UF

КОНГО (Соngо), Конго Халык Республикасы (Repubilika ya Kongo, Republíki ya Kongó) - Орталық Африкадағы мемлекет. Батысында Габонмен, солтүстігінде Камерун және Орталық Африка Республикасымен, шығысы мен оңтүстігінде Заирмен, оңтүстігінде Анголамен шектеседі. Оңтүстік-батысы -  Атлант мұхиты. Жері 342 мың км2, халқы 4,2 млн. (2016). Әкімшілік жағынан 9 облысқа және Браззавиль автономиялық округына бөлінеді. Астанасы - Браззавиль қаласы.

Мемлекеттік құрылысы. Конго - республика. Қазіргі конституциясы 1973 жылы маусымда референдумда мақұлданды. Мемлекеттік басшысы - президент. Оны Конго еңбек партиясының (КЕП) съезі 5 жылға сайлайды. Президент КЕП орталық комитетінің ұсынысы бойынша премьер-министрді тағайындайды, орнынан алады, басқа да жоғары лауазым адамдарын тағайындайды. Қарулы күштердің Бас қолбасшысы да сол. Заң шығарушы өкімет органы - бір палаталы парламент - Ұлттық халык жиналысы. Оны халық 5 жылға сайлайды. 18 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы беріледі. Ұлттық халық жиналысы басқарушы орган - Бюро сайлайды. Мемлекеттік совет - президент (пред.), КЕП саяси бюросының мүшелері, Парламент бюросы және премьер-министрден құралады. Мемлекеттік совет мемлекеттің жалпы саясатын белгілейді, әкономикалық және әлеуметтік даму жоспарларын қарайды. Жоғары атқарушы-жарлық беруші органы - үкімет (мин. советі). Аудандық округ басқару органдары да жалпыға бірдей және төте сайлау правосы бойынша, жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сот жүйесі Жоғарғы сот, апелляциялық сот және 1-инстанция соттарынан құралады.

Табиғаты. Конго Конго өзені бойындағы оның алапта орналасқан. Ойыс елдің батыс жағында Оңтүстік Гвиней қыратына, солтүстік-шығысында Шайю массивіне, оңтүстік-шығысында Катаракта үстіртіне жалғасады. Конгоның орталық бөлігін төбелі-белесті Батеке үстірті, оңтүстік-батыс жағалауын аккумуляциялық енсіз (40-50 км) ойпат және Майомбе тауы (биіктігі 930 м) алып жатыр. Геологиялық құрамы жөнінен Конго жері соңғы мезозой және кайнозой, докембрий, жоғарғы докембрий шөгінді жыныстарынан түзілген. Пайдалы қазындылары - мұнай, табиғи газ, қорғасын-мырыш, темір рудалары, алтын, фосфорит. Климаты ыстық экваторлың және субэкваторлық. Ең жылы айының (наурыз-сәуір) орташа температурасы 24-27°С, ең салқын айынікі (шілде-тамыз) 20-25°С. Жауын-шашынның жылдык мөлшері 1500-2000 мм, қиыр оңтүстік бөлігінде 1200-1400 мм. Өзендері өте жиі және олардың суы мол болады. Шығыс жағының өзендері Конго алабына, батыс аудандары Квилу алабына жатады. Басты өзендері - Конго және оның салалары Убанги, Сапга. Көп жері мәңгі жасыл экваторлық және жапырақты субэкваторлық орман (лимбо, окуме т. б. бағалы ағаштар өседі). Жері негізінен қызыл сары, топырақты келеді. Маймыл, піл, бегемот, қабылан, крокодил, жыландар, цеце шыбыны кездеседі. Одзала ұлттық паркі құрылған.

Конго (Соngо), (Заир Республикасы жерімен өтетін бөлігі) - Экваторлық Африкадағы өзен. Катанга үстіртінен басталып, Атлант мұхитына құяды. Алабының көлемі жөне суының молдығы жағынан Африкада 1-і, дүние жүзінде 2-орында (Амазонкадан кейінгі). Ұзындығы 4320 км (басқа деректе 4374 км). Алабы 3691 мың км2. Аңғарлық құрылысының ерекшелігіне қарай Конго 3-ке бөлінеді: жоғарғы Конго (бастауынан Стэнли су құламасына дейін, 2100 км), ортаңғы Конго (Киншаса қаласына дейін, 1700 км) және төменгі Конго (500 км). Басты салалары - Луфира, Лувуа, Лукуга, Арувими (оңы), Ломами, Лулонга, Руки, Касаи (солы). Таулы үстірттермен ететін жоғарғы ағысы шоңғалды келеді (еңістігі 475 -м/70 км). Орта тұсында өзен баяу ағады (еңістігі 0,07 м/км), жағалары жайпақ, батпақты. Төменгі бөлігінде Оңтүстік Гвиней таулы үстіртін кесіп өтіп, терең шатқалмен (тереңдігі 500 м-дей) ағады. Өзен жаңбыр суымен қоректенеді. Жылдық орташа су шығыны төменгі ағысында 39 мың м3/сек, жылдық ағыны 1230 км2. Гидроэнергия қорының мөлшері жөнінен Конго алабы жер шарында 1-орын алады. Ірі СЭС-тері - Ле-Маринель (258 мың квт) және Делькомюн (108 мың квт). Алабындағы су жолының ұзындығы 20 мың км. Басты порттары: Киншаса, Браззавиль, Конгола, Букама. Конгоның сагасын 1482 жылы португал теңіз саяхатшысы Д. Кан, жоғарғы ағысын 1871 жылы Д. Ливингстон ашты. Конгоның көпшілік бөлігін 1876-1877 жылдар Г. Стэнли зерттеді.

Халқы. Конгода банту тілінде сөйлейтін халықтар (баконго, байомбе, бобанг, абош, нгир т. б.) тұрады. Ресми тілі - француз тілі. Конго халқының көпшілігі өздерінің байырғы дінін ұстайды; христиандар, мұсылмандар да бар. Еңбек етуші халық 550 мың (1970). Конго - Африкадағы халқы өте сирек қоныстанған елдердің бірі; халқының орташа тығыздығы 1 км2 жерге 3 адамнан. Қала халқы 30% (1970); ірі қалалары - Браззавиль (200 мың адам, 1970), Пуэнт-Нуар, Долизи, Жакоб.

Тарихы. Европалық отарлау кезеңіне дейінгі Конго тарихы аз зерттелген. 15 ғасырдың аяғында мұнда европалықтар келген кезде, Конго жерін мекендеген халықтар патриархалды-қауымдық құрылыстық бастапқы ыдырау сатысында болды. 14-16 ғасырда Конгоның оңтүстік-батыс бөлігі ұлан-байтақ Конго мемлекетінің құрамына кірді. 16 ғасырда Конгодан бөлінген жағалау территориясында Лоанго корольдығы құрылды. 19 ғасырдың соңғы ширегінде Конго өзенінің алабы отарлық бөлшектеуге түсе бастады. 1880 жылы француз теңіз офицері де Бразза батеке халықтарының көсеміне қолайсыз шарт қойып, сол шарт бойынша Конго Францияның протекторатына, ал 1886 жылдан француз отарына айналды. Де Бразза бекініс қамалын салдырып, одан Браззавиль қаласы бой көтерді. Берлин конференциясы (1884-1885) Конгода Франция билігін таныды. 1910 жылы Конго жері (1903 Орта Конго деп аталынған) Француз Экваторлық Африкасы федерациясының құрамына енгізілді. Конгода 250 мың км2-ден астам жер алқабын басып алған және әкімшілік билік жүргізген француздар мен бельгиялықтардың концессиялы компаниялары үстемдік құрды. Отаршылдар африкалықтарды аз ақымен әкімшілік және басқа құрылыстарда жұмыс істеуге мәжбүр етті.

Конго халқының отаршылдарға қарсы толассыз күресі бұқаралық ереуілдерге ұласып отырды (1924, 1928, 1930). 20 жылдардың аяқ кезінде Конгода матсуанизм деп аталған саяси-діни қозғалыс өріс алды (жетекшісі А. Матсуа.) Матсуаншылдар отарлық өкіметтің зорлық-зомбылығына қарсы күресті, француз әкімшілігіне қарсыласу науқанын жүргізді. Матсуаншылдар қозғалысы 2-дүние жүзілік соғыстап (1939-1945) кейін де жалғаса берді. Африкадағы ұлт-азаттық қозғалысының жаппай өрістеуіне байланысты, француз отаршылдары Конгода өз үстемдігін сақтауға тырысып, кейбір жеңілдік жасауға мәжбүр болды. 1946 жылы жергілікті тұрғындар партиялар мен кәсіподақ ұйымдарын ұйымдастыруға мүмкіншілік алды. 1957 жылы африкалықтардың сайлау правосы кеңейтіліп, олардың өкілдері үкімет құрамына енді. 1958 жылы Конго «автономиялы мемлекет» болып жарияланып, Конго республикасы деген атпен француз ынтымақтастығының мүшесі болды. 1956 жылы құрылған африкалықтардың мүддесін қорғаушы демократиялық одақ партиясының басшысы аббат Ф. Юлу 1958 жылы қарашада үкімет басына келді. Африкадағы азаттық курестің одан әрі өрістеуі нәтижесінде Конго 1960 жылы 15 тамызда тәуелсіздікке ие болды. 1960 жылы 20 қыркүйекте Конго БҰҰ мүшелігіне қабылданды. Алайда, Франция (1960 жылы 15 тамыздағы келісім бойынша) Конгода қорғаныс, сыртқы саясат, экономика және жоғарғы білім беру салаларында өз бақылауын сақтап қалды. 1961 жылы 2 наурызда елде президент тәртібін орнатқан конституция қабылданды. Үкімет басшысы Ф. Юлу президент болып сайланды. 1961 жылы Конго Африка-Мальгаш одағына (1965 жылдан жалпы африка-мальгаш ұйымы; 1970 жылдан жалпы африка-малагасия және Маврикия ұйымы) кірді. Ф. Юлу үкіметінің халыққа қарсы жүргізген сыртқы және ішкі саясаты халық арасында наразылық туғызды. Бұл жағдай прогресшіл күштердің бірігуіне себеп болды. Бұқараның революция қозғалыстары      нәтижесінде 1963 жылы тамызда Ф. Юлу үкімет билігінен бас тартты.

Премьер-министр А.Массамба-Деба бастаған уақытша үкімет құрылды. Үкімет парламентті таратты, барлық саяси тұтқындарға кешірім жариялады, жаңа конституция әзірлеу үшін комиссия құрды. 1963 жылы 8 желтоқсанда өткізілген референдумға қатысушылар көпшілік дауыспен жаңа конституцияның жобасын қабылдады. Сол күні болған парламент сайлауында Массамба-Деба бастаған революцияны қорғаушы Ұлттық қозғалыс ұйымы жеңіске жетті. Бұл ұйым кейін, 1964 жылы Ұлттық революция қозғалыс (ҰРҚ) партиясы болып қайта құрылды. 1963 жылы 20 желтоқсанда А. Массамба-Деба Конго президенті болып сайланды. Экономикалық өркендеу жоспарларын орындау, реакцияға қарсы күресу, ҰРҚ-тің тайпалық жіктелуіне жол бермеу үшін ішкі күштерді топтастыру мақсатымен, 1964 жылы шілдеде елде партиялардың бірлігі жарияланды. Бұрыңғы партиялар іс жүзінде қызметін тоқтатты. 1964 жылы қарашада бір тұтас кәсіподақ орталығы - Конго кәсіподақтарының конфедерациясы құрылды. Басқа кәсіподақтар 1964 жылғы 17 желтоқсандағы заңға сәйқес таратылды. ҰРҚ-тің құрылтай съезі (1964 жылы маусым-шілде) Конго «Ғылыми социализм принциптері негізінде» дамиды деп атап көрсетті. 1964 жылы даму жолындағы 1-бесжылдық жоспар (1964-1968) қабылданды. ҰРҚ съезі белгілеген, мемлекеттік сектор құру міндетін жүзеге асыру барысында үкімет бірнеше кәсіпорындарды мемлекеттік меншігіне көшірді. 1964 жылы желтоқсанда Конгодан француз әскерлері әкетілді.

Алайда, партия программасын жүзеге асырудағы байыпсыздық және дара билік орнатуға ұмтылушылық (1968 жылы парламөнт таратылып, ҰРҚ ОК Саяси бюросының қызметі тоқтатылды, прогресшіл қайраткерлер қуғынға түсті) бұқара қауым тарапынан наразылық туғызды. Солшыл күштердің, оның ішінде прогресшіл ниеттегі офицерлердің бірлесе қимылдауы нәтижесінде 1968 жылы тамызда Массамба-Деба үкіметі биліктен кетіп, М. Нгуаби бастаған Ұлттық революция советі (ҰРС) құрылды. 1969 жылы 1 қаңтарда тұрақты үкімет құрылғаннан кейін, М. Нгуаби президент болып тағайындалды. Жаңа басшылық елді социалистік  жолмен дамыту бағытын ұстады.

1969 жылы желтоқсанда Ұлттық революция қозғалыс партиясының ісін жалғастырушы Конго еңбек партиясының (КЕП) құрылтай съезі өтіп, онда КЕП уставы қабылданды, партияның жетекшілік ролі айқындалды. 1969 жылы 30 желтоқсанда қабылданған конституцияға сәйкес, Конго халық республикасы болып жарияланды. Тәуелсіздік алған уақыттың ішінде әлеуметтік-экономикалық өмірде бірсыпыра өзгерістер жасалды: қала халқы көбейді; жұмысшы табының саны артты (1960 жылғы 63 мыңнан 1970 жылы 90 мың адамға жетті), кен өндіру және байыту өнеркәсібіне ұзақ мерзімге күрделі қаржы көп бөлінді. Шетел капиталының меншігіндегі кәсіпорындар кеңейтіліп, ішінара ұлт меншігіне көшірілді, ауыл шаруашылық өнімі молайды; 1969-1972 жылдар үкімет демократиялық жаңа реформалар жариялады: Трансэкваторлық жол қатынасы агенттігі, жеке адамдар қолындағы автомобиль жолдары, аэродромдар, көпірлер, паромдар, қант з-дтары, ағаш дайындау және ағаш өңдеу кәсіпорындарының бір бөлігі ұлт меншігіне алынды. 1970 жылы ақпанда КЕП ОК кәсіпорындардың революция комитеттерін құру жөніндегі Директиваларын жариялады. Ол комитеттердің мақсаты - елде партия мен кәсіподақтардың жетекшілік ролін қамтамасыз ету және кәсіпорындардың жұмысын жаңсарту. КЕП трайбализм мен сатқындықты түп тамырымен жою, мемлекеттік ықпалды аппарат құру, ұлт бірлігін нығайту жолындағы күресті күшейтті. 1973 жылы маусымда өткізілген референдумда жаңа конституцияның жобасы мақұлданғаннан кейін конституция күшіне енді. 1964 жылы СССР-мен, одан кейінгі жылдары басқа да социалистік ынтымақ елдерімен дипломатиялық қатынас орнатылды. КЕП социалистік елдермен жан- жақты қатынасты дамытуға деп қойып келеді.

Саяси партиялары мен кәсіподақтары. Конго Еңбек партиясы (КЕП), 1969 жылы желтоқсанда Құрылтай съезінде құрылды, елдегі бірден-бір билеуші партия. Конгоның кәсіподақтар конфедерациясы, 1964 жылы құрылды. Ол 1969 жылдан БКФ құрамында.

Экономикасы. Конго аграрлық ел. 1964 жылы Конго үкіметі елдің капиталистік емес даму жолына түскеніп жариялады. Экономикасына мемлекеттік жоспарлау тәртібі енгізілді. Халық  шаруашылығының мемлекеттік секторын құру және оны нығайту шаралары іске асырылуда. Өнеркәсіп және транспорт национализациялануда. Жер және жер қазыналары мемлекеттік қарамағына алынды, ауыл шаруашылығында мемлекеттік шаруашылықтар құрылуда. Елде әлі де шетел капиталының (әсіресе француз капиталы) ықпалы сақталуда.

Ауыл шаруашылығы. Елдегі еңбек ететін халықтың 70%-і ауыл шаруашылығымен айналысады. Жергілікті ұсақ шаруашылықтардың үлесі басым. Жоғары өнімді плантациялар мен мал өсіруші фермалар да кездеседі; олар европалықтар қарамағында. Барлық жерінің 1,8%-і егістік, 41,8%-і жайылым, 47,5-і орман, пайдаланылмайтын жерлер 9%. Негізгі азық дақылдары - маниок, батат және жүгері, күріш, көкөніс. Экспорттық мәні бар дақылдары: майлы пальма, қант қамысы, арахис, банан, кофе, какао. 1971 жылы жиналған ауыл шаруашылық өнімдері (мың т): жүгері 5, маниок 450, қант қамысы 1110, пальма майы 6,0, арахис 20, кофе 1,9, какао 1,0. 1970-1971 жылдар мал саны (мың): мүйізді ірі қара 32, шошқа 38, қой 60, ешкі 89, 1970 жылы елде 12,2 мың тонна балық ауланды.

Өнеркәсібі. Басты экспорттық саласы - орман өнеркәсібі. 1971 жылы наурызда орман алқабы мен ағаш сату орындары үкімет қарамағына көшті. 1970 жылы 950 мың м3 ағаш (оның 431 мың м2-і экспортқа шығарылды), 40 мың м3 тақтай, 75 мың м3 фанер дайындалды. Конго тау-кен өнеркәсібі мұнай, табиғи газ (16 млн. м3, 1971), қорғасын (2,2 мың т 1969), мырыш, электр энергиясы алынды; ірі станциялары - Джуэ СЭС-і (Браззавиль атырабында), Браззавиль, Пуэнт-Нуар, Долизи жылу электр станциялары. Өңдеу өнеркәсібінің басты салалары - тамақ (әсіресе қант, пальма майын өндіру, астық тарту, балық консервілеу, күріш жөне кофе тазалау; орталықтары - Жакоб, Пуэнт-Нуар, Браззавиль қалалары), мата тоқу (Кинсунд қаласы), химия (Браззавиль, Пуэнт-Нуар) өнеркәсібі.

Транспорты. Темір жолы 797 км (1971), басты тармағы Браззавиль - Пуэнт-Нуар. Автомобиль жолы 11 мың км. Басты өзен порты - Браззавиль, теңіз порты - Пуэнт-Нуар (жүк айналымы 3 млн. т, 1970).

Сыртқы саудасы. Шетке ағаш, алмас, пальма дәні мен майы, кофе, какао, темекі, қант, түсті металдар шығарылады. Өзі машина, мұнай өнімдерін, азық-түлік, тұтыну бұйымдарын сатып алады. Серіктестері - Франция, ГФР, Ұлыбритания, АҚШ. Конгоның СССР және басқа социалистік елдермен экономикалық қатынасы дамуда. Ақшасы - африка франкі.

Денсаулық сақтау ісі. Толық емес мәліметтер бойынша, 1967 жылы әрбір1000 адамға шаққанда, баланың тууы 41,1, адамиың өлімі 24,4; тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені 180. Адам өміріңің орташа ұзақтығы 37 жас. Елде жұқпалы іш аурулары, геогель-минтоз, алапес аурулары өте көп тараған. Безгек Конго жерінің бәрінде кездеседі. 1967 жылы 5 мың төсектік (1000 адамға 5,8 төсек) 275 аурухана болды. 101 дәрігер (8,3 мың адамға 1 дәрігер), 245 дәрігерге көмекші, 4 тіс дәрігері, 14 фармацевт, 600-ге жуық орта білімді медицина қызметкерлері жұмыс істеді. Дәрігерлік білім алу үшін Францияға және Дакар (Сенегал) университетіне барып оқиды. Конгода орта білімді медицина хызметкерлер дайындайтын Пуэнт-Нуаре мектебі бар. 1969 жылы СССР Браззавиль қаласында 100 төсектік әйелдер босанатын үй салып берді.

Оқу-ағарту ісі. 1965 жылы Ұлттық жиналыс барлық оқу орындарын мемлекеттік карауына беру жөнінде заң қабылдады. Мемлекеттік бюджетте ең көп қаражат оқу-ағарту ісіне бөлінеді. 1970 жылы оқу- ағарту ісіне 4 млрд. африка франкі жұмсалды. Сауатсыздықты жою саласындағы табыстары үшін 1970 жылы Конгоға ЮНЕСКО-ның Крупская атындағы сыйлығы берілді. Білім беру жүйесі: 6 жылдық бастауыш мектеп (6-12 жас), толық жалпы білім беретін оқу орындары - 7 жылдық лицей, 4 жылдық орталау жалпы білім беретін колледждер. Кәсіптік-техникалық оқу орындары - кәсіптік дайындық орталықтары мен техникалық білім беретін коллеждер мен лицейлер. Бірыңғай политехникалық орта мектеп құруға бағытталған оқу жүйесі жүзеге асырылуда. 1971-1972 оқу жылында бастауыш мектептерде 260 мың, орта мектептерде 35 мың, көсіптік-техникалық оқу орындарында 3 мыңға жуық оқушы оқыды. Оытушыларды педагогикалық училищелер мен Браззавильдегі Жоғары қалыпты мектеп даярлайды. Бірінші жоғары оку орны – Браззавильдегі Жоғары білім орталығы (1961 жылы құрылған). 1971-1972 оқу жылында онда 800-ден астам студент оқыды. 1972 жылы ол орталықтың негізінде ұлттық унивесритет ашылды. Көптеген конголықтар шетелде (1000-нан астам) оқиды. 1972 жылы СССР-ге 328 конголықтар оқуға жіберілді. 1965 жылы Браззавильде құрамында архивалық бөлімі мен кітапханасы бар Ұлттық музей ашылды.

Әдеб.: Субботин В. А. Французская колониальная экспансия в конце XIX в. (Экваториальная Африка и острова Индийского океана). М., 1962; Нагибин Ю. Когда цветут фламбуаяны. «Наш современник», 1972.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-21 17:51:16     Қаралды-2876

АҚШ-ТА РЕСМИ ТІЛ ҚАНДАЙ?

...

Біздің елде қазақ тілі ресми тіл болып заңды түрде танылған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАЙ ҚАЛАНЫҢ СУ АСТЫНДА ЖОҒАЛЫП КЕТУ ҚАУПІ БАР?

...

20-ғасырдың 60-шы жылдарының басында бір қаланың халқы бірте-бірте су астына батып бара жатыр деген хабардан шошып кетті.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН АДАМДАР ҒАРЫШҚА ҰШАДЫ?

...

Спутниктер мен орбиталық станциялар ғарышта көптеген жұмыстарды орындайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТҮН НЕГЕ КЕЛЕДІ?

...

Күн артынан түн, түн артынан күн.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН ТЕҢІЗ БЕТІНДЕ КЕМПІРҚОСАҚ ПЛЕНКАСЫ БАР?

...

Жоқ, бұл жылы жаңбырдан кейін ашық аспанда ойнайтын кемпірқосақ емес.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН БІЗ АУА ҚЫСЫМЫН СЕЗБЕЙМІЗ?

...

Біздің планетамызда үлкен ауа мұхиты үстемдік етеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҚАБЫЛАН НЕЛІКТЕН ЖЕМТІГІН АҒАШҚА ЖАСЫРАДЫ?

...

Қабылан жалғыз тұрады және арыстандар мен гиеналардан үнемі сақ болу керек.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

НЕЛІКТЕН ЖЫЛ МЕЗГІЛДЕРІ БАР?

...

Жыл мезгілдерінің ауысуы – табиғаттың мәңгілік және өзгермейтін құбылысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЕРТЕДЕ БОЯУЛАР НЕДЕН ЖАСАЛҒАН?

...

Ежелгі заманнан бері өсімдік бояуларын адамдар қару-жарақ, киім-кешек және үйлерді безендіру үшін қолданған.

ТОЛЫҒЫРАҚ »