UF

ГВИНЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫ (République de Guinée) - Батыс Африкадағы мемлекет. Солтүстігінде Сенегалмен, солтүстігінде және солтүстік-шығысында Малимен, шығысында Піл Сүйегі Жағалауымен, оңтүстігінде Либериямен, оңтүстік-батысында Сьерра-Леонемен, солтүстік-батысында Гвинеямен (Бисау) шектеседі. Батысында Атлант мұхиты. Жері 245,8 мың км2, халқы 12,3 млн. (2017). Астанасы – Конакри қаласы. Әкімшілік жағынан 29 ауданға бөлінеді.

Мемлекеттік құрылысы. Гвинея - республика. Қазіргі конституциясы 1958 жылы 10 қарашада қабылданған. Мемлекет және үкімет басшысы - президент (7 жылға сайланады); ол сонымен бірге қарулы күштердің бас қолбасшысы да. Үкімет - министрлер кабинеті - министрлерден және мемлекеттік секретарьлардан құралады. Мемлекеттік өкіметтің жоғары органы - 5 жылға сайланатын парламент - бір палаталы Ұлттық жиналыс (75 депутаты бар). Аудандар мен округтарды президент тағайындаған губернаторлар мен коменданттар басқарады. 1958-1966 жылдар сот органдары (жоғарғы сот, апелляциялық сот т. б.) қайта құрылды. 21 жасқа толған азаматтарға сайлау правосы берілген.

Табиғаты. Гвинеяның жері түгелімен субэкваторлық белдеуде. Рельефінде орташа және аласа таулар мен тегіс келген үстірттер көп кездеседі. Атлант мұхиты жақ жағалауы - жіңішке ойпат. Оңтүстік-шығыс бөлігін Солтүстік-Гвинея қыраты (ең биік жері - Нимба тауы, 1752 м) алып жатыр.

Климаты экваторлық-муссондық, ыстық, жазы ылғалды. Ең жылы айының (наурыз не сәуір) орташа температурасы 27°С, 30°С; ең салқын айында (тамызда) 18°С, 26°С. Жағалау мен Конакри маңында жауын-шашын 4000 мм-ден асады, қалған жерлерде орташа есеппен 1200-1500 мм. Өзендерінің көбі (Гамбия, Бафинг, Нигер т. б.) Фута-Джаллон және Солтүстік-Гвинея қыратынан басталады. Гвинеяның өз жерінде мұхитқа құятын өзендердің ірілері: Когон, Фатала, Конкуре.

Теңіз жағалауы мен ішкі үстірттердің жел өтіндегі қызыл және қызыл сары латерит топырақты жерлерінде бір кездері мәңгі жасыл ормандар өскен, қазір одан азғантай ғана сақталған. Оңтүстік және орталық аудандарында қатты сиреген орман және орманды саванна басым. Солтүстік бөлігіндегі қызыл латерит топырақты жерлер - орманды және биік шөпті саванна. Жануарлар дүниесі бай. Піл, гиппопотам, бөкен, жабайы шошқа, қабылан және гепард сақталған. Маймыл көп. Құстың ұсақ түрлері көп кездеседі.

Гвинея шыранағы - Атлант мұхитының Экваторлық Африка жағасындағы шығанақ. Ауданы 1533 мың км2. Гвинея шырағында материктен бөлініп қалған және вулкан әрекетінен пайда болған аралдар бар. Ең терең жері 6363 м. Суының температурасы 25, 27°С. Тұздылығы 34-35%о. Нигер, Вольта, Огове, Конго өзендері сағаларына таяу тұсында 20-30%о-ге дейін кемиді. Суы жарты тәулікте бір көтеріледі (2,7 м). Басты порттары: Ломе (Того), Лагос (Нигерия), Тема, Аккра және Такоради (Гана), Либревиль (Габон), Пуэнт-Нуар (Конго), Луанда (Ангола).

Гвинея ағысы - Атлант мұхитының Гвинея шығанағының солтүстік бөлігіндегі жылы ағысы. Жазда Пассат аралық (Экваторлық) қарама-қарсы ағысқа жалғасады. Суының жылдық орташа температурасы 26, 27°С. Тұздылығы 34,5-35,0%о, жылдамдығы 3 км/сағ.

Халқының 60%-тейі манде тілі семьясына, 40%-тен астамы атлант тілі семьясына жатады. Ресми тілі - француз тілі, бірақ халық сусу, фуль және малинке тілдерінде көбірек сөйлейді. Халықтың 2/3-сі ислам дінін ұстайды. Гвинея халқы жылына 2,5% өседі. Еңбек ететін халықтың 85%-і ауыл шарушылығында істейді. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге 16 адамнан келеді. Қала халқы 500 мыңдай. Ірі қалалары: Конакри (197,3 мың атраптарымен қоса), Канкан, Лабе, Нзерекоре.

Тарихы. Гвинеяның ежелгі тарихы аз зерттелген. Гвинея жері орта ғасырда Гана мен Мали империяларына қараған. Өз заманында Мали жақсы ұйымдасқан мемлекет болған. Марокко, Египет, Португалия және Борну сияқты елдермен дипломатиялық қатынас орнатып, бірқатар елдермен сауда жасаған. Мали мемлекетінің ыдырауына байланысты, Гвинея жерінде ұсақ мемлекеттер пайда болды. 1725 жылы Фута-Джаллон таулы аймағында фульба көшпелі малшы халықтардың әскери-феодалдық мемлекеті құрылды. Фульба мемлекеті (астанасы Тимбо) 9 провинцияға бөлінді. Жергілікті мемлекеттің одан әрі дамуына Батыс Африкаға Европа отаршыларының келуі кедергі жасады. Европалықтар Гвинея жағалауына алғашқы рет 15 ғасырдың орта кезінде келіп, 19 ғасырға дейін жергілікті тұрғындарды құлдыққа сатып, байырғы халықты құрту саясатын жүргізді. Англия, Германия, Франция сияқты империалистік мемлекеттер Гвинеяны отарға айналдырып алу үшін өзара қырқысты. Бұл күрес Францияның жеңісімен аяқталды. 1896 жылы француз әскері Тимбоны басып алды. Сүйтіп, елді отаршылардың қойған адамдары басқарды. Гвинея халқы отаршылдарға қарсы әр кез көтеріліс жасады. Көтерілістер (19 ғасырдың 70-90 жылдарында, 1900,       1904, 1905) аяусыз басылып отырды. 1895 жылға дейін Гвинея Сенегалдың құрамында болды, кейін жеке отар ретінде бөлініп шықты. 1904-1958 жылдар арасында Француз Гвинеясы деген атпен француздық Батыс Африканың құрамына енді. 1-дүние жүзілік соғыстан кейін Гвинеяда европалықтардың алғашқы плантациялары ұйымдастырылды. Шаруашылыққа товар-ақша қатынасы еніп, ол феодалдық тәртіптің әлсіреуіне әкеліп соқтырды. 2-дүние жүзілік соғыстан кейін Гвинеяда ұлт-азаттық қозғалысы өріс алды. Бұл кезде елде жұмысшы табы, жергілікті буржуазия, ұлт интеллигенциясы қалыптасып, саяси партиялар, кәсіподақтар ұйымдасты. 1946 жылы Бамакода (қазіргі Мали Республикасында) Африканың бірлігі мен тәуелсіздігін қолдаған Африка демократиялық бірлестігінің (АДБ) конгресі өткізілді. 1947 жылы мамырда АДБ-нің гвинеялық секциясы - Гвинея демократиялық партиясы (ГДП) құрылды. ГДП жұмысшы табының, шаруалардың ұлт интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдерін өз төңірегіне топтастырды. 1957 жылғы сайлау кезінде ГДП 60 орынның 56-на ие болды. ГДП басшысы Ахмед Секу Туре Үкіметтік советтің вице-председателі, кейіннен оның председателі болып сайланды. Елде бірқатар демократиялық өзгерістер жасалды. Ең бастысы - отаршылдардың тірегі болып келген көсемдер билігі жойылды.

1958 жылы 28 қыркүйекте жаңа француз конституциясының жобасы жөніндегі референдумда сайлаушылардың 95,4%-і Гвинеяның тәуелсіздігін жақтап дауыс берді. 1958 жылы 2 қазанда Гвинея Республикасы тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. Сол жылы желтоқсанда Гвинея Республика БҰҰ құрамына алынды. Елдің президенті - Секу Туре үкіметті өзі басқарды. Француз үкіметінің Гвинея Республикана экономикалық және саяси қысым жасауға тырысқан әрекеті сәтсіздікке ұшырады. Совет Одағы және басқа социалистік елдер, кейбір африкалық мемлекеттер Гвинея Республикасына моральдық және экономикалық көмек көрсетті. Елде жергілікті органдардың сайлауы өткізіліп, еңбекшілерге ақылы демалыс беру, әйелдер теңдігі, шетел монополияларын шектеу, жер реформасы т. б. шаралар жүзеге асырылды. ГДП-нің 6-(1962), 7-(1963), 8-(1967) съездерінде елдің капиталистік емес жолмен даму бағыты белгіленді. 1959, 1960, 1965 жылдар Секу Туре Совет Одағында, 1961 жылы Л. И. Брежнев Гвинеяда болып қайтты. 1970 жылы Португалия отаршылдарының Гвинея Республикана қарсы агрессиясы іске аспады. Қазіргі Гвинея Республиканың үкіметі мен халқы елдің экономикасы мен мәдениетін көтеруге күш салып, тәуелсіздікті баянды ету жолында батыл алға басып келеді.

Экономикасы. Гвинея экономикасында тәуелсіз даму жылдарында едәуір өзгерістер болды:          өнеркәсіпте мемлекеттік сектор пайда болды, мемлекеттік қаржысына жаңа объектілер салынды, ауыл шаруашылық кооперативтік шаруашылықтар құруға бағытталып, бірнеше мемлекеттік шаруашылықтар ұйымдастырылды. Елдің экономикасын дамытуда Совет Одағы көрсетіп отырған жан-жақты көмектің маңызы зор. 1969 жылғы совет- гвинея келісімі бойынша СССР Киндиа қаласы маңынан боксит өндіретін кәсіпорын салуға көмектесуде.

Ауыл шаруашылығы Гвинея экономикасының негізгі саласы; елдегі барлық өнімнің 4/5-іне жуығы ауыл шаруашылығының үлесіне тиеді. Ауыл шаруашылық 2 секторға: негізінен азықтық дақылдар өндіретін және экспорттық өнімдер алынатын секторларға бөлінеді. Гвинея жерінің 4%-і ғана өңделеді (1 млн. га). Негізгі азықтық дақылы - күріш; бірақ ол жетпейді (жылына 50-60 мың т күріш сырттан әкелінеді). Фоньо (ұсақ тары), сорго, жүгері егіледі. Ауыл шаруашылығында маниок, батат, иньям, таро едәуір орын алады. Маңызды техникалық дақылы - майлы пальма. Экспорттық өнім алынатын дақылдар 35 мың га. Экстенсивті мал шаруашылығы дамыған. Малдың өнімділігі өте төмен. Мал өсіретін негізгі ауданы - Фута-Джаллон. 1967 жылы 1,8 млн-дай ірі қара, 0,5 млн-ға жуық қой, 0,4 млн-нан астам ешкі болды.

Өнеркәсібі. Гвинеяда тау-кен өнеркәсібі отарлық тәртіп кезінде дами бастаған. Касса аралындағы боксит кенін пайдалану 1939 жылы қолға алынды. 1960 жылы Фриада халықаралық алюминий монополиясы меншігіндегі глинозем з-ды іске қосылды. «Фриа» компаниясы пайдасының 1/3-ін Гвинеяға береді. Гвинея үкіметі 7 ірі алюминий монополиясымен бірлесіп, 1972 жылы Сангаредидегі аса мол боксит кенін пайдалануды қолға алмақ. Симанду және Нимба тауларындағы жоғары сапалы темір рудаларын өндіруге әзірлік жасалуда. Мило, Макона, Диани өзендері алабынан алмас өндіріледі. Гидроэнергетика қорына бай. Бірнеше су және жылу электр станциялары бар. 1968 жылы 200 млн. квт-сағ. электр энергиясы өндірілді. Гвинеяда СССР-дің көмегімен бірнеше ірі-ірі көсіпорын салынды.

Транспорты. Гвинеяда 2 темір жол бар: Конакри - Канкан (662 км), Конакри - Фриа (140 км). Автотранспорты едәуір жақсы дамыған. 1968 жылы 18,9 мың автомашина болды. Ірі теңіз порты - Конакри. Авиатранспорты жаңа дамып келеді. Конакри, Киндиа, Фриа т. б. қалаларында аэропорт бар.

Сыртқы сауда қатынасы. Гвинея сыртқа глинозем, кофе, банан, алмас, боксит, темір рудасын т. б. шығарады, сырттан өнеркәсіп жабдығын, ауыл шаруашылық машинасын, автомобиль, мұнай өнімін, металл бұйымдарын, азық-түлік товарларын әкеледі. 1967 жылы экспортындағы Францияның үлесі 11%, АҚШ-тың үлесі 9%, социалистік елдердің үлесі 23% болды. Импортының 40%-і социалистік елдердің, 22%-і АҚШ-тың үлесіне тиеді. Ақшасы - гвинея франкі.

Денсаулық сақтау ісі. 1966 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда баланың тууы 62, адамның өлімі 40; тірі туған әрбір 1000 баладан өлгені 216. Адам өмірінің орташа ұзақтығы 26 жас. Елде жұқпалы тері аурулары, бери-бери т. б. аурулар көп тараған. Сондай-ақ Гвинеяның кейбір аудандарында, ішек-қарын жұқпалы аурулары, бұғақ ауруы, безгек, басыр сияқты аурулар да кездеседі. 1967 жылы 2,7 мың төсектік 4 аурухана, 2,4 мың төсектік 17 селолық аурухана, 28 поликлиника және 182 амбулатория болды. Совет Одағы 1961 жылы Гвинея Республикасына сыйлық ретінде Конакри қаласында 500 төсектік «Донка» госпиталын жабдықтап берді. Ал 1970 жылы СССР тырысқақ ауруына қарсы қолданатын 100 мың доз ваксина берді. 1967 жылы 88 дәрігер, 212 дәрігер көмекшісі, 9 тіс дәрігері, 9 фармацевт, 145 акушер, 236 медсестра болды. Медсестралар мен акушерлер дайындайтын медицина училищелер ашылды.

Оқу-ағарту ісі. Гвинея тәуелсіз ел болғанға дейін (1958) тұрғын халықтардың 90%-не жуығы сауатсыз болды. 1959 жылы жалпы білім беретін барлық мекемелер мемлекеттік қарауына берілсін деген заң қабылданды, оқытуды африкаландыру бойынша елеулі жұмыстар атқарылды. 7 жыл ішінде іске асырылуға тиісті болған 1961 жылғы оқу-ағарту реформасы бойынша, 7-16 жасқа дейінгі балаларды міндетті түрде тегін (ақысыз) оқытуды оқу жүйесіне енгізу және оқу-ағарту жүйесін бүтіндей қайта құру ісі белгіленген болатын. Оқу-ағарту жүйесі (1968): 4 жылдық бастауыш мектеп, орталау мектеп (5 жылдық коллеж), толық орта мектеп (3 жылдық лицей). 1966-1967 оқу жылында бастауыш мектептерде 300 мың, орта оқу орындарында 20 мыңға тарта оқушы оқыды. 1968 жылдан бері оқушылардың кәсіптік дайындығын күшейту мақсатымен, оқу-ағарту ісінің жаңа реформасы жүргізілуде. Бастауыш, орталау мектептердің мұғалімдерін қалыпты мектептер, лицейлердің оқытушыларын Канкан политехникалық институты, экономистерді Жоғары әкімшілік мектебі дайындайды. 1963 жылы Конакриде СССР-дің көмегімен Политехникалық институт салынды. 1970-1971 оқу жылында онда 1 мыңнан астам студент оқыды. Конакриде Ұлттық кітапхана (1960 жылы құрылған, кітап қоры 10 мың дана), Ұлттық музей (1960) бар.

Баспасөзі, радиохабары. Гвинея Республикасында «Хоройя («Ноrоуа», 1961 жылдан) газеті - Гвинея демократиялық партиясының органы және айына 2 рет шығатын «Журналь офисьель де ла Репюблик де Гине» ресми хабаршысы шығып тұрады.

1958 жылдан ұлттық радиохабар қызметі жұмыс істейді. Хабар ішкі программа бойынша француз және Гвинея Республика халықтары тілдерінде, сыртқы программа бойынша ағылшын, португал, араб, Африка халықтары тілдерінде беріледі.

Әдебиеті. Гвинея халықтары - фольклорға бай. Батырлар туралы, Малидің 13 ғасырдағы билеушісі Сундьяте Кейта туралы аңыз-ертегілер соңғы дәуірге дейін сақталған. Ал Фульба халқында фольклор ғана емес, өз ана тілінде жазба әдебиет те дамыған. Тарихи, діни тақырыпқа жазылған кейбір қасидалар - дастандар (мыс., Мохаммаду Алиу Тьяманың «Әл-Хадж Омардың өмірі», 1935) халықтық шығармаға айналып кетті. Ежелгі дәстүрлер негізінде қазіргі Гвинеяда француз тілінде жаңа поэзия қалыптасты. 1955 жылы Рай Отраның (Мамаду Траоре) революция өлеңдер жинағы «Бостандық жолында» деген атпен шықты. «Лагуны» өлеңдер жинағының (1955) авторы К. Ненекхали Камараның аты әдебиет сыншысы ретінде де белгілі. Гвинеяның мемлекеттік қайраткері А. Секу Туре (1922 жылы туған) - ақын, жазушы. Әдеби творчествосын «Қара бала» (1953) атты автобиографиялық повестен бастаған Камара Леп (1928 ж. т.) модернистік сарында жазылған «Корольдың көзқарасы» (1954) романында тәуелсіздік жолындағы күрестің соңғы кезеңін бейнелейді. 1960 жылы ұлттық тілдерде жазу-сызу мәселесін қалыптастыру жұмысы басталды. Бұл жұмыс аяқталған кезде, ұлттық әдебиеттің дамуына жаңа мүмкіндік туады.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Гвинеядағы дәстүрлі үйлердің түрі - дөңгелек қабырғалы, балшықтан салынған («банко») лашықтар. Қалаларында европалықтардың қоныстануына байланысты төрт бұрышты, төбесі жайпақ үйлер салынған 2-дүние жүзілік соғыстан кейін қазіргі үлгімен, жаңа құрылыс материалдарын пайдаланып салынған тұрғын үйлер көбейе бастаған. Бостандық алған Гвинея Республикасында социалистік лагерьдегі елдердің көмегімен жаңа құрылыстар салынды. Гвинея халқы безеушілік өнерімен ертеден шұғылданған. Діни әдет-ғұрып бойынша ағаштан (қызыл, қара) маскалар жасау, ағаш нен сүйектен мүсіншелер жону дамыған. Геометриялық өрнекті мата тоқу - бұрыннан келе жатқан өнер. Конакриде түрлі-түсті гуашьпен қара дүрсін суреттер даярлайтын шеберхана ұйымдастырылған.

Әдеб.: Горнунг М. Б. Гвинейская республика. М., 1960; Гаврилов Н.И. Западная Африка под гнетом Франции (1945-1959). М., 1961; Сюрэ-Каналь Ж. Африка Западная и Центральная. пер. с франц. М., 1961; Туре Секу, Независимая Гвинея. Статьи и речи. пер. о франц. М., 1960; Потехина Г.И. Очерки современной литературы Западной Африки. М., 1968.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-01-31 17:32:35     Қаралды-2762

ДЫБЫС ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ЛАСТАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Біздің әлем жанды да, жансыз да табиғат тудыратын дыбыстарға толы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »