UF

ХОРВАТИЯ (Нrvatska), Жері 56,5 мың км2. Халқы 4,07 млн (2018). Астанасы - Загреб қаласы.

Табиғаты. Xорватия территориясының көпшілік бөлігін Орта Дунай жазығы мен Динар таулы қыраты алып жатыр (биіктігі 1831 м). Пайдалы қазындылары - тас көмір, қоңыр көмір, мұнай, жанғыш газ, боксит. Климаты қоңыржай, субтропиктік. Ірі өзені - Дунай. Республика жерінің 1/3-іне жуығы орман [қылқан жапырақты аралас (тауда) және жапырақты ағаштар].

Халқы. Тұрғындарының көпшілігі хорваттар, олардан басқа сербтер, венгрлер тұрады. Ірі қалалары - Риека, Сплит, Осиек.

Тарихы. Xорватия жерін адам баласы ертедегі палеолит дәуірінде қоныстанды. Қола дәуірінде мұнда иллирий тайпалары тұрды. Б.з. 1 ғасырда Хорватия жерінің дені Рим провинциялары - Паннония мен Далмацияның құрамына кірді; бұл провинцияларға 3-5 ғасырларда вест-готтар, ғұн, остготтар, ал 6 ғасырда аварлар мен славяндар басып кірді. 7 ғасырда славян тайпалары аборигендерді тауға ығыстырып, Хорватияның негізгі халқына айналды. 8 ғасырда хорват жері франктерге қарады. 10 ғасырда Xорватия Балқандағы ең қуатты мемлекеттердің бірі болды. 12-13 ғасырларда хорват қоғамының феодалдану процесі аяқталды. 16 ғасырдың аяғына таман Түркия Xорватия жерінің денін жаулап алды. Мұнда шаруаларды феодалдық қанау күшейді, бұл Губец Матия көтерілісін (1573) тудырды. 1809 ж. Xорватия жерінің бір бөлігі Иллирия провинцияларының құрамына кірді. Вена конгресінің (1814-1815) шешімімен Хорватияның бұл жері австриялық Габсбургтерге берілді.

18 ғасырдың аяғынан Хорватияда феодалдық құрылыс ыдырап, капиталистік қатынастар дами бастады. Тауарлы а. ш. өсті, онда қанаудың капиталдық әдістері пайда болды. 1841 жылы алғашқы а. ш. қоғамы құрылды. Өнеркәсіпте капиталистік өндіріс ұлғайды. Хорватияның ұлттық-саяси тәуелділігі жағдайында капитализмнің дамуы және хорват ұлтының қалыптасуы 19 ғасырдың 40 жылдары Xорватия мен Славонияда қоғамдық-саяси және мәдени қозғалыс туғызды. Австриядағы революция (1848-1849) басталысымен Xорватияда тап күресі күрт күшейді. Шаруалар феодалдарға қарсы шықты. Дворяндар мен буржуазия Австрия императорына ұлттық-саяси талаптар қойды.

Ресейдегі Социалистік революциясы ықпалымен Xорватия еңбекшілері өздерінің экономикалық және саяси құқықтары жолындағы күресін күшейтті. Австрия-Венгрияның жеңілетініне көзі жеткен оңтүстік славян аймақтарының буржуазиясы 1918 ж. күзде өзінің саяси жоспарын іске асыруға асықты. 1918 жылы 29 қазанында хорват саборы Австрия-Венгриямен қарым-қатынасты толық түзуге және Халық вечесінің жоғарғы өкімет билігін тануға шешім қабылдады. 1918 жылғы 1 желтоқсанда бір тұтас мемлекет - Сербтердің, хорваттар мен словендіктердің корольдығы құрылды. 1939 жылы 26 тамызда Хорватияға автономия берілді. Біріккен мемлекетте Xорватия экономикасы мықтап дамыды. Өндірістің орналасуы жөнінен Xорватия 1-орын алды.

Елдегі өнеркәсіп орындарының 1/3-і Хорватияда болды, бұлардың өндірген өнімдері югослав өнеркәсіп өндірісі барлық құнының 40%-іне жетті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі артты. Хорватиядағы билеуші партия - Хорват республикалық шаруалар партиясының басшылығы сыртқы саясат саласында Югославия үкіметінің фашистік Германиямен жақындасу бағытын қолдады. 1941 жылы 6 сәуірде герман фашистері Югославияға басып кірді. Югославия халықтарының азаттық соғысы (1941-45) басталысымен хорват халқы басқыншыларға және олардың итаршыларына қарсы күреске шықты. 1942 ж.-1944 жылдың 1-жартысында Югославиядағы халық-азаттық күресінің орталығы Xорватия жерінде болды. Ел азат етіліп, Югославия Федерациялық Халық Республикасы (ЮФХР) жарияланғаннан (1945 жылы 29 қараша) кейін ЮФХР конституциясы бойынша (1946) Xорватия 6 халық республикасының біріне айналды.

Экономикасы. Өнеркәсібінің басты саласы - тау-кен өндірісі. Қара және түсті металлургия, электр техника, химия, машина жасау, ағаш өңдеу, жеңіл және тамақ өнеркәсіп орындары бар. Дәнді (бидай, жүгері) және техника (қант қызылшасы, күнбағыс, қарақурай, зығыр), мал азықтық дақылдар егіледі. Бау-бақша (негізінен қара өрік, алма) және жүзім шаруашылығы өркендеген. Мүйізді ірі қара, жылқы, шошқа өсіріледі. Туризм дамыған.

Оқу-ағарту ісі. Қазіргі оқу жүйесі 1958 ж. қабылданған заңға негізделген. Оқудың 1-басқышы 7-14 жастағы балалар үшін міндетті бірыңғай негізгі 8 жылдық мектеп. Екінші басқышы - 4 жылдық жалпы білім беретін гимназия немесе 4-5 жылдық кәсіптік-техникалық мектептер. Маман жұмысшылар даярлайтын 2-3 жылдық төменгі кәсіптік мектептер де бар. 3-басқышы - жоғары оқу орындары (оқу мерзімі 4-5 жыл) және 2 жылдық жартылай жоғары оқу орындары. Хорватияда 3 ірі университет бар (Загреб университеті, 1669 жылы құрылған; Риекадағы университет, 1973жылы; Сплиттегі университет, 1974).

Ірі кітапханалары: Загребтегі ұлттық және университеттік кітапхана (кітап қоры 1 млн-нан астам дана), қалалық кітапхана (150 мыңнан астам дана), Риекадағы (400 мыңнан астам дана), Задардағы (180 мыңнан астам дана) ғылыми кітапханалар, Сплиттегі қалалық кітапхана (200 мыңнан астам дана).

Музейлері: Загребтегі Қарт шеберлер галереясы және Югославия академиясының галереясы, өнер және қолөнері мүзейі, Халық революциясы музейі; Риекадағы Ғылыми жаратылыстану музейі т. б.

Әдебиеті. Хорват халқының ерте кезден дамыған бай фольклоры болды. Хорват жазбасын қалыптастыруда Кирилл (Константин) мен Мефодийдің шәкірттері үлкен роль атқарды. Алғашқы жазба ескерткіштерге діни шығармалар мен шежірелер жатады. Бұларда халық шығармасының әсері мол болды. Діни және тұрмыс-салттық жырлармен бірге 14 ғасырдан бастап батырлық эпостар өріс алды. 15-18 ғасырларда түрік басқыншылығының кезінде Xорватиәдебиеті тоқырауға ұшырады. 16 ғасырдың 2-жартысында. Протестантәдебиеті дамыды, кітап басу ісі өрістеді. 17 ғасырда өмір сүрген Н. Зринский (1620-1664), П.Р. Витезович (1652-1713), Ф.К.Франкоан (1643-1671) т. б. ақын-жазушылардың шығармаларында патриоттық әуен басым болды. Ұлттық қайта өркендеу дәуірі кезінде (18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасрдың ортасы) ағартушылық идеясы қанат жайды. Журналдар шыға бастады. Кертартпалық надандықты әшкерелейтін сатиралық әдебиет өркендеді. М. А. Рельковичтің (1732-1798) «Мысқыл» атты шығармасы (1761), Т. Брезовачкидің (1757-1805) «Матиаш сиқыршы-шәкірт» комедиясы (1804) т. б. жарық көрді. Хорват ұлттық мәдениетін қалыптастыруда иллиризм ағымы маңызды роль атқарды. 1847 ж. Xорватия және Словения жерінде хорват тілі ресми түрде қабылданды. 1850 ж. хорваттар мен сербтер бірыңғай серб-хорват әдеби тілі жөнінде мәмлеге келді. Әдебиеттегі басты бағыт фольклор дәстүріне негізделген романтизм болды. Патриоттық поэзия, философиялық лирика (Л.Гай, 1809-1872; С.Враз, 1810-1851; П.Прерадович, 1818-1872, т.б.) әдебиетте өріс алды. И. Мажуранич (1814-1890) тарихи тақырыпта эпикалық поэмалар жазды. Xорватия театры мен драматургиясының негізін салуда Деметр маңызды роль атқарды. 19 ғасырдың 80 жылдарында реализм әдебиетте басты бағыт алды. Оның теоретиктері  - А. Шеноа (1838-1881), Н. Пасарич (1860-1937) т. б. Бұл кезеңде А. Шеноа «Шаруалар көтерілісі» (1877), И.Козарц (1858-1906) «Өлі капиталдар» (1889) романдарын т. б. жазды. Поэзия саласында С.С. Краньчевич (1865-1908), А. Харамбашич (1861-1911) т. б. жемісті еңбек етті.

19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Xорватия әдебиетінің әлеуметтік тақырып аясы кеңи түсті, сыншылдық бағыты артты. Ұлт-азаттық күресіне арналған Джальскийдің «Таңсәрі» (1892) т. б. романдары шықты. В. Цар-Эмин (1870-1963), Я. Лесковар (1861-1949) т.б. әлеуметтік-саяси тақырыпқа арналған шығармаларын жариялады. 1918 ж. сербтердің, хорваттардың және словендердің Корольдығы (1929 жылдан - Югославия) құрылуына байланысты Xорватия әдебиетінің дамуында жаңа кезең басталды. Еуропадағы түрлі оқиғалар, Ресейдегі 1917 ж. Социалистік революциясының дабылы шығармашылық интеллигенцияның рухани серпілісіне үлкен әсер етті. Дәуір шындығын озат ойлы көзқараспен бейнелеген шығармалар туды. Сонымен бірге әдебиетте экспрессионизм, импрессионизм тенденциялары да етек алды. Әйтсе де, 20 жылдардың 2-жартысынан бастап Xорватия әдебиетінде реализм позициясы нығая түсті, ол барлық жанрға ықпалын жүргізді. С.Колар (1891-1963), X.Кикич (1905-1942), М.Фельдман (1899-1976) т. б. ақын-жазушылар көптеген реалистік шығармалар туғызды. Фашистік оккупация кезінде прогресшіл жазушылар қаламымен де, қаруымен де 1941-1945 ж. Югославиядағы ұлт-азаттық соғысына белсене қатысты. Фашистік үстемдік жойылып, азаттық алған Xорватия әдебиетшілері зор шабытпен жаңа туындылар жазды. Әдебиетінің барлық жанры өрлеу жолына түсті. Поэзияда Ю. Каштелан (1919 ж. т.), Вл. Попович (1910 ж. т.) т.б., прозада И. Дончевич (1909 ж. т.), М. Вожич (1919 ж. т.) т. б. жаңа шығармаларын жазды. 60-70 жылдары С. Новактың (1924 ж. т.) «Иістер, алтын және қарамай» (1968), Франичевич-Плочардың «Бейбітшілік» (1971), «Иірім» (1974) романдары т. б. жарияланды.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Xорватия территориясынан табылған ежелгі көркем өнер үлгілерінің ішінде неолит тайпаларының, иллирийлер мен кельттердің өнер туындылары, аварлар мен славяндардың көне ескерткіштері кезігеді. Тәуелсіз хорват князьдігі дәуірінде (9-11ғ.) Орталық Еуропа, сондай-ақ византиялық үлгіде тас шіркеулер, сарайлар салынды. 12 ғасырда Xорватия өнері роман стилінің, 14 ғасырда готика ықпалында болды. 15 ғасырда және 16 ғасырдың басында Дубровник республикасының өнері гүлдене түсті. 16 ғасырдың 2-жартысы мен 18 ғасырда түрік басқыншылығына байланысты хорват мәдениеті құлдырау кезеңін басынан өткерді (дегенмен барокко стилі, ал 19 ғасырдың басында ішінара классицизм таралғаны байқалады).

19 ғасырдың ортасында ұлт-азаттық қозғалысының дамуына орай Хорватияның көркем өмірі жандана бастады. 20 ғасырдың 1-жартысында Xорватия архитектурасы (С. Гомбош, Д. Иблер т. б. шығармаларында) функционализм принциптерін бойына сіңірді. Мүсінші И. Мештрович, кескіндемешілер М. Кралевич, И. Рачич т. б. творчествосы негізінде 20 ғасырдағы хорват мектебінің негізі қаланды. 1920-1930 ж. постимпрессионизм(«Үштік топ» кескіндемешілері) мен примитивизмтенденциясы өрістеді. Бұл бағыттың өкілдері халық өмірі тақырыбын арқау етті «Жер» тобының мүсіншілері мен график-суретшілері: К. Хегедушич, И. Генералич, М. Вириус, Ф. Мраз). Хорватияда халықтық құрылыс орнағаннан кейін тұрғын үй және мәдени-тұрмыстық құрылыс ісі кең етек алды. Хорватияның қазіргі бейнелеу өнерінде неғұрлым ілгерішіл ұлттық көркем өнер дәстүрі дами түсуде (мүсінші А. Аугустинчич; «Жер» тобының кескін-демешілері т. б.).

Музыкасы. 10 ғасырға дейін Хорватияда халық музыкалық өнері ғана дамып келді. Музыкалық фольклорда жалпы славяндық белгілер басым, мұнымен қатар Италия, Австрия, Венгриямен шектес аудандарда осы елдердің музыкалық мәдениетінің ықпалы да байқалады. Елдің орталық бөлігінің музыкалық мәдениеті өзіндік ерекшеліктерге бай; Истирия ән фольклорының да өзгешеліктері болды. Хорватияның халық әндеріне 7 баспалдақты табиғи ладтар, кейде пентатоника тән; ауыспалы лад та қолданылады. Би өндері бай ырғақтылығымен (көбінесе синкопалық) ерекшеленеді; ауыспалы өлшемдер жиі қолданылады. Коло ән-би жанрының сал алуан түрлері таралған. Профессионалды мәдениеті түріктерге тәуелсіз болған Далмацияда дүниеге келді; 10 ғасырдан бастап монастырьларда шіркеу музыкасы туды. Дубровник қ. зиялылар музыкалық өнерінің орталығына айналды. 16-17 ғасырдағы Далмация композиторлары - А. Патриций, Ю.Скьяветич, В. Елич, И. Лукачич. 18 ғасырда Xорватияның кейбір музыканттары оның ішінде скрипкашы әрі композитор И.М. Ярнович, кейіннен әкелі-балалы Л. және А. Соркочевичтер (18 ғасырдың 2-жартысы мен 19 ғасырдың 1-жартысы) Батыс Еуропаға да танымал болды. 19 ғасырда Загреб аса маңызды музыкалық орталыққа айналды. Иллиризм идеяларының ықпалымен халық шығармашылықтарына көңіл бөлушілік күшейе түсті; музыкалық-ағарту хор қоғамы құрылды. Патриоттық әндер кең таралып, патриоттық мазмұндағы профессионалды шығармалар өмірге келе бастады. «Махаббат пен зұлымдық» (1846) атты тұңғыш ұлттық операның авторы В. Лисинский Хорватияның алғашқы әрі көрнекті ұлттық композиторы саналады. 1827 жылы «Музик-ферайн» музыкалық қоғамы (қазіргі «Хрватски глазбени завод») құрылды, 1829 жылы оның жанынан музыкалық мектеп ашылып (1916 ж. консерватория болып қайта құрылды), кейін әуесқойлар оркестрі ұйымдастырылды. 1834 жылы Маркова алаңындағы театр (кейін Хорват ұлттық театры, 1861 жылдан мемлекеттік театр) құрылды. Театрда испан, неміс және итальян труппаларының опералары қойылды. Мұнда тұңғыш ұлттық музыкалық спектакль - И. Кукулевич пен Ф. Ливадичтің қаһармандық зингшпилі «Юран мен Софья» (1840) қойылды. 60 жылдары патриоттық өрлеуге байланысты көптеген хор қоғамдары («Зора», «Коло», кейін «Лисинский» т. б.) мен жұмысшы қоғамдары («Бостандық», 70-80 жылдары) құрылды. 1878-1881 жылдар Ф. Кухач оңтүстік-славян әндерінің 4 жинағын шығарып, Югославияның музыкалық фольклористикасының негізін қалады. Көрнекті музыкалық және қоғам қайраткері - композитор және дирижер, «Никола Шубич Зриньский» атты патриоттық опера мен көптеген шығармалардың авторы И. Зайц (Хорват ұлттық театры жанындағы Бірінші ұлттық опера труппасының жетекшісі, 1870-1889) Xорватия музыкалық өнеріне елеулі еңбек сіңірді. Югославия дербес мемлекеттік болып құрылғаннан кейін Хорватияда ұлттық композиторлар мектебі қалыптаса бастады. 1920 жылы консерватория мемлекеттік консерваторияға, ал 1922 жылы Музыкалық академияға айналды. Хорватияның ірі қалаларында музыкалық мектептері ашылды. Загребшекті квартет (1919), Загреб филармониясының оркестрі (1920), Хорват филармония қоғамы (1928) т.б. музыкалық коллективтер құрылды. «Музыкалықревю», «Музыкант» журналдары шығып тұрады. Ұлттық опера қалыптасты. Хорват ұлттық театрының опера; труппасынан (1924-1940 жылдар композиторі К. Баранович басқарған) М. Радев, Т. Нералич, В. Ножинич, С. Юринаци сынды әншілер ерекше көзге түсті. 20-30 жылдары мұнда Баранович («Күзелді де орылды» атты комедиялық операсы мен «Тәтті жүрек» балетті) пен Я. Готовац («О дүниеден келген Эро» операсы) шығармалары қойылып тұрды, И. Славенскийдің (1924 жылдан Белградта тұрды) аспаптышы шығармалары да ерекше көзге түсті. Өзге композиторлардың ішіндегі елеулілері Б. Берса, А. Добронич, Ф.Лхотка, Б. Широла еңбектерінде маркстік методологияға сүйенген музыкалық зерттеуші, музыка сыншысы, музыкалық және қоғам қайраткері, П. Марковац еңбегін айрықша атап өтуге болады. 2-дүние жүзілік соғыс (1939-1945) кезінде соғысқа және астыртын ұйым жұмыстарына қатысқан И.Тьярдович, Н.Герцигона, С.Златич т.б. шығарған бұқаралық әндер көпшілікке кең таралды. Югославия Федеративті Халық Республикасы құрылғаннан кейін (1945; 1963 жылдан Югославия Социалистік Федеративті Республикасы) Оспек пен Силитте опералық театрлар, Загреб, Риек, Дубровникте Радионың симфониялық оркестрлері, «Загреб солистері» камералық оркестрі, хор қоғамдары, «Ладо» халық ән-би ансамблі құрылды. Творчестволық бірлестіктер, одақтар ұйымдастырылды. «Музыка жаңалықтары», «Музыка және мектеп» т.б. музыкалық журналдар шығып тұрады. «Дубровник жазғы ойындары», «Загреб биенналесі» атты халықаралық фестивальдар өткізіледі. 40-50 жылдары Б. Папандопуло, И. Брканович, М. Ципора, Б. Белинский, С. Злотич, И. Лхотка-Калинский, Н. Девчич, С. Шулек сынды композиторлар; ал 60-70 жылдары С. Хорват, А. Клобучар, Р. Радица, Д. Детони сынды композиторлар; муз. зерттеушілер Й. Андрейс, В. Жганец, К. Ковачевич; дирижерлер М. Позаич, М. Хорват, М. Башич, А. Янигро, Н. Береза, пианистер И. Мачек, Ю. Мурай, Б. Мусулин; скрипкашылар И. Пинкава, Й. Клима; виолончельші В. Дешпаль; әншілер В. Руждьяк, Н. Путтар-Голд, Б. Стилинович, М. Радич т. б. шықты.

Театры. 7 ғасырда Балқанға қоныс тепкен славян тайпаларының (колядтар, додолдар т. б.) әдет-ғұрпында сахналық өнер элементтері болды. Хвар аралында, Сплит және Задар қаласында 14-15 ғасырда шіркеу театрлары қалыптаса бастады. 16-17 ғасырда Дубровникте әуесқойлар театры мейлінше еркендеді. Далмация қалаларында жергілікті авторлар жазған пастораль, комедия, фарстарды қоятын профессионалды труппалар пайда болды. 17-18 ғасырда мектеп театры өркен жайды. 18 ғасырлардың аяғы мен 19 ғасырлардың алғашқы ширегінде аударма драматургия (А.Коцебу, А.В.Иффланд т. б.) жиі қойылып отырды. 19 ғасырдың басында хорват драматургы Т.Брезовачкидің комедиялары қойылды. 1834 жылы Маркова алаңындағы театр («Байырғы театр») салынды. Мұнда неміс тілінде хорват тарихынан алынған сюжеттерге жазылған пьесалар қойылады. Бұл театрда 1840-1842 жылдар Нови Садтан келген Сербтің көшпелі әуесқойлар театрының труппалары өнер көрсетті. Оның спектакльдері хорват актерлерінің профессионалдық шеберлігін шыңдауға көмектесті. 50-60 жылдары патриоттық пиғылдағы мәдениет қайраткерлерінің инициативасымен «Байырғы театрда» хорват тілінде спектакльдер қойылды. 1861 жыл бұл театр ұлттық театрға айналды, оның жетекшілері Д.Деметер мен Й.Фрейденрайх ұлттық Қайта өркендеу кезеңі драматургтарының шығармаларын репертуарға енгізді. Труппа құрамында актерлер А.Мандрович, Д. және Й.Фрейденрайхтер, М.Ружичка-Строцци, А.Фиян болды. 1896-1898 жыл тұңғыш актерлік мектеп жұмыс істеді. 19-20 ғасырлардың аралығындағы актерлік өнерде сахналық образды реалистік тұрғыда ашып көрсетуге ұмтылушылық байқалды; бұл әдісті М.Демитриевич, И.Борштник, Н.Вавра т.б. меңгерді. Актерлік ойынның реалистік принциптерін тұжырымдаған режиссер Б.Гавелла хорват және бүкіл югослав театры үшін зор еңбек сіңірді. 1945 жылдан кейін ұлттық театр қайтадан жұмыс істей бастады. Жаңа театрлар (Гавелла атындағы драма театры, балалар және қуыршақ театрлары) ашылды.

70 жылдардың ортасындағы Ұлттық театрдың жетекші қайраткерлері: режиссерлер К.Спанч, Г.Паро; актерлер Б.Кралова, В.Драх, Т.Лонца, М.Зупан, Н.Годич, Б.Бузанчич, Коралька Хрс. Театрлар репертуарынан югослав және шетел классикасы, қазіргі хорват, сондай-ақ еуропалық және американ драматургиясы басты орын алды. 1950 жылдан Загребте театр, музыка, кино және телевизия академиясы жұмыс істейді. 1943 жылы Югославия ғылымы мен өнері академиясы жанынан әдебиет пен театр институты құрылды.

Әдеб.: Бромлей Ю.В. Становление феодализма в Хорватии, М., 1964; Фрейдзон В.И. Борьба хорватского народа за национальную свободу. Подъем освободительного движения в Хорватии, пер. с сербохорв., М., 1959; Зарубежные славянские литературы XX в., М., 1970; Литература славянских и балканских народов конца XIX-нач. XX веков, М., 1976; Солнцева Л., Театр народов Югославии, в кн.: История западноевропейского театра, т. 6, М., 1974; Гавелла Б., Драма и театр. –М., 1976.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-03 17:37:12     Қаралды-1384

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »