UF

Сұлтанбек Қожанов 1894 жылы Шымкент облысының Түркістан уезіне қарасты Ақсүмбе аулында кедей-шаруаның отбасында дүниеге келді. Жастайынан оқуға ынталы, елгезек Сұлтанбек Түркістан қаласындағы орыс-түзем мектебін бітіріп, соңынан сондағы қалалық үш жылдық училищені үздік аяқтады. 1913 жылы Ташкенттегі оқытушылар саминариясына түседі. Осы күнден бастап, ол үлгілі оқумен қатар елдің жоғына көңіл бөлетін, халықтың жағдайымен санасатын қамқоршы азамат боп қалыптаса бастайды. Жастар арасында өзінің талантты ұйымдастырушылығымен ерекше көрініп, әртүрлі үйірмелердің ұйытқысы болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс салдарынан Түркістан өлкесі халықтарының әбден күйзеліске ұшырауы- сол кездегі саналы жастарға ой салып, олар өздерінің ұйымына топтаса бастады. Ташкентте 1915-1916 жылдары тұңғыш ұйымдастырылған «Кеңес» деген құпия ұйымға белсене қатысып, көзге көрінген басшыларының бірі болған Сұлтанбек Қожанов «Бірлік туы» газетіне редакторлық етті. Сол кезде С. Қожановпен бірге жұмыс істеген тарихшы Рауф Байжанов өз естелігінде Сұлтанбек Қожановтыңжалынды патриот екендігін, бүл ұйымға жергілікті жастарды жұмылдыра түскендігін еске алады.

Түркістан Республикасының жауапты қызметтерін атқарған Сұлтанбектің халқына деген сүйіспеншілігі әу бастан байқалады. Мұндағы қызметкерлерге таратылған анкетаның ең соңғы бөліміндегі оның жауабынан көп нәрселерді аңғаруға болады. Сол графада. Сіздің қабілетіңіз қай жұмысқа тура келеді деген сұраққа Сұлтанбек: «Қазақ елінің арасында барлық жұмысты атқара аламын» деп жазған...

Сұлтанбек 1917-1918 жылдары Ташкенттегі мұғалімдер институтының бірінші курсының студенті бола жүріп, Кеңес өкіметінің бастауыш мектебінің бірқатар жұмыстарын атқарып шыңдалды. Оның халық тұрмысын жақсартудағы жер-жерлерде жүргізген алғашқы қызметі ерекше болды. Түркістан қаласында халық ағарту бөлімінің инспекторы, Ташкентте қазақ педучилищесінде істеп жүргенде мұғалім кадрларды тәрбиелеуге жан-жақты атсалысты. Жергілікті халықтың білімін көтеруге, оларды аштық қыспағынан аман сақтап қалуға тікелей мұрындық болды.

Әсіресе 1918 жылы Түркістан өлкесінде Тұрар Рысқұлов басқарған аштыққа қарсы күрес комиссиясының құрамында үлкен жұмыс тындырды. Ол өзінің кір жуып, кіндік кескен жері - Түркістан уезіне келіп, Созақ Түркістан, Жаңақорған және басқа елді мекендерде аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету барысында көп жұмыс жүргізді. Бай адамдармен тіл табысып, олардан астық алып, әбден жүдеген, хал-қадірі қалмаған шаруаларға тегін үлестіріп, тамақтандыру мектептерін ашқызып, ыстық тамақ бергізді.

Ауылдық жерлерде ұсақ қолөнер шеберханаларын ашқызды. Баспанасыз қалған адамдарды үймен қамтамасыз етті, науқастарға алғашқы дәрігерлік көмек берілді. Бұл қыруар жұмыстарды жүйелі әрі жоспарлы түрде ұйымдастыруда Сұлтанбек Қожановтың еңбегі айрықша. Сұлтанбектің тағы бір адамгершілікке толы жақсы жақтарының бірі - көшеде басып жүрген жетім балаларды аштықтан аман сақтап қалу, баспана, колония ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлуі. Жетім балалардың денсаулығы мен тәрбиесіне жан-жақты қамқорлық жасады. «Балаларды сақтаңдар, олар біздің келешегіміз, тірегіміз, үмітіміз»деп айрықша ескертетін. Келешекте отбасының отын өшірмей жерін жауға бермей, ел үшін еңбек ететін болашақ азаматтарды аялаңдар, мәпелеп өсіріңдер деп талай рет жиындар мен кеңестерде халыққа уағыздаған еді. Өлкеде 1918 жылы аштық дүрбелеңі күн сайын құлашын кең жая бастады. Оған қарсы күресте Сұлтанбек Кожановтың сүбелі еңбегі мен қызметтері өз нәтижелерін бере бастады. Ол 1920 жылғы қыркүйекте Түркістан Орталық Атқару Комитеті Президумының мүшелігіне сайланады. Осы өлкенің ішкі істер халық комиссары болып тағайындалады. Ол мемлекет қайраткері ретінде үкімет органдарындағы көкейтесті мәселелерді де дер кезінде әділетті әрі жедел шешуге ұмтылатын. Сол кезде ел арасында кең жайыла бастаған «Соғыс Коммунизмі» саясатының белең алуына шек қойғызды.

Зорлық-зомбылықпен қара халықтың аузындағы азығын тартып алуына жол бермеу, оның орнына Түркістан өлкесіндегі жергілікті халықтардың әл-ауқатын жақсарту туралы мәселелерді күн тәртібіне қойды. Ферғана, Шымкент, Әулиеата сияқты қалаларда өткізілген жиындарда кедей шаруалардың «Косшы»ұйымына бірігіп, егіншілік саласындағы жұмыстарды өркендету жолдарын ұсынды, оның нәтижелеріне жан-жақты көңіл бөлді.

Сұлтанбек Қожанов Түркістан өлкесінің әйел-қыздарының тұрмыстық жағдайларына да ерекше көңіл бөліп, олардың қоғамдағы орны мен қызметін жоғары бағалауды, бірінші кезекте аналарды аялауды, олардың әлеуметтік жағдайларына көңіл бөлуді талап етті. Сол бір ауыр күндерді халқымыздың әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, ана тілін ұмытпай, ата-бабаларымыздың мыңдаған жылдар бойы мысқалдап жинаған асыл мұраларын қастерлеп, оны нығайтуға, өркендетуге шақырды. Бұл салада жергілікті «Тіл декреті» жөніндегі комиссиясының мүшесі ретінде бірқатар жұмыстар жүргізді.

С.Қожановтың мемлекет қайраткері ретінде 1920-24 жылдардағы қызметтерінің бірі - елдегі сауатсыздықты жою, мектепке мұғалім дайындау мәселесі болды. Ол өзінің оқу-ағарту саласындағы мол тәжрибесіне сүйене келе, Ташкенттегі халық ағарту институтын ашуға атсалысты. Мұғалім кадрлар құрамын көбейту тікелей басшылық етті. Әсіресе 1922 жылы Түркістан өлкелік халық ағарту комиссары болып істеген жылдары оның қайраткерлігі тағы да жан-жақты көрінді. 1920-1921 оқу жылы оның табандылығы мен талап етуінің нәтижесінде өлкенің жалпы бюджетінің 20% халық ағарту саласына бөлінуінде Сұлтанбектің үлесі бар. Сол жылдары мемлекет қаржысының құлдырар дағдарысқа ұшырауы, ауыл шаруашылығы, оның ішінде ұсақ өндіріс орындарының ауыр жағдайларын есепке алып, халық ағарту мекемелерінің басым көпшілігін өкімет бюджетінен жергілікті бюджетке өткізді. Республикалық және жергілікті оқу басқару аппараттарының штаттарын қысқарту арқылы мектептердің болашағын сақтап қалды.

С.Қожанов 1921 жылы Кеңестердің бүкіл ресейлік съезіне делегат болып қатысып, жер-жерлерде мектептерді көбейту, институттар ашу арқылы кадрлар дайындау проблемаларын көтерді. Сол съезде оның жалынды, өткір де пәрменді сөздерін есіткен Ленин оның бұл салада түбегейлі, жан-жақты айналысуына сенім білдірген еді.

Көп жылдар бойы «Ақ жол» газетінің редакторы, қызметінде жүріп, «Шопан» журналында бірнеше өлеңдері, мақалалары жарияланды. Мектеп оқушыларына арналған«Есептану құралы» оқулық ретінде баспадан шығып, жас бүлдіршіндердің сүйіп оқитын кітабына айналды. Оның халық ағарту саласындағы қызметін үкімет сол кездің өзінде-ақ өте жоғары бағаланды. Бұл жөнінде Ташкенттегі архив материалдарында сақталған деректердің өзі бір төбе.

Солардың бірінде С.Қожановтың халық - ағарту саласында жүргізген үгіт-насихат жұмысына үлкен баға беріліп, теңдесі жоқ егіншілік жөніндегі Халық Комиссары болып жұмыс істеп жүргенінде де өзін сегіз қырлы, бір сырлы басшы екендігін көрсетті.

Шынтуайтқа келгенде, С.Қожанов халық жағдайын жан-жақты талдай алатын, шешілуі тиіс ділгір мәселелерді сұрыптап, оны жүзеге асыру жолдарын үкімет алдына көлденең қоя алатын еді. Партия, кеңес жиындарында орнынан тұрып, кейде мінбені пайдаланып, өзекті мәселелерді ортаға салушы еді.

1923 жылы маусым айында Орталық комитеті ұлт республикалары мен облыстарының жауапты қызметкерлерімен бас қосқан төртінші кеңесінде сөзге шығып. «Қазіргі Түркістан мен патшалық Түркістанның арасында ешбір айырмашылық жоқ, тек аты ғана өзгерді. Түркістан бұрынғы күйінде патшаның тұсындағы күйінде қалды» деп ашық айтып Түркістан халықтарының жағдайын жақсарту мәселелерін ортаға салды. Кеңесті басқарып отырған Сталин С.Қожановтың пікірлерінің біразымен келіскен болса да, оның жүрек түкпірінде қалған «естелік сыйы» Сұлтанбектің кейінгі өміріне «тұсау болды».

Сұлтанбек Қожановтың елеулі қызметінің тағы бір - 1921-1922,1922-1924 жылдардағы Түркістан өлкесіндегі жер-су реформасын жүзеге асырылуына белсенді қатысқандығы еді. Патшалық Ресейдің Қазақстан мен Орта Азияны жауап алуы нәтижесінде құнарлы, жарамды жер атаулы түгелдей тартып алып, Ішкі Ресей губерниялары келген шұбырынды жалаң аяқтарына бөліп берілгендігі С.Қожановтың қатты ойландыратын еді. Ол аталмыш жерлердіжергілікті халыққа қайтарып беріп, диқаншылық мәдениетін жандандыру мәселесін күн тәртібіне өзекті мәселе етіп қойды.

1922-1924 жылдары С.Қожанов Түркістан жер шаруашылығы халық комиссары лауазымында жұмыс істеді. Ол кезде Мырзашөлді суландыру, Шыршық, Ангрен, Келес алқаптарындағы су жүйелерін реттеу арқылы ауыл шаруашылық өнімдерін арттыру мәселесіне басшылық жасады.

С.Қожанов 1920-1924 жылдары Түркістан Республикалық Кеңестері мен Түркістан коммунистік партиясының V-VІІІ съездеріне XIII съезіне делегат болып қатысты. Түркістан Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары, соңынан біраз уақыт төрағасы болып қызмет етті. 1924 жылдың соңына дейін Қазақ Өлкелік Комитетінің хатшысы Қазақ Орталық Атқару комитетінің мүшесі болып жұмыс істеді.

Бұрынғы Ақмешітті Қызыл Орда деп атап, Қазақстанның астанасына айналдырды. Қазаққа-қазақ деген өз атын әперіп, әлемге таныстыру жолында іргетасын қалады. Алайда оның туған еліне аянбай жұмыс істеуіне тосқауыл жасауда оның таусылмас талантына бұғау салуда Голощекиннің арам пиғылы мемлекет қайраткерлеріне кері әсер етті. Орталықтан жіберілген өкіл Қазақстан өлкелік партия ұйымының хатшысы болып келген күннен бастап жергілікті азаматтарды қоғам қайраткерлерін шеттете бастады. Екеуінің арасындағы әртүрлі сәйкессіздіктер нәтижесінде С.Қожановты Мәскеуге шақыртып Орталық Комитетінің аппаратына жауапты нұсқаушы қызметіне орналастырды.

1928-1929 жылдары С.Қожанов Ташкентке жұмыс жіберіледі. С.Қожанов бұл жерде Орта Азия бойынша Техникалық оқу орнын ұйымдастырушылардың бірі болды. Сол кезде бір ғана мемлекеттік университеті маман кадрлар дайындайтын. Орта Азия республикаларында инженер кадрлар деген талап күшті еді. Дәуір талабы бұл мәселені шұғыл шешу қажет екенін көрсетті. Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы А.Икрамовтың тікелей басшылығымен бұл іске С.Қожановтың қосқан үлкен үлесі бар. Бұл жұмыстарды ұйымдастыру, әрине оңай емес. Небір үлкен қиыншылықтармен бұл жұмыс жүзеге асырылды.

1929 жылдың 10 қазан күні Орта Азия экономикалық Кеңесінің №157 қаулысымен Орта Азия мақта, ирригация, политехника институтының ректоры болып С.Қожанов тағайындалды. Сол кездегі САГУ-дың инженер-мелиорация, физика, математика факультеттері негізінде іргесін қалаған САХИПИ-дің үш техникалық факультеті 15 кафедрасы жұмыс істей бастады. Тұңғыш механика құрылыс және ирригация факультеттері декандық лауазымдарын көрнекті педагогтар М.М.Михайлов, Е.П.Залесский, В.Д.Журиндер басқарды. Осы ғалымдармен кеңесіп С.Қожанов 1930 жылы қаңтар айында 3 факультет: мақта-агрономия, технология, колхоз-совхоздар факультетін ұйымдастырды.

Аталмыш факультеттерге өзбек, қазақ, қырғыз, тәжік, түркмен және қарақалпақ жастарын қабылдауға жан-жақты атсалысты. САГУ-дің инженер-мелиоратор факультеті САХИПИ-ге өту кезінде 950 студенттің елуі-ақ жергілікті жастар екендігіне Сұлтанбек өкінеді.

Жергілікті кадрларды көбейтудің жолдарын қарастырумен бірге, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға белсенділік танытты. Маман кадрлар дайындаудың бірден-бір жолы Орта Азия республикаларын аудан, қалаларында қысқа мерзімді курстар, рабфактарды ашуды жөн көрді. Бұл ізгі жұмыстар жастардың Ташкент, Алматы, Самарқанд, Душанбе, Бишкек, Ашхабад, Баку қалаларында Орта Азия ирригация, мақта политехника институтына түсіп оқуына жағдайлар жасады. Сұлтанбектің осы бір ұланғайыр жұмыстарын атап өтпеске лажымыз жоқ. Мәселен, 1930 жылы институт бойынша 2300 студент оқыған болса, 1931 жылы олардың саны 6000 мыңға жетті.

1931-1932 жылдары С.Қожанов Орта Азия мақта шаруашылығының бастығы болып қызмет істеді.

1932-1933 жылдарда Мәскеуде Орталық Комитетінде «Союззготохлопок» меңгерушісінің орынбасары.

1933-1934 жылдары Орталық бақылау комиссиясының мақта жөніндегі бақылаушы жұмыстарын атқарды. 1934-1937 жылдары Ташкентте ҚСРО егіншілік халық комиссариятының Орта Азия республикалары бойынша өкілі, Кеңестің Бақылау Комиссиясының Өзбекстан өкілінің орынбасары лауазымдарында жұмыс істеді.

С.Қожанов сол жылдары бірқатар ғылыми еңбектер жазып, ел жұрттың құрметіне бөленді. Оның «Түркістан Кеңес Автономиясының 10 жылдығы», «Түркістан Компартиясы тарихының жинағы» (1922), «ОртаАзиядағы революция» (1929), Орта Азия ғылыми-зерттеу институты дайындаған революция тарихы (1930)» және сол жылдарда газет-журнал беттеріндегі жарияланған проблемалық мақалалармен құнды екендігі баршаға белгілі.

С.Қожанов 16 шілдеде өтірік жаламен «халық жауы» деп ұсталып, 1938 жылдың 8 ақпанында әскери коллегияның үкімімен 44 жасында өмірден көз жұмды.

Халқымыз шындықты тот баспайтын асыл тастар мен алтынға теңейді. 1957 жылы 5 шілдеде ақиқат жүзеге шығып, әділет жеңіп, Сұлтанбек Қожановтың аты, қызметтері ақталып, бүкіл еңбегі жарыққа шықты.

Сұлтанбек Қожановтың туғанына 1994 жылы 10 қыркүйекте 100 жыл толды. Осыған орай Қазақстан С. Қожановтың 1994 жылы 25-28 тамызында 100 жылдық мерей тойын атап өтті. Той қарсаңында Сұлтанбек Қожановқа арнап аудан орталығынан мемориалды мұражай ашылды.

Жұртшылық осы мерейтой құрметіне сенбілік өткізіп бір күндік табыстың барлығы Созақ ауданы агро-өнеркәсіптік банктегі С.Қожановтың есімімен ашылған арнайы қордың есеп шотына аударылды. Өзбекстан халықтары да тұғыры биік Түркістандық тұлғалардың бірі Сұлтанбек Қожановтың мерей тойын қуанышпен қарсы алды. Өзбекстан Республикасы Президент архивінде ол туралы сақталып жатқан қүнды деректерді, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік университеті әлем тарихы кафедрасы меңгерушісі т.ғ.д. профессор Сейдуалы Тілеуқұлов жинақтап, зерттеп. Оңтүстік Қазақстан облысы. Созақ ауданындағы Султанбек Қожановтың мұра жайына табыс етті. 1994 жылы 25-28 тамызындағы оның мерей тойына Өзбекстан Республикасының атақты жазушысы Прімқұл Қадыровтың басшылығында проф. С.Тілеуқұлов, доцент А.Үкібаев, ақын Мекенбай Султанов Қожановтың туған жері «Қаратау» - кеңшарының «Ақсүмбе» елді мекеніне барып, оның аруағына бас иілді. Оған арналған ғылыми-теориялық конференңияда баяндамамен қатнасылды.

Ташкент қаласында 1994 жылы 16 желтоқсанда Султанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың мерей тойына арналған ғылыми-конференция өткізілді. Қазақстаннан бір топ зиялыларды бастап келген көрнекті ғалым Бердібаев Рахманқұл Өзбекстан ғалымдары: профессор Г.А.Хидоятов С.Тілеуқұлов, доцент Ш.Оразымбетов, М.Лафасов, А.Үкібаев, Х.Байқабылов және А.З.Юлдашевтар баяндамамен қатнасты. Сол сияқты Ташкент қалалық мәдениет орталығының төрағасы Н.Уткелбаевтың ұйымдастырымен педагогика институтында мереке жиын өткізілді.

1994 жылы 28 желтоқсанда Ташкент қаласының әкімі К.Н.Төлаганов Сіргелі аудандағы Ленин есімді көшеге Сұлтанбек Қожанов аты қойылуы туралы қарар шығарды. Бұл қуанышты қарарды Сіргелі аудан әкімі, милиция басшысы Азимов Хайдар Алиевич «Өзгеріс» және «Ноғайқорған»маһаллаларына жеткізді. Маһалланың жетекшілері: Ахмедов Асқар, Рахымжанов Рашид, Көшедегі 10 мың халқымен Султанбек Қожанов есімін ардақтамақта. Өзбекстандағы Қазақстан өкілеті, Оңтүстік Қазақстандағы Созақ ауданының азаматтары бұл жерде келіп туысқандық қатнастарды нығайтуда.

Елі үшін туған асыл ағамыздың өмірі мен еңбегі біз үшін, болашақ жас ұрпақ үшін, үлгі болып қала бермек.

Әдеб.: Тілеуқұлов Г. Жазықсыз жазаланған тұлғалар. -Ташкент, 2000. -Б.18-25.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-12-03 12:51:52     Қаралды-3597

ИСЛАНДИЯ – АТЫ ДҰРЫС ЕМЕС ЕЛ

...

Исландия ағылшын тілінен сөзбе-сөз аударғанда «мұз елі» деп аталады

ТОЛЫҒЫРАҚ »

20 ҒАСЫРДЫҢ НЕГІЗГІ ӨНЕРТАБЫСТАРЫ

...

20 ғасырдың негізгі өнертабыстары, оларсыз қазіргі адам өмір сүре алмайды

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САМАУЫРДЫҢ ІШІНЕ ҚАҚ ТҰРСА

...

Cамауырдың ішіне қақ тұрса

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ШАШ КҮТІМІ

...

Адамның шашы бірде түсіп, бірде шығып дегендей, ұдайы алмасып отырады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІЗДІҢ ӘЛЕМ ТУРАЛЫ СІЗ БІЛМЕГЕН 15 КЕРЕМЕТ ФАКТ

...

Біздің әлем - шексіз жұмбақ. Күн сайын сіз ол туралы көптеген жаңа нәрселерді біле аласыз!

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АНТАРКТИДА ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Мұз құрлығының ресми ашылған күні 1820 жылдың 28 қаңтары болып есептеледі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЫЛҚЫ АТЫМЕН АТАЛАҒАН SNICKERS ШОКОЛАД БАТОНЧИК

...

Snickers - жастар арасында ең танымал батончик

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ЖЕР ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР

...

Бұл мақалада біздің жер туралы қызықты деректер талқыланады

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АЯҚ КИІМГЕ ДЕ КҮТІМ КЕРЕК

...

Әдетте, адамның екі аяғы бірдей бола бермейді. Көбіне оң аяқ сол аяқтан гөрі үлкенірек келеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »