UF
Загрузка...

ИНДОНЕЗИЯ (Іndonesia), Индонезия Республикасы (Republik Indonesia) - Азияның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі мемлекет. Азия мен Австралия материктерінің аралығындағы Малайя (Индонезия) архипелагын, яғни Үлкен Зонд (Калимантан, Суматра, Сулавеси, Ява, Мадура аралдары), Кіші Зонд (Бали, Ломбок, Сумбава, Сумба, Флорес), Молукка (Хальмахера, Моротай, Бачан, Оби, Серам) аралдарын жәие Жаңа Гвинеяның батыс жағы (Батыс Ириан) мен оның төңірегіндегі ондаған шағын аралдарды алып жатыр. Жері 1904,3 мың км2. Халқы 266,3 млн. (2018). Астанасы - Джакарта қаласы. Әкімшілік жағынан 23 провинцияға (олардың ішінде екеуі - Батыс Ириан мен Аче - автономиялық провинциялар), 1 айрықша облысқа (Джокьякарта) және Үлкен Джакарта астаналық округына бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Индонезия - республика. Қазіргі конституциясы 1945 жылы қабылданған. Мемлекеттік және үкімет басшысы-президент (қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы да сол). Оны Халықтық консультативтік конгресс (ХКК) 5 жылға сайлайды. 1969 жылғы заң бойынша жоғарғы мемлекеттік өкімет органы - ХКК 460 парламент мүшесінен - Халықтық Совет өкілдері (ХСӨ) және жергілікті ХСӨ мен функционалды топтар жіберген 460 өкілден құралады. 1965 жылы 30 қыркүйек оқиғаларынан кейін коммунистер мен солшыл ұлтшылдар ХКК мен ХСӨ-ден шығарылды. 17 жасқа толғандардың бәрі сайлауға қатынасады. Провинция губернаторларын президент тағайындайды. Сот жүйесі Жоғарғы сот, облыстық және мемлекеттік соттардан құралған. Жоғарғы сот мүшелерін президент, ал жергілікті сот мүшелерін заң министрі тағайындайды. Кәдімгі әскери соттардан басқа, «30 сентябрь оқиғаларына» қатынасқандар ісін қарайтын төтенше әскери трибуналдар бар.

Табиғаты. Индонезия экваторлық ендік бойына орналасқан. Аралдарының жағасы көп жерінде биік, тік жар болып келеді. Жерінің жартысы - биіктігі орташа және аласа таулар; биік таулар Батыс Ирианда ғана кездеседі. Елдің оңтүстік шеті мен Макасар бұғазының шығысында жатқан бөлігі - қатпарлы және вулканды таулар; Суматрадан Хальмахера аралына дейінгі аралықта (5000 км) 400-ге жуық вулкан бар, олардың 80-і сөнбеген вулкандар (бастылары - Керинчи, 3800 м, Ринджани, 3726 м; Семеру, 3676 м). Калимантан, Банка, Белитунг аралдарын мүжілген, беткейлері көлбеу ескі таулар алып жатыр. Суматра, Ява аралдарының солтүстік жағы, Калимантан мен Батыс Ирианның оңтүстік бөліктері - шөгінді топырақтан түзілген жазықтар. Пайдалы қазындылары: мұнай, көмір, темір рудасы, марганец, қалайы, алюминий, никель, мыс, қорғасын т. б.

Климаты экваторлық, Ява және Кіші Зонд аралдарында субэкваторлық. Жазық жерлерінде ауаның орташа температурасы 25°С-тан 27°С-қа дейін, тауда салқындау; 1500 м биіктіктен жоғары жерлерінде үсік түседі. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 2000-4000 мм, көбіне нөсер жаңбыр кунінде түседі. Өзендері шағын, суы өте ылайлы болады. Басты өзендері - Капуас, Барито (Калимантанда), Хари (Дшамбида), Кампар, Муси (Суматрада), Мамберамо, Дигул (Батыс Ирианда). Зонд аралдары мен Батыс Ириан жері қызғылт-сары латерит топырақты, Суматра, Калимантан жері тропиктік батпақ топырақты. Таулы бөлігі - экваторлық және тропиктік мәңгі жасыл орман; аралдардың жағалауында қалың бұта өседі. Жануарлар дүниесінің құрамына қарай Индонезия жерінің көбі Үнді-Малайя зоогеографиялық аймағының Малайя тармағына, ал Батыс Ириан, Молукка аралы, Кіші Зонд аралдарының бір тобы Папуас тармағына жатады. Жануарлардан маймылдар (орангутан, гиббон, макака), жалғыз және қос мүйізді керік, піл, малайя аюы, бантенг бұқасы, жалды крокодил және құстардың, бауырымен жорғалаушылардың көптеген түрлері кездеседі. Индонезия территориясы 2 табиғи ауданға бөлінеді: Яваның шығыс бөлігі, Сулавесидің оңтүстік-шығысы, Кіші Зонд және Молукка аралдары - субэкваторлық, қалған жері - экваторлық аудан.

Халқы. Индонезияда 150-ден астам халық пен этникалық топтар тұрады. Тұрғындарының 96%-і малайя-подинезиялық семьяның индонезия тобына жататын халықтар; олардың ішіндегі сан жағынан үлкендері - явалықтар және оларға жақын сундтар, мадурлықтар (75 млн.), индонезия малайялықтары және оларға жақын халықтар (14 млн-дай), ерекше топ - джакарталықтар (3 млн.), ачелер (1,8 млн.), батактар (2,7 млн.), даяктар (2 млн-ға жуық), балиялықтар (2,2 млн.). Батыс Ирианның солтүстік бөлігінде меланезиялықтар, оның ішкі аудан дарында папуастар, Индонезия қалаларында қытайлар (3 млн.), арабтар (100 мың) тұрады. Мемлекеттік тілі - индонезия тілі. Негізгі діні - ислам (мұсылмандар 86%, қалғандары христиандар, үнділер, буддистер мен конфуцишілдер), Халқының көбі Ява аралында (тығыздығы 1 км2-ге 500 адам) қоныстанған; Батыс Ирианда халық ете сирек тұрады (тығыздығы 1 км2-ге 2 адам). Қала халқы 30%; ірі қалалары (халқы 1 млн-нан астам) - Джакарта, Сурабая, Бандунг; халқы 500 мыңнан астамы - Медан, Палембанг, Семаранг.

Тарихы. Индонезия жері - қазіргі типтегі адам (питекантроп, явантроп одан кейін вадьяк адамы) қалыптасқан орталықтардың бірі. Одан төменгі палеолит дәуірінің ескерткіштері (патжитан индустриясы) табылды. Сірә, б. з. б. 5 ғасыр шамасында Индонезияға Үндіқытайдан қола дәуіріндегі Донгшон мәдениеті енген болуы керек; негізгі аймақтары қола дәуіріне б. з. б. 2 ғасыр - б. з. 2 ғасырда көшті. Жағалаудағы аймақтар б. з. 2 ғасырда темір дәуіріне көше бастады. Халық негізінен егіншілікпен, аздап аңшылықпен шұғылданды. Әлеуметтік ұйымның негізгі түрі рулар мен тайпалар болды.

4-5 ғасырларда өндіргіш күштердің дамуына байланысты, Индонезия жерінде алғашқы таптық қоғамдар қалыптасты. Явада Тарума (Батыс Ява), Калинга (Орталық Ява) мемлекеттері мен Шығыс Ява мемлекеті (аты белгісіз), Суматрада Малайю (орталықта), Шривиджайя (шығыс жағалаудың оңтүстігінде), Калимантанда Кундунг әулеті билеген мемлекет (шығыс жағалауда) пайда болды.

7 ғасырға салым Индонезияда феодалдық қатынастар қалыптасты. 7 ғасырдың орта шенінде бірнеше князьдық бірігіп, суматралық қуатты Шривиджайя империясы болды. 8 ғасырдың 2-жартысында Шайлендрлер әулеті басқарған Шривиджайя империясы Малакка жарты аралында берік тұрақтады. Орталық Явада 8 ғассырдың 1-жартысында Матарам мемлекеті пайда болды. Мұнда Санджайя құрған Шиваист әулеті биледі. 9-10 ғасырларда Шривиджайя империясы дәуірлеп өсті. Ал 11 ғасырдың ортасына салым Матарам мемлекеті Орталық және Шығыс Яваның және Бали аралдарының шұрайлы алқаптарын алып, ірі сауда қалаларын өзіне бағындырды.

11-16 ғасырларда Индонезия дамыған феодалдық дәуірге ойысты. Индонезияның бұл кезеңдегі тарихы Кедиридің Явадағы мемлекетінің (11 ғасырдың 40 жылдары пайда болған) гұлденуіне байланысты. Сингасари мемлекеті (Кедири мемлекетінің 13 ғасыр басынан бергі аты) Суматраның бір бөлігіне, Малакка түбегінің оңтүстік бөлігіне. Калимантанның батыс бөлігіне т. б. аймақтарға бақылау орнатты. 13 ғасырдың аяғында Сингасари мемлекеті ыдырап, Явада Маджапахит империясы (1293-1520 ж.ш.) құрылды. Бұл империя орта ғасырдағы ең ірі жалпы индонезиялық мемлекет болды.

14 ғассырда Явада феодализмнің дамуы - қауымдық жер, патша үйі, ғибадатхана жері, жеке меншік жер болып бөлінуіне әкеліп соқтырды. Ірі жер иелері қалыптасты. 14 ғасырда Индонезияға Үндістан мен Малаккадан ислам діні кіре бастады. 15 ғасырдың ортасынан бастап Маджапахит империясы әлсіреп, 16 ғасырдың 2-он жылдығында бірсыпыра мұсылман княздықтарына бөлінді. 1575 жылға салым Орталық және Шығыс Яваның дені Матарам деп аталатын жаңа мемлекетке бірікті. Тек Батыс Явадағы Бантам сұлтандығы тәуелсіз күйінде қалды. 16 ғасырдың 90 жылдары Индонезияға голландиялықтар келіп, отарлау саясатын жүргізді. Олар жергілікті феодалдар арқылы шаруалар шаруашылығына, сыртқы саудаға қажетті дақылдарды (қалампыр, мускат, бұрыш) өсіруді енгізді. Сөйтіп сыртка шығарылатын өнімдерді өндіруді реттей бастады. 18 ғасырда Индонезияға кофе дақылы еріксіз енгізілді. Индонезия феодалдары қосымша өнімнің басым бөлігін голландиялықтарға беруге мәжбүр болды. Бұл Голландияға қарсы куресті өрістете түсті, бірақ ол күшпен жаяшылып отырылды.

18 ғасырдың аяғында Голландия және оның отарлары дүние жүзілік үстемдік үшін таласқан ағылшын-француз қақтығысына душар болды. 1811 жылы Индонезияны Англия басып алды. Бірақ 1814 жылғы келісім бойынша Англия Индонезияны Голландияға қайтарып берді.

Өнеркәсіп жағынан мешеу қалған Голландия Индонезияға көп товар төгуші Англиямен үзеңгі тірестіре алмады. Отарлаушылар пайданы көп табудың амалын іздестіре келіп, қанаудың бұрынғы әдісіне қайта оралды. Халық бұқарасының ауыр жағдайы және голландиялық отаршы өкіметтің шетелдік кәсіпқорларға Орталық Ява жерін жалға беруге тыйым салуы феодалдардың мүддесіне нұқсан келтірді. Осыдан голландиялықтарға қарсы қуатты көтеріліс басталды. Принц Дипонеғоро бастаған халық көтерілісін (1825-1830) голландиялықтар әрең басты. 1830 жылдан бастап Голландия Индонезияны қапаудың өзіндік жүйесіне көшті. Бұл жүйе бойынша, жер салығы орнына шаруалар жерінің бестен бірінде сыртқы саудаға қажетті дақылдарды өсіріп, оның өнімін міндетті түрде үкімет қоймасына тапсыратын болды. 1870 жылы Голландия үкіметі Кант заңын, Аграрлық заң т. б. заңдар қабылдады. Осыдан кейін міндетті түрде экспорттық дақыл өсіру жүйесі жойыла бастады. Индонезияға шетелдік капитал кең көлемде ене бастады. Бұл мүмкіндікті Англия, АҚШ және басқа европалық елдер де пайдаланды. 1904 жылы голландиялықтар Ачені жаулап алды, ал 20 ғасырдың басына таман Индонезияның тәуелсіз аймақтарын өзіне бағындырды.

19-20 ғасырларда отар және жартылай отар елдерде ұлт-азаттық қозғалысының өріс алуы Индонезияда алғашқы ұлттық ұйымдардың құрылуын жеделдетті. 1911 жылы Явада құрылған Ислам саудагерлерінің одағы Сарекат ислам (Ислам одағы) ұйымына айналды. 1919 жылы Сарекат исламның құрамында 2 млн-нан аса адам болды. Оған ұлттық буржуазия, жұмысшы табы, шаруалар, ұсақ буржуазия бірікті. Бұлардың ұраны империализмге қарсы сипат алды.

Индонезияда ұлттық буржуазияның қалыптасуы мейлінше баяу жүрді. Бұған керісінше, жұмысшы табы тез өсті. Индонезия пролетариаты негізінен шетелдік кәсіпорындарда қалыптасты. Сондықтан оның таптық сана-сезімі империализмге қарсы күреспен қабысып жатты. Алғашқы кәсіподақ бірлестіктері 20 ғасырдың басында пайда болды. 1915-1919 жылдар ереуіл қозғалысы едәуір өріс алды. 1919 жылы жұмысшылар ұйымдарының денін біріктірген кәсіподақ орталығы пайда болды. С.-д. бірлестігінің негізінде 1920 жылы Индонезия Коммунистік партиясы (ИКП) құрылды. 1921-1923 жылдар Сарекат ислам жікке бөлініп, оның компартияның ықпалындағы секциялары Сарекат райат (Халық одағы) одағын ұйымдастырды. Бірақ одақтың бұқара арасындағы ықпалы төмендей түсті. Ал коммунистер 1923 жылы темір жолшылардың жаппай ереуілін, 1926 жылы қарашада Батавьяда, Батыс Ява және орталық аудандарда қарулы көтеріліс ұйымдастырды. 1-және 2-дүние жүзілік соғыстар аралығында Индонезияда империалистік қанау шегінен асып, АҚШ пен Жапония капиталы белең алды. Мұның бәрі халықтың тұрмыс жағдайын нашарлатты. Дүние жүзілік экономикалық дағдарыс (1929-1933) Индонезияның экономикасына да ауыр соққы болып тиді. Өндірістің кемуінен көптеген жұмысшылар жұмыссыз қалды. Дағдарыс жылдарында жұмысшылар мен шаруалар бас көтерді. Елдегі ұлттық қозғалыстың өріс алуына Компартия және Сукарно бастаған ұлттық партия күшті әсер етті. Ұлттық және ұсақ буржуазияның революция өкілдері мен коммунистердің инициативасы бойынша 1937 жылы Индонезия саяси одағы ұйымдастырылды.

1942 жылы наурызда Голландия өкіметі Индонезияны басып алған Жапония алдында тізе бүкті. Индонезияның бүкіл экономикасы жапон империализмі мүддесіне бағындырылды. Басқыншылар азық-түлікті тартып алып, шаруаларды еріксіз жұмысқа қуды. Осыдан жапондарға қарсы халық наразылығы күшейді. 1943-1945 жылдар тек Индонезия армиясы ішінде ғана бес рет көтеріліс шықты. Астыртын жағдайда ұйымдасқан Индонезия коммунистері құрамы аз болғанына қарамастан, қарсыласу қозғалысының алдыңғы сапында болды. 1945 жылы Совет Армиясы Квантун армиясын талқандап, Жапонияның тізе бүгуіне байланысты 17 тамызда Индонезия тәуелсіз ел болып жарияланды. Сукарно республика президенті болып сайланды. Конституция қабылданды. 1950 жылдардың басында Индонезияның толық экономикалық және саяси тәуелсіздігі үшін, феодализмнің қалдықтарын жою үшін күресуші прогресшіл ұлттық күштерді біріктіру процесі басталды. 1958-1959 жылдар Суматра және Сулавеси аралдарындағы контрреволюциялық бүлікшілер талқандалды. Ал 1962 жылы 1949 жылдан бері Голландия заңсыз иеленіп келген Батыс Ириан Индонезия құрамына қайтарылды.

1950 жылдардың басында Индонезия үкіметі бейбітшілік үшін, империализмге және отаршылдыққа қарсы, соғыс блоктарына қосылмау бағытын ұстады. Алайда Индонезия буржуазиясының үкімет басында отырған солшыл қанаты елдегі ауыр экономикалық жағдайды жолға қоя алмады. Мұны пайдаланған реакцияшыл күштер, әсіресе оппозициядағы армия басшылары қоғам ішіндегі қайшылықтарды бұрыңғыдан да шиеленістіріп, прогресшіл ұйымдарға, ең алдымен Сукарно мең ИКП-ге қарсы күш біріктірді. Осындай жағдайда, 1965 жылғы 30 қыркүйекте президентті қорғайтын батальонның командирі подполк. Унтунг құрғақтағы әскер күштерінің бірсыпыра жоғарғы басшыларын тайдыруға бағытталған қастандық («30 сентябрь қозғалысы») ұйымдастырды. ИКП басшылығының шағын тобы өздерінің шешімі жөнінде партияның ОК-іне айтпай, Унтунгтың әрекетін қолдауды ұйғарды. «30 сентябрь қозғалысы» сарай бүлігіне ұласты; халық бұқарасы қолдамағандықтан ол ізінше жанышталды. Реакцияшыл күштер коммунистерді қастандық ұйымдастырды деп айыптап, ИКП-ні жоюға кірісті. Жүз мыңдаған коммунистер мен өзге де прогресшіл қайраткерлер азаптап өлтірілді. 1966 жылы наурызда ИКП-ге тыйым салды. Елде сақталып қалған партиялар мен ұйымдардың ықпалы едәуір кеміді.

1968 жылы сәуірде генерал Сухартоның президенті болып тағайындалды. Жаңа президент пен оның үкіметі өздерінің сыртқы саясатының негізі - «белсенді тәуелсіз бағыт» ұстап, блоктарға қосылмау деп мәлімдеді. Индонезия батыс елдерімен қатынасты едәуір күшейтті. Экономика саласында Индонезия үкіметі шетелдік империалистік мемлекеттер капиталының енуіне едәуір мүмкіндік беріп отыр. Елдің экономикасында мемлекеттік сектор күрт қысқарды.

1965 жылғы оқиғалардан кейін Индонезияның социалистік елдермен, отарлық тәуелсіздіктен азат етілген елдердің бір бөлігімен арадағы қатынасы біраз төмендеді.

Саяси партиялары мен кәсіподақтары. Саяси партиялары: Функционалдық топтардың біріккен секретариаты (ФТБС), 1964 жылы президенттің декреті бойынша құрылған саяси ұйым (Секбер голкар). Іс жүзінде үкіметтің сойылып соғады. Нахдатул Улама (НУ), 1926 жылы негізі қаланды. Индонезиядағы аса ірі мұсылман партиясы. Село қанаушылары мен ұлттық буржуазияның біраз бөлігінің мүддесін көздейді. Индонезия ұлттық партиясы (ИҰП),      1927 жылы негізі қаланды. Бұл партия ұлттық буржуазияның мүддесін көздейді. 1966 жылы сәуірде бірігу съезі деп аталатын съезде партия басшылығын оңшыл топ басып алды; мұнан кейін партия қатары солшыл элементтерден едәуір тазартылды. Индонезияның мұсылман партиясы (ИМП), 1968 құрылды. Оған негізінен 1960 жылы таратылған Машуми реакцияшыл партиясының мүшелері енді. Индонезияның мұсылмандық одағы (ИМО), 1923 құрылды. ИМО жетекшілері ислам дінінің принциптерін Индонезия республикасының мемлекеттік негізі деп жариялауды жақтайды. Индонезияның христиандық партиясы (Паркиндо), 1945 жылы құрылды. Партияның қатарына протестант дініндегі ұсақ және орта кәсіпкерлер, интеллигенция, студенттер кіреді. Католиктік партия (КП), 1949 жылы құрылды. Бұл партияның қатарына католик дініндегі индонезиялықтар кіреді. Индонезия коммунистік партиясы (ИКП), 1920 жылы негізі қаланды. 1965 жылғы оқиғадан кейін тыйым салынды. Индонезия коммунистері астыртын жұмыс істейді.

1970 жылы Индонезия кәсіподақтарының 18 млн-нан астам мүшесі болды. Неғұрлым ірі кәсіподақтары: КБМ (Жұмысшы-мархаэнистер одағы), 1952 жылы құрылды; САРБУМУСИ (Индонезия мұсылман жұмысшыларының одағы), 1955 жылы құрылды. ГАСБИИНДО (Индонезияның мұсылман кәсіподақтарының бірлестігі), 1947 жылы құрылды; КБИМ (Ерікті мұсылман жұмысшыларының конгресі); ГОБСИИ (Индонезия мұсылман одағы жұмысшылар ұйымдарының бірлестігі).

Экономикасы. Индонезия - аграрлық ел. Тәуелсіздік алғаннан (1945) кейін ұлттық экономикасын қалпына келтіру және одан әрі дамыту шаралары іске асырыла бастады. Бұрын голландиялық отаршылардың және шетел капиталының қарамағында болған кәсіпорындардан мемлекеттік сектор құрылды. Бірақ мемлекеттік аппараттағы реакцияшыл элементтер прогрессивтік өзгерістердің іске асуына кедергі жасады мемлекеттік секторды өз қажеттеріне пайдаланды. Индонезияның экономикалық жағдайы әсіресе 1965 жылғы қыркүйек оқиғаларынан (демократиялық күштердің талқандалуы) кейін қатты нашарлап кетті. Өндіріс қысқарды, инфляция күшейді, Индонезияның шетелге борышы көбейді (3,7 млрд. долл., 1970). Индонезияға бірігіп ықпал жүргізу үшін АҚШ, Жапония, Нидерланды, Ұлыбритания т.б. империалистік кредитор елдер халықаралық консорциум құрды. Экономикаға шетел капиталының одан әрі кіруіне кеңірек жол ашу туралы арнаулы заң (1967) қабылданды. Бір кезде мемлекеттік секторға біріктірілген кәсіпорындар мен шаруашылықтар (американдық Гудьир компаниясының шина з-ды, «Бритиш-американ тобакко компани» қарамағындағы темекі фабрикалары, барлық ағылшын плантациялары т. б.) бұрыңғы қожаларына қайтарылып берілді. Джакартада АҚШ, Жапония, Нидерланды, ГФР, Франция банкілерінің филиалдары ашылды. 70 жылдардың басында Индонезия көптеген елдердің аграрлық және өндірістік шикізат өнімдерін беретін аймағына, экономикасы оларға толық бағынышты елге айналды. Еңбекшілердің жағдайы ауырлады. 1970 жылы мүлдем жұмыссыз қалған адам саны 3 млн., жартылай жұмыссыздардың саны 14 млн. болды. 1969-1970-1973/1974 жылдардағы экономиканы дамыту жоспарында ауыл шаруашылығына, электр энергетикасына, тау-кен өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлінген.

Ауыл шаруашылығы - Индонезия экономикасының басты саласы; оның үлесіне жалпы ұлттың өнімінің 47%-і тиеді (1968). Еңбек етуші халықтың 67,2%-і ауыл шаруашылығымен, балық және аң аулаумен орман шаруашылығымен айналысады. Ауыл шаруашылық жері (18 млн. га) негізінен помещиктердің қолында, олар егістікті шаруаларға жалға береді. Плантация шаруашылықтарының көбі Ява және Солтүстік Суматра аралдарында шоғырланған, олар мемлекеттік карамағында. Ауыл шаруашылық жалпы табысының 84%-ін егіншілік береді. Суармалы егісі 1,7 млн. га. Басты дақылы - күріш (негізінен Ява аралында). Азық-түлік дақылдарының өнімі (1970 жыл мың тонна): күріш 16839, жүгері 2522, кассава 10845, батат 1904, арахис 520.

Экспорттык дақылдары - каучук ағашы, майлы пальма, шай, кофе, какао, қант қамысы, темекі т. б. Индонезия копра жинаудан дүние жүзінде 2-орын (Филиппиннен кейін), пальма майын өндіруден 4-орын (Нигерия, Малайзия, Заирдан кейін), шайды экспортқа шығарудан 3-орын (Үндістан мен Шри-Ланкадан кейін) алады. Майлы пальма Суматрада, шай Явада, Суматрада, қант қамысы Явада, темекі Явада, Суматрада, Балиде, Сулавесиде егіледі. Кейбір техникалық дақылдардың өнімі (1970 жылы, мың тонна); каучук 790, шай 80, кофе 167, пальма майы 195, какао 1,1, копра 660. Мал өсіру қосалқы кәсіп есепті. 1969-1970 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 9,7, буйвол 2,7, шошқа 2,7, ешкі 7, қой 3,7, жылқы 0,6, 90 млн-дай үй құсы бар. 1970 жылы елде 1,2 млн. тонна балық ауланды. Балық ауланатын басты аудандары - Суматраның шығысы, Яваның солтүстік жағы және Калимантан аралының жағалаулары, Индонезия жерінің 80%-і (152 млн. га) орман; әсіресе Калимантан, Суматра, Сулавеси, Ява аралдары ағаш қорына бай. 1968 жылы 7,4 млн. м3 ағаш дайындалды.

Өнеркәсібі. Жалпы ұлттық өнімнің 9%-і (1968) өңдеу, 4%-і өндіру өнеркәсібінің үлесіне тиеді. 1970 жылы елде 43 млн. тонн мұнай, 2,6 млрд. м3 табиғи газ өндірілді. Мұнай және газ кәсіпшіліктері шетел компанияларының (әсіресе американдық «Калтёкс» компаниясының үлесі зор) қарамағында; кен орындарының көбі Суматрада, Калимантанда. Бірнеше мұнай айыру зауыды бар. Мемлекеттік компания Банка. Белитунг, Синкеп аралдарынан калайы рудасын (19 мың т) өндіреді; Мунток қаласында, (Банка аралы) мемлекеттік калайы балқыту зауыды бар. Бинтан және Сулавеси аралдарынан Индонезия мемлекеттік компаниясы және жапон-индонезия компаниялары боксит өндіреді. 1969 жылы Индонезияда 2,2 млрд. квт-сағат электр энергиясы алынды, оның 55%-ін СЭС-тер берді; барлық энергияның 75%-і оза аралының үлесіне тиеді.

Сыртқы саудасы. Экспортында (1969) каучук 24,3%, мұнай және оның өнімдері 45%, қалайы мен оның рудасы 5%, копра 2,7%, шай 1%, кофе 6,4%, темекі 0,7%, пальма майы 1,9%. Импортында (1969) тұтыну товарлары 30,5%, жартылай фабрикаттар мен шикізаттар 40,9%, өндіріс жабдықтары 28,6%. Сыртқы сауда серіктестері - Жапония, АҚШ, ГФР, Нидерланды, Ұлыбритания. Ақшасы - индонезия рупиі.

Экономика-географиялық аудандары. Индонезия территориясы 5 ауданға бөлінеді. Ява аралы - басты экономикалық ауданы, барлық жерінің 7%-ін алып жатыр және халықтың 2/3-сі тұрады. Индонезия күріші мен бататының 50%-ін, кассавасының 70%-ін, жүгерісі мен арахисінің 75%-ін, шайынын 3/4-ін Ява ауданы береді. Мүйізді ірі қараның %-сі, қой мен ешкінің 80%-і осында. Мұнай және табиғи газ, марганец рудасы, фосфорит, күкірт, алтын, күміс өндіріледі. Өнеркәсіп орталықтары - Джакарта, Сурабая, Семаранг, Бандунг, Джокьякарта, Суракарта. Суматра аралы - экономикасының маңызы жөнінен Явадан кейінгі екінші аудан. Жерінің 10%-і егістік. Индонезиядағы барлық плантациялардың 60%-і осында. Экспорттық каучуктың, пальма майының, кофенің, копраның, шайдың көбін осы аудан береді. Суматра тау-кен өндірісінің басты ауданы саналады; Индонезия қалайысы мен бокситін түгелге дерлік, мұнайының 90%-ін, тас көмірінің 80%-ін өндіреді. Өнеркәсіп пен сауда орталықтары - Медан, Палембанг, Паданг. Калимантан аралы - Индонезиядағы ең үлкен, бірақ игерілмеген аудан. Индонезия жерінің 25%-ін алып жатыр және халқының 4%-і осында қоныстанған. Егістігі 3%, тропиктік орман 75%. Ағаш дайындалады (экспортының 30%-ін береді), мұнай, көмір, алмас өндіріледі. Сулавеси аралында ауыл шаруашылық мен тау-кен өнеркәсібі қатар дамыған. Егістігі 10%, тропиктік орман 50%. Никель рудасы, табиғи асфальт, күкірт өндіріледі. Басты сауда орталығы және теңіз порты - Макасар. Батыс Ириан - мешеу дамыған және халық өте сирек қоныстанган аудан. Мұнда мұнай өндіріледі, ағаш дайындалады.

Денсаулық сақтау ісі. 1968 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда, баланың тууы 48,3, адамның өлімі 19,4; балалардың өлімі жөнінде толық мәлімет жоқ. Өлімнің негізгі себебі - елде жұқпалы аурулардың көп таралуы. Әсіресе безгек, туберкулез аурулары көп таралған. 1952 жылдан туберкулезге қарсы (БЦЖ вакцинасымен) егу әдісі қолданылып келеді. 1965 жылы 534,4 мың адам алапеспен ауырған.

Іш сүзегі, дизентерия, басыр т. б. аурулар Индонезияның барлық жерінде бар. Елде жиі кездесетін көз ауруларының салдарынан 20 ғасырдың 60 жылдарында 250 мың адам соқыр болған.

1968 жылы Индонезияда 76,9 мың төсектік 1052 аурухана (1000 адамға 0,7 төсектен) және 53 алапес ауруханасы болды.

7,7 мың поликлиника және 9 денсаулық сақтау орталығы бар, 1967 жылы 3,9 мың дәрігер (28 мың адамға 1 дәрігер), 0,7 мың тіс дәрігері, 0,8 мың фармацевт, 19 мыңға жуық орта білімді медицина қызметкер жұмыс істеді. Дәрігерлер дайындаптын 17 медицина мектеп және акушерлер дайындайтын 85 мектеп бар.

Оқу-ағарту ісі. Голландияның отарлау саясатының нәтижесінде 1940 жылы Индонезия халқының 6%-і ғана сауатты болды. Индонезия тәуелсіздік алғаннан кейін сауатсыздықты жою, оқу орындарының санын көбейту мәселелерінде біраз табыстарға жетті. 1950 жылы жалпы білім беру жөнінде заң қабылданын,

1961 жылдан міндетті 6 жылдық бастауыш білім енгізілді, бірақ 1971 жылы мектеп жасындағы балалардың тең жартысы дерліктей оқуға мүмкіндік ала алмады. Халық ағарту жүйесі төмендегіше құрылған: балалар бақшасы (кепшілігінде жеке меншікті), мемлекеттік және жеке меншікті 6 жылдық бастауыш мектеп, 1-және 2-басқышты орта мектеп (әрқайсысы 3 жылдан). Бастауыш мектептің 3-класына дейін оқу ана тілінде, 3-кластан индонезия тілінде шүреді. Орта мектепті бітіргендер жоғары оқу орындарына түсуге праволы. Кәсіптік дайындықты техника, сауда т. б. мектептерде өтеді. Оларда оку 2-4 жыл. Бастауыш мектеп оқытушыларын 3 жылдық педагогика мектептер, орта мектеп оқытушыларын 4 жылдық педагогика колледждер мен университеттер дайындайды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда жоғары оқу орындарының саны шұғыл көбейді. Мыс., 1939 жылы 5 жоғары оку орны болса, 1970 жылы 38 мемлекеттік, 124 жеке меншік және ведомстволық жоғары оқу орындары болды. 1967-1968 оқу жылында жоғары оқу орындарында 192 мыңнан астам оқушы болды. Ірі оқу орындары: Джакартадағы Индонезия университеті, Джокьякартадағы Гаджа Мада университеті, Бандунгтегі Паджаджаран университеті мен технологиялық институт. Ірі кітапханалары: Богордағы жаратылыс тану ғылымдарының орталық кітапханасы (1842 жылы құрылған, кітап қоры 300 мың дана), Джакартадағы Индонезия мәдениеті музейінің кітапханасы (350 мың дана). Индонезия мәдениетінің музейінде (1778 жылы құрылған) этнографиялық, археологиялық т. б. коллекциялар бар.

Ғылым және ғылыми мекемелері. Жаратылыс тану және техникалық ғылымдар. Индонезияда алғашқы ғылыми-зерттеу мекемелері 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында пайда болды. 1817 жылы Богорда (бұрыңғы аты Бейтензорг) дүние жүзіне әйгілі ботанбақ ашылып, онда жер бетіндегі тропиктік және субтропиктік өсімдіктердің бай коллекциясы жиналды. 1855 жылы Бандунгте геодезия институты, 1866 жылы Джакартада метеорология және геофизика институты, 1876 жылы Богорда ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы, 1887 жылы Пасуруанда кант өнеркәсібінің тәжірибе станциясы, 1888 жылы Эйкманда медициналық институты, Джакартада әскери гигиена институты, 1890 жылы Бандунгте Пастер институты мен геологиялық лаборатория құрылды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын негізінен голландиялық ғалымдар мен мамандар жүргізді; индонезиялықтар тек жәрдемшілер ретінде ғана пайдаланылды.

20 ғасырдың алғашқы жартысында Индонезияның табиғи қорлары мен жұмысшы кушін голландиялық және басқа да шетелдік капиталдық пайдалануын онан әрі кушейтуге бағытталған зертеулер едәуір кеңейді. Богорда орман шаруашылығы орталық институты (1913), ветеринария орталық институты (1908), Бандунгте гидрология және гидрометрия институты (1914), Джакартада теңіз зерттеу институты (1916) құрылды. 1933 жылы Джакартада ауыл шаруашылық тәжірибе станцияларының орталық аралас (мемлекеттік - жеке меншікті) ассоциациясы, 1941 жылы Богорда Каучук институты ұйымдасты. Медицина ғылыми-зерттеу мекемелерінің жүйесі обаға, безгекке, алапеске қарсы күрес институттарымен, техникалық гигиена және санитария лабораторияларымен толықты (1911-1931).

Индонезия республика болып жарияланғаннан кейін ғылыми-зерттеу мекемелерінің саны көбейіп, олардың жұмысы жандана түсті. Физика, химия, атом қуаты, электротехника, өнеркәсіптің әр түрлі салалары жөнінде жаңа ғылыми-зерттеу ұйымдары құрылды. Ғылыми зерттеулерді реттеу үшін 1956 жылы Индонезия үкіметі жанынан Ғылыми совет ұйымдастырылды. 1962 жылы Ғылыми-зерттеу министрлігі құрылды; 1966 жылы ол үкімет жанындағы Ұлттық зерттеу институты болып қайта құрылды да, 1967 жылы Индонезия ғылыми-зерттеу институтына айналды (ИҒЗИ), сөйтіп бұрынғы министрлік пен Ғылыми советті біріктірді. ИҒЗИ қарамағында ғылыми документацпя шөніндегі ұлттық орталық, металлургия, бақылау өлшегіш аспаптар, химия геология және кен қазу, биология, әлектротехникалық физика институттары бар; ол қоғамдық ғылымдар шөніндегі бірқатар ұйымдарды да басқарады. Физика институтында қатты денелер физикасының, атан айтқанда, магнетизм мен люминесценсия проблемалары, электротехникалық институтында электрондық техника мен энергия қуат жабдығы, биологиялық институтында систематика, экология, патология мен анатомия, цитология, биохимия микробиологиялық мәселелері зерттеледі.

1958 жылы ұкіметке бағынатын екінші ұлттық ғылыми-зерттеу ұйымы - Атом қуатының ұлттық агенттігі құрылды; оның қарамағында атом реакторы (Бандунгте), биологияда, ауыл шаруашылығында, медицинада, өнеркәсіпте радиоактивті изотоптарды пайдалану, ядролық физика, биология, химия жөніндегі зерттеу мекемесі (Пасар-Джумаатта) бар.

Ауыл  шаруашылық мен өнеркәсіптің әр түрлі салаларын қамтитын министрліктер мен ведомстволар да ғылыми зерттеулер жүргізеді (мыс., күріш өсіру, мал шаруашылығы, мал індеттері, топырақтану, кокос пальмасы т. б. майлы дақылдар, талшықты өсімдіктер, тропиктік құрылыс, жол салу, гидрографиялық қызмет т. б. жөніндегі жұмыстар). Қорғаныс министрлігінің кейбір ғылыми-зерттеу ұйымдары да жаратылыс тану және техникалық ғылымдар жөніндегі зерттеулермен шұғылданады.

Қоғамдық ғылымдар. Философиялық және қоғамдық пікірдің пайда болуы Индонезия жерінде таптық қоғамның қалыптаса бастауымен тұстас келеді. 2 ғасырда діни-философиялық ой-пікір өрістей түсті. Бұл тұста анимизм мен ата-бабаға табынуды негізге алатын діни жүйелер қалыптасты. 6-10 ғасырдың ерте феодалдық мемлекеттерінде индуизм мен буддизмді елеулі түрде өңдеумен байланысты шыққан ерекше діни бағыттар үстемдік етті. 12-14 ғасырларда жалпы жұртқа түсінікті ортақ дін қажет болуына байланысты, бұл діни бағыттар дағдарысқа ұшырады. 14 ғасырда батыс Индонезияда ислам діні кеңінен қабылдана бастады; оны алдымен Үндістаннан келген иран көпестері, одан соң араб саудагерлері насихаттады. 15-16 ғасырларда ислам діні егіншілік аймақтардың, ал 19 ғасырдың аяғына дейін бүкіл Индонезияның негізгі халықтарын түгел дерлік қамтыды. Мұнымен бірге Амбонда және солтүстік Сулавесиде христиан діні орнықты. 19 ғасырдың аяғында негізінен Явада қалыптасқан білімді интеллигенция европалық ағартушылардың, социалист-утопистердің, ұлт-азаттық қозғалысы қайраткерлерінің идеяларын мақұлдады. «Сарекат ислам» атты саяси ұйыммен (1912 жылы құрылған) байланысты «Мұхаммадия» тобы құрылып, діни-философиялық, ағарту жұмыстарын жүргізді.

30-40 жылдарда идеялық күрес дами келе, осы заманғы Индонезияның қоғамдық пікірінде бірнеше бағыт қалыптасты. Деревняның бай топтары мен буржуазияның бір бөлегі ислам дінінің жаңа заманға бейімделген принциптерін ұстаса, енді біреулер индонезиялық исламның бұрынғы кертартпа бағытына адалдығын сақтады. Ұлттық ұсақ және орташа буржуазияның прогресшіл бөлегі мархаэнизм («мархаэн» - қарапайым адам) деп аталатын жаңа идеяларды жақтады; мұны бастаушы А. Сукарно болды. Индонезия компартиясы 20 жылдардан бастап таратып келе жатқан марксизм-ленинизм идеялары ұлт-азаттық қозғалысы идеологиясына қатты ықпал жасады. К. Маркс, Ф. Энгельс, В.И.Ленин еңбектері әлденеше рет басылып шықты; бұлар ИКП-нің үгіт-насихат жұмысына арқау болды. Индонезия тарихы және елдің осы заманғы әлеуметтік-экономикалық құрылымы жөнінде бірқатар марксистік зерттеулер шықты.

Тарих ғылымы. Индонезияның орта ғасырлық тарихнамасына тән хроникалар әдеби шығармаға баланады; мұнда шындық пен қиял, нақты іс пен ойдан шығарылған оқиғалар алма-кезек келіп отырады. 19 ғасырдың ірі тарихшысы болып саналатын Дипонегоро Сулавеси аралында айдауда жүріп жазған «Бабад Дипанагара» атты еңбегінде Ява көтерілісі (1825-1830) туралы естеліктерімен қатар, Джокьякарта сұлтандығының тарихын баяндайды. Малайя тіліндегі тарихнама едәуір дамыды, Ява тарихнамасына қарағанда, оған Үндістан, Иран және Арабия мұсылмандарының тарихи ой-пікірі көбірек ықпал жасады. Индонезияда жергілікті тарихнама дәстүрлері 19 ғасырдың аяғына дейін сақталғанымен, елді голландиялықтар жаулан алуына байланысты тарихи зерттеулер құлдырап кетті.

20 жылдары Индонезия коммунистерінің (Семаун, С.         Дингли т.б.) бірсыпыра кітапшалары мен мақалалары эмиграцияда шықты. 30 жылдары отарлықтан бұрынғы заманды дәріптеу бағыты айқындалды (Сукарно). Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін (1945) бұл бағыт ресми түрде жарияланған «Панча сила» (Бейбіт қатар өмір сурудің бес принципі) идеологиясымен тығыз байланыста дамыды. Отаршыларға қарсы күрес ерлерін мадақтауға көп көңіл бөлінді (Ямин, Хасил т. б.). Бірқатар еңбек 1945 жылғы революция мен одан кейінгі кезеңге арналды. Оңиғаларды баяндағанда бұлар Индонезияның әр түрлі жіктерімен партиялары өкілдерінің мүдделері мен көзқарастарын бейнелейді. Ямин, Руслан Абдулгани еңбектеріне Сукарно мен сукарнизмді әсірелеу тән. 1965 жылдан кейін шыкқан елеулі еңбектер (Сламет Мульоно, Сукмоно) елдің ежелгі және орта ғасырлық тарихын баяндайды. Осы заманға арналған зерттеулер жалаң насихаттың бағытта жазылған. Олардың авторлары (Нугрохо Нотосусанто т. б.) ИКП-нің беделін түсіруге, демократияшыл күштерді талқандап, әскери диктатура орнатуды ақтауға тырысады.

Баспасөз радиохабары, телевизиясы. 1971 жылы Индонезияда 159 газет шықты. Индонезия тіліндегі ірі газеттері: «Мердека» (1945), «Аигкатан берсенджата» (1965) - қарулы күштер органы, «Берита буана» (1965) - құрлық әскері органы, «Сулух насионал» (1966) - ұлттық партиясының органы, «Компас» (1965) - католиктік партиясының органы, «Синар харапан» - Индонезия христиан партиясының органы, «Абади» (1968) - мұсылмандар партиясының органы, «Дута машаракат» (1954) - Нахдатул улама (Мұсылман ғұламалары одағы) органы, «Хариан Ками» (1966) - Индонезия студенттерінің органы, «Индонесия райя» (1950), «Суара карья» (1971) - Функционалды топтардың біріккен секретариатының органы. Ағылшын тілінде «Джакарта таймс» (1967), «Индонезиан обзервер» (1956), «Армд форсис курьер», «Ныо стандард»; қытай тілінде «Хариан Индонесия» газеттері шығады.

Индонезияда тұңғыш радиохабар ұйымын 1934 жылы голландықтар құрды. Индонезия республикасы радио ұйымы 1945 жылдан, телевизия ұйымы 1962 жылдан жұмыс істейді. Шетел халықтары үшін «Индонезия үні» радиохабары араб, қытай, ағылшын, фраяцуз, хинди, урду т. б. тілдерде хабар береді.

Әдебиеті. Индонезия әдебиетінің алғашқы үлгілері 7-8 ғасырларда ежелгі малайя, яван тілдерінде тасқа жазылған жазулардан басталады. Ол кездегі ең тәуір дамығаны яван әдебиеті болды. Бұл әдебиеттің ертедегі көрнекті нұсқалары ретінде «Рамаяна» (9 ғ.), «Арджунның ұйлену тойы» (11 ғ.) поэмаларын т.б. шығармаларды атауға болады. 14-17 ғасырларда яван жазушылары халық тарихының көкейтесті мәселелерін қозғайтын тақырыптарда шығармалар («Танту Пангеларан», «Параратон» прозалық шығармаларын, «Нагаракертагама», «Деваручи» поэмаларын) жазды. 16-17 ғасырларда малайя. 17-18 ғасырларда аче тілдеріндегі әдебиеттер де өркендеп, көптеген эпостық шығармалар («Малем Даганг», «Пучут Мұхаммед» поэмалары т. б.) пайда болды. 19 ғасырда баспасөз дамып, жаңа әдебиеттің өркендеуіне қолайлы жағдай туды. Индонезия тілінде жазатын пролетарлық жазушылары Марко Картодикромо (1878-1928), Семаун (1971 жылы ө.) роман жанрына алғаш қалам тартты. Абдул Муистіц (1886-1959) романдарында, Рустем Эффенлизің (1902 ж.т.), Әмір Хамзактың 1911-1946) поэзиялық шығармаларында коғамдық өмірдің түрлі көріністері бейнеленді.

30 жылдары Индонезия әдебиетінде реалист тенденция күшейді. «Кісен» романымен Армайн Пане (1908-1970), әңгіме, өлеңдерімен X. Б. Яссин (1917 ж.т., X.Бандахаро (1917 ж.т.). 1945 жылы елдің тәуелсіздікке байланысты, Индонезия әдебиеті жаңа іздеу кезеңіне көшті. 1945 жыл әдеби ағымның ықпалымен Хайрдеп Әнуардың (1922-1949) поэзиялық шығармалары, Идрустың (1921 ж.т.) әңгімелері, Ахдиат Картамихард (1911 ж. т.) романдары, У.Т.Сонтанидің (1920 ж. т.) пьесалары жарык көрді. 50 жылдардан бастап жазушылар «Халық мәдениеті қоғамымен» (Лекра) жақындады. прогрестік бағыт ұстанды. Бірақ 1965 жылғы оқиға бұл қоғамды көптеген әдебиетшілерді қуынға ұшыратты, нәтижеде олардың басқа елге кетуге мәжбүр болды.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Архитектурасы мен бейнелеу өнерінің пайда болуы алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріне саяды (менгирлер, дольмендер, тас мүсіндер). Индонезия шеберлері б. з. б. 1 мың жылдықтың орта шенінде Азия құрылығынан келген бұйымдардың үлгісімен қола құю мәдениетін өркендетті (барабан, балта т. б.). 7-11 ғасырларда Севу, Лоро Джоягранг, Боробудур сияқты күрделі құрылысымен көз тартқан, қабырғаларында халық өмірі көріністерін бейнелейтін рельефтері бар ғибадатханалар («чанди») салынды. 13-15 ғасырларда Ява мен Бали аралдарында қашап түсірген нақыштарға бай, фантастикалық суреттермен әшекейленген ғибадатханалар бой көтерді. Индонезия аралдарында қол өнері кең дамыған. Алтын мен күмістен өрімдеп, әсем оюлы бұйымдар жасау, қола балқыту - Ява тұрғындарының машықтанған ісі. Тоқыма тоқу дәстүрі Сулавеси, Суматра аралдарында сақталған. Индонезия жерінде голландықтардың үстемдік жүргізуіне байланысты ұлттық өнер тоқырап, калалар европалық үлгімен салына бастады. Бірақ, мешіттер мен сарай («кратондар») құрылыстарында Азия архитектурасының ықпалы басым болды. 20 ғасырда Джакартада, Бандунгте галереялы, кунқағар торлары бар темір-бетонды ірі ғимараттар салынды. 19 ғасырдың орта шенінде ұлттық патриотизм тақырыбын көтерген Индонезия кескіндеу өнері пайда болды (Раден Салех, С.С.Абуллах). Азаттық үшін күрес прогресшіл, реалистік ұлттық өнердің өркен жаюына арқау болды (С.Суджойоно, А.Джайя, К.Аффанди т.б.). 1945 жылы бостандық алған Индонезияда қала салу ісі бір жүйеге түсті (Суматрадағы Сумберджая қаласы, Джакартадағы қанаттас қала - Кебайоран), совет мамандарының көмегімен қоғамдық ғимараттар, оқу орындары, өнбркәсіп мекемелері, ірі комплекстер (Джакартадағы стадион мен госпиталь т. б.) салынды. 1965 жылғы төңкеріске байланысты мәдени ошақтардың көпшілігі талқандалып, бірқатар суретшілер қаза болды, бірқатары тұтқындалды. Көркемөнер мен мәдени білім беру саласында модернистік ағымның ықпалы басым.

Музыкасы. Индонезия музыкасы осы жерді мекендеген ежелгі халықтар мәдениетінің дәстүрлі жалғасы ретінде қалыптасты. Әсіресе 1-2 мың жылдықта Ява аралында жоғары дәрежеде дамыған халық музыкасы Оңтүстік Суматра мен Калиманганада, Бали мен Мадуруда, Батыс Ломбокта музыка өнерінің өркен жаюына себепкер болды. Ұлттық музыкасы негізінен ауыл тұрғындарының ауызекі айтатын дәстурлі ән түрінде сакталған. Индонезия музыкасына тән ерекшелік - кең дамыған гетерофония мен көп дауыстылык. Бастапқы орта ғасырлық дәуірден бері келе жатқан гамелан ұлт аспаптар оркестрі классикалық музыка өнерінің шыңы болып саналады. 16 ғасырда Европа музыкасымен үндес ән турі крончонг туды. Католик миссионерлері таратқан европалық үрлемелі музыканың Индонезия профессионалдық музыка өнеріне тигізген әсері зор болды. 20 ғасырдың 30-40 жылдарында туған кейбір музыка шығармалар мазмұны жағынан ақсүйектер мүддесін жақтап келгенімен, стильдік қалыптасуында григориандық хоралдарға (дінн хор) ұқсас келеді. 1945 жылы бостандық алған Индонезия жерінде ұлттық мәдениетті өркендетудің жаңа мүмкіндіктері туды. Сүджасмина, А. Пасарибу, Сусбини т. б. композиторлар шықты. Джокьякарта мен Джакартада камералық оркестрлер ұйымдастырылды. 1952 жылы Джокьякартада мемлекеттік музыка мектебі, 1960 жылы Суракартада консерватория ашылды.

1965 жылдан бастан музыка өнері біршама тоқырады, прогресшіл музыка ұйымдар таратылып, кейбір музыка қайраткерлері (А.Пасарибу) тұтқынға алынды, кейбіреүлері отанын тастан кетуге мәжбұр болды. 1968 жылы Джакартада симфониялық оркестр (жетекшісі Адидхарма) ұйымдастырылды.

Театры. Индонезия театр өнерінің қайнар көзі халық мейрамдары мен діни әдет-ғұрыптарға саяды. Дәстүрлі театр түрлері - топенг-даланг (топенг - маска, даланг - әңгімеші) пен ваянг-оранг. Бұлардың драматургиялық негізі ежелгі үнді эпосы «Рамаяна» мен «Махабхарата», сондай-ақ индонезиялық аңыз-шежірелерден алынған. Спектакль негізінен гамелан оркестрінің сүйемелдеуімен койылады. Қуыршақ және көлеңке театры кең өріс алған. 19-20 ғасырлар аралығында дәстүрлі театр мен қазіргі лудрук және кетопрак театры қалыптаса бастады.

50 жылдары «Мархаэн» мен «Триснокантен» труппасы ерекше көзге түсті, қазіргі европалық театрға ұқсас труппалар пайда болды. Олардың репертуарынан Утуй Татанг Сонтани, Әбу Ханифах, Әли Мұхамед, Сануси Панэ сынды ұлттық драматургтармен қатар Г. Ибсен, А. П. Чехов, Н. В. Гогольдің пьесалары да орын алды. Джакартада «Отель Индонезия», «Кечия» театр үйі бар. Ұлттық театр академиясы және «Лембага драма И.» (ұлттык драма бөлімі) жұмыс істейді.

1965 жылдан кейін прогресшіл театр кайраткерлері қуғынға ұшырап, кейбір труппалар тарап кетті.

Киносы. Алғашқы фильмді голланд режиссерлері 20 жылдардың ортасында түсірді. 30 жылдардың басында индонезия тілінде дыбысты фильмдер шыға бастады. Актерлер Мұхтар және Рукияхтың қатысуымен 1935 жылы «Парех» (реж. М. Франкеа), 1937 жылы «Ашық ай» (реж. А. Балинк) фильмі жарық көрді. Жапон басқыншылығы кезінде кинематография жапон насихатына қызмет етті. Тәуелсіздік үшін курес жылдары хроникалық кинокартиналар шығару жандана түсті. 1950 жылы Джакартада тұңғыш мемлекеттік «ПФН» мен жеке меншікті «Перфини» кинофирмалары құрылып, керкем фильмдер шығарудың саны артты.

1952-1961 жылдар прогресшіл әлеуметтік мәселені қозғайтын «Мүгедек» (реж. Котот Сукарди, совет прокатында «Гиман» деп аталды), «Туранг» (1954, реж. Бахтиар Сиагин), «Курескер» (1961, реж Усмар Исмаил) фильмдері қойылды. 60 жылдардың аяғында ұлттық кино өндірісі кайта қанат жайды. 1969-1971 жылдар қойылған фильмдері: «Жеті рыцарь» (1969, реж. Вим Умбох), «Не іздеп журсің, Палупа?» (1971, реж. Асрул Сани), «Самиун мен Дасима» (1971, реж. Нави Исмаил). Киноактерлері: Читра Деви, Рима Мелати, Фарида Аррияни, Сукарно М. Нур, Мила Кармила. Жылына 25-тен астам көркем фильм (1971) жасалады.

Әдеб.: Забродская М. П., Шарец Д. С. Природа Индонезии. М., 1961; Архипов В. Я. Экономика и экономическая политика Индонезии (1945-1968). -М., 1971; Губер А.А. Индонезия. Социально-экономические очерки. -М.-Л., 1932; Беленький А.Б. Национальное пробуждение Индонезии. –М., 1965; Заказникова Е.П. Рабочий класс и национально-освободительное движение в Индонезии. –М., 1971; Проблемы современной Индонезии. –М., 1968; Алешин Ю. Советско-индонезийские отношения в 1945-1962 гг. –М., 1963; Сикорский В. Индонезийская литература. Краткий очерк. –М., 1965; Демин Л.М. Искусство Индонезии. –М., 1965; Прокофьев О. Искусство Юго-Восточной Азии. –М., 1967.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-04-17 09:59:59     Қаралды-1640

АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ

...

Араб жылқысы - байырғы жылқы тұқымдарының бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

тарих ғылымының бір саласы, алғашқы қауымнан, көне заманнан, орта ғасырдан қалған заттай есқерткіштерді зерттеу арқылы адам қоғамының өткендегі тарихын анықтайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

...

Қазақтың ұлттық ойыны

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

...

Жер шарындағы ең кіші мұхит

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

...

Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ҚҰСТАР

...

Құстар - жердің ең жылдам тіршілік иелері, өйткені жануарлар әлемінің құрлық немесе суда жүзетін құстарының бірде-бір өкілі олармен жылдамдығымен салыстыра алмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН-САРА ОПЕРАСЫ

...

Опера тұңғыш рет 1946 жылы 7 қазанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қойылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »