UF

ЧИЛИ, Чили Республикасы (República de Chile) - Оңтүстік Америкадағы мемлекет. Материктің оңтүстік-батыс жағасында орналасқан. Оның құрамына жағалаудағы бірқатар аралдар (олардың ішінде ірісі Чилоэ аралы), Отты Жер аралының батыс бөлігі, сондай-ақ Тынық мұхиттағы Сан-Амбросио, Сан-Фелис, Хуан-Фернандес, Сала-и-Гомес, Пасхи т. б. аралдар кіреді. Перумен, Боливиямен және Аргентинамен шектеседі. Жері 756,9 мың км2. Халқы 17,7 млн. (2017). Астанасы - Сантьяго қ. Әкімшілік жағынан 25 провинцияға бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. 1973 жылғы 11 қыркүйекте әскери төңкерістен кейін Чилиде фашистік тәртіп орнады. Мемлекеттік пен үкімет басына әскери-үкіметтік хунта (қарулы күштердің 3 түрінің және карабинерлер корпусы өкілдері) келді. Хунтаның 1974 жылы 17 желтоқсандағы указы бойынша оның председателі ген. А. Пиночет Угарто республика президенті саналады. Председательге өкіметтің атқару билігі, ал хунтаға - заң шығару функциясы жүктелген.

Табиғаты. Чили - негізінен таулы өлке. Тынық мұхит жағалауындағы ені тар (кеңдігі 15 км-ден 365 км-ге дейін, ұзындығы 4300 км) аймақта орналасқан. Батысында солтүстіктен оңтүстікке қарай (41°30' оңтүстік ендікке дейін) Жағалық Кордильера созылып жатыр (орташа биіктігі 2000 м-ге дейін). Шығысында - Кордильераның бас жотасы; Чилидегі ең биік Охосель-Саладо тауы осында (6880 м, Аргентинамен шекарада). Бұл екеуінің арасында тектоникалық ойпат бар. Солтүстік-шығысы - Анд вулкандық тау жүйесінің оңтүстік-батыс бөлігі, қиыр оңтүстік-шығысында - Патагонияның жазық далалары мен Отты Жер аралының батыс бөлігі. Вулкан көп, атқылап жататын вулкандар да бар, жерсілкінуі жиі болып тұрады. Пайдалы қазындыларға бай: мыс және селитра (қоры жағынан дүние жүзінде 1- орында), темір рудалары, мұнай, табиғи газ, марганец, молибден, қорғасын, мырыш, вольфрам, уран рудалары, алтын, күміс, күкірт т. б. өндіріледі.

Чили тектоникалық субтропиктік және қоңыржай зоналарда орналасқан. Солтүстік бөлігінде (28° оңтүстік ендікке дейін) - тропиктік шөлге тән климат. Ауаның орташа температурасы шілдеде 15,6°С, қаңтарда 20,8°С. Жауын-шашын мөлшері, 100 мм-ге дейін, ал Атакама, Тамаругаль шөл далаларында т. б. жерлерінде жылдар бойы жауын-шашын болмайтын кездер де болады. Орталық бөлігінде (42° оңтүстік ендікке дейін) - жерортатеңіздік типтегі субтропиктік климат. Ауаның орташа температурасы шілдеде 7,7° С, қаңтарда 19,7°С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 200 м-ден 2000-2500 мм-ге дейін. Оңтүстік бөлігінде - қоңыржай ендіктің салқын ылғалды климаты. Ауаның орташа температурасы шілдеде 7,5°С-тан 1°С-қа дейін, қаңтарда 14° С-тан 7° С-қа дейін. Жылдық жауын-шашын мөлшері жағалауында 2500-3000 мм, тау беткейлерінде 7000 мм-ге дейін. Оңтүстік-шығысқа қарай континенттік климат арта береді, орташа айлық температура 2°С-тан 11°С-қа дейін болады, жылдық жауын-шашын мөлшері 230 мм-ге дейін. Өзендері негізінен орталық және оңтүстік бөліктерінде және таудан ағады, қысқа, суы мол болады. Көл көп. Солтүстік жағы құм төбелі, барқанды келеді, қиыршық тас үйіліп жатады, өсімдік мүлде дерлік жоқ, тек кактустар, сораң шөптер ғана кездеседі. Орталық бөлігіндегі өзен аңғарларында жұқа сұр қоңыр топырақты жерлерде мәңгі жасыл бұталар мен ағаштар (тик, литрэ, сабын ағашы т. б.) өседі, ал тау беткейлерінде 1200 м биіктікке дейін жерортатеңіздік типтегі орман, одан жоғары қылқан жапырақты ағаштар өседі және альпілік шалғын. Оңтүстігінде (46° оңтүстік ендікке дейін) орманды жердің сүр топырағында шамшат ағаштары, тау беткейлерінде аралас орман өседі. Жануарлары: түлкі, пума, гуанака, бұғы, скунс, камшат т. б., құстан тоты құс, шағала, альбатрос т. б. кездеседі. 23 ұлттық парк және жалпы ауданы 17 мың км2 орман қорықтары бар.

Халқының 90%-і чилиліктер (үндістер мен қоныс аударушы испандардан шыққан будан); үндістер аз қалған. Сондай-ақ немістер, итальяндар, испандар, аргентиндер, арабтар т. б. тұрады. Діні - католиктік. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге 14 адамнан. Қала халқы 74% (1975). Ірі қалалары - Сантьяго, Вальпараисо, Консепсьон, Винья-дель-Мар, Антофагаста.

Тарихы. Американы ашып, жаулап алғанға дейін Чили территориясын 1 млн. адамға тарта үндіс тайпалары мекендеді. Чили жағалауында негізінен балықшы чанго немесе уру тайпалары тіршілік етті. Атакаменьо үндістері егіншілікпен және мал шаруашылығымен шұғылданды. Чилидің орталық бөлігін мапуче немесе анағұрлым жақсы дамыған жергілікті тайпалар - араукандар мекендеді. Олар картоп, маис егіп, қой бақты, суландыру жүйесін пайдаланды. Аңшы әрі балықшы чон тайпасы Патагония және Отты Жер территориясын мекендеді. Бұлардың барлығы да 16 ғасырдың басына дейін рулық құрылыста өмір сүрді.

1535 жыл Испан конкистадоры Диего де Альмагро өз отрядымен Чили территориясына басып кірді. Бірақ үндістерден қатты қарсылық көрген Альмагро Перуге қайтып оралды. 1540 жылы Педро де Вальдивия Мапочо өзен алабына жетіп, Сантьяго қаласының іргесін қалады (1541, ақпан). 1546 жылы олар араукандар жеріне енді. 1553 жылы Лаутаро бастаған үндістер басқыншылар әскерін талқандады. Вальдивия қолға түсіп өлтірілді. Чилиді жаулап алуды Гарсиа Уртадо аяқтады, Араукандардың 1571, 1655, 1723 жылдардағы көтерілістері отаршылдарға қарсы кескілескен соғысқа ұласты. Басқыншылар Чилиде қатал отарлау тәртібін орнатты. Чили территориясы номиналды түрде Перу вице-корольдығының құрамына енгізілді, бірақжергілікті отарлаушы өкімет орындары өз бетінше билік етті (1778 жылдан Чили - генерал-капитандық). Үндістер арасына күшпен католик діні таратылды. Чили экономикасында ауыл шаруашылығында маңызды роль атқарды. Жаңадан бидай, арпа, сора егілді. Мал шаруашылығы (жылқы, шошқа, қой), бақша және балық шаруашылығы дамыды. 17-18 ғасырларда қайта өңдеу өнеркәсібі құрыла бастады. Алтын, күміс, мыс өндірілді.

Отарлаушы өкімет орындары Чили өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығының дамуын тежеп бақты. Шет мемлекеттермен сауда жасауға тыйым салды. Жерге феодалдық билік ішкі рыноктың кеңеюіне кедергі жасады. 18 ғасырдың ақырында Испания отарлық шектеулерді жеңілдететін бірқатар реформаларды жүзеге асырды. 1767 жылы иезуиттер жер аударылды да, олардың иеліктері конфискеленіп сатылды. Бірақ помещиктердің жер иеліктері Чили ауыл шаруашылығының негізі болып қалды. 1798 жылы Чили автономия алды. Солтүстік Америкадағы революция оқиғалар мен 18 ғасырдың ақырындағы Ұлы француз революциясы отарлау тәртібіне қарсы креолдар наразылығын күшейтті. 19 ғасырдың ақырында Чилиде азаттық қозғалыс өрши түсті. Патриоттар отарлық билікке қарсы ашық күреске шақыра бастады. Бұл кезеңдегі азаттық қозғалысының көрнекті өкілдері - X.А.Рохас, Ш. де Салас және Б. О’Хиггинс.

Американың басты отарлық орталықтарындағы, әсіресе Буэнос-Айрестегі испан үстемдігіне қарсы 1810 жылғы сәуір-маусымдағы революция қимылдар Чилиде қызу қолдау тапты. Республика орнату жолында күреске шақырған революция листовкалар таратылды. 1810 жылы 18 қыркүйектегі Сантьяго азаматтары өкілдерінің жиналысында ұлттық үкімет хунтасы сайланды. 18 қыркүйек Чили халқының ұлттың мереке күні болып белгіленді. Хунта отарлық үстемдіктің шақырағын шайқалтқан бірқатар шараларды жүзеге асырды. Буэнос-Айреске әскери көмек берді, ұлттық армия құрды, әкономикалық дағдарысқа қарсы күрес мақсатымен сауда бостандығы туралы шешім қабылдады. 1811 жылы ұлттық конгресс сайлауы өткізілді. 1811 жылы 4 қыркүйекте X.Каррера бастаған тәуелсіздікті жақтаушылар көтеріліске шығып, жаңа хунта құрды. Олар Перумен қатынасты үзді, негрлерді құлдану тәртібін ішінара тежеді.

1813 жылы қаңтарда Перуден испан әскерлері келіп түсті. Елде азамат соғысы басталды. Патриоттар толық тізе бүкті. 1817 жылдың басында Сан-Мартин менО’Хиггинс Аргентина территориясында азаттық армиясын құрып, Андтан асты да, испан басқыншыларына қарсы соғысты жаңғыртты. Чакабуко (1817 жылақпан) түбіндегі ұрыста испандықтарды тас-талқан етіп, Сантьягоға кірді. О’Хиггинс жоғарғы билеуші болып тағайындалды. 1818 жылы 12 ақпанда бүкіл елдің тәуелсіздігі жарияланды. Майпу жағасында болған шешуші шайқаста (1818 жыл 5 сәуір) патриоттар отаршылдарды біржолата тізе бүктірді.

Тәуелсіздік жолындағы ұзақ жылдарға созылған соғыс азаттық революциясының негізгі әлеуметтік-экономикалық міндеттерін шеше алмады. О’Хиггинс үкіметінің саясаты феодал помещиктер мен клерикалдар тарапынан қатты қарсылық көріп, ақыры О’Хиггинс бипіктен қол үзді де Перуге айдалды (1823 жыл қаңтар). Президент ген. Р. Фрейре О’Хиггинстің саясатын одан әрі жалғастырды. Ол құлдықты біржолата жоюды жариялап, федерациялық конституцияны енгізді. Жер неленуші олигархия бұл конституцияны да іске асыртқызбай, Фоейре отставкаға шығуға мәжбүр болды (1827 жыл мамыр). Уақытша президент болған генерал Ф.А.Пинто тұсында байырғы «баяу» топтар Консервативтік партияны құрды (1828). Республиканы жақтаушылар кескілескен күресте 1828 жылғы конституцияны қабылдауға қол жеткізіп, буржуазия бостандық жариялаған Либералдық партияға бірікті. Екі партияның арасындағы шиеленіскен күрес азамат соғысына ұласып, 1830 жылсәуірде консерваторлардың жеңісімен аяқталды. Жер иеленуші олигархияныц үстемдігі нығайтылды. Бұл кезеңде елдің солтүстігінде кен өндірісі едәуір өрістеді. Сауда жанданып, қалалар өсіп жетілді. Өнеркәсіп дамыды. Елде буржуазия күш ала бастады. Бар байлық помещиктер мен ірі финанс иелерінің қолына тойтастырылды. Либералдық топтар демократиялық реформалар жүргізу, конституцияны қайта қарау жолында күресті. 1865 жылы Ч. Испанияға қарсы соғысқа тартылды. Соғыс Чили экономикасы мен саудасын әлсіретті. 1870 жылы Чилидің мемлекеттік қарызы 63 млн. песоға жетті. Либералдық реформалар жолындағы күрес қайта жанданды. Ақыры консерваторлар үкіметтен шығып, 1875 жыл олардың орнына радикалдар келді. Бұл кезеңде Европадан иммиграцияға келген озық ойлы жұмысшылардың ықпалымен пролетариаттың таптық сана-сезімі өсті. Тұңғыш жұмысшы газеті (1875) ұйымдасты. 80 жылдардың ақырында чили ұлты түпкілікті қалыптасты. Чили ағылшын монополистерінің арандатуымен Перу мен Боливияға қарсы жаңа соғысқа шықты (1879-1883). Анкон бітім шарты бойынша Перудің Тарапак, Антофагаст аймақтары Чилиге қосылды. Бұл өлкелер табиғи селитраға бай болатын. Либерал Хосе М. Бальмаседа 1886 жылы өкімет басына келгеннен кейін ел экономикасы интенсивті дамыды. Пролетариат айтарлықтай өсті. 1890 жыл 150 мың жұмысшы болды. 1887 жыл Демократиялық партия құрылды. Ол Бальмаседаның экономикалық программасын қолдап, халыққа әлеуметтік-экономикалық бостандық әперуді мақсат етті. Шетел капиталымен байланыстағы банкирлер, саудагерлер Бальмаседа саясатына қарсы шықты. Бұл блокты шіркеу мен Чили әскер басылары қолдады. Ақыры осылар душар еткен азамат соғысының нәтижесінде Бальмаседа үкіметі құлады (1891). Чилидің селитра өндірісінде ағылшын капиталының ықпалы, жер иеленуші олигархпя мен финанс шонжарларының билігі бұрынғыдан да күшейді. Икик, Антофагаст, Вальпараисо, Сантьяго, Консепсьон қалаларында ірі-ірі ереуілдер шықты. Чили жұмысшыларының федерациясы (ЧЖФ, 1909) құрылды. Социалистік жұмысшы партиясын (СЖП, 1912) құрған жұмысшы қозғалысының аса корнекті басшысы Луис Э. Рекабаррен саяси аренаға шықты. 1-дүние жүзілік соғыс кезінде бейтараптығын сақтаған Чилиде шикізат көздері үшін Англия, Германия, АҚШ арасында күрес қыза түсті. АҚШ монополиясы мыс өнеркәсібін басып алды.

Соғыстың ақырында елдің экономикасы құлдырап кетті. Ауыл шаруашылық өнімдері халықтың қажетін өтей алмады. 1920 жылы басталған экономикалық дағдарыс еңбекшілерді күйзеліске ұшыратты. Жұмысшы табы өз праволарын белсенділікпен қорғады. Еңбекшілер қозғалысында Россиядағы Ұлы социалистік революциясының ықпалы күшті болды. Ол барлық еңбекшілер арасында қызу қолдау тапты, таптық күрес күшейді. 1922 жылықаңтарда СЖП Чили Коммунистік партиясы (ЧКП) болып қайта құрылды. Жұмысшы табының қысымымен либерал А. Алессандри Пальма үкіметі демалыс күні бар 8 сағаттық жұмыс күнін енгізді, кәсіпқорлардың зорлық-зомбылығын шектейтін әлеуметтік және еңбек заңдарын қабылдады. 1925 жылы басқарудың демократиялық формасын жариялап, шіркеуді мемлекеттен бөлген жаңа конституция қабылдады. Дегенмен 1927 жылы Чилиде барлық революция ұйымдарға тыйым салған полковник К. Ибаньес дель Кампоның диктатурасы орнады. Ибаньес экономикалық дағдарыстан шығу жолын іздеп, селитра өнеркәсібін АҚШ империалистерінің қолына берді. Бұған наразы болған халық көтеріліске шықты (1931 жылшілде), елде азаматтық тәртіп орнады. Ибаньес шетелге қашты. 1932 жылмаусымда ұсақ буржуазиялық интеллигенттері мен полковник М. Грове бастаған әскери адамдар мемлекеттік төңкеріс жасап, Чилиде «Социалистік республика» жариялады. Мұнымен қатар жұмысшы және шаруа депутаттарының Советтері туды. Алайда жаңа әскери төңкеріс нәтижесінде республика құлап, өкімет басына Ибаньесті жақтаушы К. Давила келді. Жұмысшылар аяусыз қырғынға ұшырады. Елде фашистік қозғалыс басталды. 1932 жылықазанда А. Алессандри екінші рет президент болды. Бірақ халықтың ауыр халі сол күйінде қалды. 1936 жылынаурызда құрамына Коммунистік партия, Радикалдық партия, Социалистік партия, кейінірек Демократиялық партия және желтоқсанда негізі қаланған Чили еңбекшілерінің конфедерациясы (ЧЕК) енген Ұлттық майдан құрылды. Бірақ Социалистік партияны басқаратын солшыл реформистердің сатқындығы салдарынан Ұлттық майдан тарап кетті (1941 ж. қаңтар). 1944 жылыжелтоқсанда СССР-мен дипломатиялық қатынас орнады. 1945 жылыақпанында Чили Германияға, сәуірде - Жапонияға соғыс жариялады. 1946 жылықыркүйекте өкімет басына радикал Гонсалес Виделаның үкіметі келді. Үкімет құрамына алғаш рет коммунистер енді. Дегенмен, 1947 жылдың басында-ақ Виделаұлттық мүддені сатып кетіп, АҚШ-тың қысымымен коммунистерді үкімет құрамынан шығарды, СССР-мен дипломатиялық қатынасты үзді. 1948 жылы конгресс ЧКП-ні заңсыз деп есептейтін «демократияны қорғау туралы» реакциялық заң қабылдады. Ондаған мың чилиліктер сайлау правосынан айрылды. Солтүстік американ капиталының ролі артты. 1951 жылы коммунистер мен социалистер Халық майданын құрды, ол 1956 жылы Халық қимылының революция майданы (ХҚРМ) болып қайта құрылды. 1956 жылы астыртын жағдайда ЧКП-нің 10-съезі өтті. ХҚРМ-нің қысымымен Ибаньес үкіметі антикоммунистік заңды тыйып, ЧКП астыртын жағдайдан шықты. 1958 жылы сайлауда солшыл күштер айтарлықтай табысқа жетті. 1964 жылғы сайлауда ХҚРМ С.Альенденің кандидатурасын ұсынды. Бірақ Христиандық-демократиялық партия (ХДП) екілі Э. Фрей Монтальва президент болды. 1964 жылы СССР-мен дипломатиялық қатынас қалпына келтірілді. 1969 жылыжелтоқсанда ЧКП-ні, Чили Социалистік партиясын, Чили Радикалдық партиясын, сондай-ақ Социалистік-демократиялық партияны, Бір тұтас халық қимылы қозғалысы, Тәуелсіз халық қимылы партияларын біріктірген Халық бірлігі блогы құрылды. Ол мемлекеттік өкімет билігі органдарын қайта құру, табиғи байлықтарды, банкілерді, сыртқы сауданы, ірі монополияларды национализаңиялау, аграрлық реформаны тездету және тереңдету программасын қабылдады. 1970 жылғы сайлауда, реакциялық күштердің сан түрлі қулық-сұмдықтарына қарамастан, көрнекті саяси және мемлекеттік қайраткері, социалист С. Альенде қарашада президент болып сайланды. Ол Халық бірлігі блогының программасын жүзеге асыра бастады. Альенде үкіметі 350 жеке компанияны (оның ішінде шетел монополиясы да бар), сауда фирмаларын, жеке банкілерді, Чилидің аса ірі монополиялық бірлестіктерін национализациялады. Шаруалар 9 млн. га-дан астам жер алды. Үкімет реакциялық күштер тарапынан ұйымдасқан қарсылыққа кездесті. Олар әдейі экономикалық қиындықтар тудырды, көшелерді бұзақылық жайлады, арандатушылық ереуілдер ұйымдастырды. Өкінішке орай өкімет билігінің буржуазия конституциялық формасы мен сот органдары бұрынғы мырзалардың қолында қалды. Осыған қарамастан, Халық бірлігі блогының партиялары 1973 жылғы марттағы сайлауда ірі жеңіске жетті (дауыстың 43%-і). Американ империализмінің тікелей қолдауымен және Орталық барлау басқармасы (ОББ) агенттерінің қатысуымен қарулы күштер генералитеті мен офицерлерінің реакциялық тобы 1973 жылы 11 қыркүйекте мемлекеттік төңкеріс жасады. Бүлікшілер президент Альендені өлтірді. Өкімет басына келген әскери хунта фашистік диктатура орнатты. Елде жаппай қанды террор басталды. Ондаған мың патриоттар, Халық бірлігі қайраткерлері т. б. қаза тапты. ЧКП бас секретары Л. Корвалан жазықсыз тұтқынға алынды. Хунта халық бірлігі блогына кіретін партияларға тыйым салды, ұлттық конгресті таратты, Чили халқының әлеуметтік-экономикалық жетістіктері жойылды, С.Альенде үкіметі национализациялаған заводтар мен фабрикалар бұрынғы иелеріне қайтарылды. Шаруалар алған жерлер помещиктерге берілді. СССР-мен басқа да социалистік елдермен дипломатиялық қатынас үзілді. Фашистік хунта ҚХР үкіметімен экономикалық және саяси тығыз байланыс орнатты. Еңбекшілер тұрмысы күрт төмендеді; 1976 жылы елдің еңбек етуші халқының 20%-і жұмыссыз қалды. Хунта елдің экономикасын милитарландыруда, империалистік мемлекеттермен байланысын нығайтуда. Дүние жүзі прогресшіл күштерінің қысымымен және Совет Одағының қолдауымен хунта 1976 ж. желтоқсанда ЧКП-нің Бас секретары Л. Корваланды босатуға мәжбүр болды.

Саяси партиялары мен кәсіподақтары. Халық бірлігі блогына кіретін партиялар:           ЧилиСоциалистік партиясы, 1933 жылы негізі қаланды. ЧилиКоммунистік партиясы, 1922 жылы негізі қаланды. ЧилиРадикалдық партиясы, 1883 жылы негізі қаланды. Біртұтас халық қимылы қозғалысы, 1969 жылы негізі қаланды. Бұлардың барлығы астыртын жұмыста. Христиандық-демократиялық партия, 1957 жылы негізі қаланды. Хунта оның қызметіне тыйым салды. Чили еңбекшілерінің бір тұтас кәсіподақорталығы, 1953 жылы негізі қаланды. Астыртын жұмыста.

Экономикасы. Чили- кен өндіру өнеркәсібі дамыған аграрлы ел. Кен өндіру ұлттық табыстың 9,5%-ін береді. Мыс өндіру жөнінен Чили 1974 жылы капиталистік дүниеде 2-орын, молибден өңдіруден 3-орын, ал оны сыртқа шығарудан 2-орын алды. Чили селитра мен йодты экспортқа өте көп шығарады. Елдің экономикасында АҚШ-тың капиталы басым. АҚШ-тың Чилиде орналасқан жеке меншік капиталы 1970 жылдың аяғында 749 млн. доллар, оның ішінде кен өндіру өнеркәсібіндегі капиталы 455 млн. доллар болды. С. Альенденіңүкіметі 1971 ж. АҚШ-тың «Анаконда», «Кеннекотт», «Серро корпорейшн» кенруда компанияларын национализациялаған болатын. 1974 жылы Чили өкімет орындары сол компанияларға тиісінше 253,4, 54,0 және 41,8 млн. доллардан кәсіпорындардың құнын өтеу туралы келісімдер жасасты. «Чукика-мата», «Эль-Тэньенте», «Эль-Сальвадор» рудниктерінде мыс рудасы өндіріледі, оларға жақын жерде байыту ф- калары, мыс қорыту з-дтары орналасқан. 1974 жылы 902,7 мың т мыс, 10 351 мың т темір рудасы, 738 мың т селитра, 1529 мың т көмір, 1599 мың м2 мұнай, 2,3 мың т йод өндірілді. Бұлардан басқа күкірт, марганец рудасы, алтын, күміс өндірілді. Тамақ және тоқыма енеркәсібі елеулі орын алады. Чилиде 5 қант з-ды бар (1974 ж. 301,5 мың тқант өндірілді). Ет, шарап, балық консервілеу з-дтары шоғырланған. Тоқыма ф-каларының 60%-і Сантьягода, 30%-і Консепсьонда. Мұнай өңдеу (Канкан, Консепсьон), мұнай химиясы (Консепсьон, Сан-Висентэ, Вальпараисо) дамып келеді. Фосфор тыңайтқыштары, күкірт қышқылдары, содалар, болат қорытылады. Сантьяго мен Вальпараисода автомобиль құрастыру және жөндеу з-дтары бар. 1974 ж. 9297 млн. квт-сағ. электр энергиясы өндірілді. Ауыл шаруашылық нашар өркендеген. Жерінің 6%-і ғана өңделеді. Басты саласы - егіншілік, ол елдің орталық бөлігінде. Бидай, жүгері, сұлы, арпа, күріш, картоп, бұршақ, қант қызылшасы т. б. дақылдар егіледі. Солтүстігінде лама, мүйізді ірі қара мал, орталық бөлігінде мүйізді ірі қара мал, қой, ешкі, оңтүстігінде қой өсіріледі. Темір жолдарыныд ұзындығы 9757 км-дей, теңіз флотының тоннажы - 459 мың брутто рег. т, автожолы 70 мың км (1974).

Чили сыртқа мыс, темір рудасын, селитра, йод, балық ұнын, ағаш өнімдерін шығарады. 1974 жылы экспорты 2078 млн. доллар, оның ішінде мыс 1600 млн. доллар болды. Сырттан астық, мұнай, химия өнімдерін, машиналар мен жабдықтар т. б. алады. 1974 ж. импорты 2231 млн. долларға жетті. Негізгі сауда әріптестері: АҚШ, ГФР, Жапония, Аргентина, Ұлыбритания. Ақша өлшемі- песо. 1976 жылдың декабрінде сыртқы саудада 17,42 песо 1 АҚШ долларына тең болды.

Денсаулық сақтау ісі. 1972 жылы Дүние жүзілік Денсаулық сақтау ұйымыныц мәліметі бойынша, әр 1 мың адамғашаққанда орта есеппен туатын бала саны - 25,0, өлген адам - 8,8, тірі туған әр 1 мың баладан өлгені - 78,0. Адам өмірінің ұзақтығы - 59 жас. Жиі кездесетін аурулар - жүрек қан тамыр ауруы, қатерлі ісік, өлімнің негізгі себебі де солар. Чилиде, әсіресе, балалар инфекциясы, іш сүзегі, қылау, эпидемиялық гепатит, мерез, гельминтоз жиі кездеседі. 1974 жылы 37,2 мың төсектік (1 мың адамға 3,6 төсек) 295 мемлекеттік аурухана мекемелері болды. 1974 жылы елде 4,3 мың дәрігер (2,4 мың адамға 1 дәрігер), 1,4 мың тіс дәрігері, 22,0 мыңға жуық орта дәрежелі медицина қызметкерлері болды. Дәрігерлердің 60%-ке жуығы Сантьяго провинциясында қызмет істейді.

Оқу-ағарту ісі. Чилиде 1976 жылы сауатсыздық селолық жерде - 34%, қалада 9% болды: 6-15 жас арасындағы балалар міндетті оқуға тартылды. 1974 жылы балалар бақшасында 93195 бала тәрбиеленді.

Міндетті оқу - негізгі 8 жылдық мектептерде жүзеге асады. Мектепке 6 жастан асқан балалар барады. 1974 жылы 3 жылдық негізгі мектептерде 1 320 502 оқушы оқыды. 8 жылдық мектептердің негізгі базасы - 4 жылдық жалпы білім беретін және 5 жылдық кәсіптік-техникалық мектептері болып есептеледі.

1973 жылы барлық орта мектептерде 445 862 оқушы болды, оның 282 721-і жалпы білім беретін, 163 141-і кәсіптік-техникалық мектебінде оқыды. 1974 жылы орта мектептердің барлық түрінде - 452 546 оқушы болды. 1973 жылы орта білім алуға 48% - 14-17 жас арасындағы жас өспірімдер, ал жоғары білім алуға 11% - 20-24 жас арасындағылар тартылды.

Чилиде 8 унивесрситет (5-і жеке меншік) және жоғары оқу орындары, 2 консерватория, қосалқы өнер мектебі бар. Чилидегі ең ірі университет - Сантьяго ун-ті, 1739 жылықұрылған. 1975-1976 оқу жылында университетте 64 000 студент оқыды. Ал 1974 жылы барлық университеттерде 144 165 студент болған еді. Чилиде 4 академия, 79 ғылыми орталық, 18 кітапхана, 18 ұлттық музей бар.

Баспасөзі, радиохабары, телевизиясы. Чилиде әскери төңкеріске дейін 1973 жылықыркүйекте 68 күнделікті газет (жалпы тиражы 800 мың данадан астам) басылды. Әскери хунта өкімет басына келген соң барлық прогресшіл газеттің шығуына тыйым салынды. Негізгі газеттері: Чили Коммунистік партиясының (ЧКП) орталық органы «Сигло» («Ғасыр»), күнделікті газет, 1940 ж. 31 тамыздан шығады, 1973 жылы 11 қыркүйекте хунта талқандаған, 1973 ж. 5 қазанда астыртын басылады. ЧКП органы «Унидат антифасиста» («Антифашистік бірлік») 1974 жылдан астыртын шығады, «Меркурио» күнделікті газет Сантьягода 1900 жылдан, Вальпараисода 1827 жылдан, Антофагосте 1906 жылдан басылады; үкімет газеті «Насьон» («Ұлт»), Сантьягода 1917 жылдан шығады, 1973 жылы 11 қыркүйекте хунта талқандаған; «Ультимаснотисиас» («Соңғы жаңалықтар») - күнделікті газет, Сантьягода 1950 жылдан шығады т. б. Журналдары: ЧКП ОК-нің теориялық органы «Принсипиос» («Принциптер») 1939 жылы құрылды, 1973 жылықыркүйекте хунта тыйым салған, 1976 жылықаңтардан астыртын басылады; апталық суретті журналдары:          «Веа» (1939), «Эрсилья»,(1934), «Ребельде» (1974), т. б. Ахенсиа Информатива Орбе - Сантьягода 1953 ж. құрылған жеке меншік информациялық агенттік. Радиохабар таратушы Чили ассоциациясы (1930) 45 радио станцияны біріктіреді. Чилидің ұлттық телевизиясы Сантьягода орналасқан, ол 15 телестанцияны біріктіреді.

Әдебиеті. Испан тілінде дамыған. Испандық А. де Эрсилья-и-Суньиганың (1533-1594) «Араукана» поэмасы (1569-1589) - Чилиәдебиетіндегі көлемді шығарма. Америкадағы испан отаршыларына қарсы соғыс кезіндегі (1810-1826) негізгі жанр публицистика (К. Энрикес, 1769-1825) болды. Тәуелсіздікті жеңіп алған соң (1818) Чили әдебиетінің ұлттық мазмұны мен реалистік белгілері арта түсті. Прозада X. Вальехо (1811-1858) негізін салған тұрмыстық (костумбризм) тенденция белең алды. 19 ғасыр ортасында сыншыл реализм пайда болды. Оның ірі өкілі - «Чилидің адам комедиясы» атты романдар циклін жазған А. Блест Гана (1830-1920). 19 ғасырдың соңы, 20 ғасырдың басындағы испан-американдық модернизм бағытында дами бастаған Чили поэзиясынан жаңа түр және образдылықты іздену байқалады. К. Песоа Велис (1879-1908) өлеңдерінде табиғат суреті, қарапайым адамдар өмірі бейнеленген. 20 ғасыр басында Ф. Гана (1867-1926), М. Латорре (1886-1955), Л.Дуран (1895-1954) прозалық шығармаларында әлеуметтік проблемаларды көтерді. Б. Лильо (1867-1923) «Жер астында» (1904, орыс тілінде 1962) атты әңгімелер жинағында шетел компаниялары шахтерлерді қалай қанағанын әшкереледі. Ақын Гарбиела Мистраль (1889-1957) «Торыгу» (1922) т.б. жинақтарында Латын Америкасындагы халықтар санасының ерекшеліктерін бейнеледі. Ұлт-азаттық қозғалысының Чилиде күшеюіне, 1-дүние жүзілік соғыс пен Ұлты революцияның әсер етуіне байланысты поэзияда революция әуен орын алды.

Чилидің көрнекті ақыны П. Неруда (1904-1973) интимдік, субъективтік лирикадан поэзияның азаматтық тақырыбына («Испания жүрегімде», 1937; Жалпыға тән өлең» поэмасы, 1950), шындықты терең, филос. оймен бейнелеуге («Алғашқы мүліктерге ода», 1954-1957 және 60-70 жылдардағы өлеңдері) ойысты. Халықтық майдан өкімет басына келуіне байланысты (1937) әлеуметтік мәселені қызыға жазуға құлшыну Н. Гусман (1914-1964) мен Д. Муньостың (1903 ж. т.) прозалық шығармаларынан да айқын байқалды. М. Рохас (1896 ж. т.) романдарында әлеуметтік проблемалар кейіпкерлердің ішкі дүниесін бейнелеу арқылы көрсетілді. Ф. Колоане (1910 ж. т.) теңіз жағалауы өлкесінің өзіндік дүниесін, табиғат сұрапылын жеңушілерді бейнеледі. Э. Делано (1910 ж. т.) және В. Тейтельбойм (1916 ж. т.) романдарынан жұмысшылар күресін көрсетудегі тарихи оптимизм айқынырақ көрінеді. 50-60 жылдардағы прозадан жаңаша баяндау шеберлігін игеру, психологизм бой көрсетті. 70 жылдардағы әдебиеттен ақын-жазушылардың өмірді нақтылай көрсетуге бейімділігі байқалды. Фашистік бүлік (1974) прогресшіл әдебиетшілерді қудалап, қатаң цензура енгізді, кітап дүкендеріне лақап және конформистік әдебиет толып кетті. Чили әдебиетінен Пабло Неруданың «Поэмалары» (1952), «Өлеңдер мен поэмалары» (1972) қазақ тілінде шықты.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері.Чили территориясын мекендеген үндістердің байырғы өнері(әсіресе солтүстік бөлігінде) өркендеген Перу мәдениетімен (қорғандар, бекініс қоныстар, алуан пішінді керамика, металл әшекейлер, тастағы суреттер) тығыз байланысты. Байырғы өнер дәстүрі ішінара үндістердің халық творчествосында (тоқымашылық, нақышты жазба, агаш ұқсату өнері) сақталған.

16 ғасырда тұргын үйлер мен шіркеулер орналасқан бекініс қамалдар ірге көтеріп, діни сипаттағы кескіндеме мен мүсін өнері пайда болды. 18-19 ғасырдың бас кезінде үш аулалы, нақышты порталы мен әсем қоршауы бар үйлер салына бастады. Зергерлік бұйымдарын (күміс) жасау, мүсін-ескерткіштер тұрғызу, нақышты жазба өнері мен портрет жанры (кескіндемешілер А. Сантелисес, X. Хиль де Кастро) дамыды. 19 ғасырдағы сәулет өнерінен эклектика сарыны белең алды. Осы кезеңдегі кескіндеме (М. А. Каро, П. Лира) мен мүсін өнерінен (Н. Пласа, В. Ариас) халық тұрмысын бейнелеуге бетбұрыс аңғарылады.

20 ғасырда қалаларда негізінен жатаған үйлер сап түзеді. 20 ғасырдың орта кезінде қазіргі архитектуралық үлгідегі қоғамдық ғимараттар (архитекторлар С. Ларрайн, Э. Дуарт Аростеги, X. Бельяльта) бой көтерді. Кескіндеме жанрында ұлттық реалистік дәстүрді (А. Гордон мен Э. Ёарреда) одан әрі жалғастырды. М. Бонта, К. Эрмосилья Альварес, X. Вентурелли кескіндемелері мен графикаларында әлеуметтік сыншылдық мазмұн басым болды. Кескіндемеші Р. Матта Эчауррен өз творчествосында Чили халқының шиеленіске толы тағдырын бейнелеуге ден қойды. Мүсіншілер Л. Домингес, С. Роман Рохас өз еңбектерінде байырғы монументті формаларды жаңа қырынан ұтымды қолданды.

Музыкасы. Чилидің халық музыкасы басқа Латын Америкасы елдеріндегі сияқты креоль, африкан және үндіс музыкасынан құралады. Лирикалық халық әні - тонада (гитараның сүйемелдеуімен жеке немесе екі адам орындайды), халық билері - кузка және испан биінің әсерімен туған кандо, рефалоза. Профессионалдық мектептің қалыптасуы европалық музыканттардың творчествосымен тығыз байланысты. Тәуелсіздікке ие болғаннан кейін Сантьягода симфониялық музыканы насихаттауға деп қойған Филармония қоғамы (1810), Ұлттық консерватория (1849), қалалық театр (1857) ұйымдастырылды. Чилидің тұңғыш композиторлары - X. Сапиола, М. Роблес, А. Риад. 19 ғасырдың аяғы мен 20 ғасырдың бас кезінде ұлттық композиторлық мектеп қалыптасты. Белгілі өкілдері: П. У. Альенде,Э.Соро, К.Лавин, К.Исамит. Хор коллективтері кең танылған. Таңдаулылары: Сантьягодағы Чили ун-тінің хоры, Консепсьондағы Полифониялық хор, Вальпараисодағы Камералық хор, Вальдивиядағы Оңтүстік ун-ттің хоры.

Белгілі музыканттары: ұлттық бағыттағы композиторлар П. Гарридо,X. Уррутиа Блондель, А. Летельер,X. Оррего-Салас, Г. Г. Бессерра; пианистер К. Аррау, Ф. Герра; дирижерлер А. Карвахаль, X. Маттеуччи; халық әндерін орындаушылар М. Лойола, В. Парра т. б.; музыка зерттеушілері К. Исамит, С. Кларо, Р. Баррос. Чили ун-тінде музыка ф-ті, Сантьягода Музыка зерттеу институты жұмыс істейді. Өкімет басына әскери хунтаның келуіне байланысты (1973 жылы қыркүйек) көптеген мәдениет қайраткерлері репрессияга ұшырады, ақын әрі әнші В. Хара айуандықпен азапталды. Бірқатар музыканттар шетелдерге қоныс аударды.

Театр. Чили территориясын мекендеген үндістердің билері мен салт-жораларында театр элементтері мол сақталған. Отарлану кезеңінде иезуиттер діни сюжеттегі ойындар қойды. Зиялыларға арналған ойын-сауықтар негізінен испан жазушыларының пьесалары бойынша испан труппаларының қатысуымен көрсетілді. 1693 жылы Сантьягодағы мейрамдардың бірінде чилилік белгісіз автордың «Чили Геркулесі» комедиясы қойылды. 1815 жылы Сантьягода тұңғыш театр гимараты тұрғызылды.

19 ғасырдағы белгілі драматургтары: X. Эганьи, Д. Баррос Грес, С. Санфуэнтес,К. У. Мартинес, Д. Искьердо. 19 ғасырдың аяғында гастрольдік сапармен Чилиде болған шетел актерлері мен режиссерлері (К. Агилар, X. А. Касакуберта,Ф. Касерес, X. Моралес) сахна өнерінің өркендеуіне елеулі ықпалын тигізді. 1912 жылы драматургтар қоғамы,1915 жылы Чили актерлерінің қоғамы құрылды. 20 ғасырда А. Асеведо Эрнандес, А. Мукк, И. Агирре, X. Диас, Э. Вольф,М. А. Рекена, С. Воданович сынды драматургтардың есімі көпке танылды. Режиссер П. де ла Барраның басшылығымен ұйымдастырылған Чили университеті экспериментті театрының (1941) сахна өнерін ілгері дамытудағы ролі зор болды. 1940 жылдардан бастап Чили театрларында Станиславский жуйесікең тарай бастады. 1950-1960 жылы театр фестивальдары жүйелі түрде өткізіліп  тұрды. 20 ғасырдағы белгілі актерлері мен режиссерпері - С. Пинейро, М. Франк, Э. Гахардо, Д. Пига, М. Малуәнда, А. Сиро, М. Гансалес т. б. Халық бірлігі кезеңінде бірқатар әуесқой және жартылай профессионалды труппалар құрылып, олар жұмысшылар мен шаруаларға, студенттерге спектакльдер қойды. Фашистікәскери төңкерістен соң театр өнері біршама тоқырады. Көптеген театр қайраткерлері репрессияға ұшырады.

Киносы. 1907 жылы тұңғыш документгі фильм түсірілді. 1916 жылы «Апатпен тыну» көркем фильмі (реж. С. Джамбастьяни) жарық көрді. 1934 жылдан дыбысты картиналар шығару қолға алынды. 1945-1946 жылдар жылына 14 фильмнен қойылып отырды. Кейін шығарылатын фильм саны күрт төмендеп кетті. 50-60 жылдардың таңдаулы фильмдері - «Қанды кен» (1954, реж. Э. Вико), «Баяу өшу» (1967, реж. А. Ковасевич), «Қанды селитра» (1969, реж. М. Литтин). Чили киносы Халық бірлігі кезеңінде (1970-1973) жоғары дәрежеге көтерілді. Осы жылдары фильм шығару мен прокаттау саласында мемлекеттік сектор ұйымдастырылды; кино билеті арзандап, прокаттау фирмалары мемлекеттік бақылауға алынды. Сантьяго мен провинциялардағы кинотеатрлардың бірқатары национализаңияланды. Жұмысшылар мен шахтерлер, шаруалар Чили фильмдерінің негізгі қаһарманына айналды. Документті үгіт киносының ролі артты: «Жолдас президент» (1971, реж. Литтин), «Біз жеңеміз» (1971, реж. П. Хаскель және Э. Риос), «Сайлау» (1972, реж. П. Гусман) т. б. 1972 ж. 4 көркем фильм соның ішінде «Жерұйық» (реж. Литтин), «Бірінші жыл» (реж. Гусман), «Альфа операциясы» (реж. Э. Уртеага) фильмдері жарық көрді. Кинотеатрлар саны 400-ге жетті. Өкімет басына әскери хунта келгеннен кейін кино өнері саласындағы ілгерішіл реформалар жойылып, цензура күшейді. Американ фильмдері қайтадан күшіне енді. Көптеген кинематографистер террор құрбаны болды. Көрнекті режиссерлер (М. Литтин, А. Ковасевин т. б.) шетелге қоныс аударды.

Әдеб.: Сергеев Г.В. Чили. Новый этап развития.-Л., 1971; Формирование национальных литератур Латинской Америки.-М., 1970; Алегрия Ф. Горизонты реализма.-М., 1974; Художественное своеобразие литератур Латинской Америки.-М., 1970; Полевой В. М. Искусство стран Латинской Америки.–М., 1967.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-27 10:26:53     Қаралды-3048

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »