UF

ДАГОМЕЯ (Dahomey), Дагомея Республикасы - Батыс Африкадағы мемлекет. Нигермен, Жоғары Вольтамен, Тогомен, Нигериямен шектеседі. Оңтүстігінде Гвиней шығанағына жалғасады. Жері 112,6 мың км2. Халқы 2,6 млн. (1969). Астанасы - Порто-Ново қаласы. Әкімшілік жағынан 6 департаментке бөлінеді (1970). Олар супрефектураға және округқа ажыратылады.

Мемлекеттік құрылысы. Дагомея - республика. Бұрыңғы конституциясы 1969 жылы жойылғаннан кейін, 1970 жылы сәуірде құрылған Президенттік совет майда Дагомеяның мемлекеттік құрылысының негізін белгілейтін және жаңа конституция қабылданғанға дейін негізгі заң ретінде қолданылатын хартия қабылдады. Хартия бойынша мемлекеттік өкіметтің жоғарғы органы - 3 мүшеден құрылған Президенттік совет. Президенттік советтің председатейі қарулы күштердің бас қолбасшысы және жоғарғы қорғаныс советінің председателі болып табылады. Дагомеяның үкіметі - Министр Советі, оны Президенттік совет белгілейді. Департаменттер мен округтарда өкіметті жоғарғы үкімет белгілеген чиновниктер (префектілер мен супрефектілер) басқарады. Сот жүйесі Жоғарғы сот, апелляциялық сот және бірінші инстанциялық соттар енеді.

Табиғаты. Жерінің көбі үстірт. Ең биік жері Атакора тауы (635 м) солтүстік-батыс бөлігінде. Оңтүстік бөлігі жазық болып келеді. Климаты зкваторлық (оңтүстік жағында) және әкваторлық-муссондық (солтүстік бөлігінде). Қаңтардың орташа температурасы 24°С, шілдеде 30°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 1000 мм-ден (оңтүстік) 2000 мм-ге (солтүстік) дейін. Басты өзені - Веме. Оның төменгі ағысында (200 км) кеме жүзеді. Жері қызыл және сары топырақты келеді, жерінің 20%-ке жуығы тропиктік мәңгі жасыл орман (оңтүстік), қалған бөлігінде биік шөпті саванна өседі. Жыртқыш аңдар көп кездеседі.

Халқының көбі гвиней тобының тілінде сөйлейді, оларға дагомей, йоруба, аджа, тофин т. б. жатады. Солтүстік бөлігінде гур тобының тілінде сөйлейтін халықтар - сомба, берба, билапила, барба т. б. тұрады. Шөлейт аудандарын малшы фульбелер мекендейді. Қалаларында жергілікті халықтармен қатар француздар, сириялықтар, ливандар, хаусалар тұрады. Ресми тілі - француз тілі. Ірі қалалары Котону, Порто-Ново, Абомей.

Тарихы. Дагомея жерінде адам палеолит және неолит дәуірінде өмір сүргені дәлелденді. Бұл жерден табылған тұрғын үйлердің орындары, тастан жасалған қайрақ, диірмен, садақтың кремний ұштары т. б. Дагомеяны мекендеген тайпалардың материалдық мәдениетінің біршама жоғары дәрежеде болғанын сипаттайды. Дагомеяда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары мұнда ерте заманда-ақ темір қорытылғанын дәлелдеді.

15 ғасырда қазіргі Дагомея жағалауына құлмен сауда жасаушы португалдықтар, ал 17 ғасырда голландтар, француздар мен ағылшын көпестері келді. Дагомея жағалауы мен оған жапсарлас облыстар Африкадағы құлмен сауда жасайтын аса ірі аймаққа айналды.

Дагомея мемлекеті жөніндегі алғашқы деректер 17 ғасырдан белгілі; 19 гасырдың 1-жартысында Дагомея Аджачты (Порто-Ново), Ардраны (Аллада) және басқа шағын мемлекеттік бірлестіктерді өзіне бағындырып, оның иелігіндегі жер теңізден Ашанти және Йоруба мемлекеттерінің шекарасына дейін созылып жетті. Дагомеяның қоғамдық құрылысында патриархтық қатынастардың қалдықтары феодализм мен құл иеленушіліктің элементтерімен ұштасып жатты. Ел 6 провинцияға бөлініп, оларды жергілікті ақсүйектердің өкілдері басқарды. Оларды тежеусіз билік жүргізген мемлекеттік басшысы тағайындады.

1890 жылы ақпанда француз отаршылдары Дагомеяға қарсы соғыс ашты. Дагомея халқы басқыншыларға табанды тойтарыс берсе де, жеңіліске ұшырап, ел француз губернаторы басқаратын отарға айналды. 1904 жылы Дагомея француз Батыс Африкасының құрамына енгізілді. Француздар Дагомеяда қатаң отарлық тәртіп орнатты, елдің әкономикасын отаршылдардың мүддесіне негіздеп, сыңаржақ дамытты, жергілікті халықты аяусыз қанады. Дагомея халықтары жат елдік құлданушылыққа қарсы күреске аттанды. 1915 жылы Дагомеяның бірқатар аудандарын қарулы көтеріліс жалыны шарпыды, бірақ оны отаршылдар аяусыз басып - жаныштады. 1914-1918 жылдар 1-дүние жүзілік соғыстан кейін жас дагомеялықтардың прогресшіл пиғылдағы жергілікті интеллигенциясының өкілдері (мұғалім Ган-Карун т. б.) басқарған қозғалысы басталды. 1923 жылы империалистерге қарсы бұқаралық аттаныстар болды.

1939-1945 жылдар 2-дүние жүзілік соғыс елдің экономикасында және әлеуметтік күштердің орналасуында елеулі өзгерістер туғызды. Франциямен арадағы экономикалық байланыстардың үзілуі өңдеуші өнеркәсіп орындарының (сабын қайнату з-дтары, тігін ф-калары т. б.) біраз дамуына себепкер болды. Жұмысшылардың саны өсіп, ереуіл қозғалысы кең өріс алды. Ұлттық буржуазияның, интеллигенцияның саяси белсенділігі күшейді. Елдегі азаттық қозғалысына тұңғыш құрылған саяси партиялар мен кәсіподақтар басшылық етті. Соның нәтижесінде француз отаршылдары 1957 жыл Дагомеяда тұңғыш рет африкандықтардың қатысуымен Үкіметтік совет құруға, ал 1958 жыл автономиялық республика жариялауға (Француз бірлестігінің құрамында болатын), ақырында 1960 жыл Дагомеяға тәуелсіздік беруге мәжбүр болды. 1960 жыл 20 қыркүйекте Дагомея БҰҰ-ға қабылданды.

1960 жыл желтоқсанда Дагомеяда президент және парламент сайлауы өткізілді. Тәуелсіз Дагомеяның тұңғыш үкімет басшысы Ю. Мага президент болып сайланды. Ю. Мага үкіметі экономиканың мешеулігінен, жергілікті тайпалар арасындағы егес-тартыстан туған зор қиыншылықтарға тап болды. 1963-1970 жылдар елде өкімет билігі әр түрлі тайпалар өкілдерінің қолына алма-кезек ауысып отырды. 1969 жылы желтоқсанда әскери топтар президент Зинсуды орнынан түсіріп, үш адамнан әскери Директория құрды. 1970 жылы мамырда Директория өкімет билігін азаматтық әкімшілікке - құрамына Ю.Мага, Ж.Ахомадегбе, С.М.Апити кірген Президенттік советке берді. Президенттік советтің председателі, мемлекеттік және үкімет басшысы Ю. Мага болды.

Сыртқы саясатта Дагомея үкіметтерінің бәрі Батыс мемлекеттеріне, ең алдымен, Францияға иек артып келді, ол АҚШ-пен, Германиямен, Израильмен, қолжаулық Тайвань «үкіметімен» тығыз қатынас жасады. 1961 жылы Дагомея - Африка-Малагасия одағының (1965 жылдан Жалпы африка-малагасия ұйымының, 1970 жылдан Жалпы африка-малагасия-маврикия ұйымының) мүшесі. Жоғары Вольта, Піл Сүйегі Жағалауы, Нигер және Тогомен бірге Дагомея 1959 жылы құрылған регионалдық ұйымға - Ынтымақ советіне кіреді. 1962 жылы Дагомея СССР-мен және басқа бірқатар соц. мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатты. 1963 жылы ғылыми және мәдени ынтымақ туралы совет-дагомея келісімі жасалды және совет-дагомея сауда келісіміне қол қойылды.

Экономикасы. Дагомея - мешеу дамыған аграрлық ел, халқының 90%-і ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Шаруашылығының маңызды салаларының басым көпшілігі француз капиталының қолында. Дагомеяның жалпы ұлттық табысының 50%-ш ауыл шаруашылық береді (1969), оның басты саласы - майлы пальма ағашын өсіру. Пальма плантациясы 400 мың га жерді алып жатыр (30 млн. ағаш), жылына 50 мың л-дан астам пальма жаңғағының дәні жиналады. Сонымен қатар арахис (70 мың га, өнімі 25 мың т, 1970), мақта және азық-түлік дақылдары - маниок (180 мың га, 1140 мың т, 1969), жүгері (430 мың га, 260 мың т), батат және ямс (72 мың га, 580 мың т), тары, сорго егіледі. 1969-1970 жылғы мал саны (мың): мүйізді ірі қара 570, қой 570, ешкі 600, шошқа 360, уй құстары 1700. 1968 жылы 25 мың т балық ауланды. Жылына 100 мың м3-ден астам ағаш (негізінен махагони ағашы) дайындалады. Дагомея жалпы ұлттық табысының 10%-ке жуығын (1969) өнеркәсіп өндіреді. Кәсіпорындардың көбі ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейді; Побе, Котону қалаларында пальма майы з-ды, Бохикон, Савалу, Ндали, Параку қалаларында мақта тазалау з-ды, Бохиконде және Котонуда мата тоқу ф-касы, Котонуда тақтай тілу з-ды және мебель ф-касы бар. «Ситроен» фирмасына қарайтын автомобиль құрастыру з-ды, «Пежо» фирмасының велосипед және мотоцикл з-ды бар. Котону, Порто-Ново, Бохикон, Параку қалаларындағы шағын жылу электр станцияларында 1970 жыл 28,4 млн. квт * сағ энергия өндірілді.

Темір жолының ұзындығы 600 км, автомобиль жолы 6200 км, оның 790 км-іне битум төселген (1968). Котону қаласы - ірі халықаралық аэропорт, теңіз порты. Дагомея басқа елдерге майлы пальма ағашының түрлі өнімдерін, арахис және мақта шығарады, өзі мата, өнеркәсіп құрал-жабдықтарын сатып алады. Сыртқы саудасындагы басты серіктесі - Франция. Ақшасы - африка франкі.

Денсаулық сақтау ісі. 1965 жылы Дагомея да әрбір 1000 адамға шаққанда, баланың тууы 54, адамның өлімі 26, тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені 109,6 болды. Адамның өмірінің орташа ұзақтығы 37,3 жас. Елде шешек, безгек, ішек-қарын жұқпалы аурулары, туберкулез, алапес сияқты аурулар таралған. 1969 жылы Дагомеяда 733 төсектік 3 аурухана, алапеспен ауыратындарға арналған 6 аурухана, 908 төсектік 30 медицина орталығы, 1,2 мыңтөсектік 46 босану үйі, 11 амбулатория және 154 диспансер болды, 81 дәрігер, 6 тіс дәрігері, 19 фармацевт және 1,1 мың орта білімді медицина қызметкерлері жұмыс істеді. Медсестраларды даярлайтын бір ғана мектеп бар. Дәрігерлер шет мемлекетте оқып келеді.

Оқу-ағарту ісі. Дагомея да тәуелсіз ел болғанға дейін (1960) мектеп жасындағы балалардың 20%-і ғана оқуға тартылды. Жоғары оқу орны болған жоқ. Дагомеяның тәуелсіздігі жарияланғаннан бері, онда оқу-ағарту ісі тез дами бастады (1970 жыл Ұлттық бюджеттің 19%-і оқу-ағарту ісіне бөлінді). Алайда, селолық жерлердегі оқыту ісі әлі де мардымсыз. Оқу-ағарту ісін Ұлттың оқу министрлігі басқарады. Оқу жүйесі 6 жылдық бастауыш мектеп, орталау мектеп (жалпы білім беретін 4 жылдық колледж) және орта мектептерден (7 жылдық лицей) құралған. Жоғары оқу орындарына лицейді бітіргендер түседі. Техникалық білім бастауыш мектеп базасындағы техникалық лицейлерде (7 жыл), техникалық білім беретін колледждерде (4 жыл) жүзеге асырылады. Селолық жерлерде кооперативтік мектептер (5 жыл) ұйымдастырылуда, онда жалпы білім беріледі және ауыл шаруашылық дайындық жүргізіледі. Бастауыш мектеп мұғалімдерін жалпы білім беретін колледждер базасындағы 4 жылдық педагогикалық мектеп және 1 жылдық педагогикалық курстар дайындайды. 1967-1968 педагогикалық оқу орындарында 322 адам оқыды. Алғашқы жоғары оқу орны - Порто-Новода 1962 жылы ашылған заң институты. 1967-1968 оқу жылында онда 115 студент оқыды. Порто-Новода Ұлттық кітапхана (кітап қоры 7,5 мың дана), Абомея қаласында ең ірі Тарихи музей бар.

Әдеб.: Новейшая история Африки. 2 изд. -М., 1968; Гаврилов Н.И. Западная Африка под гнетом Франции (1945-1959). -М., 1961; Страны Африки. Политико-экономический справочник. -М., 1969.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-25 15:39:32     Қаралды-1058

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КІРПІШ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Пісірілген балшықтан жасалған бұл әмбебап құрылыс материалы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »