UF

РАДИАЦИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУГЕ АЛЫНАТЫН СЫНАМАЛАР

 

Мазмұны:

1.Сынама алу үлгісінің массасы

2. Тамыр түйнектілерден сынама алу

 

Сынама үлгісінің массасы, көлемі оны шоғырландырылғаннан (концентрацияланған) кейін, радиометриялық және радиохимиялық зерттеулерге жеткілікті болуы тиіс. Сынама алу мерзімі және массасы 18- кестеде көрсетілген. Сынама алуды радиология бөлімінің қызметкерлері жергілікті ветеринария қызметкерлерінің қатысуымен жүргізуі тиіс. Әрбір алынған сынамалар таза, құрғақ ыдысқа салынып (қап, қапшық, банка т.б) жәшікке салынады да, мөр басылады. Ыдысқа жапсырма жапсырылып, оған сынаманың аты, алынған жері мен мерзімі, массасы т.б. мәліметтер жазылады. Егер сынама кептірілген болса (көк шөп т.б.) ылғалды және құрғақ массасы көрсетіледі. Алынған сынамаға екі дана акт толтырылады (2 қосымша). Бұл акт шаруашылықтардан сынама ретінде алынған құнды өнімдерді (ет, сүт және т.б.) есептен шығаруға негіз болып табылады. Сынама нысанның орташа көрсеткішін көрсетуі қажет. Ол үшін нысанның әр жерінен бірнеше бөлік материял алынады да, (көк шөп, шөп, астық т.б.) есептеп шығаруға негіз болып табылады.

Көк шөп. Көк шөптің сынамасын мал жайылымға шығар алдында жайылымнан және шөп  шабу алдында шабындықтан, жолдан 200м қашықтықта, бір-бірінен 50-100м жерде орналасқан үш бұрышты жерден 3-5см биіктіктен кесіп алады.

Сүрлем, шөптеме. Бұлардың сынамасын әр жерінен 400-500грамнан 10 сынаманы қолмен алып, араластырады да, біріккен сынамадан массасы 1.5-2кг болатын орташа сынама алады.

Шөп, сабан, жем. Бұлардың сынамалары қысқа сақтауға дайындау кезінде алынады. Ол үшін маяның әр жерінен, бір-бірінен бірдей қашықтықта, жер бетінен 1-1.5м биіктіктен, тереңдігі кемі 0.5м қабаттарынан алады. Әр жерден алынған сынамаларды біріктіріп, массасы 2.0кг болатындай орташа сынама жасайды.

Астық. Астықтың сынамасын автокөліктен, қорабының ұзындығына байланысты (3,5 м-ге дейін, 4,5 м-ге дейін, 4,5 м-ден ұзын) 4-6 немесе 8 жерінен, жақтауынан 0,5м қашықтықтан сынама алғышпен немесе қолмен алады. Сынаманың жалпы массасы тиісінше 1, 1,5, 2 кг болуы тиіс. Қапталған астықтан сынама қол жететін үш жерінен, 10 қапқа дейін болса әр қаптан, 100 қапқа дейін болса- 5 қаптан, қосымша партиядағы қап санының 5%-нан және 100 қаптан көп болса – 10 қаптан және партиядағы қап санының 2,5%- нан алынады. Сынаманың жалпы массасы 2кг-нан кем болмауы қажет.

Тамыр түйнектілерден сынама алу. Тамыртүйнектілерден (қызылша, картоп, сәбіз, пияз, хрен т.б) сынама алу кезінде, олардың қапқа, жәшікке, поддондарға және басқа ыдыстарға салынған партиясынан 2-5% қорап (бірақ үштен аз емес) алынады. Әрбір бақылау қорабынан нүктелік сынамаларды әртүрлі қабаттарынан (үстінен, ортасынан, астынан) 5-10 данадан бүтін күйінде, топырақтан мұқият тазалап алады. Ыдыстарға салынбай үйінді түрінде жиналған тамыртүйнектілерден 10-15 сынаманы үйінділердің әртүрлі қабаттарынан, бір-біріне бірдей қашықтықта, әржерінен алады. Нүктелік сынамалардың мөлшері 5-10 дана. Олардың массасы шамамен бірдей болуы керек. Нүктелік сынамаларды араластырады да, қосынды сынама дайындайды, одан массасы 3 кг болатын орта сынама алады.

Жеміс, жидек, көкөністен сынама алу. Жеміс-жидектен (қияр, алма, алмұрт, қызанақ т.б) сынама алу тамыртүйнектілерден сынама алу тәсілдеріне сәйкес жүргізіледі. Консервіленген өнімдерден сынама алу, даналап сатылатын өнімдерден сынама алу тәртібі бойынша жүргізіледі.

Өсімдік өнімдерінің аздаған партиясынан (жидек, аскөк т.б) нүктелік сынаманы 4-5 жерінен алады. Қосынды сынама массасы немесе көлемі бойынша тексеруге арналған қажетті сынамадан үш есе артық болмауға тиісті. Орта сынаманың көлемі 1кг-нан кем болмауы керек.

Бақшалық дақылдар, қырыққабат, асқабақ және басқа да ірі жемістерден сынама алу кезінде олардың әрқайсысы нүктелік ретінде қаралады, нүктелік сынамаларды кездейсоқ 3-4 жерден алады. Қосынды сынама дайындап, одан 3кг-нан кем емес орта сынама алады.

Ет және ет өнімдері.  Халыққа сатуға арналған ауылшаруашылық малдарының (сиыр, қой, шошқа) етінен, ішкі ағзаларынан сынама алу, ет комбинаттарында, тоңазытқыштарда және өнімді ету орнында жүргізіледі. Кәсіби ауланатын тағы жануарлардың және бұғының етінен сынаманы сату орындарында (базарларда, дүкендерде т.б) алады.

Ет комбинаттарында және тоңазытқыштарда әрбір бір текті партиядан ірі қара малы ұшаларының 10%-нан , қой мен шошқа ұшаларының 5%-нан және мұздатылған немесе салқындатылған ет блоктары мен субөнімдерінің 2%-нан сынама алынады, бірақ ол үш данадан кем болмауы керек.

Нүктелік сынаманы, оны алуға арналған әр ұшадан немесе оның бөлігінен 200г-нан кем емес кесек ет алынады. Оны бауыздау орнынан, 4-5-ші мойын омыртқасының тұсынан, жауырын аймағынан, ортан жілік аймағынан және қалың ет бар жерінен алады. Мұздатылған және салқындатылған ет блоктарынан және субөнімдерден де (бауыр, бүйрек, көк бауыр, өкпе т.б) массасы 0,2 кг-нан кем емес бүтін кесектер алынады. Жиналған нүктелік сынамалардан қосымша сынама дайындайды, оның массасы 2 кг-нан кем болмауы керек. Орта сынама дайындау үшін (1.0 кг) етті мұқият араластырады, ол үшін оны ұсақтап (10-15 г) турайды немесе еттартқыштан өткізеді. Өнімнің меншікті активтілігі аз немесе өнім массасы аз болған жағдайда қосынды және орта сынаманың масса мөлшері бірдей болуы мүмкін. Дайын ет өнімдерінен, жартылай фабрикаттардан, ысталған және шұжық өнімдерінен сынама алу партиядағы қораптардың жалпы санының 10% құрайды, бірақ екі бірліктен кем болмауы керек. 0,05-0,1 кг көлемдегі нүктелік сынамаларды еркін түрде алады. Нүктелік сынамаларды араластырады да қосынды сынамадан массасы 1,0кг-нан кем емес орта сынама алады. Тұтынуға арналған ыдыстарға бөлініп салынған өнімнен сынам алу, даналап сатылатын өнімдерден сынама алу тәртібі бойынша жүргізіледі. Қоян етінен сынама алу құс етінен сынама алу бойынша жүргізіледі, бірақ тасымалдауға арналған әрбір ыдыстан бір ғана қоян ұшасын алады.

Сүйек. Ет комбинаттарынан және сату орындарынан сүйек сынамасын алу кезінде сиыр ұшаларының (жарты ұшаларының немесе төрттен бірінің) 10%-ның қой және шошқа ұшаларының (жарты ұшаларының) 5%-нан алады.

Тағамдық сүйектерді жәшіктерде (қаптарда) тасымалдау кезінде тасымалдау ыдыстарының 10%-нан алады. Сынама алуға әзірленген әрбір ыдыстың әртүрлі 3 қабатынан сынама алынады.

Нүктелік сынама ретінде мал қаңқасының орташа меншікті активтілігін айқын сипаттайтын, малдың алдыңғы қабырғалары немесе мойын омыртқалары алынады.

Қосынды сынама дайындау кезінде нүктелік сынама ретінде алынған сүйектерді ұсақтайды, мұқият араластырады да, содан орта сынама алынады.  Орта сынаманың мөлшері 1.0 кг-нан аз болмауы керек.

Бауыр, бүйрек, көк бауыр, өкпе сынамалары 0,1-0,2 кг болуы қажет, қалқанша безін түгелімен жібереді.

Құс, жұмыртқа, жұмыртқа ұнтағы. Құс ұшаларын сатуға түскен партияның кез- келген жерінен алынады. Сынамалар саны партиядағы тасымалдауға арналған ыдыстар санына байланысты болады. (9-кесте).

Тауық сынамаларын ұша және жарты ұша, қаз және күрке тауық сынамаларын ұшаның төрттен бірі түрінде алады. Сынамаларды фермалардан алған кезде тауық пен үйрек ұшаларынан үш данадан және қаз бен күрке тауықтан үш жарты ұлпадан алады.

Балық және балық өнімдері. Балық сынамасын партияның әр жерінен алады. Сынама алуға партиядағы ыдыстың (бөшке, жәшік және басқа да тасымалдау ыдыстары) 10%-ы кіреді, әрбір ашылған ыдыстың әр жерінен үш-үштен нүктелік сынама алады да қосынды және орта сынама дайындайды. Тірі және салқындатылған балауса балықты тексеру үшін партиядан массасы бойынша 1-2% алады. Балықтың барлық түрлері бөлек-бөлек тексеріледі. Балықтың ұсақ түрінен нүктелік сынама үшін балықты бүтіндей алады: біреуінің массасы 0,1-ден 0,5 кг-ға дейін болса 6 балық; 0,5-тен 1,0 кг-ға дейін болса 3 балық . Егер бір балықтың массасы 1кг-нан жоғары болса, онда үш балықтың басына жақын жерінен желбезегімен бірге, ортасынан және құйрық жағынан алады. Қосынды сынаманың массасы 1,0 кг-нан кем болмауы керек. Орта сынаманың мөлшері де 1,0кг-нан кем болмауы тиіс, ал құнды балықтар үшін 0,5 кг. Балықты механикалық ластанулардан және қабыршағынан тазалайды, мұздатылған балықты 1С температураға дейін жібітеді, 0,1кг-нан аспайтын ұсақ балықтың орта сынамасын тексеруге бөлшектеусіз пайдаланады, 0,1-ден 1,0 кг-ға дейін балықты филеге бөлшектейді,  массасы 1,0 кг-на жоғары балықты және теңіз сүтқоректілерінің етін терісі мен сүйектерінен ажыратқаннан кейін ұзындығы 5см-ден көп емес немесе 0,2кг-нан аспайтын бөлшектерге бөледі. Кептірілген және ысталған балықтан сынама алу аналогиялық тәсілдермен жүргізіледі.  Консервіленген балық өнімдерінен сынама алу даналап сатылатын өнімдерден сынама алу тәртібі бойынша жүргізіледі. Еттің, балықтың, сүйектің бұзылмауы үшін сынаманы 4-5%-ды формалин ерітіндісіне батырылған дәкеге бірнеше қабаттап орайды. Құс және балықтың бүтін ұшаларын 5% формалин ерітіндісімен инъекциялау арқылы консервілеуге болады.

Сүт. Үлкен ыдыстардан сүт сынамасын үстіңгі және терең қабаттарынан алады. Тексеруден өткізуге майлы және сеператордан өткізілген сүт пайдаланылады. Сынама алар алдында цистернадағы, флягадағы және басқа ыдыстардағы сүтті мұқият араластырады. Өнімді араластырғаннан кейін әрбір ыдыстан бірдей мөлшерде нүктелік сынама алады (бірақ үштен кем емес). Нүктелік сынаманың көлемі 0,1-0,5 л.

Сүтті сатуға флягамен шығарған кезде оның жалпы санының 5%-нан сынама алады, бірақ үштен кем емес. Тұтыну ыдыстарына (бөтелке,пакеттер)бөлшектеп құйылған сүттен сынама алуға , осы ыдыстар нүктелік сынама болып есептелінеді. Бөтелкелерге, пакеттерге, пачкаларға бөлшектеп құйылған сүт өнімдерінен сынама алу кезінде, нүктелік сынама ретінде олардан төмендегідей мөлшерде бірліктер алынады:

100 бірлікке дейінгі партиядан- 2 ыдыс;

101-ден 200-ге дейін -3 ыдыс;

201-ден 500-ге дейін- 4 ыдыс;

501-ден 1000-ға дейін- 5 ыдыс;

бірақ сүт және басқа өнімдерден 2 литрден кем емес.

Нүктелік сынамалардан қосынды сынамалардан қосынды сынама құрастырылады да, зертханалық зерттеулер жүргізуге арналған орта сынама дайындайды. Сүттің орта сынамасының көлемі 2,0 литрден кем емес.

Кілегей, ашытылған сүт өнімдері, балмұздақ. Сынама алуға іріктелген кілегей, сұйық қышқыл сүт өнімдері (айран, ряженка, кефир), балмұздақ т.б. Құйылған флягадан немесе басқа ыдыстардан өнімді алдын-ала араластырғаннан кейін қуыс бұрғымен немесе сынама алғышпен алады. Қосынды сынама құрастырып оны 20 градус температураға дейін қыздырады да орта сынама алады. Сынама мөлшері сүт сынамасын алумен бірдей. Бөтелкеге, пачкаларға, пакеттерге бөлшектеп қүйылған өнімдерден, нүктелік сынама ретінде алынатын ыдыс бірліктері сүт сынамасымен бірдей, бірақ 1.0 литрден кем емес. Алынған сынамалардан қосынды және орта сынама жасайды орта сынаманың көлемі 1.0 л. Ұсақ ыдыстарға (0,2 л (кг) және одан да аз) бөлшектеп құйылған өнімдерден сынама алу, даналап сатылатын өнімдерден сынама алу тәртібі бойынша жүргізіледі.

Қаймақ. Үлкен ыдыстарға бөлшекеп құйылған қаймақтан, ыдыстардың жалпы санының 10% іріктеп алынады да, сынаманы солардан алады. Ыдыстар саны 10 бірліктен кем болған жағдайда тек біреуін ғана ашып сынама алады. Ыдысты ашқаннан кейін қаймақты піспектен араластырады. Нүктелік сынаманың көлемі 0,05-0,1л. Нүктелік сынамаларды бір таза ыдыста жинап қосынды сынама жасайды. Орта сынама алар алдында қаймақты мұқият араластырады, егер оның консистенциясы өте қою болса, онда қаймақты алдын ала су моншасында 30-35С-қа дейін қыздырып, содан кейін 20С-қа дейін салқындатылады. Тұтынуға арналған ыдыстарға бөлшектеп салынған өнімнен сынама алу тәртібі бойынша жүргізіледі. Орта сынаманың көлемі 1,0кг-нан аз болмауы керек.

Сүзбе. Үлкен ыдысқа салынған сүзбеден, ыдыстардың жалпы санының 10пайызынан сынама алады. Әрбір ашылған ыдыстан үш нүктелік сынама алады: біреуін ортасынан, басқа екеуін ыдыстың бүйірінени 3-5 см қашықтықта. Нүктелік сынаманың көлемі- 0,05-0,1 кг.

Нүктелік сынаманы құрғақ таза ыдысқа салып араластырады да, осы қосынды сынамадан орта сынама алады. Орта сынаманың көлемі 1,0кг-нан кем болмауы тиіс.

Сүзбенің іріктелген қосынды сынамасы, консистенциясы біркелкі болғанша мыжып араластырады да, массасы 1,0 кг-нан кем емес орта сынама алады.

Сүт консервілері. Қоюландырылған сүт консервілерінен сынама алар алдында араластырады. Егер, қант қосылған қоюландырылған сүтконсервілері қалбырының түбінде тұнба болса, онда қалбырды 28С-қа дейін қыздырады және біртекті масса пайда болғанға дейін араластырады.

Тексеруге жалпы ыдыс (бөшке, барабан) санының 3%-н алып ашады, бірақ оның саны 2 бірліктен кем болмауы тиіс. Тексеруге іріктелген цистернадағы, бөшкедегі, флягадағы қоюландырылған сүт өнімдерінен нүктеліік сынамаларды алу және одан қосынды сынама дайындау сүтті дайндау тәртібі бойынша жүргізіледі. Нүктелік сынаманы әр жерінен алады. Орта сынаманың массасы 1,0кг-нан кем болмауы керек. Сүт консервілері металдан және пластикадан жасалған ұсақ немесе ірі ыдыстарға құйылып, бұл ыдыстар жәшіктерге салынып қапталған кезде, жәшіктердің жалпы санының 3 пайызынан сынам алады, бірақ ол үштен кем болмауы керек. Өнім металдан жасалған ірі қалбырларға құйылған болса, барлық қалбырлар санының 5 пайызын алады, бірақ ол бірден кем болмауы  керек. Ұсақ ыдыстарға құйылған болса, әрбір тексеруге алынган орыннан 4 дана алады. Орта сынаманың массасы 1,0 кг-нан кем емес.

Құрғақ сүт өнімдері. Ірі қаптамадан құрғақ сүт өнімдерінің нүктелік сынамасын астықтан сынама алуға арналған аспаппен, қапталған өнімнің әр жерінен және әртүрлі тереңдігінен алады. Қосынды сынаманың массасы 1,0кг-нан кем емес. Орта сынаманы өнімді мұқият араластырғаннан кейін алады. Орта сынаманың массасы 0,6кг-нан кем емес.

Ұсақ қаптамаларға бөлшектеп салынған өнімдерден сынама алу және орта сынама дайындау қоюландырылған сүт консервілерінен сынама алу тәртібі бойынша жүргізіледі. Орта сынаманың мөлшері 0,6кг-нан кем емес.

Сары май. Сары майдан (сары майдың барлық түрі және тортасын айырған май) сынама алу үшін қаптама бірліктерінің жалпы санының  3 пайызын алып ашады, бірақ екіден кем емес. Нүктелік сынаманы 38С-қа дейін қыздырылған қуыс бұрғымен алады. Қосынды сынама дайындау үшін әрбір тасымалданатын ыдыс бірлігіндегі өнімнен, қуыс бұрғымен алынған сары май бағамынан, пышақпен массасы 50грамм мөлшерінде сары майдың нүктелік сынамасын алады. Әрбір ашылған қаптама бірлігінен ормадағы сары майдың 3 пайызын алады. Әрбір орамадан пышақпен массасы 50-100 грамм мөлшерінде сары майдың нүктелік сынамасын алады. Майдың қосынды сынамасын температурасы 30С болатын су моншасында орналастырады. Сынаманы үнемі араласытырып тұрып, жұмсарғанға дейін қыздырады да зертханалық зерттеуге орташа сынама алады. Орта сынаманың массасы 0,5кг-нан кем емес.

Ірімшіктер (сыры). Ірімшіктің қатты, жұмсақ және одан да басқа түрлерінен сынама алу үшін, партиядан төмендегідей санда тасымалданатын қаптама бірлігін алады. Радиологиялық зерттеуге іріктелген қатты, жұмсақ ірімшіктің, брынзаның т.б әрбір тасымалданатын қаптама бірлігінен бір шеңбер алып, одан нүктелік сынама алады. Нүктелік сынаманы ірімшік шеңберін төртке бөліп, әрбірінен қажетті мөлшерде алады. Оның мөлшері 0,05-0,1 кг. Ірі ыдысқа қапталған ерітілген ірімшіктен тексеру орны ретінде, қаптамалардың жалпы санының 10 пайызын алып, ашады. Әрбір тексерілетін бірліктен, қосынды сынаманың мөлшеріне байланысты 3-5 орама ірімшік немесе 1 батон шұжық тәріздес ірімшік алады. Ірімшіктің барлық түрлерінен алынған нүктелік сынаманы мұқият ұнтақтағыштан өткізіп араластырады да қосынды сынама дайындайды, одан орат сынама алады. Орта сынаманың мөлшері 0,6 кг-нан кем емес. Сүт қанты, тағамдық казеин. Сынама алу кезінде партиядан төмендегідей қаптама бірлігін алып, ашады.

Сүт қанты және казеиннің бақылауға алынатын қаптамаларының нормасы

Партиядағы тасымалданатын қаптама саны

10-ға дейін

11-20

21-40

41-60

60-тан жоғары

Алынатын орама саны

1

25%

20%

15%

10%бірақ 7-ден кем емес)

  Зертханалық зерттеулерге әрбір тексерілетін қаптама бірлігінен құрғақ сүт өнімдері жазылған бөлімдегі әдіс бойынша сынама алады. Орта сынаманың мөлшері 1,0 кг.

Су. Өзен, көл және тоғаннан су сынамасын жануарлар су ішетін жағалаудан алады. Егер су көзі терең болсағ екі сынама алынады, беткі қабатынан және тереңінен, бірақ түбіндегі тұнбаны араластырмай, су түбінен 0,5м жоғардан алады. Шыныда радиоизотоптар сіңірілуін (адсорбция) төмендету үшін, суды азот немес тұз қышқылдарымен қышқылдандырады.

Бал. Табиғи балдан сынама алар алдында әрбір партиядан сынама алынатын ыдыс бірліктерін іріктейді. (26-кесте). Әрбір ыдыстан нүктелік сынама алады. Табиғи бал сынамасын, сұйық болса аллюминийен жасалған диаметрі 10-12мм болатын сынама алғыш түтікпен ыдыстың түбіне дейін батыру арқылы алады, ал егер бал тығыз болса, онда майдан сынама алатын қуыс бұрғымен (щуппен) әрбір қабатынан алады. Кристалданған балдан қуыс бұрғыны қиғаштай кіргізіп алады. Егер бал кәрезде болса, ауданы 25см² бөлігін кесіп алады да, ұяшықтарының қақпағын алып, көздерінің диамаетрі 1мм-ден аспайтын сүзгіге орналастырып, шыны ыдысқа салып, 40-45ºС температурадағы термостатқа қояды.Нүктелік сынаманың массасы 0,05-0,1 кг.

                                

Балдан сынама алу мөлшері

Партиядағы ыдыс саны

Алынатын ыдыс саны

Партиядағы ыдыс саны

Алынатын ыдыс саны

3-ке дейін

1

41-60

6

4-20

3

61-80

8

21-30

4

81 және жоғары

10%

31-40

5

 

 

     Балдың барлық нүктелік сынамаларын қосып мұқият араластырады, кристалданған балды алдын-ала 40-45ºС температураға дейін қыздырады да орта сынама алады. Орта сынаманың массасы 1,0 кг-нан кем емес.

Мал майы, маргарин және өсімдік майы. Сынама алуға әрбір партиядағы ыдыстың (бөшке, жәшік және басқа да тасымалдау ыдыстары) 7% -ы кіреді, бірақ үш ыдыстан кем болмауы керек. Майдың нүктелік сынамаларын қуыс бұрғымен ыдыстың барлық тереңдігінен алады да, бір ыдысқа салып қосынды сынама құрастырады. Оны 40-45ºС-қа дейін қыздырып, мұқият араластырады да, орта сынама алады. Өсімдік майының нүктелік сынамасын, сүт және сүт өнімдері, ет және ет өнімдерінен сынама алу бөліміндегі тәртіп бойынша алады. Қосынды сынамадан 1,0 кг-нан кем емес орта сынама алады.

Сиымдылығы 1,0кг-нан көп емес тұтыну ыдыстарына (пачкалар, банкалар, бөтелкелер т.б) бөлшектеп салынған мал майы, маргарин, өсімдік майының әрбір 100 данасының бір бірлік алады. Қатты мал майының нүктелік сынамаларын араластырып қосынды сынаманы, сары май сынамасы тәріздес дайындайды да, одан орта сынама алады. Сұйық өсімдік майларының нүктелік сынамаларын қосып мұқият араластырғаннан кейін орта сынама алады. Оның көлемі 1,0 кг-нан кем емес. Даналап сатылатын өнімдерден сынама алу. Консервіленген даналап сатылатын өнімдерден (консервілер, концентраттар, тұздалған өнім,шырындар, ішімдіктер, шараптар, коньяктар ликер- арақ өнімдері т.б.), бөтелкелерге құйылған судан, тұтыну ыдыстарына бөлшектеп салынған өнімдерден, және тұтыну ыдыстарына оралмаған өнімдерден сынама алу кезінде олардың әрбір бірліктері нүктелік сынама болып есептеледі. Сынама алуға барлық ыдыстардың 3%-ы кіреді, бірақ екіден кем емес. Массасы 0,2-0,3кг(л) болатын даналап сатылатын өнімдердің әрбір қаптамасынан 0,2-0,3 кг(л) болатын даналап сатылатын өнімдердің әрбір қаптамасынан 10%-ын алады, бірақ 1,0кг-нан кем емес және массасы 0,2кг-нан кем даналап сатылатын ұсақ өнімдерден 20%-ын алады, бірақ 1,0кг-нан кем емес.Тұтыну ыдыстарына салынбаған нан, бөлкелік өнімдер партиясынан (лотоктар, жәшіктер, қаптар т.б) сынаманы даналап сатылатын өнімдер тәріздес алады. Нан, бөлке өнімдерін 0,2кг-нан аз мөлшерде бөлшектеп ораған кезде партиядан 20% сынама алады. Нүктелік сынамалардан қосынды сынама құрастырып , мұқият араластырғаннан кейін орта сынама алады. Орта сынаманың массасы 1,0кг-нан кем емес.Шәй, кофе, дәмдеуіштердің қосынды және орта сынамасының массасы 0,5кг-нан кем болмауы тиіс.Өндіріс жағдайында бөтелкеге құйылған ауыз суының, асханалық және минералды сулардың орта сынамасының массасы, цезий-137 мен стонций-90-ның рұқсат етілген деңгейі 8Бк/л болатынын ескергенде 2л-ден кем болмауы керек.

Орта сынамаларды қаптау, буып-түю және тасымалдау

Зерттеуге іріктеп алынған сұйық сынамаларды (сүт, сүт өнімдері, су т.б.) құрғақ таза шыны немесе полиэтиленнен жасалған ыдысқа (аузы бұрандалы қақпақпен жабылған банкалар, бөтелкелер, флакондар) құйып герметикалық түрде жабылады. Қажет болған жағдайда тез бұзылатын сынамаларды (сүт, сүт өнімдері т.б) 40%-ды формалин ерітіндісімен (1-2мл/л) консервілейді.

Тамыр түйнектілер, жемістер, жидектер, бақшалық дақылдар т.б. сынамаларын екі қабатты полиэтилен немесе қағаздан жасалған қаптарға салып аузын байлайды. Ұсақ сынамаларды (ұн, жарма, макарон өнімдері т.б) тығыз полиэтиленнен жасалған қапқа салып аузын байлайды. Ылғалдығы жоғары сынамаларды алғаннан кейін салмағын өлшеп, тығыз полиэтиленнен жасалған қапқа салып аузын байлайды.  Ет, субөнімдер, сүйек ,балық, құс т.б сынамаларын ыдысқа салу алдында 4-5 %-ды формалин ерітіндісімен дымқылданған бірнеше қабат дәкеге орайды да тығыз полиэтиленнен жасалған қаптарға салып аузын байлайды. Шыныдан, полиэтиленнен жасалған ыдыстарды, пергамент қағазымен орап, жіппен (шпагат) орап байлайды да мөрмен бекітеді. Әрбір сынамаға этикетка дайындайды, онда сынаманың нөмірін, атын, датасы мен алынған орнын, массасын, өнім сақталған ғимараттың ішіндегі гамма-фон мен партияның гамма-дозасының қуатын көрсетеді; сынаманы кептірген жағдайда ылғалды кезіндегі және кепкеннен кейінгі массаны көрсетеді. Этикетканы целлофанға орап сынамамен бірге буып-түйеді. Буып-түйілген сынамаларды арнайы жабдықталған жәшікке салады. Бұл кезде жөнелтілетін материалдың тұтастығын қамтамасыз ету үшін жәшіктің ішінде оны қағазға, мақтаға орайды. Жәшікті мөрмен бекітеді. Іріктеп алынған сынамаларға жолдама құжат, екі дана сынама алу актісін жасайды. Жолдама құжат пен актінің бір данасын зерттеуге жіберілетін сынамалармен бірге салады. Актінің екінші данасы сынама алынған мекемеде және сату орындарында қалады. Зерттеу зертханасында қабылданған сынамалар арнайы жорналда тіркеледі, оның формасы сынама алу актісінің формасына сәйкес болуы керек.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Нуралиев С., Қырықбайұлы С., Қаратаев Ш. Ветеринариялық санитариялық сараптау және радиобиология практикумы  Шымкент, 2010

2 Нуралиев С., Каратаев Ш.М., Методическое указание к лабораторным занятиям по дисциплине «Ветеринарно –санитарная экспертиза и радиобиология», Шымкент 2009

3 Нуралиев С., Кырыкбайулы С., Каратаев Ш. Практикум по ветеринарно –санитарной экспертизе и радиобиологии. Шымкент 2009

4. Малғаждаров С және басқалар. Радиобиология. Алматы, 1988 ж.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2022-09-21 17:40:39     Қаралды-545

КІРПІШ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Пісірілген балшықтан жасалған бұл әмбебап құрылыс материалы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ ПЛАНЕТА КҮНГЕ ЖАҚЫН?

...

Меркурий – «ең ыстық» планета.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕГЕ ЖАРҚЫРАЙДЫ?

...

Күн Жер сияқты қатты дене емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АСПАНДА ЖҰЛДЫЗДАР ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

...

Жұлдыздар галактикалардың негізгі «тұрғындары» болып табылады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ГАЛАКТИКА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Ежелгі гректер бұл жұлдыздар шоғырын Галактика деп атаған, ол Құс жолы дегенді білдіреді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »