UF

АФРИКА. Жалпы мәліметтер. Жер шарындағы үлкендігі жағынан Евразиядан кейін 2-орын алатын құрлық. Жері 29,2 млн. км2 (аралдарымен 30,3 млн. км2, жер шарындағы барлық құрлықтың 1/5-іне жуығы). Халқы 1,2 млрд. (2016). Құрлық негізінен ыстық белдеуде орналасқан, тек қиыр солтүстік және оңтүстік шеттері ғана субтропиктік ендікте. Экватор Африканың ортасына таяу өтеді, бірақ құрлықтың оңтүстік жартысы сүйірленіп келгендіктен, жерінің көбі Солтүстік жарты шарда; Бас меридиан құрлықтың батысымен өткендіктен, ол негізінен Шығыс жарты шарда жатыр. Солтүстік шеткі мүйісі - Әл-Абьяд 37°20' солтүстік ендікте, оңтүстік шеті - Ине мүйісі 34° 52' оңтүстік ендікте. Африканың ұзындығы (солтүстіктен оңтустікке қарай) 8 000 км, ені солтүстікте 7 500 км, оңтүстікте 3 100 км-те жуық. Африка Жерорта және Қызыл теңіздермен, Атлант және Үнді мұхиттарымен қоршалған. Ені тар (120 км) Суэц мойнағы (оны аттас канал кесіп өтеді) Африканы Азиямен жалғастырады да, Гибралтар бұғазы (ең тар жері 13 км) оны Европадан бөледі. Жағалары аз тілімделген, көбінесе таулы келеді. Ірі шығанақтары - Гвинея мен Сидра (Үлкен Сирт), ең үлкен түбегі - Сомали. Жағасының жалпы ұзындығы 30 500 км. Африкаға жататын аралдар: шығысында - Мадагаскар, Комор, Маскарен, Амирант, Сейшель, Пемба, Мафия, Занзибар, Сокотра; батысында - Мадейра, Канар, Жасыл Мүйіс, Аннобон, Сан-Томе, Принсипи, Фернандо-По және шалғайдағы Вознесение аралдары, Әулие Елена, Тристан-да-Кунья.

Табиғаты. Африкада теңіз деңгейінен 200-500 м (жерінің 39%-і) және 500-1000 м (жерінің 28,1%-і) биіктікте жатқан жазықтар, үстірттер мен таулы үстірттер басым. Ойпаттар Африка жерінің 9,8%-ін ғана алады (негізінен жағалауда). Африка теңіз деңгейінен орташа биіктігі (750 м) жөнінен Антарктида мен Евразиядан кейін 3-орында. Экватордан солтүстікке қарай Африканың көп жерін Сахара мен Судан жазықтары, үстірттері алып жатыр. Сахараның қақ ортасында Ахаггар мен Тибести таулы қыраттары (Эми-Куси тауы, биіктігі 3415 м), Суданда Дарфур үстірті (Марра тауы, 3088 м) оқшау тұр. Сахара жазығының солтүстік-батысында Атлас таулары (ең биігі Тубкаль тауы, 4165 м), шығысында Қызыл теңізді бойлай Этбай жотасы (Ода тауы, 2259 м) созылып жатыр. Судандағы жазықтар оңтүстігінде Солтүстік Гвинея қыраты (Бинтимани тауы, 1948 м) және Азанде таулы үстіртімен қоршалған. Африканың ең терең депрессиясы (Ассаль көлі, 150 м) жатқан Афар ойысыңа шығыс жақтан Эфиопия таулы қыраты (Рас-Дашан, биіктігі 4620 м) келіп тіреледі. Азанде таулы үстіртінен әрі батысында Оңтүстік Гвинея қыраты, оңтүстігінде Лунда-Катанга таулы үстірті, шығысында Шығыс Африка таулы үстіртімен (Килиманджаро тауы, биіктігі 5895 м; Рувензори тауы, 5109 м;бұлар -Африканың ең биік шыңдары) шектелген Конго ойысы орналасқан. Оңтүстік Африканы батысынан Намакваленд, Дамараленд, Каоко таулы үстірті, шығысынан Айдаһар таулары (Табана- Нтленьяна тауы, 3482 м) қоршаған Калахари биік жазығы, ал құрлықтың оңтүстік жағалауын Кап тауы алып жатыр. Құрлықта біркелкі тегіс рельефтің басым келуі оның платформалық құрылымына байланысты. Фундаменті терең шөккен Африканың солтүстік-батыс бөлігінің биіктігі көбінесе 1000 м-ден аспайды (Аласа Африка), ал көне фундаменті көтеріңкі келіп, беті ашылып жататын оңтүстік-батысының биіктігі 1000 м-ден жоғары болады (Биік Африка). Африка платформасының шығыс жағын алып жатқан ШығысАфриканың үлкен жарылыстары Эфиопия таулы қыраты мен Шығыс Африка таулы үстіртінің пайда болуына әсер еткен. Кап тауы мен Атлас тауларының ішкі жоталары қатпарлы-жақпарлы тауларға, ал Атластың солтүстік жоталары Африкадағы жас геологиялық құрылымға жатады.

Геологиялық құрылысы мен пайдалы қазбалары. Африка құрлығының геологиялық негізі - Африка (Арабия - Африка) платформасы. Бұл платформа Арабия тұбегін, Мадагаскар мен Сейшель аралдарын, солтүстік-батыста Атласқа, ал қиыр оңтүстікте Кап тауына дейінгі жерді алып жатыр. Архей дәуірінде (3 млрд. жыл шамасы) пайда болған бұл платформаның жеке бөліктері Сахарада, Батыс Арабияда, Родезияда, Гвинея шығанағының солтүстік жағалауында, Антиатласта байқалады. Африка платформасында Тибести, Леоно-Либерия, Нубия-Арабия, Танганьика, Родезия, Мадагаскар антеклизалары (қалқандары) және Тиндуф, Сенегал, Тауденни, Реггана, Макмагон, Полиньяков, Мурзук, Куфра, Ливия, Египет, Төменгі Ніл, Сомали, Нигерия, Конго, Окаванго, Калахари, Карру,Чад синеклизалары (ойыстары) бар. Платформаның архейлік фундаментін протерозойлың шөгінділер жауып жатыр. Архей жыныстарын негіз және қышқыл құрамды интрузиялар тесін өткен. Көне геосинклинальдық бассейн түбінде жер қыртысының кейбір бөліктері жоғары көтерілуінен аралдар тобы пайда болған. Осы аралдардағы тау жыныстарының үгілуінен архейдің аяғына таман, кейін кварцит пен конгломератқа айналған шөгінді жыныстар жаралған (Витватерсранд жүйесі). Олардың арасына Бушвельд лополиті (ұзындығы 480 км, ені 8 км) мен Ұлы Дайка (ұзындығы 500 км, ені 5-10 км)интрузивтері енген. Протерозойдың басында Африка платформасының негізгі ішкі аумағы қалыптасты. Төменгі және ортаңғы протерозойда осы жас платформада Карарагве-Анколия (Кибаро-Урунди) геосинклиналі пайда болды (1400 млн. жыл бұрын). Бассейндегі құм, саз шөгінділері кейін қатпарланып, өзгеріп, кварцит, филлит, әк тасқа айналған да, қабат арасына гранит интрузиялары енген. Протерозойдың ақырына қарай Солтүстік Родезия-Ангола - Оңтүстік Катанга шегінде тұйықталған Катанга геосинклинальдық белдеуі түзілді. Бұл белдеу кварцит, сазды тақта тас, әк тас, доломиттерден тұрады. Бұлардың арасында гранит интрузиялары бар. Төменгі және ортаңғы палеозойда Солтүстік-Батыс Африка мен Сахараның батыс бөлігін, құрлықтың солтүтсік және оңтүстік жағалауын теңіз басты. Осы кезде Атлас геосинклиналі және бір-бірінен Антиатлас, Туарег, Регибат т. б. массивтер арқылы бөлінген ойыстар (Тиндуф, Тауденни, Реггана, Мурзук т. б.) айқындала түсті. Атлас зонасында палеозой шөгінділері құм тас, тақта тас, әк тастан құралды. Ортаңғы карбонда теңіз Тунистің оңтүстік-шығысында ғана қалса, ортаңғы триас тұсында ол платформаның солтүстік беткейі арқылы Оңтүстік Алжирден Ніл сағасына дейін жетті. Ал Оңтүстік Африканың грабендерінде карбон-триас шөгінділері шиылды. Пермь дәуірінде Мозамбик ойысы пайда болды да, Мадагаскар құрлықтан бөлініп қалды. СолтүстікАфриканың батысы мен Оңтүтсік Африкада кең тараған негіз құрамды эффузивтер юра дәуірінің басында болған вулкан әрекеттерімен байланысты. Юрада және бор дәуірінің басында Африка құрлығының едәуір бөлігі көтеріліп, платформа ішіндегі ойыстарда континенттік шөгінділер жиылды; ал тектоникалық әрекеттер гранит, карбонатит интрузиялары мен кимберлит түтіктерінің пайда болуына әкеліп соқты. Юра дәуірінің төменгі бөлімінде трансгрессия (құрлықты теңіз басуы) Атлас таулары жағынан басталды да, Африканың шығыс жағалауын түгелдей, батыс жағалаудың біразын жауып кетті. Бор дәуірінің ортасы мен аяғындағы ерекше күшті трансгрессия салдарынан Жерорта теңізі Гвинея шығанағымен қосылып кетті. Араб теңізінің батыс бөлігі мен Мозамбик бұғазы түбіндегі жер қыртысының төмендеуіне байланысты Африка құрлығының шығыс жағы палеоген дәуірінде екпінді түрде көтеріле бастады. Мұның нәтижесінде Африканың Ұлы грабендері пайда болды. Қызыл теңіз бен Аден шығанағы, Альберт, Рудольф көлдері осы грабендерде жатыр. Жердің аса тереңдегі қабаттарын қозғалтқан бұл жарылыстар күшті вулкандық әрекет тердің болуына әкеп соқты. Әлі күнге атқылап тұратын Килиманджаро, Кения, Меру, Ньира-Гонга секілді вулкандар осы грабендер бойында. Палеогеннен бастап бүкіл Африка түгел дерлік құрлыққа айналды. Неоген дәуірінің басында Риф-Тель теңізі түбінің көтерілуінен аралдар пайда болды да, қатпарлану процестері басталды. Бұл қатпарлықтар палеозойдың аяғында Атластың оңтүстік бөлігін де қамтыды. Атлас қатпарлы тау жүйесі неогеннің төменгі бөлімінде бекіп болды да, ақырында орталық бөлігі Жерорта теңізіне батты.

Африканың негізгі пайдалы қазбалары - алтын, уран, платина, күміс, алмас, асбест, қалайы, магнезит, хром, алюминий, марганең, темір т. б. Африка платформасының архейлік фундаментінде. Сазды тақта тас, кварцит, гравелиттерден құралған (қалыңдығы 7500 м) Витватерсранд жүйесінде және Бушвельд комплексі мен Ұлы Дайкада алтын мен уранның дүние жүзіндегі аса ірі кендері және платина, хром, күміс, темір, алмас бар. Вулкантекті және шөгінді жыныстардан құралған Свазиленд жүйесі мен ондағы қышқыл және негіз құрамды интрузиялардан алтын, қалайы, асбест, магнезит, хромит, алмас кендері табылды. Марганең, боксит, алтын, танталит, колумбит кендері архейлік Биррим жүйесінің шөгінді және вулкан текті жыныстарымен байланысты. Құрлықтың архей жыныстарында темір, марганец кендері бар. Платформа ішіндегі протерозой жыныстарында (Катанга, Замбия, Оңтүстік-Батыс Африка т. б.) қалайы, вольфрам, мыс, қорғасын, мырыш, уран кендері шоғырланған. Алжирдің оңтүстігі мен Ливияның батысында триас шөгінділерінен көбіне газ, палеоген, неоген, мезозой шөгінділерінен мұнай мен газ, ал ордовик, девон, карбон шөгінділерінен мұнай шығады. Қызыл теңіз бойындағы Нубия құм тасынан да (төменгі бор-юра) мұнай табылды. Солтүстік Африкада ортаңғы карбон, ал Оңтүстік Африка Республикасы мен Оңтүстік Родезияда пермь дәуірінің жыныстарында тас көмір бар. Төменгі юра мен жоғарғы бор дәуірінде түзілген сілтілі гранит және карбонатит интрузияларында сирек элементтер (тантал, ниобий т. б.) кендері және осы интрузиялармен тұстас кимберлит түтіктерінде аса ірі алмас кендері бар. Қалайы, танталит, колумбит, алмас т. б. қорымды кендер Оңтүстік Африка Одағы, Ангола және Конгода кездеседі. Құрлықтың солтүстігіндегі бор мен палеоген шөгінділерінде дүние жүзіндегі аса ірі Солтүстік Африка фосфорит бассейні жатыр. Мұндағы темір рудаларының жалпы қоры шамамен 16-23 млрд. т, марганец рудасы 400 млн. т, хромит 500-700 млн. т, боксит 3,3 млрд. т, мыс 48 млн. т, кобальт 0,5 млн. т, фосфорит 26 млрд. т, мұнай 5,6 млрд. т (1969). Африка капиталистік және дамып келе жатқан елдердегі қалайы, сүрме, литий, уран, асбест, жалпы алтын өндірісінің 80%-ін, платина мен платиноидтардың 60%-ін, алмастық 98%-ін береді (1969).

Климаты. Африканың көп жері тропиктік ендіктер аралығында жатқандықтан, күннің жиынтық радиациясының (жылына 180-200 ккал/см2) маңызы зор. Осыған сәйкес оның көп жерінің температурасы тым жоғары және ол ең ыстық құрлық болып саналады. Гвинея шығанағының солтүстік жағалауы мев Конго ойысында жылдық орта температура 25-26°С. Жазда ең ыстық жер - Суданның солтүстігі мен Сахара (30-32°С, батыс бөлігінде 38° С-қа жетеді). Эль-Азизияда (Ливия) күннің ыстығы 58° С-қа жетеді, бұл - жер бетіндегі ең жоғары температура. Субтропиктік ендіктерде жазда температура 16-дан 22°С- қа дейін болады. Қысқы орта температура 20° солтүстік ендік пен 20° оңтүстік ендік аралығында 16°С; субтропикте 10° С- қа жуық. Экватордан оңтүстікке қарай Африканың шығыс жағасымен өтетін Мозамбик және Ине мүйістері жылы ағыстарының әсерінен жағалаудың ауа температурасы көтеріледі; Канар және Бенгал суық ағыстарының әсерінен Африканың тропиктер аралығындағы батыс жағасының температурасы төмендеп, қуаңшылық артады. Солтүстік жарты шарда да құрлықтың үлкендігіне және Азияның жақын жатуына байланысты климат өте континентті келеді. Оңтүстік жарты шарда Айдаһар тауларының жел өтіндегі беткейлері мен Мадагаскарға жауын-шашын көп жауады. Жазда батыстан есетін жел әсер ететін Солтүстік жарты шардағы экваторлық өңір 5° пен 18° солтүстік ендік аралығында. Осыған байланысты жылдық жауын-шашынның көбі Гвинея шығанағының солтүстік жағалауына, Судан жөне Эфиопия таулы қыратының батыс беткейлеріне түседі. Африканың солтүстік-батысында Азор максимумының бір тармағының жоғары қысымы орнайды да, одан тез қызатын тропиктік теңіз ауасының ағыны бөлініп шығады, соның салдарынан Жерорта теңізінің жағалауы мен Сахараға жауын-шашын түсірмейтін Сахара минимумы қалыптасады. Африканың батыс жағалауына Азор максимумының шығыс жақ шетінен жел соғып тұрады. Канар суық ағысының үстінде осы желмен келетін ауаның суынуынан және пассаттық инверсияның төмендігінен Сахара жағалауына жаңбыр мүлде дерлік жаумайды. Солтүстік-Шығыс Африкада Сомали түбегінің жазық жағалауын бойлай 5° оңтүстік ендіктен Үндістанға қарай оңтүстік-батыс муссон соғады. Жаңбыр түбектің ішкі таулы аймақтарында ғана жауады. Шығыс Африкада Оңтүстік Үнді мұхиты максимумының батыс шетінен есетін ылғалды жел негізінен құрлықты жағалап соғатындықтан, экватордан оңтүстікке қарай да жауын-шашын өте аз түседі, жауын таулы үстірттің жел өтіндегі беткейіне ғана жауады. Қыста Оңтүстік жарты шардағы тропиктік ендіктерде қалыптасатын Оңтүстік Африка максимумынан континенттік тропиктік ауа Сахара минимумына келетіндіктен, үстірттің ішкі аудандарында құрғақшылық болып тұрады. Қыста Оңтүстік Африканың шығыс шетіне (Айдаһар тауының басына қар қалың түседі) циклондық жауын-шашын келеді. Қыста Солтүстік жарты шарда полярлық шептің циклондық жаңбыры Атластың жел жақ беткейіне, Ливия мен БАР-дің солтүстік жағалауына жауады. Сахарада қысым жоғарылап (Сахара максимумы), құрғақшылық болып тұрады. Экватор тұсында батыстан соғатын жел оңтүстікке қарай ойысады. Тропиктік ішкі конвергенцияның солтүстік зонасы 5° солтүстік ендікте жатыр. Судан мен Эфиопия таулы қыратына, Сомали түбегі мен Шығыс Африканың солтүстік бөлігіне Сахара, Арабия, Үндістанда қалыптасатын қысымы жоғары аймақтан тропиктік ауа келеді, бұл жауын-шашын түсірмейді. Шығыс Африкада 5° оңтүстік ендіктен оңтүстікке қарай жауын-шашын көбіне таулы үстірттің шығыс беткейіне, сондай-ақ Үнді және Атлант мұхиттарынан келетін муссонның әсеріндегі оның батыс таулы өңірлеріне жауады. Оңтүстік Африкаға Үнді мұхитынан келетін пассат Мадагаскар аралы мен Айдаһар тауларының шығыс беткейіне мол жауын-шашын әкеледі. Тропиктік іш конвергенцияның оңтүстік зонасы Оңтүстік Африканы батыста 6° оңтүстік ендіктен шығыста тропикке дейін басып өтеді. Оңтүстік Африканың субэкваторлық ендіктері мен Калахариге жазда жауын-шашынды негізінен солтүстіктен келетін экваторлық ауа массалары әкеледі (Ливингстон қаласында жылдық шауын-шашын мөлшері 688 мм). Ауа циркуляциясының, темперутараның маусымдық ерекшелігіне байланысты 5-7° солтүстік ендік пен 2-3° оңтүстік ендік аралығына үнемі ылғалды және ыстық экваторлық климат тән. Африкадагы ең ылғалды жер - Дебунджа (Камерун тауының етегінде), мұнда жылына 9655 мм жауын-шашын түседі. Экваторлық климат солтүстік пен оңтүстікке қарай бірте-бірте ылғалды және құрғақ маусымды субэкваторлық климатқа ауысады. Мұнда құрғақ маусым 2 айдан 10 айға дейін созылады, жауын-шашынның жылдық мөлшері 1800 м-ден 300 мм-ге дейін азаяды. 20° солтүстік ендіктен солтүстікке және 18° оңтүстік ендіктен оңтүстікке қарай тропиктік климат, Солтүстік жарты шарда шөлдік, өте құрғақ климат басым. Сахарада жауын-шашынның жылдық мөлшері 100 мм шамасында. Шығыс Сахара - Африканың ең қуаңшылық аймағы (жауын-шашынның жылдық мөлшері 10-20 мм-ден аспайды, Асуан қаласында ол не бары 1,4 мм). Батыс жағалау бойына ылғалдылығы біршама жоғары мұхиттық-шөлдік климат тән. Африканың Оңтүстік және Солтүстік шет жақтары субтропиктік климат белдеулерінде жатыр. Оның солтүстігінде жерортатеңіздік климат, Атластың ішкі аймақтары, Ливия жағалауы мен БАР-де шөлейт және шөлдік климат байқалады (жылдық жауын-шашын мөлшері Алжирде 712, Александрияда 194 м). Оңтүстік Африкада Кап тауларының оңтүстік-батыс беткейлерінде кәдімгі жерортатеңіздік, оңтүстік-шығыс шетінде жазда жауын-шашыны мол муссондық субтропиктік климат; ішкі аймақтарында шөлейттік және шөлдік климат орын алады (Кейптаунда жауын-шашынның жылдық орта мөлшері 615 мм).

Ішкі сулары. Африкада жылдық ағын шамасы мол (5390 км3), бұл жөнінен  ол Азия мен Оңтүстік Америкадан кейінгі орында. Өзендер экватор аймағында көбірек, ал шөлдер мен Калахаридің құмды жазықтарында жоқтың қасы. Африканың өзендері Атлант, Үнді мұхиттары мен Жерорта теңізіне құяды. Климаты мен жер бетінің ерекшелігіне байланысты Африкада ағын су біркелкі тарамаған. Құрлықтың батысқа қарай жалпы еңіс жатуына байланысты ағынның көбі (36,05%-і) Атлант мұхитына кетеді. Оган Конго [жылдық ағыны (1230 км3) жағынан Амазонкадан кейінгі 2-орында], Нигер, Сенегал, Гамбия және Оранж өзендері құяды. Үнді мұхитына бағытталған ағын (18,48%) бұдан екі есе кем, оған құятын өзендердің ұзыны және суы молы - Замбези. Жерорта теңізіне бағытталған ағын (14,88%) жер бетіндегі ең ұзын өзен - Нілдің (6671 км) үлесіне тиеді. Өзендердің көпшілігі негізінен жаңбыр суымен қоректенеді. Конго, Ніл, Замбези және Оранж - ең үлкен өзендер, олардың су жиналатын алқабы Африка жер көлемінің Узін алады. Бұл өзендер ұзын болғандықтан, олардың су режимі өте күрделі. Конгоның су жиналатын алқабы экватордың екі жағындағы климаты үнемі ылғалды ендіктерде жатқандықтан, оның суы жыл бойы мол болады. Жазда Абиссиния таулы қыратына жаңбыр жауған кезде тасиды. Ал Нигердің суы жазда және көктемде, Замбезидің суы жазда көтеріледі. Өзен арналарында шоңғалдар мен су құламалар көп кездеседі (Конгода - Ливингстон мен Стэнли, Замбезиде - Виктория; Тугела өзенінде - Тугела, бұл - Африкадағы ең биік су құламасы биіктігі 853 м). Африканың көлдері түгел дерлік Шығыс Африка таулы үстіртінің тектоникалық ойыстарында жатыр. Ұзынша келген, ені тар көлдер өте терең болады. Танганьика - тереңдігі (1435 м) жөнінен дүние жүзінде Байкалдан кейінгі екінші көл. Виктория - ауданы жағынан (68000 км2) Жер шарындағы Жоғарғы көлден (Солтүстік Америкада) кейінгі екінші көл. Лаваның аңғарды бөгеуінен пайда болған Тана көлі - Эфиопиядағы ең үлкен көл. Қуаң аймақтарда саяздау, жағалары жайпақ келген тұзды реликт көлдер де көп. Шөл мен шөлейттерде грунт және жер асты суын пайдаланудың маңызы зор. Грунт суы уақытша ағатын өзен арналарының астында, жер бетіне таяу жатады. Африка - су энергиясының потенциялды қоры (700 млн. квт, дүние жүзілік қордың 20%-ке жуығы) жөнінен Азиядан ғана кейін. Конго алабында 390 млн. квт, Замбезиде 137 млн. квт энергия қоры бар, бірақ мұның 1%-і ғана пайдаланылады. Жауын-шашынның жылдық орта мөлшері 800 мм-дей болатын Африка территориясында жер бетіндегі суды, грунт және жер асты суын жер суаруға пайдаланудың мүмкіндігі бар. Алайда барлық өңделетін жердің 5%-і ғана суарылады, бұл жерлер негізінен Ніл (БАР, Судан), Нигер (Мали) аңғарлары мен ОАР-де шоғырланған.

Топырағы. Африканың тропиктер аралығындағы жерлерінде топырақ латериттік процеспен құралған. Оның ылғалды, мәңгі жасыл орманды экваторлық бөлігі - құнарлы қызыл сары латерит топырақты жерлер. Өзендер баяу ағатын Конго ойысының батыс бөлігінің топырағы - латеритглей топырақ және тропиктік батпақты топырақ. Жапырағын түсіретін мәңгі жасыл аралас орман мен ылғалды саваннада қызыл топырақ, құрғақ саванна мен шөлейтте қызыл қоңыр және карбонатты қызғылт қоңыр топырақ пайда болады. Суданның қазан шұңқырлары мен Шығыс және Оңтүстік Африка - негізінен гидроморфты қара топырақты және тропиктік батпақ топырақты жерлер. Шығыс Африканың оңтүстігі мен Оңтүстік Африка әжептәуір құнарлы қызыл қошқыл топырақты келеді. Оазистерге шалғын-сор және сор топырақ тән. Африканың жерортатеңіздік климатты (едәуір ылғалды), субтропиктік бөлігінде карбонатты, гипсті қошқыл топырақ, неғұрлым қуаң аудандарында сұр қошқыл топырақ, шөлейт пен шөлде сұр топырақ кездеседі. Африкада егістікке жарамды жердің 1/5-іне жуығы ғана пайдаланылады.

Өсімдігі. Африка ботаникалық-географиялық үш аймаққа жатады: солтүстік бөлігі Голарктикалық, Сахараның оңтүстік жағы Палеотропиктік, оңтүстік-батысы Кап флоралық аймақтарга кіреді. Африкада гүлді өсімдіктің 40 000-нан аса түрі бар, оның 900-і - эндемиктер. Африканың солтүстік жағалауының өсімдігі Голарктиканың жерорта теңіздік тармағына жатады және Оңтүстік Европа мен Алдыңғы Азияға көп ұқсас. Мадейра, Канар және Жасыл мүйіс аралдарының ертедегі өсімдігі Голарктиканың Макаронезий тармағына, Сахара өсімдігі (астық тұқымдас және бұта) Солтүстік Африка-Үнді тармағына жатады. Ылғалды экваторлық орман палеотропиктік аймақтың Гвинея тармағына кіреді. Оның айналасы - саванна, сирек орман және бұта өскен кең алқап. Оңтүстік Африканың шөлі мен шөлейтінің өсімдігі Оңтүстік Африка флоралық тармағына, Мадагаскар мен іргелес аралдардың өсімдігі эндемикке (Сейшель пальмасы, саяхатшылар ағашы) бай Мадагаскар флоралық тармағына жатады. Кап аймағының мәңгі жасыл өсімдігінің көбі - эндемиктер (негізінен бұта), мұнда астық тұқымдастар кездеспейді. Үнемі ылғалды және температурасы жоғары Гвинея шығанағының жағалауы (7° солтүстік ендіктен 12° оңтүстік ендікке дейін) мен Конго ойысының көн жерінде ылғалды экваторлық мәңгі жасыл орман өседі. Ол солтүстік және оңтүстік шетінде аралас орманға және құрғақ маусымда (3-4 ай) жапырағын түсіретін муссондық орманға ауысады. Африканың шығыс жағалауы мен Мадагаскардың шығысында тропиктік ылғалды орман (негізінен пальма), оңтүстік-шығыс шетінде жапырақты қылқан жапырақты аралас орман, Атластың жел жақ беткейінде мәңгі жасыл қатты жапырақты (негізінен тоз емені) орман өседі. Экватордағы орманды алқаптың солтүстігі мен оңтүстігін, Судан мен Шығыс және Оңтүстік ның біраз жерін саванна алып жатыр. Жауынды маусымның ұзақтығы мен жауын-шашынның жылдық мөлшеріне қарай өсімдігі биік және кәдімгі құрғақ саваннаға ажыратылады. Жауын-шашын мөлшері 800-1200 мм-дей, құрғақ маусым 3-4 айға созылатын жерлерді биік шөптесінді саванна алып жатады. Мұнда биіктігі 5 м-ге жететін астық тұқымдастар, шоқ-шоқ тоғай, су айырықтарында аралас және мәңгі жасыл орман өседі. Жауын-шашын мөлшері 500-800 мм-дей, құрғақ маусым 6 айға жуық кәдімгі саваннада биіктігі 1 м-ден аспайтын астық тұқымдастар (боз шалғын, темеда т. б.), ағаш тұқымдастардан пальма, баобаб, акация өседі. Дүние жүзіндегі ең үлкен шөл - Сахарада өте сирек болса да, құрғақ арналар (уәдтер) бойында, кейде құмда құрғақшылыққа төзімді өсімдіктер өседі. Олар: ксерофит, шала бұта, бұта, жусан, жантақ, акация, ал оазистерде құрма пальмасы. Оңтүстік Африкадағы Намиб пен Карру шөлдерінде суккулент (алоэ, сүттіген) өседі. Орталық Африканың мәңгі жасыл ормандарында бағалы сүрек алынатын қара, қызыл ағаш, майлы пальма, кола ағашы (бұдан кофеин алынады) көп тараған. Африка - кофе ағашының, көптеген астық дақылының (соның ішінде құрғақшылыққа төзімді бидай) шыққан жері.

Жануарлары. Африкада жануарлар өте көп және алуан түрлі. Солтүстік Африка (Сахараны қоса) Голарктикалық биогеографиялық аймақтың жерортатеңіздік армағына, ал құрлықтың қалған бөлігі Эфиопия аймағына жатады, жануарлардың мекендеген жерінің жағдайына қарай ол Батыс Африка, Шығыс Африка аймақтарына бөлінеді. Мадагаскар аралы мен Үнді мұхитының басқа аралдары Мадагаскар тармағына кіреді. Африканың ертедегі жануарлары (кейбір омыртқасыздар, қос тынысты балық) Оңтүстік Африка тармағында сақталған. Бор дәуірінен эоценге дейін Африка жануарларының Австралия, әсіресе Оңтүстік Америка жануарларымен (жайра тәрізді кемірушілер, қуыс тістілер, кесіртке, түйеқұс) жалпы ұқсастығы көп болған. Олигоценнен бастап Африка жануарлары Оңтүстік Европа, Үндістан жануарларымен (піл, адам тәрізді маймыл) араласып кеткен. Плиоценде Африкаға Азиядан тұяқтылар мен жыртқыш аңдар ауған. Голарктиканың жерортатеңіздік тармағынап Африканы қорқау қасқыр, құйрықсыз маймыл, қоян, дуадақ (Атласта), бөкен, ғазал бөкен, түлкі, түйеқұс (Сахарада) мекендейді. Эфиопия аймағына жататын Батыс Африка тармағының ормандарында горилла, піл, тырбық, бегемот, жорғалауыш құстар (сұр тоты құс т. б.); Шығыс және Оңтүстік Африка аймағының саванналарында шөп қоректілерден бөкен, керік, мүйіз тұмсық (носорог), бегемот, піл мекендейді. Саваннада жыртқыштардан арыстан, қабылан, сілеусін, қорқау қасқыр кездеседі. Африкада цеце шыбыны көп жайылған. 19 ғасыр, әсіресе 20 ғасырдың басында көптеген ірі жануарлар күрт азайды, кейбіреуі европалықтардың аяусыз қыруынан мүлдем құрып кеткен. Тек 50 жылдардан бастап қана мемлекеттік қорықтар (ұлттық парк, резервация) ұйымдастырылып, жануарларды сақтау мәселесі дұрыс жолға қойыла бастады. Аса ірі қорықтар: Крюгер Ұлттық паркі (ОАР), Киву (Конго Демократиялық Республикасы, Руанда).

Табиғи аудандары. Африка ірі физика-географиялық 8 аймаққа бөлінеді. Атлас тауының жел өтіндегі беткейінің ландшафты мен климаты жерортатеңіздік, ал ішкі қуаң өңірлері шөлейт. Сахара - Жер шарындағы тропиктік шөлдердің ең үлкені, жері көбіне тастақ, балшықты келеді, мұнда өсімдік аз. Судан - жазық далалы саванна, жазда ылғалды, қыста қуаң. Солтүстік Гвинея қыраты - Африка платформасының жақпар таулары мен таулы үстірті, оның ылғалы өте мол, жел өтіндегі оңтүстік беткейінде мәңгі жасыл орман өседі, одан гөрі қуаңдау солтүстік беткейі аралас орманды келеді. Эфиопия таулы қыратының (Афар ойысы мен Сомали түбегін қоса) ылғалды батыс беткейі мен қуаң келетін шығыс беткейінде бір-бірінен өзгеше биіктік белдеулері айқын сезіліп тұрады. Афар тектоникалық ойысы шөлейт, ал Үнді мұхитына қарай ылғал азая беретіндіктен, Сомали түбегінде мәңгі жасыл орман саваннамен, шөлейтпен алмасады. Конго ойысы - Африка платформасының ішкі синеклизасы; ол экваторлық, субэкваторлық (солтүстік пен оңтүстікке қарай) климатты және ылғалды мәңгі жасыл орман мен аралас орман өскен ендіктерде орналасқан. Шығыс Африка - топырықтармен, жарылыстармен бөлінген және өте терең көлдері, аса биік шыңдары бар таулы үстірт. Оңтүстік Африкада бүкіл Африка құрлығына тән ландшафтының барлық түрі қайталанып отырады. Субтропиктік және суб-экваторлық ендіктерден тропиктерге қарай ылғалдылық азая беретін Солтүстік Африкада зоналар ендік бағытта созылып жатады. Ал Оңтүстік Африкада зоналар тек ішкі аймақтарда ғана ендік бағытта болады да, батыс және шығыс жағалауда мұхиттық климаттың әсерінен меридиан бойымен кетеді.

Халқы. 17 ғасырдың ортасында бүкіл адамзат баласының 1/5-і Африкада тұратын, бірақ европалықтардың ұзаққа созылған отарлық үстемдігі және құл сату әрекеттерінің салдарынан мүлде азайып, 1940 жылы мұнда әлем халқының 8%-і ғана қалды. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін халықтың саны жедел өсіп, 1940 жылмен салыстырғанда, 1967 жылы 40% көбейді. Африканың халқы: 1930 ж. 164, 1940 ж. 191, 1950 ж. 222, 1960 ж. 278, 1965 ж. 311, 1967 ж. 328 млн. болды.

Антропологиялық құрамы. Африканың халқы антропологиялық жағынан әр алуан. Сахараның солтүстігінде үнді-жерортатеңіздік типтегі арабтар мен берберлер мекендейді, олар европеоидтық нәсілге жатады. Сахараның оңтүстігінде үлкен экваторлық нәсілге жататын негр, негрилль, бушмен нәсілдік типтегі халықтар тұрады. Басым көпшілігі - негрлер; олар ұзын бойлы, жалпақ мұрын, қалың ерінді, бұйра шашты, түсі қара келеді. Негрилльдердің (Орталық Африканың нигмейлері) қалың түкті терісінің түсі негрлерден гөрі бозаңдау, еріндері жұқалау, бойы аласа. Бушмендер (Оңтүстік Африканың нәсілдік типі - бушмендер мен готтентоттар) орта бойлы, терісінің түсі сарғыш-бурыл, мұрындары негрлерге қарағанда жіңішкелеу; Эфиопия мен Сомали түбегінде эфиоп (Шығыс Африка) нәсіліне жататын халықтар тұрады; бұлар экваторлық нәсіл мен европеоидтық нәсілдің аралығы саналады. Олардың беті сопақ, қырлана біткен мұрны едәуір жіңішке, прогнатизмі әлсіз, ерні сол қалыңдау, сақалы селдір, шашының бұйрасы негрлерге қарағанда бәсең, терісінің түсі ашық күреңнен шоколад өңдес қара қошқыл түске дейін өзгеріп келеді, бойы ортадан жоғары. Мадагаскар аралының халқы негрлер мен оңтүстік азиялық нәсілдерден қалыптасқан.

Этникалық құрамы. Африка халықтарының этникалық құрамы сан алуан. Отаршылдардың езушілігі салдарынан олардың тіл және этникалық жағынан бөлшектенуі күшейе түсті. Әлеуметтік даму дәрежесі де әр келкі: онда рулық топтардан (бушмендер) бастап феодалдық қатынастар қалыптасқан ірі халықтар (хауса, канури, фульбе т. б.) мен миллиондап саналатын ұлттар да (алжирліктер, тунистіктер т. б.) бар. Бірақ Африка халықтарының көпшілігі әлі ұлт болып қалыптаспаған. Қазіргі мемлекеттер шеңберінде халықтардың бір-бірімен жақындасуға ұмтылуымен қатар кейбір этникалық топтардың оқшаулануы байқалады. Осы қарама-қарсы екі тенденция арасындағы күрес Африка елдерінің ұлттық және әлеуметтік-экономикалық дамуының барысына үлкен әсер етеді. Этникалық құрамы жөніндегі басты аймақтары мынадай (1967 жылғы мәлімет): 1) Солтүстік және Солтүстік-Шығыс Африка елдері; мұндағы халықтардың этникалық құрамы біркелкі. Олар - туыстас тілдерде (семит-хамитша) сөйлейтін арабтар, берберлер т. б. Бұл тіл семьясына (жалпы саны 120 млн. адам, құрлық халқының 37,4%-і) семит (83,7 млн.), кушит (12,7 млн.), бербер (5,8 млн.), хауса (18 млн.) этникалық топтары жатады. Кең тарағаны - араб тілі. Біріккен Араб Республикасы, Ливия, Марокко, Алжир, Тунис мемлекеттерінде араб ұлты қалыптасқан. Эфиопияда эфиоп ұлты қалыптасып келеді, семит тілдес көрші халықтар да (гураге, тиграй, тигре) және кушит тобының тілінде сөйлейтін галла, сидамо халықтары да осы процесс үстінде. Сомали Республикасын мекендеген сомали халқы да осы кушит тобының тілінде сөйлейді. 2) Шығыс, Орталық және Батыс Судан елдері; мұндағы халықтардың көпшілігі - әлеуметтік даму дәрежесінде, мәдениетінде және лингвистикалық семьялар мен топтарга жіктелетін тілдерінде айырмашылығы бар негрлер. Бұларға хауса, шығыс және орталық, батыс бантоид топтары т. б. жатады. 3) Экваторлық Африканы банту тілінде сөйлейтін халықтар (83 млн. адам, Африка халқының 25%-іне жуық) мекендейді.

Шыққан тегі, тілі, антропологиялық тұрпаты, мәдениеті жөнінен бір-бірінен өзгешелігі бар халықтар бантуға жатады. Ең ірілері: баньяруанда (5,6 млн.), барунди (3,8 млн.), малави (4,8 млн.), баконго (3,2 млн.), балуба (2,8 млн.), монго және кикуйю (3 млн.), балухья (2,9 млн.), суахили [васуахили (1,5 млн.)] т. б. Африка халықтарының жақындасуына банту тілдерінің бір-бірімен жақындығы игі әсерін тигізіп келеді. 4) Европалықтардың жаппай отарлауына ұшыраған Оңтүстік Африка халықтары. Отаршылдық саясаттың және капиталистік қатынастардың тез дамуы салдарынан Оңтүстік Африка Республикасында (ішінара Родезияда) этникалық процестің барысы бұзылып кетті. Бушмен, готтентот тайпалары Калахари шөліне, банту тілінде сөйлейтін халықтар (коса, зулу т. б.) ежелгі мекендерінен ығыстырылып, ішінара күштеп резервацияларға қуылды.

Африка тұрғындарының 2,5%-і - Европадан шыққандар: ағылшындар, бурлар, француздар т. б. Оңтүстік Африка Республикасы мен Кенияда, Маврикий аралында Үндістан мен Пакистаннан шыққандар көп. Барлық халықтың 40%-ке жуығы ислам дінінде (Біріккен Араб Республикасы, Мавритания, Судан, Сомали, Кения, Сенегал, Гвинея Республикасы т. б.). Экваторлық Африкада халықтың 37%-ке жуығын қамтитын жергілікті діни дәстүрлер басым; христиан дініндегілер 21%-тен астам; халықтың азғана белігі ғана индуизм (0,4%), иудаизм (0,2%) дінін ұстайды. Африка халықтары арасында адамның тууы да (жылына 1000 адамға 46), өлуі де (жылына 1000 адамнан 23) көп. Адам өмірінің ұзақтығы орта есеппен 35-45 жас (1960-1966 жылдар). Халықтың 40%-і 15 жасқа дейінгі балалар; еңбек етушілердің саны аз. Өндіріс ұсақ, ал еқбекшілердің басым көпшілігінің мамандығы тым төмен болғандықтан, еңбек ресурсы тиімді пайдаланылмайды. Еңбек етуші халықтың 75%-тен астамы ауыл шаруашылығында, 10%-ке жетер-жетпесі өндірісте істейді. Африкада 1 км2-ге орта есеппен 11 адамнан келеді. Сахара, Намиб, Калахари шөлдері мен ылғалды тропиктік ормандар алып жатқан ұлан-байтақ жерлерде халық сирек. Африкада ірі өзен жағалауы мен жазықтардан гөрі таулы өңірлерде халық тығыз. Бүкіл халықтың 40%-ке жуығы биіктігі 500 м-ден астам жерлерді мекендейді. Тек Ніл жағалауында ғана 1 км2-те 400-600 адамнан келеді. Мағриб елдерінде (Марокко, Алжир, Тунис, Ливия), Гвинея шығанағының солтүстік жағалауында және кейбір аралдарда 1 км2-ге 25 адамнан келеді. Тау-кен өнеркәсібі дамыған аймақтарда (Оңтүстік Африка Республикасы, Замбия, Оңтүстік Родезия) халықтың тығыздығы бұдан жоғарырақ. Африка халқының 3/4-інен астамы селолық жерде тұрады. Деревнялар саванналарда үлкен де, тропиктік орманды өңірлерде кішкене. Солтүстік және солтүстік-шығыстағы шөлді аймақтарда 1 млн-ға жуық көшпелі және жартылай көшпелі халық мал шаруашылығымен айналысады. Халықтың селодан қалаға кешу процесі Африкадада байқалады. Каир, Александрия, Касабланка, Йоханнесбург қалаларының әрқайсысында 1 млн-нан астам халық тұрады. Экономикасы едәуір жоғары елдерде (Оңтүстік Африка Республикасы, Біріккен Араб Республикасы, Алжир, Марокко, Тунис) қала халқы 35-50%-ке жетті. Африканың өзге елдерінде қалада тұратын халықтың саны 20%-ке де жетпейді. Қалалар - негізінен әкімшілік, сауда орталығы. Өнеркәсіп орталықтары аз. Қала тұрғындарының едәуір бөлігі ауыл шаруашылығында істейді.

Тарихы. Ежелгі Африканың барлық жерінің тарихы біркелкі, түбегейлі зерттелген емес. Солтүстік Африканың, әсіресе Египеттің тарихы біршама тәуір зерттелгенмен, Сахараның оңтүстігіндегі халықтар тарихы әлі де толық мәлім емес. Дегенмен, археологтар мен палеоантропологтардың 20 ғасырдың 50-60 жылдарындағы зерттеулері нәтижесінде Африка құрлығынан таңғаларлық жаңалықтар ашылды. Ағылшын ғалымы Л. Лики Шығыс Африканың Танзаниядағы Эяси көліне таяу жердегі Олдовай үңгірінен адам тәрізді тіршілік иесінің (зинджантроп пен презинджантроп) қаңқасын тапты. Ликидің болжауынша, тым қарапайым еңбек құралын пайдаланған бұл тіршілік иелері осыдан шамамен 2 млн. жыл бұрын өмір сүрген. Адамның маймыл кейіптес арғы тегінің қалдықтары Кениядан, Солтүстік Африканың кейбір аймақтарынан, Сахарадан табылған. Бұл жаңалықтар көптеген ғалымдарға Африканы адамзат баласының алғаш дүниеге келген мекені деп есептеуіне негіз болды. Солтүстік Африкадан тас дәуіріндегі дамудың барлық кезеңдеріне тән мәдени ошақтар ашылды.

Б. з. 15 ғасырының аяғында Африканың барлық халықтары дерлік темір өңдеудің сырын білген. 20 ғасыр басында неміс этнографы және антропологы Ф. Лушан бұл құрлықтың халықтары темірді қорыту өнеріне өз беттерімен жетті деген пікір айтты. Көне заман тарихының тағы бір айқын айғағы - тасқа салынған суреттер (арбаға жегілген аттың суреті) б. з. б. 2 мыңыншы жылдардың орта кезін мезгейді. Б. з. б. 4 мыңыншы жылда Ніл аңғарында Ежелгі Египет мемлекеті қалыптаса бастады. Ежелгі Египет мәдениетінің негізі Африканың өзінде туған, бірақ өркендей келе ол Африканың өзге елдерінің мәдениетінен оқшауланып, оның тарихы Алдыңғы Азия, Жерорта теңіз елдері тарихымен тығыз ұштасып кетті. Б. з. б. 2 мыңыншы жылдары қазіргі Судан Республикасының жерінде Куш мемлекеті құрылды. Куш патшалары б. з. б. 8 ғасырда Египетті жаулап алды; олардың үстемдігі XXV (Эфиопиялық) әулет деген атпен тарихта қалды. Б. з. б. 7 ғасырда ассириялықтар оларды Египеттен ығыстырған, кейін олар астанасын әуелі Напатуға, сонан соң Мероэға көшірді, сөйтіп 1000 жыл мемлекеттік болып тұрған. Оны б. з. 4 ғасырында Аксум мемлекетінің патшасы Эзанның әскерлері қиратты.

7-8 ғасырларда Египет пен бүкіл Солтүстік Африканы арабтар жаулап алып, араб халифатының құрамына енгізді (Аббас әулеті, Омея әулеті). Халифатта феодалдық қатынастар үстемдік етті. Шаруалар алым-салықты көп төледі. Мұсылман дінін ала келген арабтар іс басқаруды өз тілдерінде жүргізді де, жергілікті тілді ығыстырды. Бұл процесс 14 ғасырға дейін созылды. Бұдан кейін Египет жерінде әуелі Фатима әулеті, одан соң Айюби әулеті үстемдік етті, 13 ғасырда мамлюктер мемлекеті орнады. Орта ғасырда Африка құрлығының өзге аймағында да әр түрлі мемлекеттік бірлестіктер құрылды. Судан елі жайындағы анық деректерді 7 ғасырдан бастап араб саяхатшылары құрастырды. Осы кезде арабтар Сахалем, яғни «жаға» деп атаған Судан жері Сахараның көшпелі халқы мен Судан дихандарының арасындағы товар алмасатын жері болды. Көшпелі туарегтер, берберлер мен араб тайпалары тұз, тері, мал әкеліп, оған астық, мата және басқа товарлар айырбастап алды. Гвинея жағалауының елдері тарихи қалыптасқан жергілікті дәстүрімен белгілі, ал 15 ғасырдан бастап Европа саяхатшыларының деректерінен мәлім. Африканың бұл бөлігіндегі мәдениеттің ежелгі ошағы, тегі осы заманғы Нигерияның орталық аймағы болуы ықтимал. Нок мәдениетінің (б. з. б. 1 мың жыл) белгілері - көне заманда пайдаланылған темір бұйымдардың қалдықтары осы жерден табылды. Орталық Африка халықтарында Суданға қарағанда тайпалық-рулық құрылыс көбірек сақталған. Орталық Африканың орта ғасырлардағы тарихының көп жағы әлі күңгірт. 15-16 ғасырларда халықтардың Конго өзені бойына қарай ойысқаны мәлім. Португалдықтар келген кезде мұнда Конго, Лунда, Ндонго т. б. мемлекеттер мен ру-тайпа бірлестіктері бар еді. Замбези - Лимпопо өзендері аралығында ертеректе құрылған Мономотапа (1693 жылға дейін болған, ал құрылған кезі анықталмаған) мемлекеті болған. Үлкен қорғандардың, қорыту пештерінің қалдықтары, рудниктер бұл жерлерді бір кездерде жоғары мәдениетті халық мекендегенін дәлелдейді. Бұл жерден мыс, қалайы, алтын өндірілген. Моно-мотапаның билеушілері Үндістан, Қытай, Араб елдерімен сауда қатынасын жасаған. Бүгінгі Танзания, Кения республикаларының жерлерінен ірі елді мекендердің ескі жұрты (Энгарука), ондаған км-ге созылған терраса қалдығы табылды. Бірақ ол құрылыстардың қай шамада салынғаны әлі анықталмаған. 17 ғасырдың орта кезі - Африка тарихындағы елеулі кезең. Құл саудасының көлемі өсіп, Африкадан Америкаға құл жөнелтетін сауда компанияларының әрекеті күшейді. Кейбір деректерге қарағанда (мыс., У. Дюбуаның деректері) құл саудасы кезінде Африка 100 млн.-ға жуық адамынан айрылды. Бірнеше ғасырға созылған құл саудасы Африканы қансыратып кетті, құл саудасының негізгі ауданы - Батыс Африкадағы мемлекеттерді мүлдем құлдыратып, европалық мемлекеттердің Африканы бөлшектеп әкетуін жеңілдетті. 19 ғасырда Африканың араб елдерінде, ең әуелі Египетте тұрақты армия құрылды, фабрикалар салынды, мектептер ашылды. Мұхаммед Әли тұсында египеттіктер Шығыс Суданды басып алды. Бірақ Африкадағы араб елдерінің өздері Европа басқыншыларының езгісіне түсіп қалды. 1798-1801 жылдар Египет Наполеон әскерінің басқыншылығына ұшырады. Сонымен, Европа басқыншылары Африканы өз ара бөліске сала бастады. 1-дүние жүзілік соғыстың қарсаңында заң жүзінде тәуелсіз екі-ақ мемлекет қалды. Олар Эфиопия мен Либерия еді. Басқа елдер Европа мемлекеттерінің отары болды. Отаршылдар Африканы бөлісуде қарулы жанжалдан сақтану үшін ықпал жүргізетін сфераны өз ара бөлісуге тырысты. Осы мақсатпен халықаралық конференциялар [Берлин конференциясьі (1884-1885), Брюссель конференциясы (1889-1890) т. б.] өткізілді. Бірақ олардың арасындағы қайшылық күшті еді, қақтығыс болмай қойған жоқ. [Фашод дағдарысы (1898), Трансвааль дағдарысы (1895-1896), Марокко дағдарысы]. Африканы бөлісу жолындағы империалистік соғыстардың бірі – 1899-1902 жылдардағы ағылшын-бур соғысы болды. Африка халықтары отаршылдарға тегеурінді қарсылық көрсетті. Суданда (1881-1898) Маһдистер көтерілісінің нәтижесінде көтерілісшілер өз мемлекетін құруға мүмкіндік алды; Египетте Ораби-пашаның басшылығымен 1881-1882 жылдар болған көтеріліс, 1887-1888, 1895-1896 жылдардағы Италия- Эфиопия соғыстары т. б. отаршылдардан елді азат ету жолындағы күресте алғашқы қадамдар еді. Африканың бөліске түсуі империалистік мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды мейлінше шиеленістірді. Африканы отарлаушылар арасындағы қайшылықтар 1-дүние жүзілік соғысты тудырған себептердің бірі болды. Осы соғыстың нәтижесінде Африканың саяси картасы қайта пішілді. Африка елдерінің экономикасында шетел капиталы үстемдік етті, африкалық қоғамда үлкен алға басушылық байқалып, ең мешеу қалған облыстарда капитализмге дейінгі қатынастар ыдырап, буржуазиялық қоғамның таптары - буржуазия мен пролетариат қалыптаса бастады. 1-дүние жүзілік соғыс пен Ұлы социалистік революциясы капитализмнің жалпы дағдарысыи тудырды, отарлық системаның дағдарысы осы жалпы дағдарыстың құрамды бөлігі болды. Ұлы революциясы отарлардың халықтарын күреске көтерді. Империалистік езушілікке қарсы күресу мақсатын алға қойган ұлттық саяси партиялардың құрылуы отарлық система дағдарысының бірінші белгісі еді. 2-дүние жүзілік соғыстың нәтижесінде капитализмнің жалпы дағдарысы онан сайын асқынды, Совет Армиясының және одақтас державалар әскерлерінің фашизмді талқандауы Африка халықтарының саяси санасын едәуір оятты. 40 жылдардың ортасы мен 50 жылдардың басында Африканың барлық елдерінде дерлік жергілікті халықтардың бұқаралық ұйымдары құрылып, олар елдің саяси тәуелсіздігіне жету мақсатын тұңғыш рет алға қойды (1944 ж. - Нигерия мен Камерун Ұлттық советі, Кениядағы африкалықтар Ассоциациясы). 1952 жылы 23 шілдеде Египетте антиимпериалистік, антифеодалдық революцияның бастамасы болған мемлекеттік төңкеріс жүзеге асырылды. 1953 жылы 18 маусымда мұнда монархия жойылды, 1956 жылы 26 шілдеде Суэц каналы национализацияланды. Алжир халқының бостандық пен тәуелсіздік жолындағы 7 жылға созылған қаһармандық күресі 1962 жылы жеңіспен аяқталды [Алжирдегі Ұлттық-демократиялық революция (1954-1962)]. Бұл күресте 1,5 млн. адам қаза тапты. 1970 жылға дейін Африканың барлық елі дерлік бостандық алды. Англия, Франция және Испанияның қол астында аздаған отар елдер ғана қалды. Африкада едәуір жер - Португалия отары, ондағы халық саны 13,2 млн. Африканың оңтүстігіндегі отаршылдықтың бір тірегі Оңтүстік Африка Республикасындағы нәсілшілдік тәртіп болып отыр. Совет Одағының ұсынысы бойынша, 1960 жылы 14 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 15-сессиясы отар елдер мен халықтарға тәуелсіздік беру жөнінде Декларация қабылдады. 1970 жылға дейін СССР Африканың 34 мемлекетімен дипломатиялық қатынас орнатты. Африканың 17 елінде Совет Одағының жәрдемімен 320 объект, оның ішінде 125 кәсіпорын (1970) салынды және салынып жатыр. Оның ең ірісі - БАР-дегі Асуан плотинасы. Совет Одағының жоғары және орта дәрежелі техникалық оқу орындарында Африкадан 5 мыңнан астам студент оқиды.

Саяси бөлінуі. Ұлт-азаттық революциялардың жеңуі нәтижесінде Африканың саяси картасында түбегейлі өзгерістер болды. 1970 жылға дейін тәуелсіз мемлекеттердің саны 41-ге жетті. Отаршылдық тәртіп Африка жерінің 12%-нде ғана сақталып отыр, онда Африка халқының 6%-і тұрады. Оңтүстік Африка Республикасының нәсілшіл үкіметі африкалық және европалық емес халықтарды аяусыз қорлау саясатын жүргізіп келеді. БҰҰ-ның шешімдеріне қарамастан Оңтүстік Африка Республикасы Намибияны (Оңтүстік-Батыс Африканы) заңсыз басып алды. Ұлттық тәуелсіздік ала алмай отырған елдердің көбі (жері 2070,8 мың км2, халқы 13,2 млн.) Португалияның иелігінде. Африкадағы отар елдердің халықтары бостандық және ұлттық тәуелсіздік жолында, империалистік езушілікке қарсы күрес жүргізуде.

Әдеб.: Физическая география частей света. М., 1963; Барков А.С. Африка. -М., 1953; Дмитревский Ю. Д. Внутренние воды Африки и их использование. Л., 1967; Климаты Африки. Л., 1967; Африка. Әнциклопедический справочник. т. 1-2. -М., 1963; Андрианов Б.В. Население Африки. -М., 1964; Дю-Тойт А. Л. Геология Южной Африки. пер. с англ. М., 1957; Линдгрен В. Минеральные месторождення. пер. с англ. т. 1-3. М.-Л. 1934-1935.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-25 13:26:43     Қаралды-12664

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КІРПІШ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Пісірілген балшықтан жасалған бұл әмбебап құрылыс материалы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »