UF
Загрузка...

Қазақ фольклорында ертеден осы кезге дейін өркендеп келе жатқан поэзиялық жанр; екі ақынның суырып салма түрінде шығарған, қалың жиын алдындағы жарысы. «Айтыс» термині айтысу деген етістіктен шыққан. Айтысушы ақындар қолына домбыра, қобыз, гармонь алып, екі жаң өлеңмен диалог түрінде сөз сайысына түседі. Айтыс үстінде олар өз елінің намысын қорғайды, табысын мақтан етеді, айтысып отырған әріптесі жағынан көрген, білген кемшілікті бетке айтады. Ақындар ел атынан сөйлейді. Кімнің жеңіп, кімнің жеңілгеніне бағаны тыңдаушы жүртшылық береді.

Айтыс ақындары - тек айтыс өнерімен шұғылданған ақындар. Олар жазба, кітаби ақындардай, өлең, жырды жазып шығармайды, халық ақын, жыршыларындай, өлең, дастан толғамайды. Айтыс ақындары жиын-тойда домбыра немесе гармоньмен (кейде сүйемелсіз-ақ) өлеңді кенеттен шығарып, әріптесімен алма-кезек айтысады. Қазақта Айтыс ақындарының Шөже, Сүйінбай сияқты атақты өкілдері болған. Бір Шөженің өзі Орынбай, Шортанбай, Кемпірбай, Жәмшібай, Қалдыбай, Балта, Тезек т. б. ақындармен сөз жарысына түскен. Үнемі айтысқа қатысып, Айтыс ақындары ретінде аты шыққан қыз-келіншектер де көп, олар: Сара, Манат, Ырысжан, Ақбала, Күнбала, Тоғжан, Төбия, Ұлбике, Майса, Нұрила, Айкүміс, Меңеш, Шәріпжамал, Айман, Шөкей, Болық, Қадиша, Назым, Ұрқия, Ажар, Мәйке, Бибісара, Аңілгек т. б.

Осы күнгі кейбір Айтыс ақындарыөлеңді алдын ала жазып, жаттап алып немесе қағазға қарап отырып айтады. Бірақ бұл -Айтыс ақындарының қолма-қол суырып салып айтатын шын шаппа-шап өнерпаздық дәстүріне сай келмейді.

Айтыс кезінде екі немесе бірнеше ақыш шаршы топ алдында өз ара ақындық, өнер сайысына түседі. Ақындар өлең-жырды кенеттен суырып салма түрінде шығарады. Олар көбінесе той, жиын үстінде, мереке кездерінде айтысады. Беріректе өмір сүрген Шөже мен Кемпірбай, Жанақ пен Түбек, Сүйінбай мені Тезек, Орынбаймен Шортанбай, Майкөт пен Бөлтірік, Жамбыл мен Құлмамбет айтыстары ел жадында қалған.

19 ғасыр ортасынан бері жазылып, хатқа түсе бастаған. Оны алдымен жинастырған Ш. Уәлиханов, кейінірек В. Радлов, Ә. Диваев т. б. зерттеушілер болды. Бүгінде айтыс айқындар молынан жиналып жеке жинақ болып шығуда, зерттеу объектісіне айналуда. Айтыс айқындар өнер мектебіне, ақындық атақ алу ортасына айналған. Ақындар өздерінің ұстаздарынан (Сүйінбайдан Жамбыл, Жамбылдан Кенен, Үмбетәлі) жолдама-бата (домбыра) алып отырған, сөйтіп, олар айтыс өнерін атадан балаға қалдырып келген. Айтыс ақындары ішінде қыз-келіншектер де көп болған. Бұлардың айтыстары өнер бәсекесіне айналған. Ертеде өткен айтыс айқындар қазіргі опера, балет, театр, цирк, эстрада міндетін атқарған.

Айтыс айқындар Совет тұсында жаңа сипат алды. Қазақстан өкіметі, жергілікті партия, Совет органдары айтыс айқындарының жандануына қамқорлық жасады. Дүркін-дүркін айтыс айқындарын өткізу дәстүрге айналды. 1922 жылы Иса Байзақов пен Нұрлыбек Баймұратов, 1936 жылы Саяділ Керімбеков пен Майса қыз, 1939 жылы Алматыда Нартай мен Нұрлыбек айтысты. Мұндай айтыстар әр облыс, аудан, колхоз, совхоз аралығында болып тұрды. Бұл айтыстар, біріншіден, ел ақындарының өнерін байқауға мүмкіндік береді, екіншіден, сын мен өз ара сынды өрістете отырып, істе орын алған олқылықтарды жоюға көмектеседі. Әсіресе, 40 жылдары айтыс айқындар қызу қолға алынды. Соғыстың алғашқы жылдары БатысҚазақстан мен Атырау облыстарының ақындары Гурьевке, Ақтөбе, Қызылорда, ОңтүстікҚазақстанның ақын-жыршылары Қызылордаға, шығыс облыстарының ақындары Семейге, солтүстік ақын-жыраулары Қостанайға, Орталық Қазақстан ақындары Қарағандыға жиналды. Ал 1943 жылы Алматыда халық ақындарының республикалық айтысы өтті, оны Жамбыл бастап берді. Халық ақындарының осы айтыстар кезінде туған жалынды жырлары, үндеу сөздері неміс фашист басқыншыларын тезірек жеңіп, елімізде тыныштық орнату мүддесіне, Совет Армиясы мен тыл еңбеккерлерінің жеңімпаздық ерліктеріне арналды. 50-60 жылдардағы айтыс айқындарында бейбіт еңбек, еліміздегі алып құрылыстар мен еңбек ардагерлерінің келбеті бейнеленді. Жазушылар одағы мен М. Әуезов атындағы Әдебиет пен өнер институтының ұйымдастыруымен 1961 ж. ақындардың республикалық слеті, 1969 жылы халық ақындарының семинар-кеңесі болып өтті. 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкесіндегі (Жамбыл, Шымкент, Қызылорда обл.) айтыс ақындары бас қосты. Осы жиындар кезінде республиканың жер-жерінен келген ақын-жыраулар өз өнерлерін ортаға салды. Олардыңөлең, жырлары жазып алынды. Халық поэзиясының мәселелері талқыланды, бүгінгі айтыс өнерінің өміршеңдігі дәлелденді.

Мұндай Айтыстар ертеде басқа елдерде де болған. Орыстарда скоморохтар, француздарда трубадурлар өз ара ән әуенімен сөз жарыстырған. Арабтарда шайырлардың айтыс өлеңдері қағазға жазылып, жәрмеңке күндері көрнекті жерге ілінген. Оны «мұғалла-хат» деп атаған. Өлеңмен айтысу монғол, иран, үнді халықтарында да болған. Айтыс қырғыз, өзбек, түрікмендерде беріге дейін келген. Қарақалпақтарда әлі де кездеседі. Айтыс дәстүрі қазақ арасында молынан сақталып, дамып келеді. Халық поэзиясында Айтыстың бірнеше түрі бар. Оның түп төркіні «Жар-жардан», «Бәдіктен» басталады. Бұдан соң қайым өлең айтысу дәстүрі тараған. Қыз-бозбала сауықтарында айтылатын «тау өлең», «су өлең», «жер өлең» аталатын жаттама өлеңдер де Айтыстың бір түрі орнына жүріп келген. Айтыстың мұндай түрлері салт айтысы деп аталады. Топ адам қосылып хор түрінде шырқайтын әдет-салт айтысында «жеңу», «жеңілу» шарты қойылмайды. Салт айтысында қыз бен жігіт қара өлеңмен әзіл-остақ аралас сөз жарыстырады (Омарқұл мен Тәбия, Күйкентай мен Оспантай қақтығысы), махаббат сырлары шертіледі, әлеуметтік мәселелер қозғалады. Біржан мен Сара, Әсет пен Ырысжан айтысында әйел теңдігі, тап қайшылығы сөз болған. Айтыстың ең көп тараған және дәстүрге айналып кеткен күрделі түрі - ақындар Айтысы. Ақындар Айтысы түре айтыс (қысқаша бір-бір ауыз өлеңмен), сүре айтыс (көсіле, термелей жырлау) боп екі жікке бөлінеді. Айтыстың хат, жұмбақ, мысал түрлері де бар. Хат айтысы шығыс шайырларынан өнеге алған кітаби ақындар ара сында өріс алған. Мыс., Молда Мұсамен Манат қыз, Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіп, Тұрмағамбет пен Шәді төре айтыстары т. б. Айтыстың бір ақынмен бірнеше ақын айтысқан түрлері де (ЬІрысты қыз бен 16 ақын арасындағы жазба айтыс) бар. Жұмбақ айтыста бір ақын екіншісіне жұмбақтап сауал қояды, әріптесі оған өлеңмен жауап қайтарады (Сапарғали мен Нұржанның жұмбақ айтысы т. б.). Мысал айтыста ақындар айтар сөзін мысалдап, түспалдап білдіреді. Достық пен қастықты бейнелеу үшін ақындар қой мен қасқырды айтыстырады. «Шашу- байдың қасқырмен айтысы», «Төрт түлік айтысы», «Екпінді мен жалқау», «Ат пен трактор айтыстары» осыған жатады. Айтыс- қазаққа етене болып кеткен іргелі жанр. Тіпті той-жиындарда ақын емес адамдар да екеу-екеу айтыса кетеді. Бірақ олардың өлеңдері кәдімгі айтыскер ақын айтқандай көркем боп шыға бермейді. Халық поэзиясында Айтыс өнерінің Шөже, Сүйінбай, Жамбыл, Нартай, Үмбетәлі т. б. көптеген шеберлері болған.

Қыз бен жігіт айтысы - айтыс жанрының бір түрі халық арасында ерте кезден бастап таралған. Басқа айтыстардан негізгі айырмашылығы - айтысқа түскен қыз бен жігіт басындағы әлеуметтік жағдай, жалпы әйел теңсіздігі көбірек әңгіме болады. Көбінесе аты шулы ақын қыздың өнері, тапқырлық дарынының күштілігіне қарамай, әлеуметтік теңсіздік салдары тіліне тұсау болып, сүрінетін кезі жиі байқалады. Мыс., Біржан мен Сараның айтысында Сара өзінің Жиенқұлдай ұсқынсыз, құныс адамға атастырылғаны сөз болғанда, еріксіз жеңілгенін мойындайды. Қыз бен жігіт айтыстарында өз руын, елінің жақсыларын мақтаумен бірге, қыз бен жігіттің өнер жарысы айқын көрінеді. Олардың кейбіреулері қайымдасу не жұмбақтасу түрінде айтылады. Мыс., жұмбақ айтысының ең озық үлгілеріне Әсет пен Ырысжанның, Ұлбике мен Күдерінің айтыстары жатады. Көпшілік алдында табиғат сыры мен қоршаған ортасын жұмбақ етіп, сұрақ қою, оған іркілмей шешуін тауып, жауап беру шеберлігі ақындарды тапқырлыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеген. Сондықтан да халық айтыс жанрын өнер ретінде жоғары бағалаған. Ол айтыс асыл сөзден маржан шашып, керікті ойдан көркем өлең төккен ақын қыз бен жігіттің даңқын асырған. Қыз бен жігіт айтысының тілі көркем, образды болып келеді. Мыс.; Сараның Біржанмен айтысқанда «Тамағым жас баланың білегіндей, Иығым тік сандалдың тірегіндей, Беталдым қоңыр қаздың кеудесіндей, Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей», - деуі бұған толық дәлел болады. Қыз бен жігіт айтыс қазақ әдебиеті тарихында елеулі орын алады. Сүйінбай - Күнбала, Үлбике - Күдері, Біржан - Сара, Ақсұлу - Кеншімбай, Бақтыбай - Мәйке, Ақбала - Боздақ, Әсет - Ырысжан, Жамбыл - Салиқа, Омарқұл - Тәбия, Ләтипа - Кенен, Әжек -Шәріпжамал, Мұса - Манат т. б. айтыстар -көркем әдебиеттің қымбат казынасына жатады.

Салт айтысы - айтыстың ең көне түрі. Салт айтыс халықтың әдет-ғұрпы мен сенім-нанымына, күн көріс кәсібі мен тіршілік күйіне байланысты туып қалыптасқан. Салт айтыс белгілі бір әдет-ғұрып негізінде хормен орындалатындықтан, өлең тексті жұрттың бәрі жатқа білетіндей жеңіл, аса қарапайым болып келеді де, көбінесе тұрақты қайталаулармен айтылады («Алып келген базардан қара насар», «Қызыл қыршын, замандас, қызыл қыршын», «Есік алды қара су майдан болсын» т. б.).

«Бәдік» пен «Жар-жар» өлеңдері бертін келе өз жанынан өлең шығарып айтуға бейімі бар жастардың топтан бөлініп жеке-дара айтысуына, әзілді қағысуларына жол салды. Мұның ең көп тараған түрі - қыз бен жігіт қағысулары. Қыз бен жігіт қайымдасулары ұзатылу тойы мен сан түрлі бас қосу, ойын сауық үстіндегі жастардың сыпайы әзіл-қалжыңына құрылып, дәстүрлі бір-бір ауыз өлеңмен қысқа қайрылып отырады. Бұлардың тексі көпке ортақ жаттанды болып келуі де, немесе сөз ыңғайына қарай табан астында аз-кем өзгертіліп, тіпті кейде тыңнан суырып салынып айтылуы да мүмкін. Қыз бен жігіт қайымдасуларының алғашқы түрлерінде жеңу, жеңілу сияқты үлкен қорытындылар шығарылмайтын болғандықтан, мұндағы сөз түйіні бір жағының (көбінесе қыз жақтың) қойған бір топ жұмбағын екінші жақтың талдап шешуімен шектеледі. Бұл - жұмбақты ойдағыдай шешкен жігітке қыздың жол-жора беруімен (орамал, сақина, жүзік т. б.) аяқталады. Мұның біралуан үлгілерінің шариғат, дін, табиғат сыры мен өмірлік мәселелерді жұмбақ етуге құрылатыны да бар. Салт айтысының ендігі бір кең тараған түрі - үй-іші тұрмысы мен шаруашылыққа байланысты туған айтыстар. Бұларда отбасындық өмірдің кейбір көріністері сөз болады («Атасы мен көліні», «Әкесі мен баласы», «Құрбайдың Әзірейіл аларда үй-ішімен қоштасқаны» т. б.).

Ел өмірімен терең астасып біте қайнасып кеткен Салт айтыс кейіннен кемелдеңе келе жеке ақын атынан айтылып таралатын айтыстың жаңа бір түрінің туып қалыптасуына жол салды. Мұнда лирикалық кейіпкерге айналған ақын айтыстың диалогқа құрылған тек сыртқы түрін ғана қалдырады да, сол арқылы өзінің ішкі сезім-күйі мен айтар ойын ұтымды түрде бейнелейді. Бұл үлгілердің бір тобы бірін-бірі сүйгенмен, қосыла алмай арманда кеткен жастардың қабір басындағы диалогына құрылады. Олар бұл өмірде іске аспаған ой-арманы мен өкініш-мұңын, өмірге деген наразылығын баяндайды («АқбаламенБоздақ», «Аймаңдай мен Бабас» т.б.). Енді бір алуаны халықтың күн көріс, тіршілігімен байланысты туса («Төрт түлік малдың айтысы», «Салпық пен ат», «Ыдырыс пен тайлақ», «Жұманазар мен домбыра», «Темірбай жырау мен сиыр» т. б.), тағы бір тобы үлгі-насихат, білім-танымдылық сипатқа ие болып отырады («Шәкірт пен жалқаулық», «Қарашекпен мен қасқыр» т. б.).

Қайым айтыс -әріптестер бір ауыз өлеңмен қайырып отыратын айтыстың шағын, жеңіл түрі. Мұны «қайым өлең» немесе «қайымдасу» деп те айтады. Қайым айтыс көбінесе қыз бен жігіттің, құрбы-құрдас жастардың арасында болады. Ол ертеде тойда, шілдеханада әзіл-қалжың ретінде айтылды. Қайым айтыста кейде әлеуметтік мәні бар мәселелер де сөз болады. Мыс., Омарқұл мен Тәбияның айтысы бұрыңғы замандағы әйелдердің күндіктегі ауыр халін әшкерелеумен аяқталады. Ұлбике мен Күдері қожаның айтысында дін ғұрпы сыналады.Қайым айтыста жаттанды сөз тізбектері, өлең жолдары көп ұшырайды, кейде шумақтың алдыңғы екі немесе бір тармағы қайталанып отырады да, соңғы тармақтары айтушының ойына қарай өзгертіліп, жаңадан шығарылып айтылады. Қайым айтыс- жаңа талап жас ақындардың үлкен айтысқа төселуі жолындағы алғашқы басқыш, машықтану мектебі.

Күнікей-жанақ айтысы- 19 ғасырдың алғашқы жартысында болған айтыс. Айтыстың нұсқасы толық жазылып алынбаған. Айтыс өткен мезгіл Жанақ ақынның егде тартқан кезі болса керек. Ол бірде қалың Найман елін аралап, ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдығып келе жатқан сапарында жолдағы көп ауылдың бірінде ақын қыз Күнікей сұлуға кезігіп, тосын айтысып қалады. Алайда әйгілі Жанақ ақын Күнікейден жеңіліс табады. Талай жиында ерен өнер танытқан аты шулы Жанақтың бұл жолы жеңіліп қалуына негізгі себеп - байқаусызда ақын қызға аңғалдықпен оқыс сұрақ қойғаны және шыр бітпеген кедейлік тұрмысы. Бұған қарағанда, Күнікей заманында аты әйгілі суырып салма ақын, үлкен талант иесі болғанға ұқсайды. Бірақ Күнікей қыздың өмірбаяндық деректері және қандай ақындық шығармалары бар екені жөнінде нақты мәліметтер жоқ. Тек оның Жанақ ақынмен жоғарыдағы айтысының кей үзінділері Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба қорында сақтаулы.

Жұмбақ айтыс - айтыс жанрының бір түрі. Онда табиғат құбылыстары, адам, жан-жануар, қоғам тіршілігіндегі болмыс-көріністерді жұмбақтау арқылы өнер бәсекесіне түскен қарсылас әріптестер бір-бірінің ақыл-парасаты мен ой-түсінігін сынап, сөзден тосып, тізе бүктіруді көздейді. Жұмбақ айтысының ең алғашқы түрі - қыз бен жігіт қайымдасуларында бір-біріне тосынан сұрақ қойып, оған қолма-қол жауап қайыруды өзара мақсат еткендіктен, көбінесе олардың диалогтары барынша жинақы, терең мағыналы болып келеді. Қайымдасу айтыстарының бір топ үлгілерінде (аты-жөні мәлімсіз көптеген қыз бен жігіт қайымдасулары, «Ұлбике мен Күдері қожа» т. б.) қойылатын бір-екі ауыз жұмбақ айтыс тағдырын үзілді-кесілді шеше алмайды, көбінесе қарсыласын оқыстан тосып тоқтатудың көп тәсілдерінің бірі ғана.

Қыз бен жігіт қайымдасуларының енді бір тобында («Қыз Болық пен Елентай», «Есенбике мен Жылқышы», «Аңдама мен Асан», «Айқын қыз бен Жарылқасын қожа», «Жүсіпбек қожа мен Шөкей қыз» т.б.) айтыстың тоқтамды түйіні сол жұмбақ шешімдеріне келіп тіреледі. Мұнда жұмбақты қыз жағы бастап, жігіт шешуімен шектеледі де, ақыры қыздың дәстүрлі жол беруімен (жүзік, сақина, түйме, орамал - бір тоғыз) аяқталады.

Жұмбақ арқылы айтысу ақындар айтысында кемелденіп, өзінің шырқау шыңына жеткен. Бұлардың бір-сыпырасы («Рахметжан мен Ыбырайдың айтысы» т.б.) ғылым-білім, өнердің пайдасын паш етсе, енді бір тобы («Нұржан мен Сапарғалидың айтысы» т.б.) деректі заттар мен өмірдегі жаңалықтарды жұмбақ етеді.

«Әсет пен Ырысжанның жұмбақ айтысы» - әлеуметтік-қоғамдық маңызы, көркемдік сипаты жағынан шоқтығы биік шығарманың бірі. Мұндағы төрт жұмбақтың үшеуі адам, табиғат, тіршілік сырларын бейнелесе, ал қалған біреуі қазақ даласындағы ел билеуші әкімдердің жауыздық-зұлымдықтарын әшкерелеуге арналған. Ел билеуші әкімдерді аллегориялық тәсілмен суреттеу Қожахмет пен Әбубәкір Кердерінің айтысында да бар.

Әдеб.: Әуезов М. Айтыс өлеңдері, кіт.: Қазақ әдебиетіиің тарихы, 1-т.,1-кіт., А., 1960; Мүсірепов Ғ. Қорытынды сөз. кіт.: Ақындар жыры. А., 1963; Мұқанов С. Айтыстар туралы. Айтыс, 1-т., А., 1965; Жарияланған айтыс жинақтары:  Айтыс, 1, 2, 3-т. А.,1965-66; Айтыс, Қарағанды ақындары, А., 1943; Ақындар айтысы, А., 1944; Семей ақындарының айтысы, Семей, 1958; Оңтүстік Қазақстан ақындарының айтысы, Шымкент, 1958; Ақындар үні, Орал, 1958; Ақындар айтысы, Ақмола, 1958; Қостанай ақындарының айтысы, Қостанай, 1958; Ақындар шықты айтысқа. А., 1960; Ақындар жыры. Қазіргі халық поэзиясы, А., 1963; ҒабдуллинМ. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. 2-бас. А., 1964; Жармұқамедов М. Қайым өлеңдеріндегі қайталаулардың түзілу шолдары мен поэтикалық мәні. «Қаз. ССР ҒА хабарлары. Филол. сериясы», 1974, №4; сонікі, Айтыстың даму жолдары, А., 1976; Қазақ әдебиетінің тарихы, 1-т., 1-кіт., А., 1960; Қазақтың халық жұмбақтары, А., 1959.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-10-31 12:03:24     Қаралды-2549

АРАБ ЖЫЛҚЫСЫ

...

Араб жылқысы - байырғы жылқы тұқымдарының бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АРХЕОЛОГИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

тарих ғылымының бір саласы, алғашқы қауымнан, көне заманнан, орта ғасырдан қалған заттай есқерткіштерді зерттеу арқылы адам қоғамының өткендегі тарихын анықтайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БЕЛБЕУ ТАСТАУ

...

Қазақтың ұлттық ойыны

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СОЛТҮСТІК МҰЗДЫ МҰХИТ

...

Жер шарындағы ең кіші мұхит

ТОЛЫҒЫРАҚ »

САРЫАРҚА ҚАТПАРЛЫ АЙМАҒЫ

...

Сарыарқа қатпарлы аймағы - Азиядағы дербес ірі геологиялық құрылымдардың бірі.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ЖЫЛДАМ ҚҰСТАР

...

Құстар - жердің ең жылдам тіршілік иелері, өйткені жануарлар әлемінің құрлық немесе суда жүзетін құстарының бірде-бір өкілі олармен жылдамдығымен салыстыра алмайды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

АУА

...

Жер атмосферасын құрайтын, негізінен азотпен оттектен тұратын газдар қоспасы. Ауа су мен жер қыртысының құрамында да болады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН - САРА АЙТЫСЫ

...

Біржан мен Сараның 1871 жылы қазіргі Талдықорган облысының Қапал - Ақсу өңірінде кездескендегі айтысы.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БІРЖАН-САРА ОПЕРАСЫ

...

Опера тұңғыш рет 1946 жылы 7 қазанда Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында қойылды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »