UF
Загрузка...

БРАЗИЛИЯ (Вrazil), Бразилия Федерациялық Республикасы (República Federativa do Brasil) - Оңтүстік Америка құрлығының шығыс және орталық бөліктерін алып жатқан мемлекет. Гвиана (франц.), Суринам (нидерл.), Гайана, Венесуэла, Колумбия, Перу, Боливия, Парагвай, Аргентина мемлекеттерімен шектеседі. Шығыс және солтүстік-шығыс жағалауын Атлант мұхиты шайып жатыр. Жері (құрамындағы аралдарын қоса) 8512 мың км2. Халқы 207,3 млн. (2017). Астанасы – Бразилия қаласы. Әкімшілік жағынан 22 штатқа, 4 территорияга (өлкеге): федералдық (астаналық) округқа бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Бразилия федерациялық республика. Қазіргі конституциясы 1969 жылы 17 қазанда қабылданған. Мемлекет және үкімет басшысы, қарулы күштердің бас қолбасшысы - президент (5 жылға сайланады). Жоғары заң шығарушы органы - парламент (Ұлттық конгресс), ол екі палатадан (сенат және депутаттар палатасынан) құралады. Сот жүйесінің құрамында бірнеше федералдық сот (Жоғаргы федералдық сот, Жоғарғы апелляциялық сот, еңбек соты т. б.) бар. Губернатор билейтін әрбір штат өз конституциясын қолданады.

БРАЗИЛИЯ (Вrаzіlіа) - Бразилияның астанасы. Риашу - Фунду, Гама, Бананал, Торту өзендері сағаларында салынған бөгеннің жағасына орналасқан. Темір жол станциясы, тас жол торабы, аэропорт. Бразилияда кәсіпорындар жоқ, ол тек қана әкімш. қала. Президенттің резиденциясы мен кеңсесі, Ұлттық конгресс, Жоғарғы сот, барлық министрліктер осында. Қаланы президент тағайындап, сенат мақұлдаған префект басқарады. Онымен бірге қала басқаруға мұшелерін Бразилия округының тұрғындары сайлайтын Муниципалдық совет араласады.

Бразилияның 1891 жылғы қабылданған Конституциясында астананы Рио-де-Жанейродан елдің географиялық орталығына көшіру туралы жазылған. Осыған банланысты 1957 жылы Бразилияның құрылысы басталды, ал 1960 жылы 21 сәуірде астана осында көшірілді. Жаңа астананың Бас планын архитектор Люсио Коста жасады, ал архитектор ансамблдерді жобалау жұмысын архитектор Оскар Нимейер басқарды. Жоғарыдан қарағанда Бразилия ұшуға қомданған самолетке ұқсас. Оның 12 км-ге созылған «қанаттарында тұрғын үйлер, дүкендер, мектеп, шіркеулер болса, «тұмсығында» және «фюзеляжінде» (орталық бөлігі) президент резиденциясы, Ұлттық конгресс және басқа үкімет мекемелері орналасқан.

РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО (Rіо dе Jаnеіrо) - Бразилиядағы қала, ірі порт. Атлант мұхитындағы Гуанабара қойнауы жағалауында орналасқан. Елдегі барлық өңдеу өнеркәсіп өнімінің 10%-ін Рио-де-Жанейро кәсіпорындары береді. Машина жасау, металл өңдеу, мата тоқу, киім тігу, аяқ киім, тамақ кәсіпорындары бар. Шетке Рио-де-Жанейро арқылы мақта, кофе, марганец рудасы т. б. шығарылады, елге мұнай, көмір, цемент, машина, бидай әкелінеді. Қалада ескі шіркеулердің қалдықтары (собор, 1785) сақталған. Орталық бөлігінде бай нақышты қоғамдық ғимараттар (19-20 ғасырлардың бас кезі) бой көтерген. Тұрғын үй мән жаңа  қоғамдық ғимараттар көптеп тұрғызылған Копакабан ауданы әсемдігімен көз тартады. «Нова Синтра», «Бристоль», «Каледония» (арх. Л.Коста) деп аталатын ғимараттары құрылыс ісінің күрделілігімен (терраса-бақ, гараж, магазин; тұтас лоджия) ерекшеленеді. 20 ғасырда тұрғызылған ірі қоғамдық ғимараттар: Оқу және денсаулық сақтау министрлігінің ғимараты (1937-1943), Мараканья стадионы (1950) т. б.

Табиғаты. Бразилия жері экваторлық (солтүстік бөлігі), субэкваторлық, тропиктік (орталық және оңтүстік бөлігі) және субтропиктік (қиыр оңтүстік-шығысы) ендіктерде орналасқан. Солтүстігі - теңіз жағалауы, өзен құйылыстарымен тілімделген жазық, ал шығыс жағы - тік жар. Жерінің көбін Бразилия таулы үстірті алып жатыр. Солтүстігінде Амазонка ойпаты (Амазония) мен Гвиана таулы устірті (биіктігі 150-700 м, кей жері 1200 м), оңтүстік-шығысында Серра-ду-Мар, Серра-да-Мантикейра (ең биік тауы - Бандейра, 2890 м) таулары, батысында Пантанал жазығы бар. Бразилиянің жері докембрийлік Оңтүстік Америка (Бразилия) платформасының бір бөлігі болып саналады; оның фундаменті (кейде жер бетіне шығып жатады) көкшіл түсті тақта тастан, мәрмәрдан, кварциттен тузілген. Фундаменттің майысуынан Амазонка, Парнаиба, Парана тектоникалық ойыстары (синеклиздер) пайда болған; олар палеозойлық, мезозойлық, кайнозойлық борпылдақ шөгінді жыныстардан тұрады. Платформа фундаментінен полиметалл, алтын, темір рудасы, сирек металдар, марганец кендері; шөгінді жыныстар арасынан мұнай, тас көмір т. б. табылған. Климаты негізінен ыстық, бірақ жауын-шашынның мөлшеріне қарай ол бірнеше түрге бөлінеді: Амазонияның батысында ылғалды экваторлық (2000-3000 мм), оның шығыс жағында қуаң субэкваторлық (1500-2000 мм), елдің қиыр шығыс бөлігінде тропиктік және оңтүстігінде субтропиктік. Бразилияда суы мол, энергия қорына бай өзендер көп, олардың бастылары: Амазонка өзенінде жыл бойы кеме жүзеді. Бразилия жері тропиктік орманды өңірге тән қызғылт және қара топырақты. Көп жерінде экваторлық мәңгі жасыл орман өседі. Қатты ағаштың қоры жөнінен Бразилия дүние жүзінде 1-орын алады. Зоогеографиялық жағынан Бразилия Неотропиктік аймаққа жатады. Мұнда бұғы, көкжал қасқыр, нанду түйеқұсы т. б. кездеседі. Бразилия үш табиғи ауданға бөлінеді: Оңтүстік Гвиана беткейі, Амазония, Бразилия таулы үстірті.

Халқы. Бразилия халқының көбі (95%) бразилиялықтар, олардан басқа португалдықтар, итальяндар, испандар, немістер, украиндар, жапондар және Амазонка өзені бойында басқа ұлттармен араласпаған үндіс тайпалары тұрады. Мемлекеттк тіл - португаль тілі; діні - католицизм. Еңбек ететін халықтың саны 29,5 млн. (1970), олардың көбі (46,8%) ауыл шаруашылық мен орман шаруашылығында жұмыс істейді, балық және аң аулаумен айналысады. Халық біркелкі орналаспаған; 92%-і Бразилияның шығыс бөлігінде (теңіз жағалауы), 46%-і қалаларда тұрады. Ірі қалалары: Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, Белу-Оризонти, Ресифи, Порту-Алегри, Салвадор.

Тарихы. Бразилия жерінде адам неолит дәуірінде пайда болды. 16 ғасырдың басына дейін Бразилия жерін тупи-гуарани, тупи-намбас, ботокуд тамойос, короадос т. б. үндіс тайпалары мекендеді. Олар ру-тайпалық шағын қауымда өмір сүрді. Тайпалардың көбі көшіп жүрді, тупи-гуарани тайпасы ғана отырықшы болды. 1500 жылы Бразилия жағалауына португалдық Педру Кабрал келіп түсті де, өзі тапқан жерді Португалия иелігі деп жариялады (рау-бразил). Ол пау-бразил атты құнды қызыл ағашты Бразилиядан Португалияға тасыды. Елдің аты осы ағаштың атынан шыққан. 16 ғасырдың 30 жылдарында Бразилия жағалауындағы жерлер 13 капитандыққа бөлініп, португалдық феодал-шонжарларға берілді. 1549 жылы Бразилияда генерал-губернаторлық құрылып, астанасы Салвадор (Баия) қаласы болды. Сол жылы Бразилияға иезуиттер келе бастады. Олар үндіс мекендерін салды. Мекендер құлдық және патриархтық-рулық қатынастардың элементтері бар феодалдық ұйымда өмір сүрді. Бразилия жерін Португалиямен қатар Франция, Голландия т. б. мемлекеттер басып алуға тырысты. 1630 жылы голландықтар Пернамбуку капитандығының жерін өзіне қаратты. Бірақ 1654 жылы қуып шығарылды. 16 ғасырдан шетелдіктердің қарамағындағы жерлерде ірі помещиктік жер иеліктері (сесмария) құрыла бастады; мұнда үндістер мен сырттан окелінген негрлер аяусыз қаналды.

Отар капитандықтарда негізінен қант құрағы, мақта, күріш, жүгері ғана егілді. Басқа дақылдарды, товарларды өндіруге тыйым салынды. Алтын және алмас кендері мен ауыл шаруашылық плантацияларында жұмысшы күші жаппай пайдаланылды; құлдар мейлінше езіп-жаншылды. Үндістер мен негрлер қанаушыларға табанды қарсылық көрсетті. 1630 жылы қашқын құлдар Пернамбуку капитандығы шалғай аймақтарының бірінде өз мемлекетін - Палмарис республикасын құрды; ол 1697 жылға дейін өмір сүрді. 1684,  1720 жылдар бразилиялықтардың отаршылдарға қарсы алғашқы көтерілісі болды.

Алтын мен алмас шығарылуына байланысты Бразилия Португалияның аса бай отарына айналды. Жаңа қалалар мен жолдар салына бастады. 1763 жылы астана Салвадордан Рио-де-Жанейроға көшірілді. 18-19 ғасырларда Бразилия мен Португалия арасындағы қайшылық шиеленісе түсті. Ұлы француз революциясының идеялары Бразилияда азаттық қозғалысының өрістеуіне әсер тигізді. 1789 жылы Минас Жерайс провинциясында Тирадентис басқарған қастандылар тобы ашылды. Олар тәуелсіз республика құрып, құлдықты бірте-бірте жою мақсатын көздеді. 1797 жылы Баия провинциясында португалдықтарға қарсы көтеріліс басталды. 1807 жылы Португалияға Наполеон әскері басып кіргеннен кейін, Португалия королының өкімдері Рио-де-Жанейроға қашып барды. Бұл Бразилияда бірқатар жаңалықтардың енгізілуіне себеп болды. Сол кезден бастап капитандықтар провинция деп аталды. Бразилияның экономикалық-саяси өмірі жандана түсті. 1815 жылы Бразилия корольдық статус алып, «Португалия, Бразилия және Алгарва біріккен корольдығының» құрамдас бөлігіне айналды, 1817 жылы алдымен Пернамбуку, содан соң Сеара, Параиба, Параньян, Алагоас провинцияларында көтеріліс болды. Көтерілісшілер Пернамбуку провинциясын республика деп жариялап, уақытша үкімет құрды. Ол 72 күн өмір сүрді. Португалиядағы буржуазия революция (1820) Бразилияның тәуелсіздігі жолындағы күресте өрлеу туғызды. Король Жуан VI 1821 жылы Бразилиядан кетуге мәжбүр болды да, өзінің ұлы Педру І-ні регент етіп қалдырды. Азаттық жолындағы қозғалыс бүкіл елге тарады. Педру I 1822 жылы 7 қыркүйекте Бразилияны тәуелсіз империя деп жариялады. Елдің тұңғыш конституциясына (1824 жылы наурыз) сәйкес Бразилия конституциялық монархия деп аталды. Үш жүз жылдық отарлау дәуірі аяқталды. Бірақ Бразилияда монархия сақталды. Императорлар Педру I (1822-1831), Педру II (1831-1889) тұсында Бразилия экономикалық жағынан Ұлыбританияға тәуелді ел болды. Бразилия экономикасында капиталистік өндірістік қатынастар туа бастады да, құл иелену және феодалдық қатынастармен ұштасты; бірақ 19 ғасырдың 1-жартысында, әсіресе Бразилия экономикасының негізгі салалары - кофе, қант өндірісі мен кен өнеркәсібінде құл иелену қатынасы басым болды.

Халық бұқарасы монархиялық тәртіп пен реакцияға қарсы табанды күрес жүргізді. 1824-1830 жылдар Баия провинциясында негр құлдардың, 1831 жылы маусымда Рио-де-Жанейро провинциясында жалпы халықтың көтерілістері болды, 1833-1849 жылдар провинциялардың көпшілігінде қарулы көтерілістер шықты.

19 ғасырдың 2-жартысында құлдардың еңбегі біртіндеп ерікті адам еңбегіне айналды. Жаңа өндірістік қатынастар өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуына мүмкіндік туғызды. Капиталистік қатынастардың қалыптасу процесі жеделдеді. Бразилия ұлты қалыптаса бастады. 1888 жылы құлдыққа тыйым салынды. Елде аболиционистік қозғалыспен қатар монархияға қарсы республика қозғалыс өріс алды. Оны Респупбликалық партия (1869 жылы құрылған) басқарды. 1889 жылы 15 қарашада император Педру II тақтан құлатылды да, Бразилия федерациялық республика болып жарияланды. 1891 жылы ақпанда конституция қабылданды. Провинция штат деп аталатын болды. Саяси өкімет билігі помещиктер мен ірі буржуазияның қолында қалды. Үкімет демократиялық қозғалыстарды басып отырды. 19-20 ғасырларда тұңғыш кәсіподақтар мен жұмысшы ұйымдары пайда болды. 1892 жылы Сантус қаласында Социалистік орталық, ал 1896 жылы бірнеше марксистік үйірмелер құрылды. 1905-1907 жылдар жұмысшы демонстрациялары мен ереуілдері болып өтті.

Елдің экономикасында шетел, әсіресе ағылшын және американ капиталы едәуір роль атқарды. 1910 жылы Бразилия Пан америка одағына кірді. 1917 жылдан Антанта жағында соғысқа қатысты. Россиядағы Ұлы социалистік революциясының ықпалымен Бразилияда жұмысшы қозғалысы өрістей түсті. 1922 жылы наурызда Бразилия Коммунистік партиясы (БКП) құрылды. 1922 жылы шілдеде Рио-де-Жанейродағы, 1924 жылы шілдеде Сан-Паулудағы гарнизон көтеріліс жасады. Бразилияның көптеген штаттарында көтеріліс шықты. Елдің оңтүстігіндегі көтерілісті Л. К. Престес басқарды; оның тобы ұрыс жүргізе отырып, көтерілісшілерді елдің солтүстігіне шығарды (1924 жылы қазан - 1927 жылы ақпан). Бірақ көтеріліс басылды.

1929-1933 жылдар Бразилия экономикалық күшті дағдарысқа килікті. Жұмысшы табы жұмыссыздыққа ұшырады. Президент сайлауы қарсаңында бір-біріне дұшпан 2 саяси топ: Консервативтік шоғыр және Либералдық альянс құрылды. Өкімет билігі үшін болған қарулы күресте 1930 жылы қарашада Либералдық альянсты жақтаушы Ж. Варгас жеңіп шықты да, буржуазия үкімет құрылды. Бразилияның экономикасында Германия мен Италияның монополиялары орнығып алды. Германдықтар фашистік Интегралистік қимыл партиясыныц (1933 жылы құрылды) нығаюына көмектесті. 1935 жылы наурызда фашистерге қарсы күштер Ұлт-азаттық альянсқа (ҰАА) бірікті. Үкімет ҰАА-ға тыйым салды. 1935 жылы қарашада ҰАА басшылығымен ірі-ірі қалаларда қарулы көтеріліс ұйымдастырылды. Көтеріліс қанға боялды. Ондаған мың революционерлер, оның ішінде Л. К. Престес, Компартияның басқа да басшылары тұтқынға алынды. Дегенмен Варгастың үкіметі жалақы, пенсия жөнінен жұмысшыларға біраз жеңілдік жасап, кейбір өнеркәсіп орындарын мемлекеттік қарамағына көшірді, сонымен бірге өз диктатурасын күшейтті. 1937 жылы желтоқсанда барлық саяси партияларға тыйым салынды, конгресс таратылды, конституция өзгертілді.

2-дүние жүзілік соғыс кезінде Бразилияға АҚШ империализмінің ықпалы күшейді. 1942 жылы қарашада Бразилия Германия және Италиямен дипломатиялық қатынасты үзіп, тамызда оларға, 1945 жылы 6 маусымда Жапонияға қарсы соғыс жариялады. Фашистік мемлекеттердің талқандалуы Бразилияда демократиялық қозғалыстың өрістеуіне мықты қозғау салды. Халық бұқарасының қысымымен Варгас үкіметі 1945 жылдың басында саяси тұтқындарға кешірім жасап, саяси партиялардың, оның ішінде БКП жұмысына рұқсат берді; 1945 жылы 2 сәуірде Совет Одағымен дипломатиялық қатынас орнатты. Сол жылы ірі жер иелері мен буржуазияның мүддесін көздейтін бірсыпыра саяси партиялар құрылды.

1945 жылы 29 қазанда АҚШ-пен тығыз байланысты генералдар Г. Монтейру мен Э. Г. Дутро әскери төңкеріс жасады. Сол жылғы желтоқсандағы парламент пен президент сайлауында коммунистер едәуір табысқа жетті. Үкіметті генерал Э. Г. Дутра басқарды (1946-1951). 1947 жылы майда реакцияшыл күштер шабуылға шықты. БКП-ге, Коммунистік Жастар Одағына (1943 жылы құрылған), Кәсіподақтық еңбекшілер Конфедерациясына (1946 жылы құрылған) тыйым салынды. 1947 жылы қазанда Бразилия Совет Одағымен дипломатиялық қатынасты үзді. Мұның бәрі халық наразылығын туғызды. Ұлтшылдық қозғалыстың өріс алуы нәтижесінде Варгас үкіметі өкімет басына қайта оралды (1951-1954). Бразилияда жұмысшы қозғалысы күшейді. 1953 жылы 800 мың жұмысшы ереуілге қатысты. Кәсіподақ мүшелерінің саны 1,3 млн. адамға жетті. Халық бұқарасының қысымымен 1954 жылы мамырда Варгас жұмысшылар мен қызметкерлердің жалақысын көбейтті. Тамызда әскери-әуе күштері генералдарының кеңесі Варгастың орнынан түсуін талап етті. Варгас өзін-өзі өлтірді. Ж. Кубичек ди Оливейра өкімет басына келді (1956-1960). 50 жылдары Бразилия аграрлы елден аграрлы-индустриялы елге айналды. Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, Ресифп т. б. ірі өнеркәсіптік орталықтары өсті. 1960 жылы 21 сәуірде астана Бразилия қаласына көшті. Бразилия буржуазиясы экономикалық жағынан күшейді. Дегенмен, Бразилия экономикасының көптеген маңызды саласы шетел, негізінен, АҚШ капиталының қолында қалды. Ауыл шаруашылығында латифундиялар мен мешеу қатынастар сақталған. 1960 жылғы сайлауда Ж. Куадрос президент болып сайланды. Оның үкіметі неғұрлым тәуелсіз сыртқы саясат жүргізу бағытын ұстады; Совет Одағымен, басқа да социалистік елдермен дипломатиялық және сауда қатынастарын орнатуға, елдің финанс жағдайын нығайтуға бет бұрыс жасады. Бұл американ монополияларымен байланысты реакцияшыл топтарға ұнамады. Ж. Куадрос 1961 жылы тамызда орнынан түсті. Бірақ олар дегеніне жете алмады. Ұлтшыл күштер вице-президент Ж. Гулартты президент етіп тағайындаттырды. Гуларт үкіметі (1961-1964) Совет Одағымен дипломатиялық қатынасты қалпына келтірді. 1961 жылықазан-қарашада елдің ұлтшыл патриоттық күштерінен Ұлт-азаттық майданы құрылды. Гуларт үкіметі негізінен ұлттық буржуазия мен ұлтшыл күштерге сүйенді. Үкімет аграрлық, финанс, банк, оқу реформасын тағы басқаны жүргізу программасын ұсынды. 1963 жылғы желтоқсаннан 1964 жылғы наурызға дейін мұнай және мұнай өнімдері импортына мемлекеттік монополия орнату, мұнай өңдеу кәсіпорындарын мемлекеттік қарамағына алу т. б. прогрестік шараларды Жүзеге асыру жөнінде декреттер қабылдады. Сыртқы саясат саласында Гуларт үкіметі жаппай және толық қарусыздану, әлеуметтік-экономикалық құрылысы әр түрлі мемлекеттермен бейбіт қатар өмір сүру бағытын ұстады.

АҚШ монополияларымен байланысты реакцияшыл кертартпа топтар, әсіресе генералдар тобы Гупарт үкіметіне қарсы шықты. 1964 жылы 31 наурызда Минас-Жерайс штатында үкіметке қарсы әскери бүлік шықты. Генерал У. Кастелу Бранку бастаған әскери-саяси топ үкімет басына келді. 11 сәуірде Бранку президент болып сайланды. Бранку үкіметі (1964-1967) саяси партияларды таратты, Кубамен дипломатиялық қатынасты үзді, Доминикан Республикасына қарсы американ басқыншылығына қатысты, АҚШ-тың Вьетнамға қарсы агрессиясын қолдады, Оңтүстік Въетнамдағы Сайгон үкіметіне материалдық көмек көрсетті. 1967 жылы наурызда генерал А. да Коста-э-Силва Бразилияның президенттігіне сайланды. Бірақ, жаңа үкіметтің (1967-1969) ішкі саяси бағыты өзгеріссіз қалды. 1967-1968 жылдар студенттік қозғалыс және жұмысшылардың әскери тәртіпке қарсы, жалақыны көбейту жолындағы күресі өріс алды. Католиктік діни қауымның бір бөлігі мен Ашық оппозицияның кең майданы деп аталған ұйым үкіметке қарсы шықты; 1968 жылы сәуірде үкімет бұл ұйымның жұмысына тыйым салды. 1968 жылы желтоқсанда парламент таратылып, өкімет билігі толығымен президентке берілді. Президенттің ауруына байланысты 1969 жылы тамызда үш әскери министр өкімет билігін өз қолдарына алды. Қазанда генерал Э. Гаррастазу Медиси Бразилияның президенті болып сайланды. Бірақ ол ішкі саясатқа белгілі бір өзгеріс енгізе қойған жоқ. Сыртқы саясатта оның үкіметі Европаның белді капиталистік елдерімен және Жапониямен, АҚШ-пен, сонымен қатар Совет Одағымен, басқа да социалистік елдермен сауда және экономикалық байланысты кеңейтті.

Саяси партиялары мен кәсіподақтары. Ұлттық жаңару одағы 1966 жылы құрылған. Оған негізіиен бұрынғы Ұлттық-демократиялық одақ пен с.-д. партияның мүшелері кірді. Үкіметті жақтайды. Бразилия демократиялық қозғалысы - бұрынғы Бразилия трабальистік партиясының мүшелері (1966); ашық оппозицияда. Бразилия коммунистік партиясы - астыртын жағдайда жұмыс істейді.

Аса ірі кәсіподақ бірлестіктері: Өнеркәсіп жұмысшыларының ұлттық конфедерациясы - 40 жылдары құрылған; 1 млн-нан астам мүшесі бар. Сауда қызметкерлерінің ұлттық конфедерациясы - 1947 жылы құрылған; 360 мыңнан астам мүшесі бар. Құрлықтағы транспорт еңбекшілерінің ұлттық конфедерациясы - 1953 жылы құрылған. 153 мың мүшесі бар. Кредит мекемелері қызметкерлерінің ұлттық конфедерациясы - 1959 жылы құрылған; 100 мыңнан астам мүшесі бар. Ауыл шаруашылық жұмысшыларының ұлттық конфедерациясы - 1963 жылы ұйымдасқан; 1 млн- нан астам мүшесі бар. Бразилияның кәсіподақ бірлестіктері мемлекеттің бақылауында.

Экономикасы. Бразилия - Латыс Америкасындағы экономикалық потенциалы ірі елдердің бірі. Португалияның ұзаққа созылған отарлық саясаты, одан кейін тәуелсіз Бразилияда шетел капиталының қожалық етуі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежеді. 2-дүние жүзілік соғысқа дейін Бразилия экономикасында ағылшын капиталының ықпалы күшті болды (1939 жылы елдегі барлық шетел капиталының 55%-і). 40-50 жылдар Бразилияда АҚШ капиталының үлесі көбейе бастады (1968 жылы 1,5 млрд. долл. болды, яғни елдегі шетел капиталының жартысы), 60 жылдары Батыс Германия мен Жапонияның ықпалы арта бастады. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін Бразилия экономикасында мемлекеттік сектор пайда болды; мемлекеттік қаржының үлесі, әсіресе, темір жол мен теңіз транспортында, мұнай, темір рудасын, тас көмір өндіруде, қара металлургияда басым дәрежеге жетті (1968 жылы экономикаға жұмсалған барлық қаржының 1/3-і мемлекеттік қаржысы). 60 жылдары Бразилияның ұлттық өнімінде ауыл шаруашылығының үлесі әлі де басым болды (1968 жылы экспорттан түскен табыстың 80%-ін берді).

Өнеркәсібі. 2-дүние жүзілік соғысқа дейін Бразилияның өнеркәсібі мешеу қалғанды. 50 жылдардан бастап бұрын болмаған машина жасау (автомобиль, тоңазытқыш, телерадиоаппаратура т. б.), 60 жылдары станок, кеме жасау, энергетика кәсіпорындары салына бастады. Бразилияда өндіріс жоғары дәрежеде шоғырланған; кәсіпорындардың көбі Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро қалалары мен Минас-Жерайс, Гуанабара штаттарында орналасқан.

Тау-кен өндірісі өнеркәсіп өнімінің 2,3%-ін береді. Темір рудасының табиғи қоры жөнінен Бразилия капиталистік елдер арасында басты орындардың бірін алады (құрамында 60% темірі бар руда қоры 16 млрд. т; 30-60% темірі бары 36 млрд. т). Ірі кендері Минас-Жерайс штаты (мемлекеттік «Вали ду Риу-Доси» компаниясы өндіреді) мен Итабира қаласы маңында. 1968 жылы 25,1 млн. т темір рудасы өндірілді, оның 15 млн-ы экспортқа шығарылды. Амапа аймағында, Минас-Жерайс, Мату-Гросу штаттарында марганец рудасы (1968, 2097 мың т), Минас-Жерайс штатының оңтүстік бөлігінде боксит (1968, 314 мың т), Риу-Гранди-ду-Норти штатында вольфрам (1968, 548 т) өндіріледі. Бразилияда стратегиялық маңызы бар ниобий, бериллий, уран, торий рудаларының кендері ашылған. Тас көмірі (1968, 4828 мың т) мен мұнайы (1968, 7682 мың т) елдің өз мұқтажын өтей алмайды. Су энергиясы жөнінен Бразилия - дүние жүзінде ең басты орындардың бірінде; 1968 жылы мұнда су энергиясының потенциалы 72,2 млн. квт болды. Ірі СЭС-тері: Кубатан (Тиете өзені бойында), Фурнас, Пейшоту, Эстрейту (Риу-Гранди өзенінде), Трес-Мариас, Паулу-Афонсу (Сан-Франсиску өзенінде). 1969 жылы 45,7 млрд. квт-сағ электр энергиясы өндірілді, оның 40%-і американ-канада компаниясының үлесіне тиеді. Парана өзені бойында Жупия, Илья-Солтейра, Риу-Гранди өзенінде Жагуара СЭС-тері, Рио-де-Жанейро штатында Анградус-Рейс АЭС-і салынуда (1970). 1969 жылы Бразилияда 3712 мың т шойын, 4950 мың т болат қорытылды. Қара металлургия кәсіпорындарының көбі (Волта-Редонда, Пиасагуэр, Итабира қаларындағы ірі з-дтар) мемлекеттік секторға бағынады, олар елдің оңтүстік-шығыс бөлігіндегі қалаларда шоғырланған. Бразилия қара металл жөніндегі қажетінің 90%-ін өз өндірісі есебінен өтейді. Сорокаба мен Ору-Прету қалаларында алюминий зауыдтары (АҚШ және Канада капиталының қараматында) бар. АҚШ-тың «Алюминум компани оф Америка» және «Ханна майнинг компани» компаниялары Посус-ди-Калдас қаласында елдегі ең ірі алюминий зауыдын (қуаты - жылына 50 мың т) салуда (1970).

Бразилияның машина жасау өнеркәсібінде автомобиль шығарудың үлесі басым (1969 жылы 350 мың); автомобиль кәсіп-орындардың 2/3-і Батыс Германияның «Фольксваген», «Мерседес-Бенц» компаниялары қолында. Кеме верфтері (Жапония, Голландия, Батыс Германия капиталына тәуелді) және трактор (9 шетел фирмасы шұғылданады), радиоқабылдағыш, телевизор шығаратын зауыдтар жұмыс істейді. Сан-Жозедус-Кампус қаласында Бразилиядағы алғашқы самолет жасайтын зауыд (мемлекеттік және итальян капиталымен) салынуда (1969). Каустикалық сода, бояу, азот және фосфор тыңайтқышы, синтетикалық талшық және каучук, пластмасса, дәрі-дәрмек, қопарғыш заттар шығаратын химиялық кәсіпорындары Ресифи, Рио-де-Жанейро, Кубатан қалаларында орналасқан. Резина (Саи-Паулу штаты), целлюлоза-қағаз (Сан-Паулу, Парана штаттары), мата тоқу (Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро қалалары, Минас-Жерайс штаты) кәсіпорындары бар.

Ауыл шаруашылығында ірі жер иеленушілер қожалық етеді. Ауыл шаруашылық өнімінің 65%-тен астамын егіншілік береді; басты дақылдары - кофе, какао, мақта, қант қамысы, күріш және тропиктік жемістер. Бразилия кофе өнімін жинаудан дүние жүзінде 1-орын (1969 жылы 2758 мың т), какаодан 3-орын (1969, 172 мың т), капиталистік елдер арасында банан жемісін жинаудан 1-орын (1969, 9112 мың т), апельсиннен 2-орын (1969, 2694 мың т) алады. Парана, Сан-Паулу, Минас-Жерайс, Эспириту-Санту штаттарында - кофе, Баия штатында - какао, елдің солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс бөліктерінде - мақта және қант қамысы, Риу-Гранди-ду-Сул, Гояс, Минас-Жерайс штаттарында - күріш, оңтүстік бөлігінде - темекі, жүзім егіледі.

Бразилия етті мал өсіруге бейімделген. Риу-Гранди-ду-Сул штатының оңтүстік бөлігі мен Бразилия таулы үстіртінің орталық бөлігінде (жайылымды мал шаруашылығы), елдің оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөліктерінде (бордақылау шаруашылықтары) мал өсіру басым дамыған. 1968 жылғы мал саны (млн.): ірі қара 92,3 (капиталистік елдер арасында 3-орын), шошқа 65,6 (1-орын), қой 24,6, ешкі 14,7, жылқы 9,2. Мал шаруашылығының өнімдері (ет, жүн, тері, былғары) экспортқа шығарылады.

Амазония орманынан - каучук (жылына 30-35 мың т), бразилия жаңғағы, солтүстік-шығыс ормандарынан майлы ағаш (ойтисик), Бразилия таулы үстіртінің оңтүстік бөлігінен «парагвай шайы» (йерба-мате), құрылыстық ағаш (араукарий) өндіріледі; 1968 жылы 163 млн. м3 ағаш дайындалды, оның көбі экспортқа шығарылады.

Транспорты. 1967 жылғы жүк айналымының 74%-і автомобиль транспортының, 14%-і теңіз және өзен жолының, 12%-і темір жолдың үлесіне тиеді. Автожолдардың ұзындығы 1050 мың км (басты тармақтары - Рио-де-Жанейро - Салвадор, Рио-де-Жанейро - Бразилия, Витория - Белу-Оризонти - Убераба), темір жол 32 мың км (оның 2,4 мың км-і электрленген), өзен жолы 31 мың км (Амазонка, Сан-Франсиску, Парана, Парагвай). Теңіз транспорты жақсы дамыған; басты порттары: Рио-де-Жанейро, Сантус, Тубаран, Витория, Порту-Алегри. 1968 жылы Бразилияда авиатранспортпен 2,6 млн. жолаушы тасылды. Ең ірі мұнай құбыры - Рио-де-Жанейро - Белу-Оризонти (жылына 3 млн. т өнім тасылады).

Сыртқы саудасы. Ұлттық табысының 10-12%-і экспорттан түседі. Шетке кофе (жалпы экспорттың 34,4%-і), мақта (8,6%), темір рудасы (6,6%), қанттық шикізат (5,1%), ағаш (4,2%), ет, жүн, тері, былғары (3,9%) шығарылады. Бразилия басқа елдерден машиналар мен өндіріс құрал- жабдықтарын (жалпы импортының 34,3%-і), химиялық өнімдерін (15%), азық-түлік (13%), жанар май (11,3%) сатып алады. Сыртқы саудадағы басты партнерлері: АҚШ (экспорты мен импортының 33%-і, 1968), Батыс Германия (экспортының 7,8%-і, импортының 11,5%-і). Совет Одағы мен социалистік елдердің үлесіне Бразилия экспортының 7,1%, импортының 4,5%-і келеді.

Ақшасы - крузейро.

Экономикалық-географиялық аудандары. Бразилия 5 ауданға бөлінеді: Солтүстік-Шығыс (Мараньян, Пиауи, Сеара, Риу-Гранди-ду-Норти, Параиба, Пернамбуку, Алагоас, Сержипи, Баия штаттарын және Фернанду-ди-Норонья аймағын біріктіреді), Оңтүстік-Шығыс (Сан-Паулу, Рио-де-Жанейро, Гуанабара, Минас-Жерайс, Эспириту-Сантү штаттары), Оңтүстік (Риу-Гранди-ду-Сул, Санта-Катарина, Парана штаттары), Орталық- Батыс (Гояс, Мату-Гросу штаттары), Солтүстік (Пара, Амазонас, Акри штаттары, Амапа, Рорайма, Рондония аймақтары) аудандар.

Солтүстік-Шығыс - аграрлы аудан; Бразилия жерінің 18,2%, халқының 31,6% осында. Халқының 60%-і арғы тегі - Африкадан шыққан бразилиялықтар. Ірі қалалары шығыс бөлігіне жайласқан. Егілетін басты дақылдары - қант қамысы (Бразилия өнімінің 1/3-ін береді), какао (Бразилия өнімінің 95%), мақта (елдің жалпы еніміпің 1/3-і). Етті мал шаруашылығы дамыған. Мұнай, фосфорит, хром, қорғасын, вольфрам, бериллий рудалары және ас тұзы (Бразилия өнімінің 85%-ін береді) өндіріледі. Шағын мата тоқу, қант, спирт, темекі, мұнай айыру кәсіпорындары бар. Өнеркәсіпті қалалары: Ресифи, Салвадор, Форталеза.

Оңтүстік-Шығыс - елдегі жоғары дәрежеде дамыған индустриялы аудан (Бразилия жерінің 10,8%-і, халқының 43,8%-і). Экономикасында өнеркәсіптің ұлесі басым. Елде өндірілетін алтын мен алмастың 80-95%-і, темір рудасының, бокситтің, графиттің, радиоактивті минералдардың 100%-ке жуығы, электр энергиясының 80%-і өндіріледі. Қара және түсті металлургия, электротехника, кеме, автомобиль, трактор жасау, мұнай айыру, химиялық кәсіпорындары бар. Ірі өнеркәсіп орындары Сан-Паулу агломерациясына шоғырланған. Ауыл шаруашылығының басты саласы - егіншілік; дақылдары - кофе, мақта, күріш; тропиктік және цитрус жемістері плантациясы бар. Жайылымдық мал шаруашылығы дамыған. Бразилия темір жолының 55%-і осы аудан жерінде.

Оңтүстік - Бразилия жерінің 6,8%-ін алып жатқан, халқының 16,7%-і тұратын аграрлы аудан. Экономикасының басты саласы - ауыл шаруашылық және оның өнімдерін өңдеу. Ет, сүт, жүн және мал терісін өндіретін басты аймақ. Бидай, күріш, темекі, жүзім егіледі. Тамақ, аяқ киім, ағаш өңдеу кәсіпорындары, көмір шахталары (Бразилия көмірінің 65%-ке жуығы өндіріледі) бар. Өнеркәсіп орындары Порту-Алегри, Куритиба агломерацияларында шоғырланған.

Орталық-Батыс - экстенсивті мал шаруашылығы дамыған аграрлы аудан. 1968 жылғы мал саны (млн.), ірі қара 18, шошқа 8. Жерінің 2,3%-і ғана егістік, оған күріш, кофе, мақта егіледі. Темір рудасы, марганец кендері бар. Үлкен қалалары - Бразилия, Гояния, Анаполис, Кампу-Гранди.

Солтүстік (Амазония) - Бразилия жерінің 42,1%-ін алып жатқан бұл ауданда елдегі халықтың 3,7%-ақ тұрады. Экономикалық жағынан мешеу қалған. Негізгі байлығы - орман (каучук, жаңғақ, қош иісті және дәрі жасайтын өсімдіктер жиналады). Балық және аң аулау кәсібі дамыған. Амазонка өзенінің сол жақ бөлігінде бұрыш (өнімі экспортқа шығарылады) және күріш егістігі бар. Маражо көлінің шалғынды өңірі мен Амапа аймағының тұрғындары экстенсивті мал шаруашылығымен айналысады. Марганец рудасы, қалайы өндіріледі. Экономикалық орталығы - Белен, портты қаласы - Манаус.

Денсаулық сақтау ісі. 1964 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда 43 бала туып, әрбір 1000 ересек кісінің 13-ші өлді; жаңа туған әрбір 1000 сәбидің 170-і өлді. Өмірдің орташа ұзақтығы 40-45 жас. 1966 жылы елде 40 мың дәрігер, 6,7 мың орта білімді медицина қызметкері, 55,7 мың кіші қызметкер жұмыс істеді. Университеттерде 38 медицина факультеті бар.

Оқу-ағарту ісі. Бразилия жеріндегі алғашқы мектептерді 16 ғасырда иезуиттер ашқан. Олар елден қуылған социалистік бұл мектептер жабылып, мемлекеттік мектептер ашылды. Бразилия конституциясы бойынша елде міндетті түрде бастауыш білім беру 1946 жылы жарияланса да, оқу жасындағы балалар мектепке түгел тартылмайды, мысалы, бастауыш мектептер қалада 2 циклды (4 жылдық және 1 жылдық), селода - 1 циклді (3 жылдық). Оларда 1966 жылы 10695 мың бала оқыды. 7 жылдық орта мектептер 4 жылдық гимназияға және 3 жылдық коллегияға бөлінеді (1966 жылы 1805 мың оқушысы болды). 1968 жылы жоғары оқу орындарында (45 университет, 3 техника және 2 музыка жоғары оқу орны) 258 мың студент оқыды. Рио-де-Жанейро қаласында Ұлттық кітапхана (1810 жылы ашылған), Португалия корольдыгының оқу залы (1837), Сыртқы істер министрлігінің кітапханасы (1906), Ұлттық музей (1818), Ұлттық тарихи музей (1922), Сан-Паулуда Муниципалдық кітапхана (1925), этнографиялық музей (1934) т. б. мәдени орындар бар.

Ғылым және ғылыми мекемелері. Жаратылыс тану және техникалық ғылымдар. 18 ғасырға дейін Бразилияның табиғат байлығын шетел ғалымдары зерттеді; Бразилияның флорасы туралы алғашқы ғылыми еңбекті 1648 жылы голландиялық ботаник В.Писан мен неміс зерттеушісі Я. Маркграф жазды. 18 ғасырда елде бразилиялық тұңғыш ғалымдар шыға бастады; олар Португалияда білім алды және көбінесе медицина, ботаника, географиялық ғылымдарымен айналысты. 18 ғасырдың 2-жартысында Бразилияда географ Ф. Ласерда-ә-Алмейда, ботаниктер - М. де Арруда Камара мен Л. ду Сакраменту секілді жергілікті және шетелдік ғалымдар (А. Гумбольдт, Э. Бонплан т. б.) зерттеу жұмысын жүргізді. Тәуелсіздік алғаннан кейін (1822) елде ғылыми-зерттеу ісі жандана түсті; Рио-де-Жанейрода Ұлттық ботаника бағы (19 ғасырдың басы), Ұлттық обсерватория (1827), Ұлттық медицина академиясы (1829), Тарих және география институты (1838) т. б. ғылыми мекемелер ашылды. Осы жылдары Бразилияға көптеген шетел экспедициялары келіп, елдің флорасы мен фаунасын, қазба байлықтарын зерттеді; 1821-1828 жылдар Петербург РА-ның мүшесі Г.И. Лангсдорф бастаған орыс экспедициясы Бразилияда болды. 19 ғасырдың 2-жартысында елдің экономикалық дамуы ұлт ғалымдарын, әсіресе кофе, какао, мақта және тау-кен өнеркәсіп мамандарын көп керек етті, сондықтан, Бразилияда осы мамандықтар бойынша ғылыми-зерттеу институттары ашыла бастады. 1-дүние жүзілік соғысқа дейін ғылыми жұмыс негізінен биология және ауыл шаруашылық салалары бойынша жүргізілді. 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың басындағы Бразилияның белгілі ғалымдары: ботаниктер Ф.Фрейре Алеман, Ж. Барбоза Редригис, Ж. Монтейру Каминоа, А. ди Силвейра, Ф. Хене (40 томдық «Бразилия флорасының» авторы); зоологтер А. Коррея ди Ласерда, К. Морейра; биолог О. Крус; медик және натуралист К.М. да Силва Рондон; физик және астроном Э. Морис (Бразилия ГА-ның негізін салушылардың бірі); математиктер Ж. Гомис ди Соза, О ди Аленкар т. б.

1916 жылы Бразилия ГА құрылды, оның құрамында математика, физика, химия, геология, биология бөлімдері болды. 1929 жылдан ГА-ның баспа органы «Аnаіz» журналы шығып тұрады. 1951 жылы Бразилияда зерттеу жұмыстарының Ұлттық советі (елдің президентіне бағынады) ұйымдастырылды, оған Атом энергиясы және космос жөніндегі ұлттық комиссиялар, Бразилияның физика зерттеулер орталығы, Ұлттық технологиялық институт, Амазонканы зерттеу институты т.б. ғылыми мекемелер қарайды.

Химиялық саласындағы зерттеу жұмыстары негізінен Баия және Рио-де-Жанейро штаттарындағы университеттерде жүргізіледі. Рак ауруына қарсы ұлттық күрес институты (1954), Рио-де-Жанейро университеті жанындағы микробиология институты (1955), тропиктік медициналық институты (1958), әлеуметтік және кәсіптік медицина институты, Пастер институты елдегі ғылыми медицинаның ірі орталықтары саналады. Бразилияның табиғатын зерттеуде Тау-кен және энергетика министрлігінің геология басқармасы, Ресифи және Баия университеттері жанындағы геологиялық институттер, Рио-де-Жанейродағы географиялық зерттеулер орталығы, Бразилия географиялық қоғамы үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Бразилияның 20 ғасырдағы белгілі ғалымдары: математиктер М. Аморозу Коста, Т. Рамус, биологтар Р. Нина Родригис, Э. Рибас, физиолог А. Озориу ди Алмейда, ботаниктер А. Нейве, Р. Пинту, ихтиолог А. Мираида Рибейру.

Философиясы. Бразилия философиясы негізінен Европаның, әсіресе, Португалияның философиялық ой-пікірінің ықпалымен туды. Португалияның отары болған кезде Бразилия философиясы діни идеологияның бір тармағы еді; философиялық мәселелерімен А. Виейра, М. ду Дестерру, Д. Г. Карнейру т. б. шіркеу қайраткерлері шұғылданды. Иезуиттер елден қуылғаннан кейін (1759) Бразилияда европалық ойшылдар Дж.Локк, Э.Б. де Кондильяк, Вольтер, Д.Дидро, Ж.Руссоның т.б. материалистік идеялары тарай бастады. Бразилияда монархия үстемдік өткен кезеңге (1822-1889) схоластикалық философияның алғашқы кезеңі сәйкес келеді; оның өкілдері - Ф. Монт Алверни, М. Морайс Вали, Феррейра Франс т. б. 19 ғасырдың 2-жартысында схоластика мен спиритуализмге қарсы ағым - позитивизм тарады. 19 ғасырдың соңғы ширегінде Дарвиннің эволюциялық ілімі мен Э. Геккельдің жаратылыс тану-ғылыми материализміне еліктеген озық ойлы философтар тобы (Т. Барретудың ықпалындағылар) құрылды. 19 ғасырдың аяғында социалистік және марксистік идеяларды насихаттау (Э. да Кунья, А.Э. ди Лима Баррету) басталды. 20 ғасырдың алғашқы жылдары марксистік және идеалистік бағыттардың шиеленіскен күресімен өтті. 1939 жылға дейін идеалистік лагерьде неотомизм (Л. Франка, А. А. Лима, Л. фоя Аккер т.б.), инструментализм, неопозитивизм, интуиционизм және неоканттық бағыттар басым болды. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін олардың қатарына экзистенциализм (В.Ф. да Силва), феноменология (Л.В.Вита), мәдениет философиясы (М.Реали) қосылды. Бұл соңғы ағымдар неопозитивистер (Джасир Менезис) мен семантиктер (Э.Канабрава) тарапынан қарсылық кездестірді. Бразилияның қазіргі буржуазия философтары арасында Ж.Крус Коста, Л. Пинту Феррейра, социологтары арасында Л. А. Коста Пинту, Кловис Мелу сияқты прогресшіл бағыттағы қайраткерлер бар. Марксистік философияның дамуына Бразилия Компартиясының құрылуы үлкен әсер етті; диалектикалық материализмді қорғау және идеализмді сынау жолында Л.К.Престес, А.Перейра, А. Шмидт т. б. философтар көп еңбек сіңірді. 20 ғасырдың 30-40 жылдарында бірнеше философиялық ғылыми орталықтар (Бразилия философиялық институты, 1949; университеттердің философиялық факультеттері) ұйымдастырылды; 1951 жылдан философия журналы шығарылады.

Тарих ғылымы. Бразилияның тарих ғылымы 19 ғасырдың 30 жылдарынан бастап дамыды, бірақ 70 жылдарға дейін тарих ғылымында монархиялық бағыт басым болды; бұл топтағы тарихшылар (Ж.И.Абреу-и-Лима, Ж. да Силва Лисбоа т. б.) Португалия монархиясын және Бразилиядағы отаршылдық тәртіпті дәріптеді. 19 ғасырдың соңғы ширегінде аболиционистердің тарих мектебі (А.Пердиган Мальейру, С.Ромеру, Ж.Набуку) пайда болды; оның кейбір мүшелері (С.Ромеру) құлдықтың, латифундияның жойылуын талап етті. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында Бразилияның тарих ғылымында әр түрлі бағыттар мен мектептер қатар өмір сүрді. 20 ғасырдың 40-50 жылдарындағы басты ағымдар: ұлтшыл-буржуазия (Л.Колор, У.Бальдесарини, С.Дантас т.т., бұлар империализмге қарсы шығып, Бразилияның экономикалық мақсатын қорғады, бірақ көзқарастарынан антикоммунизм сарыны анық байқалады) және радикал-демократтар (Э. да Кунья, Э. ди Морайс, Э. Карнейру; бұлар жұмысшылар мен шаруалардың революция күресіне үлкен мән бергенмен, қоғамның дамуында экономикалық фактор үлкен роль атқаратынын ескермейді, ағарту ісі мен географиялық ортаны бәрінен де жоғары бағалайды) бағыттар болды. 20 ғасырдың 30 жылдарында Бразилияда марксистік тарих ғылымы алғашқы қадам жасады; ол әсіресе 2-дүние жүзілік соғыстан кейін зор табысқа жетті (К.Праду Жуниор, Р.Факу, Н.Вернек Содре, Э.Диас т. б.). Тарих ғылымының зерттеу орталықтары: Бразилияның тарих және география институты (1838), Әлеуметтік зерттеулер орталығы (1957), Ұлттық кітапхана (1810), Ұлттық тарихи музей (1922).

Экономика ғылымы. Бразилияның экономикалық ғылымы 18 ғасырдың 2-жартысында пайда болды, ол күні бүгінге дейін Европаның классикалық және буржуазия саяси экономикасының жетегінде келеді. Экономикалық ғылымдағы басты бағыттардың бірі - либералдық мектеп (Э.Гудин, О.Говея ди Бульоис, Г. ди Пайва т.б.). Оның негізгі қағидалары - мемлекеттік капитализмнің дамуын тежеу; елді тек қана аграрлық-шикізат өнімдерін өндіруге бейімдеу; жеке меншікке толық еркіндік беру. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін Бразилияда дезенволвиментизм ағымы (Р.Симонсен, Ж. П. ди Алмейда, С.Магальяинс т.б.) өріс алды. Ол өндіргіш күштерді дамыту арқылы экономикалық тәуелсіздік алуды және мемлекеттік секторды ұлғайтуды насихаттады. 60 жылдардың басында Бразилия экономикалық тылымында «негізгі реформалар» мектебінің ықпалы күшейді; ол елдегі шетел капиталын азайтуды, жұмысшыларға қажетті өнімдерді көбейтуді, аграрлық реформалар жасауды ұсынды. Бразилияда марксистік экономикалық ой-пікір 19 ғасырдың аяғында тарай бастады. Экономикалық ғылыми-зерттеу орталықтары: Бразилияның экономика институты, Өнеркәсіптің ұлттық конфедерациясы т. б.

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Бразилияда 250-ге жуық газет шығады (1970). Аса ірі газеттері: Рио-де-Жанейрода - «Глобу» (1925), «Шорнал ду Бразил» (1891), «Коррею да маньян» (1901), «Диариу ди нотисиас» (1930); Сан-Паулуде - «Эстаду ди Сан-Паулу» (1875), «Диариу ди Сан-Паулу» (1929). Ең ірі газет-журнал бірлестігі - 1921 жылы құрылған «Диариус асосиадус». Ол 32 газет, 18 журнал шығарады, қарауында көркем әдебиет баспасы, 22 радиостанция мен 15 телестудия бар. Бразилияның ресми ұлттық хабар агенттігі - 1946 жылы Рио-де-Жанейрода құрылған «Аженсия насионал».

Бразилияда 1921 жылдан радио, 1952 жылдан телевизия жұмыс істейді; 950-ден астам радиостанция, 40-тан астам телестанция бар (1970). Аса ірі радио және телевизия бірлестіктері: Телебайланыс жөніндегі ұлттық совет, Бразилия радио және телестанцияларының ассоциациясы, Газеттер мен радиостанциялар ассоциациясы. Радио және телехабарлар негізінен жекеменшік станциялар арқылы португал тілінде беріледі.

Әдебиеті. Бразилия әдебиеті негізінен португал тілінде жазылады. Алғашқы жазба нұсқалар 16-17 ғасырларда пайда болған. 17-18 ғасырларда ұлттық әдебиеттің алғашқы туындылары жарық көрді; Г. ди Матустың (1633-1696) сатиралары жарияланды. 18 ғасырдың 2-жартысынан бастап Бразилия әдебиетінде халықтың тәуелсіздігі үшін курес сарыны, ағартушылық идеясы бой көрсете бастады, бұған осы кезде туған революция қозғалыстар мен Ж.Ж.Руссо, Ф.М.Вольтер, Д.Дидро тәрізді француз ағартушылары ықпал етті. 1768 жылы К.М. да Коста (1729-1789) «Заморская Аркадия» әдеби қоғамын ұйымдастырды. Ол өзінің «Вила Рика» поэмасында (1773) әлеуметтік, ұлттық тақырыпты қозғады. Ж. Б. да Гама (1741-1795) «Уругвай» (1769) эпикалық поэмасында үндістердің португал және испан отаршылдарына қарсы күресін бейнеледі. 1836 жылы Д. Ж. Гонеалвис ди Магальяинстің (1811-1882) «Ақындық жүрек лүпілі әм сағыныш жыры» атты өлеңдер жинағы бразилия романтизмнің басы болды. А. Гонсалвис Диастың (1823-1864) поэмалары мен Ж. М. ди Аленкардың (1829-1877) романдары да романтизм үлгісінде жазылған. Бразилия әдебиетінің тарихына арналған бірнеше ғылыми еңбектер жарыққа шықты; Гонсалвис ди Магальяинстің «Бразилия әдебиеті тарихының очеркі» (1836), Ф. А. Варнаженнің «Бразилия әдебиетінің тарихи очеркі» (1850). Көптеген драмалық шығармалар жазылды. 19 ғасырдың 2-жартысында М.А. ди Алмейда (1830-1861) «Полиция сержантының естеліктері» романында (1854-1855) өмір шындығын реалистік тұрғыдан бейнеледі. Сыншыл реализм қалыптасты. Ұлы социалистік революциясы және Бразилия Компартиясының құрылуы («Престес колоннасының» жорығы – 1924-1927) прогресшіл әдебиеттің тууы мен өсуіне игі әсер етті. Осы кезде М. Горькийдің «Ана» романы, В. Маяковскийдің өлеңдері аударылып басылды. 1940-1950 жылдар прогресшіл әдебиетшілер тобы кеңейе түсті. Ж.Б.Монтейру Лубатудың, Ж.Амадудың (1912 ж.т.) реалистік туындылары еңбекші халықтың белсенді күресін көрсетуге үлес қосып келеді. Бразилия жазушыларын біріктіретін бір тұтас ұйым жоқ, тек Сан-Паулу жазушыларының ассоциациясы мен бірнеше драматургтер ассоциациясы ғана бар.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. 16 ғасырдың 1-жартысында Бразилия жағалауларына португалдықтар Рио-де-Жанейро, Ресифи, Салвадор сияқты тұңғыш қалаларды салды, олар бытыраңқы, бейтарап дамыды. Тек 17 ғасырдың аяғында ғана Бразилияның сол кездегі астанасы Салвадорда көшелер мен үйлерді жүйемен салу басталды. Қала тәртібімен салынған ең ескі үйлердің бізге жеткен үлгілері 17 ғасырдың 2-жартысына жатады. Олар - балконды, екі қабат үйлер. 18 ғасырдың Бразилия сәулет өнерінің мейлінше дамыған дәуірі болды. Алтын мен (17 ғ.) алмас ұнтақтарының (18 ғ.) табылуына байланысты, экономикалық орталық бір ғасыр бойы таулы ауданға ауысты (қазіргі Минас-Жерайс штаты). Кеншілер поселкесінің негізінде Ору-Прету, Конгоньясду-Кампу, Сан-Жуан-дел-Рей т. б. қалалар пайда болды. Астана портты қала Рио-де-Жанейроға ауысты. 18 ғасырдағы Бразилия архитектурасында екі бағыт байқалады. Жағадағы қалаларда құрылыстардың күрделілігі мен көлемділігі, әсемдігі устем болса, Минас-Жерайс штатында басқышты, фасадтары рококо стиліне сәйкес әсем мүсіндермен безендірілген үйлер көп салынды; мүнда Ору-Претудегі Сан-Франсиску шіркеуін салған 18 ғасырдағы атақты арх. Алейжадинью өмір сүрді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Бразилияға француз суретшілері мен архитекторлары шақыртылды. Олар елге классицизм стилін таратты. Бразилия архитектурасы 1920 жылдан бастап ерекше қарқынмен дамып, Европа, Солтүстік Америка архитектурасына ұқсайтын жаңа қалалар ірге тепті (Белу-Оризонти, Гояния). 1960 жылы астана Бразилия қаласына көшірілді. Жоспарлау шешіміндегі еркіндік, батылдық, гимараттардың әсемдігі мен мағыналылыгы қазіргі Бразилия архитектурасының өзіндік ерекшелігін айқындайды. Бразилияның қазіргі кездегі көрнекті архитекторлары - О.Нимейер, Л.Коста т. б. Бейнелеу өнері саласындағы алғашқы шығармалар 16-17 ғасырларда пайда болды. Олар - Рио-де-Жанейродағы шіркеудің қабырға суреттері мен діни мүсін бейнелер. Сол кездегі көрнекті суретші әрі архитектор Алейжадиньюдің ең басты шығармалары - Бон-Жезусди-Матозиньюс шіркеуін безендіруге арналған мүсіндері мен әулиелердің тас тұлғалары. Классицизм идеясын алғаш қуаттап, дүниелік өнерге жол ашқан, Бразилия өнер мектебінің негізін қалағандар - М.Диас ди Оливейра, Ж.Л. ди Карвалью, А.Ж.Франку Веласку болды. 1820 жылы Франциядан шақырылған суретшілердің жәрдемімен Көркемсурет академиясы құрыла бастады. Жас суретшілер Парижге оқуға жіберілді. Сурет өнері мен графика дамыды. 1840 жылы көрмелер ұйымдастырылды. 19 ғасырдағы Бразилия сурет өнеріндегі басты тұлға - Ж. Ф. ди Алмейда Жуниор. Ол өзгелердей емес, француз өнеріне мүлдем ұқсамайтын ұлттық, шын мәніндегі реалистік шығармалар жазды. Көрнекті суретшілер К.Портинари, Э. ди Кавальканти еңбекші халық өмірін жырлады. 20 ғасырдың 50 жылдарында графика дамыды. Бұл салада К. Склиар, Р. Кац, О. Гоэлди т. б. елеулі табыстарға жетті.

Музыкасы. Бразилия халық музыкасы - үндістердің, португалдардың, негрдердің музыка дәстүрінен туындайды. 18 ғасырда португалдар әкелген модимба әндері Бразилияда кең тарайды. Бұл әндерде туған жер сағынышы бейнеленеді. Қала билері португалдар мен негрлердің би элементтерінің тоғысуынан пайда болады (лунду, самба). Ұлт аспаптары:   атабаки, маримба, рекореко, ганда. Бразилия профессионалдық музыкасының негізін салушы - Ж.Н.Гарсиа. Оның шәкірті Ф.М. да Силва - Ұлттық гимннің (1831) авторы. Бразилия ұлттық музыкасының дамуына Э. В. Лобос үлкен үлес қосты. Ол - 9 опера, 12 симфония т.б. көптеген шығарманың авторы. Бразилияның қазіргі ірі композиторлары: М.К.Гуарньери, О.Л.Фернандис, Ф.Миньоне. Бразилияның музыка ошағы - Рио-де-Жанейро (Музыка академиясы, Ұлттық опера театры, консерватория, Ұлттық музыка институты, 2 симфония оркестрі бар).

Театры. Тұңғыш театр үйі 16 ғасырда салынды. Елде тәуелсіздік жарияланғаннан кейін (1822) ұлттық театрдың дамуына мүмкіндік туды. 19 ғасырдың 1-жартысында Рио-де-Жанейрода бірнеше театр ашылды. 1855 жылы Драматургия қоғамы құрылды. Ол ұлттық театр өнері мен драматургияның өсуіне көп қызмет етті. 19 ғасырдың 2-жартысында жеңіл комедиялық, музыка және эстрадалық ойын-сауықтар кең тарады. 20 ғасырдың басында тұрақты драма труппалары құрылып, олар ұлттық авторлардың шығармаларын қоя бастады: 2-дүние жүзілік соғыс кезінде шетел театрының кейбір шеберлері Бразилияда еңбек етті. Олар Бразилия театр мәдениетінің дамуына біршама улес қосты. Поляк актері әрі режиссері З. Зембиньский әуесқойлардың «Комедианттар» театрын ұйымдастырып, спектакль қоюда жаңа сахналық шешімдер іздестірді. Оның сахналық ізденістері Бразилияның көптеген театр қайраткерлеріне әсер етті. 50 жылдары Рио-де-Жанейро мен Сан-Паулуда театр труппалары құрылды. Оларды Бразилияның көрнекті актерлері Дулсин-Одилон, А.Гарриду, Ж. Коста, П. Феррейра т. б. басқарды. 60 жылдары «Театру ди арена», «Офисина», «Опиниан» театр труппалары қызмет етті. Бұлардың репертуарынан А.Суасун, Ж.Андради, А.Боала, Ж.Гуарньери, А.Диас Гомистің пьесалары орын алды. Бразилияда драма, өнер консерваториясы жұмыс істейді. Рио-де-Жанейро мен Сан-Паулуда драма өнер мектебі бар.

Киносы. Бразилия кино өнері 1903 жылы пайда болды. Режиссер А. Леал ел өмірінен хроникалық фильмдер түсіре бастады.

1910 жылдан көркемсуретті фильмдер түсірілді. 20 жылы Кампинас пен Ресифиде киноөндірісі ұйымдастырылды. Режиссер А.Алвис пен М.Пейшоту халықтың тұрмысын бейнелейтің фильмдер («Орманнан шыққан Жуан») түсіріп, елді аралап жүріп көрсетті.

1928 жылы режиссер А.Гонзаго «Синеарши» журналын шығарып, ұлттық кино өнерін қорғауға, дамытуға шақырды. «Біздің жұмыс» атты тұңғыш дыбысты фильм 1930 жылы шықты. Дыбысты фильмдерге атақты әншілер қатыстырылып, ұлттық ән саздары (самба) кеңінен қолданылды. 1941 жылы «Атлантика» (Рио-де-Жанейро) киностудиясы құрылды: ол түсірген «Кішкентай негр Тиау», «Жалғыздық» сияқты фильмдер Бразилия кино өнерінің тарихынан елеулі орын алды. 1949 жылы «Вера-Крус» (Сан-Паулу) киностудиясы ұйымдасты. Мұнда 1950-1953 жылдар режиссер А. Каъальканти қызмет етті. Оның басшылығымен түсірілген «Кангасейро» мен «Бойжеткен» фильмдері негрлердің ауыр тұрмысын бейнелейді. 1950-1960 жылдар Бразилия кино өнеріне режиссерлердің (А.Виани, Р.Сантус т.б.) жаңа буыны келіп қосылды. Олар шынайы өмірді көрсетуге, жаңалыққа, шыншылдыққа ұмтылды. Бразилияның таңдаулы фильмдері: «Рио, 40°», «Титықтаған өмір», «Мұңлы ән», Барравенто», «Таңғы жұлдыз». Актерлері: С. Прата (Үлкен Отелло), Д. Филью, Ж. Валадан, Л. Вилар, Л. Маранван, Н. Бенгел.

Әдеб.: Гожев А.Д. Южная Америка. М., 1948; Джемс П. Латинская Америка. пер. с англ. -М., 1949; Бразилия. Экономика. Политика. Культура, М., 1963; Нимейер О. Мой опыт строительства Бразилии. -М., 1963; Столицы стран мира, М., 1966; Очерки истории Бразилии. М., 1962; Глинкин А.Н. Новейшая история Бразилии (1939-1959         гг.).   М., 1961; Брандао О. Бразилия. Страны Латинской Америки. -М., 1949; Экспедиция академика Г.И.Лангсдорфа в Бразилию 1821-1828. -М., 1948; Эстрела А. Бразильская музыка. Бразилия. Экономика. Политика. Культура. -М., 1963; Диас Гомес. Современный театр. там же; ВианиА. Кино и его проблемы, там же.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-04-22 10:45:00     Қаралды-1564

АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ

...

Араб жылқысы - байырғы жылқы тұқымдарының бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

тарих ғылымының бір саласы, алғашқы қауымнан, көне заманнан, орта ғасырдан қалған заттай есқерткіштерді зерттеу арқылы адам қоғамының өткендегі тарихын анықтайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

...

Қазақтың ұлттық ойыны

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

...

Жер шарындағы ең кіші мұхит

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

...

Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ҚҰСТАР

...

Құстар - жердің ең жылдам тіршілік иелері, өйткені жануарлар әлемінің құрлық немесе суда жүзетін құстарының бірде-бір өкілі олармен жылдамдығымен салыстыра алмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН-САРА ОПЕРАСЫ

...

Опера тұңғыш рет 1946 жылы 7 қазанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қойылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »