UF

ШВЕЦИЯ (Sverige), Швеция Корольдығы - Солтүстік Европадағы мемлекет Скандинавия түбегінде оңтүстік оңтүстік-батыстан солтүстік, солтүстік-шығысқа карай 1600 км-ге, шығыстан батысқа 400 км-ге созыла орналасқан. Батысында Норвегиямен, солтүстік-шығысында Финляндиямен шектеседі. Оңтустігі және шығысы Балтық теңізі мен Босния шығанағымен шайылады. Оңтүстік-батыс жағалауы Скагеррак, Каттегат, Эресунн бұғаздары арқылы Даниямен ұласады. Балтық теңізіндегі Готланд және Эланд аралдары Швецияға қарайды. Жері 449,8 мың км2. Халқы 10,3 млн. (2019). Астанасы - Стокгольм («Үлкен Стокгольм» агломерациясының халқы 1357 мың, 1976). Әкімшілік жағынан 24 ленге бөлінеді. Стокгольм қаласы жеке әкімшілік бөлік саналады.

Мемлекеттік құрылысы. Швеция - конституциялық монархия. Қазіргі конституциясы 3 актыдан тұрады: мемлекетті басқару формасы және король тағын мұралау туралы акт (1974 жылы 27 ақпанында қабылданды), баспасөз бостандығы туралы акт (1974 жылы 7 ақпан). Мемлекеттік басшысы - король, ол үкімет органы - Мемлекеттік Советпен кеңесіп, өкіметтің атқару билігін жүргізеді. Заң шығаратын жоғары органы - бір палаталы парламент (риксдаг), оны халық 3 жылға сайлайды. Парламент заң қабылдайды, мемлекеттік бюджетін бекітіп, салықтар мен кірістерді, қарыз алуды белгілейді, халықаралық келісім, шарттарды ратификациялайды т. б. күрделі мемлекеттік маңызы зор мәселелерді шешеді. Орталық өкімет билігінің провинциялардағы (лёндердегі) өкілдігі (10 мүшеден құрылатын арнайы әкімшілік бюроны басқаратын) губернаторға жүктелген. Провинциялар мен коммуналардың өзін-өзі басқаратын органы - ландстигтерді халық 3 жылға сайлайды. Сот жүйесіне: Жоғары сот, 6 апелляциялық, қалалық және округтық соттар жатады. Арнайы соттар ретінде: мүлік бөлу, полициялық әкімшілік юстиция соттары құрылған.

Табиғаты. Швеция қоңыржай белдеудің солтүстік бөлігін құрайтын Атлант маңы секторында жайласқан. Табиғи жағдайы женінен көпшілік жері тайга және аралас ормандық зона аралықта, қиыр оңтүстік-шығыс жағы жалпақ жапырақты ормандық зона аралықта. Теңіздік жағасы онша тілімделмеген жарқабақты келеді. Ботния шығанағы жағалауы тегіс, аккумуляциялық шөгінділерден қалыптасқан. Шхер және риф көп кездеседі, сондықтан да кеме жүзуге онша қолайлы емес. Рельефі жөнінен Швеция жері таулы үстіртті және белесті жазық келеді. Территориясының 22%-ке жуығының теңіз деңгейінен биіктігі 400 м-ден астам, 48%-тейі 100-400 м, 30%-і 100 м-ден төмен. Рельефінің қазіргі пішіндерінің қалыптасуына Балтық қалқаны және төрттік мұз басу өсер етті. Елдің батыс және солтүстік-батыс шетін Скандинавия тауларының шығыс сілемдері алып жатыр. Швецияның ең биік жері Кебнекайсе тауы (2123 м) осында. Бұл таулық сілемдер шығысында Норланд таулы үстіртіне (елдің көпшілік жерін қамтиды) ұласады. Орта Швецияда Орталық көлді ойпат қалыптасқан. Мұнда терең ойыстардың кейбіреулері теңіз бен көл шөгінділеріне толған, кейбіреулері көлге айналған. Эланд және Готланд аралдарының рельефі ізбес тастық және құмдық үстірттен қалыптасады. Пайдалы қазындылары - темір, уран, марганец, мыс, полиметалл рудалары, алтын, күміс т.б. Швеция климаты қоңыржай. Теңіз ауа массасы жетпейтін (тау жоталары кедергі болады) солтүстік бөлігінде континенттік қоңыржай және арктикалык суық ауа қабаттарының ықпалы күшті, соған байланысты мұнда қысы суық, жазы салқын континенттік климат құбылыстары басым. Қаңтардың орташа температурасы солтүстігінде - 14°С, оңтүстігінде 1°С; шілдеде 11°-17°С. Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері 450-1500 мм. Жер бетінің ағын су торы өте жиі; өзендері қысқа, мол сулы келеді. Ағын су қоры негізінен қар және жаңбыр суынан қалыптасып отырады. Басты өзендері: Даль-Эльв, Турне-Эльв, Клар-Эльв, Онгерман-Эльв. Ең ұзын су жүйесі Венерн-Гёта, 720 км. Жерінің 9%-ін көлдер алып жатыр; бұлардың көшпілігі Орталық көлді ойпатта және Морланд өңірінде. Ірі көлдері - Венерн (бүкіл Батыс Европадағы үлкен көл), Веттерн, Ельмарен, Меларен, Турнетреск, ең терең көлі - Хурнаван (221 м). Жерінде негізінен күлгін және батпақ топырақ турлері басым таралған. Көлді өңірлерде сазды, тау беткейлерінде, таулық үстірттерде таулық-тундралық топырақ қабаттары тараған. Территориясының жартысынан астамы орман; қылқан жапырақты ағаш түрлері басым өседі. Жерінің 14%-і батпақ. Жануарлар дүниесінде ормандық түрлер басым. Суыр, қоңыр аю, қасқыр, сілеусін, түлкі, қоян, кірпі т. б. кездеседі. Су құстары кобірек тараған. Өзен мен көлдері балыққа бай. Табиғи жағдайы, өсімдік және жануарлар дүниесін сақтау үшін елде 16 ұлттық парк құрылған, бұлар 6000 км2 жерді қамтиды.

Халқы. Тұрғындарының 96%-і шведтер; қалған 4%-і финн, неміс, норвег, даттардан құралады. Мемлекеттік тілі - швед тілі, діні - лютерандық. Шведтер өздерінің этникалық құрамы және тілі жөнінен норвегтермен және даттармен туыс. Халықтың табиғи өсуі жағынан Швеция Европада ең соңғы орындардың бірінде. Орташа тығыздығы 1 км2 жерге 18,1 адамнан келеді. Халық елдің оңтүстік бөлігіңде ете тығыз (1 км2 жерге 140 адамнан) қоныстанған. Қала халқы 65%; ірі қалалары: Стокгольм, Гётеборг, Мальмё.

Тарихы. Қазіргі Швеция жерінде адам баласы б. з. б. 9-8 мың жылдық шаруашылығында пайда болды, 3 мың жылдық шаруашылығында аң, балық аулаумен шұғылданған халық отырықшы мал шаруашылығы мен кетпенді егіншілікке ауысты. 2 мың жылдық шаруашылығында Европа құрлығынан Швеция жеріне мал шаруашылығымен айналысқан жаңа халық (тілі жөнінен үндіевропалық) басып кіріп, жергілікті халықты бағындырды.

Б. з. 1-5 ғасырларында Швецияға рим мәдениеті ықпал етті. Көне заманғы авторлардың хабарлары бойынша (Тацит т.б.) Швецияда көптеген тайпалар өмір сүрді, олардың ішіндегі бастылары - свиондар мен гауттар. Олар жалпы германдық дінді ұстады. 5-6 ғасырларда Упланд аймағында әскери демократия тұрпатындағы свейлердің алғашқы тайпалық одақтары құрылды. 8 ғасыр соңынан шведтер Балтық теңізінің шығыс, оңтүстік жағалауында тіректі пункттер сала бастады. 11 ғасырда свейлердің Свитьод корольдығы Швецияның батысы мен оңтүстігін бағындырды. Көне скандинав тайпаларынан швед халқы бөлініп шыға бастады.

14 ғасырға дейін Швеция өз көршісі Дания мен Норвегиядан артта қалды. Швед қоғамы ру-тайпалық сарқыншақтардан арыла алмады. Құлдар мен кедейлер еңбегі кеңінен пайдаланылды. Феодалдар мен феодалдық тәуелді шаруалар қалыптасты. Шведтер христиан ландырылды (мысалы, Упланд аймағының орталығы - Упсалада архиепископтық 1164 жылы ұйымдастырылды). Шіркеудің ролі артты. 13 ғасырда феодалдық қатынастар едәуір күшейді. 12 ғасырдың өзінде-ақ Сигтуна, Висбю, Кальмар, Лёдёсе атты жаңа сауда орталықтары өсіп-жетілді, шахтадан кен шығарылды, темір, мыс балқытыла бастады. 14 ғасырдың басында швед корольдары Финляндияны толық жаулап алды. 13 ғасырдың ортасынан шведтер Финляндияның теңіз маңындағы аудандарына жаппай кешіп барып, қоныстана бастады.

13 ғасырдың 2-жартысында Швецияда ерте феодалдық бір орталыққа бағындыру процесі аяқталды. Ел округтарға (лендерге) бөлінді. Тас қамалдар - замоктар салынды. Округтарды король мирасқорлары - «лен мырзалары» басқарды. Феодализм онан әрі нығайды. Неміс курфюрсті Альбрехт Мекленбургскийдің Швеция королы болып сайлануы (1363-1689) немістердің, ал Даниямен одақ құруы (1389) даниялықтардың ықпалын күшейтті. 1448 жылы швед ақсүйегі Карл Кнутсонның король болып сайлануына (1448-1457, 1464-1470, үзілістерімен) байланысты Даниямен арадағы одақ іс жүзінде ыдырады. Тәуелсіздік жолындағы күресте (Брункеберг маңындағы шайқаста даниялықтарды жеңуі) шведтердің ұлттық сана-сезімі артты. Швед мәдениеті нығайды. Сауда ұлғайды. Қалалардың саяси ролі күшейді.

16-17 ғасырларда Балтық теңізінде шведтердің үстемдігі орнап, Швецияда капитализм пайда болды. 16 ғасырда бұл процесс шаруалардың жер жөніндегі правосын тежеу, салық езгісін күшейту негізінде жүргізілді. Шаруалар жағдайының нашарлауы салдарынан 1524-1525, 1527-1528, 1531-1532, 1542-1543 жылдар ірі көтерілістер шықты. Көтерілістер аяусыз жанышталды. Дворяндар жер өңдеуден түскен табысты, король тағына берілген жерлерді негізінен өздері иемдене бастады. 1610-1611 жылдар Швеция орыс жерлерін - Корель уезін, Ижора, Новгород жерлерін басып ала бастады.

16 ғасырдың аяғынан сыртқы сауданың тез өсуі, 17 ғасырдың 1-жартысында кен-металлургия өнеркәсібінің ұлғаюы, мыс пен темір өндірудің едәуір артуы швед капиталының қорын көбейтті. 1610-1615 жылдар Швеция бүкіл орыс Прибалтикасын, орыс Карелиясының бір бөлігін, 1621-1626 жылдар Рига мен Лифляндияны басып алды. Вестфаль бітімі (1648) бойынша, Солтүстік Германияның бірсыпыра жерін - Рюген аралын, Батыс Померанияны, Шығыс Померанияның бір бөлігін, Бремен архиепископтығын, Ферден епископтығын алды. Данияға қарсы соғыстар (1643-1645, 1657-1660) Скандинавия түбегінің оңтүстігіндегі Дания иеліктерін және Норвегияның шығысындағы жерлерді бағындырумен аяқталды. Кардис бітімшарты (1661) бойынша, Россия Эстляндиядағы және Лифляндиядағы калаларды Швецияға қайтарып берді.

17 ғасырдың соңына таман Швецияда буржуазия уклад нығайды. 1668 жылы Европадағы ең байырғы ұлттық банк құрылды. Швеция Европада темірді экспортқа шығарушы басты елге айналды. 1700 жылы Россия, Саксония, Польша, Дания Швецияға қарсы соғыс [Солтустік соғыс (1700-1721)] бастады. Полтава шайқасында (1709) орыс армиясы швед әскерлерін (теңізде - Гангут маңында 1714 ж.) талқандады. Солтүстік соғыста (1700-1721) жеңілгеннен кейін Швеция Балтықтағы үстем елден орта дәрежедегі мемлекет болып қалды. Россиямен жасалған Ништадт бітім шарты (1721) бойынша, Швеция Прибалтиканың шығысындағы өзінің барлық иелігінен, сондай-ақ Оңтүстік-Батыс Карелия мен Выборгтан, неміс иеліктерінің көпшілігінен айрылды.

1724 жылдан Швецияда кеме жасау өнеркәсібі өркендеді, кемемен сауда жасау өріс алды. Швецияның Англиямен экономикалық байланысы күшейді. 1741-1743 жылдардағы орыс-швед соғысында Швеция жеңілгеннен кейін Або бітім шарты (1743) бойынша, Финляндияның оңтүстік-шығыс бөлігі Россияга берілді. Швецияда ірі кулак және помещик шаруашылықтары құрылды, капиталистік уклад нығайды. Сонымен 18 ғасырда Швецияда феодалдық қатынастар ыдырап, капитализм онан әрі дамыды.

1808 жылы Россия мөн Дания Швецияға соғыс жариялады. Шведтер соғыста жеңілді. Фридрихсгам бітім шарты (1809) бойынша, Швеция Финляндиядан айрылды. Киль бітім шартына (1814) сәйкес, Дания Норвегияны Швецияға берді. 30 жылдары Швецияда экономика өрлеп, өнеркәсіп төңкерісі жасалды. 40 жылдардың аяғында Швецияда социалистуто-пистердің үйірмелері жұмыс істеді. 50 жылдары алғашқы жұмысшы бірлестіктері ұйымдасты.

19 ғасырдың соңғы ширегінде Швеция индустрияландырудың шыңына жетті. Швецияда сыртқы сауда айналымы осы мерзім ішінде 5 есе өсіп, 1 млрд. алтын кронаға жетті. Елдің солтүстігінде бай темір кені игерілді. Ірі темір жол құрылысы өріс алды. 1880 жылдары шаруалар кооперациясы кең тарады. 90 жылдары енеркәсіп пролетариатының өсуіне байланысты жұмысшы тұтыну кооперациясы пайда болды. 19 ғасырдың соңғы ширегінде өнеркәсіп пролетариатының саны 80 мың адамнан 300 мың адамға дейін көбейді, ал 1900 жылы өнеркәсіп және ауыл шаруашылық жұмысшылары жұмысқа жарамды халықтың 57%-іне жетті. 70 жылдары алғашқы ірі ереуілдер болып өтті. 80 жылдардың 1-жартысында кәсіподақтар ұйымдасты, социалистік үгіт жұмысы басталды. 1889 жылы Швеция с.-д. партиясы (ШСДП) құрылды.

1-дүние жүзілік соғыс басталар қарсаңында Швеция ипдустриялы-аграрлық ел болды. Онеркәсіп пролетариатының көпшілігі кәсіподақтарға қамтылды. Швеция либералдық біріккен партиясы (1900 жылы құрылған) мен ШСДП жаңа парламент реформасын жүргізу үшін күресті. 1-дүние жүзілік соғыста ресми бейтарап Швеция іс жүзінде герман позициясын жақтады. 1918-1920 жылдар Швецияны жаппай ереуіл қозғалыстары қамтыды, 1919 жылы үкімет 8 сағаттық жұмыс күні туралы заң қабылдауға және жаңа (үшінші) сайлау реформасын белгілеуге мәжбүр болды. Солшыл с.-д. Коминтернге кірді (1919). Олардың көпшілігі Швеция Коммунистік партиясын құрды. 1920 жылы Швеция Ұлттар лигасын құруға қатысты. Ұлттар лигасында Швеция дәстүрлі бейтарап елдер тобын қолдады. 1920 жылы Совет Одағымен сауда байланысын қайта бастады. 1924 жылы наурызда Швеция мен СССР арасында дипломатиялық қатынас орнады.

1-дүние жүзілік соғыстың бас кезінде Швеция қатаң бейтараптық саясат жариялап, Германиямен де, Англиямен де сауда келісімдерін жасауға асықты. Бірақ 1939-1940 жылдардағы совет-финн соғысында Финляндияға алуан түрлі соғыс көмегін көрсетті. 1940 жылы қыркүйекте Швеция СССР-мен сауда және 1-кредит келісімін жасады. Англиямен экономикалық байланысты да сақтады. Гитлершіл Германия СССР-ге шабуыл жасағаннан кейін фашистік блокқа швед көмегі күшейе түсті. 1942 жылдың ортасынан Англия мен АҚШ-тың және өз еліндегі қоғамдық ой-пікірдің қысымымен Швеция фашистік блокқа кіретін елдерге көмекті қысқарта бастады; 1944 жылы күзде Германиямен сауданы тоқтатты, 1945 жылы мамырда Германиямен дипломатиялық қатынасты үзді.

Швецияның 2-дүние жүзілік соғысқа қатыспауы тұтас алғанда оның экономикалық жағдайына қолайлы әсер етті. Швеция әсіресе 1946-1947 жылдар экономикалық жағынан жедел қарқынмен дамыды. 1948 жылы Швеция «Маршалл жоспарына» қосылды, бұл елге американ товарларының кеңінен кіруі үшін мүмкіндік туғызды. 1946 жылдың аяғында Швеция Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ), 1948 жылы Европалық экономикалық ынтымақ ұйымына, 1949 жылы Европалық советке кірді. 1946 жылы СССР мен Швеция арасында кредит және сауда келісімдеріне қол қойылды; соның нәтижесінде екі ел арасында сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін негіз жасалды (1946-1952 жылдар СССР мен Швеция арасында товар айналымы 4,5 есе өсті; Швеция СССР-ге 1 млрд. крона кредит берді). 1952 жылы Швеция Солтүстік советті (ең алдымен Скандинавия мемлекеттерінің парламенттерімен үкіметтерінің экономикалық және мәдени ынтымақ органы) құруға қатысты.

1952-1953, 1958 жылдар Швеция экономикасы екі дүркін тұралап қалды; соның салдарынан жұмыссыз адамдардың саны көбейіп, өндірістің өсу қарқыны кеміді, елдің финанс жағдайы нашарлады. 1946-1955 жылдар халық көп тұтынатын товарлардың бағасы 55% артты. 50 жылдары Швеция бейтарап саясат ұстады, соғыс блоктары саясатын айыптады. 1956 жылы Швеция үкіметі Египетке қарсы ағылшын-француз-израиль агрессиясын айыптады. Швеция ядролық қаруды сынауға тыйым салу, Орталық Европада атомсыз аймақ құру туралы ұсыныстарды қуаттады.

60 жылдардың 1-жартысында Швеция экономикасы өрге басты. 1961-1965 жылдар өнеркәсіп өндірісінің көлемі 40% өсті. Өндіріс пен капитал онан әрі шоғырланып, монополиялардың қуаты артты. 60 жылдары - 70 жылдардың басында ауыл шаруашылығын интенсивтендіру күшейді. Монополистік капитал еңбекшілердің өмірлік мүдделеріне шабуылды үдетті. Тіркелген толық жұмыссыздардың саны 1970 жылы 69 мың адамға, 1971 жылы 94 мың адамға, 1972 жылы 136 мың адамға жетті. Тамақ өнімдері мен халық көп тұтынатын товарлар бағасының және пәтер ақының жедел өсуі салдарынан нақты жалақы көбеймей қалды. Жұмысшылар мен қызметшілердің еңбек ету жағдайы нашарлады. Монополиялардың шабуылына, тұрмыс жағдайының төмендеуіне швед жұмысшы табы ереуіл күресін күшейтумен жауап берді. 1969 жылы Швецияда 9 мың, 1970 жылы 27 мың, 1971 жылы 62 мың адам ереуіл жасады. 1974 жылы 220 ереуіл болып өтті.

60 жылдардың ортасы - 70 жылдардың басында Швецияда АҚШ империализмінің Вьетнамдағы агрессиясына қарсы қозғалыс кең өріс алды. Швеция с.-д. партиясының өкілдері бастаған Швеция үкіметі БҰҰ бас секретары У Танның вьетнам жанжалын реттеу жөніндегі ұсынысын қолдап, БҰҰ Бас Ассамблеясының 21-сессиясында (1966) ВДР-ді американ авиациясының бомбалауын тоқтатуды, соғыс қимылдарын бірте-бірте қысқартып, барлық соғысушы жақтардың қатысуымен келіс сөздер жүргізуді жақтады. 1967 жылы Стокгольмде Вейбітшілік сүйгіш күштердің Вьетнам жөніндегі бүкіл дүние жүзілік конференңиясы, ал 1968 жылы Бейбітшілік сүйгіш күштердің Вьетнам жөніндегі бүкіл дүние жүзілік консультациялық кеңесі болып өтті.

1968 жылы қаңтарда Швеция үкіметі ВДР-ді дипломатиялық жағынан таныды. 1969 жылы мамырда Стокгольмде 50-ден астам ел өкілдерінің Вьетнамды қорғау туралы төтенше қимылдары жөніндегі конференциясы болды. 1969 жылы қыркүйекте Швеция үкіметі ВДР-ге 200 млн. крона мөлшерінде көмек беретіні туралы мәлімдеді. 1974 жылы наурызда «Вьетнамда соғысты тоқтату және бейбітшілікті қалпына келтіру туралы Париж келісімінің орындалуы жолындағы» (1973 жылы қаңтарда қол қойылған) халықаралық конференция Стокгольмде болып өтті. Израильдің араб елдеріне қарсы агрессиясына байланысты Швеция сыртқы істер министрі Т. Нильсон БҰҰ Бас Ассамблеясының 22-сессиясында (1967) соғыс күшімен басып алуға негізделген қандай да болсын правоны Швеция мойындамайтынын және Таяу Шығыстағы барлық елдің бейбітшілік жағдайында өмір сүруге правосы бар екенін мәлімдеді. Швед үкіметінің келісімімен Швецияның СССР-дегі елшісі Г. Ярринг БҰҰ бас секретарының Таяу Шығыстағы арнаулы өкілі болып тағайындалды. 1969 жылы қазанда Т. Нильсон Европадағы, оның ішінде Одер-Нейсе бойындағы қазіргі шекараны Швеция мойындайды деп мәлімдеді. 1972 жылы Швеция үкіметі прогресшіл топтардың қысымымен ГДР-ді таныды. Швеция премьер-министрі У. Пальме 1973 жылы Чили халқымен ынтымақтастық жөніндегі швед комитетінің атынан Чили саяси босқындары ұйымдарына 500 мың крона тапсырды.

Швеция БҰҰ қызметіне белсене қатысады: 10 мыңнан астам швед БҰҰ мен оның арнаулы мекемелерінде қызмет істейді. 1961 жылы Швеция ядролық қаруы жоқ мемлекеттерді ядролық қаруды сатып алудан, жасап шығарудан, сақтаудан бас тартуға шақырды. 1963 жылы Швеция Атмосферада, космос пен су астында ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы Москва шартына қол қойды. 1968 жылы ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды, 1973-1975 жылдар Швеция Европадағы қауіпсіздік және ынтымақ жөніндегі кеңеске қатысты. 1975 жылы 1 тамызда Хельсинкиде Швеция атынан премьер-министр У.Пальме Европадағы қауіпсіздік пен ынтымақ жөніндегі кеңестің Қорытынды актісіне қол қойды.

Шаруашылығы. Швеция жоғары дәрежеде дамыған индустриялық-аграрлық ел. Ұлттық өнімі мөлшері жөнінен капиталистік елдер арасында 9-орын, Батыс Европада 6-орын алады. Дүние жүзінде Швеция кеме жасаудан 2-орын, целлюлоза шығарудан 3-орын, темір рудасын өндіруден 4-орында. Экономикасына капитал мен өнімнің бір орталыққа шоғырлануы тән. Елдің экономикалық даму жоспары аса ірі 15 финанс магнаттарына байланысты. Ұлттық жалпы өнімінің 50%-і елдегі ірі 50 өнеркәсіп компанияларының қарамағында. 2-дүние жүзілік соғыстан кейінгі жылдары Швеция энергетикасында, темір рудасы өндірісінде, темір жол транспортында мемлекеттік сектордың ықпалы күшейді.

Өнеркәсібі - Швеция экономикасының басты саласы; мұнда еңбек етуші халықтың 2/5-іне жуығы істейді және жалпы ұлттық табыстың 50%-тен астамы қалыптасады. Энергетикасы импорттық отынға және гидроэнергетика қорына негізделген. Атом энергетикасы дамуда. 1975 жылы елде 79,2 млрд. квт-сағ энергия өндірілді, оның 14%-і атом электр станцияларынан алынды. Ашылған пайдалы қазындылар ішінен темір рудасы (32,8 млн. т, 1975, Норботтен бассейні, ірі кендері Кируна, Елливаре), уран және полиметалл өндіріледі. Жергілікті темір рудасы және импорттық тас көмір негізінде қара металлургия, оның ішінде жоғары сапалы болат қорыту (5610 мың т, 1975) дамыған. Ірі орталықтары - Окселесунд, Бурленг, Карлскуга, Лулео. Түсті металлургиясы Булиден-Кристинеберг ауданы, Лайсвалль кенінің полиметалына және импорттық шикізатқа негізделген. 1976 жылы елде 60 мың т шақпақ мыс, 40 мың т шақпақ қорғасын және 80 мың т алғашқы өңдеуден өткізілген алюминий қорытылды. Ірі орталықтары - Булиден, Шеллефтео, Сундсвалл, Хальстахамар. Швеция - Европадағы машина жасаушы мемлекеттердің бірі; негізінен жоғары дәлдікті және көп еңбек керек ететін машина жасау салалары дамыған. Кеме жасау өнеркәсібінің маңызы күшті. 1975 жылы Швеция верфтерінде 2 млн. брутто регат т кемелер жасалды. Электротехника (турбина т. б.), автомобиль (1975 ж. 295 мың жеңіл және 48 мың жүк машинасы, автобус шығарылды), самолет, ауыл шаруашылық машиналарын, станок және тау-кен өндірісі жабдықтарын шығаратын кәсіпорындар бар. Ірі орталықтары - Стокгольм, Гётеборг, Малъмё, Норчепинг, Линчепинг, Трольхетан. Ағаш дайындау және өңдеу өнеркәсібі Швеция экономикасындағы экспорттық маңызы бар салалардың бірі. Жылына 45 млн. м3-ге жуық ағаш дайындалады, бұның жартысынан астамын целлюлоза өнеркәсібі пайдаланады. Қагаз массасын және қағаз, картонды экспортқа шығаруда Швеция дүние жүзінде жоғары орындардың бірін алады. Ағаш ағызылатын өзендердің Ботния шығанағына құяр жеріндегі елді мекендерде (Евле, Сундсвалль, Умео, Хусум) ірі ағаш өңдеу кәсіпорындары шоғырланған. Бұлар 1975 жылы 9,8 млн. м3 тақтай, 8770 мың т қағаз массасы, 4440 мың т қағаз және картон, 700 мың т ағаштық-талшықты плита шығарды. Минералдық тыңайтқыш, күкірт қышқылын, хлор, мұнай өнімдерін, целлюлоза, этил спиртін, пластмасса т. б. өнімдер алынатын химия кәсіпорындары бар. Тамақ (қант, астық тарту т. б.), жеңіл (мата тоқудың үлесі басым) өнеркәсіп салалары елдің ішкі мұқтажын толык өтей алмайды.

Ауыл шаруашылығына Швеция территориясының 10%-ке жуығы ғана пайдаланылады. Еңбек етуші халықтың 7%-і осында істейді және бұл сала жалпы ұлттық өнімнің 3%-н береді. 30-100 га жерді иеленуші фермерлік шаруашылықтардың үлесі басым. Басты саласы - етті-сүтті мал шаруашылығы (жалпы ауыл шаруашылық өнімінің 8/4-нен астамын өндіреді). 1975 жылы мал басы (мың): мүйізді ірі қара 1865 (бұның ішінде сиыр 735), шошқа 2424, жылқы 60; үй құсы 8,6 млн. Егіншілігінде мал азық дақылдарын егу басым. 1975 жыл кейбір дақылдардан жиналған өнімдер (мың т) бидай 1476, қара бидай 324, арпа 1956, сұлы 1360, картоп 818, қант қызылшасы 1990. Мал шаруашылығы өнімдері (мың т): ет 431, май 53, сыр 81, жұмыртқа 108.

Транспорты. Темір жолы 12,1 мың км (оның 62%-і электрлендірілген, 1975). Автомобиль жолдарынын жалпы ұзындығы 98 мың км. Сауда флотының жүк айналымы 7,7 млн. брутто регат т. Басты порттары - Гётеборг, Стокгольм, Мальмё, Лулео.

Сыртқы саудасы. Швеция экономикасы сыртқы саудасына қатты тәуелді. 1975 жылғы экспорт құны 72,2 млрд., импорты 74,8 млрд. крона болды, яғни сауда балансының дефициті 2,6 млрд. кронаға жетті. Швеция басқа елдерге өзінің сауда флотын жалдаудан айтарлықтай капитал түсіреді. Экспорт құнында машина жасау өнеркәсібінің үлесі (48%) басым; металл, темір рудасы, целлюлоза-қағаз, ағаш өнімдері сатылады. Өзі басқалардан кейбір машиналар мен жабдықтар, минералдық отын, түсті металдар, мата, ауыл шаруашылық өнімдерін алады. Сыртқы саудасындағы басты серіктестері: ГФР (экспортының 10,0%-і, импортының 19,2%-і, 1975), Ұлыбритания (10,9 және 10,9), Дания (8,6 және 7,1), Норвегия (11,1 және 6,6), Финляндия (7,1 және 5,6), АҚШ (5,2 және 6,5), СССР (1,7 және 2,9). Совет Одағынан Швеция мұнай өнімдерін, тас көмір, қара және түсті металдар, хром және марганец рудаларын алады, өзі Совет Одағына ағаш өңдеу және қағаз өндірісінің жабдықтарын, кеме, сапасы жоғары болат, целлюлоза сатады.

Ақша өлшемі - швед кронасы.

Табиғи байлығына және экономика салаларының мамандануына байланысты Швеция территориясы 3 экономикалық ауданға бөлінеді; Орта Швеция (Балтық теңізі жағасынан Каттегат бұғазына дейінгі жерді қамтиды) - ел экономикасының ядросы саналады. Халқының және өнеркәсібінің 60%-тен астамы осында шоғырланған. Ірі өнеркәсіп орталықтары - Стокгольм, Гётеборг, Вестерос (машина жасау), Бергслаген (қара металлургия), Бурос (мата тоқу). Ауыл шаруашылық елде сауылатын сүттің 50%-ін, жиналатын бидайдың 2/3-сін береді. Оңтүстік Швецияда (Швеция жерінің 13%-і, халқының 30%-і) ел өнеркәсібінің 25%-і, ауыл шаруашылығының 40%-тен астамы шоғырланған. Өнеркәсіп орталықтары - Мальмё (тамақ, мата тоқу, кеме жасау), Треллеборг, Хельсингборг (резина өндірісі), Ландскруна (кеме жасау). Солтүстік Швеция - жері аумақты (ел территориясының 3/6-і) және халық шамалы қоныстанған (Швеция тұрғындарының 1/7-і) аудан. Ағаш, темір рудасы, түсті металдар рудасы және гидроэнергия қорларына бай. Тауен өндірісі, ағаш дайындау, энергетика дамыған.

Оқу-ағарту ісі. Оқу ақысыз, Міндегті оқу 7 жастан. Балалар негізгі 9 жылдық мектепте оқып, бұдан кейін оқуды гимназияда жалғастырады. 3-4 жылдық гимназияларды бітіргеннен кейін, оқушы жоғары оқу орнына түсуге право алады. 1973-1974 оқу жылында негізгі мектептерде 1000 934 оқушы, гимназияларда 185 394 оқушы оқыды.

Басты жоғары оқу орындары: Стокгольмдегі университет (1877 жылы құрылған, 1974-1975 оқу жылында 25 мың студент оқыды), Упсаладағы университет (1477; 1974-1975 оқу жылында 20 мың студент), Корольдық швед академиясы (1739), жоғары техникалық мектептер т. б. Барлығы 24 жоғары оқу орындарында 1973-1974 оқу жылында 107771 студент оқыды.

Ірі кітапханалары: Корольдық кітапхана (17 ғасыр басында құрылған; кітап қоры 1 млн. дана), университет кітапханалары, Стокгольм қалалық кітапханасы (1927; 1,5 млн. дана). Музейлері: Ұлттық музей (1792 жылы қүрылған), Солтүстік музейі (1873), Мемлекеттік тарихи музей (1847) т. б.

Ғылымы және ғылыми мекемелері. Жаратылыс тану және техникалық ғылымдары. Швецияда жаратылыс тану ғылымының дамуы Упсалада және Лундеде тұңғыш университеттің ашылуымен тығыз байланысты. 18 ғасырда Швеция ғылымы Франция мен Англияның ықпалында болды. Упсалада Корольдық ғылыми қоғам (1710) және Стокгольмде Корольдық ғылым академиясы (1739) құрылды. Тұңғыш президенті К.Линней болды. Ол бірінші рет «Табиғат системасы» атты еңбегінде жануарлар мен өсімдіктер систематикасының негізін салды.

18 ғасырда Швецияда химиялық ғылымы едәуір дамыды. К.Шееле тұңғыш рет хлор, марганец қышқылын, калий, глицерин т. б. қосылыстарды алды, оттектің қасиетін және алыну тәсілін сипаттап жазды. А.Нобель динамитті ашты (1867). Нобель сыйлығын белгіледі.

20 ғасырда математика саласынан дифференциалдық және интегралдық теңдеулер (Э. И. Фредгольм және Э. А. Хольмгрен), функция теориясы және интегралды теңдеулер (Т.Карлеман), сандар теориясы (Т.Нагелль т.б.) жөнінде маңызды зерттеулер жалғастырылды. Плазма физикасы, космос сәулелері және астрофизика жөніндегі X. Альфвен зерттеулерінің дүние жүзілік маңызы болды.

Ауыл шаруашылық ғылымы дәнді дақылдар мен азықтық шөптерді селекциялау саласында біраз табысқа жетті. Өсімдік селекциясы туралы Э. Я. Окербег (1967 жылдан ВАСХНИЛ-дің шетелдік мүшесі) еңбегінің және ауыл шаруашылық генетикасынан К.Фрейбер (1972 жылдан ВАСХНИЛ-дің шетелдік мүшесі) зерттеулерінің маңызы ерекше.

20 ғасырда техника саласынан ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстар көбейді. Электротехникадан теориялық және қолданылмалы зерттеулер (Э.X.Нориндер), электр машиналарының теориясы (Ф.Дальгрен) мен радиоэлектроника және оны байланыс орындарында пайдалану мәселелері жөніндегі зерттеулер жасалды.

Қоғамдық ғылымдары. Философиясы. Орта ғасырдағы философиялық ойдың дамуы схоластикамен байланысты болды. 16 ғасырдың соңында Франция философы П. Раменің ілімі тарай бастады, мұны жақтаушылар схоластикалық әдіске қарсы шықты. Швецияның тұңғыш философы және ақыны Г. Шерньельм болды.

Швецияға марксизм 80 жылдары (19 ғ.) тарай бастады (А.Пальм, А.Вермелин т. б.). А. Даниельсон өз еңбектерінде тарихи материализм және ғылыми коммунизм әдістерін Швецияда тұңғыш рет әлеуметтік жағдайларды талдауға қолданды. Философиялық ғылымы орталығы: Стокгольм, Упсала, Лунд университетінің философия кафедралары.

Тарих ғылымы. 13 ғасырдың ортасында Швецияда латын тілінде шіркеу хроникалары пайда болды. 14 ғасырда көне швед тілінде, одан да күрделі хроникалар («Эрик хроникасы») шықты. 16 ғасырдың 2-жартысында швед тарихшы-гуманистерінің тарихи еңбектері жасала бастады.

2-дүние жүзілік соғыстан (1939-1945) кейін Швецияда тарих марксистік тұрғыда зерттеле бастады (К.Бекстрем, К.X.Хермансон, П.У.Ценстрем, Л.Херлиц т. б.). 1960 жылдан жеке тақырыптар: «17 ғасырдағы Швециядағы әлеуметтік-финанстық проблемалар», «19-20 ғасырдағы халық қозғалыстары», «Швеция 2-дүние жүзілік соғыс жылдарында» т. б. зерттелді. Тарих ғылымының орталығы: қоғамдық факультеттердің тарих-философиялық бөлімі және университеттердің мемлекеттік факультеттері.

Экономика ғылымы. Швецияда экономикалық ойдың тууы 17 ғасырда меркантилизм экономикалық доктринасы үстемдік еткен кезден басталады. 19 ғасырдың соңы, 20 ғасырдың басында швед экономистері Г. Кассель мен К.Виксель баға, табыс, ақшаға байланысты проблемаларды зерттеудің математикалық әдісін ұсынды.

Қазіргі Швециядағы марксистік экономикалық ой әлеуметтік - экономикалық проблемаларды шешуде едәуір артықшылық алып отыр. Экономист-марксистердің (К.X.Хермансон, Б.Густафсон, Е.Свенсон, Е.Терборн) еңбектерінде Швецияның әлеуметтік-таптық структурасын өзгерту жөнінде талдау жасалған.

Экономика ғылымының орталығы: Стокгольм университетінің жанындағы халықаралық экономика институты (1962 жылы құрылған) және Стокгольм жоғары сауда мектебі жанындағы экономика ғылыми-зерттеу институты (1929 жылы құрылған).

Ғылыми мекемелері. 1962 жылы ғылым жөнінде Консультативтік совет құрылды. Ол ғылыми жұмыстарды координациялайды және ғылыми-техникалық саясатпен айналысады. Советті премьер-министр басқарады, онын құрамына оқу, финанс, өнеркәсіп, қорғаныс, ауыл шаруашылық ірі өнеркәсіп фирмалары мен ірі ғалымдар кіреді.

Корольдық швед ҒА (1739 жылы құрылған, 1975 жылы қарауында 160 мүше және 120 шетелдік мүше болды) математика, жаратылыс тану ғылымдарын дамыту шараларын белгілейді. Инженерлік ҒА (1919 ж. құрылған техникалық ғыпымдар саласымен айналысады. Ғылыми зерттеуді ғылыми орталықтар, институттар, университеттер (Упсала, Лунд, Стокгольм, Гетеборг университеттері) жүргізеді. Стокгольмдегі - медицина-хирургиялық институт медицина мен физиологиялық саласынан ғылыми-зерттеу жасайды, осы ғылымдар саласынан Нобель сыйлығын тапсырады.

Ғылыми-зерттеулермен, тәжірибе-конструкторлық жұмыстармен Мемлекеттік 7 совет айналысады. Олар медицина, ауыл шаруашылығы, орман, қоғамдық, әлеуметтік, атом зерттеу мәселелерімен шұғылданады. Жыл сайын ғылыми-зерттеумен 26 мың (1975) адам айналысып, бұған (1975), 4.2 млрд. крона (ақша) жұмсалады.

Баспасөзі, радиохабары және телевизиясы. Швецияда 1976 жылы 131 күнделікті газет (жалпы тиражы 4,6 млн. дана) және басқа 500 мерзімді басылымдар (тиражы 10 млн. дана) басылып шықты. Елдегі қазіргі шығатын газеттердің бірсыпырасы 19 ғасырдың бас кезінде жарық көрген басылымдар. Газеттері көбінесе көп тиражды болып келеді. Ең ықпалды күнделікті газеттері: Швеция с.-д. партиясының (ШСДП) органы «Арбетет» Мальмеде (1887 жылдан), Орталық партия ұйымының газеті «Афтонбладет» Стокгольмде (1830 жылдан), «Гетеборгспостен», Гетебергте (1858 жылдан), «Дагенс нюхетер», Стокгольмде (1864) жылдан), Баяу каолициялық партияның (БКП) орталық органы «Севанска дагбладет» (1884 жылдан), БКП газеті «Сюдсвенска дагбладет снеллпостен», Мальмеде (1848 жылдан), кешкі газет «Экспрессен» Стокгольмде (1944 жылдан) басылады. Солшыл партия - Швеция коммунистері шығаратын газет «Арбетаргиднинген - Ню даг» (1974 жылдан) Стокгольмде аптасына 2 рет шығады. Информациялық агенттігі - Швеция телеграф бюросы (ШТБ) 1921 жылы құрылған акционерлік қоғам. Швеция радиосы 1925 жылдан жұмыс істейді, ол елдің радиохабары мен телевизиясын бақылайды. Телевизия хабары 1956 жылдан беріле бастады.

Әдебиеті. Ертедегі Швеция поэзиясының мифологиялық және батырлық жыр түрінде шығарылған көптеген нұсқалары бар. Орта ғасырда діни («Әулие Биргиттаның ашқан жаңалықтары», 14 ғ.), сүйіспеншілік (куртуаздық) әдебиет, балладалар жазу пайда болды. 15 ғасырда патриоттық поэзия маңызды орын алды. 16 ғасырдағы реформацияның ең басты өкілі, швед әдеби тілінің негізін салушы - Олаус Петри (1493-1552). 17 ғасырда ренессанстық гуманизм өкілі ретінде ғалым әрі жазушы Г. Шернъельм (1598-1672) шықты. 18 ғасыр басында халық ағарту идеологиясы қалыптасты. Оның әдебиеттегі ірі өкілдері - У. Далин (1708-1763) және Ю. X. Чельгрен (1751-1795). Хедвиг Шарлотта Нурденфлюкт (1718-1763), К.М.Бельман (1740-1795) лирикаларында сентиментализм бой көрсетіп, дәстүрлік дастарқан жырларына реалистік және демократиялық мазмұн қосты. 19 ғасырдың басында негізгі әдеби бағыт романтизм болды. П.Д.Аттербум (1790-1855), Э.Ю.Стагнелиус (1793-1823) сияқты ақындар классицизм мен ағарту иллюзияларына қарсы шықты және кертартпа мистицизмге ойысты. Э. Г. Гейер (1783-1847), ұлттық «Фритьофа туралы сага» (1819-1825) эпосының авторы Э.Тегнер (1782-1846) скандинавиялық көне тарихқа және фольклорға назар аударды. Реализм белгілері 30-40 жылдары Фредрика Бремердің (1801-1865) және Эмилия Флюгар-Карленнің (1807-1892) тұрмыстық романдарынан байқалды. К.Ю.Альмквист (1793-1866) пен А.В.Рюдбергтың (1828-1895) әлеуметтік шығармаларынан романтикалық және реалистік тенденцияның тоғысуы байқалды. 70-80 жылдары капитализм мен жұмысшылар қозғалысының қарқындап өсуі жағдайында А. Стриндбергтің (1849-1912) романдарында («Дозақ», 1897; «Аңыздар», 1898 т. б.), Анна Шарлотта Лефлер-Эдгреннің (1849-1892) новеллаларында («Өмірден» атты жинағы т.б.), Виктория Бенедиктсонның (1850-1888) романдарында («Ақшалар», 1885; «Марианна», 1887 т.б.) сыншыл реализм нығайды. 90 жылдары эстетизм позициясы тұрғысынан В. фон Хейденстам (1859-1940) натурализмге қарсы шығармалар жазды. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Я.Седербергтің (1869-1941), Б.Бергманның (1869-1967) пессимистік мазмұндағы шығармалары шықты. 1910 жылдары М. Коктың (1882-1940), Д. Андерсонның (1888-1920), Г.Хеденвинд-Эриксонның (1880-1967) жұмысшылар туралы алғашқы шығармалары жарияланды. 1-дүние жүзілік соғысы жылдарында Я.Бергман (1883-1931) мен П.С.Сивертс (1882-1970) буржуазиялық моральды әшкерелеген реалистік романдарын жариялады. П. Лагерквист (1891-1974) пен Б.Шеберг (1885-1929) экспрессионистік (шындықты бұрмалаған) лирика жазды. 20 жылдары А. Юнгдальдың (1901-1968) революциялық өлеңдері, 1929 жылы «Жастардың бесеуі» атты антология шықты. Онда модернизм басым болды. Модернистік тенденция Агнес фон Крусеншерннің (1894-1940), Э. Яонсонның (1900 ж. т.) романдары мен Г.Экелефтің (1907-1968) поэзиясынан байқалды. 30 жылдары реалистік пролетарлық әдебиет нығайды. 40 жылдары бір топ жазушы соғысқа қарсы шығармалар жазды. 2-дүние жүзілік соғыстан (1939-1945) кейін А.Лундквист, С.Арнер (1909 ж. т.), Сара Лидман (1923 ж. т.) т. б. жазушылар империализмге, отаршылдыққа қарсы, бейбітшілік үшін күрес тақырыбына үн қосты. Бұл жылдары В.Муберг (1898-1973), И.Лу-Юхансон (1901 ж. т.), Сара Лидман, О. Вассинг (1919 ж. т,), П. У. Сундман (1922 ж. т.) т. б. жазушылар реалистік дәстүрді әрі қарай жалғастырды, тарихи және философиялық романдар жазды. 60-70 жылдары сатира (П.К.Ерсильд, 1935 ж. т.), деректі роман және репортаж (П. У. Энквист, 1930 ж. т.), саяси лирика (Б.Хокансон, 1937 ж. т.) кең тарады. Астрид Линдгреннің (1907 ж. т.) балаларға арналған кітаптары дүние жүзіне белгілі болды.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Швеция территориясында кезігетін ежелгі өнер мұралары (таңбалы тастар, өрнекті қару-жарақтар) қола және темір ғасырларына, қорған қалдықтары б.з-дың 1 ғасырына саяды. 11-12 ғасырда роман стилінде тастан шіркеулер (Сигтуна, Көне Упсала және Лундада), 13-15 ғасырларда мұнаралары тік бұрышты готика үлгісіндегі ғибадатханалар (Стокгольмдегі Үлкен шіркеу, Упсаладағы собор), 16 ғасырда Қайта өркендеу дәуірі архитектурасы іспеттес қамалдар (Грипсхольм, Вадотен, Кальмар) бой көтерді. Орта ғасырда негізінен сәндік кескіндеме, мүсін, кітап миниатюрасы дамыды. 17 ғасырда сарайлар мен қала сыртындағы резиденциялар (арх. Ж. де ла Валле, Н.Тессиннің Үлкені, Н.Тессиннің Кішісі) классицизм және барокко стилінде салынды. Швецияда неміс, франдуз, нидерланд суретшілерімен қатар жергілікті шеберлер (И. Сильвиус, Д.Клёкер-Эренштраль) де еңбек етті. 18 ғасырда классицизм стиліндегі архнтектура (К. Ф. Аделькранц) мен мүсін (Й. Т. Сергель), рококо рухындағы тұрмыстық жанр (Н. Лафренсен), реалистік портрет жанры (А. Рослин, К.Г.Пило, Г.Лундберг, П.А.Халль) кең етек алды. 19 ғасыр архитектурасында классицизм әклектикаға жол берді. Бейнелеу өнерінде 19 ғасырдың 1-жартысында романтизм ағымына, елдің өткен тарихы мен табиғатына бой ұру байқалды (кескіндемеші Н.О.Вломмер, Э.Лундгрен, мүсінші Й. П. Молин). 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасыр аралығында реализмнің дамуы Э.Йосефсон, А.Цорн портреттерінде, К. В. Вильхельмсон, К.Ларсон жанрлық көріністерінде, принц Евгений пейзаждарында, В. Лильефорс картиналарында көрініс берді. 20 ғасырдағы архитектурада жаңа ізденістер бой көрсетіп (Ф.Боберг, К.Бергстен), неоклассикалық (Р.Эстберг, И.Тенгбом) және функционализм (Г.Асплунд, С. Маркелиус, С. Бакстрём) бағыттары қалыптасты. 20 ғасырдағы мүсін өнерінде К. Миллес, В. Йорт, Б. Марклундтың монументті-сәндік жұмыстары, кескіндеме саласында И. Грюневальд, Л. Энгстрём картияалары, С. Деркерт, Э. Йолин, А. Амелиннің әлеуметтік тақырыптағы шығармалары ерекше көзге түседі. Көптеген модернистік ағымдар етек алған (Э. Немес, Т. Ренквист). Халық өнерінің ішінде ағаш сәулет өнері, тоқымашылық, темір, тері және сүйек ұқсату кеңінен өріс алған.

Музыкасы. Швеция музыкалық фольклорында ән жанрымен қатар би музыкасы, хор кең тараған. Музыкалық аспаптары: лур (бақташы мүйізі), қоңырауша, скрипка, кларнет, арфа, флейта. Христиан діні енгеннен кейін (11 ғ.) профессионалды музыка (григориан хоралы), соңын ала зиялылар музыкасы дамыды. 16 ғасырда сарай капеллалары пайда болды. 18 ғасырда Стокгольм музыкалық өмір орталығына айналды. Мұнда 1731 жылы композитор Й. Г. Руман көпшілік концерттерін ұйымдастырды, 1771 жылы Корольдық музыкалық академиясы, 1773 жылы Корольдық опера құрылды. 18 ғасырдың 2-жартысынан суырып салма ақын К.М.Бельманның әндері кең тарады. Романтизм идеяларының әсерімен ұлттық музыкалық фольклорға деген ынта пайда болды. Э.Г.Гейер, А.А.Афцелиус, А.И.Арвидсонның халық әуендерінің жинақтары жарық көрді. Халық әндерін жинаушылар: Э.Драке, Й.Б.Струве, Р.Дюбек т.б. Халық әндерін пайдаланған композиторлары А.Ф. Линдблад (әндерде), Ф.А.Бервальд (камералық-аспаптық және симфониялық шығармаларында), А. Сёдерман, И. Хальстрём («Арбалған» операсында), Э. Шёгрен (романстары мен камералық-аспаптық шығармаларында). Швеция замани музыкасының негізін салушы: Г.Альфвен, басқа музыканттарының ішінен композиторлар В. Петерсон-Бергер, скрипкашы Т.Аулин; әншілері Ж. Линд, К. Нильсон. Швецияда концерттік бірлестік (1902), оркестр бірлестігі (Гётеборгта, 1905), Швед композиторларының одағы (1918), Хор одағы (1925) т. б. музыкалық қоғамдары мен одақтары жұмыс істейді. Корольдық музыкалық академия жанында Жоғары музыкалық мектебі, жеке меншік мектептер музыкалық білім береді. 20 ғасырдағы музыканттары: композиторлар Л.Э.Ларсон, Г. де Фрумери (әрі пианист), Э. фон Кох, С. Эккерберг (әрі дирижер), белгілі опера артистері Ю. Бьёрлинг, Б. Нильссон, И. Гедда.

Театры. Ежелгі діни әдет-ғұрыптарда театр элементтері кездеседі. 16 ғасырда швед және ежелгі драматургтардың пьесаларын қоятын көптеген мектеп және студенттер театр труппалары құрылды. 1682 жылы Упсала университетінде ұйымдасқан театр труппасы Швециядағы алғашқы профессионалды театрға (1686-1691 жылдар Стокгольмде өнер көрсетті) айналды. 1737 жылы астанада ашылған «Корольдық швед сахнасы» кейіннен шетел труппаларының қысымымен өз жұмысын тоқтатты. 1787 жылы ғана Стокгольмде ұлттық Корольдың драма театры (19 ғасырдың басына дейін сарай театры ретінде жұмыс істеді) ұйымдастырылды. Мұнда швед драматургтарының пьесалары қойылды. Л. Юртсберг, Э Хёгквист, Э. Свартс, Н. Альмлёф, Г. Дальквист, Ф. Вестердаль творчествосы реалистік және романтикалық бағыттағы актерлік мектептің қалыптасуына игі әсер етті. 19 ғасырда астанада бірнеше жеке меншік театрлар жұмыс істеді. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында швед театры драматург Ю.А.Стриндберг творчествосы арқылы Европаға танылды. Оның теориялық көзқарастары Батыс Европа театрларында натурализмнің қалыптасуына үлкен әсерін тигізді. Стриндбергтің идеялық-эстетикалық принциптері өз қатысуымен құрылган Стокгольм «Сезім театрында» (1907-1910 жылдар жұмыс істеді) жүзеге асты. Осы театрда реж. А. Фальк алғаш рет Стриндбергтің көптеген пьесаларын қойды. 1-дүние жүзілік соғыстан кейінгі швед театрының өркендеуі У.Муландер мен П.А.Линдбергтің режиссерлік қызметімен тығыз байланысты. 1920-1930 жылдардағы актерлік өнердегі реалистік бағыттын ірі өкілдері: Й.Экман, И.Хедквист, П.Линдстед-Бруниус, Л.Хансон, В.Шёстрём. 30 жылдары Швециядағы алдынғы қатардағы театрларда швед және шетел драматургтарының (В.Муберг, Н.Григ, К.Чапек т. б.) фашизмге, соғысқа қарсы шығармалары қойылды. 1960 және 70 жылдардың басында бұрынғыдай ұлттық драматургтар пьесаларына көп көңіл бөлінгенімен ішінара дүние жүзі классикасы мен қазіргі заман қаламгерлеріне (У.ІІІекспир, К.Гольдони, И.В.Гете, Г.Ибсен, А.П.Чехов, М.Горький, Б.Брехт, Б.Шоу, А.Ануй, Ж.П.Сартр, А.Миллер, Э.Ионеско, С.Беккет т.б. де назар аударылды. Театрлар қатарынан Корольдық драма театры мен Стокгольм қалалық театры басты орын алады. Гётеборг, Мальме, Норчепинг, Линчепинг, Хельсингборг, Упсатла қалаларында тұрақты труппасы баг драма театрлары жұмыс істейді 66 жылдардың аяғынан ірі қалаларды жастар театрлары жұмыс істей бастады. Режиссерлері: А.Шёберг, И.Бергман, Л.Л. Лестадиус, У.Пальм. Актёрлері: Э. Адольфсон, У. Якобсон. С. Ғууд, М. Крук, Э. Юзефсон, Б. Андерсон, Я. Кулле. Актёрлерді Стокгольмдегі Корольдық драма теаип және Драма институты жанындағы мектептер даярлайды.

Киносы. Алғашқы фильм 1896 жылы түсірілген Тұрақты кино өндірісі 1907 жылы басталды. Швециядағы «дыбыссыз» киноның даму кезеңі «швед классикалық кино мектебін» құрушылар М.Стиллер мен В.Шёстрём творчествосымен тығыз байланысты. Олардың «Ереунт» (1914), «Ингмар балалары» (1918) т.б. фильмдерінде әлеуметтік тақырып көтерілді. 30 жылдары швед киносында салондық мелодрамалар мен комедиялар мол орын алды. 40-50 жылдары ұлттық кино өнерінің өркендеу кезеңі басталды. Осы кезеңде реж. А. Шёберг («Фрёкен Юлия», 1951) пен Матсон («Жаз бойы билеген еді», 1951) Швеция киносының дамуына белсене ат салысты. 50 жылдардың ортасында қазіргі заманғы буржуазия қоғамдық трагедияға толы қарама-қайшылықты бейнеленген «Бүлдірген алаңы» (1957), «Бұлақ» (1959), «Бетпе-бет» (1976) атты фильмдердің режиссері П. Бергман елеулі еңбек етті. Швед кинематографистерінің кейінгі буын өкілдері Б.Видерберг «Қарга кварталы» (1964), «Эльвира Мадиган» (1967), «Одален-31» (1968), «Джо Хилл» (1970), Я. Троэлль «Міне сенің өмірің» (1967), «Эмигранттар» (1971), Т. Даниэльсон «Алма соғысы» (1972), ал М. Агрен «Мария» (1975) фильмін қоюмен әлеуметтік тақырыпты қозғады. 1963 жылы Стокгольмде швед кино институты құрылды. Оның жанында режиссер, оператор және дыбыс операторын даярлайтын киномектебі бар (1965 жылдан). 1972 жылы совет-швед кинематографистері бірлесіп «Шеттен келген адам» фильмін (реж. Ю. П. Егоров) жасады. 1975 жылы 24 көркем фильм шығарылды, 1300 кинотеатр жұмыс істеді.

Әдеб.: Жибицкая  З. Д. Швеция. Очерк экономической географии. М., 1972; История скандинавской литературы от древнейших времен до наших дней. М., 1894; Мацевич А. Основные тенденции в развитии современного шведского романа. в сб.: Вопросы зарубежной литературы. Пермь, 1972; Андерссон И. История Швеции. пер. со швед., М., 1951; История Швеции. М., 1974; Пашутов Т. Внешняя политика Древней Руси. М., 1968; Вайштейн О. Л. Россия и тридцатилетняя война. 1618-1648 гг. М., 1947; Тарле Е. Северная война и шведское нашествие на Россию. М., 1968; Векстрем К. История рабочего движения в Швеции. пер. со швед., М., 1966; Сегал Я. Рабочее движение в скандинавских странах. М., 1927; Кан А. Новейшая история Швеции. М., 1964; Чернышева О. В. Рабочее движение в Швеции. 1929-1939. –М., 1971; Материалы XIX съезда Коммунистической партии Швеции. [пер. со швед.]. –М., 1961; Херманссон К. Концентрация производства в Швеции. пер. со швед. М., 1961; Тимашкова О. Шведская социал-демократия у власти. М., 1962; Герчикова И. Экономика Швеции. М., 1963; Дейниченко Г. Швеция веех времен года. М., 1974; Голошубов Ю. И. Скандинавия и проблемы послевоенной Европы. М., 1974; Садуль Ж. Всеобщая история кино. т. 2, 3, 6. пер. с франц. М., 1958-1965.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-04-27 15:15:15     Қаралды-2968

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »