UF

МАДАГАСКАР РЕСПУБЛИКАСЫ (малаг. Republikan'i Madagaskar [republiˈkʲan madaɡasˈkʲar]фр. République de Madagascar)  - Үнді мұхитының батыс бөлігіндегі мемлекет. Африканың оңтүстік-шығысынан 400 км жерде, Мадагаскар аралында және оның айналасындағы шағын аралдарда орналасқан. Континенттен Мозамбик бұғазымен бөлінген. Жері 596 мың км2 (оның ішінде Мадагаскар аралы 590 мың км2). Халқы 24,8 млн. (2015). Астанасы - Антананариву (Тананариве). 6 провинциясы бар.

Мемлекеттік құрылысы. Мемлекеттік өкімет ұйымдығын 5 жылға белгілеген конституциялық заң 1972 жылы 8 қазанында референдумда мақұлданған. Заң жаңа конституцияны және оның негізгі қағидаларын жасауды көздейді. 1972 жылы заң бойынша уақытша мемлекеттік өкімет және басқару органдары үкімет, халықтық ұлттық даму советі (кеңесші орган) және Жоғары институциялық совет конституциялық бақылау органы болып табылады. Мемлекеттік және үкімет басшысы тең праволы. 18 жасқа толған барлық азаматтарға сайлау правосы берілген. Жергілікті әкімшілік (префекты, супрефекты т. б.) басшыларын үкімет тағайындайды. Сайланып қойылатын өзін-өзі басқару органдары - провинциялардың бас советтері, муниципиалдық және селолық советтер 1972 жылы таратылып жіберілді. Сот жүйесі Жоғарғы Сот және бірінші инстанциялы округтық соттардан құралады.

Табиғаты. Мадагаскар аралының шығыс және батыс жағалаулары аласа, жайпақ келеді; шығыс жағалауының өн бойы құм төбешіктер, батыс жағалауы - маржан рифтері. Солтүстік-батысы мен қиыр солтүстігіндегі жағалауы биік жартасты, қатты тілімделген.

Мадагаскар аралы Африка материгінен палеозойдың аяғында бөлінген. Солтүстіктен оңтүстікке қарай 800 км-ге созылып жатқан Биік үстірт (таулы қырат) осыны аңғартады. Аралдың ең биік жері (2876 м) оның солтүстігіндегі Царатанана вулкандық массивінде. Мадагакар Республикасында көптеген сөнген вулкандар (Царатанана т. б.) бар. Жер сілкіну болып тұрады, жылы бұлақтар көп.

Аралдың климаты тропиктік; солтүстік-батысында - әкваторлық муссон климаты; шығыс жақ теңіз жағалауындағы ойпаттар мен биік үстірттің тік кертпештерінде климат ыстық әрі ылғалды. Айлық орташа температура 13-20°С-тан 27-33°С-қа дейін, жауын-шашын 1500 мм-ден асады, ал кей жерлерінде 3000 мм-те жетеді. Шығыс бөлігіндегі өзендер қысқа, бірақ суы мол келеді. Мозамбик бұғазына құятын өзендер көп емес (ірілері - Бецибука, Махавави, Мангуки, Унилахи), олардың бірқатары ұзын, жазда суы мол, қыста саяз болады. Ең ірі көлі - Алаотра.

Биік үстірттің топырағы - құнары аз таудың қызыл ферраллит топырағы. Вулкандық жынысты өңірлер құнары мол қара топырақты келеді. Шығыс жағалауындағы жазықтық көбінесе қызыл-сары және қызыл ферраллит топырақты; мангралық топырақ кездеседі. Батыс жағалауы мен оңтүстік-батысы қызыл-қоңыр топырақты. Топырақ жамылғысы эрозияға өте көп ұшыраған.

Өсімдігі палеотропиктік флора облысының мадагаскар бөлігіне жатады. Аралда равенала (саяхатшылар ағашы, банан тұқымдас), орхидея, ангрекум т. б. эндемиктер кездеседі. Шығыс жағалауы мен Биік үстірттің шығыс беткейінде ұдайы ылғалды, мәңгі жасыл ормандардың жеке массивтері сақталған. Жағалауда кокос пальмасы өседі. Батысында тікенді ағаштар мен бұталар басым. Ормандары мүлде азайған (жерінің 13%-і).

Жануарлары Эфиопия зоогеографиялық облысының Мадагаскар бөлігіне жатады. Лемпур, тенрек бар. Жыртқыштардан мангуста, фосса кездеседі. Жасыл тоты құс, ашық қызыл кардиналдар, көк кептер, сұлтан тауығы тараған. Бауырымен жорғалаушылардан хамелеондар, геккондар, игуандар, айдаһар жылан, крокодилдің екі түрі кездеседі. Бұрын аралда орасан зор тасбақалар болған, ірі лемурлар мен эпиорнис құсы құрып біткен. Мадагакар Республикасында көптеген қорықтар ұйымдастырылған (Цинжидю-Вемараха, Царатанана, Захамена, Андохахело, Андрингитра т. б.). Солтүстік жағалауында Монтань-д Амбр ұлттық паркі бар.

Халқының 99%-і малагасийліктер (1970); қалғаны европалықтар (франц.), арабтар, Комор аралдарынан және Азияның кейбір елдерінен шыққандар. Ресми тілдері - малагасий және француз тілдері. Халқының жарымына жуығы жергілікті діни дәстүрді сақтайды, 40%-тен астамы христиандар, қалғаны - негізінен мұсылмандар. Еңбекке жарамды халқының 86,5%-і ауыл шаруашылығында істейді. Халықтың орташа тығыздығы 1 км2-ге 12,7 адамнан, ал Антананариву маңында 1 км2-те 112 адамнан. Биік үстіртте 1 км2-те 23 адамнан, батыс жағалауында және оңтүстігіндегі шөлді өңірде 1 км2-те 1-2 адамнан ғана келеді. Халықтың 14%-і қалаларда тұрады. Ірі қалалары: Антананариву (342 мың), Таматаве, Мадзунга, Фианаранцуе, Диего-Суарес, Тулеар.

Тарихы. Мадагаскарды қашаннан бастап адам мекендегені және малагасий халқының шығу тегі туралы мәселе жете зерттелмеген. Кейінгі палеолит дәуірінде бұл аралға адам Мозамбик бұғазы арқылы өтті деген болжам бар. Б. з. б. 10-6 ғасырларда индонезиялықтар, полинезиялықтар, меланезиялықтар келді, кейіннен банту тайпалары мен арабтар өтті. Б. з. 14 ғасырында Мадагаскар орталығында Имерина мемлекеті қалыптасты. 16-17 ғасырларда батыс жағалауда сакалавтар, шығыс жағалауда бецимисарака, аралдың орталық бөлегінде, «таулы ел» деп аталатын аймақта бецилеу мемлекеттері өмір сүрді. 19 ғасырда бұлар бір орталыққа бағынған сословиелік мемлекет - Малагасий корольдығының немесе Мадагаскар корольдығының құрамына кірді; елді Имерина әкімдері биледі, олар өздерін «Мадагаскар корольдарымыз» деп атады - Орталық аудандарда феодалдық қатынастар басым болды, ал кей жерлерде, әсіресе жағалаудағы аймақтарда ру-тайпалық қатынастардың қалдықтары сақталды. 16 ғасырда аралға европалық отаршылдар, әсіресе француздар бекініп алуға тырысты.

19 ғасырдың басында ағылшын-француз бәсекесі күшейді. Мұны пайдаланып Мадагаскар билеушілері өз тәуелсіздіктерін ұзақ уақыт сақтады. 19 ғасырдың 40-70 жылдарында елдің экономикасы мен мәдениеті едәуір өрге басты. Товарлы-ақшалы қатынастардың даму барысында аудандар арасындағы еңбек бөлінісі күшейді. Қолөнер кәсіібі пайда болып, ұсақ өндіріс орындары (әсіресе қант құрағын өңдейтін кәсіпорындар) құрылды, Ұлттық интеллигенция тез өсті. Алғашқы баспаханалар ашылып, мерзімді баспасөз шыға бастады.

1883 жылы Мадагаскарға француз әскерлері басып кірді; мұның өзі елдің экономикалық, мәдени және саяси жағынан дербес дамуын тоқтатты. Қантөгіс соғыстан кейін Мадагаскар үкіметі Франция протекторатын тануға мәжбүр болды (1885). 1895 жылы Франция Мадагаскарға қайта шабуыл жасап, аралды аннексияға алды (1896, тамыз), сөйтіп Имерина монархтарының билігін жойды (1897). Француз бірлестіктері отаршылық жылдары Мадагаскардың адам күші мен табиғи қорын аяусыз пайдаланды. 10 млн. га шұрайлы жерлер мен орман алқаптары жергілікті халықтан тартып алынды. Малагасий халқы тәуелсіздік үшін ерлікпен күресті. 1939-1945 жылдардағы 2-дүние жүзілік соғыстан кейін бұл күрес ұйымдасқан ұлт-азаттық қозғалысына айналды. 1946 жылы бұқаралық тұңғыш саяси ұйым - малагасий халқын қайта көркейту жолындағы демократиялық қозғалыс құрылды. 1947 жылы ел ішінде қарулы көтеріліс шықты, бірақ оны отаршылдар аяусыз басып жаныштады. Демократиялық қозғалыс заңсыз деп жарияланып, оның ұйымдастырушылары мен белсенді мүшелері қатты жазаланды. 20 ғасырдың 50 жылдарында Мадагаскардың тәуелсіздігі жолында талап қойған бірнеше партия құрылды. Тап осы тұста отарлық әкімшіліктің қолдауымен буржуазия-реформистік бағыттағы бірнеше партия пайда болды (оның ішінде партия едәуір ықпалды еді), бұлар француз Бірлестігі шеңберіндегі тәуелсіздік жолында қимыл жасады. 1958 жылы Мадагаскар француз одағының құрамындағы автономиялық Мадагакар Республика болып жарияланды. Сол жылы бірнеше саяси ұйымдардың Таматаведе болған біріккен конгресінде Мадагаскар тәуелсіздігі конгресінің партиясы құрылды; ол Мадагакар Республикасын дереу және толық тәуелсіз деп жариялауды талап етіп, әлеуметтік реформалардың кең программасын ұсынды. 1960 жылы 26 маусымда Мадагакар Республикасының тәуелсіздігі жарияланды, оның президенті болып СДП басшысы Ф. Циранана сайланды; қыркүйекте Мадагакар Республика БҰҰ-ға қабылданды. Алайда 1960 жылы сәуірдк Францияның зорлауымен қол қойылған «ынтымақ» туралы екі жақты келісім Мадагакар Республикасының суверенитетіне шек қойды. Бұл келісім бойынша, Мадагакар Республикасының қарулы күштері француз бақылауында болды, Франция өзінің осы аралдағы бірқатар әскери базаларын сақтап қалды (Диего- Суарес, Ивату т. б.), француз әскерлері ел ішінде емін-еркін жүріп тұруға право алды. Мадагакар Республикасының үкіметі Батыс Европа, АҚШ, ОАР, Израиль мемлекеттерімен саяси және экономикалық байланыстарды нығайту саясатын жүргізді. Батыс елдерімен (әсіресе Франциямен байланысты Африка-малагасийлік және маврикиялық жалпы ұйымға мүше елдермен) ынтымақты дамытуға көп көңіл бөлінді. Ел ішінде Ф. Циранана үкіметінің ішкі және сыртқы саясатына наразылық күшейе түсті. 1972 жылы көктемде астанада студенттердің, мектеп оқушыларының, мұғалімдердің, жұмысшылар мен шаруалардың қозғалысы болды; олар қоғам өмірін демократияландыру, ұлттық экономикаға бақылауды күшейту, білім беру жүйесін жетілдіру, «ынтымақ» туралы француз-малагасий келісімін (1960) қайта қарау, сыртқы саяси бағытты өзгерту талаптарын қойды. Бұқаралық демонстраңиялар басталып, жаппай ереуіл жарияланды. Осы жағдайда Ф. Циранана өкімет билігін генерал Г.Рамананцуа бастаған әскери күштердің қолына беруге мәжбүр болды. Жаңа үкімет ОАР-мен экономикалық ынтымақ туралы шартты жойды, «ынтымақ» туралы француз-малагасий келісімін (1960) ресми түрде бұзатынын мәлімдеді. 1973 жылы маусымда Парижде Жалпы француз-малагасий қарым-қатынасы туралы жаңа келісімге қол қойылып, Мадагакар Республика жеріндегі француз әскери базаларын жою, француз әскерлерін шығару көзделді. Республика Африка-малагасийлік маврикиялык жалпы ұйымнан шықты. 1972 жылы Мадагакар Республика мен СССР арасында дипломатиялық қатынастар орнады.

Саяси партиялары, кәсіподақтары және басқа да қоғамдық ұйымдары. Мадагаскар тәуелсіздігі конгресінің партиясы, 1958 жылы құрылған. Өте ықпалды прогресшіл партия. Жаңа үкіметті қолдайды. Мадагаскардың тәуелсіздігі жолындағы ұлттық қозғалыс, 1958 жылы құрылған. Солшыл-ұлтшылдар партиясы. Малагасий социалистік одағы, СДП-ның ыдырауы нәтижесінде 1972 жылы құрылған. Мадагаскар еңбекшілері кәсіподақтарының федерациясы, 1956 жылы құрылған. Бұлардан басқа 30 шақты ұсақ партиялар, бірнеше реформистік кәсіподақтар, әр түрлі басқа да ұйымдар бар.

Экономикасы. Елдің тәуелсіздігі жарияланғанға дейін экономикасы нашар дамыған еді. Сыртқы сауда мен теңіз тасымалы, тау-кен өнеркәсібі мен плантациялар француздар қолында болды. Экспорттық дақылдардың 80 %-нен астамын ұсақ шаруашылықтар өндірді. Өңдеу өнеркәсібі ауыл шаруашылық шикізатын өңдеумен ғана шұғылданды. Ішкі транспорт байланысы нашар болды. Тәуелсіздік жарияланғаннан кейін үкімет шетел капиталын бұрыңғыдан да көп тартты. Мұның нәтижесінде империалистік державалардың позициясы онан сайын нығайды. Француз компанияларымен бірге батыс герман, американ, итальян және жапон фирмаларының әрекеті күшейді. 1972 жылы ұлттық экономиканы нығайту, социалистік елдермен байланысты күшейту бағыты жарияланды.

Ауыл шаруашылығы - елдің экономикасының негізі. Экспорт құнының 93%-і ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесіне тиеді. Жерге қауымдық меншік (1962 жылы 1,8 млн. га) сақталған, европалықтар мен жергілікті халықтың жеке меншік шаруашылықтары (2,5 млн. га), концессиялар (2 млн. га) бар. Өңдеуге жарамды жері 8,3 млн. га, жайылымы 34 млн. га (1969). 620 мың га жер суарылады (1966). Өңделетін жерінің 60%-тен артығына күріш егіледі. Ішкі тұтынуға маниок, жүгері, сорго, батат, ямс, жер жаңғағы, картоп өсіріледі. Экспорттық дақылдары: кофе, ваниль, қалампыр, Махавави өзенінің атырауы мен Брикавиль өңірінде қант қамысы, батыс жағалауда темекі өсіріледі. Мүйізді ірі қара (зебу) өсіруден жан басына шаққанда Мадагакар Республика Африкада алдыңғы орындардың бірінде, 1972 жылы онда 9 млн. зеоу болды. Одан басқа шошқа, қой, ешкі, үй құсын есіреді.

Өнерқәсібі мешеу қалған ауыл шаруашылық шикізатын өңдеуге бейімделген (ұн тарту, күріш тазарту, етті консерв, қант және темекі кәсіпорындары).

Тау-кен өнеркәсібінің үлесіне ұлттық табыстың 1%-і ғана келеді. Отын-энергетика балансында ағаштың үлесі мол (69%). Бірнеше ұсақ жылу электр станциялары мен СЭС-тер бар. Ірі кәсіпорындары: қант з-дтары (Таматаве, Диего-Суарес провинцияларында), ет-консерв з-дтары (Антананаривуде, Фианаранцуада, Тулеареде т. б.), мақта мата фабрикалары (Анцирабта, Мадзунгте), цемент з-ды (Мадзунгте). Таматаве маңынан графит, оңтүстік-шығысынан слюда өндіріледі. 1967 жылдан Андриаменде хромит өндіріле бастады. Шамалы мөлшерде алтын, фосфаттар, гранит, кварц, берилл бар.

Транспортының басты түрі - автомобиль транспорты. Автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 34,4 мың км. Темір жолының ұзындығы 864 км. 20-дан астам теңіз порты бар (бастылары: Таматаве, Мадзунга, Диего-Суарес).

Мадагакар Республикасының сыртқы саудадағы негізгі серіқтестері - Франция (үлесі - экспортта 33%, импортта 56%, 1970), Жапония, Ұлыбритания, Сенегал, Иран т. б. Экспортының басты статьясы кофе (27%). Ақша өлшемі - малагасий франкі.

Денсаулық сақтау ісі. 1970 жылы әрбір1000 адамға шаққанда баланың тууы 39, адамның өлімі 14,1; әрбір тірі туған 1000 баладан өлгені 55,3 (1971). Адам жасының орташа ұзақтығы ерлер 37,5, әйелдер 38,3 жас. Мадагакар Республикасында инфекциялы патология көп тараған. Елде ішек-қарын, туберкулез, тері және венералық аурулар, алапес, сондай-ақ табиғи чуманың ошағы, безгек, шистосоматоз аурулары да кездеседі. Мадагакар Республикасында 1971 жылы 18,6 мың төсектік 744 аурухана (1000 тұрғынға 2,7 төсек), 6 амбулатория, 2 поликлиника, 26 диспансер, 587 медицина пункт, 8 санитариялық бюро және жылжымалы дәрігерлік бригада болды. 1971 жылы 700 дәрігер (10 мың тұрғынға 1 дәрігер), 100 тіс дәрігері, 81 фармацевт, 2,8 мың орта дәрежелі медицина қызметкерлері жұмыс істеді. Дәрігерлер Францияның университеттерінде даярланады. 1968 жылы денеаулық сақтау ісіне өкімет қаржысынан 7,1% жұмсалды.

Оқу-ағарту ісі. Алғашқы мектептерді 18 ғасырдың соңы мен 19 ғасырдың басында Мадагаскарда миссионерлер ашты. Тәуелсіздік алған кезде ересек адамдардың 60% сауатсыз, ал балалардың 30%-ке жуығы ғана оқитын еді. 1968 жылы ұлттық бюджеттің 20% немесе ұлттық табыстың 7% ағарту ісіне жұмсалды. Халық ағарту жүйесі: 6 жастан бастап қабылдайтын 6 жылдық бастауыш мектеп. Оны бітірген соң оқушылар орта оқу орындарына (жалпы білімдік немесе кәсіптік-техникалық) түсуге конкурспен емтихан тапсырады. Толық орта білімді және жоғары оқу орындарына түсу правосын лицейлер береді (7 жыл). Орталау оқу орындары - 4 жылдық жалпы білім беретін және техникалық колледждер. Орта мектептерде оқу француз тілінде жүреді. Мемлекеттік мектептермен қатар, миссионерлік жеке адамдар қарауындағы мектептер де бар. 1968 жылы бастауыш мектептерде 815 мың оқушы, орта білім жүйесінде 103,1 мың адам оқыды. Ірі жоғары оқу орындары - Де Голль университеті (1961 жылы құрылған). 1972 жылы университетте 4 мыңға жуық студент оқыды. Антананаривуда Ұлттық кітапхана (1961 жылы; кітап қоры 123 мың дана) және Ұлттық тарихи музей бар.

Әдеб.: Корнеев Л. А. Образование Мальгашской республики. -М., 1963; Бардина Ю.Я. Малагасийская республика. М., 1972; Орлова А.С. Общественный строй мальгашей в XIX в. -М., 1958; Буато П. Мадагаскар. Очерки по истории мальгашской нации [пер. с франц.]. -М., 1961.

 

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2020-01-30 13:43:58     Қаралды-3391

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЫСЫҚТАР ҚАШАН ҮЙ ЖАНУАРЛАРЫНА АЙНАЛДЫ?

...

Соңғы уақытқа дейін ежелгі мысырлықтар мысықтарды алғаш қолға үйреткен деп есептелді

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КІРПІШ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Пісірілген балшықтан жасалған бұл әмбебап құрылыс материалы

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ОТТЕГІ ҚАЙДАН КЕЛЕДІ ЖӘНЕ ОЛ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?

...

Оттегі - жер бетіндегі ең көп таралған химиялық элементтердің бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДӘПТЕР ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Мектеп дәптерлеріне ата-әжелеріңіз, аналарыңыз бен әкелеріңіз жазған

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ПЛАНЕТА ҚАЛАЙ ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Біздің планетамыз шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын пайда болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

КҮН ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН ПЛАНЕТА ҚАЙСЫ?

...

Күн жүйесіндегі ең үлкен планета - Юпитер.

ТОЛЫҒЫРАҚ »