UF

КАНАДА (Саnаdа) - Солтүстік Америкадағы мемлекет. Британь Ынтымағының құрамына кіреді. Солтүстік Американың солтүстік бөлігін және Ванкувер, Королева Шарлотта, Ньюфаундленд, Кейп-Бретон, Антикости, Принс-Эдуард аралдарын, Канаданың Арктикалық архипелагін алып жатыр. Оңтүстігінде және солтүстік-батысында АҚШ-пен шектеседі. Солтүстігі - Солтүстік Мұзды мұхит, батысы - Тынық мұхит, шығысы - Атлант мұхиты. Жері 9976,1 мың км2. Халқы 21,8 млн. (1971). Астанасы - Оттава қаласы. Әкімшілік жағынан 10 провинцияға (олар графтықтарға, округтарға ажыратылады) және 2 территорияға бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Канада - парламентті монархия, Англия королы (королевасы) формальды мемлекеттік басшысы болып саналады. Канада - Ұлыбританияның алғашқы доминиондарының бірі (1867 жылдан). Конституциясы көптеген заңдар мен әдет-ғұрыптардан құралады. Негізгі конституциялық заңы (Британиялық Солтүстік Америка туралы акт) 1867 жылы Англия парламентінде қабылданған. Азаматтық право және бостандық 1960 жылы заңмен реттелді. Мемлекеттік құрылысы бойынша Канада -  федерация. Мемлекеттік басшысы міндетін Канада премьер-министрінің ұсынысы бойынша Англия королы 5 жылға тағайындайтын генерал-губернатор атқарады. Формальды мемлекеттік басшысы болып саналғанмен, елдің саяси өмірінде генерал-губернатордың ролі мәз емес. Жоғары заң шығарушы органы - екі палатадан құралатын парламент. Қауымдар палатасын халық 5 жылға сайлайды. Сенат мүшелерін премьер-министрдің ұсынысы бойынша генерал-губернатор тағайындайды. Олар 75 жасқа жеткенге дейін сенат мүшесі болып қала береді. 21 жасқа толған барлық азаматтар сайлауға праволы. Канада үкіметі - кабинет. Ол премьер-министр және жетекші министрліктер басшыларынан - министрлерден құралады. Премьер-министрге өте кең өкілдіктер берілген. Ол - Қарулы Күштердің жоғарғы бас қолбасшысы. Жоғары сот органы - Жоғарғы сот. Провинцияларда да жоғары және жергілікті сот органдары құрылған.

Табиғаты. Канада арктикалық, субарктикалық және қоңыржай белдеулерде орналасқан. Оның батыс жағына (таулы бөлігі) жылы Тынық мұхит, шығысына (жазық) суық Арктика әсер етеді. Жазық және үстіртті келетін Канаданың орталық бөлігі мен Канадалық Арктика архипелагын Гудзон ойпаты, Лаврентий қыраты (биіктігі 1000 м), Орталық және Ұлы жазықтар алып жатыр. Елдің батыс шеті - Кордильер таулы жүйесі (ең биік жері - Логан тауы, 6050 м), оңтүстік-шығыс шеті - Аппалач тауының қыраттары. Геологиялық құрылымы жөнінен Канада территориясы Солтүстік Америка платформасының құрамындағы Канада қалқанына жатады. Жері докембрийлік, архейлік, протерозойлық және мезозойлық жыныстардан түзілген. Пайдалы қазындылары - уран, темір рудасы, никель, мыс, мырыш, қорғасын, алтын, көмір, мұнай және табиғи газ.

Климаты арктикалық, субарктикалық; оңтүстігінде қоңыржай, континенттік. Қаңтардың орта температурасы -35°С, -30°С (солтүстігінде) және -18°С (оңтүстігінде), шілденікі 4-7°С (солтүстігінде), 21°С (оңтүстігінде). Жауын-шашынның жылдық мөлшері 150 мм (солтүстігінде) - 2500 мм (батыс жағында). Канаданың Арктикалық архипелагының солтүстік-шығыс шетін және Кордильер тауын мұз басып жатады. Өзен торы жиі келеді; олар Атлант, Солтүстік Мұзды және Тынық мұхиттар алаптарына бөлінеді. Аса ірі өзендері - Фрейзер, Юкон, Колумбия, Макензи, Саскачеван. Барлық өзендерінің жылдың ағынының мөлшері 1207 км2, гидроэнергия қоры 60 млн. квт, оның 25 млн-ы пайдаланылуда. 200-ден астам ірі көлдері бар. Жерінің ауыл шаруашылығына пайдаланатын бөлігі шалғынды-қара, қара және қоңыр топырақты келеді; қалған аймақтары батпақты тайгалық топырақты. Солтүстігі өсімдік жамылғысына өте кедей, көбіне қына, мүк қана өседі. Орталық бөлігіне таман тундра, тайга өсімдіктері, оңтүстігінде шырша, қарағай, майқарағай, көктерек, қылқан жапырақты ағаштар аралас орман өседі. Орманның жалпы ауданы 440 млн. га, 240 млн-ының өндірістік маңызы бар. Жануарлар дүниесінің сипаты жөнінен Канада Неоарктикалық зоогеографиялық облыс құрамына жатады. Солтүстік бұғысы, мускус бұқасы, ақ аю, сусар, поляр түлкісі, бизон, қызыл тиін, сілеусін, таутеке кездеседі. Өзен, көлдері және теңіздердің жағаға жақын бөліктері балыққа бай. Банф, Вуд-Баффало, Глейшер, Жаспер, Йохо, Кейп-Бретон-Хайлендс, Кутеней, Принс-Алберт, Райдинг-Маунтин т. б. табиғат қорғайтын ұлттық парктер бар. Табиғат жағдайына байланысты Канада жері 10 табиғи ауданға бөлінеді; олар - Арктикалық аудан, Лаврентий қыратының оңтүстігі, Лаврентий қыратының солтүстігі, Макензи алабы, Атлант мұхиты маңы, Көл маңы, ұлы жазықтардың оңтүстігі, Солтүстік Кордильер, Оңтүстік Кордильер, Тынық мұхит маңы.

Халқы. Канада тұрғындарының 2/3-сі ағылшын-канадалықтар (9 млн.) мен француз-канадалықтар (6 млн.). Ағылшын-канадалықтарға - арғы тегі ағылшындарға, ирландиялықтарға, шотландиялықтарға, валийлерге, немістерге, голландиялықтарға байланысты канадалықтар жатады. Немістер (1050 мың), украиндар (473 мың), итальяндар (450 мың), орыстар (119 мың) т.б. тұрады. 240 мыңдай үндістер (алгонкиндер, крилер, ирокездер, атапаскалар, селиштер т. б.), 17 мыңдай эскимостар бар. Ресми тілі - ағылшын және француз тілдері. 1963-1970 жылдар арасында халық жыл сайын 1,7%-ке өсті. Еңбек етуші халық 7919 мың; оның 23,3%-і өңдеу өнеркәсібінің, 7,2%-і ауыл шаруашылығының, 2,9%-і тау-кен өндірісінің, балық аулаудың, орман және аң аулаудың, 6,2%-і құрылыстың, 8,9%-і транспорттың, байланыс орындарының, электроэнергетиканың 16,7%-і сауданың, 4,3%-і финанс және кауіпсіздендіру орындарының, 30,5%-і халыққа қызмет ету және мемлекеттік мекемелердің үлесіне тиеді. Қала халқы 76%. Ірі қалалары (тұрғындар саны 1971 жылғы, мың есебімен): Монреаль, Торонто, Ванкувер, Виннипег, Гамильтон.

Тарихы. Ең ежелгі замандарда Канада халқы европалықтар келгенге дейін ру-тайпалық қатынастарын сақтаған эскимостар мен үндіс тайпаларынан құралды. Тек Тынық мұхит жағалауындағы үндістерге ғана таптық қоғамның нышаны көрініс берді. Халқы негізінен аң, балық аулап, жеміс-жидек терді. Ирокез тайпалары Қасиетті Лаврентия аймағы алқабының ойпатында егіншілікпен айналысты. 1605 жылы француздар Акадияда (қазір Жаңа Шотландия) Пор-Руаяль қонысының, ал 1608 жылы француз отары - Жаңа Францияның орталығына айналған Квебектің негізін қалады. 1663 жылы корольдық әкімшілік орнағанға дейін отарда тері-терсек саудасы компанияларын иемденіп, үндістерді талан-таражға ұшыратқан сауда-саттық компаниялары бірінен соң бірі қожалық етті. Канада территориясын қоныстандыру, үндіс тайпаларын бірте-бірте қырғынға ұшырата отыра, баяу жүрді. 1663 жылы француздық Канадада (Жаңа Франция) не бары 2,5 мың адам қоныстанған еді. Француз үстемдігі кезінде Канадада шаруалардың өрісін тарылтып, жерге дегенде сеньорлың жеке меншік орнатқан феодалдық құрылыс қалыптасты. 17 ғасырдың 2-жартысына таман капиталистік қатынастардың нышандары байқалып, француз-канада ұлты қалыптаса бастады. Канаданы отарлау Франция мен Англияның Солтүстік Америкада үстемдік ету жолындағы қырқысқан күрес жағдайында өтті. 17 ғасырдың 20 жылдарында Канада территориясында алғашқы ағылшын отары - Жаңа Шотландия пайда болды; ал бұдан бұрын (1583) Ньюфаундленд аралы ағылшын иелігі болып жарияланғанды. 1670 жылы Канаданың солтүстік жағалауында әрекет еткен британның Гудзон шығанағы компаниясы құрылды. Ең алғашқы ағылшын-француз әскери қақтығысы Канадада 17 ғасырдың 80 жылдарының аяғы - 90 жылдарының басында болды. Испан мұрагерлігі үшін соғыстан кейін Франция 1713 жылы ағылшындарға Гудзон шығанағын, Ньюфаундлендтің өзіне қарасты бөлігін (17 ғасырда басып алған) және Акадияны берді. 1758 жылы Канаданың Тынық мұхит жағалауы ағылшын иелігі болып жарияланды (1858 жылы Британ Колумбиясы деген атпен отарға айналды). Жеті жылдың соғыстың (1756-1763) нәтижесінде Ұлыбритания бүкіл Жаңа Францияны иемденіп, оның халқы бұл кезде 63 мың адамға жетті; 1791 жылы конституциялық акт бойынша Ұлыбритания Солтүстік Америкадағы өзінің отарлық шекаралары мен жағдайын біржолата тиянақтады. Квебек 2 провинцияға - Төменгі Канада (халқының дені француз тілінде сөйлеушілер) және Жоғарғы Канада (дені ағылшын тілінде сөйлейтіндер) болып бөлінді. Отардың үстемдік етуші топтары жер иеленуші ақсүйектер, ағылшын тегінен шыққан ірі сауда буржуазиясы, жоғары дін басылары және чиновниктер болды. 19 ғасырдың 20-30 жылдарында капиталистік қатынастар айтарлықтай дами бастады. Бұған, әсіресе Канадаға метрополиядан және АҚШ-тан келген эмигранттар себепкер болды (1836 жылы Британ Солтүстік Америкасындағы ақ нәсілділердің саны 1 млн. адамға жуықтады). Америка-Канада шекарасындағы қарулы күрес 2 жылға жуық созылды. Ұлыбритания Канададағы бақылауын зордың күшімен ұстап қалды. 1841 жылы Жоғарғы және Төменгі Канада бір провинцияға бірікті. 19 ғасырдың орта шенінде Канадада капитализм жедел қарқынмен дамыды. Канадада өнеркәсіп төңкеріс басталып, құрлықта темір жол құрылысы салынды, кеме жасау дамыды, батыс облыстар қоныстандырылды. Өнеркәсіп жедел дамыған жағдайда пролетариат қалыптасып, жұмысшы қозғалысы туды (Квебекте баспахана қызметшілерінің алғашқы кәсіп одағы 1827 жылы құрылғанды). 50 жылдарда Солтүстік Америкадағы барлық британ отарларын біріктіру жолындағы қозғалыс күшейіп, соның барысында Канаданың негізгі консервативтік және либералдық партиялары пайда болды. 1867 жылы ағылшын парламенті Британдық Солтүстік Америка жөнінде акт қабылдап, соган сәйкес «Канада доминионы» деп аталған федерация құрылды. Ол федерацияға Канададан басқа, Жаңа Шотландия және Нью-Брансуик кірді. 1870 жылы ағылшын үкіметінің келісімімен Гудзон шығанағы компаниясы Канада доминионына Ұлы көлдерден Шатқалды тауларға дейін көсіліп жатқан солтүстік-батыс территорияны берді де, онда сол жылы Манитоба провинциясы құрылды, 1871 жылы Канадаға Британ Колумбиясы, ал 1873 жылы Принс-Эдуард аралы кірді. Канадалық Батысты отарлау үндістерді мекен-жайларынан айырып, ығыстыру арқылы жұргізілді. Жергілікті халықтың мүддесін жоққа шығару 1869-1870 және 1885 жылдардағы көтерілістердің шығуына себепші болды. 70-80 жылдар жұмысшы қозғалысының өрістеуімен ерекшеленді. 1873 жылы жалпы ұлттық Канада жұмысшы одағы құрылып, 4 жыл өмір сүрді. 1886 жылы Канада кәсіподақтарының конгресі пайда болды.

19 ғасырдың аяғы - 20 ғасырдың басында Канаданың экономикалық даму қарқыны жеделдеді. 1900-1918 жылдар ішінде халықтың саны 64%-ке көбейді, сонымен бірге, 3 далалық провинцияларда 4 есеге артты. 1900-1911 жылдар Канада жоғары товарлы бидай өндірудің экспорттық аймағына айналды. Канада империализм дәуіріне капитал мен өнеркәсіп өнідірісі жедел шоғырланған кезеңде аяқ басты. Бұл жылдары өнеркәсіп орындарының саны 1,3 есе, олардың капиталы 5,2 есе ұлғайды. Лорьенің үкіметі және оны ауыстырған консерватор Р. Борденнің (1911-1917) үкіметі еңбекшілердің өз праволарын қорғаған күресін басып-жаныштады (1900-1915 жыл 1,5 мың стачка болып өтті). 1904 жылы Канаданың социалистік партиясы қалыптасты. Алайда социалистер марксизмді терең меңгере алмады, олардың қатарында сектанттық рух басым болды. 1911 жылы бұл партиядан бөлініп шыққан топтар Канада с.-д. партиясын құрды. 20 ғасырдың басынан монополияның зорлық-зомбылығына қарсы бағытталған фермерлік қозғалыс саяси өмірдегі аса маңызды факторға айналды.

1-дүние жүзілік соғысқа Канада Ұлыбританияны жақтап қатысты, бұл канадалық монополиялық капитализмнің сдан әрі дамуына (АҚШ-тың Канададағы экономикалық позициясын күшейткен) қолайлы жағдай жасады, сөйте тұра, оның қайшылықтарын, ел ішіндегі әлеуметтік және ұлттық антагонизмін шиеленістірді.

Капитализмнің жалпы дағдарысының басталуы жұмысшы және фермерлік қозғалыстың өрістеуімен көзге тұсті. Еңбекшілер Россиядағы Үлы социалистік революциясының жеңісін қызу құттықтады. Борденнің коалициялық үкіметінің (1917-1920) Канада әскерлерін Совет Россияға қарсы интервенциялауға қатысу үшін жіберу және әскери міндетті өтеуді енгізу жөніндегі (1918) шешімі толып жатқан қарсылық туғызды. Ереуіл күресі күрт өрістеді.

1911-194 жылдар - 244; 1919 жылдар - 336 ереуіл шықты: ең ірісі Виннипеч ереуілі (1919) болды. 1921 жылы Канада коммунистік партиясы құрылды. Париж бітім конференциясында (1919-1920) Канада бітім шарттарына өз бетімен қол қойды; басқа британ доминиондарымен бірге ол да Ұлттар Лигасындағы өкілдікке право алды.

Халық шаруашылығының сыртқы саудадан тәуелділігі және шикізат экспортындағы басымдық Канада үшін 1929-1933 жылғы дағдарысты өте-өте шиеленістірді. Бұл жылдардың ішінде өнеркәсіп өндірісінің дәрежееі 2 еседен аса төмендеді. 1933 жылдың басында жұмыссыздардың және олардың семья мүшелерінің саны 1,3 млн. адамнан асты (бүкіл халықтың 12%). Ауыл шаруашылық товарлары бағасының күрт құлдырауы 240 мың ферманың жүтауына әкеліп соқтырды.

Беннетта үкіметі демонстрацияларды қуу және ереуілдерді басу үшін талай рет қарулы күштерді қолданды. 1931 жылы компартия заңнан тыс деп жарияланды (астыртын жағдайда 1936 жылға дейін әрекет етті); оның басшылары Т. Бак шәне басқалары түрмеге қамалды (1934 жылы босатылды). Либералдық партия 1935 жылы үкімет басына қайта келіп, 1957 жылға дейін биледі. Билеуші топтар фашист басқыншыларын жақтау саясатын толық қолдады.

1939 жылы 10 қыркүйекте Канада Ұлыбританияны жақтап 2-дуние жүзілік соғысқа (1939-1945) кірді. Канада антифашистік коалиция елдерін, бірінші кезекте Ұлыбританияны шикізатпен, азық-түлікпен, қару-жарақпен жабдықтады. Елде қуатты әскери өнеркәсіп өсіп, жаңа салалар - станок жасау, синтетикалық каучук өндірісі т. б. өріс алды. 1939-1945 жылдар өнеркәсіп өндірісі 2 есе ұлғайды. Канада буржуазиясы әскери заказдардан баюға үлкен мүмкіншілік алды. Еңбекшілерді қанау күшейді. Ереуіл қозғалыстары шиеленісті. Кәсіподақтардың саны екі есеге жуық өсті (1939 жылы 359 мың мүше; 1945 жылы 711 мың мүше). 1940 жылдың маусымда Компартияға қайтадан тыйым салынып, жүздеген коммунистер т.б. прогресшіл қайраткерлер қамауға алынды. 1943 жылы тамызда коммунистер Жұмысшы прогресшіл партиясы деген атпен жария партия құрды (1959 жылдан Канада Коммунистік партиясы). 1942 жылғы 12 маусымға Канада мен СССР арасында дипломатиялық қатынас орнады. 1944 жылы 11 ақпанда әскери көмек жөнінде канада-совет келісімі жасалды. 1949 жылы Ньюфаундленд солтүстік-американ құрылығындағы ең соңғы британ иелігі Канада құрамына кірді. Сонымен қатар, Канада саясатына АҚШ билеуші топтарының ықпалы күшейді. Канада Маршалл жоспары дейтінді жүзеге асыруға жәрдемдесті. АҚШ монополиялары Канада экономикасының өзекті салаларын басып алып, кескілескен күресте өзінің агылшын бәсекелестерін ығыстырумен болды. 1969 жылдың аяғына салым Канаданың өнеркәсіп компанияларының жартысына жуығы американ капиталының бақылауында немесе тікелей соның қарамағында болды. Канаданың сыртқы саудасы да АҚШ-қа тәуелді жағдайда болып шықты.

Соғыстан соңғы кезең жұмысшы қозғалысының одан әрі өсуімен ерекшеленеді. 1956 жылы аса ірі екі кәсіподақ орталығы бір тұтас Канада жұмысшы конгресіне бірікті. 1971 жылы ереуілдердің нәтижесінде 4 млн-нан астам жұмысшы адам күні жоғалды. Канада кәсіподақ қозғалысының АҚШ кәсіподақ жетекшілеріне тәуелділігін жою пиғылы күшейді.

Квебектегі монополияның езгісіне карсы ереуіл күресі француз-канада халқының экономикалық және ұлттық теңсіздікке қарсы күресімен ұштасты (1960 жылы француз-канадалықтардың еңбек ақысы ағылшын-канадалықтардың еңбек ақысынан 40% кем болды). Бұған қоса Квебек провинциясын федерациядан шығуға үндеген буржуазия сепаратистердің қозғалысы жандана түсті.

1947 жылы ақпанда әскери ынтымақты соғыстан кейінгі жылдарға ұзарту жөнінде американ канада келісімі жарияланды. Канада агрессияшыл НАТО блогын құрудың (1949) инициаторларының бірі болды. 1958 жылы Солтүстік Америка әуе қорғанысының Біріккен командованиесі (НОРАД) құрылды. Канада территориясында АҚШ-тың әскери базалары орналастырылды. Либералдар кабинеттерінің саясаты (либералдар 1963 жылы үкімет басына қайтадан келді) 1960 жылдардың орта шенінен бастап ішкі және сыртқы саясат мәселелеріне ұлттық мүдделер тұрғысынан қарауға бағытталған. П. Э. Трюдо үкіметі (1968 жылдан премьер-министр) «саясатта өзіндік бағытты сақтауға» және Канада тәуелсіздігін қамтамасыз етуге жету, атап айтқанда, Канаданың суверенитетіне, тәуелсіздігіне және мәдениетінің өзіндік ерекшелігіне өне бойы қатер төндіруші АҚШ-пен арадағы қатынастардың одан әрі дамуын бақылауға алу ниетінде екендігін мәлімдеді. НАТО-ны сақтауды қолдай отыра, канадалық үкімет блоктағы әскери қатысын қысқартты. Үкімет Латын Америкасы, Азия және Европа елдерімен, сонымен бірге, социалистік елдермен қарым-қатынасты дамытқысы келетіндігін жариялады. 1971 жылы Трюдо ресми сапармен СССР-де болып қайтты; 1971 жылдың қазанында А.Н.Косыгин Канадаға жауап сапармен барып, онда ауыс-түйіс жөнінде жалпы келісім жасалды.

Канада халқының бейбітшілік және қоғамдық прогресс жолындағы куресінде демократиялық күштердің бірлігі барған сайын маңызды орын алып келеді.

Саяси партиялары, кәсіподақтары және басқа қоғамдық ұйымдары. Либералдық партия, 19 ғасырдың орта шенінде пайда болды, ұйымдасқан түрде 1873 жылы қалыптасты. Ірі монополиялық буржуазияның мүддесін қорғайды. Прогресшіл консервативтік партия (Консервативтік партия), 1854 жылы кұрылды. Ірі монополистік буржуазия мен ауқатты фермерлердің мүддесін қорғайды. Жаңа демократиялық партия, Кооперативтік ынтымақ с.-д. федерациясы мен Канада жұмысшы конгресіне кіретін кәсіподақтар бөлігінің негізінде 1961 жылы құрылды. Әлеуметтік кредит партиясы, 1935 жылы құрылды. Партияның басшылары АҚШ-тың мұнай компанияларымен және олардың канадалық серіктерімен байланысты, мейлінше антисоветтік және антикоммунистік бағытты қолдайды. Канада Коммунистік партиясы, 1921 жылы құрылды. 1965 жылы Канада компартиясының құрамдас бөлігі болып табылатын Квебек коммунистік партиясы құрылды.

Канадада алғашқы кәсіподақтар 19 ғасырдың 20 жылдарында пайда болды. 1972 жылы кәсіподақтар мүшесі 2 млн-нан асты. Аса ірі ұлттық кәсіподақ бірлестігі - Канада жұмысшы конгресі (1956 жылы құрылды; 1,7 млн-нан астам мүшесі бар) мен Ұлттық кәсіподақтардың конфедерациясы (1921 жылы құрылды), Квебек провинциясында қимыл жасайды. Канада кәсіподақтары АҚШ кәсіподақтарымен тығыз байланысты.

Канада - СССР ассоциациясы, 1960 жылы құрылды. Квебек - СССР қоғамы, 1960 жылы құрылды. Бейбітшіліктің канадалық конгресі, 1949 жылы құрылды. «Әйелдер                                даусы», буржуазия-либералдық пацифистік ұйым, 1960 жылы құрылды.

Экономикасы. Канада - капитализм жоғары дәрежеде дамыған, индустриялы-аграрлық ел. Өнеркәсібінде және ауыл шаруашылығында ірі капиталистік өндірістің үлесі басым. Канада капиталистік дүниеде өнеркәсіп өнімдерін шығарудан (3,2%) 7-орын (1969), ұлттық табыстың жан басына шаққандағы мөлшері және еңбектің өнімділігі жөнінен 3-орын (АҚШ пен Швейцариядан кейін) алады. Ол капиталистік елдер арасында никель, мырыш, күміс рудаларын, калий тұздарын, асбест өндіру және газеттік қағаз жасау жөнінен 1-орында; алтын, платина, ниобий, молибден рудаларын, табиғи газ, күкірт, аллюминий өндіру, целлюлоза және кесінді ағаш өнімдерін шығарудан 2-орында; қорғасын, кобальт, магний, кадмий, уран, титан рудаларын өндіруден 3-орында. Экономика салаларында шетелдер капиталының ықпалы күшті. Тау-кен өнеркәсібінің 70%-і, өңдеу өнеркәсібінің 57%-і шетел монополиясының қолында. Канададағы барлық шетел инвестиция мөлшерінің 81%-і АҚШ-тың үлесіне тиеді. Канаданың басқа елдер алдындағы борышы 1968 жылы 38 млрд. канада долларына жетті, оның 4/5-ін АҚШ-қа қарыз. 1939-1969 жылдар аралығында Канада экономикасын дамытуға 250 млрд. канада доллар жұмсалды, экономикасының жыл сайынғы өсу қарқыны 4,5%-ке тең болды. Басқа жоғары дамыған капиталистік елдер сияқты Канада экономикасына да тұрақты жұмыссыздық тән. 1965 жылы еңбек етуші халықтың 3,9%-інің, 1969 жылы 4,7%-ініп, 1970 жылы 5,9%-інің, 1971 жылы 6,4%-інің тұрақты жұмысы болмады.

Өнеркәсібі. 1939-1969 жылдар Канада өнеркәсіп өңдірісінің көлемі 6 есе өсті. Капиталистік дүниеде тау-кен өндірісінің мөлшері (5 млрд. долл., 1970) жөнінен Канада 1-орын (АҚШ-тан кейін), минералдық шикізат пен жартылай фабрикаттың жан басына келетін үлесі жөнінен 1-орын алады. 1971 жылғы өндірілген кейбір пайдалы қазындылардың өнімі: көмір 17,6 млн. т, мұнай 72, 0 млн. т, табиғи газ 77,0 млрд. м2, темір рудасы 43,3 млн. т, мыс 648,0 мың т, никель 267,0 мың т, мырыш 1270,0 мың т, қорғасын 395,0 мың т, молибден 12 мың т, уран 3,6 мың т, алтын 69,5 т, күміс 1393,0 т. 1971 жылы Канадада 215,1 млрд. квт.сағ электр энергиясы өндірілді. Су электр станцияларының үлесі басым: ірі СЭС-тері - Квебек, Онтарио, Британдық Колумбия провинцияларында аса қуатты станциялар Эулие Лаврентий, Берсими, Маникуаган-Утард, Пис-Ривер, Нельсон, Черчилл өзендері бойына салынған. Торонто, Ванкувер қалалары атырабында ірі жылу электр станциялары бар. 1970 жылы Пикеринг атом электр станциясы іске қосылды. Брус атом электр станциясы салынуда (1973). 1939-1944 жылдар Канада өңдеу өнеркәсіп мөлшері 2,5 есе артты.

1970 жылы өңдеу өнеркәсбі жалпы өнімінің 12,3%-ін транспорттық машина жасау өнеркәсібі, 3,7%-ін жалпы машина жасау, 15,9%-ін қара және түсті металлургия және металл өңдеу, 8,5%-ін целлюлоза қағаз, 4,2%-ін ағаш өндеу, 6%-ін электротех., 5,8%-ін химия, 4%-ін мұнай және көмір айыру, 19,8%-ін тамақ және темекі, 3,4%-ін мата тоқу, 16,4%-ін басқа өнеркәсіп салалары өндірді. Өцдеу өнеркәсібінің өнімі құнының машина жасау өндірісі құрайды; негізінен автомобиль, кеме, самолет, локомотив, ауыл шаруашылық машиналары шығарылады. Машина жасау орталықтары - Торонто, Монреаль, Уинсор, Гамильтон, Брантфорд, Ошава, Галифакс, Ванкувер. Канада металлургиясының 1972 жылы өнімдері (мың т): мыс 478, қорғасын 168, мырыш 372, никель 267, алюминий 980; шойын және ферроқорытпалар 8 млн. т, болат 11 млн. т. Қара металлургия орталықтары - Гамильтон, Су-Сент-Мари, Уэлленд, Сидни; аллюминий қорыту - Арвида, Китимат, Бе-Комо, полиметалл - Трейл, Валлифилд, мыс және никель - Садбери, Норанд, Монреаль т. б. Мұнай айыру зауыдтарының қуаты жөнінен Канада капиталистік елдер арасында алдыңғы қатардағы елдердің бірі; орталықтары - Монреаль, Ванкувер, Сарния, Эдмонтон. Тынайтқыш, синтетикалық каучук, пластмасс, полимер бұйымдар шығаратын Канада химиялық өнеркәсібі Сарния, Монреаль, Торонто қалаларында шоғырланған. Канада ағаш дайындау және өңдеу, тақтай тілу, целлюлоза және қағаз шығарудан капиталистік елдер арасында 2 орын (АҚШ-тан кейін) алады; орталықтары -  Труа-Ривьер, Корнер-Брук, Пауэлл-Ривер, Халл. Тамақ өнеркәсібінің басты салалары - астық тарту, ет және балық консервілеу, ликер-арақ өндірісі. Мата тоқу, тері илеу, аяқ киім тігу. Тігін кәсіпорындары Торонто, Ванкувер, Винпинег қалаларында орналасқан.

Ауыл шаруашылығы. Канаданың ауыл шаруашылық - жоғары өнімді, механикаландырылған өндіріс. Ауыл шаруашылық жерін иемденуде ірі капиталистік шаруашылықтардың үлесі (3/4-і) басым. 1970 жылы Канадада 7000 мың трактор, 200 мың комбайн, 400 мың жүк машинасы болды. Басты ауыл шаруашылық дақылдары - бидай (егісі 7,8 млн. га, өнімі 14,3 млн. т, 1971), сұлы (3,3 млн. га, 5,9 млн. т), арпа (6,2 млн. га, 14,3 млн. т), жүгері (0,5 млн. га, 2,7 млн. т), жемшөп (5,6 млн. га, 32,0 млн. т). Негізгі астықты аудандары - Саскачеван, Манитоба провинциялары. Ауыл шаруашылық өнімдерінің %-ін мал шаруашылығы өндіреді, Канадада етті-сүтті ірі қара, етті-жүнді қой және етті шошқа өсіру жақсы дамыған. 1970 жылғы мал саны (мың): мүйізді ірі қара 13069, оның ішінде сауын сиырлар 2551, шошқа 7086, қой 1012, жылкы 324. Сүтті мал шаруашылығы мен құс өсіру - Онтарио, Квебек, Британдық Колумбиясы провинцияларында, етті-жүнді мал өсіру Британдық Колумбиясы, Альберт провинцияларында дамыған. Жылына елде 1 млн. тонна балық ауланады.

Транспорты. Темір жолының ұзындығы 71 мың км, автомобиль жолдары - 800 мың км. Теңіз, көл және өзен флотының сыйымдылығы 3,7 млн. брутто рег. т (1969). Басты порттары - Ванкувер (жүк айналымы 21,5 млн. т, 1969), Сет-Иль (17,2), Монреаль (15,9), Тандер-Бей (12,5). Ірі авиопорттары - Монреаль, Торонто, Ванкувер, Виннипег, Оттава.

Сыртқы сауда байланысы. Сыртқы сауда айналымы жөнінен Канада капиталистік елдер арасында 6-орын алады. Экспорт құнының 2/3-сі - өндірістік шикізат, жартылай фабрикат, азық-түлік. Басқа елдерге газет қағазы, бидай, тақтай, қағаз, никель, алюминий, мұнай және оның өнімдері, темір рудасы, мыс, асбест, уран, калий тұздары шығарылады. Өзі өнеркәсіп өнімдерін, көмір, кофе, каучук, банан, какао сатып алады. Басты сыртқы сауда серіктестері - АҚШ, Ұлыбритания. Ақшасы - канада доллары.

Канада жері табиғи және экономикалық жағдайына қарай 5 экономикалық ауданға бөлінеді; олар - Орталық аудан, Далалық аудан, Қиыр Батыс аудан, Атлант ауданы, Солтүстік Канада ауданы.

Денсаулық сақтау ісі. 1969 жылы Канадада, әрбір 1000 адамға шаққанда, баланың тууы 17,6, адамның өлімі 7,3, тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені - 19,3. Ел ішінде негізінен жүрек, қан-тамыр аурулары, қатерлі ісік, орталық нерв жүйесінің зақымдануы, туберкулез, мерез, менингит сияқты аурулар көбірек таралған. Канаданың солтүстігіндегі климаты суық, халқы сирек қоныстанған (негізінен үндістер мен эскимостар тұратын) аудандарында құрқұлақ, психикалық аурулар, туберкулез, өкпе қабынуы, бетеге, асқазан, ішек аурулары жиі кездеседі. Өндірістік жарақаттану өте жиі болып тұрады. Мыс., 1972 жылы Канаданың өндіріс орындарында 12 мың адам жарақаттанып, оның 5 мыңнан астамы қаза болған. 1970 жылы Канадада 210,6 мың төсектік (1000 адамға 10 төсек) аурухана болды. 1969 жылы 30 мың дәрігер (717 адамға 1 дәрігер), 6,5 мың тіс дәрігері, 9 мың фармацевт, 114,6 мың медсестра жұмыс істеді.

Медицина кадрларын дайындайтын (әр түрлі университеттер жанынан ашылған) 15 медицина мектеп бар. Канадада күкіртсутекпен емдейтін бальнеологиялық курорт, туберкулез ауруларын емдейтін бірнеше санаторий бар.

Оқу-ағарту ісі. Канадада бастауыш және орта білім мәселелері провинциялық өкімет билігіне берілген. 6-14-16 жастағы балалар үшін оқу міндетті. Мектепке дейінгі мекемелерге ясли (1,5-3 жас), «балдырғандар» мектебі (3-4 жас), балалар бақшасы (5-6 жас, көпшілігі жеке меншікті) жатады. Канадада 2 мектеп жүйесі қалыптасқан француз және ағылшын. Біріншісі (Квебек провинция) 6 жылдық бастауыш мектеп пен 5 жылдық орта мектепті қамтиды. Орта мектеп базасында жалпы және кәсіптік білім беретін колледждер бар. Оларды бітіргендерге университетке түсуге немесе кәсіптік білім алуға (3 ж.) право беріледі. Ағылшын мектеп жүйесі АҚШ жүйесіне ұқсастау: 6 жылдың бастауыш, 3 жылдың төменгі орта мектеп және 3 жылдық жоғары орта мектеп немесе: 8 жылдық бастауыш, 4 жылдың орта мектеп. Орта мектептер академиялық және практикалық профильдерге бөлінеді. Академиялық профильге кедейлердің балалары алынбайды. Жоғары орта мектепті бітіргендер университетке түсуге праволы. 1969-1970 оқу жылында бастауыш мектептерде 3,8 млн., орта мектептерде 1,5 млн. оқушы оқыды. Кәсіптік дайындық орта мектептердің кәсіптік бөлімдерінде, кәсіптік училищелерде жүргізіледі. Орта мектеп базасында 1-3 жылдық кіші колледждер құрылады, олар орта білімді мамандар даярлайды. Жоғары білім жүйесіне университеттер, колледждер кіреді, оқу акылы және оның ақысы үнемі өсіп отырады. Ірі университеттері: Торонто, Оттава, Манитоба, Мак-Гилл, Лаваль, Батыс Онтарио, Альберт, Британ Колумбиясы, Корольдік университеті. Жоғары оқу орындарында 1969-1970 оқу жылында 479 мың студент оқыды. Ірі кітапханалары: Торонто университетінің кітапханасы (1842 жылы құрылған, кітап-қоры 3,6 млн. дана), Лаваль университетінің кітапханасы (1852 жылы, 885 мың дана), Монреаль Көпшілік кітапханасы (1902 жылы, 912 мың дана), Торонто Көпшілік кітапханасы (750 мың дана), Оттавадағы ұлттық ғылыми кітапхана (760 мың дана). Басты музейлері: Канада Ұлттық музейі (1842 жылы құрылған), Оттавадағы Канада Ұлттық галереясы (1880). Торонтодағы Онтарио Корольдық музейі (1912), Торонтодағы өнер галереясы (1900), Монреалдағы Әсемдік өнер музейі (1890).

Ғылым және ғылыми мекемелері. 1. Жаратылыс тану және техникалық ғылымдар.

Канадада тұңғыш ғылыми еңбектер осы елде эмиграцияда болған европалық негізінен ағылшын және француз ғалымдарының қаламынан туды. 17 ғасырда француз ғалымдары Канада территориясына географиялық, ботаникалық, зоология (Ж. Корню) және геология (С. Шамплен) зерттеулер жүргізді. Ал шығыс Канаданың флорасы Ж. Турнефордың еңбектерінде жазылған. 1749 жылы Канадаға саяхат жасап, оның табиғатын суреттеп жазған швед жаратылыс зерттеушісі П. Кальма Канада ботаникалық ғылымының атасы деп аталады.

19 ғасырдың 1-жартысында Канада территориясы жүйелі түрде зерттеле бастады. 1842 жылы Канаданың геологиялық жұмыстар баскармасы ұйымдастырылды. Оның тұңғыш директоры У. Логан Канада қалқанын ашты және (1863 жылы) бірінші рет докембрий шөгінділері тобын анықтап, «Канада геологиясын» жазды (Т. Хантпен бірге), ал 1869 жылы Канаданың толық картасын жасады.

Химия саласындағы зерттеулер бастапқы кезде ауыл шаруашылық, медицина және өндіріс талаптарына байланысты, тар шеңберде жүргізілді. 1852 жылы А. Гезнер мұнайдан керосин алу әдісін тауып, керосин өндіру компаниясын құрды. 19 ғасырдың 2-жартысында Канаданың өзіндік ғылыми мектептері қалыптаса бастады. Елдің саяси-экономикалық жағдайына байланысты, қолданылмалы биологиялық пәндері: ботаника, селекция, дендрология, орман шаруашылығы, зоология, энтомология, ихтиология жедел дамыды. 1862 жылы Л. Прованшенің «Канада флорасы» атты күрделі еңбегі шықты. 80 жылдардан бастап систематика дамыды. 1860 жылы Лаваль университетінде Ш.Брюне тұңғыш гербарий жасады. 1883-1902 жылдар Д.Макоун «Канада өсімдіктерінің каталогын» (1-7 т.) шығарды. Ботаник және селекционер У. Сондерс бидайдың Канадада өсетін арнаулы сорттарын шығарды (ол кейбір сорттарды Россиядан апарған). Т. Макилрайт - Канада орнитологиясының негізін қалаушы, Дж. Доусон палеоботаника ұлттық мектебінің негізін салды, Дж. Уайтивс Канада палеонтологиясының бастамашысы болды. 19 ғасырдың аяқ кезіндегі математикалық зерттеу жұмыстарында Д. Филдсудің еңбегі ерекше. Ол Торонто университетінде Канаданың тұңғыш математикалық мектебін құрды. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың басында елде ұлттық химиялық және электротехникалық өнеркәсіптің жоқтығынан қолданылмалы химия мен физика мардымды дами алмады. Бұл тұста Канада ғалымдарынан У. Гиббс фосфор алудың жаңа әлектрохимиялық әдісін, Т. Уилсон кальций карбидін өндірудің жаңа әдісін тапты.

1-дүние жүзілік соғыс кезінде (1914-1918) АҚШ пен Ұлыбританияның заказына сәйкес, өндірістің өркендеуі Канада ғылымының дамуына себепкер болды. Ғылыми-техникалық зерттеулерді координациялау үшін 1916 жылы Ұлттық ғылыми-зерттеу советі құрылды. 2-дүние жүзілік соғысқа дейін ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінен университеттерде жүргізілді. Ал өнеркәсіптің негізгі салаларында (машина жасау т. б.) зерттеу жұмыстарын АҚШ фирмалары жүргізді. 1932 жылы Ұлттық ғылыми-зерттеу советі жанынан Канаданың өз лабораториялары (экспериментальды биология, физика, химия, медицина т. б.) ашылды. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін химия, өндіріс технологиясын жетілдіру жұмыстары едәуір алға басты. Цемент және желімтек заттар химиясы (Т. Торвальдсон), органикалық химия (П.Ганьон, Ч. Аллен т. б.), биохимия (Дж. Андерсон т. б.), целлюлоза-қағаз өнеркәсіп саласында ғылыми-зерттеу жүргізілді. 1921-1922 жылдар фармакология мен гормондар химиясынан Ф. Бентинг (Дж. Маклеодтың басқаруымен) аса маңызды жаңалық ашты (инсулин алды). Сол үшін екеуіне де 1923 жылы Нобель сыйлығы берілді. Атақты ғалым химиктері: Г.Тод, А. Кэмпбелл, Ф. Бимиш т. б. Физика және аналитикалық химия саласындағы еңбектері ұшін Г. Херцбергке 1971 жылы Нобель сыйлығы берілді.

Физикадан ғылыми-зерттеу жұмыстары 1-дүние жүзілік соғыстан бұрын басталды (X.Каллендер – 1893-1998; Э.Резерфорд – 1898-1907 жылдар Канадада еңбек еткен). X. Барнстың су мен мұз жөніндегі зерттеулері бүкіл әлемге танылды. Резерфорд пен Ф. Содди - радиактивтік теориясының авторы. Мак-Леннан космос сәулесінің бар «кендігін дәлелдеді және Америка континентінде 1-болып сұйық гелий алды, төмен температуралық физика мектебінің негізін қалады. 2-дүние жүзілік соғыс басталғаннан кейін ядролық физика өріс алды. 1942 жылы Монреал университетінде ядролық лаборатория ашылды; 1962 жылы Канаданың тұңғыш атомдық энергетика станциясы (АЭС) іске қосылды. Канадада атом энергиясы саласындағы зерттеулердің негізгі бағыты - арзан энергия алу жүйесін жасау. Канадада ядролық физиканың дамуына Дж. Макензи елеулі үлес қосты.

Канада математика мектебі Германиядан П. Шерк пен Г. Зассенхауз келгеннен кейін өркендей түсті. Онда Канадаға уақытша келген бірталай ғалымдар (С.Ньюком, Р.К.Арчибальд, Р.Ричардсон т. б.) еңбек етті. Математикалық статистика жедел дамыды. Канадада қазір ірі есептеу орталықтары бар.

Соғыстан кейінгі жылдары Канадада радиолокациялық аппаратура, электротехника т.б. техника ғылымдар, биология және геология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары жақсы дами бастады. Арктикада комплексті зерттеулер жүргізілуде.

Космосты зерттеу жөніндегі жұмыстар Байланыс ғылыми-зерттеу орталығында жүргізіледі. Канаданың ионосфераны зерттеуге арналған «Алуэтт-Исис» типті жасанды спутнигін АҚШ пен Канада бірлесіп жасады. Канада «Исис-1» спутнигін 1969 жылы ұшырды. Одан кейін «Алуэтт-I» және «Алуэт-ІІ» спутниктерін ұшырды. АҚШ және Францияның көмегімен спутниктік байланыс жүйесін жасау жұмыстары жүргізілуде. Аса ірі ғылыми-зерттеу институттары: Канаданың аэронавтика және космос институты, тау өнеркәсібі және металлургия институты, химия институты, биология институты, жануарларды зерттеу институты, өсімдіктерді зерттеу институты, орман шаруашылығы институты.

Қоғамдық ғылымдар. Философия. Канадада 19 ғасырда философия ағымдар француз және ағылшын-американ философиясының ықпалы негізінде қалыптасты. Ал француз ықпалының негізінде католиктік неотомизм философиясы жатыр. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Канадада философиялық ғылымын таратуда Дж. Уотсон мен оның шәкірттері үлкен роль атқарды. Ағылшын-американ неогегельшілдерінің ықпалымен қалыптасқан «спекулятивтік философия» мектебі классикалық неміс идеализмінің (негізінде И. Кант пен Г. Гегельдің) ілімдерін игеруге себепші болды. Бұл бағыттың идеализмі өзінің рухы жағынан оңшыл гегельшілдікке жақын. Ағылшын-американдық неореализм мен сыншыл реализмге қарағанда, Бреттің философиясында гносеологиялық проблематика көп орын алмайды. Оның негізгі категориясы - плюралистік тұрғыдан түсінілген, бір тұтас абстрактылық «мәнге» қосылмайтын болмыстың сапалық көп түрлілігі, «өмір бағының сан алуандығы» ретіндегі «интегралдық». Бреттің «интегралдық реализмін» жақтаушылар - Ф.Г. Андерсон мен Т. А. Гудж және А. Г. Джонсон, ал реализм мен прагматизмді араластырып, эклектикалық ілім жасауға әрекеттенген философ Р. К. Лодж болды. Қазіргі заманғы Канада философтарының еңбектерінде неопозитивизмнің ықпалы, ал протестанттық философтардың арасында христиандық экзистенциализмнің ықпалы күшті.

Неотомистік философияны дамытатын және оқытатын халықаралық маңызы бар ең ірі орталыктар: Квебектегі Лаваль университетінің жанындағы Жоғарғы философия мектеп (М. және Л. Паке ашқан, Ш. де Конинк басқарады), Ұлы Альберт атындағы орта ғасырды зерттеу институты (Оттавада доминикандықтар ордені ашқан, 1942 жылдан бері Монреалда, философия факультетін Л. М. Режи басқарады), Торонтодағы орта ғасырды зерттеу Папа институтындағы орта философияны оқитын католиктік орталық (1929 жылы ашылған).

1958 жылы Канадалық философиялық ассоциациясы құрылды. Монреалды француз-канадалық ассоциация және Мак-Гилл унивесритетінің жанында философиялық қоғам бар.

Тарих ғылымы. Канададағы тарих ғылымының дамуында ағылшын-канадалық және француз-канадалық бағыттар басты орын алды. Бұл бағыттар елдегі (19 ғасыр 1-жартысы) осы екі ұлттың қалыптасып, даму Тарихын бейнелейді. Француз-канадалық бағыттың негізгі тақырыбы - Канаданың 1763 жылға дейінгі тарихы, Британия жаулап алғаннан кейінгі француз-канадалықтардың тарихи қалыптасу мәселелері, олардың осы замандағы Канададағы орны мен ролі. Бұл тарихнаманың негізі 19 ғасырдың ортасында (Ф. К. Гарноның еңбектері арқылы) қаланды. 20 ғасырда ағылшын-канадалық тарихнамада британдық немесе империялық тарих, конституциялық тарих мектебі басты орын алды (У. Кингсфорд, Р. Кристи, Дж. Паркин т. б.). Бұл мектептің өкілдері Канаданың тарихын британ институттарын «қайта құрудың» үлгісі деп қарап, империялық бір тұтастық пен Канаданы американ экспансиясынан сақтап, Британия империясының қарамағында болу идеясын насихаттады. Капитализмнің жалпы дағдарысқа ұшырауына байланысты, империялық мектеп жаппай сынға алынды. Конституциялық тарихнаманың басты тақырыбы Канаданың отарлық статустан ұлттық тәуелсіздікке жету зволюциясын зерттеу болды (Р. Троттер, Р. Лангстоун, Р. М. Даусон). Осы кезеңде буржуазия тарих ғылымының басты бағытына айналған либералдық тарихнама канадалық ерекшелікті зерттеуге, Канаданың Ұлыбританиядан толық тәуелсіз болуына (Дж.Дафо) айрықша көңіл бөлді. Американ тарихшысы Ф.Дж.Тернердің концепциясының ықпалымен Канада тарихын «солтүстік американдықтардың ерекшелігі» идеясы рухында баяндау кең етек алды. Сонымен қатар, тарихшылар әлеуметтік-экономика мәселелерімен де шұғылдана бастайды (X.А.Иннис, У.Макинтош). 1922 жылы тарихшылардың басын біріктіретін Канада тарихшыларының ассоциациясы құрылды. 20 ғасырдың 30 жылдарынан бастап Канада с.-д.-тар қозғалысының тарихын зерттейтін с.-д. тарихнама (К.Макнот, У.Янг т.б.) пайда болды. Маркстік тарихнама елдің даму тарихының жалпы мәселелерін зерттеумен (С. Райерсон) қатар, жеке маңызды мәселелерді (1837-1838 жылдардағы көтеріліс), жұмысшы және коммунистік қозғалыстың тарихын (Т. Бак, Л. Моррис т. б.) зерттеуге көп үлес қосты. Тарих саласындағы зерттеулер Торонто, Монреалъ, Квебек т.б. университеттерде жүргізіледі. Торонто университеті  «Канадиан хисториал ревью» атты журнал (1920) шығарады.

Экономикалық ғылым. Ағылшындар жазған алғашқы экономикалық жұмыстар Канадада 19 ғасырдың 20-30 жылдары жарық көрді және олар елді отарлау саясатымен байланысты туды (Р. Горлей, Э. Г. Уэйкфилд). Сондай-ақ, теориялық саяси экономияның алғашқы өкілі ағылшын Дж. Рей болды (Канадада 1822-1850 жылдар тұрған). Ол Канададағы фритредерлік жүйе мен А. Смиттің кейбір теориялық қағидаларын сынап, экономиканың дамуын жеделдету үшін оған мемлекеттің араласуы қажет екендігін дәлелдеп берді. Канада доминионының құрылып, жаңа экономикалық міндеттердің тууы экономика ғылымының дамуын өрістетті. Ал, 19 ғасырдың 80 жылдары басты университеттерде (Торонто, Монреаль, Кингстон, Фредериктонда) саяси экономия кафедралары ұйымдастырылып, оларды меңгеруге Ұлыбританиядан профессорлар шақырылды. Канададан шыққан тұңғыш саяси экономист (20 ғасырдың басында өз елінің экономикасы мәселелерін зерттеген) А. Шорт болды. Үстіміздегі ғасырдың 20-30 жылдары Канада экономикалық саясатының нақтылы мәселелерімен айналысатын экономикалық ғылым бағыттары пайда болды (Дж. Дойч, С. Гордон, У. Макинтош, Д. Слейтер т. б.). Экономика ғылымының тарихын жасаушы X. А. Иннис болды.

1960 жылдары қоғамдық тұтыну, еңбек қатынастары, жұмыссыздық пен оның себептері, экономикалық программалау мәселелері зерттеле бастады. Қазір Канаданың АҚШ-қа экономикалық тәуелді болуына қарсы бағытталған жаңа прогрессивтік бағыт дамып келеді.

Экономиялық ғылым орталықтары - Торонто, Корольдік (Кингстон), Батыс Онтарио университеттері.

Баспасөз, радиохабар, телевизиясы. Канадада 1500 мерзімді басылым, олардың ішінде 117 күнделікті, 900 апталық газет шығады (1971). Газеттердің басым көпшілігі ағылшын, француз тілдерінде басылады. Украин, неміс, поляк, орыс т. б. тілдерде де газет шығарылады. Аса ірі газеттері: ағылшын тілінде - «Торонто дейли стар» (1802 жылдан), «Оттава джорнал» (1885 жылдан), «Монреаль стар» (1869 жылдан), «Газетт» (1778 жылдан), «Оттава ситизен» (1844 жылдан); француз тілінде «Девуар» (1910 жылдан), «Пресс» (1884 жылдан), «Солей» (1896 жылдан), «Друа» (1913 жылдан). Журналдары:         «Маклинс мэгэзин» (1905 жылдан), «Уикенд мэгэзин» (1951 жылдан), «Нортерн нейборс». Ұлттық информациялық агенттігі - Канейдиан пресс 1917 жылы құрылған. Радиохабары мен телевизия хабарларын жүргізу ісімен шұғылданатын Канада радиохабарын тарату бірлестігі - Канейдиан бродкастинг корпорейшн (Си-би-Си) 1936 жылы ұйымдасқан. 360 радиостанция және 300-ден астам телевизия орталығы жұмыс істейді.

Әдебиеті. Негізінен ағылшын және француз тілінде дамып қалыптасты. Канаданың негізгі тұрғындарының - үндістер мен эскимостардың ауызша тараған шығармаларының біразын XX ғасырда ағылшын-канада жазушылары (Полин Джонсон, 1862-1913; Ф.Моуэт, 1921 ж.т., т.б.) жинады. Канадада қазір әдеби шығармалар тек ағылшын, француз тілінде ғана емес, орыс, украин т. б. ұлт тілдерінде де басылады.

Француз тіліндегі әдебиет. Француз отарлығы кезеңінде Канадаға алғаш қоныстанғандар көбінесе діни тақырыпта шығармалар жазған. 19 ғасырдың орта шенінде романтик ақындар мектебі (Л. Фрешетт, 1839-1908; П. Леме, 1837-1918) пайда болды. Оны Канадада бірінші журнал шығарушы көрнекті ақын О. Кремази (1827-1879) басқарды. 19 ғасырдағы романтикалық прозада тарихи оқиғалар суреттелді. 20 ғасырдың басында шаруалардың діни сенімдерін, өмірдегі патриархальдық ғұрпын насихаттайтын региональдық әдебиет кең тарады. 30 жылдарда реализм өріс алып, жазушылар әлеуметтік проблемаларға назар аударды. Р. Лемлен (1919 ж. т.) «Жар түбінде» (1944) романында шіркеу қызметкерлерінің сұрқиялығы мен мещандығын өткір сықақпен әшкереледі. Габриель Руа (1909 ж. т.), Ринге (шын аты - Ф. Паннетон, 1895-1960), Ж.Ж.Ришар (1911 ж.т.) т.б. өз романдарында жұмысшылар өмірін, патриархальдық тұрмыстың күйреуі туралы жазды. Ю. Акен (1929 ж. т.) «Жақындағы оқиға» романында канадалықтарды ұлттық намыс үшін күресуге шақырды. 40-60 жылдардан кейінгі ақындар (А. Гранбуа, 1900 ж. т.; Анн Эбер 1916 ж.т.; Р. Ланье, 1915 ж. т.) замандастардың білімдарлығып, ой-сезімге толық өмірін көрсетуді мақсат тұтты. Р.Жигер (1929 ж. т.), Ж. Г. Пилон (1930 ж. т.), П. ПІамберлан (1939 ж. т.), Т. Бро (1932 ж. т.) өлеңдерінен саяси сарын байқалады.

Ағылшын тіліндегі әдебиет ерте кезеңде көбінесе ағылшын романтизмінің дәстүрімен шектелді. Жазушылар Ф.Брук (1724-1789), К. Трейл (1802-1899), С. Муди (1803-1885); ақындар О. Голдсмит (1787-1861), А.Маклахлан (1818-1896) өз шығармаларында жаңа жерді игерудің қиыншылығын суреттейді. Сатирик Т.Халибёртон (1796-1865) шығармаларында шетел басқыншыларын сықақ етті. Романтик ақындар (Ч. Робертс, 1860-1943; У.Б.Кармен, 1861-1929; Д. К. Скотт, 1862-1947) табиғат сұлулығын жырлады, көп ұлтты канадалықтарды бірігуге шақырды. 19 ғасырдың 2-жартысында прозада тарихи роман жанры кең тарады. 20 ғасырдың басында өз шығармаларында адамгершілікті паш еткен С. Ликоктың (1869-1944) творчествосы дүние жүзіне әйгілі болды (оның «Шайырғал сөздер» атты әңгімелер жинағы қазақ тілінде (1969) жеке кітап болып басылды). Жаңа әдеби журналдар, канада әдебиетінің алғашқы антологиялары, тарихи жинақтар шығарылды. Канадалық ағылшын жазушыларының бірлестігі (1921) құрылды. Бұл жылдары интернационалшыл демократ У.Макдональд (1880 ж.т.) соғысқа қарсы өлеңдерін, Э.Дж.Прэтт (1883-1964) адам мен табиғатты дәріптеген өлендерін жазды, 30-40 жылдары көптеген ақындар (П. Пейдж, 1917 ж.т.; Л. Дьюдек, 1918 ж. т.) әлеуметтік тақырыпқа бет бұрды. Коммунист ақын Д. Уоллес (1890 ж. т.) еңбекшілердің күресі, СССР туралы жазды. 20 ғасырдың ортасында ағылшын тіліндегі Канада әдебиетінің ұлттық ерекшеліктері айқындала бастады. 40 жылдары сыншыл реализм пайда болды. Ф. Грованың (1872-1948) романдарындағы негізгі кейіпкерлер - еңбек адамдары. Реалист жазушы М. Кэллехенның (1903 ж. т.) шығармалары езушілікке қарсы, гуманистік сарында жазылған. 60 жылдардағы көптеген шығармалардың тақырыптары қазіргі заманғы капиталистердің былыққан тұрмысын әшкерелеуге арналған. Г. Буллер «Тек адамның өзі ғана» (1963), «Отқа түскен Квебек» (1965) романдарында жұмысшы табының келешегіне сенумен қатар, ұлты әр түрлі жұмысшылардың өз праволары үшін бірлесіп күресуі қажет екендігі сипатталады. Д.Картер (1910 ж.т.) - марксизм идеяларын насихаттаушы, СССР жөніндегі материалдарды басатын «Северные соседи» журналының редакторы, «Келешек біздікі» (1950), «Әкесіз балалар» (1955) романдарының авторы. Канаданың алдыңғы қатарлы жазушылары АҚШ-тың басқыншылык қаупі, ұлтаралық өшпенділік, үндістер мен эскимостардың тұрмыс-халі жөніндегі проблемаларға көбірек назар аударуда. Соңғы жылдары Канада әдебиеті тарихынан еңбектер шыға бастады. 1959 жылдан бері ағылшын тілінде «Канадиан литературе» журналы шығып тұрады. Ол ағылшын-канада және француз-канада әдебиетіне арналған. Бұл журналда француз тілінде де материалдар басылады.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Европалықтар отарлап алғанға дейін Канада үндістері жер үйлерде (жартасты тау аңшылары), аң терісімен жабылған вигвам-күркелер (орман аңшылары) мен тепи-шатырларда (прерий үндістері), ағаш үйлерде (батыс жағалаудың балықшылары), төбесін ағаш қабығымен жапқан лашықтарда (орман тұрғындары) тұрды. Нақыштап ағаш оймыштау, мүйіз және сүйек жону, тас қашау, әр түрлі заттарды ұлу сүшегімен нақыштап, қауырсындармен әлеміштеу, мата тоқу, қабырғаны өрнектермен әсемдеу (хайуандардын, қиял-ғажайып бейнелері, соғыс және аң аулау көріністері) - байырғы үндістер өнерінің дәстүрлі жалғасы. Эскимостардың тас пен сүйектен, мүйізден жасаған сан алуан бұйымдары белгілі. 17 ғасыр мен 19 ғасырдың басында Канадаға қоныстанған француздар мен ағылшындар өздерімен бірге готика және барокко стилінің үлгілерін ала келді. Француздар алғашқы бекініс орындарын (Пор-Руаяль, 1605) ағаштан салып, оның мұнараларын көбінесе тастан қалады. Сен-Лорандағы (1695), Сен-Пьердегі (1716), Сент-Фамийдегі (1743-1746) шіркеулер мен т. б. қоғамдық үйлер дәстүрлі француз үлгісі негізінде тұрғызылды. Ағылшындар алғаш теңіз жағалауында қабырғалары тақтаймен қапталған ағаш үйлер салып, 18-19 ғасырлар аралығында ағылшын үлгісінде тас үйлер жасады. Канада архитектурасында 18 ғасырдың соңы мен 19 ғасырдың басында француз классицизмінің (арх. Л. Кевийон т. б.), кейінірек ағылшын готикасының ықпалы басым болды. 19 ғасырдың аяқ кезінен бастап қалалар американ үлгісінде (көп қабатты үйлер) салына бастады. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін функционализм ықпалы күшейді. Канадада өнеркәсіп капитализмнің дамуына байланысты бұрынғы қоныстар ұлғайып, жаңа қалалар пайда болды. Ванкувердегі «Электр компаниясының» 23 қабат үйі (1957), Стратфордтағы Шекспир театры (1956-1957) - қазіргі архитектуралық үлгімен тұрғызылған ғимараттар. 1880 жылы Канаданың Корольдық өнер академиясы, 1907 жылы Корольдық архитектура институты құрылды. Архитекторлары: Ф.Дарлинг, Дж.Б.Паркин, Ф. Пейдж т.б. Отарлау кезіндегі бейнелеу өнерінен діни таңырып елеулі орын алды. 18 ғасырда Левассер, Байарже, Лаброс сияқты шеберлер семьясы шіркеулерді нақыштап, оған ағаш мүсіндер жасады. 19 ғасырдың ортасынан бастап Канада табиғатын, үндістер өмірін бейнелейтін реалистік өнер дамыды. Ф. Эбердің мүсіндері, А.Идсонның табиғат суреттері де реалистік бағытта болды. Дж. У. Моррис, К.Ганьон, Т.Томсон творчествосында солтүстік табиғатының жарқын бейнесі жасалды. 1930 жылдардан бастап Канада өнерінде европалық пен американ модернизмінің әсері басым болды, ал қазір өкімет пен монополиялардың қолдануына арқа сүйеген сюрреалистер (А. Пеллан т. б.) мен абстракционизм өкілдері (П. Э. Бордюа, Ж. П. Риопель, Л. Аршамбо) ықпалды болып отыр. Реалистік дәстүр Ф. Тейлордың, Р. Пилоның, «Жетілік топ» ізбасарларының (Т.Макдональд т. б.), «Жұмысшы көркемөнер лигасы» суретшілерінің творчествосында дамуда. 1920 жылдардың соңынан бастап кілем тоқу, ағаш нақыштау т. б. қайта жанданды.

19 ғасырдың ортасында көптеген ескі қалалар қайта салынып, ағаштан тұрғын үйлер салу ісі кең қанат жайды. Жаңа үлгіде темірлі бетоннан қоғамдық ғимараттар, ірі комплекстер (Аннесис-Айленд комбинаты, Торонтодағы ратуша, 1967 жылы Монреальда өткен Дүние жүзілік көрмесі алаңы) салынды. 1941 жылы Торонтода Канада Суретшілер федерациясы құрылды.

Музыкасы. Канада музыкасы 17 ғасырдың басынан бастап ағылшын және француз мәдениетімен тығыз байланысты болды. 18 ғасырдың аяғына дейін шіркеулік музыка кеңірек дамыды. Музыка әуесқойларының күшімен 18 ғасырдың аяқ кезінен концерттер, 19 ғасырдың басында опералық спектакльдер ұйымдастырылды. Канаданың тұңғыш композиторлары - француз Ж.Кенель (Канаданың бірінші операсы «Кола мен Колинеттаның» авторы), неміс Ф. Глаккемайер, ағылшын Т. Мольт. 19 ғасырдың 2-жартысында ірі қалаларда музыкалық әуесқойларының квартет, филармония қоғамдары пайда болды. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Европада білім алған профессионал композиторлар мен музыкант-орындаушылар шықты. Әнші Э. Дльбани, скрипкашы К. Парло бүкіл әлемге танылды. 20 ғасырдың 40 жылдары Канада музыкасының қауырт дамыған кезеңі болды. Бұған композиторлар X. Уиллан, А. Лалиберте, композитор әрі педагог Э. Макмиллан, дирижер В.Пельтье, композитор және музыка қайраткері К.Шампань, композитор және фольклорист Э.Граттон творчествосы үлкен үлес қосты. Канада музыка мәдениетінің ең ірі орталықтары - Монреаль, Торонто, Квебек, Оттава, Виннипег. 1949 жылы Канада опера компаниясы, Ұлттық жастар оркестрі құрылды. 1969 жылы Оттавада Ұлттық өнер орталығы ашылды. Қазіргі музыка қайраткерлері: композиторлар - М. Блэкберн, Дж. Вайнцвайг, П. Меркюр, Ф. Морель, К. Пепен, Г.Риду т.б.; әншілері - Р.Верро, Э. Джонсон, Л. Килико, Л. Симоно т. б. Канадада 8 жоғары музыка оқу орны, университеттерде музыкалық факультеттері бар. 1965 жылдан Монреальда Халықаралалық музыка фестивальдар, музыкант-орындаушылар конкурсы өткізіліп тұрады.

Театры. Канада үндістерінің әдет-ғұрпында театр өнерінің элементтері сақталған. Олар қуыршақ пен масканы да кең пайдаланған. Канада театрының дамуы 17 ғасырда француз провинцияларынан басталды. 1606 жылы Порт-Рояльдағы «Нептун» театрында М.Ласкарбоның «Теңіз маскасы» пьесасы көрсетілді. Кейінірек П. Корнель, Ж. Расин, Ж. Б. Мольер пьесалары да қойылды. 1774 жылы Галифаксте тұңғыш Канада пьесасы (ағылшын тілінде) - «Акадиус немесе тыныштықтағы махаббат» көрсетілді. 1825 жылы Монреальда тұңғыш тұрақты театр ашылды. 19 ғасырдың 80-жылдарынан 1-дүние жүзілік соғысқа дейін «роуд» («жол») профессионалдық көшпелі театрлар өнер көрсетіп келді. 20-30 жылдары театр өнерінің негізгі түрі әуесқойлар театры болды; университет, мектеп, шіркеулер жанынан көптеген труппалар ұйымдастырылды. 40 жылдардың соңында ірі қалаларда профессионалдық театрлар құрылды. Соның бірі - 1949 жылы Монреальда ашылған «Ридо вер» театрында У.Шекспирдің, Ж.Б.Мольердің, И.С.Тургеневтің, А. П. Чеховтың пьесалары қойылды. Бұл тұста «Нью плей сосайети», «Тиэтр Торонто», «Нептун», «Цитадель», «Глобус», «Манитоба тиэтр сентер», «Канейдиан репертори», «Нуво монд», «Комеди канадьенн» т. б. театр труппаларының есімі көпшілікке мәлім болды. Олардың репертуарларынан Канада жазушыларының, дүние жүзі классиктерінің, қазіргі шетел драматургтарының пьесалары орын алды. Театр қайраткерлері: Дж. Коликос, И. Бринд, Амур, Ф. Хайленд, Д. Пеллетье, У. Хатт, К. Пламмер, Ж.Гаскон. Ағылшын, француз тілдерінде Ұлттық театр мектебі бар, театр журналы шығады.

Киносы. Канадада жүйелі түрде фильм шығару 1914 жылы басталды. Осы тұста «Канаданың үкімет кинобюросы» құрылды. 20 жылдардың ортасына дейін кинобюроның қатысуымен көптеген қысқа метражды документті фильмдер шығарылды, бірақ, олардың көркемдік дәрежесі төмен болды. 1939 жылы кино жасау ісіне басшылық ететін Ұлттық совет құрылды. Канада кино өнерінің қалыптасуына 1939-1946 жылдар Канадада болған ағылшын режиссер Дж. Грирсон үлкен үлес қосты. Оның әріптесі С. Леггтің басшылығымен «Дүние жүзі соғыста» атты фильмдер сериясы шығарылды (осының бірі - «Бостандық үшін күресуші Россияда» фильмі, 1942). Канада киносында ғылыми фильмдер елеулі орын алады, ал көркем суретті фильм аз шығарылады. Таңдаулы киноленталардың ішінен «Рекетиры» (1958, реж. М. Бро және Ж. Гру), «Алтын қаласы» (1957, реж. К. Лоу), «Теңіз бен тұщы су аралығында» (1970, реж. М.Бро) фильмдерін атауға болады. Кино қайраткерлері: К.Кютра, Ж.Карл, Р.Гарсо, Ж.П. янг Лефебр, Г.Манро, К.Пиндалл. Жылына 700-дей документті және ғылыми-көпшілік фильмдер, 30 шақты көркем фильмдер шығарылады (1969).

Әдеб.: Антипова А. В. Антонова И. Ф. Канада. -М., 1972; Милейковский А. Г. Канада и англо-американские противоречия. -М., 1958; Сущенко В. В. Монополистический капитал Канады. -М., 1964; Бородаевский А. Д. Канада и межимпериалистическая борьба за источники сырья. -М., 1968; Ванникова Н. И. Канадская литература на французском языке (1945-1965). -М., 1969; её же, Две стороны одной проблемы. «Иностранная литература». 1970. -№ 7.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-03-12 13:53:53     Қаралды-5672

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »