UF

ЛИВАН, Ливан Республикасы Эл-Жумхурия әл-Лубнания - Жер орта теңізінің шығыс жағалауында орналасқан Батыс Азиялық мемлекет. Солтүстігінде және шығысында Сириямен, оңтүстік-шығысында Израильмен, оңтүстігінде БҰҰ-ның араб мемлекетін құру үшін бөлген жерімен шектеседі. Жері 10,4 мың км2. Халқы 4,4 млн. (2015). Астанасы - Бейрут қаласы. Әкімшілік жағынан 5 мухафазаға (округқа) бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Ливан - республика. Қазіргі конституциясы 1926 жылы 23 мамырдан күшінде (1927, 1929, 1943 және 1947 ж. өзгеріс енгізілген.). Мемлекеттік басшысы - президент, оны парламент жасырын дауыспен 6 жылға сайлайды. Президент кең праволы: ол премьер-министр мен министрлерді, жоғары лауазым иелерін тағайындап, ауыстырады, декрет қабылдап, халықаралық шарттарды бекітеді және қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшыеы. Ливан жоғары заң шығару органы - бір палаталы парламент (құрамында 99 депутат, жалпыға бірдей төте сайлау негізінде 4 жылға сайланады). 21 жасқа толған барлық азаматтар сайлауға праволы. Жергілікті әкімшілік орындарын - мухафазаларды үкімет тағайындайтын губернаторлар (мухафаз), аудандарды (када) - супрефект (каймакам) басқарады. Мухафазалардағы жергілікті басшылықты губернаторлардың кеңесші органы 4 жылға құрылатын советтер атқарады. Сот жүйесі 1-инстанция соттарынан, аппеляциялық және кассациялық (жоғарғы) соттардан құралады. Бұлармен қатар, шариғат, акімшілік, еңбек дау-шарлары жөнінде арбитраж бен соттар бар.

Табиғаты. Ливанның теңіз жағасы аласа, мүйісті және құмды келеді. Жағалаулық бөлігі енсіз (15 км-ге дейін) жазық. Қалған жерін Ливан жотасы мен Антиливан жотасының батыс сілемдері алып жатыр. Екі жота аралығын, терең тау аралық Бекаа ойысы бөліп тұрады. Ең биік жері - Курнет-эс-Сауда тауы (3083 м). Пайдалы қазындылары - темір рудасы, қоңыр көмір. Климаты субтропиктік; жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері - тау аралық ойыста 400 мм, тауда, 1000 мм. Қаңтардың орташа температурасы 6-13°С, шілдеде 22-28°С. Өзендері қысқа, жазда тартылып та қалады. Суармалық маңызы зор өзендердің бірі - Эль-Литани; ол Бекаа аңғарын кесіп ағады. Жері негізінен қоңыр топырақты. Жерінде бұта өсімдіктер, тау беткейлерінде орман (мәңгі жасыл емен, шынар, үйеңкі, қарағай, арша т. б.) өседі. Жануарлар дүниесінде қорқау қасқыр, шиебөрі, араб киігі т. б. мекендейді. Табиғи өсімдік жамылғысы сақталған және құс көп қонатын 12 қорық мемлекет қамқорлығында.

Халқы. Тұрғындарының 90%-і арабтар (ливандар және 300 мың палестиналық босқындар, 1972). Сонымен қатар мұнда армяндар, курдтар, черкестер, түріктер, парсылар, еврейлер тұрады. Ресми тілі - араб тілі; француз және ағылшын тілдері де кеңінен қолданылады. Халқының 48%-і мұсылмандар, 52%-і христиандар. 1963-1971 жылдар аралығында, халық жылына 2,9%-ке өсіп отырды. Халқының еңбекке қатынасатыны - 726 мың (1970); олардың 47%-і ауыл шаруашылығында, 16%-і өнеркәсіпте жұмыс істейді. Халқының орташа тығыздығы 1 км2 жерге 276 адамнан келеді (1971). Қала халқы 50%; ірі қалалары Бейрут (700 мың, 1971), Триполи, Сайда, Захли.

Тарихы. Қазіргі Ливан жерін адамдар өте ерте заманнан мекендеген. Б. з. б. 5-мың жылдықта алғашқы тұрақты мекендер пайда болды. 4-3-мың жылдықта ертедегі Финикия елінің бір бөлігі болып саналатын жағалаудағы аудандарда егін шаруашылығы өркендеді, қыш кәсіпшілігі, тоқыма, шыны өндірісі, темір өңдеу, кеме жасау пайда болды. Ертеде мұнда финикий, хуррит т. б. тайпалар болды. 4-2 мың жылдықта Ливан жерінде Библ (қазіргі Джубейль), Тир (қазіргі Сур), Сидон (қазіргі Сайда), Берит (қазіргі Бейрут) сияқты финикийлердің бірнеше қала-мемлекеттері пайда болды.

3-мың жылдықта Ливан жағалауларындағы Финикия қалалары Египетпен, ал 2 мың жылдықта Вавилон, Кавказ мемлекеттерімен және Кіші Азиямен қызу сауда қатынасын жасай бастады. Египет перғауыны Тутмос III (1525-1473 билеген) тұсында Ливан Египеттің саяси ықпалында еді. Финикия қала-мемлекеттерін 8, 7 ғасырларда Ассирия, 7 ғасырдың аяғында Вавилония, 6 ғасырда ахемен әулеті, 4 ғасырда Александр Македонский бірінен соң бірі жаулап алды. 4 ғасырдың аяғында Ливан жерін Птолемей Египеті мен Селевки әулеті мемлекеті бөлісті; 2 ғасырдың басынан б. з. б. 67 жылға дейін Селевки әулеті империясына кірді. Б. з. б. 64 жылы Ливан территориясы Римнің Сирия провинциясына қосылып, Рим мирасқорының қол астында болды. 4-6 ғасырларда Ливан территориясы Византия империясының құрамына енді. 7 ғасырдың басында Ливан Сасани әулетінің шапқыншылығына ұшырады. 7 ғасырда арабтар жаулап алып, ислам дінін таратты. 11 ғасырдың аяғында Ливан жеріне «рест тағушылар басып кіріп, бірнеше феодалдық князьдық құрды. 13 ғасырдың аяғында азаттық көтерілісі нәтижесінде крест тағушылар елден қуылды. 13-16 ғасырлардың басында Ливан Египет мамлюктерінің билігінде болды. Ливанда феодалдану процесі осы кезеңде аяқталды. 1516 жылы мамлюктерді күйрете жеңген түрік сұлтаны Селим I (1512-1520 жылдар билік құрды) Ливанды Осман имперпясының құрамына қосты. Ливан халқы түрік сұлтандарының билігіне қарсы бірнеше рет көтеріліске шықты.

18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында товарлы-ақша қатынасы дамыды. Алғашқы мануфактуралар пайда болды. Әмір Башир II Шихаб Ливанды түріктерден азат ету мақсатымен Египет билеушісі Мұхаммед Әлимен одақ жасап, өзін Египет вассалымын деп жариялады. Түрік езгісінен босау елдің өркендеуіне игі әсер етті. 19 ғасырдың аяқ шенінде Ливан бүкіл Осман империясымен бірге Батыс державалардың жартылай отарына айналды. 1905-1907 жылдардағы орыс революциясының ықпалымен Ливанда ұлттық топтардың белсенділігі артты. 1912 жылы Бейрутта «Реформалар лигасы» құрылып, Бейрут арабтардың ұлт-азаттық қозғалысы орталығына айналды. 1-дүние жүзілік соғыс кезінде (1914-1918) Түркия Ливан автономиясын жойып, әскер қатарына адам алды. 1918 жылы қазанда Ливанды ағылшын-француз әскерлері басып алды. Ливан акономикасы түгел дерлік француз монополистерінің капиталына тәуелді болды. Ливан француз империализмінің стратегиялық базасына айналды.

Ливан халқы француз отаршылдарына қарсы белсенді күрес жүргізді. 1924 жылы Бекаа алқабында шаруалар көтерілісі болды. Осы жылы Ливан және Сирия коммунистері Бейрутта Сирия коммунистік партиясының (СКП) негізін қалады. 1925-1927 жылдар Ливан халқы Сириядағы антиимпериалистік көтерілісті қолдады. 1932 жылы елде шетел концессиялары мен монополияларына қарсы қозғалыс кең өріс алды. 1933 жылы Ливанда шоферлар мен баспахана қызметкерлерінің ереуілдері болды. 1934 жылы коммунистердің бастауымен бірыңғай майдан комитеттері ұйымдастырылды.

1-дүние жүзілік соғыс басталысымен Ливан парламенті таратылып, компартияға тыйым салынды. Бірақ бұқаралық халық қозғалысының қысымымен 1943 жылы 22 қарашада Ливан үкіметінің заңды праволары қайта орнады. Бұл күн Ливанның ұлттық тәуелсіздік мерекесі күніне айналды. 1944 жылы тамызда Ливан мен СССР арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. 1945 жылы ақпанда Ливан парламенті Германия және Жапониямен соғыс жағдайында екені туралы декларацияны бекітті. 1945 жылы наурызда Ливан араб мемлекеттері лигасын құруға қатысты. Сол жылы Ливан БҰҰ-на мүше болып кірді. Тәуелсіздік жолындағы күресте қол жеткен баспасөз, жиналыс және саяси ұйымдар бостандығын пайдалана отырып, Ливан еңбекшілері өздерінің тұрмысын жақсартуды, демократиялық ішкі және сыртқы саясат жүргізуді талап етті. 1946 жылы қыркүйекте Ливан жұмысшылары мен қызметкерлерінің кәсіподақ Федерациясы (1943) талап етуі бойынша өнеркәсіп жұмысшыларына 8 сағаттық жұмыс күнін, ақшасы төленетін демалыс, пенсия беруді белгілеген еңбек заңы қабылданды. 1949 жылы Ливанда бейбітшілікті жақтаушылар комитеті құрылды. 1943-1973 жылдар аралығында Ливан үкіметі 40 рет өзгерді. 1948-1949 және 1967-1973 жылдар Ливан араб-израиль соғысына қатысты. Ливан БҰҰ Қауіпсіздік Советінің Таяу Шығыстағы дағдарысты саяси жолмен реттеу жөніндегі 1967 жылы 22 қарашадағы қарарын қолдады.

1970 жылы Ливан мен СССР арасында туризм саласындағы, сауда және төлем жөніндегі келісімдер жасалды.

Саяси партиялары, кәсіподақтары мен басқа да қоғамдық ұйымдары. Ливан Коммунистік партиясы (ЛКП, Хизб аш-шуюий әл-Лубнаний), 1944 жылы дербес партия болып құрылды (1924-1944 Ливан коммунистері Сирия Компартиясының құрамында, 1948-1958 Сирия мен Ливан компартиясының құрамында болды). Прогресшіл социалистік партия (ПСП, Хизб ат-такаддумий әл-иштиракий), 1949 жылы құрылды. Ұсақ буржуазияны, Таулы Ливан шаруалары-друздерді, Ливан интеллигенциясының бір бөлігін біріктіреді. Ұлттық блок, (әл-Кутла әл-Ватания), 1943 құрылды, ірі финанс-сауда буржуазиясына, помещиктер мен маронит дін басыларына сүйенеді; Ливан фалангілер партиясы, «Катаиб» (Хизб Әл-Катаиб әл-Лубнания) әскери жастар ұйымы ретінде 1936 жылы негізі қаланды, партия ретінде 1943 жылдан жұмыс істейді. Оңшыл помещиктік партия. Конституциялық блок (Хизб әд-Дустур) 1934 жылы негізі қаланды. Ірі финанс-сауда буржуазиясына, помещиктер мен маронит дін басыларына сүйенеді. Ұлттық-лібералдық партия (Хизб әл-Ватанийин әл-Ахрар), 1958 құрылды, реакцияшыл маронит буржуазиясының, помещиктер мен дін иелерінің мүддесін қорғайды.

Ливан еңбекшілерінің жалпыға бірдей конфедерациясы. 1970 жылы құрылды. Бұған кіретіндер: Ливан Жұмысшылары мен қызметшілері кәсіподақтарының ұлттық федерациясы. Біріккен кәсіподақтар федерациясы т. б. Демократияшыл жастар одағы, 1970 жылы құрылды. Бейбітшілікті жақтаушылардың Ливан комитеті, 1949 құрылды. Ливан Азия-Африка ынтымағы комитеті. Ливан  - совет достық қоғамы.

Экономикасы. Ливан - өнеркәсібі мен ауыл шаруашылық нашар дамыған ел, ал оған керісінше финанс-банк жүйесі мен тұрмыс қажетін өтеу орындары едәуір жолға қойылған. Ұлттық өнімнің (1970) 16%-і өнеркәсіптен, 9,0%-і ауыл шаруашылық, орман және балық шаруашылықтарынан, 62%-і тұрмыстық және сауда орындарынан түседі. Жалпы ұлттык өнім мөлшерін жан басына шаққанда 1,7 мың ливан фунты келеді (1970). Экономикасында негізінен араб және батыс европалық капиталының ролі күшті. Мемлекеттік сектордың үлесі онша емес; оған электр өндіру, сумен жабдықтау, темір жол және темекі кәсіпорындары біріктірілген.

Өнеркәсібі. Ливан өнеркәсібінін жалпы өнімі 1971 жылы 2 млрд. ливан фунты болды. Машина жасау өндірісінің үлесіне 7%, тоқыма және тамақ өнеркәсібіне 44%, ағаш өңдеу 29%, химия, құрылыс материалы мен фармацевтикаға 20%-тен келді. 1970 жылы елде 7000 өнеркәсіптік және майдагерлік кәсіпорындар бодды, онда 50 мың адам еңбөк етеді. Ливан тау-кен өндірісі Бискинт қаласы атырабындағы темір рудасы рудниктері мен Триполи қаласы - маңындағы қоңыр көмір шахталарынан құралады. 1971 жылы елде 1375 млн. квт-сағ электр энергиясы өндірілді. Мұнай айыру өндірісі (заводтарының жалпы қуаты жылына 2 млн. т) негізінен шетел (ағылшын, американ, француз) капиталының қолында. Тринолиде «Ирак петролеум» компаниясына қарайтын мұнай айыру зауыды, Сайдада «Таплайн» компаниясының мұнай айыру зауыды жұмыс істейді. Шағын цемент, металлургия және металл өңдеу, химия, мата тоқу, тамақ кәсіп- орындары бар.

Ауыл шаруашылығы. Ливанның аграрлық ерекшелігі ірі помещиктік жер иеленушілік пен кедей шаруалардың ұсақ, майдагерлік шаруашылықтарының қатар сақталуында. Ауыл шаруашылық жер көлемі - 39%, оның 97%-і егістік, бақ, жүзімдік, 3%-і жайылым. Суармалы жері 68 мың га (1968). Басты дәнді дақылдары - бидай, арпа. Ливан ауыл шаруашылық өзінің ішкі азық-түліктік қажетінің 1/3-ін ғана қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылық түсімінің 2/5-ін цитрус жемісі мен жүзім шаруашылықтары (алма, цитрус жемістері, зәйтүн, банан) береді.

1970-1971 жылғы мал саны (мың): мүйізді ірі қара 84, ешкі 318, қой 218, кұс 17,8 млн. Таулы аудандарда жайылымның тапшы болуынан мүйізді ірі караны өсіру онша дамымаған. Жылына 2,2 мың т балық ауланады.

Транспорты. Негізгі түрі - автомобиль транспорты. Тас жолы 7,7 мың км (1970); олардың басты тармақтары:  Бейрут-Дамаск (Сирия), Бейрут-Триполи, Триполи-Хомс (Сирия). Темір жолы 408 км (1970). Ливан жерінен Абкайк (Сауд Арабиясы) - Сайда, Киркук (Ирак) - Триполи мұнай құбырлары өтеді. Бейрут қаласы ірі халықаралық теңіз және әуе порты. 1966-1967 жылдан бастап Ливан мен СССР және басқа социалистік елдер арасында тікелей әуе қатынасы іске қосылды.

Сыртқы саудасы. 1970 жылы Ливан экспорты 0,64 млрд. ливан фунты импорты 2,23 млрд. ливан фунты болды. Экспортқа цитрус жемістер, алма, жүн, мақта-мата жібі, тері, цемент, металл бұйымдар т. б. шығарылады. Өзі шеттен машина, машина бөлшектері, металл бұйымдары, ағаш, азық-түлік, мал сатып алады. Импорттың 50%-і Батыс Европа елдерінен келсе, экспортының 60%-і араб елдеріне (Сауд Арабиясына, Кувейтке, Иорданияға) шығарылады. Ливан сыртқы сауда айналымында СССР-дің және басқа социалистік елдердің үлесі (11,1%, 1971) өсіп келеді. СССР-ден ол машина, қара металдар, прокат, химия өнімдері, тақтай алады, өзі СССР-ге апелсин, алма, темекі, жүн, тері сатады. Ақша өлшемі - ливан фунты.

Денсаулық сақтау ісі - 1970 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 27,0, адамның өлімі 3,9; әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені 13,6.

Елде инфекциялы және паразиттік патология көбірек кездеседі. Ливанда туберкулез, басыр, гельминтоз және ішек-қарын аурулары көп тараған. 1951 жылдан бері безгекпен ауыратын адамдардың саны кеміді. Таулы аудандар тұрғындарының арасында эндемиялық бұғақ ауруы жиі кездеседі. 1969 жылы 10,8 мың төсектік (1000 тұрғынға 4 төсек) 150 аурухана болды. Сондай-ақ науқас адамдарға амбулаторияның бөлімшелері көмек көрсетеді. 1,9 мың дәрігер (1,2 мың тұрғынға 1 дәрігер), Бейрутта 1020 дәрігер (585 тұрғынға 1 дәрігер), 531 тіс дәрігері, 612 фармацевт және 3 мыңға жуық медсестралар қызмет істеді. Дәрігерлерді жоғары медицина мектебі, университеттің медициналық факультеті, медициналық институт даярлайды. Ливанның денсаулық сақтау ісіне 1973 жылы өкімет қаржысынан 4% жұмсалды.

Оқу-ағарту ісі. Ливан тәуелсіздікке ие болғаниан кейінгі (1943) жылдарда халық-ағарту, ұлт кадрларын даярлауға мемлекеттік қаржы бөлу мөлшері артты (1973 жылы бюджеттен 17%). 1960 жылдан бастауыш мектепте оқу ақысыз. 1946-1970 жылдар мемлекеттік мектеп саны 4 есе өсті. Әлі де жалпы оқу орындарының көпшілігі жеке адамдардың (20% шетелдіктер) қарауында. Мектепте дін міндетті пән ретінде жүреді. Оқу жүйесі: 5 жылдық бастауыш, 4 жылдық орталау және 3 жылдық орта мектеп болып бөлінеді. 1969-1970 оқу жылында 798 мемлекеттік, 1016 жеке адамдар қарауындағы бастауыш мектептерде 196,3 мың және 360 мың оқушы: 492 мемл., 478 жеке адам қарауындағы орта мектептерде - 66,5 мың және 79,3 мың оқушы оқыды. 1943 жылдан кейін 3 жылдық кәсіптік оқу орындары негізделді. Бұларда 1969-1970 оқу жылында 5,2 мың оқушы оқыды. Бейрутта жоғары білім беретін 4 университет бар. Олардан тек Ливан университеті ғана ұлттық оқу орны болып саналады, басқаларын АҚШ, Франция, Египет қаржыландырды. Араб университеті Александрия унивесритетінің (Египет) филиалы ретінде жұмыс істейді. Жоғары оқу орындарында 1971-1972 оқу жылында 40 мыңға жуық студент оқыды. Техникалық кадрлар шетелдерде даярланады. 1970 жылы шетелдік оқу орыңдарында 7 мың (оның 300-і СССР-де) ливандықтар оқыды. Ірі кітапханалар мен музейлерге: Бейруттегі Ливан ұлттық кітапханасы (1921;  100 мың т., 2,5 мың қолжазба), Америка университетінің кітапханасы (1866; 340 мың т. 1,7 мың қолжазба) Әулие Иосиф университеті жанындағы Шығыс кітапханасы (1881; 150 мыңт., 2,5 мың қолжазба) Ливан Ұлттық музейі (1920), Әсемдік өнер музейі, Американ университетінің музейі (1868) жатады.

Әдебиеті. 19 ғ-да Египет, Сирия т. б. араб елдеріндегі сияқты Ливанда да ағартушылық идеясы тарап, араб мәдениетін жаңарту қозғалысы туды. Ол идеяны қолдаушылар ағартушы Насыф әл-Языджи (1800-1871), әйел теңсіздігіне қарсы күресуші Ахмед Фарис аш-Шидийяк (1804-1887), педагог әрі энциклопедияшы Бутрус  әл-Бустани (1819-1883), драматургтар Марун Наккаш (1817-1855), Адиб Исхак (1856-1885) т. б. болды. Публицистика кең тарады: 19 ғасырдың 2 жартысы мен 20 ғасырдың басындағы феодализмге қарсы күресте және ағартушылық идея негізінде туған ливан поэзиясы мен прозасы арабтың классикалық сөз өнері дәстүрімен тығыз байланысты (Араб әдебиеті). 19 ғасырда Египетке қоныс аударған Джирджи Зейдан (1861-1914), Фарах Антун (1874-1922), Якуб Сарруф (1852-1927) сияқты ағартушы-жазушылар тарихи роман жанрының негізін қалады. 1-дүние жүзілік соғыс қарсаңында дәстүрлік түрден бас тарту байқалды, поэзияда романтизм, прозада сыншыл реализы өрістеп, әдебиет дамуының жаңа кезеңі басталды. Ол АҚШ пен Оңтүстік Америкаға қоныс аударған, онда «Қалам одағын» құрған Джубран Халиль Джубран (1883-1931; «Сынған қанаттар» повесі, 1912, т. б.), Амин ар-Рейхапи (1876-1940; «Гаремнен тыс» романы 1917, т. б.), Михаил Нуайме (1890 ж.т., «Әкелер мен балалар» пьесасы, 1918) шығармаларынан, сын мақалалардан байқалады. Ливанның Франция қарамағына өтуі (1920) ондағы жазушыларды толықтырды, Ливан халқының бостандық сенімін күйретті. 20-30 жылдардағы Ливан әдебиетіне Француз символизмінің әсері күшті болды. Әлеуметтік әділеттілікке, келімсек қанаушылармен күреске шақырған Бишар әл-Хуридің (лақап аты - әл-Ахталь ас-Сагир), Саид Акльдің, Ильяс Әбу Шабақтың өлеңдері кең тарады. Революция-демократиялық бағыт пайда болды. Омар Фахури (1896-1946), Тауфик Юсеф Аввад (1908 ж. т.), Карам Мельхем Карам (1903 ж. т.) реалистік әдебиетке айтарлықтай үлес қосты.

2-дүние жүзілік соғыс кезінде және соғыстан кейін прогрессивті жазушылар Омар Фахури, Антуан Табет (1964 ж. ө.), Раиф әл-Хуридің (1967 ж. ө.). басшылығымен қоғамдық-саяси «Ат-Тарик» («Жол») журналына топтасты. Марун Аббудтың (1886-1962) «Ергежейлі батырлар» (1948), «Қағаздағы сия» (1957) атты әңгіме жинақтарында ливан жастарының қиын-қыстау өмірі суреттелді. Жорж Ханн (1893-1969), Мұхаммед-Дакруб (1929 ж. т.), Радван аш-Шаххаль (1915 ж. т.) т. б. ақын-жазушылар қазіргі араб елдерінің өмірін, әлеуметтік жаңалықтарды бейнеледі. 60 жылдары Ливан әдебиетіне Мұхаммед Айтани, Гасан Канафани, Эдуард Бустани т. б. жастар келді. М. Горький, М. А. Шолохов, И. Г. Эренбург, К. М. Симонов т. б. совет жазушыларының шығармалары ливан тіліне аударылды. Асад Саид, Нифон Саба, Радуан аш-Шагальдың кейбір өлеңдері, Суйхель Ыдырыстың әңгімелері, Джубран Халиль Джубранның «Сульбан» пьесасы (1958) қазақ тіліне аударылды.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Джубейльдегі тас бекіністер мен тұрғын үйлер қалдығы б. з. б. 5-4-мың жылдыққа саяды. Ливан жерінде Финикия өнері туындылары (зергерлік бұйымдар, қару жарақ т. б.; б. з. б. 3-2- мың жылдық) сақталған. Б. з. б. 2-1-мың жылдықтағы ескерткіштерінен Ежелгі Египет, Вавилон және ахемен әулеті мәдениетімен тығыз қарым-қатыста болғандығы байқалады. Рим кезеңінде антикалық және Шығыс өнері дәстүрлері бір-бірімен тоғыса дамыды (Баальбек ғибадатханасы). Византия кезеңінен монастырьлар, шіркеулер мен катакомбалар сақталған. Арабтардың келуіне (7 ғасыр) байланысты діни құрылыстар - медресе, мешіт, минарет; керуен сарайлар мен қамалдар салынды. Крест жорықшылары кезінде (12 ғасыр) ірі қамалдар (Джубейльде, Сайдада және Триполида) мен шіркеулер бой көтерді. Мамлюктер кезінде (13-16 ғасырлардың бас кезі) ақ және қара тастан мәнерлеп қалап, интерьерін мәрмәрмен нақыштаған мешіттер, қамалдар (Триполидағы Арыстан мұнарасы, 15 ғ.) тұрғызылды.

Осман Империясы кезеңінде мұсылмандардың діни архитектурасы түрік сәулет өнері үлгілерін қабылдады. 17-18 ғасырларда Абдалла Захир, Нестер Тарабулси, Стефан Дейрани сынды кескіндемешілер шықты. 19-20 ғасырлардың бас кезіндегі сарай архитектурасы формасының жеңіл де әсемдігімен, нақыш өрнегінің тым көптігімен (Бейт-әд-Дин сарайы) ерекшеленді. Ливандықтардың ұлттық баспаналары 2 қабатты (2-қабатында галереялы аркасы бар) тас үйлер. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында кейінгі буындағы ливан суретшілеріне X. Срур мен Салиби творчествюсы (реалистік портрет пен жанрлық композициялардың авторы) елеулі ықпал жасады. 1-дүние жүзілік соғыстан кейін Ливан архитектурасы француз сәулет өнерінің ықпалында болды. 30 жыддары А. Табет, Ж. Абушар, Ф. Трад сынды сәулетшілер Ливан архитектурасына елеулі үлес қосты. Тәуелсіздік алғаннан кейін (1943) қалаларды абаттандыру ісі қолға алынды. Европа мен АҚШ-тың архитектуралық жетістіктерін ұлттық сәулет өнерімен сындастыра қолдану жүзеге асырылды. Құрылыс ісінде негізінен темір-бетон, мәрмәр, түрлі түсті шыны, қыш қолданылады. 30-40 жылдардағы бейнелеу өнерінде реалистік бағыт (М. Фаррух, О. Онси) устем болды. 50-60 жылдардағы өнерден сюрреализм (А. Райес), кубизм мен абстракционизм (Ж. Халифе, Э. Канаан, Р. Шараф) ағымдары белең алды. Реалистік дәстүрді жалғастырушылар: С. Бальтаксе, П. Киракосян, И. Шамут. Мүсін өнерінде реалистік шығармалармен қатар абстрактілік, модернистік туындылар да (Н. Ирани, Р. Самаан, З. Хаджежян шығармалары) бой көрсетті. Плакат, карикатура, эстамп, кітап көркемдеу, сондай-ақ сүйек пен сәдептен, металл мен ағаштан сан алуан зергерлік бұйымдар жасау кең өріс алуда.

Музыкасы. Халық музыкасы ертеден келе жатқан өнер болып саналады. Бейрутта Ұлттық консерватория бар. 1956 жылдан музыканы қастерлеуші жастар қоғамы жұмыс істейді. 1966 жылы Америка университетінің (Бейрут) құрамындағы Өнер тану жоғары мектебінің жанынан музыка тану бөлімі ашылды. Ливан әнінің дүние жүзіне тарауы талантты әнші Фейруздың есімімен байланысты. Фольклорлың музыканың дені ұлттық төркінін жоғалтып, бірқатар өзгерістерге ұшырады. Жылына бір рет өтіп тұратын (1966 жылдан) Баальбек фестивалы Ливан музыкасының өркен жаюына елеулі ықпал жасады. 1974 жылы Ливанның «Каракалла» ән-би ансамблі гастрольдік сапармен Алматыда өнер көрсетті.

Театры. Ливан халқының өте ертеден келе жатқан әдет-ғұрып сазғықтары мен дәстүрлі той-думандарында театр элементтері мол кездеседі. 20 ғасырдың 2-жартысында жартылай профессионалдық театр труппалары пайда болды. 1960 жылы реж. Мунир Әбу Дебс (Аятуан Мультакамен бірлесіп) Бейрутта театр студиясын құрды. Комик актер Шушудың басшылығымен Ұлттық театр шаңырақ көтерді. Бұл театр Мольердің, Э. Лабиштің, итальян драматургтарының пьесаларын қойды. Реж. Мунир Әбу Дебс У. Шекспирдің, И. Б. Гетенің, Ж. П. Сартрдың пьесаларыв тұңғыш рет Ливан керермендерінің назарына ұсынды. Ливан университетінде А. Мультаканың басқаруымен театр өнері бөлімі сахна мамандарын даярлайды. Бейрутта Мишель Хаттардың басшылығымен Ливан драма театры жұмыс істейді. Мұнда Б. Брехт, А. П. Чехов т. б. пьесалары қойылды. Спектакльдер араб, француз және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Театр қайраткерлері: реж. Хакиб Хури, Абдул Малик Иссауи; актерлер Антуан Кербаж. Мишель Набаа, Ража Хури т. б. Бейрутта бірнеше театр ғимараттары бар: Ұлттык және Бейрут театры (1965) Баальбек театры (1968), Орион, университе театры «Арман дю Шейла».

Киносы. Тұңғыш фильм 1929 жылы қойылды. 30 жылдары «Күйреген Баальбек астында» (реж. Ж. де Лука) атты көркем фильм, киножурналдар және шетел фирмаларының тапсыруымен документі ленталар түсірілді. 1957 жылы реж. М. Харун «Қызыл гүлдер» фильм қойды. 60 жылдары Бейрутта «Баальбек», «Ниер ист саунд», «Әл әсри» киностудиялары ашылып «Армысың, махаббат» (реж. М. Сальман), «Шайтан арба» (реж. Ж. Каи), «Сақина сатушы» (реж. Ю. Шахин) сияқты кинокартиналар шығарды. Әйгілі әншілер мен бишілердің (Сабах, З. Зуорик, И.Садек, Фейруз) қатысуымен мелодрамалар, музыкалық комедиялар түсіріледі. «Қайрылған қанат» (1963, реж. М. Маалуф), «Мылқау мен махаббат» (1971, реж. А. Бахри) фильмдерінен жанрлар ықпалын қайталамайтың талпыныс байқалады. Актерлер: Ф. Шауки, Ж. Нано, З. Макук, Маазри, С. Баруди. Жылына 7 көркем фильм шығарылады (1972).

Әдеб.: Петкович К. Д. Ливан и ливанцы. СПБ, 1885; Луцкий В. Б. Новая история арабских стран. 2 изд., М., 1966; Бушменный Ливан. (Справочник), М., 1975. Салиби К.С. Очерки по истории Ливана. пер. с англ., -М., 1969; Сереин Н. И., Петров С. Н. Ливан. –М., -12 с.; Крачковский И. Ю. Арабская литература в XX в. –Л., 1946; Ханна Е. О литературе Ливана. в сб.: Современная арабская литература. –М., 1960; Ивсеева И. М. Заметки о ливанской живописи. «Современный Восток», 1958, с. 51-53; Назем Ирани, Заметки в современном ливанском искусстве. -1960, № 12.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-06-22 16:21:34     Қаралды-2636

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КІРПІШ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Пісірілген балшықтан жасалған бұл әмбебап құрылыс материалы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »