UF

АЗИЯ (грек. Аsіа, ассирияша асу - шығыс деген сөзден шыққан болуы керек) - дүниенің жер шарындағы ең ірі бөлігі.

Жалпы мәліметі. Ауданы 43,4 млн. км2-ге жуық (Кавказбен), яғни бүкіл құрлықтың 30%-і. Соның ішінде түбектер мен аралдар 8 млн. км2 шамасында. Азияның 2/5 бөлігі (Солтүстік Азия, Орта Азия, Кавказ) ТМД территориясына кіреді. Азияның құрлықтағы бөлігі түгелдей Солтүстік жарты шарда орналасқан. Малай архипелагы ғана экватордан асып, Оңтүстік жарты шарға біраз өтеді (11° оңтүстік ендікке дейін). Азияның құрлықтағы шеткі межелері: солтүстікте Челюскин мүйісі, 77° 43' солтүстік ендікте; оңтүстікте Пиай мүйісі, 1° 16' солтүстік өндікте; батыста Баба мүйісі, 26° 10' шығыс бойлықта; шығыста Дежнев мүйісі, 169° 40' батыс бойлықта. Азияның солтүстіктен оңтүстікке жөне батыстан шығысқа созылып, көп жерді алып жетуы, онда табиғат жағдайларының сан алуан болуына және Солтүстік жарты шардағы барлық географиялық белдеулердің орын тебуіне себеп болады. Ол - біртұтас Евразия (Европа мен Азия) құрлығының құрамды бөлігі. Евразияны Европа, Азия деп бөлу ежелгі дәуірде туып, тарихи қалыптасты. Олардың арасында бір тұтас табиғи шекара жоқ. Шартты шекара Орал тауының шығыс етегі, Жем өзені, Каспий теңізінің солтүстік жағалауы, Кума-Маныч ойысы (Кавказ Азияға жатады), Керчь бұғазы арқылы өтеді. Оңтүстік-батыста ені тар Суэц мойнағы Азияны Африкамен жалғастырады да, Беринг бұғазы оны Америкадан бөледі. Азияны Солтүстік Мұзды мұхиты, Тынық және Үнді мұхиттары қоршап жатыр. Кіші Азия жағалауын Атлант мұхитының Жерорта, Мәрмәр, Қара, Азов теңіздері жиектейді. Европаға қарағанда Азия жағалауында шығанақтар және қойнаулар аз. Құрлықтың орталық бөліктері мұхиттардан 2-2,5 мың км қашықтықта. Ең ірі түбектері - Арабия, Үндістан, Үндіқытай Азияның оңтүстігінде. Олар ірі-ірі шығанақтармен, теңіздермен бөлінеді. Шығыс жағалауындағы Корей, Камчатка және Чукот түбектері оңтүстіктегі түбектерден кіші және бір-бірінен алыс, оқшау жатыр. Тынық мұхиттың құрлыққа таяу бөлігінде доғаша иіліп орналасқан бірнеше аралдар тізбегі бар, олардың бастылары: Куриль-Камчатка, Сахалин-Жапон, Рюкю-Корей, Калимантан-Луеон-Тайвань және Зонд немесе Ява (Суматра, Ява, Кіші Зонд т. б.). Бұлар Охота, Жапон, Шығыс Қытай, Оңтүстік Қытай және Ява теңіздерін мұхиттан бөліп жатыр. Осы аралдар тізбегінің шығыс жағында материктік беткей бірте-бірте тереңдеп, Куриль - Камчатка (тереңдігі 10 542 м), Жапон (8412 м), Рюкю (7507 м) т. б. мұхит шұңғымаларына айналады. Азияның солтүстік жағалауы ойпатты келеді, мұнда қойнаулар мен шығанақтар аз кездеседі. Өзен сағаларында ғана шағын кірмелер бар. Ірі түбектері: Таймыр, Ямал, Гыдан. Азияның солтүстік жағалауындағы қайраңда Кара, Лаптевтер, Шығыс Сібір теңіздері мен көптеген аралдар тобы (Солтүстік Жер, Жаңа Сібір, Врангель т. б.) бар.

Жер бедері. Азия жерінің 3/4 бөлегі - таулар мен таулы үстірттер; бұлар негізгі екі белдеуден құралған. Ендік бағыттағы белдеу батыстан шығысқа қарай, Кіші Азия түбегінен Тынық мұхит жағалауына дейін созылып жатқан екі қатар тау тізбегінен тұрады:                 а) Солтүстік тізбек, оған Понт, Эльбурс, Түрікмен-Қорасан, Гиндукуш, Қарақорым, Куньлунь, Онтүстік Қытай таулары кіреді. Үндіқытай түбегіндегі Аннам жотасы да осы Солтүстік тізбекке жатады; б) Оңтүстік тізбек, оған Тавр, Загрос, Мектан, Сүлеймен, Гнмалай, Паткой және Аракан таулары кіреді. Бұл тау тізбектердің аразығында бірнеше таулы қыраттар мен таулы үстірттер бар. Ендік бағыттағы белдеуге кіретін тау қыраттарымен жоталар батыстан шығысқа қарай биіктей береді де, тек шығыста, теңіз жағалауына жақындағанда қайтадан аласарады. Кіші Азия таулы қыратының орта биіктігі 600-800 м, оны қоршап жатқан Понт, Тавр таулары 1500-2000 м, Иран таулы қыраты 800-1000 м, шеткі жоталары (Эльбурс, Загрос, Гиндукуш т. б.) 2500 м, Тибет таулы қыраты 4-4,5 мың м, шеткі таулары (Гималай, Куньлунь)

5-6 мың м. Гималай тауларының көптеген шыңдары 7-8 мың м және онан да биік. Мұндағы Джомолунгма (Чомолунгма) - бүкіл дүние жүзіндегі ең биік шың (8848 м). Гималайдан кейінгі биік тау - Қарақорым (Чогори тауы, 8611 м). Ендік белдеудің оңтүстігінде тау бөктеріндегі ойыстар, онан әрі жан-жағы тау жоталарымен қоршалған кең байтақ Декан, Сирия-Араб үстірттері жатыр. Солтүстікшығыс белдеу Памирден Чукот түбегіне дейін созылады. Бұған кіретін таулар ендік белдеуге қарағанда кене және едәуір аласа. Оның ең биік және басты тау жүйелері: Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай, Алтай, Хангай, Кузнецк Алатауы, Саян, Байкал маңы мен Байкал сырты, Становой, Джугджур, Колыма, Анадырь жоталары. Солтүстік-шығыс белдеуден батыс пен шығысқа қарай биіктігі орташа және аласа таулар мен таулы үстірттер тарайды, олар: солтүстікте Жоғары Яна мен Черский жоталары, Орта Сібір таулы үстірті, Сарыарқаның аласа таулары, шығыста Орталық Азияның таулы үстірттері, Үлкен Хинган, Кіші Хинган, Бурея, Манчжурия-Корей таулары. Құрлықтың шығыс жағалауын бойлай белдеуден оқшау Сихотэ-Алинь, Камчатка таулары мен Коряк жотасы созылып кетеді. Азия жерінің 25%-і ойпатты жазықтар. Олар көбіне теңіз және өзен шөгінділерінен пайда болған аллювийлік ойпаттар қатарына жатады. Ең үлкені - Батыс Сібір жазығы, ол оңтүстіқте Туран ойпатымен жалғасады. Аса ірі әрі кұнарлы Үнді-Ганг және Месопотамітт ойпаттары Гималай мен Загрос тауларының етегіндегі, тау бөктеріндег: иілістерді, ал Пасқа ірі ойпаттар тені: жағалауларын алып жатады (Солтүстік       Сібір ойпаты, Ұлы Қытай және Манчжурия жазықтары). Азияның әр жерінде оқшау жатқан кіші-гірім ойпаттар бар (Анадырь-Пенжина жазықтары Амур бойындағы, Үндіқытай түбегіндегі, Зонд архипелагының батыс бөлігіндегі ойпаттар). Тау аралық жазықтар (Қашгар, Жоңғар, Гоби, Цайдам, Фергана) ойпатты жазықтардан биік жатады.

Геологиялық құрылысы мен пайдалы қазбалары. Геологиялық құрылысы. Азия қатпарлы геосинклиналдық жүйелерден, сондай-ақ архей, протерозой замандарының түрлі құрамды тау жыныстарынан құралған көне платформалардан (Сібір, Қытай, Үнді, Араб) тұрады. Бұл жыныстар күшті метаморфизм мен қатпарлану процестерінің әрекетінен үлкен өзгеріске ұшыраған. Сібір платформасында Аддан, Анабар массивтері (антекзалар) мен бірнеше ойпаңдар (секлизалар) бар. Ойпаңдарда кембрий, илур, ордовик дәуірлерінің теңіз шөгінділері, жоғарғы палеозой мен триастың континенттік шөгінділері және көлбеу жатқан силл интрузивтері - траптар кездеседі. Платформаның оңтүстік және шығыс шеттерінде юра мен бор дәуірлерінің шөгінділері көп. Девон мен төменгі карбонда құрлықтың бұл бөлігі едәуір көтерілген. Жоғарғы палеозой мен мезозойда Қытай платформасының жарылып бөлшектенуінен Солтүстік және Оңтүстік Қытай, Тарим, Ордос массивтері пайда болды. Олардың аралығындағы ойпаңдарда көлбеу жатқан палеозойдың теңіз шөгінділері мен мезозой, палеоген, неогеннің континенттік жыныстары бар. Үнді мен Араб платформалары - Үнді мұхитына батқан ежелгі Гондвана құрлығының қалдықтары. Үнді платформасы өзімен аттас түбек пен Цейлон аралын алып жатыр. Оның докембрийде құралған кристалдық жыныстарының әр жерін жоғарғы карбон, юра дәуірлерінің құрлықтық шөгінділері мен бор дәуірінің траптары бүркеп жатыр. Араб платформасының түбірлік тау жыныстарының бетін солтүстік пен шығыста палеозой мен мезозой құм тастары, сондай-ақ юра, бор және палеоген дәуірлерінің теңіз шөгінділері жауып кеткен. Азия құрлығында геологиялық жасы әр түрлі қатпарлы структуралар бар. Байкал қатпарлары Сібір платформасының батыс және оңтүстік шеттерін, Қытайдың солтүстік шегін, Үнді, Араб платформаларының батысын көмкереді. Қатпарлар (қалыңдығы 8-10 км-ден астам) метаморфтанған құм тас пен тақта тастан, әк тастар мен магмалық жыныстардан құралады. Каледон қатпарлары Тувада, Саян-Алтай тау жүйесінде, Сарыарқаның солтүстігі мен батысында, Тянь-Шаньда, Оңтүстік Қытайда көп. Бұл қатпарлар рифей (синий), кембрий, ордовик және силурдың геосинклиналдық теңіз шөгінділері мен магма текті жыныстардан тұрады. Қатпарлы таулар арасындағы девон дәуіріңде жарала бастаған Кузнецк, Тува, Минуса, Теңіз-Қорғалжын, Шу сияқты ойыстар девон, карбон, пермь дәуірлерінің тас көмір мен тұзға бай шөгінділеріне толы. Иіні батысқа қараған доға төрізді герңин қатпарлары Таймырдан басталып, Орал, Оңтүстік Тянь-Шань, Сарыарқа, Жоңғар Алатауы, Алтай таулары мен Монғол-Охота белдеуінен өтеді де, Охота теңізіне тіреледі. Бұл доғаның ішінде мезозой-кайнозой шөгінділерімен бүркелген Батыс Сібір, Торғай ойпаңдары, бұлардың оңтүстік-батысында Тұран ойпаты бар. Мезозой (киммерий) қатпарлары солтүстікте Жоғары Яна-Чукот, Сихотэ-Алиньнен басталып, оңтүстікте Гималай-Тибет таулары мен Үндіқытай түбегі арқылы Индонезия аралдарына жетеді. Альпі қатпарлары Тынық мұхиттық және Альпі-Гималайлық деп аталатын екі белдеуден тұрады. Тынық мұхиттық доға Коряк-Камчатка түбегінен басталады да, Куриль, Сахалин, Жапон, Тайвань, Филиппин аралдарынан өтіп, Индонезияға келіп тіреледі. Доға бойынада вулкандар мен вулкан текті жыныстар көп. Бұл қатпарлы доға Азия құрлығының шығыс шегі болып табылады. Ол арқылы құрлықтық жер қыртысы мұхит түбінің жер қыртысына ауысады. Құрлықтың шығысында жатқан осы белдеуде кайнозойдан бері атқылап тұратын вулкандар мен жер сілкіну ошақтары бар. Альпілік-Гималайлық белдеуге Кавказ, Копет-Даг, Балкан, Хорасан, Памир, Қара-қорым, Гималай, Анатолий, Иран, Ауған сияқты палеозой мен мезозойдың теңіз шөгінділерінен құралған тау жоталары мен Қара теңіз, Оңтүстік Каспий, Месопотамия, Ауған ойпаңдары кіреді. Бұл белдеуде вулкандық әрекет әлі аяқталмаған, жер сілкіну ошақтарының тереңд. 300 км-ге жетеді.

Пайдалы қазбалары. Рудалы кендер көбінесе қатпарлы аудандарға тән магма текті жыныстармен аралас. Шөгінді кендер ойпаң аймақтарда кездеседі. Тас көмірдің мол қоры бар жері: Кузнецк, Минуса, Қарағанды, Тунгус, Кан, Иркут, Лена бассейндері, Орта А., Сахалин, Қытай, Монғолия, Корея, Жапония. Ал мұнай мен газ Ембіде, Маңқыстауда, Орта Азияда, Батыс Сібірде, Ирак пен Иранда, Парсы шығанағы жағалауында, Бирма мен Индонезияда, Жапония мен Сахалинде мол. Темір кендері мен түсті металдар Азияның таулы, қыратты барлық аймақтарында кездеседі, Кенді Алтай түсті металдарға бай. Темір кендерінің мол қоры Қостанайда, Сібірде бар. Молибден Тянь-Шань мен Сарыарқада, Жапонияда; қалайы мен вольфрам кендері ТМД-ден басқа Оңтүстік Қытайда, Бирмада, Индонезияда көп; сүрме мен сынап кендері Орта Азия мен Солтүстік Қытайдан табылды. Сібір мен Орал тауы никель, платина, асбестке бай. Алтын кендері ТМД-де Оралдан бастап Чукоткаға дейін тараған, әсіресе Өзбекстанда, Қазақстанда, Сібірде көп. Фосфорит кенінің мол Қоры Қаратау мен Қытайда, боксит Торғай өңірінде, Солтүстік Оралда, Салаирда, Үндістанда.

Әр түрлі табиғи тұздар шөлді аймақтардағы көлдерде, ал қазба тұздар Сібірде, Үнді платформаларында, Шу бойы мен Тәжікстанда, графиттің ірі кендері Цейлон мен Шығыс Сібірде кездеседі.

Климаты. Азияда күннің жылдық жиынтық радиациясы 60 ккал/см2-ден 140-160 ккал/см2-те дейін ендік бағытта өзгереді. Мұнда Солтүстік жарты шардағы Арктикадан бастап экваторға дейінгі барлық климат белдеулері бар. Көп жерінде, әсіресе ішкі аймақтарында континенттік климат басым. Мұхиттардан келетін ылғалды теңіз ауасы құрлықтың орталық бөлігіне жеткенше құрғап, әр түрлі дәрежеде континенттік ауаға айналады. Азияға батыстан, Атлант мұхитынан келетін ауа өзінің ұзақ жолында өзгеріп, континенттік ауаға айналады. Солтүстік жарты шарда әдетте батыстан шығысқа қарай бағытталған ауа ағыстарының басым болуына және Азияны шығыстан таулардың қоршап жатуына байланысты Тынық мұхиттың теңіз ауасы жағадағы енсіз өңірге ғана әсер етеді. Азияның солтүстігінде кедергі болатын биік таулардың жоқтығынан арктикалық ауа ендік бағыттағы тау белдеуіне дейін жетеді. Оңтүстігінде тропиктік, жазда экваторлық ауа массалары тарайды. Бірақ олар ендік бағытта жатқан тау жоталарынан солтүстікке қарай аса алмайды. Ауаның циркуляциясы атмосфера қысымы орталықтарының маусымдық өзгерістеріне (таралуына) тығыз байланысты. Қыста құрлық өте қатты суынады да, Солтүстік және Орталық Азияда атмосфералық қысымы жоғары азиялық антициклон орнайды. Сондықтан Солтүстік Азияның көп жерінде қыс ашық, аязды келеді. Континенттік суық ауа антициклонның орталық бөлігінен жан-жаққа жайылады. Әсіресе Азияның шығыс жағында суынған құрлық пен жылы мұхит үстіндегі ауа массаларының атмосфералық қысымының арасында айырмашылық көп болады. Сондықтан құрлықтан мұхитқа қарай тұрақты ауа ағысы - континенттік қысқы муссон соғып тұрады. Ол Азияның шығыс жағалауын түгел суытады. Құрлықтың оңтүстік тропиктік бөлігінде атмосфералық қысым Үнді мұхитына қарай азая береді. Оңтүстік Азияда ауа ағыстары қысымы жоғары тропиктік өңірден қысымы төмен экваторлық аймаққа қарай пассат түрінде соғады. Құрлықтан мұхитқа қарай соғатындықтан, оны солтүстік-шығыс континенттік қысқы муссон деп те атайды. Солтүстік-шығыс муссон мен континенттік-тропиктік ауа тарайтын тропиктік Азияда (оңтүстік-шығыстан басқа) қыс құрғақ болады. Қыста континенттің суынып, атмосфераның жалпы циркуляция жүйесінің оңтүстікке ойысуына байланысты полярлық ауаның тропиктік ауамен түйісетін өңірі (полярлық шеп) оцтүстікке қарай ығысады. Полярлық шеп қыста Алдыңғы Азия тау қыраттарының оңтүстік тізбегі маңында айқын байқалады. Осы өңірде циклондық әрекет күшейіп, жауын-шашын түседі. Қыста Атлантикадан кірген циклондар полярлық шепті бойлай, Гималайға дейін жетеді. Жазда құрлықтың бірте-бірте жылынуына байланысты, полярлық шеп солтүстікке қарай ығысады, бұл Оңтүстік Сібір таулары мен Қиыр Шығыста циклондық әрекетті күшейтеді. Полярлық шептің бір тармағы Тынық мұхит жағалауы мен Оңтүстік Корея және Жапон аралдары арқылы өтеді. Күзде Тынық мұхит үстіндегі полярлық шеп тармағының бойымен Шығыс Азия жағалауына өте күшті тропиктік циклон - тайфун жиі келеді. Оңтүстік Азияға жазғы муссон мен ылғалы мол әкваторлық ауа тарайды. Бұл ауа тропиктік Азияның солтүстігіндегі тау жоталарына дейін барады. Азияның шығысына Тынық мұхиттан келетін жазғы муссон да мол ылғал әкеледі. Жазда ендік бағыттағы жоталар өңірінің оңтүстігімен тропиктік шеп өтеді. Азияның экваторлық аймағында (Үлкен Зонд аралдары, Малакка түбегі мен Цейлон аралының оңтүстігі) жылдық барлық мезгілінде температурасы бір қалыпты жоғары және өте ылғалды экваторлық ауа басым. Кіші Зонд аралдарында, Үндістан мен Үндіқытайдағы сияқты, бірақ Оңтүстік жарты шардың жыл мезгілдеріне сәйкес, субэкваторлық атмосфера циркуляциясы болады. Қыста (мамыр-тамыз) құрғақ тропиктік, жазда (қараша-ақпан) ылғалды экваторлық ауа массалары әсерін тигізеді. Соның нәтижесінде мұнда қысы құрғақ, жазы ылғалды муссондық тропиктік климат қалыптасады. Жылдық жауын-шашынның таралуы ауа массаларының циркуляциясына және орографиялық ерекшеліктерге байланысты болады. Азияның оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыс шеткі аймақтары өте ылғалды келеді. Әсіресе Гималайдың оңтүстік беткейіне, Үндістан мен Үндіқытайдың таулы аудандарына, Индонезия аралдарына жауын өте көп жауады. Жауын-шашынның жылдық орта мөлшері 2000-3000 мм, кейде онан да асады (кей жерлерде 8000-12000 мм-ге дейін). Шығыс Гималайдың оңтүстік етегіндегі Черапунджи - жер шарындағы ең ылғалды аудан, мұнда жауын-шашынның жылдық орта мөлшері 12 665 мм. Тропиктік аймақтағы ық жақ беткейлерде ылғал мөлшері күрт азайып, 1000 мм-ден аспайды. Солтүстікке қарай жауын-шашын азая береді: климаты субтропиктік және қоңыржай муссондық аймақтарда 600-1000 мм, Сібірдің көпшілік жерінде 300-500 мм, тундра аймағында 150-200 мм, ал Алдыңғы, Орта және Орталық Азия шөлдерінде 100-150 мм, кей жерлерде онан да аз. Қоңыржай белдеудің таулы аудандарына, жазықтарға қарағанда, жауын-шашын әлдеқайда көп жауады. Қыста ең төмен температура Солтүстік-Шығыс Сібірдің 60-70° солтүстік ендіктер аралығында байқалады. Верхоянск мен Оймяконда қаңтардың орта температурасы - 50°С, абсолют минимумы - 70°С-қа дейін барады. Осы ауданнан жан-жаққа қарай қаңтардың орта температурасы жоғарылай береді (тіпті Арктикаға қарай да біраз артады). 0°С қаңтар изотермасы Кавказ Сырты, Орта Азияның оңтүстігі, Тарим ойысы, Солтүстік Қытай жазығы, Оңтүстік Корей және Хонсю аралы арқылы өтеді. Солтүстік тропик маңында 20°С, экваторлық өңірде 25°С қаңтар изотермалары өтеді. Жазғы температура ендікке байланысты өзгереді. 10°С шілде изотермасы тундраның оңтүстік шекарасымен, 20°С изотерма 55-60° солтүстік ендіктермен өтеді. Оңтүстік Азияның тропиктік, экваторлық белдеулерінде шілденің орта температурасы 25-тен 28°С-қа дейін жетеді. Ең ыстық аудандар: Арабия, Месопотамия, Иран, Батыс Пакистан (шілденің орта температурасы 30-34°С, кей жерлерде онан да артық). Азияда мынадай климат типтері бар: арктикалық; суық, өте континенттік; салқын, қоңыржай ылғалды; қоңыржай муссондық; субтропиктік-муссондық; ылғалды субтропиктік; қоңыржай белдеулік шөл; жерортатеңіздік; тропиктік шөл; субэкваторлық (тропиктік - муссондық); экваторлық.

Ішкі сулары. Климаты континенттік, құрғақ ішкі аймақтарда жатқандықтан, Азияның ең биік тау жүйелерінде де мұздықтар аз. Ең ірі мұздықтар Гималай, Қарақорым, Куньлунь, Кавказ, Тянь-Шань, Памир т.б. тауларда кездеседі. Азияның ішкі құрғақшылық аймақтарындағы ірі өзендердің су қоры үшін мұздықтардың аса үлкен маңызы бар. Су ағынының жылдық орта мөлшері жөнінде Азия жер шарында бірінші орын алады. Оның өзендері жыл сайын мұхитқа 12 850 км3 су әкеліп құяды (дүние жүзілік су ағынының 1/3-і). Азияның жалпы аудның 60%-і сыртқы алапқа, 40%-і ішкі тұйық алапқа жатады. Шетке ағып шығатын ірі өзендері Азияның ішкі аймақтарының тау жоталары мен таулы қыраттарынан басталып, жан-жаққа тарайды. Солтүстік Мұзды мұхитқа - Обь, Енисей, Лена, Яна, Индигирка, Колыма; Тынық мұхитқа - Амур, Хуанхэ, Янцзы, Меконг; Үнді мұхитына - Салуин, Иравади, Брахмапутра, Ганг, Үнді және Тигр мен Евфраттың қосылуынан құралатын Шатт-әл-Араб өзендері құяды. Жерорта теңізі мен Қара теңізге құятын бірнеше кішігірім өзендер Атлант мұхиты алабына жатады. Ішкі тұйық алаптардың өзендері шағын, ағыны тұрақсыз келеді, олардың ірілері: Орта Азияда Амудария, Сырдария, Іле, Теджен, Мұрғаб, Ауғанстандағы Гильменд, Орталық Азияда Тарим т.б. Бұл өзендердің бірқатары көлге (Арал, Балқаш) құяды да, біразы құмға немесе сорға сіңіп кетеді. Араб түбегінің ішкі алабында су уақытша ағатын құр өзектер - уәдилер өте көп. Өзендердің су қоры мен режимі жеке аймақтардың ерекшеліктеріне байланысты. Экваторлық белдеудің өзендері бірыңғай жаңбыр суымен қоректенеді де, жыл бойы суы мол болады. Шығыс және Оңтүстік Азия өзендері муссондық режимге жатады. Олар жазғы муссондық жаңбырмен қоректенетіндіктен су шығынының максимумы жазға, минимумы қысқа келеді. Климаты жерортатеңіздік Батыс Азияның теңіз жағалауындағы өзендерде су шығынының максимумы қысқы мерзімге келеді, олар жазда тайыздайды немесе тартылып қалады. Ішкі тұйык алаптардың биік тауларындағы қар мен мұздықтардан басталатын өзендер жазда қатты тасиды, суы мол болады. Мұндай өзендер шөлдер арқылы ағып өтіп, алысқа барады (мыс., Амудария мен Сырдария). Тау баурайларынан басталатын, қар және жаңбыр суымен қоректенетін ұсак өзендердің су шығыны тұрақты емес. Олар нөсерлерден кейін ғана қысқа мерзімге тасиды да, қалған уақытта тартылып қалады. Солтүстік Азия өзендері негізінен қар суымен қоректенеді. Бұл өзендер көктемде, қар ерігенде, өте қатты тасиды, қыста ұзақ уақыт қатып жатады. Азияның суы мол ірі өзендері жол қатынасына және жер суаруға көне заманнан бері пайдаланылып келеді. Орта Азия, Месопотамия, Ұлы Қытай жазығы, Үнді-Ганг ойпаты сияқты суармалы егіншіліктіа ежелгі орталықтары бар. Тау өзендері су энергиясының қорына мейлінше бай, бірақ энергия қоры барлық жерде бірдей игерілмеген. Азияда көл көп. Олар әр түрлі жолмен пайда болған. Ең ірілері - Каспий мен Арал. Бұлар - ертедегі ірі теңіздердің қалдығы - реликт көлдер. Көптеген көлдер тектоникалық ойыстарда пайда болған, олардың негізгілері: Байкал, Зайсан, Ыстықкөл, Өлі теңіз, Хубсугул, Кукунор. Армян таулы қыратындағы Севан, Резайе және Ван көлдері тектоникалық ойыстарды лаваның бөгеуінен пайда болған. Тектоникалық көлдер әдетте терең болады (Байкал, 1620 м). Биік таулы аймақтарда мұздық әрекетінен пайда болған ұсақ көлдер көп. Вулкан әрекетінен пайда болған көлдер Камчаткада, Куриль, Жапон аралдарында, Филиппин және Малай архипелагында, ал карст көлдері Кіші Азиядағы Загрос тауларында. Қытайдағы таулы қыраттарда кездеседі. Сібірдің солтүстігіндегі ойыстарда көп жылдық тоңның еруінен пайда болған термокарст көлдері бар. Тауларда жер опырылу құбылыстары салдарынан өзен аңғарынын бөгелуінен пайда болған бөгеме көлдер (Памирдегі Сарез көлі, Жасылкөл т.б.), өзен аңғарларында ұсақ жайылма көлдер кездеседі. Климаты құрғақ, шөлді аймақтағы көлдер көбінесе тұзды, тайыз келеді, жазда кішірейеді немесе мүлде тартылып қалады. Орнын ауыстырып отыратын көшпелі көлдер де бар (мыс., Лобнор). Суы тапшы аудандарда жер асты суының маңызы өте зор. Ол тау бөктерлерінен бұлақ болып ағып шығады, көп жерлерде, әсіресе Қазақстанда артезиан құдықтары мен скважиналар арқылы пайдаланылады. Алдыңғы, Орта және Орталық Азиядағы көптеген оазистер жер асты суы жер бетіне таяу аудандарда орналасқан.

Топырағы. Жазықтарда топырақ пен өсімдік жамылғысы ендік аймақтар құрайды. Ендік топырақ аймақтары солтүстік Азияда айқын көрінеді. Солтүстік Мұзды мұхит жағалауын түгел бойлай, тундра топырақ аймағы жатыр. Ол онтүстігінде бүкіл Сібір мен Қиыр Шығыстың көп жерін алып жатқан күлгін топырақ аймағына өтеді. Батыс Сібірдің оңтүстігінде, Қазақстан мен Орта Азияда солтүстіктен оңтүстікке қарай топырақ өзгеріп отырады (қара топырақ, қоңыр топырақ, шөлейттің сұр топырағы және бозғылт топырақ). Батыс Сібір мен Қазақстанның қара топырақты далалары СССР-дің негізгі астықты аудандары қатарына жатады. СССР-де тың және тыңайған жеррлерді игеруге байланысты егіншілік қоңыр топырақ аймағында да өрледі. Қиыр Шығыстың оңтүстігіндегі (Тынық мұхит жағалауы) жалпақ жапырақты ағаш өсетін және аралас орманды жерлер қоңыр топырақты келеді. Оңтүстік Сібір тауларында биіктік аймақтарға сәйкес таудың қапа топырағы, тау орманының күлгін тоырағы тау шалғының топырағы тау тундрасының топырағы кездеседі. Орта Азия тауларының топырақ жамылғысы мұнан ерекше. Климаттын құрғақ, континентті болуынан далалық жердің топырағы (таудың қара топырағы мен қоңыр топырағы) тараған. Көп жағдайда вертикаль -тезеуліктерде тау орманының топырақ аймағы болмайды, тау даласының топырағы бірден тау шалғыны - топырағына ауысады. Климаты құрғақ Батыс және Орталық Азия мен ылғалды әрі ыстық Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс  топырақ жамылғысының бір-бірін айырмасы үлкен. Батыс және Орталық Азияда сұр, құба топырақ басым. Орталық Азияның солтүстігіндегі енсіз -өңірде қоңыр, Тибетке биік тау шөлдерінің шала түзілген топырағы, тау жоталары беткейлеріне тау шалғынын топырағы тән. Сұр, құба және коңыр топырақтың аралықтарын сор мен сортаңдар жиі кездеседі. Азияның көп жерін сусымалы құм, сазды және тастақты шөлдер алып жатады. Батыс Азиядағы климаты жерорта-теңіздік аудандардың топырағы қошқыл Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның негізінен тропиктік және субтропиктік қызыл топырақты келеді. Үндістан тропиктік қара топырақты (регур). Солтүстік Үндіқытай мен Оңтүстік Қытай таулары, Гималайдың оңтүстік беткейлері орманға тән сұр топырақты, тропиктік және субтропиктік саванналар қызыл-қоңыр топырақты болады. Азияның ежелгі егіншілік аудандарын топырақ құралу процесіне адам әрекетінің үлкен әсері тиген. Орта Азия жерінде жүздеген, мыңдаған жылдар бойы жер суарудың нәтижесінде тұнбалардың жиналуынан ерекше бапталған суармалы мәдени топырақ қалыптасқан (топырақ горизонтының қалыңдығы 1- 2 м, онан да артық).

Өсімдігі. Азия ботаникалық географиялық екі аймаққа бөлінеді (Голарктикалық және Палеотропиктік). Палеотропиктік аймаққа Үндіқытай, Үндістан түбектері, Араб түбегінің оңтүстігі, Тайвань аралы, Филиппин, Малай архипелагы кіреді. Азияның қалған жері Голарктикалық аймаққа жатады. Палеотропиктік аймақтың өсімдік дүниесі мезозойдың аяғынан бері бір қалыпты жылы климат жағдайында дамып келеді. Сондықтан бұл аймақта алуан түрлі өсімдік өседі, олардың құрамында реликт және эндемик түрлері өте көп. Голарктикалық аймақтың өсімдік дүниесі құралу процестеріне, климаттың өзгеруіне, теңіз трансгрессиясы мен мұз басуға байланысты бірнеше рет ұзақ уақытқа дейін дамымай, тоқырап қалған. Азияның солтүстік бөлігінің өсімдігі соңғы мұз басудан кейін қалыптасқандықтан, Оңтүстік Азияға қарағанда жас және өсімдік түрлеріне кедей. Оның шығыс шетінің климат жағдайы бор дәуірінен бері күрделі өзгеріске ұшырамаған. Сондықтан Шығыс Азияның ормандары өсімдік түрлеріне өте бай. Солтүстік Мұзды мұхит жағалауындағы тундра аймағы өсімдігіне қарай арктикалық, мұктіқыналы және бұталы тундра болып бөлінеді. Тундра мен орман аймағы аралығында орманды тундра аралық аймақ бар. Орманды тундраның орман алқаптары Батыс Сібірде сібір бал қарағайы, сібір шыршасы, Орта Сібір мен Солтүстік-Шығыс Сібірде даур бал қарағайынан тұрады. Солтүстік Азияда орман аймағы өте кең алқапты қамтиды, оның көп жерін тайга алып жатыр. Орта Сібірдің оңтүстігінде жазықтық тайга Саян мен Байкал сыртының тау тайгасына ұштасады. Тайга өсімдігінің түрлері батыстан шығысқа қарай өзгереді. Батыс Сібір тайгасында шырша, май қарағай ормандары бар. Енисейден Охота теңізі жағалауына дейінгі аралықта даур бал қарағайы сыңсыған ормандар өседі. Қиыр Шығыстың оңтүстігіндегі аралас және жалпақ жапырақты ормандар өсімдік түрлеріне бай. Мұнда қылқан жапырақты ағаштардан корей самырсыны, тұтас жапырақты май қарағай, аян шыршасы, ақ қабықты май қарағай; жалпақ жапырақтылардан амур жөкесі, сары қайың, монғол емені өседі. Оларды амур жүзімі, лимонник т.б. шырмауықтар шырмап жатады. Бірыңғай жалпақ жапырақты ормандарда негізінен емен өседі. Орманды дала өсімдігі Батыс Сібірде ғана тұтас аймақ құрайды. Мұнда қайыңды орман өр түрлі шөп өсетін дала алқаптарымен алмасып отырады. Далалық аймақтың өсімдігі негізінен бидайық тектес келеді (селеу, бетеге, калерия т.б.). Климаты құрғақ Орта және Орталық Азияда шөл өсімдігі басым. Шөлдерде ксерофит өсімдіктер - жусан мен сораңның бірнеше түрі, бұталардан сексеуіл, жүзгін, қоянсүйек т.б. өседі. Шөл өсімдігі көктемде көгеріп шығады да, жазда қурап қалады. Тұзды, қиыршық тасты шөлдер көбінесе тақыр келеді. Шөл аймақтағы Орта Азия тауларының төменгі белдеулерінде (мыс., Тянь-Шаньда) құрғақ далалық өсімдіктер, одан жоғарыда шалғынды, жалпақ жапырақты орман, қылқан жапырақты орман, субальпі және альпі шалғындары өседі. Сібірдің оңтүстігіндегі тауларда вертикаль өсімдік белдеулері дала немесе орманды дала зонасынан басталып, тау тайгасына, онан әрі тау тундрасына ауысады. Климаты өте құрғақ Тибет пен Памирде биік таудың суық шөлі кездеседі. Жалаң тастар мен қиыршық тастар арасында төмен температура мен құрғақшылыққа бейімделген бөртпе өсімдіктер өседі. Субтропиктік шөл, шөлейт және құрғақ дала өсімдіктері Иран, Кіші Азия таулы қыраттарында, Месопотамияның солтүстік бөлігінде өседі. Месопотамияның оңтүстігі мен Араб түбегі тропиктік шөл аймаққа кіреді. Субтропиктік белдеудің батысына, Кіші Азия теңіз жағалауына маквис және мәңгі жасыл еменді орманнан тұратын жерортатеңіздік өсімдіктер тән. Тынық мұхит жағалауында қоңыржай белдеудің ормандары бірте-бірте субтропиктік ормандарға ауысады. Олардың арасындағы өсімдік шекарасы - Циньлин жотасы. Шығыс Азияның субтропиктік ормандары өсімдік түрлеріне өте бай, ал мәңгі жасыл ағаштардан магнолия мен лаврдың бірнеше түрі, мәңгі жасыл емен, қамфара, тунг ағашы, оңтүстік қарағайы, кипарис, подокарпустар өседі. Қоңыржай белдеуде өсетін ағаштардан емен, граб, шамшат, ежелгі өсімдіктерден гинкго, папоротник кездеседі. Орманның төменгі етегі камелия, рододендрон, желпуіш пальмалардан тұрады. Лианалар көп кездесетіндіктен, олар тропиктік ормандарға ұқсайды. Малакка түбегі мен Малай архипелагында мәңгі жасыл ылғалды тропиктік қалың орман (гилея) өседі. Ол неоген дәуірінен сақталып қалған және аз өзгерген. Тропиктік ормандарда өсімдік алуан түрлі. Ағаштар өте жиі өсіп, әр түрлі лианалармен шырмалып жатады. Өсімдіктер бірнеше (10-ға дейін) ярус болып өседі. Ең жоғарғы ярус алып фикустардан, расамала, мимоза, сандал, диптокарп тұқымдастардан, эпифеттерден (ненентес), лианалардан (ұзындығы 300 м-ге дейін жететін ротангтардан), ал төменгі ярустар пальмалардан, ағаш тәріздес папоротниктерден, қалың әрі биік (3-6 м-ге дейін) шөптерден тұрады. Бамбук биік өскен қалың шоқ тоғайлар кездеседі. Малайдағы секілді ылғалды тропиктік ормандар Үндістанның батыс, Үндіқытайдың батыс және шығыс жағалауларында, Шығыс Гималайдың оңтүстігіндегі тау баурайлары мен тау етегінде өседі. Үндістанның көп жерінде, Үндіқытайдың ішкі аудандарында қысқы құрғақ маусымда жапырағы түсетін тропиктік ормандар басым. Декан үстіртінің көп жерін шөбі биік дала – саванна алып жатыр. Гималайдың оңтүстік беткейінде 1000 м биіктікке дейін ылғалды тропиктік ормандар, одан жоғарыда мәңгі жасыл субтропиктік, жалпақ жапырақты және қылқан жапырақты ормандар, онан әрі биік тау шалғыны мен бұта өседі. Азия - көптеген мәдени өсімдіктердің шыққан жері. Қазіргі белгілі мәдени өсімдіктердің 2/3-сіне жуығы бүкіл жер шарына Азиядан тараған. Олардың ішінде дәнді дақылдардың, жемістердің, техникалық дақылдардың алуан түрлері бар.

Жануарлары. Азия жануарларға өте бай. Жері негізінен Палеоарктика (солтүстік бөлігінің дені) және Үнді-Малай (Үндістан, Үндіқытай, Малай архипелагы) зоогеографиялық аймақтарына жатады. Арабияның оңтүстік шеті Эфиопия, ал Малай архипелагының Оңтүстік-шығысы Австралия зоогеографиялық аймақтарына кіреді. Жануарлар дүниесі табиғи горизонталь аймақтар мен биіктік белдеулерге сәйкес топталған. Тундра жануарлар түріне өте кедей. Мұнда солтүстік бұғысы, ақ түлкі, леминг, ақ жапалақ және ақ құр ғана кездеседі. Ал тайгада жануарлар бұдан анағұрлым көбірек, сүт қоректілерден: бұлан, бұлғын, қоңыр аю, сілеусін, құны, борша тышқан, тиін, елік, сасық күзен; құстардан: саңырау құр, ұлар, шіл, бұлдырық, тоқылдақ, жапалақ, шырша торғай; жөндіктерден: ұзын сирақ маса, әр түрлі гнус, көбелектер көп. Бауырымен жорғалаушылардан тірі туатын кесіртке, сұр жылан, қалқан тұмсық кездеседі. Азияның шығысында (Амур-Приморье, Корея, Жапония, Солтүстік Қытай) жануарлардың сан алуан түрі тіршілік етеді. Мұнда солтүстіктегі тайга мен оңтүстіктегі субтропиктік аймақтың жануарлары араласып кеткен және мұз басудың тікелей әсері тимегендіктен, неогеннің ежелгі жануарларының көп түрі сақталған. Жалпақ жапырақты ормандарда қара аю, жолбарыс, харза, орман мысығы, шұбар бұғы, жабайы шошқа, жанат ит, көгілдір сауысқан, қырғауыл; тайга жануарларынан: борша тышқан, тиін, бұлғын, күдір, ал өзен-көлдерде сүйегі жұмсақ субтропиктік тасбақа кездеседі. Жазда, әсіресе ылғал мол жылдары, жәндіктердің зиянды түрлері (қан сорғыш, ауру таратушы т.б.) көбейіп кетеді. Бауырымен жорғалаушылар мен қос мекенділер арасында Үндістан-Малайлық түрлер басым. Дала мен шөлді аймақ жануарлары Кіші, Алдыңғы, Орта және Орталық Азияның жазық бөлігінде, Арабияда, Солтүстік-Батыс Үндістанда тараған. Бұл белдеудің жануарлары жазыққа, құрғақшылыққа жақсы бейімделген. Әсіресе кеміргіштер - саршұнақ, қосаяқ, аламан, құм тышқан, тоқал тіс, суыр, шақылдауықтың көптеген түрлері бар. Сүт қоректілерден ақ бөкен, қарақұйрық, Жоңғар мен Қашғарда қос өркешті жабайы түйе, Пржевальский жылқысы. Алдыңғы, Орта және Орталық Азияда құлан, бұғының ерекше түрі, түлкі, дала күзені, қарақал, қарсақ, жабайы мысық кездеседі. Тағы түйе, Пржевальский жылқысы мен құлан құрып бітуге айналған. Құстардан: бүркіт, бозторғай, дуадақ, тырна, қырғауыл, жылқышы, бөктергі, ителгі, құмай бар. Климаттың қурғақшылығына байланысты қос мекенділердің түрлері аз, оның есесіне бауырымен жорғалаушылар - кесіртке, жылан өте көп. Кей жылдары зиянды жөндіктер (шегіртке т.б.) көбейіп кетеді. Аймақтың батысын жерортатеңіздік жануарлардан: қабылан, гепард, жолақ гиена, қорқау қасқыр, дикообраз, өзен бойындағы тоғайларды жолбарыс, Солтүстік-Батыс Үндістанды арыстан мекендейді. Дала мен шөлді аймақтардағы тау жануарларының басты өкілдері - қодас (Тибетте), ирек мүйізді ешкі, ку-ку-яман (Тибет пен Гималайда), арқар, барыс; құстардан ұлардың әр түрі, сақалтай, альпі ұзақ қарғасы т.б. Азияның оңтүстігінде тропиктік жердің жануарлары тараған. Ормандарда піл, маймыл (орангутанг, гиббон, макака т. б.), лемур, тупайя, жарқанат, тиін т. б. тіршілік етеді. Тұяқтылардан: жабайы өгіз (буйвол, гаял т. б.), жабайы шошқа, бұғы, мүйіз тұмсық, ала тапир; жыртқыштардан: жолбарыс, қабылан, виберрлер, шие бөрі, аюдың бірнеше түрі; құстардан: тауыс, қырғауыл, мүйіз тұмсық құс, жабайы тауық мекендейді. Бауырымен жорғалаушылардан ірі жыландар (питонның ұзындығы 8-10 м, салмағы 100 кг-ға жетеді), кесірткенің кейбір түрлері (геккон, ұшар айдаһар), өзендерде 10 м-ге дейінгі алып крокодилдер кездеседі. Ылғалды тропиктік ормандарда әр түрлі ашық түсті жәндіктер көп.

Табиғи аудандары. Азия әдетте 6 ірі бөлікке немесе физика-географиялық аймақтарға бөлінеді. Олар: Солтүстік Азия, Орта Азия, Шығыс Азия, Орталық Азия, Батыс Азия және Оңтүстік Азия Солтүстік Азия мен Орта Азия түгелдей СССР территориясында, Шығыс, Орталық және Батыс Азияның СССР-ге шет жағы ғана кіреді. Солтүстік Азия арктикалық, субарктикалық және қоңыр-жай белдеулерді алып жатыр. Құрлықтың басқа бөліктерімен салыстырғанда Солтүстік Азияның климаты қатаң және континентті. Солтүстік Азияда арктика,  тундра, орманды тундра, орманды дала, дала, шөлейт аймақтар бар. Ландшафт ерекшеліктеріне қарай Солтүстік Азия Батыс Сібір, Орта Сібір, Солтүстік-Шығыс Сібір, Сарыарқа, Алтай-Саян және Байкал таулы аймағына бөлінеді. Орта Азия негізінен қоңыржай белдеудің шел аймағына кіреді (оңтүстік шеті субтропиктік шөлге жатады). Бұған табиғи қуаң ландшафт тән. Орта Азия жазықтық және таулы екі аймаққа бөлінеді. Батыс Азия Кіші Азиядан, Араб, Месопотамия ойпаттарынан, Армян және Иран таулы қыраттарынан, Кавказ тауларынан тұрады. Көпшілік бөлігі субтропиктік белдеуде, оңтүстігі (Арабия) тропиктік белдеуде жатыр. Басыт Азия Европа мен Африканың және Азияның қалған бөліктерінің аралығында жатқандықтан, оның ландшафты осы құрлықтардың ландшафтына ұқсас. Негізінен субтропиктік шөл, шөлейт және далалық аймақ болып келеді. Батысы жерортатеңіздік мәңгі жасыл ормандар мен бұталар аймағына, Иран таулы қыратының оңтүстігі мен Арабия тропиктік шөл, шөлейт аймақтарына кіреді. Батыс Азия Кавказ, Оңтүстік-Батыс Азия, Алдыңғы Азия табиғи аймақтарына бөлінеді. Шығыс Азияға солтүстікте Қиыр Шығыстан оңтүстікте Оңтүстік-Шығыс Қытайға дейінгі құрлықтың Тынық мұхит жағалауы мен Сахалин, Куриль, Жапон, Тайвань және Хайнань аралдары кіреді. Шығыс Азияға муссондық климат тән, мұнан неогеннен бері аз өзгерген солтүстік пен оңтүстіктің жан-жануарлары мен өсімдіктерін кездестіреміз. Ол негізінен қоңыржай белдеудің жалпақ жапырақты орман аймағы мен аралас орман аймағында және субтропиктік мәңгі жасыл аралас ормандар аймағында жатыр. Оңтүстік шеті ылғалды тропиктік орман аймағына кіреді. Шығыс Азия Қиыр Шығыс, Солтүстік-Шығыс Қытай, Шығыс Қытай және Жапон аралдары табиғи аймақтарына бөлінеді. Орталық Азия жан-жағын биік тау жоталары қоршаған шөл жазықтар мен таулы үстірттерден және қазан шұңқырлардан тұрады. Мұнда қоңыржай белдеуге тән шөлейт және құрғақ дала ландшафтары басым. Ормандар СССР-мен шекарадағы таулардың солтүстік беткейлерінде ғана өседі. Ол екі аймаққа - негізгі Орталық Азия мен Тибетке бөлінеді. Оңтүстік Азия субэкваторлық және экваторлық белдеулерді алып жатыр. Ылғалды экваторлық ормандар, муссондық ормандар және саванна осында. Органикалық дүниесі жануарлар мен өсімдікке өте бай. Оңтүстік Азия Үндістанға (іргелес жатқан территориямен), Үндіқытайға, Малай архипелагына бөлінеді. Осы аймақтардың әрқайсысынын өзі физика-географиялық провинцияларға, облыстарға бөлінеді.

Географиялық зерттеулер. Ежелгі Азия халықтарында құрлық туралы кейбір географиялық мағлұматтар болған, мыс., «Юйгун» атты еңбекте Шығыс Қытайдын географиялық сипаттамасы берілген (б. з. б. 8-5 ғ.). Ертедегі Египет және грек-парсы соғыстары (б. з. б. 477-449 ж.), А. Македонскийдің жорықтарьі (б. з. б. 4 ғ.), Египет, Үндістан және Орталық Азия арасындағы сауда қатынастары, Орта Азияға Чжан Цянь елшілігінің келуі (б. з. б. 2 ғ.) Азия туралы географиялық жаңа деректер туғызды. Орта ғасырларда хорезмдіктер мен арабтар (Маъсуди, Идриси, Бируни, ибн Баттута), қытайлар (Сюань-Цзань, Фа-Сянь), европалықтар (Карпини, Рубрук, Марко Поло) Азия жайлы көптеген ғылыми мағлұматтар жинайды. 15 ғасырда Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Азияға теңіз арқылы Қытай экспедициясы (Чжэн Хэ. 1406), Иран арқылы Үндістанға орыс саудагері Афанасий Никитин (1466-1472) барды. 1453 жылы түріктердің Константинопольді алуына байланысты, Европадан Азияға өтетін құрлықтағы жол жабылған соң, европалықтар Үндістанға баратын теңіз жолын іздей бастады. 1498 жылы португалдықтар (Васко да Гама) теңізбен Үндістанға жетіп, 1509-1511 жылдар Малакка түбегіне, Ява аралдарына т.б. келді. Испанияның Магеллан бастаған экспедициясы 1521 жылы шығыс жақтан Филиппин аралдарына жетіп, Молукка аралдарында батыстан келген Португалия кемелелімен кездесті. 16 ғасырда Испания мен Португалының, 17 ғасырда оған қосылған Нидерланды мен Англия экспедициялары біраз географиялық зерттеулер жүргізді, бірақ олар негізінен басқыншылық мақсатты көздеді. 17-19 ғасырларда голландиялықтар Индонезияны, 18-19 ғасырларда ағылшындар Үндістанды, Бирманы, 19 ғасырда француздар Вьетнамды, Камбоджа мен Лаосты, американдар Филлипинді басып алып, өздерінің отартарына айналдырды. 19-20 ғасырларда ағылшындар мен француздар Азияның көптеген араб елдеріне үстемдігін жүргізді.

Солтүстік Азияны орыс саяхатшылары ашты, олар 12 ғасырдан бастап Солтүстік Мұзды мұхит жағалауларына жиі баратын болды. 15-16 ғасырларда орыстар Ертіс маңы (Ермак) мен Батыс Сібірге жорық жасады, 1618-1619 жылдарла И.Петлин Моңғолия мен Қытайға барып қайтты. Бағалы аң терісін жинау және «белгісіз жерлерді іздеу» мақсатымен орыс саяхатшылары (В.Поярков, Е.Хабаров, Ф.Попов, С.Дежнев, В.Атласов т.б.) 17 ғасырда 50 жыл шамасында бүкіл Сібірді аралап шықты. Олар 20 жылдары Лена өзенінен өтіп, Охота теңізіне дейін барды (И. Москвитин, 1639). Голландияның Де Фриза бастаған экспедициясы 1643 жылы Хоккайдо, Оңтүстік Сахалин және Оңтүстік Куриль аралдарына жетті. Сібірдің алғашқы картасын П.И.Годунов пен С.У.Ремезов жасады 1675 жылы Н.Г.Спафарин басқарған орыс елшілігі, ал 1692 жылы Петр І-нің елшісі - Избрандт Идес Қытайға жіберілді. 1720-1727 жылдары неміс ғалымы Д.Г.Мессершмидт Сібірдің жануарлары мен өсімдігін зерттеді, 1689-1698 жылдаоы Жербильон (франц.) Гоби шөлінен өтті 1728-1743 жылдары В.Беринг пен А.И.Чириков бастаған экспедициялар Сібірде географиялық, геологиялық, ботаникалық және картографиялық зерттеулер жүргізді; олар тұңғыш рет Беринг бұғазына кірді. Д.Я. және X.П. Лаптевтердің, С.И.Челюскиннің т.б. зерттеулері нәтижесінде Солтүстік Мұзды мұхиттың азиялық жағалауы, Куриль және Командор аралдары картаға түсірілді. 1768-1774 жылдары Россияның академиялық экспедициялары Сібірді (П.С.Паллас, П.И.Георги, В.Ф.Зуев, И.П.Фальк) және Кавказды (С.Г.Гмелин, П.Гюльденштедт) зерттеді. 18 ғасырда Қиыр Шығыстың жағалауын картаға түсіргендер: франц. Ж.Ф.Лаперуз, ағылшын У.Броутон, жапон Мамия Рендзо, орыстар - Г.А.Сарычев, П.Ф.Крузенштерн, В.М.Головнин, Я.Санников, П.Ф.Анжу, Ф.П.Врангель, Ф.Ф.Матюшкин, Ф.П.Литке. 19 ғасырда Орталық Азия мен Батыс Сібірдін және қазақ даласының географиялық сипаттамасы туралы көп еңбектер жазған неміс географтары - А.Гумбольдт пен К.Риттер. Кіші Азияны зерттеген - П.А.Чихачёв; Арал теңізін, Амудария мен Сырдарияны зерттеген – А.И.Бутаков; Үндістан, Гималай және Қарақорымды зерттеген неміс саяхатшылары - А.Г. және Р.Шлагинтвейттер. 1845 жылы Орыс географиялық қоғамының ұйымдастырылуына байланысты, Азияда зерттеу жұмыстары күшейе түсті. Бұл тұста Азияны, оның ішінде қазақ жерін зерттеушілерден Н.М.Пржевальскийді, П.П.Семенов-Тянь-Шаньскийді, Г.Н.Потанинді, В.А.Обручевті, И.В.Мушкетовті, М.В.Певцовты, П.К.Козловты, В.И.Роборовскийді, В.В.Сапожниковті т.б. атауға болады. 1858-1859 жылдары Ш.Уәлиханов Россия елшілігін басқарып, Қашғарияға тұңғыш рет сәтті саяхат жасады, аса маңызды географиялық, ботаникалық және тарихи-этнографиялық ғылыми деректер жинап қайтты.

20 ғасырда Азияны зерттеген көрнекті ғалымдардан Л.С.Бергті (Арал теңізін зерттеген), В.В.Докучаевті (қазақ даласының топырағын зерттеген), П.Н.Крыловты, А.И.Воейковты, А.Л.Комаровты, В.Ю.Визені, Н.И.Вавиловты, ал шетелдік оқымыстылардан Б.Котоны, Н.Ямадзакиді, X.Ябені, Т.Кобаясиді (жапондар), Л.Д.Стамп пен Э.Доббиді (ағылшындар), Ж.Сион мен Р.Бланшарды (француздар), Дж.Б.Крессиді, Дж.Фэрграйвты, Р.Роусонды (американдар) т.б. атауға болады. Совет дәуірінде СССР-дің азиялық бөлігінде жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілді, ірі масштабты топографиялық және геологиялық карталар жасалды, Солтүстік теңіз жолы, Сібірдің, Қазақстанның, Орта Азияның табиғи байлықтары игерілді. Совет зерттеушілері мен ғалымдары ашқан жаңалықтар көптеген монографиялық шығармалар мен ғылыми еңбектерде жарияланды («Зарубежная Азия», «Физико-географический атлас мира», «Атлас мира», «Геология СССР» т. б.). Қ.И.Сәтбаев бастаған қазақстандық геологтардың (Н.Г.Кассин, Р.А.Борукаев, Д.И.Казанли, М.П.Русаков, Е.Д.Шалыгин, Г.Ц.Медоев т.б.) еңбектері де Азияны зерттеу тарихына көрнекті үлес қосты.

Халқы. 1967 жылы Азия халқының саны 2 млрд-қа жуық болды; бұл - дүние жүзі халқының 58,5%-і; оның ішінде Совет Одағының Азиялық бөлігінде тұратын халықтың саны 58,9 млн. адам (1969 ж.), Кавказды қосқанда 80 млн-нан асты. 20 ғасырдың басынан бастап Азия халқы 215% көбейді; әсіресе 1950-1967 жылдар аралығында халық тез өсті (620 млн. адам қосылды), яғни жылына орта есеппен 2% артты.

Антропологиялық құрамы. Алдыңғы, Оңтүстік, Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азияның негізгі аймақтарына адам қоғамы тарихының бастапқы кезінде, төменгі палеолит дәуірінде-ақ ел қоныстанған болатын. Оңтүстік-Батыс Азияда қазіргі типтегі адам (Hоmо sаріеns) қалыптасқан болуы керек. Жоғарғы палеолит пен мезолит дәуірлерінде адамдар Азияның көп жерін мекендегенді. Олар Азия арқылы Америкаға, Австралияға, Мұхит аралдарына (Океания) өтті. Азияда адамзаттың үлкен үш нәсілі құралды. Олар, европеоидтер (оңтүстік-батыс және батыс аймақтарда), монғолоидтер (Орталық және Шығыс Азияда), австралоидтер (оңтүстік-шығыс аймақтарда). Неолитте және қола дәуірінде адамдар Азияның барлық жеріне тарады. Тигр, Евфрат, Үнді, Хуанхэ, Амудария өзендерінің аңғарларында (қолдан суарылатын егіншілік негізінде) аса ірі ежелгі мәдениеттер пайда болды. Азияның қазіргі халқы бірнеше нәсілден тұрады. Оның көпшілігі монғолоид нәсілінің негізгі үш тобына жатады; олар: солтүстік топ (7 млн. адам, Сібірдің байырғы халықтары, Солтүстік-Шығыс Қытай халықтарының бір бөлігі), шығыстық топ (630 млн. адам, монғолдар мен солтүстік қытайлар) және оңтүстік топ (580 млн. адам). Европеоид нәсілі (580 млн. адам); бұлар Алдыңғы Азия, Солтүстік Үндістан, Орта Азия (тәжіктер) халықтарының оңтүстік тармағының (кавказдық, алдыңғы азиялық, үнді-ирандық) түрлі типтерінен құралады. Австралоид нәсілі (5 млн. адам); бұлар Азияның түрлі аймақтарын мекендейтін саны аз топтардан тұрады, олар: веддоидтік тип [Цейлонның веддалары, бхилдар, дравид халықтарының жеке топтары, мунда халықтары, Оңтүстік-Шығыс Азияның кейбір ұсақ халықтары (сенои, тоала т.б.)]; меланезиялық және папуастық типтер (Шығыс Индонезия халықтары); негритостық тип (Филиппиннің аэтасы, Малайяның семанглері, Үндістанның андамандары); айндық тип (Жапония айндарының халқы); оңтүстік үнділік тип (бұлар европеоидтердің оңтүстік тармағы мен веддоидтер арасында ежелгі замандағы байланыс нәтижесінде пайда болған, саны 185 млн. адам) бұған Оңтүстік Үндістанның дравид халықтары жатады; аралас тип (европеоид-монғолоид тектес, саны 18 млн. адамға жуық), бұған Батыс Сібір жазығының, Оңтүстік Оралдың, Алтайдың, Қазақстанның, Орта Азияның, Солтүстік Үндістанның бірсыпыра халықтары жатады.

Этникалық құрамы. Азия халқының этникалық құрамы мейлінше алуан түрлі (этнографиялық карта). Мұнда этникалық даму дәрежесі әр түрлі және көптеген тіл семьясы мен топтарына жататын бірнеше жүз халық тұрады. Азиядағы үнді (үнді-арий), иран, славян т.б. халықтар топтары үнді-европа семьясы тілдерінде сөйлейді. Үнді тобындағы халықтар (486 млн-нан астам адам) Үндістанның солтүстік және орталық бөліктерінде тұрады. Иран тобындағы халықтар (50 млн-ға жуық адам), негізінен Иран мен Ауғанстанның, Түркия мен Пакистанның бірқатар аймақтарын мекендейді. Тәжікстан ССР-і халқының көпшілігі, Кавказдың кейбір халықтары (осетин, тат, талыш, т. б.) осы Иран тобына жатады. Совет Одағының Азиялық бөлігі халқының жартысынан көбі (47 млн. адамға жуығы) славян тобындағы халықтар. Армяндар (Армения мен Алдыңғы Азия елдерінде 4 млн. адам) мен гректер де (Кипр аралында, 0,6 млн. адам) үнді-европа тіл семьясына жатады. Грузия, Солтүстік Кавказдың кейбір аудандарында кавказ тіл семьясына шататын халықтар (5,6 млн. адам) тұрады. Семит-хамит тіл семьясына (семит тобы) арабтар (32 млн. адам), Израиль еврейлері (2,35 млн. адам). Алдыңғы Азия жерінде тұратын ассириялықтар (200 мың адам) жатады. Алтай тіл семьясына жататын халықтар үш топтан құралады (түрік, монғол, тунгус-маньчжур). Олар Түркиядан Тынық мұхитқа дейінгі ұлан-байтақ жерді мекендейді. Түркі тобының халықтары (63 млн-ға жуық адам) - түріктер, азербайжандар, қазақтар, ұйғырлар, өзбектер, түрікмендер, якуттар т.б. Бұлар Түркияның көп жерін, Иран мен Ауғанстанның солтүстігін, Шыңжанды, Азербайджан, Орта Азияны, Қазақстанды, Таулы Алтайды, Якутия едәуір бөлігін қоныстанған. Монғол тобының халықтары 3,5 млн. адам, негізінен Орталық Азия (МХР, Солтүстік Қытай) мен Бурятияда орналасқан. Тунгус-маньчжур халықтары 3,1 млн. адам, оның ішінде 3 млн. маньчжур (қазір олар қытай тілінде сөйлейді) Солтүстік-Шығыс Қытайда, Сібірде, Қиыр Шығыста (эвенкілер, эвендер, нанайлар т.б.) жайласқан. Кейбір зерттеушілер корейлер (45 млн.адам) мен жапондар (100 млн. адам) алтай тіл семьясының халықтарына жақын, бірақ оларды әдетте бөлек тілде сөйлейтін халық деп есептейді. Орал тіл семьясына жататын халықтар аз (87 мың адам) болғанымен, көп жерді (Обь өзенінің төменгі бойын) алып жатыр. Олар үш топқа бөлінеді: фин (коми), угор (хантылар мен мансилер), самодий (ненецтер, нганасандар, селькуптер). Солтүстік-Шығыс Сібірде палеоазиат халықтары - чукчалар, коряктар, ительмендер, юкагирлер т.б. (барлығы 25 мың адам), Чукот түбегінде эскимостар, Командор аралдарында алеуттер, Амур өзенінің төменгі бойы мен Сахалин аралында нивхтер, Енисей өзенінің орта бойында кеттер (бөлек тілде сөйлейді) тұрады. Қытай-тибет тіл семьясының халықтары Қытай жерінің көпшілік бөлігі мен Үндіқытайдың батыс бөлігіне орналасқан. Бұл тіл семьясының құрамы көп талас туғызды. Бұрын бұған бес топ - қытай, тибет-бирма, тай, мяо-яо, вьетнам топтары қосылады деп есептелді. Ал қазір зерттеушілердің көпшілігі алғашқы екеуін ғана қытай-тибет тобына жатқызады да, басқаларын мон-кхмер не австронезий тіл семьяларына жақын деп есептейді. Қытай тобына қытайлар мен хуэйлер (733 млн. 142 мың адам) кіреді. Қытайлар Қытайдың шығыс бөлігінде қоныс тепкен. Оңтүстік-Шығыс Азияның көпшілік аудандарындада едәуір қытайлар (18 млн-нан астам адам) тұрады. Тибет-бирма тобының халықтары (40 млн. адам) Қытайдың оңтүстігін мекендейді. Олар Үндіқытай елдеріне түгелдей дерлік және Непал мен Солтүстік Үндістанға тараған. Таи тобы (41,5 млн. адам) мен мяо-яо тобы (5 млн. адам) Оңтүстік Қытай мен Үндіқытайда тұрады. Вьетнамдықтар (31,5 млн. адам) Вьетнамның жазық аймақтарында, шінара Оңтүстік Камбоджада орналасқан. Қазір Камбоджаның, Вьетнамның, Бирманың кейбір халықтары мон-кхмер тілдерінде сөйлейді. Олардың жалпы саны 10,5 млн. адам, оның ішінде ең көбі - кхмерлер Камбоджада (6,5 млн. адам), басқалары Үндіқытайдың бүкіл шығысында шағын топ болып тұрады. Кейбір ғалымдар мунда тіл семьясының халықтарын (6,7 млн. адам) мон-кхмерлермен жақын деп есептейді. Мундалар Орталық Үндістанның таулы аудандарында орын тепкен. Дравид тіл семьясына (131 млн.адам) Оңтүстік Үндістанның барлық халықтары жатады. Орталық Үндістан таулы қыратында жеке топ болып гондалар, кандхалар мен ораондар, Батыс Пакистан мен Оңтүстік Ауғанстанда брагуилер, Оңтүстік Цейлонда цейлон маврлары - аралдың ислам дініндегі байырғы халықтары тіршілік етеді. Австронезий (малайя-полинезия) тіл семьясының халықтарына негізінен индонезиялық топ (145 млн. адам) жатады. Олар Оңтүстік-Шығыс Азия аралдарын түгелдей дерлік, Үндіқытайдың кейбір аймақтарын мекендейді. Бұл топта барлығы 200-дей халық бар.

Буддизм, христиан және ислам сияқты дүние жүзілік діндердің бәрі Азияда пайда болды. Буддизм - қазір Үнді-қытай (Малаккадан басқа) елдері мен Цейлондағы үстем дін. Шығыс Азия елдерінде бұл дін Қытайдағы конфуциандық пен даосизм, Кореядағы конфуциандық, Жапониядағы синтоизм нанымдарымен қатар өмір сүріп, ұштасып барады. МХР мен Тибеттің діншіл адамдары ламаизмге (буддизмнің бір тармағы) құлшылық етеді. Филиппин мен Кипрдегі халықтардың көпшілігі, Ливандағы халықтың жартысынан астамы христиан дінінде. Алдыңғы Азия, Пакистан, Индонезия халықтарының басым көпшілігі, Малайзия халқының жартысына жуығы ислам дінін ұстайды. Ливанда, Кипрде (түріктер), Үндістанда, Қытайдың солтүстік-батыс провинцияларында, Филиппинде (моро), Цейлонда (цейлон маврлары) мұсылмандар біршама көп. Израиль мен басқа да елдердің еврейлері яһуди (иудаизм) дінін ұстайды. Діншіл адамдардың саны жағынан алғанда индуизм алдыңғы орындардың бірін алады. Индуизм негізінен Үндістанға, Непалға, Цейлонға, Пакистанға, Бали аралы мен Индонезияға, бұрын христиан, ислам діндері мен ламаизм Совет Одағының Азиялық бөлігіне тараған. Қазір Совет елінде халықтың дені дінге сенбейді.

Халықтың орналасуы. Азия халқы біркелкі орналаспаған. Мұнда 1 км2 жердегі халықтың орта тығыздығы 46 адам. Жапонияда халық өте тығыз тұрады (1 км2-де 273 адам), Ливанда 240, Кореяда 185, Цейлонда 172, Үндістанда 155 адамнан келеді. Оңтүстік және Орталық Қытайдың, Жапонияның оңтүстік аудандарының теңіз жағалау аймақтары мен ірі өзендері аңғарларында, Ганг өзенінің, Брахмапутраның төменгі ағысы бойында, Үндістан түбегінің шығыс жағалауында, Меконг мен Хонгха өзендерінің аңғарларында, Ява аралында (ежелгі дәуірден бастап күріш егіп, суармалы егіншілікпен айналысқан аудандарда) - 1 км2-де 300-500, кейбір жерлерде 1000-1500 адам тұрады. Мұнда 2,5 млн. км2 жерде 1 млрд-тан астам адам шоғырланған. Ал Орталық Азия мен Солтүстік және Алдыңғы Азияның көпшілік аудандарында халық сирек қоныстанған. МХР-де халықтың тығыздығы 1 км2-ге 0,7, Арабия түбегінде 1-5 адам. Аса көп жерді алып жатқан Руб әл-Хали, Деште-Кевир, Такла-Макан, Гоби шөлдерінде, Тибеттің, Гималайдың, Гиндукуштың биік таулы аймақтарында тұрақты халық жоқ. Азиядағы көшпелі халықтың саны барған сайын кеміп барады (қазір 10 млн. адамнан аспайды). Қала халқы 23%-ке жуық. Олардың көпшілігі - 60%-тен астамы ірі қалаларда (100 мың адам және одан көп) шоғырланған, солардың ішінде әрқайсысында 1 млн-нан астам адам тұратын 40 қала, 500 мыңнан 1 млн-ға дейін адам тұратын 50 қала, 100 мыңнан 500 мыңға дейін адам тұратын 400 қала бар.

Демографиялық мағлұмат. 1960-1965 жылы әрбір 1000 адамға шаққанда халықтың өсіп-өнуі 41 адам, өлім-жітімі 20 адам болды, ал табиғи өсу 21 адамға жетті. Бұл көрсеткіштердің бәрі Европадағыдан шамамен 2 есе артық. Совет Одағының Азиялық бөлігінде адам өлімі Азияның басқа бөліктеріне қарағанда 2 есе аз. Азияда еркектердің саны әйелдер санынан көп артық (55 млн. адам). Цейлонда әйелдер 46,8%, Пакистанда - 47%, Қытайда - 48,2%, Үндістанда - 48,6%.

Саяси бөлінуі. Азия жерінің 1/3-інен артығын алып жатқан солтүстік бөлігі Совет Одағының құрамына кіреді. Шетелдік Азияның мемлекеттері мен елдері өздерінің географиялық орнына қарай мынадай топтарға бөлінеді: Таяу және Орта Шығыс Азия елдері - Түркия, Иран, Ауғанстан, Сирия Араб Республикасы, Ливан, Ирак, Кувейт, Сауд Арабиясы, Йемен Араб Республикасы (ЙАР), Йемен Халық Демократиялық Республикасы т.б.; Оңтүстік Азия елдері - Пакистан, Үндістан, Цейлон, Непал; Оңтүстік-Шығыс Азия елдері - Бирма Одағы, Тайланд, Малайзия, Сингапур, Лаос, Камбоджа, Вьетнам, Фйлиппин, Индонезия; Шығыс Азия елдері - Қытай (көпшілік жері), Корея, Жапония; МХР және Қытайдың біраз жері Орталық Азия елдерін құрайды. Азияның саяси картасының қалыптасуына Россияда Ұлы социалистік революциясының жеңуі (СССР-дің құрылуы) нәтижесінде болған әлеуметтік-саяси түбірлі өзгерістер әсер етті. 2-дүние жүзілік соғыс (1939-1945) кезінде және одан кейін отар елдер мен тәуелді елдер халықтарының ұлт-азаттық күресіндегі қол жеткен табыстарының да маңызы зор болды. Монғолияда (1921 жылы МХР құрылды), Вьетнамда (1945 жылы ВДР жарияланды), Кореяда (1948 жылы КХДР жарияланды), Қытайда (1949 жылы ҚХР құрылды) халықтық-демократиялық өкімет орнады. Ұлыбританияның бұрынғы иеліктері, қазір суверенді мемлекеттер - Үндістан, Пакистан, Шри-Ланка (Цейлон), Иордания, Кипр, Мальдив аралдары, Малайзия, Сингапур, Йемен Халық Демократиялық Республикасы, Голландияның бұрынғы иелігі, қазіргі Индонезия мемлекеті (кейінірек Батыс Ириан қайта қосылды), Францияның бұрынғы иеліктері, қазіргі жеке мемлекеттер - Сирия, Ливан, Лаос, Камбоджа тәуелсіздік алып, дамып келе жатқан елдер тобын құрды. Палестина тарихи облысының бөлінуі есебінен Израиль мемлекеті құрылды. АҚШ (1950) ҚХР территориясының бір бөлігі - Тайвань аралын оккупациялап алды. Жапонияның Рюкю аралдары (соның ішінде Окинава аралдары) 1951 жылдан бері АҚШ-тың әскери басқаруында. Израиль 1967 жылы Иордания мен Біріккен Араб Республикасы территориясының біраз жерін оккупациялап алып, БАР-дің Суэц каналы аймағындағы суверенитетін бұзды.

Әдеб.: Зарубежная Азия. Физическая география, М., 1956; Суслов С.П. Физическая география СССР. Азиатская часть, 2 изд., М., 1954; Средняя Азия. Физико-географическая характеристика, М., 1961; Алисов Б.П., Климаты СССР, М., 1956; Алехин В.В. География растений, 3 изд., М., 1950; Бобринский Н. А., География животных, М., 1961; Физико-географический атлас мира, М., 1964; Беммелен Р.В., Геология Индонезии, сокр. пер. с англ., М., 1957; Геологическое строение СССР, т. 1-4, Л., 1967; Кабаяси Т. Геология Кореи и сопредельных территорий Китая, М.,         1959; Кришнан М.С. Геология Индии и Бирмы, пер. с англ., М., 1954; Ли Сыгуан. Геология Китая, под ред. и с предисл. А.Н.Криштофовича, пер. с кит., М.,       1952; Наливкин Д. В. Геология СССР, -М.-Л., 1962; Складчатые области Европы. Материалы совещания по проблемам тектоники в Москве, под ред. М.В.Муратова, М., 1964; Тектоника Евразии, масштаб 1 : 5 000 000, под ред. А. Л. Яншина, М., 1966.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-10-31 11:55:55     Қаралды-7337

БҰЛТТАРДЫҢ ҚАНДАЙ ТҮРЛЕРІ БАР ЖӘНЕ ОЛАР НЕНІ ХАБАРЛАЙДЫ?

...

Бұлттар жер беті мен тропосфераның жоғарғы қабаттары арасындағы кеңістікте шамамен 14 км биіктікке дейін қалыптасады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

...

Металдардың көне тарихы бар, олар мыңдаған жылдар бұрын адамдарға белгілі болды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ПЛАСТМАССА ЫДЫРАУЫ МҮМКІН БЕ?

...

Әдетте пластиктің ыдырауы өте ұзақ уақытты алады - 50-100 жыл.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »