UF

ИРЛАНДИЯ (Іrеlаnd), Ирландия Республикасы (Еіrе, Роblacht nа Һ-Еіrеаnn) - Батыс Европадағы мемлекет. Ирланд аралының 5/6 бөлігін алып жатыр. Шығысында - Ирланд теңізі, батысында - Атлант мұхиты. Жері 70283 км2. Халқы 4,9 мың (2017). Астанасы - Дублин қаласы. Әкімшілік жағынан 26 графтыққа бөлінеді; Дублин, Корк, Лимерик, Уотерфорд, Дан-Лэри қалалары жеке әкімшілік бөлік саналады.

Мемлекеттік құрылысы. Ирландия - республика. Қазіргі конституциясы 1937 жылы 29 желтоқсанда қабылданған. Мемлекеттік басшысы - президент. Оны халық 7 жылға сайлайды. Президент парламенттің төменгі палатасын шақыруға және таратып жіберуге праволы. Ол заңдарды жариялайды, жоғары қызмет адамдарын тағайындайды, қарулы күштерді басқарады. Өкіметтің Заң шығаратын ең жоғары органы - парламент. Оның құрамына президент және 2 палата (өкілдер палатасы мен сенат) кіреді. Өкілдер палатасын (144 мүшесі бар) жалпыға бірдей төте және жасырын дауыс беру негізінде халық сайлайды. Сенатта 60 мүше бар, оның 11-ін премьер-министр тағайындайды, 6-уын Ұлттық және Дублин ун-ттері сайлайды, ал қалғандары ерекше тізім бойынша қосалқы сайлау жолымен сайланады. 21 жасқа толғандарға сайлау правосы беріледі. Сот жүйесі - жоғарғы сот және бірінші инстанция соттарынан құралады.

Табиғаты. Жері негізінен жазық, ойпатты келеді. Орталық және солтүстік бөліктерін Орталық ойпат алып жатыр. Биіктігі орташа таулар Ирландияның шет жақтарында орналасқан; ең биік жері - елдің оңтүстік-батыс шетіндегі Каррантуилл тауы (1041 м). Жері докембрий, палеозой, девон және карбон жыныстарынан түзілген. Пайдалы қазындылары - шымтезек, тас көмір, фосфорит т. б. Климаты қоңыржай, мұхиттық. Қысы жылы (қаңтардың орташа температурасы 5-8°С), жазы қоңыр салқын (шілденің орташа температурасы 14-16°С). Жауын-шашынның жылдық мөлшері 700-1500 мм, таулы бөлігінде 2000 мм. Басты өзені - Шаннон. Ірі көлдері: Лох-Корриб, Лох-Маск, Лох-Ри. Ирландия жерінің көбі шымтезек араласқан батпақ, күлгін топырақты, шалғынды келеді. Территориясының 1%-і орман (емен, қайың, қарағай). Жануарлар дүниесі өте кедей. Табиғи жағдайына қарай Ирландия жері 4 табиғи аймаққа бөлінеді. Орталық ойпат, Батыс жағалау, Шығыс жағалау, Оңтүстік таулы жағалау. Халқының 98 %-і ирландыңтар; қалғандары - ағылшындар, шотландықтар, еврейлер. Мемлекеттік тілі - ирланд және ағылшын тілдері. Халқының көбі - католиктер, қалғаны протестанттар. Еңбек етуші халқы 1134 мың (1970). Халқының орташа тығыздығы 1 км2 жерге 42 адамнан; 48%-і қалаларда тұрады. Ірі қалалары: Дублин, Корк, Лимерик.

Тарихы. Ирландия жерінде адамзат қоғамы б. з. б. 6 мың жылдың қарсаңы шамасында пайда болды. Б. з. б. 4 ғасырда Ирландияны кельт тайпалары қоныстана бастады. Олар өздерінен бұрынғы халықты бірте-бірте ассимиляцияға ұшыратты. Ирландия жеріндегі алғашқы қауымдық құрылыс кландың (ру-тайпалық) ұйым сипатында болды; бұл ұйым таптық қоғам қалыптасқан кезеңде де едауір роль атқарды. Б. з. алғашқы ғасырларында Ирландияда ақсүйектер пайда болып, тәуелді халықтың әр түрлі категориялары шықты. 3 ғасыр шамасында ертедегі феодалдық тұрпаттағы алғашқы мемлекеттер құрылды. 5 ғасырда христиан діні тарап, феодалдану процесі күшейді. 795 жылы Ирландияға нормандар басып кірді.

1169-1171 жылдар Ирландияны ағылшын-норманн феодалдары басып алды, бұл Ирландияның оңтүстік-шығыс жағалауында ағылшын отарларының ұйымдасуына әкеліп соқтырды. Қалаларда қолөнері мен сауда дамыды. Мал шаруашылығы шаруашылықтың басты саласына айналды. 16 ғасырда ағылшындар отарлау саясатын күшейте түсті. 16 ғасырдың аяғы - 17 ғасырдың басында Манстер, Ольстер, Ленстердің бір бөлігі отарға айналдырылды. Отаршылдарға қарсы Шан О Нейл, Десмонд, Тирон және Тирконнель бастаған көтерілістер шықты.

Ирландияны отарлау кезеңі 17 ғасырдың ортасындағы Ағылшын буржуазия революциясымен тұстас келді. Ирланд көтерілістерін (1641-1652) жаныштағаннан кейін Ирландия жері бұрын-соңды болмаған көлемде конфискеленіп, саудаға салынды, 16-17 ғасырларда ағылшын отаршылары букіл ирланд жерінің бөлігіне жуығын иемденіп, талан-таражға салды. Осы кезеңде жаңа ағылшын ақсүйектері қалыптасты. Англияда Стюарттар әулеті (1660) қайта жанданды. Бұларға және отаршыл өкіметке қарсы ирланд шаруалары мен жерсіз дворяндар күресі өріс алды. Ирланд көтерілістері (1688-1691) қайтадан шықты.

17 ғасырдың аяғынан 18 ғасырдың ортасына дейін ағылшын өкімет орындары ирланд католиктерін (Ирландия халқының басым көпшілігі) саяси, едәуір дережеде азаматтың праволарынан айырған, ұлттың және діни жағынан кемсіту жүйесін белгілеген заңдар шығарды. 18 ғасырдың аяғында Ирландияда ірі мануфактура мен фабрикалык тұрпаттағы кәсіпорындар пайда болды. Ал ауыл шарашылығы төмен құлдырады.

Халық бұқарасы отарлық және әлеуметтік езгіге қарсы стихиялық түрде қарсылық көрсетіп отырды. 18 ғасырдың 60 жылдары мен 70 жылдардың басында шаруалардың астыртын ұйымдары («Ақ балалар», кейінірек Риббон әулеті т.б.) құрылды. Буржуазия топтар да оппозицияға шықты. 1782-1783 жылдар ирланд парламенті үшін автономия белгіленді, оның протекционистік саясаты Ирландияда белгілі дәрежеде өнеркәсіптің дамуына көмектесті. «Біріккен ирландықтар» қоғамы сол қанатының өкілдері тәуелсіз республика жолындағы күрес программасын ұсынды. Бірақ Ирландияда 1798 жылы бұрқ ете түскен көтеріліс басып-жанышталды.

19 ғасырда Ирландия метрополияның аграрлық базасына айналды. 1850 жылға салым Ирландияда не бары 3490 жұмысшысы бар 20 тоқыма фабрикасы болды. 1846 жылы қарсаңында, бар болғаны, 100 км-ден астам темір жол желісі тартылды (тұңғыш темір жолы 1836 жылы салынғанды). Халықтың 6/7 бөлігі ауыл шаруашылығында істеді, шаруалар аяусыз қаналды. Ирландияның халық бұқарасын талап, тонау арқылы Англия капиталистік қор жинап, өнеркәсібін дамытты. 19 ғасырдың 40 жылдарының орта шенінен аграрлық төңкеріс басталды. Ұсақ арендаторлар жерден қуып шығарылды. Шаруалар топқа бөлініп, капиталистік тұрпаттағы ірі фермерлер пайда болды.

30 жылдары шаруалардың стихиялық қозғалысы шын мәнінде «десятинаға қарсы соғысқа» айналды. Жұмысшы табы ұлттық қозғалысқа барған сайын белсене қатыса бастады. 20-30 жылдары ирланд тред-юниондары ұйымдасты. 1840 жылы Рипилерлер ассоциациясы, оның ішінен 1842 жылы «Жас Ирландия» атты неғұрлым радикалды топ құрылды. Ұлттық қозғалыстың радикалды топтары 1847 жылы Ирландия конфедерациясының негізін қалады. Оның революция-демократиялық қанатының басшылары ағылшын үстемдігіне қарсы қарулы көтеріліске шығуға, революция аграрлық өзгерістер жасауға, ағылшын чартистерімен одақ құруға шақырды. Ағылшын өкімет орындары Ирланд көтерілісін (1848) басып тастады.

1869 жылы Ирландияда 1-Интернационалдың секциялары құрыла бастады.

Ұлыбритания империализм дәуіріне өткен кезеңде ұлғая түскен британ отарлық империясында Ирландияның үлес салмағы кеміді. Ирландия экономикасы бұрынғысынша бір жақты дамыды. Негізінен тамақ өнеркәсібі өркендеді. 70-80 жылдары Ирландияда бірнеше рет егін шықпай, аштық жайлады. 19 ғасырдың 70-80 жылдары гомруль (Британ империясының ішінде өзін-өзі басқару) үшін күрес күшейді. 1879 жылы Жер лигасы құрылды. Шаруалар қозғалысы кең өріс алды. Ирланд пролетариаты белсенді роль атқара бастады. 1896 жылы Дж. Конноли маркстік Ирланд социалистік республика партиясын құрды. 20 ғасырдың басында Ирландияда ағылшын финанс капиталының экономикалық бұғауы күшейді. Ел ішінде монополистік бірлестіктер құрыла бастады. Ірі жер иелерінің ықпалы арта түсті.

Россиядағы 1905-1907 жылдардағы революция Ирландияда жұмысшы және ұлт-азаттык қозғалысының өрлеуіне әсер етті. 1905 жылы Шин фейн партиясы ұйымдасты. Партия Ирландияның саяси және экономикалық жағынан еріктілігі жолында күресті. 1912 жылы Лейбористік партия қалыптасты, оның басшылары реформашыл саясат жүргізді. 1909 жылы Транспорт және маман өмес жұмысшылар одағы құрылды. Бұл одақ пролетариаттың ереуіл козғалысының айбынды орталығына айналды. Мыс., одақ Дублин ереуіліне (1913 жылы тамыз - 1914 жылы қаңтар) басшылық етті. Ереуіл барысында пролетарлық қарулы ұйым «Ирланд азаматтың армиясы» құрылды. Ирланд көтерілісі (1916) аяусыз жаншылды.

Россияда Ұлы социалистік революциясының жеңуі Ирландияда революция күрестің өрлеуіне үлкен әсер етті. Елде ұлт-азаттық антиимпериалистік соғыс (1919-1921) өріс алды. Соғыс буржуазия-демократиялық революция сипатында болды. Жұмысшылар, батрақтар, ұсақ фермерлер, демократиялық интеллигенция империализмге қарсы соғыстың қозғаушы күші болды. Бірақ ирланд пролетариаты онша күшті емес еді, оның революцияшыл партиясы болмады, сондықтан да күресті басқара алмады.

1919 жылы қаңтарда Ирландияның тәуелсіздігі жарияланды. И. Де Валера Ирландияның президенті болып сайланды. Ирланд республикалық армиясы (ИРА) ағылшын әскерлері мен полициясына қарсы батыл соғыс қимылдарын өрістетті. 1921 жылы желтоқсанда Ұлыбритания мен Ирландия арасында бітім шартына қол қойылды, Ирландия (солтүстік-шығыстағы өнеркәсіп тұрғысынан анағұрлым дамыған 6 графтықты қоспағанда, бұлар Біріккен корольдықтың құрамында қалды) доминион статусын алды.

1922-1923 жылдар Ирландияда азамат соғысы басталды. Бұл ұлт-азаттық соғыстың жалғасы болды және ағылшын отаршылдарымен ауыз жаласқан ирланд буржуазиясының бір бөлігіне қарсы бағытталды.  Азамат соғысы барысында жұмысшылар мен шаруалар өндіріске шұмысшы бақылауын орнату, ірі жер иеліктерін бөлу үшін таптық күрес жүргізді. Бірақ азамат соғысында оңшылдардан құралған доминион үкіметі жеңіп шықты. Ирландияда буржуазия-демократиялық революция аяқталмай қалды.

1922-1932 жылдар елді У. Косгрейв үкіметі басқарды. Үкімет ағылшын империалистік капиталымен тығыз байланысқан ирланд буржуазиясы бір бөлігінің мүддесін қорғады. Елде полицейлік террор тәртібі орнады. Мұның бәрі ұлттық және таптық қайшылықтардың қауырт ушығуына апарып соқтырды. 1932 жылы қаңтарда парламент сайлауларында Де Валера басқарған Фианна файл (Тағдыр солдаттары; 1926 жылы құрылған) партиясы жеңіске жетті. Бұл партия ұлттық буржуазия патриоттық топтарының мүддесін қорғады. Де Валера үкіметі британ тағына парламенттік ант беруге тыйым салды, Ирландиядағы ағылшын әскери-теңіз базаларын жойды. 1937 жылы Ирландияның жаңа конституциясы қабылданды. Конституцияға сәйкес, бұрынғы британ доминионы «Эйре суверенді мемлекеті» болды. Елді капиталистік индустрияландыруға бағыт ұсталды. Мемлекеттің қатысуымен көптеген өнеркәсіп орындары салынды, ұсақ фермерлер қауымына бірсыпыра көмек көрсетілді.

1933 жылы маусымда Ирландия коммунистік партиясының (ИКП) негізі қаланды. Партия елдегі таптық күрестің ұйтқысы болды. 1935 жылы коммунистер мен прогресшіл қайраткерлер тұтқынға алынды. 1949 жылы Ирландия тәуелсіз республика болып жарияланды. Республика британ ынтымағынан шықты. Мемлекеттік қатысуымен елде капиталистік индустрияландыру процесі онан әрі жүргізілді. Жұмысшы табының саны едәуір өсті. Сонда да болса, халықтың дені ауыл шаруашылығында жұмыс істеді. Ирландия экономикасына шетел капиталы бойлап ене бастады.

1959 жылы Ирланд Республикасы мен Солтүстік Ирландия кәсіподақ орталықтары біртұтас Ирланд тред-юниондар конгресіне бірікті. 1970 жылы наурызда Ирландия жұмысшы партиясы (1948 жылы құрылған) мен Солтүстік Ирландия коммунистік партиясы қосылып, Ирландия коммунистік партиясы болып қайта құрылды. Партия тап күресіне, елді біріктіріп, социалистік жолмен дамытуға алғы шарт жасау жолындағы күреске басшылық етіп келеді.

Ирландия - 1955 жылдан БҰҰ мүшесі. Ирландия үкіметі 1963 жылы ядролық қаруды сынауға тыйым салу, 1968 жылы ядролық қаруды таратпау туралы шарттарға қол қойды, соңғы жылдары Солтүстік Ирландия проблемасын саяси жолмен реттеу, халықаралық даулы мәселелерді келіс сөздер жүргізу жолымен шешу, халықаралық шиеленісті бәсеңдету жөнінде талай рет үн көтерді.

Саяси партиялары. Фианнафайл (Тағдыр солдаттары), 1926 жылы құрылды. Ірі өнеркәсіп және сауда капиталының мүддесін қорғайды. 1957 жылдан билеуші партия Финегәл (Біріккен ирланд партиясы), 1933 жылы құрылды. Неғұрлым оңшыл партия. Ірі буржуазия мен жер иеленуші ақсүйектердің мүддесін қорғайды. Ирланд лейбористік партиясы 1912 жылы құрылды. Социал-демократтар бағыттағы партия. Кәсіподақтарға сүйенеді. Шинфейн (Біз өзіміз), 1905 жылы құрылды. Ұлтшыл партия. Ұсақ буржуазия мен буржуазия интеллигенцияның басын біріктіреді. Ирландия коммунистік партиясы (ИКП) 1933 жылы құрылды.

Кәсіподақтары және басқа қоғамдық ұйымдары. Алғашқы ирланд тред-юниондары 19 ғасырдың 20-30 жылдары пайда болды. Ирланд тред- юниондар конгресі, 1959 жылы құрылды. 500 мыңдай мүшесі бар. Ирландия - СССР қоғамы, 1949 жылы құрылды.

Экономикасы. Ирландия аграрлы-индустриялы ел. 1958-1968 жылдар арасында жалпы ұлттық өнім жыл сайын 4,1%-тен өсіп отырды; оның ішінде өнеркәсіптің даму қарқыны күшті болды, бірақ 1970 жылы дамудың бұл қарқыны бәсеңдей бастады. Экономикасында шетел капиталының (Ұлыбритания, АҚШ) ықпалы күшті.

Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылық жерінің 40%-тен астамы және мүйізді ірі қара малдың 30%-і ірі фермерлердің қолында. Барлық жерінің 70%-тен астамы ауыл шаруашылығына пайдаланылады, оның 53%-і жайылым мен шабындық, 3%-і орман-тоғай. Ауыл шаруашылық өнімдері құнының 3/4 мал шаруашылығынан түседі. Ирландия мүйізді ірі қара санын әр адамға шаққанда келетін мөлшері жағынан және малды тірідей әкспортқа шығарудан Европада 1-орын алады. 1969-1970 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 5,8%, оның ішінде сиыр 1,6, қой 4, шошқа 1,1, құс 9,7. Ирландияда егіншілік қосалқы шаруашылық есебінде. Егістігінің 30%-іне дәнді дақылдар егіледі, оның ішінде (мың га, 1970): бидай 94, арпа 220, сұлы 69. 1970 жылы өндірілген ауыл шаруашылық өнімдері (мың т): ет 374, сүт 3623, май 75, сыр 30, бидай 380, арпа 800, сұлы 210, картоп 1550, қант қызылшасы 975. 1970 жылы 81 мың тонна балық ауланды.

Өнеркәсібі. Тау-кен өнеркәсібінің басты саласы - шымтезек (4,7 млн. т, 1969), тас көмір (154 мың т), полиметалл рудасы. Энергетикалық балансында мұнайдың (шеттен әкелінеді) үлесі 45%, шымтезектікі 25%, көмірдікі 20%, су энергиясынікі 10%. 1969 жылы елде 5,1 млрд. квт-сағ электр энергиясы алынды, оның 80%-ке жуығын жылу электр станциялары береді. Грейт-Айлендте ірі жылу электр станциясы, Уиклоу графтығында Төрлу-Хилл атом электр станциясы салынуда (1972). Өңдеу өнеркәсібі салаларының ішінде тамақ өнеркәсібінің үлесі зор. Оның басты салалары - ет, сүт, қант, балық консервілеу, ұн тарту, сыра және спирт-арақ өндіру. Былтары, мата тоқу, киім тігу өнеркәсібі дамыған. Қара металлургия зауыды (Корк қаласы іргесінде), кеме жасау және жөндеу доктары (Дублин, Корк), ауыл шаруашылық машиналарын жасау (Уэксфорд, Дандолк), автомобиль және трактор құрастыру (Дублин, Корк), электротехника (Дублин, Корк), мұнай айыру (Корк) кәсіпорындары бар. 1969 жылы шығарылған өнеркәсіп өнімдері: болат 80 мың т, қорғасын 58,7 мың т, мырыш 97,5 мың т, мақта мата 23 млн. м2, жүн-мата 8 млн. м2, сыра 3727 мың т, қант 152 мың т, радиоқабылдағыш 103 мың, телевизор 87 мың.

Транспорты. Барлық жүктің 2/3-сі автотранспортпен, 20%-і теңіз транспортымен, 13%-і темір жолмен тасылады. Тас жолының ұзындығы 85 мың км (1970), темір жол 2 мың км. Шаннон өзенінде және Гранд-каналы мен Ройял-каналда кеме жүзеді. Басты теңіз порттары: Дублин, Корк. Жүк негізінен Ұлыбритания кемелерімен тасылады.

Сыртқы экономикалық байланысы. Экспортқа шығарылатын өнімдері - ет және ет тағамдары (бүкіл экспорт құнының 18%-і, 1970), тірі мал (13%), мата және киім (10%), руда және металлолом (5%). Сырттан машина және құрал-жабдықтар (28%), химикаттар (10%-тей), мұнай және оның өнімдері алынады. Сыртқы саудадағы әріптестері (1970) - Ұлыбритания (экспортының 66,6%-і мен импортының 53,4%-і), АҚШ (10% және 7%), ГФР (2,9% және 7%). Ақшасы - ирланд фунты, ол ағылшын фунт стерлингіне пара-пар.

Экономиқалық аудандары. Дублин астаналық ау даны - басты өнеркәсіптік аудан; Орталық аудан - мал шаруашылық ауданы; Корк ауданы - екінші орындағы өнеркәсіп аудан; Оңтүстік аудан - мал шаруашылық және егіншілік аудан; Солтүстік аудан - аграрлық аудан.

Денсаулық сақтау ісі. 1969 жылы мәлімет бойынша Ирландияда әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 21,5, адамның өлімі 11,6; тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені 20,6. Бұл елде туберкулез, қатерлі ісік, нерв жүйесі мен қан айналысы органдарының аурулары көбірек таралған.

1966 жылы Ирландияда 3 мың дәрігер (962 адамға 1 дәрігер), 0,6 мың тіс дәрігері, 1,7 мың фармацевт, 16,5 мың медсестра мен акушерлер жұмыс істеді. 38,5 мың төсектік (1000 адамға 13,3 төсек) 273 аурухана болды.

Оқу-ағарту ісі. 1922 жылы Ирландия үкіметі барлық жеке адамдар қарауындағы мектептерді бақылауға алды. Бастауыш мектептер мемлекеттік қарауында. 6-14 жастағы балалар үшін оқу міндетті. Мектепке дейінгі мекемелер жоқ. Бастауыш мектеп 6 жылдық. 1968-1969 оқу жылында 4260 бастауыш мектенте 497128 оқушы оқыды. Орта мектептер қалаларда ғана бар. Онда оқу мерзіміне 6 жыл, 2 циклді: негізгі (арнаулы оқу орнына түсуге право береді, оқу мерзімі 3-4 жыл) және жоғары курс (2 жыл, жоғары оқу орнына түсуге право береді.). 1968-1969 оқу жылында 601 орта мектепте 145024 оқушы оқыды. Бастауыш мектеп мұғалімдерін педагогикалық колледждер даярлайды. 1967-1968 оқу жылында педагогикалық колледждерде 1893 студент оқыды. Орта мектеп оқытушыларын ун-ттер даярлайды, ун-тті бітірген соң, бір жыл арнаулы педагогикалық дайындықтан өтеді. Ірі оқу орындары: Дублин ун-ті (1591), Ұлттық ун-т (1909). 1968-1969 оқу жылында жоғары оқу орындарында 18 мың студент оқыды. Ірі кітапханалары: Дублиндегі Ұлттық кітапхана (1877 жылы құрылған, кітап қоры 500 мың дана), Дублин көпшілік кітапханасы (850 мың дана). Дублинде Ұлттық музей (1731), Ұлттық галерея (1864), Қазіргі өнер галереясы, Азаматтық музей (1953) бар.

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Ирландияда 1971 жылы ирланд және ағылшын тілдерінде 70-тен астам газет, журнал шықты. Аса ірі газеттері: ағылшып тілінде - «Айриш пресс» (1931), «Санди пресс» (1949), «Ивнинг пресс» (1954), «Айриш индепендент» (1905), «Санди индепендент» (1905), «Ивнинг геральд» (1891), «Айриш таймс» (1859), Ирландия компартиясының органы «Айриш уоркерсвойс» (1949); ирланд тілінде - «Ирис эфигюль» (1922), «Инню» (1943). Журналдары: ағылшын тілінде - «Айриш сошиалист ревью» (1969) - Ирландия компартиясының органы т. б. Ирландия информациялық агенттігі - «Айриш финерс йдженси». Ирландияда тұңғыш радиохабары 1926 жылы, телехабар 1961 жылы берілді. Хабар ирланд, ағылшын тілдерінде жүргізіледі.

Әдебиеті. Ирландия әдебиеті ирланд және ағылшын тілінде дамыған. Ауыз әдебиеті б. з-дың 1 ғасырынан, жазба әдебиет 5 ғасырдан басталады. 7-8 ғасырларда гимн, табиғат туралы лирикалар көп таралды. Прозалық шығармалар 8-9 ғасырларда сагаларды алғаш хатқа түсіруден басталды (Ирланд сагалары). Орта ғасырда профессионалдық бардтардың поэзия мектебі өріс алды. 12 ғасырдан бастап Ирландияны Англияның отарлауы оның әдебиетінің дамуына үлкен кедергі жасады. Алайда Ирландия әдебиеті дамуын тоқтатқан жоқ, қайта басқыншыларға қарсы жазылған шығармалар көбейе түсті. 1560 жылы көтеріліске қатысқан ақын Ф.О’Найв өз шығармалары арқылы халықты бірлікке шақырды. Ал 16 ғасырдың аяқ шеніндегі поэзияда торығу сарыны байқалды. Мыс., Дж. Надженттің жоқтау дәстүрімен жазылған «Қош бол, Ирландия» өлеңі халық өміріндегі аянышты көріністі бейнелейді. Жойылып бара жатқан қолжазбаларды жинау, тарихи шығарма жазу (Дж. Китинг, «Ирландия тарихы») жұмыстары 17 ғасырда қолға алынды. 18 ғасырда бардтар поэзиясының орнына шаруалар образын жасап, ұлт бостандығы мәселелерін көтерген жаңа мазмұнды шығармалар туды. 18 ғасырдың аяғында фольклорлың дәстүрде жазылған ағылшын тіліндегі шығармалар өріс алды (Т. Мур, «Ирландия әуендері», 1807-1834). 19 ғасырда ұлт-азаттық қозғалысы тақырыбына жазылған романдар көбейді. 20 ғасырдың басында роман тизмнің орнына революция сарындағы балладалар жазылды. Оған Иитстің 1916 жылғы көтеріліс туралы өлеңдерін атауға болады. Бұл кезде Дж. Стивенс, Дж. Рассель өз шығармаларында халықтың мұң-зарын бейнеледі. 1920-1930 жылдар П.О’ Доннеллдің (1896 ж. т.) «Айқасар күн алда» (1830), Ш.О’Фаолейннің (1900 ж.т.). «Карапайым адамдар лашығы» (1933), Л.О’Флаэртидің (1897 ж.т.) «Аштық» (1937) романдарында тұрмыстық такырыптар суреттелді. Әсіресе, Ш.О’Кейсидің (1880-1964) 6 томдық автобиографиялық эпопеясы (1939-1954) Ирландиядағы шындықтың бетін ашқан кесек шығарма болды. Қазіргі Ирландия әдебиетінің көрнекті өкілдері О.Кларк (1896 ж.т.), Гонор Траси (1913 ж.т.), Мэри Лэвин (1912 ж. т.), Э.О’Брайен (1932 ж. т.) тағы басқалардың шығармаларында капиталистік қоғам мерездері сыналған.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Ирландия жерінде қола ғасырына жататын дольмендер мен кромлехтер, молалы қорғандар, геометриялық өрнекпен нақышталған алтын, қола әшекейлер сақталған. Темір дәуіріндегі (б.з.б. 5-4ғ.) кельттердің темірден жасаған бұйымдары күрделі өрнектермен нақышталған. 5-12 ғасырларда христиан дініңің енуіне байланысты Глендалох пен Келсте биіктігі 40 м-ге жететін мұнаралы монастырьлар салынды. Осы кезде жасалған тас крестер, қола түйреуіштер, аса таяқтар, таурат миниатюралары таспадай өрілген сәнді ою-өрнектермен көмкерілген. 11-12 ғасырларда композициясы қарапайым болғанымен, нәзік өрнекті романдық жопеддер мен шіркеулер, 12-14 ғасырларда готикалық ғибадатханалар салынды. Ирландияны ағылшындардың отарлауы өнердің дамуын тежеді. 16-19 ғасырларда Дублинде ағылшын классицизмі үлгісінде әкімшілік салтанат сарайлары, тұрғын үйлер (арх. У.Рабинсон, У.Чеймберс, Т.Кули, Ф.Джонстон), 1829 жылдан бастап ағылшындық неоготика рухында шіркеулер түрғызылды. 19 ғасырдың басы мен 20 ғасырда портты қалаларда жүйесіз құрылысты аудандар пайда болды. 18 ғасырда негізінен Англияда жұмыс жасаған Ирландия суретшілері: Ч.Джервас, Н.Хоунның үлкені, X.Д. Хамилтон, Дж. Баррет, Р.Баркер т.б. Н. Хоунның кішісі мен У. Осборнның еңбектері 1840 жылғы ұлт-азаттық жолындағы күрестің өнерді реализмге жақындатқан кезінде туды. Дж. Б.Йитстің, П.Тюоидың, Дж.Китингтің, Ч. Лэмбаның портреттері, Дж. X. Крейгтің, П. Хенридің шығармалары 20 ғасырдың басында қалыптасқан ұлттық реалистік мектеп туындыларының үлгісіне жатады. Ирландия республикасында қазіргі стильде бірсыпыра архитектуралық комплекстер, өндіріс және транспорт құрылыстары салынумен қатар, қалаларында бүгінгі күнге дейін ескі құрылыстар да сақталған. Сурет (Н.Мак-Гиннесс, Д.Хилл, Д.О’Нил) пен мүсін өнерінде (Л.Кэмпбелл, А.О’Коннор, Ф.Мак-Уильям) реализм дәстүрімен катар, стильшілдік және модернизмнің кейбір түрлері таралған. Халықтық дәстүрдегі тұрғын үйлері тастардан қаланып, төбесі сабанмен жабылған.

Музыкасы. Халық музыкасы бір дауысты диатоникалық ладқа негізделген. Негізгі өлшемі 3, кейде 5,7 бөлікті өлшеммен айтылатын әуендер де кездеседі. Ирландия халық музыкасының ладтық жүйесі - музыка аспаптары арфа мен волынканың дыбыстық қатары негізінде қалыптасқан. 14 ғасырдан бастап патриоттық (18 ғасырдан революция) өндер жазылды. 16 ғасырдан бастап қала шіркеулеріне органдар қойылып, көп дауысты діни музыка пайда болды. Тұңғыш профессионал композиторлар мен арфашылар (Рора Долл О’Катайн, Дж. және X.Скотт, Кэролл О’Дейли) шықты. Ағылшындардың экономикалық және саяси өктемдігінің нығаюы (17 ғ.) Ирландия музыкасын ағылшындық аристократтар музыкасына жақындастыра түсті. Бардшылар мен арфашылар нәзік поэтикалық-музыка формалардан алшақтап, халық поэзиясы музыка дәстурлеріне бет бұрды. 18-19 ғасырлардағы Ирландия арфашыларының ескі музыкасы ағылшын және Европа музыканттарының назарын аударды. Ағылшын композиторлары оны балладалық операға пайдаланды, сондай-ак оны Л.Бетховен де өз творчествосында қолданды. 19 ғасырда композиторлар Ч. Станфорд пен А. Вакстің есімі белгілі болды. Музыка орталықтары - Дублин, Корк. Мұнда симфониялық оркестрлер, музыка қоғамының хор бірлестігі жұмыс істейді. 1963 жылы Дублинде Ирландияның ұлттық опера труппасы ұйымдастырылды.

Театры. Пұтқа табыну дәуірінен бәрі халық арасында ауызша поэзия өнері өмір сүріп келді. Аңызшы-ақындардың орындаушылық шеберліктері ұлттық театрдың эстетикалық принциптерін қалыптастырды. 16 ғасырда Дублинде ағылшын гильдиялары мистерия ойындарын көрсетіп тұрды. 17 ғасырда ағылшын ақсүйектеріне арналған театр жұмыс істеді. Ұлттық өнердің дамуын ағылшын отаршылдары тежеп отырды. 19 ғасырдың аяғында Гэль лигасының кызметімен байланысты туған («Ирландтық өркендеу» деген атпен белгілі болған) ұлттық мәдениетті дамыту жолындағы қозғалыстың нәтижесінде Дублинде Ирланд әдеби театры құрылды (1899); 1901 жылы бұл театр әуесқойлар үйірмесімен бірігіп, Ирланд ұлттық драма қоғамы атанды. Кейін ол тұрақты театрға айналды. 1904 жылы Белфаста Ольстер театры, 1929 жылы Э.Хилтон мен М.Мак-Лиамоирдің ұйымдастыруымен Дублинде театр ашылды. 1928-1931 жылдар Голуэйде Гэль театры жұмыс істеді. 1939 жылдан Аббатство театры спектакльдерін гэль тілінде қоятын болды.

Әдеб.: Маркс К. и Энгельс Ф. Соч., 2 изд., т. 9, 16, 18, 23 и 32; Ленин В. И. Шығ., 19-т., 329-33, 345-47-б.; Сапрыкин Ю.М. Английская колонизация Ирландии в XVI - нач. XVII вв. М., 1958; Колпаков А. Д. Ирландия - остров мятежный. М., 1965; Конноли Д. Ж. Рабочий класс в истории Ирландии. пер. с англ. М., 1969; Стрелецкая Л.Н. Ирландская республика. -М., 1953; Рабинович И. Е. Великобритания. Ирландия. М., 1966; Алексина Л. М. Идеи национально-освободительной борьбы в ирландской поэзии XVI-XVII вв. «Тр. Ленинградского государственной библиотечного института им.Н.К. Крупской». -1963, т. 14; Гвоздев А. А. Ирландский театр. «Искусство и жизнь». 1940, № 6.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-04-22 10:53:49     Қаралды-3327

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »