UF

АНТАРКТИДА - Антарктиданың орталық бөлігін алып жатқан Оңтүстік полярлық құрлық.

Жалпы мәлімет. Антарктиданың жалпы жері 13 975 мың км2 (шельф мұзтықтары мен олар арқылы құрлыққа қосылып жатқан аралдарды және 1582 мың км2-дей мұз күмбездерін қоса есептегенде). Құрлықтық қайраңды қосқанда 16 355 мың км2. Оңтүстік Америкаға қарай ұзынша келген енсіз Антарктика түбегі созылып жатыр, оның солтүстік шеті - Сифре мүйісі 63° 13' оңтүстік ендікке дейін жетеді. Материктің «жетуге қиын полюс» деп аталатын орталық бөлігі шамамен 84° онтүстік ендік пен 64° шығыс бойлықта. Оңтүстік полюстен 660 км қашықтықта орналасқан. Анатрктиданың ұзындығы 30 мың км-ден асатын жиек сызығы бүкіл өн бойына дерлік биіктігі бірнеше ондаған метрге жететін тік жар (тосқауылды) мұз болып келеді. Антарктида - жер шарындағы ең биік құрлық. Оның мұз жамылғысының орта биіктігі 2040 м, яғни қалған барлық құрлықтардың орташа биіктігінен (730 м) 2,8 есе артық. Антарктиданың мұз астындағы жер бетінің орташа биіктігі 410 м.

Жер бедері. Антарктиданың жер бедері бір-біріне ұқсамайтын екі типке бөлінеді: мұздық бедері және құрлық бедері. Геологиялық құрылысы мен бедерінің ерекшелігіне қарай Антарктида Батыс және Шығыс болып екіге бөлінеді. Шығыс Антарктиданың мұз қалқаны жағалауда күрт биіктеп, құрлықтың ішкі жағына қарай жазыла береді; оның орталық, ең биік бөлігінің (Совет үстірті ауданында) биіктігі 4000 м-ге жетеді де, негізгі мұз айырық немесе Шығыс Антарктиданың мұздану орталығы болып табылады. Батыс Антарктидада биіктігі 2-2,5 мың м үш мұздану орталығы бар. Жағалауды бойлай көбінесе шельф мұздықтарының (әдетте теңіз деңгейінен 30-100 м биіктікте) кең байтақ ойпатты жазықтары жатады. Олардың ішіндегі аса ірілері - Росс жазығы (538 мың км2) мен Фильхнер жазығы (483 мың км2). Шығыс Антарктиданың мұз астындағы жер бедері биік таулар мен терең ойыстардан тұрады. Шығыс Антарктиданың ең терең ойысы Нокс Жағасынан оңтүстікке қарай орналасқан. Шығыс Антарктиданың орталық бөлігінде биіктігі 3390 м-ге жететін мұз астында жатқан Гамбурцев, Вернадский таулары бар. Трансантарктида тауларының (Керкпатрик тауы, 4530 м) біраз жерін ғана мұз басқан. Королева Мод Жерінің жоталары, Принс-Чарлз таулары т.б. мұздан жоғары көтеріліп тұрады. Батыс Антарктиданың жер бедері анағұрлым күрделі. Мұнда, әсіресе, Антарктика түбегінде таулар көп жағдайда мұзды жарып шығып тұрады. Элсуорт тауларындағы Сентинел жотасының биіктігі 5140 м-ге жетеді. Бұл Антарктиданың ең биік жері. Антарктиданың мұз астындағы жер бедерінің ең терең ойысы да (2555 м) осы жотаға жақын орналасқан. Антарктиданың құрлықтық қайраңы басқа құрлықтармен салыстырған да төмен (400-500 м тереңдікте) жатыр. Жағалаудағы табиғат жағдайы ерекше. Жыныстар мұздан жалаңаш жатқан үлкен алқаптарды Антарктида оазисі деп атайды. Олардың ішіндегі ең ірілері: Бангер, Вестфолль, Грирсон, Ширмахер оазистері мен Райт (Құрғақ аңғар) аңғары. Ондаған, жүздеген км2-те кететін бұл оазистер ұсақ шоқылы болып келеді.

Геологиялық құрылысы мен пайдалы қазбалары. Антарктида құрлығы бүкіл Шығыс Антарктиданы, Батыс Антарктиданың орталығы мен Мэри Бэрд Жерінің біразын алып жатқан докембрийлік Антарктида платформасынан және Антарктика түбегін, Амундсен және Беллинсгаузен теңіздерінің жағалауын қамтитын, құрылысы Андыға ұқсас мезозойлық қатпарлы белдеуден тұрады. Антарктида платформасы Шығыс Антарктиданың көп жерін алып жатқан кристалды фундамент (архей) пен платформаның шет жақтарында орналасқан (Трансантарктида таулары мен Мэри Бэрд Жерінің шегінде) көне каледондық плитадан түзілген. Антарктида платформасының кристалды фундаменті жалпы қалыңдығы 15-20 км-ге жететін әр түрлі гнейстерден, кристалды тақта тастардан, мигматиттерден т.б. жыныстардан құралған. Бұлардың арасында докембрий мен төменгі палеозойдың интрузивтік жыныстары (габбро-анортозит, чарнокит, нефелип сиениттері) жиі кездеседі. Фундаменттің төмендегі горизонттарын жоғарғы протерозой мен төменгі палеозойдың вулканогендік шөгінділері, ал үстіндегі горизонттарын ортаңғы және жоғарғы палеозойдың терригендік шөгінділері жауып жатыр. Құрамында төменгі палеозой интрузиялары кең тараған плита фундаментінің төменгі ярусы дорифейдің гнейстенген гранит комплексінен, ал қалыңд. 10 км-ге жететін жоғарғы ярусы рифей мен кембрийдің терригендік және вулканоген шөгінділерінен тұрады. Плита бетін триас-юра жыныстары (Бикон сериясы) жауып жатады. Антарктиданың қатпарлы белдеуі үш ярустан тұрады. Олардың төменгісі пермьнің аяғында немесе тираста палеозойдың геосинклинальдық карбонатты-терригенді қабатынан (10-12 км), ортанғысы жартылай платформалық жағдайда жаралған юраның құрлықтық шөгінді-вулканоген және бордың терригендік теңіз шөгінділерінен (1-5 км); жоғарғысы кайнозойдың платформалық жағдайында түзілген құм тас пен конгломерат қабаттары аралас андезит және базальт лаваларынан (2 км-ге жуық) тұрады. Антарктидада тас көмір, темір кендері ашылды, басқа да пайдалы қазба кендердің (слюда, графит, алтын, уран, молибден, мыс, никель қорғасын, цинк, күміс, титан т. б.) белгілері табылды. Антарктида платформасының геологиялық құрылысының гондваналық платформаларға (Австралия, Үнді) ұқсастығы бұл құрлықта да кен орындарының ашылу мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.

Мұз жамылғысы. Антарктиданың мұз жамылғысы бірде үлкейіп, бірде кішірейіп, неогеннен бері бір қалыпты келе жатқанға ұқсайды. Қазірде құрлықты бүтіндей дерлік қалың мұз қабаты жауып жатыр, оның 0,2-0,3%-ін ғана мұз баспаған. Мұздың орта қалыңдығы 1720 м, көлемі 24 млн. км2, яғни жер бетіндегі тұщы су көлемінің шамамен 90%-і. Антарктидада зор көлемді, қалың мұз жамылғысынан бастап, ұсақ үрлеме және қар мұздыққа дейінгі алуан түрлері кездеседі. Антарктида мұз жамылғысының жылжып, мұхитқа түсіп отыруынан және оның омырылуынан шельф мұздығы, яғни суда қалқып жүретін мұз таулар (қалыңдығы 700 м-ге дейін) пайда болады. Мұздықтар мұхитқа құрлықтың орталық бөлігінен шетіне қарай еңіс келетін мұз астындағы жылғалармен сырғып түсіп жатады. Мұндай жылғалар арқылы мұз тезірек жылжиды (жылына 1000-1500 м). Осындай ақпа мұздықтың ең үлкені - Ламберт мұздығы. Оның ұзындығы 700 км-ге, көлденеңі 30-40 км-ге жетеді. Мұздықтар атмосфералық жауын-шашынмен қоректенеді, ал Антарктиданың бүкіл мұз жамылғысының үстіне бір жылда түсетін жауын-шашын мөлшері 2200 км3-дей. Мұз негізінен суга сынып түскен бөлшектерінің айсбергке айналуынан ғана кемиді.

Климаты. Антарктиданың климаты полярлық- континенттік (жағалауды қоспағанда). Қыста бірнеше ай бойына поляр түні болып тұрғанымен, Орталық Антарктидада жылдық жалпы радиация экваторлық зонаның жылдық жалпы радиациясына таяп қалады [Восток станциясында - 5 Гдж/ (м2 • жыл) немесе 120 ккал/ (см2 • жыл)],ал жазда - 1,25 Гдж/(м2 • ай) немесе 30 ккал/ (см2 ай). Алайда сырттан келетін жылудың 90%-ке жуығы қар жамылғысымен шағылысып өлем кеңістігіне қайта кетеді де, мұз қабатын жылытуға тек 10% жылу қалады. Сол себепті Антарктиданың радиациялық балансы теріс, ал ауаның температурасы өте төмен. Планетамыздың суық полюсі Орталық Антарктидада. «Восток» станциясында 1960 жылы 24 тамызда температураның - 88,3°С болғаны байқалды. Қыс айларының орта температурасы - 60°-тан - 70° С-қа дейін, жаз айларында - 30°-тан - 50°С-қа дейін болады. Тіпті жаздыгүні температура - 20°С-тан жоғарыламайды. Жағалауда, әсіресе Антарктика түбегінде ауа температурасы жазда 10, 12° С-қа жетеді, ал ең жылы айдың (қаңтардың) температурасы 1°С, 2°С болады. Қыста (шілде) жағалауда орта температура Антарктика түбегінде - 8°С-тан Росс шельф мұздығының шетінде - 35°С-қа дейін жетеді. Суық ауа Антарктиданың орталық бөліктерінен оның шетіне қарай қозғалып, жағалау маңында ағынды жел тұрғызады (жылдық орта жылдығы 12 м/сек-ке дейін), ал циклондық ауа ағынымен қосылған кезде ол теңіз дауылына айналады (жылдамдығы 50, 60, кейде 90 м/сек-қа дейін жетеді). Ауаның салыстырмалы ылғалдылығы онша жоғары болмайды (60-80%), жағалауда, әсіресе, Антарктида оазистерінде ол 20% тіпті 5%-ке дейін азаяды. Бұлт та біршама аз. Жауын-шашын негізінен қар күйінде жауады. Оның мөлшер құрлықтың орталығында жылына 30-50 мм-дей болса, құрлықтық беткейдік төменгі бөлігінде 600-700 мм-ге жетеді. Кейбір шельф мұздықтарында және Антарктика түбегінің солтүстік-батыс жағалауында 700-800 мм, тіпті 1000 мм-ге жетіп қалады. Қатты желдің үнемі соғып тұруына және қардың қалың жаууына байланысты боран жиі болып тұрады.

Көлдері. Көбіне жағалаудағы оазистерде кездесетін Антарктида көлдерінің өзіндік ерекшелігі бар. Олардың көбі ағынсыз, тұзды, ащы болып келеді. Кейбір көлдердің жазда мұзы еріп үлгірмейді. Жағалаудағы оазистің жартастары мен оларды қоршап жатқан шельф мұздығының аралығында лагуна-көлдер кездеседі. Олар теңізбен жалғасып жатады.

Өсімдіктері және жануарлары. Антарктидада өсімдік пен жануарлардың түрі өте аз және олардың өз ерекшеліктері бар. Антарктиданың климаты өте қатал деген аудандарының өзі де өсімдіксіз жануарсыз емес (Антарктика биогеография аймағы).

АНТАРКТИКА (грек. аntarktikos - антарктикалық, аntі - қарсы, аrktikos - солтүстік) - жер шарының Оңтүстік поляр облысы. Оған Антарктика құрлығы мен оны қоршап жатқан Оңтүстік мұхит айдыны (ұсақ аралдарымен) кіреді.

Жалпы мәлімет. Антарктика шекарасы мұхиттың біршама жылы (солтүстікте) және мейлінше суық (оңтүстікте) беткі сулардың араласатын аймағы (антарктикалық конвергенция) арқылы өтеді. Бұл шекара негізінен 48-60° оңтүстік ендіктің аралығында. Антарктикаға таяу жатқан Принс-Эдуард, Крозе, Макуори т.б. аралдар кіреді. Антарктиканың бұл шектегі ауданы 52,5 млн. км2. Мұхит пен құрлықтың көп жерін мұз басып жатыр. Антарктика антарктикалық және субантарктикалық екі белдеуде орналасқан. Оның біріншісі Антарктика құрлығын, төңірегіндегі ықпа мұздар тараған өңірі мен аралдарын қамтиды. Екіншісіне тек қыста ғана мұз құрсанып жататын немесе мүлдем қатпайтын мұхит айдыны мен бірқатар аралдар кіреді.

Жер бедері. Антарктика құрлықтық қайраңның шеті жағадан 240 км-дей жерде, басқа құрлықтарға қарағанда, ол тереңірек (500 м-ге дейін) жатады. Кұрлықтық кайраңға су астындағы төбешікті жағалау мен сыртқы аккумуляциялық жазық жатады. Құрлықтық қайраңда жер қыртысының жарылуынан пайда болған науа мен шұңғымалар кездеседі. Олардың тереңдігі 1000 м-ден асады. Антарктиканың шеткі теңіздерінің (Росс, Уэдделл, Беллинсгаузен, Ынтымақ т.б.) көбі құрлықтық қайраңда жатыр. Құрлықтық беткейге аккумуляциялық жазықтың еңіс келген алаңдары мен жақпарлы бедердің өте тілімделген аудандары кіреді. Мұнда аумағы әр түрлі жалдар, сондай-ақ сатылы әрі еңіс келген жазықтар бар. Мұхит шарасының құрылысы өте күрделі. Мұхит түбінің беті бірнеше дөңестер мен жоталарға (Австралия-Антарктика дөңесі. Африка-Антарктика жотасы. Оңтүстік Тынық мұхит дөңесі) және кең байтақ Африка-Антарктида (терендігі 6972 м-ге дейін), Австралия-Антарктика (6089 м-ге дейін), Беллинсгаузен т.б., шұңғымаларға бөлінеді. Оңтүстік Сандвич аралдарын бойлай Оңтүстік Сандвич науасы өтеді. Ол - Оңтүстік мұхиттың ең терең жері (8428 м). Жоталардың құрылысы мен бедері өте күрделі. Олардың төбесі көбінесе теңіз деңгейіне дейін жақындап келеді, кей жерлері су бетінен кішігірім арал ретінде шығып та тұрады. Африка-Антарктида жотасы мен оның сілемдерінде Буве. Принс-Эдуард, Крозе аралдары; Кергелен-Гауссберг су асты жотасында Кергелен мен Херд аралдары; Макуори су асты тауларында Макуори аралы; Оңтүстік Антиль су асты жотасында Оңтүстік Георгий, Оңтүстік Сандвич, Оңтүстік Оркней аралдары орналасқан. Кейбір таулар терең шұңғымалардың түбінен мұхит бетіне дейін дерлік көтерілген вулкан конустары болып табылады. Шұңғымалардың түбінен есептегенде мұндай конустардың биіктігі 3000-4000 м. Субантарктикалық аралдардың көбі тау іспеттес келеді (Онтүстік Георгий, Кергелен, Херд, Оңтүстік Сандвич т.б.). Олардың биіктігі 2934 м (Оңтүстік Георгий аралы) жетеді. Антарктиканың бедері континенттік және мұхиттық болып негізінен екі категорияға бөлінеді. Антарктиданың Антарктика құрлығындағы континенттік бөлігінің морфологиялык, құрылымы құрлык, айналасында теңіздердің түбінде де кездеседі. Құрлықтық қайраңның ішкі аймақтыгының бедері әдетте жақпарлы келеді.

Климаты. Антарктика - жер шарындағы ең суық аймақ. Мұнда ауа температурасы әрдайым төмен, ұзаққа созылатын күшті теңіз дауылдары, қарлы боран, тұман үнемі болып тұрады. Құрлық үсгіндегі ауа массаларының өте суынуы әсерінен антарктикалық антициклон пайда болады: ал біршама жылы мұхит үстінде, керісінше циклондық белдеу түзіледі, мұны бойлай циклондар батыстан шығысқа қарай қозғалады. Климаты континенттік, Антарктида құрлығы - ұдайы аяз аймағы. Субантарктикалық ауданда су массаларының едәуір жылы болуына байланысты жылдық ауа температурасы біркелкі болады (10-10°С). Антарктиканың солтүстік бөлігінде көбіне дауылды (күші 75 м/сек-қа дейін) батыс желі, құрлыкқа таяу өңірде шығыс желі соғады. Жағалауға таяу жерлерде жауын-шашын тек қар күйінде түседі, солтүстік аралдарда жаңбыр жиі жауады. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері Шығыс Антарктида жағалауында 300-500 мм-ден Антарктика түбегінің солтүстік-батыс жағалауы мен субантарктика аралдарында 1000 м-ге дейін өзгереді.

Теңіз сулары мен мұздары. Антарктиканы қоршаған мұхиттың су қабаттары 3-ке бөлінеді. Алғашқысы - суық және біршама тұщы келетін беткісу. Бұл батыстан соғатын желдің әсерінен шығысқа және солтүстікке қарай антарктикалық конвергенция зонасына дейін келеді. Судың температурасы - 1,8°С-ға 1°С-қа, солтүстікте 2°С-қа дейін, тұздылығы 34%.  Беткі су қабатының - қалыңдығы ондаған м-ден бірнеше жүздеген м-ге дейін жетеді. Беткі судан төмен жылырақ, өрі тұзды келетін тереңдегі су қабаты жатады, оның температурасы 1°С, 2°С, тұздылығы 34,5-34,7%. Бұл солтүстіктін құрлықтық беткейге дейін келеді, бірқатар жерде құрлықтық қайраңга да өтіп кетеді. Ең төреңдегі - түпкі суық су, температурасы 0° С-қа жуық, тұздылыгы 34,7%-дей. Оңтүстік мұхит - Дүние жүзілік мұхиттың ең толқынды ауданы. Мұнда толқынның биіктігі 10-15 м, кейде 23 м-ге жетеді. Судың көтерілу биіктігі 2 м (макс. -3,25 м). Жыл маусымдарына байланысты теңіз мұздарының аумағы ұдайы өзгеріп отырады. Қыс аяғында материкті қоршаған мұз белдеуінің ені 500- 2000 км-ге, ауданы 20 млн. км2-ге жетеді. Жазда теңіз мұздарының ауданы 2,5 млн. км2-дей. Бір жылдың мұздың қалыңдығы 1,5-2 м,көп жылдық мұздар ате аз. Антарктика суындағы айсбергтер төрткіл келеді, олардың ұзындығы 170 км, су деңгейінен биіктігі 50 м-ге жетеді (кейде 100 м-ден асады). Жағадан алыста айсбергтер сирек кездеседі. Антарктиканың фаунасы мен не шығу тегі, ерекшелігі оны дербес Антарктика биогеография аймағына жатқызуға мүмкіндік береді.

Халықаралық құқық жағдайы. Антарктиканың праволық режимін белгілеу проблемасы 20 ғасырдың бас кезінде туды. Антарктиканы іс жүзінде игеруге, ең алдымен оның табиғи қорларын пайдалануға деген ынта күшейді. Капиталистік мемлекеттер бұл проблеманы бір жақты шешуге әлденеше рет әрекеттенді. Англия, Жаңа Зеландия, Австралия, Франция, Норвегия, Чили, Аргентина Антарктиканың әр түрлі секторларына өздерінің суверенитетін қолданатынын мәлімдеді, бірақ бұл ұсыныс халықаралық көлемде қабылданған жоқ. Антарктиканың жеке секторларын иемдену жолында кейбір мемлекеттер арасында дау мен қақтығыстар да туды (Англия, Чили және Аргентина арасында). СССР әрқашан да Антарктиканың праволық режимі мүдделі мемлекеттердің заңды праволарын ескере отырып, сол мемлекеттер арасындағы келісім негізінде белгіленуге тиіс деп санады. 1939 жылы 27 қаңтарда Норвегияға жолдаған нотасында орыстың теңіз саяхатшылары мен ғалымдары 19 ғасырдың бас кезінде ашқан және зерттеген жерлері қай мемлекеттің иелігінде болатыны туралы пікірін кейінірек білдірмекші болды. Сондай-ақ Антарктикадағы жерлердің қай мемлекеттің иелігінде болатыны жайындағы көзқарасын АҚШ (1939) пен Жапония (1940) да кейінірек білдіретінін мәлімдеді. Сонымен бірге АҚШ бүкіл Антарктикаға өзінің гегемониясын орнатуға дәмеленіп, Антарктика. режимінің проблемасын бір жақты шешуге тырысты. АҚШ 1948 жылы тамызда Антарктика территориясына иелік айтып қойған елдермен ресми емес келіс сөз жүргізе бастады, бірақ бұған Норвегия, Чили, Аргентина қарсы шықты. СССР үкіметі осы айтылған сыңар жақ келіс сөзге қатысушыларға 1950 жылы 7 маусымда жолдаған меморандумында Антарктика режимі туралы СССР-дің қатысуынсыз қабылданылатын шешімнің қандайын болса да заңсыз деп қарайтындығын мәлімдеді. Бұл мәселені халықаралық көлемде талқылауды ұсынды. Осы ұсынысты мүдделі мемлекеттердің бәрі қолдады. 1959 жылы 15 қазанда Вашингтонда Антарктика жөнінде конференция шақырылды. Оған СССР, АҚШ, Англия, Франция, Бельгия, Норвегия, Оңтүстік Африка Республикасы, Аргентина, Чили, Жапония қатысты. Конференция Антарктика туралы шартты әзірлеп, оны 1959 жылы 1 желтоқсанда мақұлдады. Антарктиканың қазіргі халықаралық право режимі осы шартта белгіленген. 1959 жылғы шартта: Антарктика тек бейбіт мақсатқа ғана пайдаланылуы керек деп белгіленген. Антарктиканың бүкіл территориясы бейтарап аймақ болып отыр. Мұнда бейбіт уақытта, сондай-ақ соғыс кезінде де соғыс мақсатындағы әрекеттің қандайына болса да тыйым салынады. Шарт бойынша Антарктикада ғылыми-зерттеу жұмыстардың жоспарлары жөнінде дерек алмасуға, экспедициялар мен станциялар арасында бір-біріне өкіл жіберіп тұруға, сондай-ақ ғылыми бақылау деректері мен нәтижелерін алмасуға келісті. Договор күшінде болған уақытта Антарктиканың территориялық суверенитеті жөнінде немесе территориялық суверенитетті ұлғайту жөнінде ешқандай жаңа талап қойылуы мүмкін емес деп шешілді.

Географиялық зерттеулер тарихы. Антарктиканы жүйелі зерттеу халықаралық геофизикалық жылдың өткізілуіне байланысты 20 ғасырдың 50 жылдарының орта кезінде ғана басталды. Алайда оны зерттеуге ертеде-ақ көңіл бөлінгені, оңтүстіктегі осы бір құпия сырға толы жерді көруге әр кезде ондаған теңіз экспедициялары аттанғаны мәлім. Антарктиканы ашу және оны зерттеу тарихы төрт кезеңге бөлінеді.

Оңтүстік құрлықты қоңыржай ендіктерден іздеу және антарктикалық аралдарды ашу (16 ғасыр - 19 ғасырдың 1-ширегі). 1501-1502 жылдар А. Веспуччи Атлант мұхитының оңтүстік бөлігінен Оңтүстік Георгий аралын ашты. 1739-1972 жылдар француз экспедициялары Буве және Кергелен аралдарын тапты. 1772-1775 жылдар Дж. Кук бастаған ағылшын экспедициясы құрлықты кемемен айналып шығып, Оңтүстік Георгий аралына жақындады. Сандвич Жерін, Оңтүстік Туле аралын ашты, Тынық мұхит жақ бөлігінде 71° 10' оңтүстік ендікке дейін барды, бірақ ешқандай құрлықты кездестірген жоқ. Кук Оңтүстік құрлық кеме жете алмайтын Оңтүстік полюс өңірінде ғана болуы ықтимал деген болжам айтты.

Антарктиданы ашу және ондағы алғашқы зерттеулер (19 ғ.). Антарктиданы ашқан - Ф.Ф.Беллинсгаузен мен М.П.Лазарев бастаған орыс әскери-теңіз экспедициясы. 1820 жылдың қаңтар-ақпанында орыс экспедициясы «Восток», «Мирный» - қайықтарымен Королева Мод Жеріне төрт рет жақындап барды, Петр I аралын, Александр I Жерін және Оңтүстік Шетленд архипелагының бірнеше аралын ашты. 1838-1842 жылы Антарктикаға француз, американ, ағылшын экспедициялары саяхат жасады. Француздар (Ж.Дюмон-Дюрвиль) Луи Филипп Жерін, Жуанвиль Жерін, Адели Жерін және Клари Жерін ашты, американдар (Ч. Уилкс) Уилкс Жерін, ал ағылшындар (Дж. Росс) Виктория Жерін және жағалауға жақын аралдарды ашты, сондай-ақ орасан зор көлемді Росс шельф мұздығының бойымен тұңғыш рет өтті, Оңтүстік магнит полюсінің орнына есептеп шығарды. Бұдан кейін 50 жыл бойына зерттеу жұмыстары біраз саябырлады.

Антарктиданың жағалауларын зерттеудің басы (1900-1955). Р. Скотт бастаған ағылшын экспедициясы, теңізді зерттеумен қатар. Антарктиданың алыс түкпіріне (82017/ оңтүстік ендікке дейін) тұңғыш рет шанамен саяхат жасады.  Оңтүстік полюске жасалған жорықтардан мендегі екеуі назар аударады: І908 жылы ағылшын Э. Шеклтон Мак-Мердодан) 88° 23' оңтүстік ендікке дейін барды; 1911 жылы Росс Барьерінің шығыс бөлігінен аттанған норвег Р. Амундсен тұңғыш рет (14-16 желтоқсан) Оңтүстік полюске жетті. Ағылшын Р. Скотт Мак-Мердодан жаяу жүріп отырып, Оңтүстік полюске (1912 жылы 18 қаңтарда) екінші болып жетті. Қайтып келе жатқан жолда Р. Скотт және оның серіктері қаза тапты. 1928 жылы Антарктида тұңғыш рет самолетпен (американдар) зерттелді. 1-дүние жүзілік соғыстан кейін Антарктикада тез дамыған кит аулау кәсібі мұхиттың биологиялық тіршілігін зерттеуді талап етті. Осы мақсатпен ағылшындар бірнеше экспедиция ұйымдастырды. 20 ғасырдың 40-50 жылдар Антарктикада оның жиек жақ  бөліктерін зерттейтін ғылыми станциялар (жүйесі құрылды).

1955 жылдан Антарктиканы келісімді түрде жүйелі зерттеу. Халықаралық геофизикалық жылға әзірлік кезінде 11 ел мұз басқан қалқанда, аралдар мен жағалауда 57 база мен пункт құрды; 1955-1958 жылы СССР «Обь» және «Лена» кемелерінде екі экспедиция (жетекшілері М.М.Сомов және А.Ф.Трешников) ұйымдастырды; Мирный ғылыми обсерваториясын (1956 жылы 13 ақпанында ашылды), Оазис станциясын, құрлықтағы Пионер, Восток-1, Комсомол және Восток станцияларын салды; океанографиялық саяхаттар жасады. 1957-1967 жылдар совет ғалымдары Антарктикаға 13 рет теңіз экспедициясын ұйымдастырды, қыстап жатып ескі станцияда бақылау жүргізді, жаңадан Совет, Лазарев, Новолазарев, Молодежная станцияларын салды, 1968 жылы Оңтүстік Шетленд аралдарында Беллинсгаузен станциясын құрды. Совет шана-трактор поездары 1957 жылы Геомагнит полюсіне, 1959 жылы Оңтүстік полюске жорық жасады. АҚШ екі рет экспедиция ұйымдастырды, Батыс Антарктидада вездеходтармен құрлық ішіне бірнеше рет жорық жасады, стационарлық байқаулар жүргізді.

Антарктика биогеография аймағы - жер шарындағы зоологиялық және ботаникалық аймақтардың бірі. Антарктика биогеография аймағында  жануарлар Антарктида құрлығында және оның маңындағы аралдарды (Оңтүстік Шетленд, Оңтүстік Оркней т. б. кіш кене аралдар), сондай-ақ Оңтүстік Георгия, Оңтүстік Сандвич, Буве, Крозе, Кер гелен, Принс-Эдуард, Херд, Макуорі аралдарында, оңтүстік теңіздерде кездеседі. Олардың түрі өте аз. Ауа райы қатал 52 үнемі күшті жел соғатындықтан, мұнда құрлықта тіршілік ететін жануарлар, соның ішінде ұшатын насекомдар, құрлықта жүретін сүт қоректілер өте аз, тұщы су балықтары тіпті жоқ. Көбіне құрлықта тіршілік ететін құстардың осы аймаққа ғана тән 3 түрі бар. Жаз айларында келіп-қайтатын құстар көп. Антарктида аралдарының жағалауында пингвиндер топтанып ұялап, жыл бойы осы аймақта тіршілік етеді. Антарктика теңіздерінде тіршілік жағдайы құрлыққа қарағанда әлдеқайда қолайлы, сондықтан түрлі теңіз жануарлары көп. Теңіздің омыртқасыз жануарларының, шаян тәрізділерінің бір түрі - криль өте көн р: өніп-өсіп, жаз айында теңіз суының бет жағына шоғырланып жиналады, бұл - кейбір балықтардың, құстардың, судағы сүт қоректілердің негізгі жемісі. Осы аймақ теңіздерінде губкалардың 250-ден артық, тікен терілілердің 150- әі ден артық түрі кездеседі. Ішек қуыстылардан салмағы 156 кг-ға жуық медузалар мекендейді. Құрттардың, моллюскілердің түрлері көп. Сүт қоректілерден ескек аяқтылар мен киттер болады. Антарктика құрлығы мен аралдары жағалауында, қалқыма мұздар аймағында итбалықтың 5 түрі мекендейді. Жаз айларында Антарктика теңіздерінде, дүние жүзілік мұхиттың басқа аймақтарына қарағанда, кит көп болады, өйткені мұз жиегінде киттің негізгі қорегі - шаян тәрізділер өте көп. Антарктика биогеография аймағында мұртты киттерден: көк кит, финвал, сейвал, горбач, жолақ кит; тісті киттерден: кашалот, касатка кездеседі. Бұлардың көбінің кәсіптік маңызы үлкен және Совет Одағының кемелері жыл сайын барып кит аулайды.    

Антарктика биогеография аймағында өсімдіктер 40° оңтүстік ендікті тен бастап Американың оңтүстік-батыс бөлігіне, Отты Жер, Фолкленд аралдары, Антарктика аралдары, сондай-ақ 40° оі\у, (іііқітаен оңтустікке қарай ал-  Окленд, Трист ан-да-Кунъя және Антарктида құрлығына түгел таралған.

Бұл аймақта кездесетін 1600 өсімдік түрінің 1200-і осы аймақта ғана өсетін өсімдіктер. Антарктика биогеография аймағында өсімдіктері дүниесінің бір ерекшелігі - бұл аймақта жердің қоңыржай және тропик белдеулерінде өспейтін Солтүстік субарктика аймағында тараған кейбір өсімдіктер өседі. Өсімдік түрлеріне қарай Антарктика биогеография аймағында  үшке бөлінеді: орман, тундра аймағы - және Оңтүстік поляр шөлі. Бұл аймақта кейбір мәңгі жасыл өсімдіктерден бастап поляр шеңберіне тән өсімдіктер де кездеседі.

Әдеб.: Советская комплексная антарктическая экспедиция. Информационныи бюлл., в. 1-66, Л., 1958-1967; Проблемы Арктики и Антарктики, Сб. ст., в. 1-27, Л., 1959-1967; Русин Н.П. Метеорологический и радиационный решим Антарктиды, Л., 1961; Молодцов С.В. Договор об Антарктике. «Советское государство и право», 1959, № 5, с. 64-72; Мовчан А. П. Правовой статус Антарктики - международная проблема. в кн.: Советский ежегодник международного права. 1959, М., 1960, с. 342-345

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-12-05 17:00:17     Қаралды-5613

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »