ҰСТА, ЗЕРГЕРЛЕРДІҢ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАРЫ
Категориясы: Өнертабысты
Көрік - ұста, зергерлердің түрлі металдарды балқытып, қыздырып, өңдеу үшін қолданатын, оттыққа жел беріп тұратын құралы. Көріктің «қос көрік», «қол көрік», «мес көрік», «аяқ көрік» деген түрлері бар.
Көріктің көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады.
Төс - ұстаның түрлі металды қыздырып немесе құрғақтай өңдейтін негізгі құралы. Төстің алдыңғы сүйірлене біткен жағы - тұмсығы, оған қарсы жағы - дүмі, үстіңгі жағы - беті, екі жақтауы - қапталы деп аталады. Төстің беті суғарылған асыл болып келеді. Тұмсығының түбінде, яғни төстің желке тұсында темір кесуге арналған жасык жері, сондай-ақ дүм жағындағы бетінде бір дөңгелек және бір төрт бұрышты тесіктері болады. Дөңгелек тесігіне салып әр түрлі кесу жұмыстары атқарылады. Ал төрт бұрышты тесікке түрлі көмекші құралдар сұғылады.
Төстер қайың, қарағаш, емен сияқты қатты ағаштардан көлденең кесіліп алынған дөңбекке бекітіледі. Оны төстұғыр немесе «мықан» деп атайды. Мықан ағашты айналдырып, құрсаулап қояды. Темір ұстасы көбіне жұмысты тұрып істейді. Сондықтан жұмыс кезінде белі ауырмау үшін әрі балға соғуға ыңғайлы болу үшін төстің биіктігі ұста тік тұрып, қолын жанына қойып, жұдырығын түйгенде төстің бетіне тиіп тұратындай деңгейде орнатылады.
Қысқаш - ұсталардың қозған металды көріктің оттығынан алып, қысып тұрып төске төсеп, аударып төңкеру үшін тұтынатын құралы. Қысқаштың көмегімен металды қысып ұстап, июге болады. Қысқаштың сабы қолға ұстауға ыңғайлы әрі серпімді болғаны дұрыс. Үлкен, ауыр металды қысқанда қысқаштың сабына шығырық кигізіп қояды. Істелетін жұмыстың ыңғайына қарай қысқаштың тұмсығы, яғни металды қысатын аузы да әр түрлі болады. Олар «жалпақ тұмсық», «құс тұмсық», «біз тұмсық», «имек тұмсық», т.с.с. атала береді.
Шымшуыр - әр түрлі заттарды қысып ұстауға арналған құрал. Ұсталар ұстайтын шымшуырдың негізгі бөліктері - басы, білігі, сабы. Оның басы жалпақ темірді қысып ұстауға қолайлы етіп жасалады. Басы мен сабына орнатылған білік (темір) шымшуырдың ашылып жабылуын қамтамасыз етеді. Оттан шоқ алуға арналған шымшуыр жұқа темірден жасалады. Ұзын темірді дәл ортасынан иіп бүктеп, иінге жақын жерінен сақина кигізеді. Ол серпінді темірді жазылып кетпейтіндей етіп ұстап тұрады. Шымшуырды іліп қою үшін оның бүгілген жеріне темір шығыршық өткізеді.
Зергердің шағын шымшуыры - ұсақ металл түйіршіктерін, т.б. заттарды қысып ұстауға қолайлы, темірден соғылған серпімді аспап. Дәнекерлеген кезде зергерлер шымшуырмен жіңішке металл сымды иіп, бүршікті қажет орнына орналастырады. Шымшуырмен тарыдан да ұсақ металл түйірлерін оп-оңай қысып ұстауға болады.
Үгіндірік - көріктің оттығына көмірді қомақтап жинауға, күлін ысыруға арналған кұрал. Ол - пештің күлін ысырып, шоғын қағыстыратын, көсеуге қажет аспап. Үгіндірік жұмыр темірден соғылады және сабына қарсы басы жалпақ әрі имек болады. Қол күймесін деп үгіндірікті ағашпен саптайды.
Көзеуіш - көмірді түртіп, қағыстырып ауа көзін ашу үшін қолданылатын темірден созылған үшкір көсеу. «Көзеу» сөзі ауаның көзін ашу дегеннен пайда болса керек. Көзеуішті қыздырып алып, ағашқа қарып, тесік теседі, шаңырақтың көзін көзейді. Оның үшкір жағын жұмыр не төрт қырлы етіп соғады.
Қалақ - көмірді көріктің оттығына салуға, күлін шығаруға арналған құрал. Оның басы жалпақ, сыйымды (көмір, күл толтырып алатындай) жұқалау келеді.
Оқбақыр - зергерлер металл қорыту үшін қолданатын басы шөміш тәрізді шұңғыл келген, сол жағында шүмегі (суағары) бар темір немесе қыш құрал. Қазақ зергерлері жамбас сүйектің ортан жіліктің басына кіріп тұратын шұңқырын да оқбақыр ретінде металл қорытуға пайдаланған. Оқбақырдың сабы үш қарыстай болады, қол күймес үшін сабының ұшына ағаш, мүйіз, сүйек орнатады. Сүйекті күйдіріп, күлін ұнтақтап, оған саз балшық қосып илеп, кептіріп те оқбақыр жасауға болады. Оған темірден ұзын сап бекітеді. Қыштан жалған оқбақыр тез сынып қалады.
Кауашақ - қаңылтырдан қобылай соғылған қалып. Оған зергерлер оқбақырға қорыған металды құйып, суыған соң шығарып алып, әрі қарай өңдейді. Қауашақ қалыптан шыққан қорытпа жұмыр болады, жуандығы саусақтай, ұзындығы 3-4 елі болады. Қауашақтың қыштан, фарфордан жасаған түрлері де кездеседі.
Жарияланған-2015-11-23 15:51:42 Қаралды-10024
НЕЛІКТЕН ҚҰСТАРҒА МАМЫҚ ҚАЖЕТ?
Мамық қауырсындар кішкентай жотадан және ұзын икемді ойықтардан тұрады...
ЖЕМІС ЧУРЧХЕЛАСЫ
Бұл - аршылған грек жаңғағынан жасалып, жеміс-мармелад қабатымен қапталатын тағам. Түтікшелердің диаметрі 35-40 мм, ұзындығы – 250-260 мм.
Бізге қанша уақыт ұйқы керек?
Біз ұйқы қашан біздің миымыз және денеміз демалған кезде болдаы деп ойлаймыз. Бұл олай емес; ұйқы бұл көптеген маңызды процестердің, қалыпқа келулердің және күш жұмсаулардың өтетін белсенді уақыттары. Ұйқы – денсаулыққа өте маңызды. Бірақ, шектен тыс көп
ТЕМІРДІ ҚАЙДАН АЛАДЫ?
Жер-жаһанда темір ұшан-теңіз: ол - сар шағыл құм арасынан, қызғылт-құба топырақ ішінен, қоңыр тас - кремнийден табылады. Керек десең су құрамында да бар.
БҰЖЫ - ТІЛ ҮЙІРЕР ДӘМДІ АС
Жаңа сойылған малдың іш майы, өкпе–бауыр, ішек–қарны, етті мүшелегенде түскен кесінді еттер ұсақтап туралады (қазіргі кезде ет тарқыштан өткізіледі).
ҚЫТАЙДЫҢ ШАЙ ЖАСАУ ТӘСІЛІ
Қытайда шай өсірілген бірнеше ғасырдың ішінде құрғақ шайды қарапайым қайнатудан бастап, шай экстрактысын ілезде ыстық суда ерітуге дейін шай демдеудің талай әдістері сынақтан өткізілді.