UF

РИМ (Ежелгі) (лат. Romа) - алғашқыда Ежелгі Италиядагы қауым, кейін бүкіл Аппенин түбегін өзіне қаратқан құл иеленуші қала-мемлекет (қала аңызға қарағанда, б. з. б. 754/753 ж. пайда болған), ең ақырында Европаның бірсыпыра бөлігін, Солтүстік Африканың теңіз жағалауларын, Египетті, Кіші Азияны, Сирияны құрамына қосып алған Жерорта теңізі бойындағы құл иеленуші мемлекет. Ұзақ уақыт бойы Рим қаласы Палатиндегі ежелгі қоныстан өсті деп есептелініп келді. Бірақ соңғы кездерде көптеген зерттеушілер қала төбелердегі бекіністі қоныстардың бір-біріне қосылуы нәтижесінде пайда болған деген тоқтамға келді. Археологтар Рим форумы осы қоныстардың ортақ орталығы ретінде 6 ғасырдың алғашқы он жылдығында пайда болды деп есептейді. Археологиялық материалдар Рим территориясын мекендеген халықтардың этникалық әр текті болғаны туралы (латындар, сабиндар) аңыздық да дұрыстығын дәлелдеді. Аңызға қарағанда, 8-6 ғасырдың басында Римді бірінен соң бірі жеті патша: Ромул, Нума Помпилий, Тулл Гостилий, Анк Марций, Тарквиний Приск, Сервий Туллий және Тәкаппар Тарквиний билеген. Соңғы үшеуі - 7 ғасырдан 510/509 жылға дейін Римде үстем болған этрус әулетінің өкілдері. Қоғамдық топтар мен мемлекеттік аппараттың қалыптасуы патшалық кезеңнің ақырында аяқталғанымен рулық құрылыс ұзақ уақыт бойы сақталды. «Рим халқы», яғни Римнің толық праволы тұрғындары руларға, куриялар мен трибтарға бөлінді. Алғашқыда «рим халқына», шамасы, патрицийлер ғана жатқан. Ал Римнің рулық ұйымынан тыс тұрғындар плебейлер деп аталды. Плебейлердің патрицилермен теңсіздігі және патрицийлердің өзара мүліктік және әлеуметтік жіктелуі Римде әлеуметтік қатынастардың ерекше формасын - клиентеланы туғызды. Куриялар бойынша өткізілген халық жиналыстарына патрицийлер ғана қатысты.

Ертедегі Рим қауымының экономикалық негізі ауыл шаруашылық болды. Патрицийлер ұлан-байтақ жері, құлдары мен тәуелділері бар үстем тапқа айналды. Этрус әулетінің соңғы патшасы Тәкаппар Тарквиний тақтан құлатылғаннан кейін Римде республикалық басқару тәртібі орнады. Плебейлер мен патрицийлер арасындағы күрес күшейді. Күрес барысында плебейлер бірқатар ірі табыстарға жетті: плебейлер мүддесін қорғайтын халық трибуны қызметі белгіленді, плебейлер консулатқа жіберілді, қарыз кіріптарлығы тоқтатылды.

Ертедегі Рим республикасы үздіксіз соғыс саясатын жүргізді. 5 ғасырда көршілері этрустармен, латын қалаларымен, эквалармен, вольсклермен т.б. соғысты. Рим 4 ғасырдың басында аз уақыт галль шапқыншылығына ұшырады. Дегенмен 4 ғасырдың 2-жартысында қайта нығайып алған Рим латын қалалары федерациясымен соғыста, кейін ұзаққа созылған Самнит соғысында жеңіске жетіп, бүкіл Орта Италияны өзіне қаратты. 3 ғасырда Оңтүстік Италияны немесе «Ұлы Грецияны» бағындырды. Сөйтіп, 3 ғасырдың ортасына қарай Рим ірі мемлекетке айналды. Осыған қарамастан, ол экономикасы жеке меншіктің формасына негізделген әдеттегі полис еді.

Плебейлер мен патрицилер праволарының теңесуі нәтижесінде ежелгі патриций тұқымы мен плебс ақсуйектері өзара араласып, жаңа аристократия - нобилитет пайда болды. Нобилитет сенат пен жоғарғы мемлекеттік қызметтерді бірте-бірте өз қолына алды. Рим саяси құрылысы аристократтық респупбликалық сипат ала бастады. Жоғарғы өкімет органы сөз жүзінде комициялар, яғни халық жиналысы болып есептелді. Іс жүзінде басшылық рольді сенат атқарды. Оның мүшелері бұрынғы магистраттар болды.

Италияны бағындырғаннан кейін, Рим Аппенин түбегінен тыс жерлерге көз тіге бастады. Мұнда ол Жерорта теңізінің батысындағы аса ірі мемлекет - Карфагенмен соқтығысты. Екі арадағы Пуний соғыстары 264 жылдан 146 жылға дейін созылды. Бұл соғыстардың нәтижесінде Рим Жерорта теңізі бойындағы аса ірі мемлекетке айналды.

Рим мемлекеті әлеуметтік және экономикалық жағынан алға басты. Құл иеленушілік, құл саудасы өрістеді. Құл еңбегі кеңінен пайдаланылды. Мұның өзі ұсақ шаруалар шаруашылығын қысқарта бастады. Жерсіз қалған шаруалардың аздаған бөлігі жалға жер алды, ал көпшілігі қалаларға ауысты. Сөйтіп, осы кезден Рим тұрғындарының село мен қалаға бөлінуі анық айқындала бастады. Қала плебстеріне ұсақ саудагерлер, қолөнершілер, құрылыс жұмысшылары кірді. Олардың тұрақты жұмыс таба алмаған көпшілігі көне люмпен пролетариатқа қосылды. Елде товарлы-ақша дамып, сыртқы сауда жанданды.

2 ғасырдың ортасында Римде антагонистік екі тап - құлдар мен құл иеленушілер түпкілікті қалыптасты. Олардың арасындағы шиеленісе түскен алауыздықтар құлдардың ірі-ірі көтерілістерін туғызды. Қала мен село плебстерінің саяси белсенділігі артты. Римнің қала-мемлекеттен аса ірі мемлекетке айналуы полистық ұйымды дағдарысқа ұшыратты. 138 (немесе 136) - 132 жыл құлдардың 1-Сицилия көтерілісі бұрқ етті. Көтеріліс нәтижөсінде азаттық алған құлдар өз мемлекетін құруға әрекет жасады. Рим әскерінің күшімен басылған көтеріліс 104-99 жылдар тағы да қайталанды. Бұл қозғалыстарға Жерорта теңізінің шығыс жақ бойындағы құлдар үн қатты. Ірі жер иеленушілік, шаруалардың қайыршылық күні село плебстерінің арасында революция қозғалысты кең өрістетті, Рим көшелерінде алғашқы азамат соғысы басталды. 2 ғасырдың 30-20 жылдарында ағайынды Гракхтардың демократия реформаларын жүзеге асыру жолындағы күрес күшейді. 91 жылы халық трибуны Ливий Друз Г. Гракхтың италиктерге право беру туралы ұсынысын қайта көтерді. Бұл заң жобасының сенатта қабылданбауы, Друздың өлтірілуі Одақтастар соғысына (б. з. б. 90-88) Римге қарсы жалпы италиялық көтеріліске түрткі болды. Римдіктер жеңіске жеткенімен, италиктерге кейбір азаматтық праволар беруге, іс жүзінде Италияның барлық тұрғындарын Рим азаматтық қауымының құрамына енгізуге мәжбүр болды. Б.з.б. 2 ғасырдың соңғы ширегінде қалыптасқан Римдегі негізгі екі идеялық-саяси ағым - популярлар мен оптиматтар арасындағы күрес шиеленісе түсті.

1 ғасырдың 1-ширегінде Шығыстағы Рим үстемдігіне қауіп төндірген Понтий патшасы Митридат VІ-мен соғыс басталды. Сенат Митридатқа қарсы соғыс қимылдарын басқаруды Л. Корнелий Суллаға тапсырды. Ал халық жиналысы Югуртин соғысындағы жеңімпаз Г. Марийдің кандидатурасын ұсынды. Даушардың шиеленіскендігі соншалық, Сулла Шығысқа жорыққа әзірленіп жатқан әскерін Римге қарсы аттандырды. Сөйтіп тарихта тұңғыш рет Римді Рим әскерлері алды. Бірақ Сулла Шығысқа аттанысымен Римдегі билік қайтадан Марийді жақтаушылардың қолына көшті. Сулла Италияға қайтып келгеннен кейін, суллашылдар мен марийшылдар арасындағы күрес ашық азамат соғысына ұласты. Римді соғыспен қайта алған Сулла террорлық қатаң тәртіп орнатты. Сулла диктатурасы сенат олигархиясының саяси үстемдігін сақтап қалудың соңғы әрекеті еді. 74 (немесе 73-71 ж.) Спартак бастаған құлдардың Ежелгі дүние тарихындағы аса ірі көтерілісі болды (Спартак көтерілісі). Ол Рим қоғамындағы таптық антагонизмнің әбден шегіне жеткендігін көрсетті. 2 ғасырдың ақыры мен 1 ғасырдың ортасындағы оқиғалар Рим республикасы мен ескі полистік ұйым дағдарысының тереңдей түскенін дәлелдеді. 1 ғасырда Римнің әлеуметтік-саяси өмірінде армия мен оның көсемдерінің ролі күшейе түсті. 70-60 ж. Гней Помпейдің беделі өсті. Ол Спартак көтерілісін басып, Жерорта теңізіндегі қарақшыларға қарсы күресте көзге түсті, Митридат VІ-ның әскерін тасталқан етті, Закавказье мен Сирияға жорық жасады. 60 жыл үш ірі әскери және саяси қайраткердің - Марк Лициний Красс Гней Помпей мен Юлий Цезарьдың сенатқа қарсы одағы (триумвират) қалыптасты. Көп ұзамай одақ іс жүзіндегі үкіметке айналды. Цезарьдың галль жорықтарының нәтижесінде Галлия жаулап алынды да римдіктер қыруар соғыс олжасына кенелді, жүздеген мың тұтқын қолға түсті. Цезарьдың беделінен қауіптенген Помпей сенат жағына шықты. Елде басталған азамат соғысының нәтижесінде Цезарь Рим мемлекетінің шексіз праволы билеушісі болды. 44 жылы 15 наурызда Ю.Цезарь қастандықпен өлтірілгеннен кейін, азамат соғысының жаңа кезеңі басталды. Қастандық басшылары Брут пен Кассий сенаттың республика мүддесін қорғады. Цезарьшылдарды алғашында М.Антоний, кейін Цезарьдың мұрагері Октавиан басқарды. 43 жылы 2-триумвират, көрнекті үш цезарьшылдық: М. Антоний, Октавиан мен Э. Лепидтің одағы пайда болды. Олар өз күштерін Македонияға топтастырып, Филиппы түбіндегі (42) ұрыста республика армиясын талқандады. Брут пен Кассий өздерін өздері өлтірді. Бірақ азамат соғысы мұнымен аяқталған жоқ. Секст Помпейге қарсы соғыс бастады. Антоний мен Октавиан арасы шиеленісе түсті. Екеуінің арасындағы соғыс 31 ж. Аксий мүйісіндегі ұрыста Октавианның жеңісімен аяқталды. Октавиан да Цезарь сияқты Римнің шектеусіз билеушісі болды. Б. з. б. 27 ж. сенат оған жоғары өкімет билігін бекітіп, құрметті Август атағын берді.

Август заманындағы мемлекеттік құрылыс сол ежелгі заманның өзінде принципиат деген атау алды. Шын мәнісінде ол монархия еді. Ескі республикалық магистратура сақталғанымен, өкімет бір адамның - сенат принцепсінің қолында болды. Ол жоғары әскери өкіметті (империй) өз қолына алды. Принцепс атағының бір бөлігі - император осыдан шыққан. Принципат кезеңінде император өкіметі бірте-бірте нығая түсті. Мемлекеттік Рим ақсүйектерінің органынан бүкіл құл иеленуші таптың органына айналды. Империяның алғашқы екі ғасырында провинциялардың экономикасы өрге басты. 1-2 ғасырларда сыртқы сауда ең жоғарғы сатыға көтерілді. Риммен қатар Остия, Аквилея, Нарбо - Марцус, Арелат, Александрия, Антиохия, Пальмира ірі сауда орталықтарына айналды.

Принципат кезеңінде елдің әлеуметтік құрылымы күрделілене түсті: таптық бөліну сословиелік бөлінумен алмасты, рим азаматтары және перегриндер тобы жіктелді. Сенаторлар мен всадниктер құл иеленушілер табының жоғары тобынан құралды. Плебейлер ерекше сословиеге жатпады. Империя орнағаннан кейін, плебс өзінің бұрынғы саяси мәнін жоғалтты. Тиберий заманынан бастап мемлекеттік магистраттар сайлауы сенаторлар мен всадниктер центурилерінде өткізілетін болды. Рим қаласында халық жиналысын өткізу тоқтатылды. Алым-салық пен борыштың негізгі салмағы шаруаларға түсті. 1 ғасырдың 1-жартысында римдіктер мен перегриндер арасындағы қайшылықтар шиеленісе түсті. Иудеяда, Галлияда, Понтта, Британияда көтерілістер шықты. 2 ғасырда провинция тұрғындарының жоғарғы тобы Италия құл иеленушілерімен билеуші бір тапқа бірікті. Үкімет армияға басакөңіл бөлді. 3 ғасырда олардың қатары жарты млн. адамға жуықтады. 1 ғасырдың өзінде-ақ Римдегі преторийлықтар, кейінірек провинциялардағы армиялар жаңа императорларды көтеруде шешуші роль атқарды.

3 ғасырда провинцияларда шаруалар көтерілістері, солдаттар бүлігі, көрші тайпалар шабуылы басталды. Империя экономикасының шаңырағы шайқалып, жер бос қалды, қолөнері мен сауда құлдырап кетті. Дағдарыс Галль империясы (Галлия, Британия, Испания) мен Пальмира патшалығы (Пальмира бастаған Сирия мен Египет) бөлініп шыққаннан кейін шарықтау шегіне жетті. Бұл дағдарыстың басты себебі өндірістің құл иеленушілік әдісі еді. Товарлы-ақша қатынастары қысқарып, натуралдың әкономика процесі басталды. Императорлар бірінен соң бірі тақтадан тайдырылып, азамат соғысы өріс алды. Елге көрші халықтар басып кіре бастады. Тек әскери реформаны жүзеге асырған Галлиен ғана 3 ғасырдың 2-жартысында герман, сармат, мавретан тайпаларының, арабтар мен парсылардың шабуылына тойтарыс берді, Римнен бөлініп кеткен провинцияларды (Дакиядан басқасын) қайта бағындырды.

Провинциялардағы жаппай халық көтерілістерінен қауіптенген ақсүйектер құлдар мен колондарды бір уыста ұстай алатын орталықтандырылған қуатты өкіметтің қажеттілігін түсінді. Диоклетиан мен Константин билеген тұста билік біржолата императордың қолына көшті. Өкіметті шіркеу қолдап, христиан діні мемлекеттік дінге айналды. Сенаторлар ірі жер иеленушілер сословиесіне айналды. Мемлекеттік басқару ісі император советі - консисторияға және аса күрделі әскери және бюрократтық аппаратқа топтастырылды. Константин мемлекетті өз қол астына біріктірді. Ол өлгеннен кейін империяның батысын бір, шығысын екінші император биледі. Феодосий І-нің балалары тұсында, 4 ғасырдың ақырында (395) империя Шығыс және Батыс империя болып екіге бөлінді. Әскери өкімет азаматтық өкіметтен ажыратылды. Легиондар шекаралық милициядан бөлінді. Қалалық совет мүшелері - куриалдар тонауға ұшырап, колондарға, тіпті құлға айналды. Армия мен император сарайының ауыртпалығы саудагерлер мен қолөнершілерге түсті. Константин астананы Константинополь деп аталған Византий қаласына көшірді. 378 жылы 9 тамызда вестготтар көтерілісіне қосылған колондар, шаруалар мен рудник жұмысшылары Адрианополь түбінде Валент әскеріне күйрете соққы берді. Бұдан кейін-ақ жергілікті тұрғындар көтерілісі өрістей түсті. 410 жылы 24 тамызда вестготтар королы Аларих I құлдар қақпасын ашып берген Римді алып тонады. Батыс Империя құлдырай түсті. Британия, Испания, Галлия, Африка германдықтардың қол астына көшті. Императорлар герман жасақшыларының қолындағы қуыршаққа айналды. Одоакр 476 жылы Ромул Августулды тақтан тайдырып, оның орнына жаңа император қоюды қажетсіз деп тапты. 476 жылы Батыс Рим империясының соңғы мерзімі деп есептелді. Византия деп аталған Шығыс империя 1000 жыл шамасына дейін жетті.

Театры. Алғаш театр өнерінің пайда болуы өнім жинап алу мейрамдары кезіндегі ойын-сауықтарға салды. Одан кейінгі театр элементтері ән, музыка, бидің басын қосқан тұрмыстық күлдіргі сахна-сатурларда өрбіді. Б. з. б. 300 ж. ш. ұлттық ателлана комедиясы (маска киген тұрақты 4 кейіпкері болған) дүниеге келді. Ателлананы бертін келе профессионал актерлер ойнайтын болды. Б. з. б. 3 ғасырдың аяғында халық сауығының бір түрі - мим кең өтек алды. Рим театры тарихының жаңа кезеңі тұңғыш драма қойған грек Ливи Андроник есімімен байланысты. Осы кезеңде трагедия (претекста) мен комедияның (паллиата) жаңа түрлері пайда болды. Театр сауықтары мен спектакльдер жыл сайын мемлекеттік мейрамдар кезінде, сондай-ақ жеңіс шерулері мен қаза жораларында, жоғары қызметке сайлау кездерінде көрсетіліп отырды. Алғашында ойын-сауықтар ғибадатханалар жанында қойылды. Тұңғыш театр ғимаратын б. з. б. 55-52 ж. сәулетші Помпей тастан тұрғызды. Шамамен б. з. б. 1 ғасырда масканың пайда болуы актерлік өнердің дамуына кең жол ашты. Әйелдер ролін ерлер орындады. Өмірге трагедия актері Эзоп пен комедия актері Росций келді. Империя дәуірінде театр сауықтары негізінен көңіл көтеру, қызықтау құралына айналды. Ойын- сауыққа атты әскер, тұтқындар, кей сәттерде жыртқыш аңдар да қатыстырылды. Б. з. 1-2 ғасырында трагедияларды қою кезінде ең алдымен актердің әншілік қабілеті ескеріліп отырды. Көрермендер әсіресе драмалық жеке би-пантомиманы және мим өнерін жоғары бағалады. Цирк ойындары, әсіресе ежелгі амфитеатрлар мен Колизейде қойылған гладиаторлар сайысы, аң шының қауіпті аңмен айқасын көрсету өріс алды. Көркем драманың құлдырап, қанды сайыс ойындарына ден қою, актер бас бостандығының қиын жағдайда болуы империя дәуірінде театр өнерінің тоқырауына әкеп соқтырды. Рим театры, ең әуелі драматургиясы дүние жүзілік театр өнерінің дамуында үлкен роль атқарды. Қайта өркендеу дәуірінен бастап ұлы драматургтардың қай-қайсысы болмасын рим драмасына, оның көне дәуірдегі гуманистік дәстүріне сүйенді. Сондай-ақ Рим театрының театр архитектурасына да үлкен әсері болды.

Музыкасы. Эллинистік мәдениет әсерімен дамыған Рим музыкасында тұрмыстық музыка-поэтикалық жанрлар (жеңіс, үйлену, дастарқан басы, қазаға байланысты әндер) қалыптасты. Империя тұсындағы музыка алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Оған астанаға көптеген елдерден музыка орындаушылардың келуі себепкер болды. Поәзия мен музыка тығыз қарым-қатынаста дамып, рим драмаларына речитативті характердегі музыкалық нөмірлер енгізілді. Классикалық музыканы орындауда кифара және авлоспен бірге арфа іспетті псалтериум, самбика деп аталатын аспаптар да қолданылды. Хор және оркестр сүйемелімен орындалатын пантомималардың Рим музыкасын дамытудағы ролі ерекше. Әскери легиондарда үрлемелі оркестрлер жұмыс істеді. Рим цирктері мен театрларында көп адам қатысқан хор ансамбльдері (көбіне оркестрдің сүйемелдеуімен) өнер көрсетті. Б. з. 1 ғасырының аяғында император Домициан ақындармен бірге әнші, музыканттар қатысатын «Капитолий айтысын» ұйымдастырды. Белгілі музыкалық қайраткерлері:   әнші Тигеллий, әнші-актер Апеллес, кифарашы Криттік Месомед (3 гимні сақталған) т. б. Император Нерон өзі ақын, әнші әрі кифарашы болып өнер көрсететін «грек айтысын» енгізді. Дәулетті семьяларда балаларын ән айту мен кифарада ойнауға үйрететін болған. Музыка мен би мұғалімдерінің еңбегі жоғары бағаланды.

Архитектурасы, бейнелеу өнері мен сән және қосалқы өнері. Рим өнері көне дәуір мәдениетінің қорытындылаушы кезеңі іспетті. Ежелгі Рим мәдениетінің қалыптасу кезеңінде (б. з. б. 8-4 ғ.) сәулет өнері этрус өнері үлгілерін бойына сіңірді. Ежелгі ғибадатханалар (Римдегі Капитолийлік Юпитер ғибадатханасы) осы үлгімен тұрғызылды. Тұңғыш кескіндеме үлгілері мен сән және қосалқы өнерінен де этрус мәдениетімен байланыстылық аңғарылады. Б. з. б. 2-1 ғасырдың 1-жартысында базиликалар мен термалар салына бастады. Б. з. б. 3-1 ғасырлардағы бейнелеу өнерінде портреттік мүсін-өскерткіштер мен сыралғылар кең тарады. Бертінгі республика дәуірінде мүсін өнерінен эллинистік бағыт орын алып, грек ескерткіштерінен жаппап көшіру дәстүрге айналды. Монументті- сәндік кескіндеме жоғары сатыға көтерілді, мозаика мен глиптика өнері қанат жайды. Сәулет өнері империяның гүлдену кезеңінде (б. з. б. 1 ғасырдың 20 жылдары - б. з. 2 ғасыр) шарықтау биігіне көтерілді. Осы тұста арка мен ордердің, ғимаратты қабырға өрнек және мүсін ескерткіштермен, мәрмәрмен безендірудің ролі артты. Сәулет өнері бірте-бірте император мен империя ұлылығын дәріптеу құралына айнала бастады. Салтанат қақпасы монументті архитектуралық ескерткіштің етек алған түріне айналды. Флавилер тұсында Ежелгі Римдегі ең ірі амфитеатр - Колизей, Траян заманында - Рим қаласындағы форумдар (111-114, архитектор Дамаскілік Аполлодор), Адриан кезінде ежелгі замандағы күмбезді құрылыстардың ең ірісі - Пантеон ірге көтерді. Мүсін өнері Траян заманында қаһармандық стильге қайта оралса, Адриан билік жүргізген кездегі мүсін-ескерткіштерден эмоциялық экспрессия мен психологиялық тереңдікке ден қою аңғарылады. Тарихи рельеф (Титтің аркасындағы рельеф, мәрмәр, 81) биік сатыға көтерілді. Әсіресе Траян заманында соғыс көріністерін бейнелеген рельефтер (Римдегі Траян бағанасының мүсіндік топтамалары, мәрмәр, 111-114) буырқанған динамикасымен ерекшеленеді. Империя дәуіріндегі сән және қосалқы өнер туындылары: рельефті «қызыл лакты» керамика бұйымдары, шыны заттар (вазалар), геммалар. Империяның құлдырау кезеңінде (3-4 ғ.) ежелгі рим өнерінен іштей өзгеру нышаны аңғарылды. Құрылыс аумағының тым үлкен әрі аса бай әлем толы болуы осы тұстағы ғимараттарға тән қасиет. Құрылыс негізінен провинцияларда жүргізіле бастады, жаңа форумдар, алып ғибадатхана комплекстері (Баальбек) тұрғызылды. Бертінгі мүсіндік портреттер адамының дене бітімін біршама дәл бейнелеуге ден қойды. 3-4 ғасырда портреттік миниатюра мен мәрмәр саркофагтар жасау өнері өріс алды.

Әдеб. Маркс К. и Энгельс Ф. Об античности, Сб. ст., под ред. и с предисл. С. И. Ковалева, Л., І932; Машкия Н.А., История Древнего Рима. М., 1956; Сергеенко М.Е., Жизнь Древнего Рима, М.-Л., 1964; Немировский А. И., История раннего Рима и Италии, Воронеж, 1962; Нечай Ф. М., Рим и Италики, Минск, 1963; Утченко С.Л., Кризис и падение Римской республики, М., 1965; Бокшанин А. Г., Парфия и Рим, ч.1-2, М., 1960-66; Штаерман Е. М., Мораль и религия угнетённых классов Римской империи, М., 1962; Мокульский С. История западноевропейского театра, т.1, М., 1956; Грубер Р., Всеобщая история музыки, 3 изд., М., 1965; Соколов Г., Искусство Древнего Рима, М., 1971; Всеобщая история архитектуры, [2 изд.], т. 2, М., 1973.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-09-04 13:27:39     Қаралды-24681

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »