UF

ЭФИОПИЯ - Солтүстік-Шығыс Африкадағы мемлекет. Жері 1222 мың км2. Халқы 102,4 млн. (2015). Әкімшілік жағынан 14 провинцияға бөлінеді. Астанасы - Аддис-Абеба қаласы.

Мемлекеттік құрылысы. Эфиопия- 1974 жылға дейін конституциялық монархия. 1974 жылы саяси дағдарыс нәтижесінде елдің ішкі жағдайын бақылау әскери басшылардың қолына көшіп, олар 1974 жылы 12 қыркүйек императорды тағынан түсірді. 1955 жылғы Конституцияның күші тоқтатылды, парламент пен үкімет органы таратылды: 1975 жылы 21 наурызда корольдық тақ жойылды. Өкіметтің барлық билігін қолдарына алған (1974) Уақытша әскери-әкімшілік совет пен Уақытша әскери-үкімет болашақ мемлекеттің саяси құрылыс жүйесін халық анықтайды деп жариялады.

Табиғаты. Солтүстік жарты шардың субэкваторлық белдеуін ала саванна мен сирек орманды өңірде орналасқан. Жағасы түзу жазық, кей жерлері аласа, шағын қойнаулармен тілімделген. Территориясының 2/3-ін Эфиопия таулы қыраты, солтүстік-шығысын Афар ойысы (теңіз деңгейінен 116 м төмен) алып жатыр. Таулы қыраты мен Сомали үстірті (биіктігі 3000 м) терең тектоникалық опырық арқылы бөлінген. Климаты экваторлық-муссондық. Эфиопия таулы қыратының климаты биіктік белдеулерге байланысты қалыптасқан. 1700-1800 м биіктік шамасындағы ыстың және ылғалды белдеудің ауа температурасы 20°С, 2400 м биіктіктегі белдеуде айлық орташа температура 13-10°С, 2400 м-ден жоғары салқын белдеуде температура 13°-16°С. Жылдық жауын-шашыны оңтүстік-шығысында 150-600 мм, орталық аудандарында, оңтүстік-батысында 1500-1800 мм. Афар ойысы - Жер бетіндегі ең ыстық жерлердің бірі (айлық орташа температура 25°-35°С). Өзендері Ніл өзені. (Көк Ніл, Атбара) және Үнді мұхиты алабына жатады. Ірі көлдері - Тана (3 мың км2), Абая, Звай. Жерінде қызыл қоңыр және қызыл таулық шалғындық топырақ тараған. Жазықта және үстіртте саванна, қырат беткейлері мен өзен аңғарларында орман, шығыс бөлігінде шөл және шөлейттік өсімдіктер өседі. Жануарлар дүниесінде буйвол, керік, жираф, зебр, бөкен, арыстан, қабылан, бегемот, крокодил, питон, африка түйе құсы мекендейді. Табиғи жағдайын сақтау және жануарлар, өсімдік дүниесін қорғау үшін елде ұлттықпарк және 7 қорық ұйымдастырылған.

Эфиопия таулы үстірті - Африканың солтүстік-шығысындағы тау массиві. Эфиопия жерінде. Биіктігі 2000-3000 м, ең биік жері 4620 м (Рас-Дашан тауы). Солтүстік бөлігі пенепленделген кристалдық жыныстардан, оңтүстігі лавалық қалдықтары (амба) бар базальтты үстірттерден тұрады. Батыс беткейіне ылғал мол (жылына 1500 м-ге дейін), шығыс беткейіне кемірек (500 м-дей) түседі. Өзен торы жиі (Көк Ніл, Атбара, Собат т. б.), бірақ өзендерінің табалдырықты болуына байланысты кеме жүзуге жарамсыз. Биіктік белдеуге тән топырақ және өсімдік жамылғысы қалыптасқан. Орташа жылдық ауа температурасы 20°С. Орталық және шығыс бөлігінде халық жиі қоныстанған. Егін және мал шаруашылығы дамыған.

 

Халқы. Тұрғындарының көпшілігі амхара, галла, тиграй, сомали, сидамо т. б. халықтар. Йеменнен және Сауд Арабиясынан келген арабтар, итальяндар, американдар, гректер, үнділер, пакистандықтар, армяндар т. б. да тұрады. Мемлекеттік тілі - амхара тілі. Ресми діні - христиандық және мұсылмандық. Эфиопия таулы қыратының орталық және шығыс аудандарында халық жиі қоныстанған. Орташа тыгыздығы 1 км2-ге 21,6 адамнан. Дала халқы 5%-тен астам. 94%-ке жуығы ауылдық жерлерде тұрады. Ірі қалалары - Аддис-Абеба. Асмара.

Тарихы. Археологиялық деректер осы күнгі Эфиопия жерін адам баласының ежелгі заманның өзінде-ақ мекендегенін көрсетеді. В. з. басында Эфиопияның солтүстігіндегі территорияда сол кездегі ірі Аксум мемлекеті өмір сүрді. Бұл мемлекет б. з. 3-6ғасырларында гүлденіп дамыды, бұл кезде ол Солтүстік-ІІІығыс Африка мен Арабиядағы ең күшті мемлекеттердің біріне айналды. 7 ғасырда бұл жерге арабтардың басып кіруі Аксум мемлекетін әлсіретті. Аксум мемлекетінің бұдан кейінгі тарихы жете зерттелмеген. 13 ғасырдың деректерінде құрамына ежелгі Аксум территориясына енген жаңа мемлекет -Эфиопия туралы айтылады. Бұл деректер 14-16 ғасырларда Эфиопияның феодалдық мемлекет болғанын көрсетеді. 16 ғасырдың басында Эфиопияға осман түріктері шабуыл жасады. Эфиопияның билеп-төстеушілері 15 ғасырдың аяғында Африканың шығыс жағалауын отарлай бастаған Португалиядан көмек сұрады. Эфиопия мен Португалия әскерлері куш біріктіріп, басқыншыларға соққы берді. Бұдан кейін Эфиопияның жеріне Португалия өз үстемдігін жургізуге тырысты. Эфиопия халқы шетел өктемдігіне қарсы көтеріліп, португалдарды да Эфиопиядан кетуге мәжбүр етті.

17-18 ғасырларда Эфиопияда феодалдық талас-тартыстар күшейіп, орталық өкіметті әлсіретті. 19 ғасырдың басында Эфиопия бірқатар тәуелсіз феодалдық князьдықтарға бөлінді. Бұлардың әрқайсысының өз әскері, өз басқару жүйесі болды. Князьдықтардың дербестігі күшті болғаны соншалық, олар кейде «корольдықтар» деп те аталды. Князьдықтардың билеушілері 19 ғасырдың 1-жартысының өне бойында бір-біріне қарсы соғысты. Мұны Англия мен Франңия және Батыс Европаның басқа да мемлекеттері Эфиопияны дереу басып алу мақсатына пайдаланып қалуға тырысып, олармен «Достық шарттар» жасасты. 19 ғасырдың соңғы ширегінде Африканы империалистік мемлекеттердің өзара бөлісуі аяқталған кезде Эфиопияға империалистік құлдыққа түсу қатері төнді. Оны Италия өзіне бағындырып алуға тырысты. Ол 1895 жылы соғыс жарияламастан, Солтүстік Эфиопияға басып кіріп, бірқатар елді мекендерді жаулап алды. 1896 жылы 1 наурызда Адуа түбінде ірі шайқас болып, онда итальян әскерлері жеңілді. 1896 жылы 26 қазанда Аддис-Абебада бітім шартына қол қойып, бұл шарт бойынша Италия Эфиопияның толық тәуелсіздігін мойындады және соғыс шығынын төлеуге міндеттенді. Эфиопия халқына осындай қысылшаң кезеңде Россияның алдыңғы қатарлы жұртшылығы үлкен көмек көрсетті. 19 ғасырдың аяғы - 20 ғасырдың басында империалистік мемлекеттердің, ең алдымен Англия мен Францияныц арасында Эфиопияға өз ықпалын жүргізу жолындағы күрес одан әрі өрістеді. 30 жылдардың басында Эфиопияға фашистік Италия тарапынан тағыда қауіп төнді. Италия өзінің Африкадағы отарлары Эритре мен итальян Сомалийінде ең жаңа техникамен қаруланған көп әскерін шоғырландырды. 1935 жылы 3 қазанда итальян әскерлері Эфиопияға басып кірді. Сөйтіп, итальян-эфиопия соғысы (1935-1936) басталды. Эфиопия (1923 жылдан Ұлттар Лигасының мушесі) үкіметі Ұлттар Лигасынан көмек сұрады, мұнда оны Совет Одағы барынша қолдады- Дегенмен Италия үкіметімен тікелей келісімде болған империалистік мемлекеттер соғысты тоқтатуға ешқандай шара қолданбады. 1936 жылымамырда Италия әскерлері Аддис-Абебаға басып кірді. Муссолини үкіметі Эфиопияны «Италиялық Шығыс Африка» деп аталатын отарының құрамына қосылды деп жариялады. Совет Одағы Эфиопияның жаулап алынуын мойындамағаны былай тұрсын, қайта Эфиопияны қорғау жолындағы күресін одан әрі жалғастырды.

Италия Эфиопияны жаулап алғаннан кейін де эфиоп халқының қарулы күресі толастаған жоқ. Басқыншылар шын мәнінде тек қалалар мен темір және тас жолдардың маңайындағы территорияларға ғана өз үстемдігінжүргізді. 1941 жылықаңтарда ағылшын-эфиоп әскерлері Судан жағынан келіп Эфиопия территориясына енді. 1941 жылы6сәуірде эфиоп патриоттары Аддис-Абебаны азат етті. 1941 жылдың аяғына таман басқыншылар Эфиопия жерінен қуылды.

2-дүние жүзілік соғыстан кейін Эфиопия үкіметі экономиканы дамытуға, елдің өнеркәсіп базасын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға тырысты. Бірақ Эфиопия өнеркәсібі нашар дамыған, артта қалған аграрлы ел болып қала берді. Аграрлық реформа туралы мәселенің шешілмеуі, 1973 жылғы қуаңшылықтың салдарынан жүздеген мың адамның аштан өлуі, қымбатшылық, пара-қорлықтың кеңінен тарауы 1974 жылы үлкен саяси дағдарысқа әкеліп соқты. 1974 жылыақпанда Аддис-Абебада ереуілдер мен демонстрациялар басталып, кейінгі айларда барынша күшейді. 1974 жылынаурызда жаппай ереуіл болып, ол еңбекшілердің жеңісімен аяқталды. Үкімет жалақыны арттыру, бағаға бақылау қою, білім беру жуйесіне реформа жасау, пенсиялар туралы заң дайындау жөніндегі талаптарды қабылдады. Уақытша әскери-әкімшілік совет (УӘӘС) құрылып, билікті өз қолына алды. 1974 жылы 12 қыркүйекте император Хайле Салассие құлатылды. УӘӘС елдегі феодалдық қатынастарды жоюға бағытталған өзгерістер жасауға кірісті. 1974 жылы 20 желтоқсанда УӘӘС-тің мәлімдемесі жарияланып, онда әлеуметтік-экономикалық шаралардың кең программасы белгіленді. Бұл программа «Эфиопияның социалистік бағдарына сай келетін прогресшіл саяси партия» құруды, негізгі өндіріс құрал-жабдықтарын национализациялауды, басты-басты кәсіпорындарды мемлекеттік бақылауына алуды көздеді. Программада бүкіл жер халық меншігі деп жарияланды; жерді жеке меншіктену көлеміне шек қойылды. 1975 жылыЭфиопияда әуелі селолық аудандарда, ал 7 тамыздан бастап қалаларда жерді национализациялау жүргізіле бастады. Сондай-ақ, банкілерді, ірі өнеркәсіп орындарын национализациялау жұмыстары да жүргізілуде.

УӘӘС-тің мәлімдемесінде оның сыртқы саяси бағыты империализм мен отаршылдыққа, Эфиопияның ішкі істеріне араласуға және империалистік айлашарғыларға қарсы күресуді, көрші елдермен бейбіт және туысқандық қатынастар орнатуды көздейді делінген.

1976 жылысәуірде Ұлттық-демократиялық революция программасы қабылданды; онда Эфиопияда жұмысшы табының марксистік-лениндік партиясын құру белгіленді және социализм орнату ұлттық-демократиялық революцияның мақсаты деп жарияланды. Эфиопияның халықаралық жағдайы, социалистік елдермен ынтымағы күшейді.

1977 жылдың соңғы ширегінде АҚШ, басқа да империалистік елдердің қолдауымен Сомали армиясы Эфиопияның шекаралық аудандарын басып алды. 1978 жылдың басында Эфиопияның революция армиясы мен халық милициясы отрядтары Сомали басқыншыларын елден қуып шығарды. Бұл азаттық сотыста Эфиопияға Совет Одағы мен Куба, өзге де социалистік елдер көмек көрсетті.

Экономикасы.Эфиопия - экономикасы онша дамымаған аграрлық ел. Еңбек ететін тұрғындарының 88%-іне жуығы ауыл шаруашылығында істейді. Эфиопия экспорт өнімдерінің 97%-і және жалпы ұлттық өнімнің 65% ауыл шаруашылығынан түседі.

Ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылық жері 12,7 млн. га. Эфиопия таулы қыратының орталық және шығыс аудандарында дәнді (8,1 млн. га), бұршақ және майлы дақылдар, елдің оңтүстік-батыс және оңтүстігінде кофе басым егіледі. Негізгі дақылдарынан алынған өнімдері (мың т, 1973-1974): арпа 725, тефф(дәнді дақыл) 1180, қонақ жүгері870, жүгері 882, бидай 653, бұршақ 600, майлы дән 500, қант қамысы 1980, кофе 180.   1974 жылғы мал саны(млн.): мүйізді ірі қара 26,4, қой 22,3, ешкі 17,3, жылқы 1,4, есек 3,9, түйе 1,0. 20-22 мың т балық ауланады және теңіз өнімдері жиналады (1974).

Өнеркәсібі.Эфиопия өнеркәсібінде мемлекеттік ықпал күшеюде. Елдің ұлттық өнімі ішіндегі өнеркәсіп үлесінің мөлшері онша емес. Шағын тамақ (Аддис-Абеба, Асмара), мата тоқу (Аддис-Абеба, Асмара, Диредава, Бахр-Дар), былғары-аяқ киім (Аддис-Абеба), ағаш өңдеу (Аддис-Абеба, Джимма), цемент (183 мың т, Диредава, Аддис-Абеба т.б.), трактор, автомобиль, радио- қабылдағыш құрастыру (Аддис-Абеба) орындары бар. 1967 жылы СССР-діңкөмегімен Ассабта мұнай айыру з-ды іске қосылған. 1974 жылы елде 600 мың тмұнай, 200 мың т теңіз тұзы, 1тоннаға жуық алтын, 485 млн. квт-сағ. электр энергиясы өндірілді. 121 мың т қант, 6,2 мың т қағаз, 70 млн. м2 мата шығарылды (1974).

Транспорты. Темір жолының ұзындығы1,1 мың км, автомобиль жолының ұзындығы 25 мың км. Аддис-Абеба - Найроби (Кения) автомобиль жолы іске қосылды (1976). 1974 жылы автопаркінде 80 мың машина (негізінен жеңіл машиналар) болды. Басты порттары - Массауа, Ассаб; Халықаралық аэропорттары Аддис-Абеба және Асмара қалаларында. Шетке кофе, майлық дән, тері шығарылады. Өзі өнеркәсіп жабдықтарын, жартылай фабрикаттар, тұтыну заттарын сатып алады. Сыртқы сауда серіктестері - АҚШ, Жапония, Италия, Германия, Араб түбегіндегі елдер.

Ақша өлшемі - эфиопия доллары.

Денсаулық сақтау ісі. 1975 жылы мәлімет бойынша әр1 мың адамға шаққанда туған бала саны 45,6, өлген адам - 25,0; тірі туған әр 1 мың баладан өлгені 84,2. Инфекциялық аурулар - безгек, іш сүзегі, дизентерия, бөртпе сүзек, қайталама сүзек т. б. жиірек кездеседі, өлімнің де себебі солар. Алапес, венералық аурулар көп таралған. 1972 жылы елде 8,4 мың төсектік (1 мың адамға 3,2 төсек) 85 аурухана болды. 374 дәрігер (69,3 мың адамға 1 дәрігер), 213 дәрігер көмекшілері, 24 тіс дәрігері, 142 фармацевт, 900-дей мед. сестра жұмыс істеді. Дәрігерлер елдің барлық жеріне бір келкі бөлінбеген, олардың 60%-тен астамы ірі қалаларда. Дәрігерлер унивсерситеттің медицина факультетінде, орта білімді медицина кадрлар аурухана базалары мен 3 арнайы орталықта даярланады. Денсаулық сақтау ісіне 1972 жылымемлекеттік бюджеттің 4,3%-і жұмсалды.

Оқу-ағарту ісі. Халқының 90%-і сауатсыз (1974). Эфиопияда міндетті оқу заңы әлі жасалмаған. Білім беру жүйесі 6 жылдық бастауыш және 6 жылдық орта мектептен тұрады. 1973-1974 оқу жылында бастауыш мектепте 85,9 мың оқушы (оның 15%-і жасына сай келеді), орта мектепте - 182,5 мың оқушы оқыды. Оқу амхар тілінде. 1975-1976 оқу жылынан оқу орындары мемлекеттік қарауында. Мамандыққа даярлау кіші орта мектеп негізінде 1-5 жыл ішінде жүзеге асырылады. 1973-1974 оқу жылында мамандар даярлайтын оқу орындарында 5,5 мың оқушы болды. 1973-1974 оқу жылында мұғалімдер даярлау жүйесінде 3,1 мың оқушы болды. 2 унивесритетт бар: Аддис-Абебада (1961 жылы құрылған) және Асмарада (1967 жылы құрылған). 1973-1974 оқу жылында барлық жоғары оқу орындарында 6,5 мың студент оқыды. Аддис-Абебада Ғылым академиясы орналасқан. Ең ірі кітапхана - университет кітапханасы (1950 жылы құрылған, кітап қоры 247 мыңнан астам дана), Ұлттық кітапхана (1944; кітап қоры 63 мың дана). Археологиялық музей, Эфиопияны зерттеу музейі бар.

Әдебиеті көп тілді. Жазу мен эпиграфика (сабей тілінде) Эфиопия жерінде б.з.б. 5 ғасырда пайда болған. Жыл санаудың алғашқы ғасырларындағы эфиграфикалар геэз және грек тілінде жазылған. Бұл тілдердегі Эфиопия эпиграфикасының өркендеген шағы 4-6 ғасыр болды. 5-6 ғасырда гностикалық және христиандық діни әдебиеттің бірсыпыра шығармалары геэз тіліне аударылды.

8-12 ғасырларда Эфиопия әдебиетінің құлдырау кезеңі туды. 14-16 ғасырларда геэз тілінде эпикалық «аңыздар» мен «елестер», діни гимндер, хроникалар, агиографиялар, мистикалық және магиялық төл туындылар пайда болды; араб тілінен аударылған немесе соның мазмұнына құрылған шығармалар шықты. Кейбір секталардың геэз тілінде өз әдебиеті болды. 15 ғасыр мен 16 ғасырдың басында геэз тіліндегі әдебиет шарықтап өркендеді. Бұл дәуірдің ең ірі ақындары Георгий Армянин мен император Наод (1494-1508) діни гимндер жазды. Ірі жазушы император Зарэ-Якобе (1432-1468) болды. 14-16 ғасырларда көне амхар тілінде «Падиша жырлары» деп аталатын эпикалық туындылар шықты. 16-19 ғасырларда әдеби шығармалар 6 тілде (оның ішінде геэз, араб, амхар тілдерінде) жасалатын болды. 19 ғасырдың 2-жартысы Эфиопия мәдениетінің гүлдену Дәуіріне айналды. Ағарту дәуірінің көрнекті өкілі - Джусто да Урбино болды.

Эфиопияның қазіргі әдебиеті 20 ғасырдың алғашқы 10 жылында амхар тілі мемлекеттік тіл болған кезден дами бастады. Афеворк Гэбрэ Иесус (1868-1947) пен Хурий Вольдэ Селассие (1889-1939) амхар әдебиетінің негізін салды.

20 ғасырдың 40 жылдарынан бастап Эфиопия әдебиеті әр алуан жанрда дамыды. Гырмачеу Тэкле Хаварьят «Арая» романын (1947, орысша 1960), Мэконнын Эндалькачеу «Қанның үні» тарихи драмасын (1948) жазды.

50-60 жылдардың аса көрнекті ақындары мен драматургтері Мангысту Лемма, Кэббэдэ Микаэль болды. 70 жылдары амхара әдебиетіне жас ақындар қосылды.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері және халық творчествосы. Эфиопия территориясынан б.з.б. 9-7 ғасырларға саятын өнер ескерткіштері табылды. Эфиопияның ежелгі өнері Аксум мемлекеті тұсында гүлденді. Осы кезеңде көп қабатты монолитті құрылыстар, сарайлар мен ғибадатханалар, шіркеулер (Аксумдағы Энда Микаэл шіркеуі мен Такха-Мариам сарайы) бой көтерді. Ңұрылыстар негізінен тас пен ағаштан тұрғызылып, есіктері барельефтермен безендірілді. Ласта тауындағы Лалибеланың жарқабаққа қашалған шіркеуі (12 ғ.) орта ғасырдағы елеулі сәулет өнері ескерткіштері қатарына жатады. 19 ғасырдың аяғынан Эфиопияда қала архитектурасы жандана бастады. Жаңа материалдар (бетон, шыны, пластмасса) пайдаланылған құрылыстар европалық және американ архитектурасы дәстүрінде (Аддис-Абебадағы Африка үйі, 1964, арх. А.Медзедими) тұрғызыла бастады. 19 ғасырда Эфиопия кескіндемесі (шіркеу жазбалары, икона, кітап миниатюрасы) Византия - копт өнері тәрізді болды. 20 ғасырдың басынан шетелдерде білім алған суретшілер (Але Феллеге Селам, Агегну Энгеда, Афеворк Текле, Гебре Мариам Вагайе т. б.) өз творчестволарына дәстүрлі әдістерді сіңіруге бой ұрды. Халық өнері ішінен көзешілік, тері ұқсату, ағаш ұқсату, сүйек ұқсату, зергерлік өнері дамыған.

Музыкасы. Эфиопия музыкасы ежелгі грек, иуда, кейінірек араб мәдениетінің ықпалымен, сондай-ақ бірқатар Африка елдерінің мәдениетімен өзара байланыста қалыптасты. Халық құрамының әр алуандығына байланысты Эфиопия музыка фольклоры да әрқилы болып келеді. Еңбек, әдет-ғұрып, аңшылық әндері, әскери, тарихи және «жеке» әндер кең тараған. Соло әншілер мен хор орындаушылардың өнері де ерекшелігімен (көбінесе хор әндерінде көмейден орындау әдісі қолданылады) көзге түседі. Музыка аспаптары; ішекті аспаптар - масенко (жалғыз шекті скрипка), бегена және крар (8-12 және 6 ішекті лиралар); үрлемелі аспаптар - вашинт (флейта), имбилта (4 ойықты флейта), малакат (бамбуктен не металдан жасалған ұзын кернейлер), соқпалы аспаптар - коберо барабандары, атамо т. б. Ән көп ретте бимен жалғасады. Эфиопиядағы музыка мәдениет өкілдеріне - ел аралап жүретін әнші-ақындар - азмарилар саналады. Олардың әндері өткір-әлеуметтік сипатта болды. Азмарилар дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, қазір де Эфиопияда сақталып отыр. Белгілі азмаришылары: Тилахун Гессесса, Малаку Гелау т. б.

20 ғасырдың 30 жылдары европалық нота жүйесін пайдаланушы композиторлар тобы қалыптасты: Алека Мелаку Бегго-Соу, Каньятта Иофатаха Негуссе. 50 жылдары Аддис-Абебада ұлттық мәдениетті насихаттаушы музыканттарды біріктірген «Халық патриоттық ассоциация» құрылды. Аддис-Абеба мен Асмари унивесритеттінде өнер факультеттері ашылды. 1963 жылы Аддис-Абеба унивесритетінің жанынан Көркем творчество орталығы құрылды. 1960 жылы консерватория ашылды. Ұлттық театр жанынан профессионал музыканттар даярлайтын курстар ұйымдасты. 1961 жылы осы театр ансамблі гастрольдік сапармен СССР-де болды.

Театры. Театр элементтері діни мерекелерде қойылатын таурат тақырыбындағы шіркеу ойын-сауықтарына саяды. Кейіннен мұндай ойын-сауықтар князь сарайларында өткізілді. 3 мың жыл бойы басқа мемлекетпен соғыспаса да Эфиопия князьдықтардың арасында өзара қақтығыстар болып тұрды және мұның өзі театр мәдениетінен көрініс берді. Театр өнері 20 ғасырда мектеп спектакльдері негізінде өркендей бастады. Алғашқы драматургы - Евтахи Ныгусэ. 30 жылдардың ортасында «Эфиопия хызб яхагэр фиакр мокабэр» («Эфиопия халықтары арасындағы ынтымақ пен ынтызарлық») театры ашылды. Оның негізін салушы - Мэнонын Хабтэуольд. Итальян интервенциясынан кейін театр жабылып, 1942 жылы ғана қайта ашылды. 1950 жылы Аддис-Абеба муниципалитеті Эфиопия халқы көркем өнерпаздарының фестивалын ұйымдастырды. 1956 жылы Хайле Селасси І-нің император болып сайлану кұрметімен байланысты соның атында жаңа театр тұрғызылды. Құрамында профессионал орындаушылары бар бұл театрға 70 жылдардың ортасында Эфиопия Ұлттық театры атағы берілді. Театр репертуарынан белгілі драматург Кэбэдэ Микаэльдің («Келешектегі кездесу» т.б.) пьесалары орын алды. Актерлері мен музыканттары: ЬІтагэнеху Хайле (Зэрафе), Ныгато Калкыле, Асэлефеч Муляту, Ворке Мэкуриа, Мулюгета Хайле, Нэгусэ, Фреу Хайлю т. б. Ұлттық театрдың драмалық труппасы гастрольдік сапармен шетелдерде болды.

Киносы. 1968 жылы Саломон Бекеле екі нұсқада (ағылшынша және амхараша) «Аянышты күн кешу» атты Эфиопияның алғашқы қысқа метражды фильмін түсірді. Тұңғыш түрлі түсті көркем фильмі - «Аластау» (1973, реж. М.Папатакис). Эфиопия феодалдары мен монархтарының шаруаларды ғасырлар бойы қанауын желі еткен «Үш мың жылдық өнім» (1976, реж. Хайле Джерима) атты фильм - Эфиопия кино өнерінің елеулі жетістігі. Ол әуесқой актерлердің күшімен қойылды.

Әдеб.: Абиссиния (Әфиопия). Сб. ст. -М.-Л., 1936; Вобликов Д.Р. Эфиопия в борьбе за сохранение независимости. 1860-1960. -М., 1961; Кобищанов Ю.М. Аксум. -М., 1966; Левин И. Д. Современная Абиссиния. Социальные сдвиги и политические реформы. М.-Л., 1936; Трофимов В. А. Политика Англии и Италии в Северо-Восточной Африке во второй половине XXX в. (Эфиопия и Сомали). -М., 1962; Тэкле Тсадык Мэкурия. История Эфиопии, Іт. 1-4], Аддис-Абеба, 1957-1959 (на амхарском яз.).

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-05 17:21:29     Қаралды-4518

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »