қант, 1 шай қасық лимон қышқылы, 4 кесе су.

Өрік компоты. Өрік әбден жуылады. Ортасынан қақ бөліп, сүйектері алынып тасталады. Ыдысқа ыстың су құйылып, қант қосылады да араластырылып, үстіне дайындалған өрік салынады. Сонан кейін лимон қышқылын тамызып 10 минуттай қайнатады. Қайнаған соң оттан алып, салқындатады.
Құрамы: 300 грамм өрік, кесенің 2/3 бөлігіндей қант, 1 шай қасық лимон қышқылы, 4 кесе су.
Қара өрік компотының дайындалуы да, құрамы да осындай.

Қауын компотын дайындаудың екі әдісі бар. Біріншісі - қауынның қабығы аршылады да, еті үшбұрыштап кесіліп, ыдысқа салынады. Үстіне жылы сироп құйылып, 30-40 минуттай бетін жауып қояды. Екінші әдіс - қара өрікті қауынмен араластыру. Ол үшін алдын ала дайындалған сиропқа қара өрікті қайнатып алады да, үстіне қауын кесінділерін салады, қант қосады.
Құрамы: 200 грамм қауын, 10 грамм қара өрік, жарты кесе қант, 1 шай қасық сироп.

Апельсин компоты. Апельсиннің қабығы аршылады да дөңгелектеп кесіледі. Дайын апельсинді кастрюльге салып, үстіне су құйып, қант себіледі.
Құрамы: 3-4 түйір кішірек апелъсин, жарты кесе қант, 5-6 кесе су.

Мандарин компотының дайындалуы да, құрамы да осындай.

Кептірілген жеміс компоты. Алдын-ала дайындалып, кептірілген жеміс жылы сумен бірнеше рет (тазарғанша) жуылады. Әрбір жеміс өз алдына бөлек ыдысқа салынып, үстіне қант қосылып, қайнаған су мен лимон қышқылы құйылады. Сөйтіп бәсең отта қайнатылады. Мұндай алма мен алмұрт орта есеппен 25 минут, өрік 10, жүзім 5 минут қайнайды.
Құрамы: 60 грамм алма, 60 грамм алмұрт, 50 грамм өрік, 30 грамм жүзім, жарты кесе қант, 1 шай қасық лимон қышқылы, 4 кесе су.

Шие компоты. Піскен шиені сағағынан ажыратып алады. Жуылған шиені ыдысқа салып, үстіне қант салып, су құяды. Содан соң 8-15 минут қайнатады да отын өшіріп, салқындатады.
Құрамы: 300 г шие, жарты кесе қант, 1 шай қасық сироп, 4 кесе су.
Тәтті шие компотының дайындалуы да, құрамы да осындай.

Тұшала компоты. Іріктелген тұшала жақсылап жуылып, қайнап тұрған суға 3-5 минут салынып қойылады. Оны суыту үшін ыстық судан сүзіп алып, салқын суға салады. Сорғытылған тұшаланы қайнаған суы бар ыдысқа қант араластырып салып, сироп құйып, 8-10 минут қайнатады. Қайнағаннан кейін қақпағы жабық күйінде суытылады.
Құрамы: 300 грамм тұшала, жарты кесе қант, 1 шай қасық сироп, 4 кесе су.

Таңқурай компоты. Таңқурай жемісі піскен-піспегеніне қарай іріктеледі. Әбден тазарғанша жуылады. Сонан соң сүзіп алып, жарты литрлік банкаға салып, банканың аузын таза дәкемен байлайды. Банкаға салмастан бұрын қант қосылады. Сол күйінде 4-5 сағаттай тындырып қояды. Осы уақыттың ішінде таңқурайдың шырыны да бөлініп шығады. Енді осы банканы ыстықтығы 40° суы бар ыдысқа 15 минут қоя тұрады. Дайын болған компотты салқындатады.
Құрамы: 500 грамм таңқурай, 6-7 ас қасық қант.

СУСЫНДАР

Шай-сусын. Шәйнекке қара шай салынып, үстіне қайнаған су құйылады. Қақпағы жабылып, бәсең отта 3-5 минут бүлкілдетіп қайнатылады. Сонан соң дәкемен сүзіледі де 12 градусқа дейін салқындатылады. Салқын шайға лимон қышқылы мен жеміс шырыны қосылып араластырылады. Дайын сусынды әбден салқындатып пайдаланады.
Құрамы (1 литр суға): 2 ас қасық шай, 2 ас қасық қант, 3 ас қасық жеміс шырыны, 1 шай қасық лимон қышқылы.

Лимон сусыны. Лимонның қабығы аршылады да, шырынын стаканға сығып алады. Үстіне бал салып араластырады. Сәл үзілістен соң минералды су қосып тағы араластыру керек. Егер лимон болмаса орнына лимон қышқылын пайдалануға болады. Бұл сусынның шөл басумен бірге шипалы қасиеті де бар.
Құрамы: 2 ас қасық бал, кішірек 2 лимон, 2 кесе минералды су, 1 шай қасық лимон қышқылы.

Мойыл сусыны. Әбден піскен мойылды іріктеп алып, таза дәкенің үстіне үш күн жайып қою керек. Сонан соң қызуы аз пешке немесе духовкаға салып әбден кептіреді. Кепкен соң келіге салып түйеді. Дайын болған мойыл ұнын су құйылған ыдысқа салып, қақпағын жабады да 6 аптадай тындырып қояды. Осы мерзімнен соң әркім қалауынша қант салып іше береді.
Құрамы: 300 грамм мойыл, жарты литр су, шамамен 100-300 грамм қант.

Қойбүлдірген сусыны. Езілген жидектің үстіне сүт құйылып, қант, тұз салынып жақсылап араластырылады. Салқын сусын шөлді тез басады.
Құрамы: 1 кесе езілген жидек, кесенің ’/з бөлігіндей сүт, 1 ас цасыц цант, жарты шай қасық түз.

Итмұрын сусыны. Итмұрын жемісі кептіріледі. Содан соң жақсылап жуып, аздап ұсатылады. Мүмкіндігінше жақсы ұсатылса С витамині суда жақсы ериді. Осылай дайындалған жеміс эмальды ыдысқа салынып, үстіне қайнаған ыстық су құйылады да қақпағы жабылып, 8-10 минут қайнатылады. Дайын болған сусынды басқа ыдысқа қотарып, қараңғы жерге қояды. Суыды-ау деген кезде дәкені екі қабаттап сүзіп, жемісті әбден сығады. Сусын дәмді болу үшін аздап қант қосуға болады.
Құрамы: 2 ас қасық жеміс, 2 кесе су, 2 шай қасық (әркімнің қалауынша) қант.

Шие сусыны. Шиені жуып, сүйегін алып тастайды. Жемісті ағаш қасықпен езіп, сөлін сығып алады да тоңазытқышқа қоя тұрады. Ал шие етін ыстық сумен жуып, 10-15 минут қайнатады. Сонан соң дәкемен сүзіп алады. Бөлек ыдысқа құйылған осы қайнатпаға тоңазытқыштағы сөлді, қайнаған салқын суды, сиропты, десертті қызыл шарапты қосады. Сөйтіп 12-14 градусқа дейін салқындатып қояды. Дастарқанға әкелерде шие сусыны құйылған ыдысқа бір кесек мұз салынса шөлді жақсы басады.
Құрамы: 120 грамм сүйексіз шие, 125 грамм қант шырыны, 50 грамм десертті қызыл шарап, 725 грамм қайнаған су.

Сарыағаш сусыны. Сарыағаш жидегін іріктеп алып, жақсылап жуады да ыдысқа салып қайнатады. Содан соң оттан алып 2 сағаттай қоя тұрады да жидекті езіп, қайнатпаны сүзеді. Қайнаған суық судың үстіне қайнатпаны құйып, сироп пен шарап қосады. Сонан соң 12-14 градусқа дейін салқындатып, сусынды ішер алдында бір кесек мұз салуға болады.

Құрамы: 30 грамм сарыағаш, 50 грамм қызыл шарап, 125 грамм жеміс шырыны, 800 грамм қайнаған су.

Өрік сусыны. Өрікті езіп, оның сүзіп алынған шырынын қайнаған салқын судың үстіне құяды. Сонан осыған даршын (корица) немесе қалампыр тұнбасы, су қосылған лимон қышқылы, қант десерті, қызыл шарап қосылады да әбден араластырылады. Сусынды ішер алдында бұған да мұз қосуға болады.
Құрамы: 165 г өрік шырыны, 30 г қант, 4 г лимон қышқылы, 1 даршын немесе қалампыр, 75 г десертті қызыл шарап, 730 г қайнаған су.

Алма сусыны. Суға жеміс шырынын, даршын не қалампыр қосып қайнатады. Алманың қабығын аршып, өзегі мен дәнінен тазартып алады. Енді алманы көзі ірі үккіштен өткізеді де қалампыр қосып қайнатылған салқын суға қосады. Жақсылап араластырған соң сүзіп алып, үстіне шарап пен лимон қышқылын құйып, сусынды салқын күйінде ішеді.
Құрамы: 1000 г алма, 125 г шырын, 1 даршын не қалампыр, 2 г лимон қышқылы, 200 г ақ шарап (рислинг типтес), 800 г су.

Мүкжидек сусыны. Мүкжидекті әбден тазартады. Тазарған жидекті ыстық суда 2 минуттай тұндырады. Сонан соң ағаш қасықпен езгілеп, қайнаған су құйылған ыдысқа аударып, қант қосады да 6-8 сағат бойы ауық-ауық араластырып тұрады. Осы мерзімнен кейін дәкені екі қабаттап сүзіп алады.
Құрамы: 600 г мүкжидек, 200 г қант, 6 кесе су.

Анар сусыны. Жас анарды сығып, шырыны алынады да керамикалық ыдысқа құйылады. Бөлек ыдыстағы қайнаған жылы суға қант салынып, әлгі шырын құйылады да отқа қойылады. Қайнаған бойда оттан алынып, ванилин себіледі де, ыдыстың қақпағы тығыздап жабылып, салқындатылады. Сонан соң тоңазытқышқа қойылады.
Мұны шөл басып, тәбет ашатын сусын ретінде де, майлы тағамдар мен ет тағамдарынан кейін асқазан жұмысын жақсартатын дәрі ретінде де ішуге болады.
Құрамы: 1 литр анар шырыны, 200 г қант, 1 кесе қайнаған жылы су, бір шөкім ванилин.

Кепкен өрік сусыны. Кепкен өріктің тәуірлері іріктеліп, салқын сумен жуылады да эмальды кастрюльге салынып, үстіне қайнап тұрған су құйылады. Қақпағы жабылып, бір тәуліктей қымтап, орап тасталады. Содан соң екі қабат дәкемен сүзіледі. Сөйтіп, суы бөлек ыдысқа құйып алынады да, жұмсарған өрігі тарелкаға салынып, дастарқанға жеке әкелінеді. Ал өрік сусыны тоңазытқышқа қойып салқындатылады.
Кепкен өрік сусынын шөл басатын сусын ретінде де, қан қысымы жоғары кісілерге дәрі ретінде де ішуге болады.
Құрамы: 1 килограмм кепкен өрік, 2 литр су.

Құрма сусыны. Кепкен құрма салқын сумен жуылады. Ірілері болса пышақпен бірнеше бөлікке бөлінеді. Сөйтіп, эмальды кастрюльге салынады да қақпағы тығыз жабылып, қалың матамен қымтап тасталады. Осылайша түні бойы қалдырылады. Ертеңгісін екі қабат дәкемен сүзіп алынады. Жібіген құрма әлгі кастрюльге қайта салынып, үстіне 0,5 литр қайнаған су құйылады да келесі күнге дейін қалдырылады. Ал сусынның өзі кесеге құйылып, дастарқанға әкелінеді.
Мұны да шөл басатын сусын ретінде әрі қан қысымы жоғары кісілер шипалы сусын ретінде ішуге болады.
Құрамы: 1 килограмм құрма, 2 литр су.

Бал қосылған жеміс-жидек сусыны. Жас жемістер (өрік, алма, жүзім, шабдалы) бірдей мөлшерде алынып, жақсылап жуылады. Эмальды кастрюльге салынып, үстіне су құйылады да отқа қойылады. Қайнағаннан кейін бал салынып, одан әрі қайнатылады. Әбден қайнап болған кезде үстіне запыран немесе ванилин себіліп, қақпағы тығыз жабылады да салқындатылады. Дастарқанға әкелерде тоңазытқышқа қойып алуға немесе үстіне бір кесек мұз салуға болады.
Қыстыкүні мұндай сусын кепкен жемістерден-ақ дайындалады. Шөл басу үшін ішіледі.
Құрамы: 1 килограмм жеміс-жидек, 20 грамм бал, жарты қасық запыран немесе бір шөкім ванилин, 3 литр су.

Сарысу сусыны. Сүт сарысуы суытылады. Оның үстіне салқын томат шырыны мен қаймақ құйылады. Сөйтіп, бірыңғай сұйыққа айналғанша бұлғанады. Одан кейін татымына қарай тұздалып, қант қосылады да бетіне ұсақтап туралған аскөк себіліп, мұқият араластырылады.

Құрамы: жарты кесе сарысу, кесенің 1/4 бөлігіндей томат шырыны, 1 ас қасық қаймақ, тұз татымына қарай, аскөк пен қант әркімнің қалауынша.

Сарысу мен капуста тұздығының сусыны. Салқындатылған сарысуға капуста тұздығы құйылады. Араластырылып, суытылады. Үстіне қант салынып, бетіне ұсақтап туралған аскөк себіледі.

Құрамы: жарты кесе капуста тұздығы, жарты кесе сарысу, аскөк пен қант әркімнің қалауынша.

Құлпынай қосылған іркіт. Құлпынай іріктеліп жуылады. Ал іркітке қант шырыны қосылады. Осы қоспаға әлгі алдын ала дайындалған құлпынай салынып, бір сағаттан астам тоңазытқышқа қойылады.

Құрамы: жарты кесе іркіт, 80 грамм құлпынай, 1 ас қасық қант шырыны.

Жұмыртқа сары уызы қосылған іркіт. Жұмыртқаның сары уызына қант пен даршын ұнтағы қосылады. Осы қоспа ыстың іркітке салынып ерітіледі де отқа қойып қыздырылады. Содан соң сүзіп алынып, суытылады.

Құрамы: 1 жұмыртқаның сары уызы, 1 ас қасық қант, бір шөкім даршын, 1 кесе іркіт.

Қара өрік шырыны қосылған іркіт. Іркітке қара өрік шырыны мен қант шырыны құйылып, жақсылап араластырылады. Сөйтіп, әбден салқындатылады.

Құрамы: жарты кесе іркіт, жарты кесе қара өрік шырыны, 1 ас қасық қант шырыны.

Сәбіз шырыны қосылған іркіт. Жуылып, қабығы аршылған сәбіз ұсақ көзді үккішпен үгіледі, үстіне іркіт құйылып, 20 минуттай тоңазытқышқа қойылады. Суыған сусын сүзіп алынып, сөлі ыдысқа құйылады.

Құрамы: 4 кесе іркіт, 200 грамм сәбіз.

КИСЕЛЬДЕР

Алма киселі. Алдын ала дайындалған алманы әбден жуады да, қабығын аршып, өзегі мен дәнінен тазартады. Ұсақтап кесіп, ыдысқа салынған алманың үстіне ыстық су құяды да 15-20 минут қайнатады. Осы масса әбден піскен соң басқа ыдысқа салып езеді де қайтадан бастапқы ыдысына аударады. Қайнатындыға қант, лимон қышқылын араластырып, ңайта қайнатады. Енді оның үстіне ыстық крахмал құйып, ағаш қасықпен араластырады. Сонан соң отқа қойып тағы ысытады. Дайын болған кисельдің отын сөндіріп, салқындатады.
Құрамы: 5-6 түйір алма, 1 кесе қант, 3 ас қасық картоп крахмалы, 2 шай қасық лимон қышқылы, 2 литр су.

Қарақат киселі. Жидекті мұқият іріктеп алады. Салқын сумен жуып, эмальды ыдыста ағаш қасықпен езіп, дәкемен сүзіп алады. Сонан соң фарфор ыдысқа құйып, бетін жауып салқын жерге қояды. Сүзгеннен қалған жеміс қалдығын кастрюльге аударып, үстіне ыстың су құяды да 4-5 минут қайнатады. Сөйтіп, дәкемен сүзіп алады. Осылайша дайындалған қаинатындыға қант салып, тағы да отқа қояды. Бірақ қайнатпайды. Бетіне көбік қалқып шығысымен салқын суға езілген картоп крахмалын құйып, әбден араластырған соң ғана бір қайнатып алады. Сонан соң алғашқы сүзіп алған шырынды қосып әбден суытады.
Құрамы: 1 кесе қарақат, 3 ас қасық қант, 2 ас қасық картоп крахмалы, 1 ас қасық лимон қышқылы, 4 кесе су.

Қара өрік киселі. Қара өрікті салқын сумен жуып, сүйегінен ажыратады. Үстіне қант сеуіп, араластырады. Осы массаны кастрюльде 10-15 минут қайнатады. Үстіне салқын суға езілген крахмалды құйып тағы да қайнатып алады. Дайын кисельді салқындатады.
Құрамы: 2 кесе қара өрік, 1 кесе қант, 3 ас қасық картоп крахмалы, 2 ас қасық лимон қышқылы, 2 литр су.

Шабдалы киселі. Жылы суға жуылған шабдалды ортасынан қақ жарып, сүйегінен тазартып алады. Сүйектерін тастамай, бөлек ыдысқа салып, үстіне ыстық су құйып, 5-6 минут қайнату керек. Қайнатынды дәкемен сүзіліп, үстіне дайындалған жидек салынады да отқа қойылып, 8-10 минут қайнатылады. Қант, лимон қышқылы, езілген крахмал қосқан соң тағы бір қайнатып алса, кисель өте дәмді болады.
Кұрамы: 2 кесе шабдалы, 1 кесе қант, 3 ас қасық картоп крахмалы, 2 шай қасық лимон қышқылы, 2 литр су.

Койбүлдірген киселі. Жидекті жуып, көзі ұсақ үккіштен өткізеді. Алынған шырынды алдын ала ыстық су құйылған кастрюльге аударып, қант араластырып қайнатады. Қайнаған соң салқын суға езілген крахмал қосып, әбден араластырып, тағы бір қайнатып алады. Енді осы қайнатындыға сөлі алынған жидекті араластырады да салқындатуға қояды.
Құрамы: 1 кесе қойбүлдірген жидегі, 0,75 кесе қант, 2 ас қасық картоп крахмалы, 2,5 кесе су.

Қожақат киселі. Жуылған жидекті ұсақ көзді тор үккіште езеді. Езілген жидекті сөлімен бірге кастрюльге салып, су құяды. Үстіне қант қосып, қайнатады. Қайнап тұрған жидектің үстіне салқын суға езілген картоп крахмалын қосып тағы да бір қайнатып алады. Дайын кисельді салқындатуға қояды.
Құрамы: 1 кесе қожақат жидегі, 0,75 кесе қант, 2 ас қасық картоп крахмалы, 2 кесе су.

Мүкжидек киселі. Тазаланып жуылған мүкжидекті ағаш қасықпен әбден езіп алады. Үстіне қайнаған салқын су құяды. Сонан соң елекпен сүзіп, сөлін бөлек ыдысқа құйып алады. Ал електен өткен жидекті де бөлек ыдысқа салып, үстіне ыстық су құйып, 3-5 минуттай қайнатады. Содан кейін қайнатындыны дәкемен сүзіп, қант қосқан соң тағы да отқа қояды. Қайнаған соң салқын суға езілген картоп крахмалын қосып, араластыра отырып қыздыру қажет. Оттан алысымен әуелгі сөлін араластырып, салқын жерге қояды.
Құрамы: 300-400 грамм мүкжидек (5 кесе мүкжидек киселі үшін), 250-300 грамм қант, 2 ас қасық картоп крахмалы.

Таңқурай киселі. Жуылған жидекті ұсақ көзді үккіш үстіне салып, ағаш қасықпен езгілейді. Кастрюльге ыстық су кұйып, қант салады да қайнатады. Қайнаған соң үстіне салқын суға езілген картоп крахмалын құйып, қайтадан отқа қояды. Сөйтіп, тағы бір қайнатады. Үстіне езілген жидекті салып, әбден араластырады. Дайын кисельді салқын жерге қояды.
Құрамы: 1 кесе таңқурай жидегі, 0,75 кесе қант, 2 ас қасық картоп крахмалы, 2,5 кесе су.

КОКТЕЙЛЬДЕР

Сүт-кофе коктейлі. Салқын сүт пен салңын кофе кесеге немесе басқа бір ыдысқа (бокал, стакан) құйылып, жақсылап араластырылады.
Бұл сусынды ұзынша түтікпен ішкен дұрыс.
Құрамы: жарты кеседей сүт, жарты кесе кофе қайнатпасы, 1,5 ас қасық қант шырыны.

Сүт-сәбіз коктейлі. Сәбіз әбден тазартылып жуылады да үккішпен үгіледі. Сығылып, шырыны алынады. Сол шырын салқын сүті бар ыдысқа құйылып, араластырылады.
Құрамы: кесенің 3/4 бөлігіндей сүт, 2 сәбіз.

Сүт-таңқурай коктейлі. Таңқурай жемісі әбден тазартылады да салқын сүт құйылған ыдысқа салынып, араластырылады.
Құрамы: кесенің 3/4 бөлігіндей сүт, 30 грамм таңқурай жемісі.

Сүт-құлпынай коктейлі. Сүт салқындатылады. Оған құлпынай шырыны қосылады да коктейль шайқағышқа құйылып, араластырылады. Кесеге не стаканға содан соң ғана құйып алынады.
Құрамы: 1 кеседей сүт, 1 ас қасық құлпынай шырыны.

Сүт-лимон-таңқурай коктейлі. Салқын сүт, лимон және таңқурай шырындары коктейль шайқағышқа құйылып, бұлғанады. Содан соң кесеге құйылып алынады.
Құрамы: кесенің 3/4 бөлігіндей сүт, 1 ас қасық таңқурай шырыны, 1 шай қасық лимон шырыны.

Сүт-бал-лимон коктейлі. Лимон шырынына бал салынып, әбден бұлғанады. Оның үстіне суық сүт құйылып, жақсылап араластырылады. Дастарқанға әкелерде ғана стаканға не бокалға құйылады.
Құрамы: кесе толар-толмас сүт, 1 ас қасық бал, 1 шай қасық лимон шырыны.

Сүт-шабдалы-апельсин коктейлі. Шабдалының қабығы сыдырылып, ұсақтап туралады. Үстіне апельсин шырыны және салқын сүт құйылып, араластырылады. Дастарқанға кесеге құйылып, ішіне шай қасық салып әкелінеді. Егер жас шабдалы табылмаса консервіленген шабдалы да жарай береді.
Құрамы: 1 шабдалы, 1,5 ас қасық апелъсин шырыны, 1 кеседей сүт.

Сүт-таңқурай-жұмыртқа коктейлі. Жұмыртқа жарылып, сары уызы шұңғыл ыдысқа салынады да таңқурай шырыны қосылып, әбден бұлғанады. Бұл сұйық масса алдын ала дайындалған ыдыстағы суық сүтке құйылып, жақсылап араластырылады да дастарқанға әкелінеді.
Құрамы: 1 жұмыртқаның сары уызы, 1,5 ас қасық таңқурай шырыны, кесенің 3/4 бөлігіндей сүт.

Сүт-бал-жұмыртқа коктейлі. Шұңғыл ыдысқа шикі жұмыртқаның сары уызы салынып, бал қосылады да бірыңғай массаға айналғанша бұлғанады. Содан кейін осы масса салқын сүт құйылған ыдысқа аударылып, әбден араластырылады. Кесеге тек ішер кезде ғана құйылады.
Құрамы: 1 жұмыртқаның сары уызы, 1 ас қасық бал, кесенің 3/4 бөлігіндей сүт.

Айран-таңқурай коктейлі. Арнайы суытылып қойылған айранға таңқурай шырыны қосылып, араластырылады. Ішер кезде кесеге не стаканға құйып алынады да бетіне ұнтақталған даршын себіледі. Бұл сусынды кісіге берер кезде дайындаған дұрыс.
Құрамы: кесенің 3/4 бөлігіндей айран, 1 ас қасық таңқурай шырыны, бір шөкім даршын ұнтағы.

Айран-апельсин коктейлі. Сығылып алынған апельсин шырыны мен қант шырыны қосылып әбден араластырылады да алдын ала суытылған айранның үстіне құйылады. Ішер кезде кесеге аударылып, бетіне апельсин қабығының үгіндісі себіледі.
Құрамы: кесенің 3/4 бөлігіндей айран, жарты апелъсин, 1 ас қасық қант шырыны, апелъсин қабығының бір шөкім үгіндісі.

Айран-қант-ванилин коктейлі. Айран, ванилин шырыны мен қант шырыны да алдын ала суытылады. Содан соң бәрі бір ыдысқа құйылып, араластырылады. Әбден араласты-ау деген кезде кесеге не бокалға құйып, кісіге беруге болады.
Құрамы: кесе толар-толмас айран, 1 шай қасық ванилин шырыны, 1 шай қасық қант шырыны.

Айран-сәбіз-қант коктейлі. Сәбіз үккішпен үгіледі. Үгілген сәбіз сығылып, сөлі алынады. Содан соң қант шырыны қосылған суық айранның үстіне құйылып, әбден араластырылады.
Құрамы: кесенің 3/4 бөлігіндей айран, 2 ас қасық сәбіз сөлі, 1 ас қасық қант шырыны.

Айран-томат коктейлі. Суық айранға тұздалған салқын томат сөлі қосылып, араластырылады.

Құрамы: кесенің 3/4 бөлігіндей айран, 2 ас қасық томат сөлі, тұз татымына қарай.

ЫСТЫҚ СУСЫНДАР

Кофе ағашы қысы-жазы көктеп тұрады. Осы ағаштың дәнінен кофе өнімі дайындалады. Оның негізгі химиялық құрамы - алкаголоид кофеині. Ал кофеин мидың қан тамырын кеңейтіп, оларды оттегімен және басқа сіңімді заттармен қамтамасыз етеді. Тыныс жолдарының қызметін жақсартады. Кофені адам организміне пайдалы дейтіні де сондықтан. Оның дәмі сортына байланысты әр түрлі болады. Кофе дәндері шикі кезінде иіссіз келеді. Хош иіс оған қуырғаннан кейін пайда болады.

Кофе дайындаудың он шақты әдісі бар. Бір стакан қайнаған ыстық суға 1 шай қасық кофе ұнтағын араластырса жетіп жатыр. Ал кейбір кофешілер 2-3 шай қасық салған дұрыс деп есептейді.
Түрік кофесін өте тәтті, орташа тәтті, ащы, қою және көбікті етіп дайындауға болады. Кейбіреулер әуелі суды қайнатып алып, үстіне кофе мен қант салады, екінші біреулер әуелі кофе мен қантты араластырып алып, үстіне өзіне қажет шамада салқын су құйып бәсең отқа қойып шығарады.
Кофе қайнатудың осы әдісі тиімдірек секілді. Өйткені ұнтақ кофеден хош иісті заттарды көбірек шығарып алуға болады.
Қою және тәтті кофе дайындау үшін 1 шыны аяққа (кішірек кесеге) бір шай қасық кофе және 2-3 шай қасық қант салады. Қайнаған кофені аздаған уақыт оттан алып қойып, содан соң қайтадан отқа қойып қайнатып, бірден кісіге құйып беруге болады.
Енді кофенің бетіндегі көбікті азайту немесе жою үшін оның үстіне 2-3 тамшы салқын су тамызылады. Сәлден соң шыны аяққа құйса әлгі көбік жойылады не сирейді.
Кофені кісіге берерде ғана дайындау керек.
Европаның қара кофесі. Қою қара кофе дайындау үшін кофе қайнатқышқа немесе эмальды кастрюльге бір кісіге берілетін мөлшеріне 3 шай қасық, ал сұйықтау кофе үшін 1-1,5 шай қасық кофе ұнтағын салып, үстіне су құяды да 3-5 минут бәсең отқа қойып қайнатады. Содан соң ыдыстың қақпағын жауып, матамен қымтап орап тастайды. 15-20 минуттан кейін құйып ішуге болады.
Дастарқанға түйір қант пен дөңгелектеп кесілген лимон салған ыдысты қоса әкелген дұрыс.
Тез ерігіш қалдықсыз кофе. Бұл - ең күшті концентрат болып табылады. Шыны аяққа осындай бір шай қасық кофе салып, үстіне қайнаған ыстық су құйылады. Содан соң әркім керегінше қант салып, араластырады. Мұндай кофеге сүт немесе қаймақ қатып ішкен дұрыс.
Дастарқанға кофемен бірге печенье секілді басқа да тәтті тағамдар қойылады.
Қазіргі қолданылып жүрген үнді және бразилиялықтар кофесінің де дайындалу жолы осындай.
Какао. Бұл да шөлді жақсы басатын, организмге зор пайдасы бар сусын. Ол былай дайындалады: какао ұнтағына қант қосылып, мұқият араластырылады. Аздаған ыстық сүт құйылып, түйіртпектері кеткенше әбден езіледі. Масса дайын болған кезде үздіксіз араластырылып, үстіне бірте-бірте ыстық сүт құйылады да қайнатылады.
Бұл сусынды ыстық күйінде ішкен жақсы.
Құрамы: 1 кесе сүт, 1 шай қасық какао ұнтағы, 2 шай қасық қант.

  Жарияланған-2016-06-07 19:05:49     Қаралды-7687

Мәлімет сізге көмек берді ма

СҰЛЫ ҮЛПЕГІНЕН ЖАСАЛҒАН ҚУЫРМА

...

Май қантқа қосылып, хош иіс беретін заттармен бірге кастрюльге салынады, ағаш қалақшамен күңгірт тартқанша араластырылып, бірте-бірте бір жұмыртқадан қосып отырылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ОЙЫНЫ

...

Тоғызқұмалақ шахмат, дойбы, нард, калах тағы басқа ойындар секілді арнаулы тақтада ойналады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БАДАМ КӘЗИНЕГІ

...

Қант-сірне шырынында қайнатылған бадамнан тұратын шыныдай жылтыр тағам. Мөлшері 40х40 мм төрт бұрышты бөліктерден тұрады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШҚА НЕ ҮШІН ҰШАДЫ ?

...

Жерден қарағанда жұлдыздар онша анық көрінбейді, өйткені бізге ауа кедергі келтіреді. Ал ауада үнемі шаң-тозаң, су тамшылары, түтін тұнып тұрады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

Бірегей Жердің гипотезасы

...

Жер жүзінде біз ғанамыз ба? Космостың шексіз кеңістігінде тағы да Жер сияқты планета бар ма екен?

ТОЛЫҒЫРАҚ »