UF

КАМБОДЖА - Оңтүстік-Шығыс Азиядағы мемлекет. Үндіқытай түбегінің оңтүстік бөлігіне орналасқан. Шығысы және оңтүстік-шығысы Вьетнаммен, солтүстігі Лаоспен, солтүстік-батысы және батыс бөліктері Тайландпен шектеседі. Оңтүстік-батысы - Сиам шығанағы. Жері 181 мың км2. Халқы 16,4 млн. (2018). Әкімінің жағынан 19 провинцияға (кхаэтке) бөлінеді. Астанасы - Пномпень қаласы (халқы 1,3 млн-нан астам, 2008).

Табиғаты. Камбоджа Меконг өзенінің төменгі ағысы бойына орналасқан. Жері негізінен ойпатты жазық (Камбоджа жазығы). Батыс жағын Кравань таулары алып жатыр, оның ең биік жері - Ораль тауы (1813 м). Солтүстік жағы - Дангрэк тау массиві, шығысы - Аннам тауының сілемдері. Пайдалы қазындылары - фосфорит, магнезит, түсті металл және темір рудалары. Климаты субэкваторлық, муссондық. Сәуірдің орта температурасы 29,30°С, желтоқсанда 25,26°С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 700-1500 мм, таулы бөлігінде 2000 мм. Өзендері көп, олардың ішіндегі ең ірісі - Меконг. Ең ірі көлі - Тонлесап. Жері латериттік және құнарлы, аллювиалдық топырақты. Орталығы Саванна, шығыс жағы тропиктік. Территориясының 3/4 бөлігі орман және сирек ағашты аймақ, ал таулы өңірі мәңгі жасыл орман (сал, тик т. б. бағалы ағаштар). Жануарлар дүниесі өте бай; жолбарыс, қара аю, піл кездеседі; өзендерінде крокодил және балықтар өте көп.

Халқы. Камбоджа тұрғындарының 85%-і (6 млн-ға жуық, 1970) кхмерлер. Жергілікті халықтарға таулық кхмерлер, чамдар (олар кейде ислам кхмерлері деп аталады), лаолар жатады; бұлардан басқа елде қытайлар, вьетнамдар, индонезиялықтар т. б. тұрады. Мемлекеттік тілі - кхмер тілі. Ресми діні - буддизм (чамдар мен малайлықтар - мұсылмандар, вьетнамдар - католиктер). Халықтың көпшілігі Камбоджаның орталығындағы жазық өңірде қоныстанған. Қала халқы 12%. Астанасынан басқа үлкен қалалары - Баттамбанг, Кампонгтям.

Тарихы. Камбоджа - Үндіқытайдағы ежелгі мемлекеттердің бірі. Камбоджа туралы алғашқы деректер ертедегі неолит (б. з. б. 5 мыңыншы жыл) дәуіріне жатады; бұл кезде осы өңірді мекендеген халық егіншілікпен, балық, аң аулаумен шұғылданған; рулық-тайпалың ұйым құрыла бастаған. Археологиялық қазба жұмыстары (20 ғасырдың бас кезі) жүргізіле бастады. Камбоджа жерінен ою-өрнек салған керамика бұйымдарын тапты. Кейін қола, темір құралдары жасала бастады. Мұның өзі рулық-тайпалық ұйымның ыдырап, таптық қоғамның шығуына қолайлы жағдай жасады.

Камбоджа жерінде бізге мәлім тұңғыш мемлекет - Фунань мемлекеті (Меконг өзені атырауында орналасқан 1-6 ғ.). Алғашқы қоғамның экономикалық негізі - қауым, ал негізгі кәсібі - суармалы күріш өсіру. Фунань мемлекеті Оңтүстік Үндістанмен, Қытаймен сауда және мәдени байланыстар жасап отырды.

7-8 ғасырларда Камбоджа жеріндегі ірі мемлекеттер Ченла Жер және Ченла Су мемлекеттері болды. Бұл кезде елдің әлеуметтік-экономикалық құрылымы айтарлықтай өзгерді: рулық билік әлсіреп, қанаудың неғұрлым күрделі түрлері (барщина т.б.) шыға бастады, жер сатылатын болды. Мәдениетте жергілікті элементтер көбейіп, кхмер жазуы пайда болды.

9 ғасырда Меконг өзені атырауында және оған жапсарлас жатқан аймақтарда Камбуджадеша империясы құрыла бастады. 11 ғасырда ол Үндіқытай түбегіндегі ең ірі мемлекетке айналды. Империя экономикасының негізі - егіншілік болды.

11-13 ғасырларда кхмер феодалдары Тьямпуды бағындырып, Дайвьетпен (Вьетнаммен) соғыс жүргізді, сөйтіп, Пагана шекарасына дейін жетті. Камбоджаның территориясы әлдеқайда ұлғайды. Алайда, толассыз соғыстар елдің ресурстарын сарқылтты. 14 ғасырда Камбоджа жері кхмерлер қоныстанған облыстармен шектелді. 15 ғасырда Камбоджа қайтадан көркейе түсті. Елдің жаңа астанасы - Пномпень (1443) кхмер облыстарының орталығы болды. Қалалар ұлғайып нығайды, король өкіметі буддизм дінінің кең таралуына қолайлы жағдай жасады; мазарлар салынып, Будданың орасан үлкен статуялары тұрғызылды.

19 ғасырда сиам мен тай әскерлеріне қарсы соғыста Камбоджа тағы да әлсіреп қалды. 1841 жылы өкімет басына келген Анг Дуонг шаруалардың, ұсақ дін басылары мен феодалдардың бір бөлегінің патриоттың қозғалысына сүйеніп, елдің тәуелсіздігін қалпына келтіруге тырысты. Анг Дуонг мемлекеттік аппаратты шетелдік агенттерден тазартты, салық азайтылды, өсімқорлық процент кемітілді, құлдарға еркіндік беріле бастады, тас жолдар мен каналдар салынды.

Сыртқы саясатта Анг Дуонг Францияға иек артты. 1863 жылы француз отаршылдары Камбоджаға протекторат туралы шартты куштеп таңды. Камбоджаның финансы француз әкімшілігінің бақылауына кешті, Ұлылар Советін (Министрлік Советін) француз резинденті бақылап отырды. 1884 жылғы шарт бойынша Камбоджа іс жүзінде Францияның отарына айналды. Француз капиталы елдің экономикасына бойлап ене бастады. Экспортқа шығаратын каучук, жүгері, күріш, кофе, бұрыш плантациялары ұлғайды. Өнеркәсіп баяу дамыды.

2-дүние жүзілік соғыс кезінде Камбоджаны жапон әскерлері басып алды. 1945 жылғы қыркүйекте Жапония жеңіліске ұшырағаннан кейін, Камбоджаны француз отаршылдары тағы да жаулап алды. Камбоджа халқы елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында табанды күрес жүргізді. 1953 жылы 9 қарашада Пномпеньде елде француз әкімшілігінің қызметі тоқтатылғаны және француз әскерлерінің Камбоджа жерінен әкетілетіні туралы ресми шартқа қол қойылды. Бұл күн елдің ұлттық мерекесі - тәуелсіздік алған күні деп жарияланды.

1955 жылы наурызда Камбоджа королы Нородом Сианук әкесі Нородом Сурамаритке тағын берді, ал ол қайтыс болғаннан кенін (1960), Нородом Сианук мемлекет басшысы болып қайта сайланды.

1957 жылғы 6 желтоқсанда Камбоджада бейтараптың туралы заң қабылданды. Камбоджа үкіметі АҚШ пен оның одақтастарының елді СЕАТО және басқа соғыс-саяси топтарға тартпақ болған әрекеттеріне талай рет қарсылық білдірді. Елде американдық «көмек» қызметі мен информациялық агенттіктерге тыйым салынды. Осыған орай, американ империалистері айдап салған реакциялық «Кхмер-серей» ұйымының үкіметке қарсы бүлікшілік әрекеті күшейді. Американ және сайгон әскерлерінің Камбоджа шекарасындағы қарулы арандату әрекеттері жиілей түсті. 1970 жылы 18 наурызда американ соғыс құмарларымен және Оңтүстік Вьетнамдағы сайгондық қолжаулықтармен байланысып алған бір топ әскери және оңшыл қайраткерлер өкімет билігін басып алды. Пномпеньде өкімет билігі көп. Лон Нолдың қолына көшті.

1970 жылы 3-4 мамырда Камбоджаның Ұлттық конгресі болды. Конгресс Камбоджаның ұлттық бір тұтас майданының Орталық Комитетін және Пенн Нут пен Кхьё-Самфан басқарған ұлттық бірлік үкіметін құрды. Ұлттық майдан Камбоджаның Ұлт-азаттық армиясын құрды. 1970 жылы 30 сәуірде АҚШ үкіметі Камбоджаның бейтараптылығын бұзып, территориясына өз әскерлерін енгізді, сөйтіп, Сайгон әскерлерімен бірге елдің оңтүстік-шығыс жағында соғыс операцияларын жүргізді. Американ флоты Камбоджаның теңін-жағалауын қоршап алды.

Американ-сайгон әскерлерінің агрессиясы кхмер халқы, патриоттық күштерінің үлкен қарсылығына кездесті. Дүние жүзі жұртшылығының қысымымен американ үкіметі өздерінің әскерлерін Камбоджа территориясынан әкетуге мәжбүр болды. Алайда, американ қаруын асынған ондаған мың сайгондық әскерлер Камбоджаны әлі оккупациялап отыр, ал американ авиациясы Камбоджаның түрлі аудандарын бомбалауды күінейте түсуде. Совет Одағы және басқа социалистік елдер, дүние жүзіндегі барлық бейбітшілік күштер Үндіқытайдағы американ агрессиясын батыл айыптап, Камбоджа халқының әділетті күресін жан-жақты қолдап отыр.

1973 жылы қаңтарда Вьетнамдағы соғысты тоқтату және бейбітшілікті қалпына келтіру туралы келісімге қол қойылуы Камбоджада саяси жағдайдың реттелуіне себеп болды.

Саяси партиялары және басқа ұйымдары. Камбоджайың Ұлттық біртұтас майданы (КҰБТМ), 1970 жылы құрылған. 1972 жылы Пномпеньде Социал - республикалық партия (бұл парламенттегі барлық орынды алып отыр), Демократиялық партия және Республикалық партия құрылды.

Экономикасы. Камбоджа - аграрлы мешеу ел. Шаруашылық салаларында әлі де француз және американ капиталынын ықпалы күшті; алайда, мемлекеттік, ұлттык және капиталистік секторлар дамып келеді. АҚШ-тың 1970 жылғы агрессиясы Камбоджа шаруашылығын көп зиянға ұшыратты; кәсіпорындар қирады, егістік жерлер мен егін суаратын құрылыстар бүлінді.

Ауыл шаруашылығы. Камбоджа ұлттық табысының 41%-ін ауыл шаруашылық, орман және балық шаруашылықтары өндіреді. Еңбек етуші халықтың 76%-і экономиканың осы салаларымен айналысады. Ауыл шаруашылығында егіншіліктің үлесі басым. Ауыл шаруашылық жері 3,6 млн. га (1961), оның 78%-і (2,8 млн. га) егістік. Басты дақылы - күріш (бүкіл егістіктің 66%-і), жүгері, қант қамысы, қара бұрыш, темекі, мақта егіледі. 1971 жылы жүріштен 2,7 млн. т, жүгеріден 122 мың т, темекіден 11,8 мың т, мақтадан 2,3 мың т өнім жиналды. Апельсин және мандарин (42 мың т, 1971) банан (141 мың т), ананас (41 мың т өсіріледі. 1969-1970 жылғы мал саны (млн.): мүйізді ірі қара 3,3 (оның ішінде буйвол 0,9). Жылына 180-200 мың т балық ауланады, 400 мың м ағаш дайындалады.

Өнеркәсібі. Камбоджа өнеркәсібінде шағын кәсіпорындар басым. Мемлекеттік төңкеріске (1970) дейін өнеркәсіп салаларының көбі мемлекеттік сектордың қарамағында болды. Қазір Пномпень режимі үстемдік етіп отырған аймақтарда жеке меншік капиталының ықпалы қайта күшейді, АҚШ-тың «экономикалық көмегінің» мөлшері (1971-1972 жылдар 141 млн. долл) артты. Өнеркәсібінің басты салалары - тамақ (астық тарту, күріш тазалау, қант, темекі,балық өңдеу), трактор және автомобиль құрастыру, ағаш өңдеу, мата тоқу өндірістері. 1970 жылы елде 133 млн. квт-сағ. электр энергиясы өндірілді; жылу электр статнцияларының үлесі басым. Ірі өнеркәсіп орталықтары: Пномпень, Баттамбанг, Кампонгсаом.

Транспорты. Камбоджа экономикасында теңіз транспортының маңызы күшті; басты порттары - Пнокпень (жүк айналымы 0,5 млн. т); Сйануквиль (545 мың т, 1968). Темір жолының ұзындығы 652 км, тас жолы, 4750 км (1970).

Сыртқы саудасы. Камбоджа басқа елдерге күріш (экспортының 50%-і), табиғи каучук, ағаш (158 мың м3, 1969), жүгері, қара бұрыш, балық өнімдері шығарылады. Өзі мұнай өнімдерін, машина, өндірістік құрап-жабдықтар сатып алады. Басты серіктестері - Франция, Жапония, Сингапур, АҚШ, ГФР, Ұлыбритания. Ақшасы - риель (СССР мемлекеттік банкісінің 1972 жылғы тамыздағы нарқы бойынша 100 риель 44 тиынға тең).

Денсаулық сақтау ісі. Адамның тууы, өлімі жөнінде толық демографиялық мәлімет жоқ. Елде инфекциялы және паразитті ауру түрлері көбірек тараған. Әсіресе гельминтоз аурулары көп таралған. Камбоджаның көптеген аудандарында безгек ауруы жиі кездеседі. Сондай-ақ бұл елде басыр, амебиаз, іш сузегі, жұқпалы тері аурулары да бар. 1965 жылы Камбоджада 4,7 мың төсектік 70 аурухана (1000 адамға 0,7 төсек), 273 дәрігер (25 мың адамға 1 дәрігер), 13 тіс дәрігері, 31 фармацевт және 2,7 мың орта білімді медицина қызметкерлері болды.

Оқу-ағарту ісі. Алғашқы мектептері 19 ғасырдың ортасында француз отаршыларының үстемдігі тұсында пайда болды. Камбоджа тәуелсіздік алғаннан кейін, халық ағарту ісі дами бастады. 1967 жылы оқу-ағарту ісіне 1,4 млрд риель бөлінді. Халық ағарту жүйесі - 6 жылдық бастауыш мектеп (2 сатылы, 3 жылдан), орталау мектеп-коллеж (4 жылдық), орта мектеп - лицейден (7 жылдық) құралады. Лицейді бітіргендерге жоғары оқу орнына түсуге право беретін «толық бакалавр» дипломы беріледі. 1968-1969 оқу жылында бастауыш мектептерде 998 мың, орта мектептерде 107 мың оқушы оқыды. Кәсіптік-техникалық білім бастауыш мектеп базасында жеке кәсіптік мектептер мен техникалық коллеждерде жүзеге асырылады, маман жұмысшыларды кәсіптік орталықтар дайындайды. 1966 жылы 23 кәсіптік-техникалық оқу орны болды. 1967-1968 оқу жылында кәсіптік-техникалық оқу орыңдарында 5,8 мың оқушы оқыды. Оқытушыларды педагогикалық орталықтар және Ұлттық университет дайындайды. 1968-1969 оқу жылында 9 жоғары оқу орындарында 14,5 мың студент оқыды. 1962-1964 жылдар СССР Пномпеньде, Жоғары технологиялық институт салып, оны Камбоджа халқына сыйға берді.

Пномпеньде Ұлттық кітапхана (кітап қоры 31 мың дана), Ұлттық музей (1917 жылы құрылған), Корольдық сарай музейі бар.

Баспасөзі, радиохабары, телевизиясы. 1971 жылы Пномпеньде шыққан негізгі басылымдары:    «Решобликен», «Курье пномпенуа» (1969), «Реалите камбоджьен» газеттері мен «Камбодж нуво» журналы. Пномпеньдегі Ажанс Кхмер де Пресс информациялық агенттігі 1951 жылдан жұмыс істейді. Радиохабары шетелдерге француз, ағылшын, вьетнам, лаос, тай тілдерінде және қытай тілінің үш диалектісінде беріледі. Телехабар 1966 жылдан аптасына 2-3 рет 2 программа бойынша кхмер және француз тілдерінде жүргізіледі. 1970 жылдан Камбоджа патриоттың күштерінің Ажанс Кхмер д’энформасьон информациялық агенттігі және Ұлттық бір тұтас майдан радиостанциясы жұмыс істейді.

Әдебиеті. Доангкор кезеңіндегі (2-9 ғ.) Камбоджа әдебиетінің алғашқы үлгілері Вокань (қазіргі Вьетнам территориясы, 3 ғасыр) және Тонле-Бати (6 ғасыр) ғибадатханаларының қабырғаларына санскрит таңбаларымен жазылған. 7 ғасырдың басында ежелгі кхмер тіліндегі жазбалар пайда болды. Ангкор кезеңінде (802-1433) брахманизм мен буддизм идеологиясының әсерімен дамыған кхмер мәдениеті өркендеді. Яшоварман II, Кавишвара, Ёкиндра, Субхадра санскрит тілінде, Каосатхипадэй Кау, Дуонг, Тьей Нон, Нэакпанг, Сампхеар, Пхокдэй т. б. кхмер тілінде шығармалар жазды. Сондай- ақ, пали тілінде жазылған шығармалар да болды. Кхмер тілінде жазылған «Индрадеви» поэмасы мен «Реамкер» эпосы, орта кезеңдегі (1434-1862) «Тум және Теау» (15 ғ.) атты махаббат дастаны Камбоджа әдебиетінде елеулі орын алады. Соттаң Прэйтьеағэн, Саом Лоть, Ну Кан т.б. жазушылар француз отарлығы қезіндегі (1863-1953) қатаң режим туралы дәстүрлі шығармалар жазды. 30-40 жылдары алғашқы романдар пайда болды. 1955 жылы кхмер әдебиетшілершің Одағы құрылды. Тиу Оль, Хәль Сумпха, Суон Сорэн, Ноп Саван т. б. жазушылар өз шығармаларында маңызды саяси-көпшілік және әлеуметтік проблемаларды көтерді. Ауыз әдебиетінің үлгілері жиналып, басылды.

Өнері. Камбоджаның ежелгі ескерткіштеріне неолит дәуіріндегі өрнекті қыш ыдыстар мен б. з. б. 1-мың жылдықтың ортасында жасалған қола бұйымдар жатады. 6 ғасырда Ангкор-Борейде, 7 ғасырда Самбор-Прей-Кукте прасаттар (әулиелер ғибадатханасы) салынды. Үнді өнерінің әсерімен 6 ғасырда пайда болған мүсін жасау – 7-8 ғасырларда өміршең өнер туріне айналды. 9 ғасырда айналасы бақпен қоршалған прасат ансамбль (Ролуостағы Прах-Ко, Бантеай-Срей) салу өріс алды. Осы кезде 1 немесе 5 прасаттан тұратын, баспалдақты пирамидалар - «тау-ғибадатханалар» (Ролуостағы Баконг, 9 ғ.; Кох-Кердегі Пранг, 10 ғ.) пайда болды. 10 ғасырда қыштың орнына тас қолданылды, ағаш ұқсату өнері дамыды. Көгеріс өрнектен құдай, періште, пері пішініп туындатып, құрылыстарды құлпырта нақыштау ісі өрістеді. 9-13 ғасырларда бай безендірілген Ангкор ғибадатханалар комплексі (әйгілі Ангкор-Ват, Ангкор-Тхом ғибадатханалары осы комплекске кіреді) бой көтерді. Ангкор ғибадатханалары рельеф, тұрмыстық және соғыс жанры көріністерімен нақышталған. 14 ғасырда сәулет өнері құлдырап кетті. Ағаштан сарайлар және буддалық ғибадатханалар (Пномпеньдегі Король сарайы және «Күміс пагода») салына бастады. Мүсіндер ағаш пен қоладан жасалып, рельефтер будда аңыздарына құрылған суреттерге орын берді. 19 ғасырдың 2-жартысынан бастап Камбоджа қалалары француздың эклектикалық архитектуралық үлгісі бойынша салына бастады. 1953 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін қала салу ісі жолға қойылып, жаңа қалалар (Кампонгсаом, 1957-1960, Бокор, 1962) салынды. Қалаларда жергілікті ұлттық дәстүрдегі және жаңа архитектуралық стильдегі құрылыстар бой көтерді. Кхмерлердің музыка мұрасы, әсіресе музыка аспаптары өте ертеден мәлім. Оған Ангкор ғибадатханаларының қабырғаларындағы музыка аспаптарды бейнелеген барельефтер айғақ. Ангкор кезеңінде дамыған кхмер классикалық музыка жүйесі әлі күнге дейін сақталған. Кхмер музыкасы пентатоникалық негізде қалыптасты. Оның структурасы ырғаққа негізделгендіктен оркестрдегі басты орынды соғып ойналатын аспаптар - барабандар (сампхо, чхай-ям т.б.) алады. Негізгі ұлттық музыкалық аспаптары: пэй о, пэй-пок, пра пей (гобой тектес); та диеу, тяпей, та кхе (лютналар); тро-че, тро-сао, тро-кмае (скрипка тәрізді.). 1966 жылы Пномпеньде профессионал актерлерді, музыканттарды, әншілерді даярлайтын Әсемдік өнері институты ашылды, концерт залы салынды.

Ежелгі ғибадатханаларда биші, әнші, музыканттардың есімдері жазылып, масқарапаз-скоморохтардың өнері бейнеленген қабырға суреттері де сақталған. Театрдың негізгі 3 түрі бар: Корольдық балет, Көлеңке театры және Халық театры. Корольдық балет Ангкор кезеңіндегі Камбоджа орта ғасырлық балет өнерінің дәстүрін пайдаланды. Спектакль сюжеттері ежелгі аңыз және ертегілерге негізделеді. Осындай 30-ға тарта сюжет белгілі. Басты рольдерді әйелдер орындады. Труппада пері мен қуақылар ролін маскалы ер адамдар ойнайды, әйелдер маска кимейді. Көлеңке театры діни мерекелер кезінде ғана ойын көрсетеді. Экран сыртынан актер оқиға желісін түсіндіріп тұрады. Қосалқы киімсіз әрі декорациясыз, көбіне 2 актер ойын көрсететін Халық театры көпке белгілі. Олар орта ғасырлық батыс-европалық фарстарына ұқсас (суырып салма ақындыққа, әнге құрылған) қысқа көріністер қояды. Пномпень, Сиемреап т. б. қалаларда тұрақты труппалар бар. 60 жылдардың басында Пномпеньде замани театр құруға алғашқы қадам жасалып, У. Шекспир, Ж. Расин т. б. пьесалары бойынша импровизациялық өнер көрсетілді. 1955 жылы Пномпеньде ұлттық репертуар жасау мақсатында Мемлекеттік драма театры ашылды. Камбоджаның Корольдық балеті гастрольдік сапармен СССР-де (1964, 1969) болды.

Әдеб.: Xолл Д. История Юго-Восточной Азии. пер. с англ., М., 1958; Дементьев Ю. П. Политика Франции в Камбодже и Лаосе. 1852-1907. М., 1960; Сочевко Г.Г. Современная Камбоджа (1941-1965). –М., 1967; Крыжицкий Г. Экзотический театр. -Л., 1927; Всеобщая история архитектуры. -Т. 9. -Л.-М., 1971.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-02-03 17:30:20     Қаралды-2540

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КІРПІШ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Пісірілген балшықтан жасалған бұл әмбебап құрылыс материалы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »