UF

ЛАОС, Лаос корольдығы - Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекет, Үндіқытай түбегінің орталық бөлігіне орналасқан. Қытай, Вьетнам, Камбоджа, Таиланд және Бирмамен шектеседі. Жері 236,8 мың км2. Халқы 6,5 млн. (2017). Астанасы - Вьентьян, король резиденциясы - Луаншрабанг қаласы. Әкімшілік жағынан 16 провинцияға (кхуенге) бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Лаос - конституциялы монархия. Қазіргі конституциясы 1947 жылы 11 мамырда қабылданған. Мемлекеттік басшысы - король. Ол Ұлттық жиналыс қабылдаған заң жобаларын бекітеді, заңдық күші бар указдар шығарады, шет мемлекеттермен жасалған шарттарға қол қояды, оларды бекітеді (Ұлттық жиналыс мақұлдағаннан кейін), кешірім беру, жазаны жеңілдетуге де праволы, қарулы күштердің жоғары бас қолбасшысы да сол. Жоғары заң шығарушы өкімет органы - парламент (Ұлттық жиналыс). Оның депутаттауын халық 5 жылға сайлайды. 18 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы берілген. Мемлекеттік басшысы жанында кеңесші орган - Корольдық совет бар (12 мүшенің 6-ын король өз қалауы, 6-ын Ұлттық жиналыс ұсынысы бойынша тағайындайды). Маңызды мәселелерді шешу үшін (мыс., конституцияны өзгерту т. б.) Корольдық совет пен Ұлттық жнналыс Ұлттық конгреске бірігеді. Заң шығарушы жоғары өкімет - үкімет (Мин. Советі). Әрбір провинцияны үкімет тағайындайтын губернатор (чаокуенг) басқарады. Оның қасында халық сайлап қоятын консультативтік орган - провинциялық совет бар. Провинцияларға кіретін округтар мен селолық аудан бастықтарын да үкімет тағайындайды. Ірі қалаларда мэрлер басқаратын советтер бар.

Жоғары сот инстанциясы - Жоғары апелляциялық трибунал. Төменгі сот инстанциясы - 1-дәрежелі трибуналдар (негізінен азаматтық істерді қарайды). Барлық соттар король указымен тағайындалады.

Табиғаты. Жері негізінен таулы (биіктігі орташа) келеді. Солтүстік бөлігін Траннинь таулы қыраты (елдің ең биік жері - Биа тауы осында 2820 м), шығысын Аннам таулары, батысын Корат, оңтүстігін Боловен үстірттері алып жатыр. Меконг өзенінің оңтүстік және батыс Лаостағы аңғар бойы - ойпатты жазық. Климаты субэкваторлық, муссондық; қаңтардың орташа температурасы 15-23°С, шілдеде 28-30°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері тауда 2000-3000 мм, жазық бөлігінде 1500 мм. Өзендері негізінен Меконг алабына жатады. Басты өзені - Меконг. Жері қызғылт таулық, латериттік және аллювийлік топырақты. Тропиктік, субтропиктік мәңгі жасыл ағаштар өседі, кей жерлері - саванна. Піл, мүйіз тұмсық, маймыл (макако, гиббон) т.б. жануарлар, жыланның көптеген түрлері, қырғауыл, бүркіт, тауыс т. б. құстар, өзендерінде тұқы, шортан т. б. балықтар кездеседі.

Халқы. Негізгі тұрғындары (70%-і) - лаолумдар және оларға туыс таи, тхай ныа, аң және қара тхайлар, юан, лы т. б. таи тобы тілінде сөйлейтін халықтар. Таулы өлкелерде кхму, мео, суи халықтары қоныстанған. Қалаларда жергілікті халықтардан басқа вьетнамдықтар, қытайлар тұрады. Мемлекеттік тіл - лаос тілі. Ресми діні - буддизм. Қала халқы 15% (1970), ірі қалалары - Вьентьян, Луангпрабанг, Саваннакхет.

Тарихы. Лаос жерін адам баласы жоғары палеолит дәуірінен мекендеген. Неолит дәуірінде Лаос алқабында күріш егу, таулы жерлерде аңшылық пен мал шаруашылығы өріс алды. Б. з. б. 1-мың жылдықтың орта шенінен Лаоста қола құралдар қолданыла бастады, ежелгі тай князьдықтарымен қарым-қатынас орнады. Б. з. 1-мың жылдығының алғашқы жартысында Фунань кхмерлер мемлекетінің саяси және экономикалық ықпалы күшейе түсті. 6-12 ғасырларда кхмерлердің қамалдары мен қалалары пайда болды. 1353 жылы Лаос князьдықтары аса ірі Лансанг мемлекетіне бірікті. Бұл кезеңде егін шаруашылығымен айналысатын аймақтарда феодалдық қатынастар етек алды да, таулы аудандарда қарапайым шер өңдеу мен аңшылық сақталып қалды. 12 ғасырдың аяғы мен 13 ғасырдың басында мемлекеттік аппаратты құру аяқталды, буддизм шіркеуі қалыптасты, елде монастырь оқуы өріс алып, мазарлар, діни мектептер салына бастады. 15 ғасырда Лаос мәдениеті жан-жақты өркендеді. Сауда жолдары дамыды, елдің астанасы Вьянтьянға көшірілді. 19 ғасырдың 60-80 жылдарында Вьетнам мен Камбоджаны басып алған Франция 1893 жылы ұзаққа созылған дипломатиялық және әскери дайындықтан кейін, Лаос территориясын өз отарына айналдырды. Олардың Лаостағы бұл билігі 60 жылдай уақытқа созылды. Жергілікті феодалдарға сүйенген француз отаршылары елде мешеу феодалдық қатынастарды сақтап қалуға тырысты. Лаос 11 провинцияға бөлініп, олардың әрқайсысын француз резиденті басқарды. Ел формальды түрде Үндіқытай Одағы генерал-губернаторына бағынатын жоғары резиденттің басқаруындағы «Автономиялық протекторатқа» айналдырылды. Француз әкімшілігі жоғары сот өкіметін де өз қолына алды. 20 жылдардың басында бұл саяси, экономикалық қысымға қарсы ұлт-азаттық қозғалысы өрістеді. 1901 жылы басталған шаруалар көтерілісін отаршылар әскері 1907 жылы әрең басты. 1918-1922 жылдар Пача бастаған шаруалар көтерілісі құлаш жайды. Коммадам бастаған ұлттық қозғалыс 1936 жылға дейін созылды. 30 жылдардың басында Үндіқытай Коммунистік партиясы құрылғаннан кейін Лаостағы империализмге қарсы қозғалыс мейлінше ұйымдасқан түрде, саналы сипат ала бастады. Лаос қалаларында астыртын ұлт-азаттық ұйымдары пайда болды. 40 жылдардың басында Францияның Европадағы сәтсіздіктерін пайдаланған жапон милитаристері бірте-бірте Үндіқытайға кіре бастады; Лаос жеріне соғыс базаларын орналастырды; елдің табиғи байлықтарын талан-таражға салып, ауыл шаруашылық шикізатын әкетумен болды. Ақыры 1945 жылы 9 наурызда жапон соғыс құмарлары Лаостағы франдуз әкімшілігін жойып, Лаостың жалған тәуелсіздігін жариялады. 2-дүние жүзілік соғыстың ақырында ұлтшылдық Лао Иссара (Лаосты азат ету) ұйымы туды. Көп ұзамай Жапония 2-дүние жүзілік соғыста жеңіліске ұшырады. Лао Иссараның белгілі қайраткерлері Суфанувонг пен Суванна Фума француз үстемдігіне қарсы көтеріліс ұйымдастырып, 1945 жылы 12 қазанда көтерілісшілер құрған Халық комитеті Лао елінің «Патет-Лао) тәуелсіздігін жариялады; бірақ 1946 жылы 21 наурызда Патет-Лао құрамалары француз әскерлерінен жеңіліп қалды. Елде партизандық күрес басталды. Осы партизан отрядтарының негізінде Патет-Лаоның қарулы күштері - ұлт-азаттық армиясы құрылды. 1947 жылы 11 мамырда король Лаос конституциясын жариялады. Елдің қоғамдық өмірі жандана түсті. Бірнеше саяси партиялар жұмыс істеді. 1950 жылы халық өкілдерінің 1-съезінде Лаостың азаттық майданы, 1951 жылы 8 наурызда Лаос Камбоджа және Вьетнам мемлекеттерінің біріккен азаттық майданы құрылды. Ақыры ұлт-азаттық қозғалыс дүмпуінен қауіптенген француз отаршылары 1953 жылы 22 қазанда Лаоспен достық қарым-қатынас жасау туралы келісімге қол қойып, формальды тұрде оның тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды. Бірақ олар Лаосты өзіне тәуелді ететін бірқатар шарттарды сақтап қалды. Сондықтан елдің патриоттық күштері күресті одан әрі жалғастырды. 1954 жылы Ұлыбритания, Вьетнам Демократия Республикасы, Камбоджа, Қытай Халық Республикасы, Лаос, СССР және АҚШ-тың қатысуымен өткен Женева кеңесінің нәтижесінде Лаос толық саяси тәуелсіздік алды. Лаос демократиялық даму жолына бет бұрды. Бірақ оны жүзеге асыруға АҚШ империалистері кедергі жасады, олар Лаосты өздерінің Үндіқытайдағы стратегиялық соғыс базасына айналдыруға ұмтылды. АҚШ-тың айдап салуымен оңшыл элементтері елде азамат соғысы өртін тұтату жолына түсті. 1956 жылы Сасорит Катай (1954 жылы Суванна Фуманың орнына өкімет басына келген) мен принц Бун Умның төңірегіне топтасқан реакцияшыл күштерге соққы беру мақсатымен «Нео Лао Итсала» патриоттық қозғалысының негізінде «Нео чао Хаксат» патриоттық майданы құрылды. 50 жылдардың ақырында елдің мемлекеттік басшылығындағы реакциялық блок күшейе түсті. 1960 жылдың тамызда Конг Ле бастаған әскери төнкеріс Суванна Фуманың үкіметін орнатты. Фума елдегі азамат соғысын тоқтатуға күш салды. Елде негізгі саяси топтардың өкілі кірген коалициялық үкімет құрылды. 1961 жылы мамырда Лаос мәселесі жөнілде Женева кеңесі басталып, 1962 жылы 11 маусымда Суванна Фума бастаған ұлттық бірлік үкіметі құрылды. Жаңа үкімет елдегі саяси мәселелерді бейбіт жолмен шешуге кірісті. Лаос 1960 жылы СССР-мен, 1962 жылы бірқатар социалистік елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Осы жылы 30 қарашада біртұтас қарулы күштер, әкімшілік пен полиция құру туралы үш жақты келісімге қол қойылды. Бірақ Лаос реакционерлері американ империализміне сүйеніп, келісімді үзіп тастады, коалициялық үкіметті құлатуға бағытталған бүлік шығарды. Осы кезеңде АҚШ елдің ішкі істеріне өрескел араласа бастады, Лаостағы «Құпия соғысқа» жылына жұмсалатын қаржы 200 млн. долларға жетті.

СССР-мен басқа да социалистік елдер үкіметтері АҚШ әскерлерінің Лаос жеріндегі жүгенсіздігін, Женева келісімін бұзу әрекеттерін тоқтатуды бірнеше рет батыл талап етті. СССР Жоғары Советінің (1970 жылы 15 шілде), Совет үкіметінің (1971 жылы ақпан) мәлімдемесінде АҚШ-тың Үндіқытайдағы агрессиясы, территориясын айуандықпен бомбалау жүгенсіздігі батыл айыпталды.

1973 жылы 21 ақпанда Лаос патриоттық майданы мен вьентьян үкіметі бейбітшілік орнатып, ұлттық келісімге жету туралы Вьентьян келісіміне қол қойды. Бұл келісім Лаос халқының бейбітшілік, тәуелсіздік, демократия жолындағы ежелгі мақсат-мүддесінің іске асуына кең жол ашты.

1974 жылы 5 сәуірде Лаос королы Шри Саванг Ватхана елдің жаңа уақытша коалициялық үкіметі мен Ұлттық консултациялық саяси советінің (ҰКСС) құрамын жариялады. Суванна Фума премьер-министр, Суфанувонг ҰКСС председателі болды.

Лаостың патриоттық майданы мен саяси партиялары. Лаостың патриоттық майданы (ЛПМ, Нео Лао Хаксат), 1956 жылы құрылған бұқаралық ұйым; Лаостың бейтарап партиясы (Лао Пен Канг), 1961 жылы құрылған.

Шаруашылығы. Лаос - аграрлы ел. Ұлттық тәуелсіздік алғаннан кейін елде экономикалық және әлеуметтік дамудың кейбір шаралары іске асырыла бастады; яғни егіс көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығында феодалдық қарым-қатынас қалдықтарын біржолата жою т. б. белгіленді. Бірақ 1960 ж. басталған елдегі азамат соғысы жоспарланған өзгерістердің орындалуына кедергі болды. Патриоттық майдан бақылауындағы азат етілген провинцияларда соғыстан бүлінген ирригациялық құрылыстар қалпына келтірілуде, кеңейтілуде, шаруалардың бірігіп еңбек ету топтары құрылуда.

Лаос экономикасының басты саласы - ауыл шаруашылық және орман өндірісі. Ауыл шаруашылық - Лаостың жалпы ұлттық өнімінің 75%-ін береді; еңбек етуші халықтың 90%-і ауыл шаруашылығымен айналысады. Территориясының 4%-ке жуығы ғана өңделеді. Басты дақылы - күріш (егіс көл. 665 мың га); кейбір күрішті алқаптарда жылына екі рет өнім жиналады. Аздап жүгері, темекі, мақта, кофе және шай егіледі. 1971 жылғы күріш өнімі 830 мың т. Шалғынды жер жайылымға пайдаланылады. 1971 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 1,4, оның 0,9 млн-ы буйвол (ауыл шаруашылығының негізгі көлігі), шошқа 1,2, құс 12. Лаос - өте қатты тик ағашын дайындаушы елдердің бірі. Ағаш смоласы, лак алынады. Орман өндірісіне пілдер кеңінен пайдаланылады. Пайдалы қазындылардан қалайы, мыс, алтын, бағалы тастар т. б. өндіріледі. Лаос өнеркәсібі күріш, темекі, мақта тазалайтын, ағаш тілетін, металл өңдейтін шағын кәсіпорындардан құралады. Барлық елді мекендерде майдагерлік кәсіпшілік (мата тоқу, қыш ыдыстар жасау, тері илеу т. б.) дамыған. Лаостың басты транспорт өзегі - Меконг ө. Тас жолдарының ұзындығы 209 мың км. Әуе жолдар торабы - Вьентьян.

Лаос басқа елдерден азық-түлік, мата, металл және өндірістік құрал-жабдық, машина т. б. сатып алады; өзі кофе, қалайы, ағаш және оның өнімдерін, темекі шығарады. Басты сыртқы сауда серіктестері - Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, АҚШ, Франция, Жапония. Ақша өлшемі - кип.

Денсаулық сақтау ісі. Лаоста толық демографиялық мәлімет жоқ. Елде инфекциялы және паразиттік патология аурулары, витіамин, белок жетіспеушілігінен пайда болатын аурулар кеп тараған. Сондай-ақ безгек, туберкулез, басыр, ал қалаларда венералық аурулар жиі кездеседі. Кейде алапес, тырысқақ, шешек аурулары да байқалады. 1969 жылы 1,9 мың төсектік (1000 адамға 0,7 төсек) 30 аурухана, мұның ішінде 975 төсектік 4 аурухана және ауылдық жерде 948 төсектік 16 госпиталь болды. Бұдан басқа мемлекеттік қарамағында 1,7 мың төсектік 22 госпиталь және 117 диспансер бар. Лаоста 58 дәрігер (50 мың тұрғынға бір дәрігер), 7 тіс дәрігері, 8 фармацевт және бір мыңға жуық орта дәрежелі медицина қызметкерлер халыққа қызмет етеді. Дәрігерлерге көмекші және орта дәрежелі медицина қызметкерлерін даярлайтын мектептер бар. 1968-1969 жылдар денсаулық сақтау ісіне мемлекеттік қаржының 2,8% бөлінді.

Оқу-ағарту ісі. 20 ғасырдың бас кезіне дейін Лаоста ағарту орталықтары будда храмдары болатын. Дүние танымдық білім Лаостың Француз Үндіқытай жүйесіне қосылуынан кейін пайда болды. 1951 жылы 6-12 жастағы балалар үшін міндетті ақысыз бастауыш білім беру жөнінде заң қабылданды. 1955 жылы оқушылар саны 45,9 мыңға жетті.

Лаостың тәуелсіздік алуы білім берудің дамуына, демократиялануына жағдай тудырды. Бірақ елдегі жіктелушілікке байланысты білім берудің 2 түрлі жүйесі қалыптасты. Вьентьян әкімшілігі бақылауындағы аудандардың білім беру жүйесіне 1-2-сатылы бастауыш мектеп, толық емес 4 жылдың орта мектеп (коллеждер), толық 7 жылдық орта мектеп (лицейлер) кіреді. Бастауыш мектептерде оқу лаос тілінде, орта мектептерде француз тілінде жүреді. 1969-1970 оқу жылында бастауыш мектептерде 217 мың оқушы, орта мектептерде 13,1 мың оқушы оқыды. Босатылған аудандарда оқу 10 жылдың; 4 жылдық бастауыш мектеп, 3 жылдық орталау мектеп, 3 жылдық орта мектеп. 1973 жылы 700 мектеп болды (82 мың оқушы). Оқу лаос тілінде жүреді. Арнаулы орта білімді Ұлттық педагогикалық орталық, Педагогикалық училище, Техникалық коллеж, медицина және ауыл шаруашылық мектептер береді. 1967-1968 оқу жылында арнаулы орта оқу орындарында 1 мыңнан астам оқушы оқыды.

Вьентьянда Ұлттық кітапхана бар, кітап қоры аз, негізгі кітап қорлары храмдарда сақталады.

Әдебиеті. Лаос территориясынан табылған көне жазу ескерткіштері 13 ғасырдың 2-жартысына саяды. Лансанг мемлекеті құрылған соң (14 ғ.) және буддизмнің таралуына байланысты алғаш діни және ақсүйектік әдебиеттер пайда болды («Принц Хунг» поэмасы мен «Кхун Болом туралы әңгіме» атты прозалық шығармалар). Лаос әдебиетінің қалыптасуына көне үнді әдебиеті әсер етті. Мыс., үндінің «Рамаянасы», «Па Лак Па Лам» деген атпен пали тіліндегі «Типитака» атты будда канонынан аударылып, халық арасына кеңінен тараған. «Вессантра жатака», «Кампара жатака» т. б. көне үнді әдеби шығармалары Лаос фольклорына сіңісіп, кейіпкерлердің аты да өзгеріп кеткен. 16-17 ғасырдағы Лаос әдебиетінің ең биік шыңы - Панкхамның «Синсай» атты эпикалық поэмасы. Орта ғасыр дәуірінде адамдар арасындағы этикалық нормалар мен праволық қатынастарды суреттейтін діни-дидактикалық, дидактикалық-тұрмыстық Кэу Дангтың «Интианның өсиеті», «Атаның немересіне өсиеті» мен авторы белгісіз «Сиёу Сават», «Путтасен», «Мунла Тантай» атты повестер пайда болды. Лансанг мемлекетінің құлдырауына (1707) байланысты Лаос территориясының тәуелсіздігі жойылды, әдебиетінің дамуы тоқтады. Тек 2-дүние жүзілік соғыс аяқталған соң (1945) ұлт-азаттық күрестің жандануына байланысты адебиетте қайта өркендеу басталды. Қазіргі Лаос әдебиетінде шағын повесть, әңгіме, өлең, жыр, сондай-ақ публицистика жанрлары дамыған. Әсіресе Лаостың азат болған аймақтарында әдебиеттің дамуына жағдай жасалған. Оған Сомсидің өлеңдері мен Кхамлинг Фолсеннің «Кішкентай Си» (1969), Дыан Саванның «Өмір жолы» (1970) повестері дәлел бола алады.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Ежелгі өнер ескерткіштерінен алып гранит «құтылар» (Құмыралы аңғар, б. з. 1 ғ.), байырғы архитектуралық құрылыстардан Камбоджа прасаттарына ұқсас мінажатханалар (Инг-Ранг, б. з. 1-2 мың жылдың) сақталған. Б. з. 1 мың жылдықтағы Лаос өнеріне кхмерлердің, Ласанг мемлекетінің тұсында (14 ғ.) Камбоджа мен Сиам мәдениетінің ықпалы болды. Монастырь-ваттар (Луангпрабангтағы Сиенг-Тхонг, 1561, Фра-Кео, 1565; Вьентьяндағы Сисакет, 1820) салу өріс алған. Бұл монастырь комплекстерге ғибадатхана («бот»), кітапхана, монах үйі мен мінажатхана («тхат») кіреді. Тхаттар кей жағдайда өз алдына жеке комплекс болып та келеді (Вьянтьяндағы Луанг тхаты, 16 ғ.). Тас, ағаш, қоладан Будда мүсіндерін жасау 14 ғасырдан белгілі. Бұл орта ғасырлық бейнелеу өнерінің негізгі туыңдысы болып табылады. Нақышты ойма (боттардың ағаш фронтондарындағы, есік-терезелеріндегі алтын жалатқан ойма т.б.) дамыған. Боттардың іші негізінен діни тақырыптағы қабырға өрнектермен нақышталады. Француз отарлауы ұлттық мәдениеттің дамуына бөгет жасады. Азаттық алғаннан кейін ұлттық дәстүр жаңа арнамен дамыды. Құрылыс ісінде қазіргі архитектуралық үлгімен (Вьентьяндағы «Лансанг» отелі, 1963, арх. Кхамфет) қатар дәстүрлі ұлттық мәнер (Вьентьяндағы Ішкі істер министрлігінің үйі, 1960 жылдар, арх. Серг) қолданылады. Лаос тұрғындарының негізгі баспанасы - төбесін итар-қалап жапқан бір қабат каркасты үйлер. Қондырғылы кескіндеме (Нуараонг, Виливонг т. б.), графика (Самнан т. б.), мүсін өнері пайда болып, халық тұрмысы мен табиғат көріністерін шынайы бейнелейтін шығармалар туа бастады. Дәстүрлі ойма, тоқыма, металл қақтау әнері қайта өркендеді.

Музыкасы. Үнді және қытай мәдениетінің ықпалына қарамастан Лаос музыкасы дәстүрлі ұлттық қалпын сақтаған. Оның төркіні 12 ғасырға саяды. Халық музыкасы негізінен ел аузында сақталып келді. Әнді жеке орындаумен қатар бірнеше адамнын қосылып айтуы өріс алған. Музыка аспаптары: хен (бірнеше бамібук түтікшелерінен құралған үрлемелі аспап), флейта, екі ішекті скрипка, түрлі барабандар, дабыл, ксилофон, кон вон (бірнеше мыс дабылдан құралған соқпалы аспап) т. б. Бұған қосымша қазіргі оркестрлерінде европалық скрипка мен аккордеон пайдаланылады. Құрамы ларнетпен, үлкен барабандармен толықтырылған оркестрлер корольдық және діни мейрамдар кезінде, Корольдық балет өнер көрсеткенде ойнайды. Жауынгерлік билерді немесе «жынперіден аластау» рәсімін сүйемелдеу кгзінде негізгі рольді дабыл (гонг) атқарады.

Театры. Лаос театры Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің байырғы театрларына ұқсас. Мұнда би, музыка, пантомима және драма жанрлары тоғысқан. Театр элементтері еңбек, салт-жора мейрамдары мен сауықтағында кездеседі. Лаос театрының қалыптасуына буддизм ықпал етті. Театр негізінен үндінің «Рамаяна», «Махадхарата» эпостарынан үзінділер, сахнаға лайықталған ертегілер мен аңыз-әңгімелерді қойған. Актерлер көрсеткенде сәнді киім мен алуын түрге боялған лак маскаларды қолданады. Декорация мен бутафория жоқтығына қарамастан, олардың шабытқа толы мерекелік түрінде өтеді. Жүздеген жылдан Луангпрабанг сарайында ойын көрсетіп келе жатқан Корольдық батыс және ашық далада ойын қоятын  актерлер труппасы бар. Ертеден еле жатқан көлеңке және қуыршақ театрлары жұмыс істейді.

Лаос театры отарлау кезінде біршама құлдырап кетті. Бостандық үшін күзге кезінде театр ұлт-азаттық тақырыбына үн қосты. Жауынгерлер мен ауыл тұрғындары арасында ойын көрсететін жастар труппасы құрылды.

Әдеб.: Попов Г. П. За независимый и нейтральный Лаос. -М., 1961; Павловский В. Лаос в борьбе за свободу. -М., 1975; Кожевников В.А., Попов Р.А. Современный Лаос. -М., 1966; Переговоры о внутреннем урегулировании в Лаосе. «Международная жизнь». 1956, -М.; Декларация о нейтралитете Лаоса. Протокол к Декларации о нейтралитете Лаоса, «Известия», 1962, 31 июля; Мизев Ю. Я. Американцы в Индокитае, 1972; Нго Гуи Куин. Архитектура Лаоса. в кн.: Всеобщая история архитектуры, т. 9, Л.-М., 1971; Кожевников В. А., Седов Л. А. Лаос. -М., 1972.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-27 13:14:18     Қаралды-2369

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ІНЖУ ҚАЙДАН АЛЫНАДЫ?

...

Інжу - жануарлардан шыққан жалғыз асыл тас

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Әдетте біз Күнді газдың үлкен шары деп айтамыз.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »