UF

КОРЕЯ (корейше - Чосон – таңбамалының елі) - Азияның шығыс бөлігіндегі Корей тұбегіне жөне оның төңірегіндегі 3300 шағын аралдарға орналасқан ел. Солтүстігінде Қытаймен және Ресей шектеседі. Шығысы Жапон теңізіне, батысы Сары теңізге ұласады. 220,8 мың км2 жерді алып жатыр.

Жапон отаршыларының езгісінен азат етілген (1945) Солтүстік Корея жері уақытша 2 әскери аймаққа бөлінді: солтүстік ендіктің 38°-ының Солтүстік жағына Совет Армиясы, оңтүстік бөлігіне американ әскерлері орналасты. Халықаралық келісімнің шешімдеріне және корей халқының қарсылығына қарамастан, 1948 жылытамызда Оңтүстік Кореяда Корей республикасы аталған қуыршақ режим орнады. 1948 жылықыркүйек айында Корей Халық Демократиялық Республикасы (КХДР) құрылды. 1950-1953 жылдардағы соғыстан кейін Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея жерлері арасынан демократиялық шегі белгіленді, ол солтүстіктің ендіктің 38° маңынан өтеді.

Халқы. Корея бір ұлтты ел; халқының 99%-і корейлер. Діні негізінен буддизм, оның ішінде синкретизмдік Чхондогё, Сичхонгё секталарының ықпалы басым.

Табиғаты. Корея - негізінен таулы ел. Елдің солтүстік жағына Корей таулары (Кымгансан, Хамгён, Пуджоллён сияқты бірнеше таулар мен жоталардан тұрады; ең биік жері Байтоушань вулканы (2744 м) және Кяма (Кэма) таулы үстірті жайласқан.

Шығысын Шытыс Корей таулары (Тхэбэк., Кёнеан т. б. жоталар) алып жатыр. Корей түбегінің батыс жағалауы ойпатты, жазық келеді. Геологиялық құрылымы жөнінен Кореяжері Қытай-Корей платформасының құрамына кіреді. Жер қабаты негізінен докембрийлік граниттен, гнейстен және метаморфтық тақта тастардан түзілген. Қойнауы темір рудасына (100-ге тарта кен орындатн ашылған, ірілері Мусан бассейнінде шоғырланган), полиметалға (қорғасын-мырыш рудаларының маңызды кен орындары Комдок, Хвапхён,Мунчхон, мыс рудасы Капсан, Сандон,Хучхап өңірлерінде) бай. Вольфрам (Сандон), молибден (Қымгансан), хром (Йончхон), тас және қоңыр көмір ікендері бар.

Корей түбегінің теңіздік климаты елдің солтүстігінде континенттік және муссондық, оңтүстік субтропиктік климатқа ауысады. Қаңтардың орта температурасы солтүстік жағында - 21°С (тауда кейде - 30°С, - 40°С байқалады), оңтүстігінде 4°С. Ең жылы айының (тамыз, кейде шілде немесе маусым) орта температурасы 22-26°С. Жауын-шашынның жылдық орта мөлшері 700-1500 мм. Солтүстік бөлігіндегі тауда қар жамылғысы пайда болады. Кореяда өзен торының жиілігі өте жоғары, бірақ өзендері көбіне шағын келеді, ірілері Ханган, Амношкан (Ялуцзян), Тэдонган. Туманган, Нактонган.

Елдің таулы, қыратты бөлігі қоңыр, қызыл қоңыр және қызыл топырақты; ойпатты жерлерінде және өзен аңғарларында құнарлы аллювийлік топырақ мол. Табиғаты өсімдік гүрлеріне бай; территориясының 3/4-і орманды және бұталы (емен, шаған, шырша, қарағай, самырсын, оңтүстік бөлігінде мәңгі жасыл ағаштар өседі). Жолбарыс, қабылан, гималайдың қара және уссурийлік қоңыр аюлар, сілеусін, ала бұғы т. б. аңдар, қырғауыл, үйрек т. б.кұстар. Балықтың 75 түрі (минтай, скумбрия, май шабақ т.б.) кездеседі. Жер бедеріне, өсімдік және топырақ жамылғысына, климатқа т.б. табиғи жағдайларға байланысты Корея жері 6 аймаққа бөлінеді; олар - Солтүстік-Шығыс Корея жағалауы, Солтүстік Корей таулары, Солтүстік-Батыс жағалау, Батыс жазық, Шығыс Корей таулары, Оңтүстік жағалау және аралдар.

1948 жылға дейінгі Корея тарихы. Корей ғалымдарының археологиялық зерттеулеріне карағанда, Кореяны адам алғаш кейінгі палеолит заманында қоныстанған. Неолит заманында жергілікті халық аң, балық аулап күнелткен, егін егуді, мал бағуды, қол өнерін үйрене бастаған. Корей тайпалары рулық қауымда өмір сүрсе керек. Б. з. б. 2-мың жылдықтың аяғында Кореяда қола қорытылды. Б.з.б. 1-мың жылдықтың ортасынан бастап алғашқы қауымдық қатынастар ыдырап, мемлекет пайда бола бастады. Олардың ішінде Чосон мемлекеті б. з. б.

3-4ғасырдың өзінде-ақ құл иеленуші күшті мемлекетке айналды. Б.з-дың басында Кореяның Солтүстігінде Когурё, Оңтүстік-Батысында Пэкче, Оңтүстік-Шығысында Силла деп аталатын ертедегі феодалдық мемлекеттер құрылды. Жер мемлекеттік меншігіне айналды. Ірі жер иеліктері пайда болды. 4-6 ғасыр арасында буддизм ресми дінге айналды.

Силла, Пэкче, Когурё мемлекеттерінің арасында бүкіл Корей түбегін өзіне бағындыру жолында күрес басталды. Мұны пайдаланып, феодалдық Қытайдың Тан әулеті Когурё мен Пэкчеге басып кіріп, орнығып алды. Бірақ 676 жылы Силла мемлекеті қытай басқыншыларын қуып шықты да, 8 ғасырда салым Кореяның барлың жерін (Тэдонган өзенінен оңтүстікке қарай) қосып, біріккен мемлекеттік құрды. Мұнда феодалдық құрылыс үстемдік етті, сауда дамыды, шаруалар басыбайлы адамдарға айналды. 9 ғасырда Силла мемлекеті феодалдық бытырандылыққа душар болды. 935 жылы Корё мемлекетінің (918 жылы құрылған, елдің қазіргі европаша аты Корё атауынан шыққан) негізін қалаушы Ван Гон елді қайта біріктірді. 10 ғасырдың аяғында бір орталыққа бағынған феодалдық мемлекет біржола қалыптасты, бұл 993, 1010-1011 және 1018-1019 жылдарыҚидандардың шабуылына төтеп беруге мүмкіндік туғызды. Елде егіс көлемі ұлғайып, қолөнері дамыды, сауда күшейді, металл шақа (монета) пайда болды. 12 ғасырдың 1-жартысында Корё мемлекеті біршама әлсіреді. 1231 жылы монғол әскерлері басып кірді, 1259 жылы Корё билеушілері монғол ханының өкімет билігін мойындады. 14 ғасырдың ортасында Корё монголдар құрған Юань империясына тәуелділіктен құтылды. 1359-1362 жылдары қытай әскерлерінің шабуылын тойтарды. Корё мемлекеті Чосон (ежелгі Чосон мемлекетінің құрметіне) деп аталды. Астана Кэгён қаласынан Хансон (19 ғасырдың аяғынан Сеул деп аталды) қаласына көшірілді.

16 ғасырдың аяғында жапондар, 17 ғасырдың 1-жартысында маньчжурлар елге басып кірді. 1592-1598 жылдары корей халқы азаттың соғысқа шығып, жапон басқыншыларын қуды. Бірақ маньчжурлар шапқыншылықты тоқтатпады. 1637 жыл Корей королы маньчжур әулетіне бағынды. Тек 17 ғасырдың 2-жартысында ғана елдің жағдайы жақсара бастады. 17-18 ғасырда Корея әлеуметтік-экономикалық жағынан біраз ілгері басты. Қала халқы көбейді. Пхеньян, Хансон, Кэсон, Тэгу т.б. сияқты ірі сауда орталықтары құрылды. Феодалдық қанау күшейді. Соның салдарынан елде шаруалар көтерілістері шықты. 18 ғасырдың аяқ шенінен феодалдық қатынастар ыдырай бастады. Үкіметке қарсы көтерілістер жиілей түсті. Капиталистік мемлекеттер көз аларта бастады. 1876 жылы Жапония Кореяға тиімсіз Канхва шартына (1876) қол қойғызды. 1882 жылы АҚШ-пен, 1883 жылы Ұлыбританиямен және Германиямен, кейінірек Россиямен, Франциямен, Австрия-Венгриямен т.б. мемлекеттермен осындай шарттар жасалды. Бұл шарттар Кореяны экономика және саяси қыспаққа салды. Қытай Кореяның ішкі ісіне араласа бастады. Кореяда феодалдарға, шетел қанаушыларына қарсы толқулар, көтерілістер (1882 ж. 23 шілдеде Сеулде) шықты. Әсіресе 1893-1894 жылғы шаруалар көтерілісі күшті болды. Бұған қарсы Қытай және Жапон әскерлері елге басып кірді. Корея үшін жапон-қытай соғыстары(1894-1895) болып өтті. Соғыста жеңілген Қытай Кореяның тәуелсіздігін мойындады.

90 жылдардың 2-жартысында Жапония, Ұлыбритания, Россия, Германия, Франция елде концессиялар ашу жөніндегі бірсыпыра келісімге Кореяны күштеп қол қойдырды. Орыс-жапон соғысы (1904-1905) кезінде жапон империалистері Кореяны оккупациялап алды. Оның финансына, сыртқы және ішкі саудаға бақылау орнатты. Россия әскерлерінің соғыста жеңілуі және 1905 жылы жапон империалистерінің американ және ағылшын империалистерімен одақтасу жөнінде келісім шарт жасалуы жапон миллитаристерінің іс жүзінде Кореяны басып алуына жағдай туғызды. 19 ғасырдың аяғында жапондарға қарсы ұлт-азаттың қозғалысы өріс алды. Шаруалардан құралған партизан отрядтары қарулы күрес жүргізді, кейінірек бұл күреске жұмысшылар, оқушы жастар қосылды. Жапон империалистері партизандардың негізгі күшін талқандады, Кореяны жапон империясының құрамына қосты. Корея Жапонияның товар өткізетін рыногы мен шикізат базасына айналды. Шаруалардан тартып алынған жерлер мен мемлекеттік жерлерде жапон жер компаниялары ұйымдастырылды. Жапондар феодалдыққатынастарды өзгертпеді. Шаруалар аяусыз қаналды. Жұмысшы табы қалыптаса берді. Отаршылдар Кореяда кен өндірісін, транспорт құрылысын т. б. салды. Барлық ірі кәсіпорындар (1913 ж. 383) жапон капиталистерінің қолында болды. 1918 ж. жұмысшылардың жалпы саны 126 мың адамға жетті. Жұмысшы табы да, ұлттық буржуазия да отарлық езгіге түсті.

1919 жылымамыр-сәуірайларында жалпы ұлттық көтеріліске 2 млн-нан астам адам (жұмысшылар, шаруалар, ұлттық буржуазия) қатысты. Халық қозғалысына ұлттық буржуазия басшылық етті. 1919 жылғы көтеріліс жеңілді. Бұл ұлт-азаттық қозғалысқа жұмысшы табының басшылығы қажет екенін көрсетті. 1920 ж. Корей жұмысшыларының өзара көмек қоғамы (тұңғыш жалпы ұлттың жұмысшы ұйымы) құрылды. 20 жылдардың басында кәсіподақтар мен басқа да бұқаралық-қоғамдық ұйымдар ұйымдаса бастады. 1925 ж. 17 сәуірде Корея Коммунистік партиясының негізі қаланды. Партия бірсыпыра антиимпериалистік ереуілдер ұйымдастырды. Мыс.,1926 ж. маусымдағы толқу жаппай бұқаралық сипат алды. 1925-28 ж. арасында 349 ереуіл болып өтті. Шаруалар қозғалысы да өріс алды. Оқушы жастардың, озың ойлы интеллигенцияның күресі күшейді.

Кореяны өзінің соғыс-стратегиялық күшті базасына айналдыру мақсатымен Жапония елде соғыс кәсіпорындарын жаппай салуға кірісті. Кен өндірісі, металлургия, энергетика, химия т. б. өнеркәсіптік орындары кеңейтілді. 1939-1945 жылғы 2-дүние жүзілік соғысқар-саңында және соғыс кезінде Кореяда 800 мың тонна болат, 1 млн. тоннадан астам шойын, 3 млн. тонна темір рудасы, 15 млрд. квт-сағ электр энергиясы, 8 млн. тонна көмір өндірілді. 2-дүние жүзілік соғыс аяқталар қарсаңда жұмысшылардың жалпы саны 2 млн. адамға (1929 ж. 1 млн. адам болатын) жетті.

Шаруалар күйзеліске ұшырады, ұсақ және орта буржуазияның жағдайы нашарлады. 1929-1933 жылдардағы дүние жүзілік экономикалық дағдарыс кезінде және одан кейін де жапон отаршыларына қарсы күрес күшейе түсті. 1930-1932 жылдары жұмысшылардың 517 ереуілі, шаруалардың 237 көтерілісі болды. Бүкіл елде оқушы жастардың жапондарға қарсы демонстрациясы болып өтті. Демонстрацияны жапондықтар аяусыз басты. 1 млн-нан астам корейлер тұратын Маньчжурияда және Кореяның солтүстік аймақтарында партизан қозғалысы өрістеді. Қозғалысқа Ким Ир Сен бастаған коммунистер басшылық етті.

1932 ж. ол ұйымдастырған партизан отряды кейіннен Корей Халық революциялық армиясына айналды. Армия жапон отаршыларына қарсы табанды күрес жүргізді. Жапон басқыншыларынан азат етілген аудандарда коммунистер- елдің басшылығымен партия, комсомол және жапондарға қарсы бұқаралық ұйымдар құрылды. Корей Халық революция армиясы қытай халық революция күштерімен байланыс жасай отырып, Солтүстік-Шығыс Қытайда (Маньнжурияда) жапон басқыншыларына қарсы бірқатар операция жүргізді.

1945 жылы тамызда Совет Армиясы Жапонияның таңдаулы Квантун армиясын талқандағаннан кейін, Жапония 2-дүние жүзілік соғыстан шығуға және Кореядағы үстемдігінен айрылуға мәжбүр болды. Совет Армиясы мен Флотының Кореяны азат ету жолындағы соғысына корей халқының революциялық қарулы күштері де қатысты. Совет әскерлерінің СолтүстікКореяға келуін пайдаланып, жұмысшы табы бастаған елдің демократиялық күштері кертартпа күштерге қарсы күресті өршітті. Ел азат етілген соң, 1945 ж. тамызда қайта құрылған Корея Коммунистік партиясы (1928 ж. ұйымдасқан күш ретінде өмір сүруден қалған болатын) корей халқының революциялық күресінің басқарушы күшіне айналды. Партияның басшылығымен бұқаралық демократиялық ұйымдар құрылды. 1945 ж. тамыз-қыркүйекте мемлекеттік өкімет билігін орнату т.б. жөніндегі саяси халық комитеттері мен әзірлік комитеттері құрыла бастады.

1945 ж. қыркүйекте Оңтүстік Кореяға келіп түскен АҚШ армиясы Оңтүстік Кореяда басталған халық-демократиялық революцияға бөгет жасады. 1945 ж. 10 қазанда Корея Коммунистік партиясының солтүстік-корейлік ұйымдастыру бюросы құрылды. 1946 ж. ақпанда Солтүстік Кореяның уақытша халық комитеті (жұмысшы табы мен шаруалардың, халықтың басқа да патриоттық топтарының одағына негізделген, жұмысшы табы басқарған халық өкіметінің жоғары органы) ұйымдасты. 1946 ж. наурызда СолтүстікКореяда жер реформасы жүргізілді, 1946 ж. тамызда өнеркәсіптік ұлт меншігіне алынды, 1946 ж. маусымда еңбек туралы заң, 1946 ж. шілдеде әйелдер мен еркектердің тең праволылығы туралы заң қабылданды т.б. демократиялық өзгерістер жүзеге асырылды. Осылардың нәтижесінде отаршылдық пен феодализмнің қалдықтары жойылып, Солтүстік Корея социализм орнатуға көшті. Халық шаруашылық қалпына келтіріліп, ілгері дамытылды, жұмысшы табы мен шаруалардың одағы нығайды. 1946 ж. тамызда Корея Коммунистік партиясы мен Жаңа халық партиясының (1946 ж. ақпанда негізі қаланған) бірігуі нәтижесінде Солтүстік Кореяның Еңбек партиясы құрылды. 1948 ж. ақпанда Корей халық армиясы ұйымдастырылды. Корей халқының бір тұтас демокр. Корея құру жолындағы күресіне Совет Одағы жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Бірақ Оңтүстік Кореяның реакцияшыл топтары АҚШ билеуші топтарының тікелей басшылығымен өз жерінде Корей республикасы дейтінді құрды. Олар Кореяны бөлшектеп, ОңтүстікКореяда халыққа қарсы тәртіп орнатты.

Мұндай жағдайда демократиялық күштер Солтүстік Кореяда елдің бүкіл революциялық күштерінің тірегі боларлық революциялық база жасауға бағыт алды. Ал Корей Халық Демократиялық Республикасының (КХДР) үкіметі демократиялық негізде елді бейбіт жолмен біріктіру мақсатын көздеп отыр.

1948 жылытамызда Жоғарғы халық жиналысының жалпыға бірдей сайлауы өткізілді. Жоғарғы халық жиналысы елдің конституциясын белгілеп, 1948 ж. 9 қыркүйекте КХДР-дің ұйымдасқанын жариялады, Ким Ир Сен басқарған үкімет құрды.

Ғылым және ғылыми мекемелері. Жаратылыс тану және техникағылымдары. Корея - Шығыстағы ежелден цивилизаңиялы елдің бірі. Онда астрономия және метеорологиялық байқау жұмыстары мен құрылыс техникасы өте ерте дами бастаған (мыс., 553-566 ж. Қиыр Шығыстағы аса ірі Хванненс монастыры; 742–764 ж. Соккурам үңгірлі ғибадатханасы салынған). 632-647 ж. онда Шығыс Азиядағы ең көне обсерватория - Чхомсондэ астрономия мұнарасы салынды. 682 ж. Силла қаласында мемлекеттік жоғары дәрежелі «Кукхак» училищесі ашылды. 717 жылдан бастап бұл училищеде математика мен медицина, ал 794 жылдан астрономия оқытылды. 11-13 ғасырда Кореяда фарфордан бұйымдар жасау өріс алды. Олар Қытайдан ксилографияны үйреніп, сол тәсілмен 6 мың томнан астам діни кітаптар (будда канондарын) басып шығарды. 1234-1241 ж. Кореяда типографиялық металл шрифтісі қолданыла бастады.

15 ғасырдың орта шенінде Корея ғалымдарының «Нонса чиксоль» («Егіншілік туралы кітап») деген еңбектерінде сол кездегі агрономиялық білімдер баяндалады. 1441 жылдан Кореяда метеорологиялық байқаулар үшін жауын өлшегіш пайдаланылады. Ян Сон Джи т.б. 1451 ж. Кореяның география картасын жасады және тарихи географиялық жазба - Корён құрастырды. Осы тұста Корея медицина саласында да елеулі табыстарға ие болды. 1432 ж. Корея фармакопеясы «Ханьяк чипсонбан» құрастырылып бітті, 1445 ж. медицина энциклопедия - «Ыйбан ючхви» баспадан шықты. 15-17 ғасырда жаратылыс тану ғылымы саласында елеулі еңбектер пайда болды. Мыс., 55 томдық энциклопедия «Тонгук ёджи сыннам» («Шығыс мемлекетінің назар аударарлық жерлеріне шолу». 1487) және Хо Джун құрастырған 25 томдық медицина энциклопедия «Тоный погам» («Шығыс медицина қазынасы», 1610). 15-16 ғасырда Кореяәскери-техникалық саласында зор табысқа жетті. 1450 ж. «Тонгук пёнгам» («Шығыс мемлекетінің әскери айнасы») атты аса ірі еңбек баспадан шықты. 16 ғасырда Ли Сун Сип әскери кемелердің құрылысын және артиллерия қаруларды жетілдіру арқылы әлемге аты әйгілі болды. Оның жобасы бойынша зеңбірекпен, огнеметпен, өте үлкен садақтармен жарақтанған соғыс кемелері жасалды.

17-19 ғасырдың 2-жартысында сыртқы саясаттағы оқшаулану Кореяның әкономикалық және мәдени дамуына бөгет болды. Дегенмен, жаратылыс тану мен техникағылымдар саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары бұл кезеңде де тоқтаған жоқ. Соның нәтижесінде, 1770 ж. 100 томдық энциклопедия «Тонгук мунхон пиго» және 1798 ж. ауыл шаруашылық энциклопедиясы «Синпхён нонсо» баспадан шықты. 19 ғасырда Кореяда жаратылыс тану ғылымдары едәуір өрге басты. Нам Бён Гиль мен Нам Бён Чхольдің математика және астрономия саласындағы еңбектері осы тұста жария болды. 1861 ж. А.X.Хванның ауруды емдеу жөніндегі еңбегі баспадан шықты. Ким Джон Хо география зерттеулермен шұғылданып, 1861 ж. Кореяның толық картасын жасап шығарды. Кореяда жаратылыс тану ғылымының дамуында сирхак қозғалысын жақтаушы ғалымдардың - Хон Дэ Ён, Ли Су Гван т. б. еңбектерінің маңызы зор. Олардың еңбектері көптеген проблемаларды қамтыды және көбінесе энциклопедиялық іспетте жазылды.

Кореяны жапон империалистерінің аннексиялауы жаратылыс тану ғылымының дамуына бөгет жасады. 1919 жылғы көтерілісті Жапонияның жазалаушы отрядтары тұншықтырғаннан кейін, Кореяның көптеген ғалымдары шетелге кетуге мәжбур болды.

Корея азат етілгеннен кейін (1945) СолтүстікКореяда ғылымның дамуына қолайлы жағдай туды. 1946 ж. Пхеньянда Ким Ир Сен атындағы мемлекеттік университет ашылды. 1947 ж. алғашқы ғылыми мекемелер жұмыс істей бастады.

Философия. Ежелгі Кореяда буддизм, конфуцийшілдік, даосизм жүйелері өзіндік ерекшелікпен дамиды. Махаяна буддизмінің көрнекті өкілдері Вонхё (7 ғ.,) және Ыйчхон (11 ғ.) болды. Конфуцийшілдіктің теоретиктері 7 ғ-да Соль Чхон, 9-12 ғ-да Чхве Чхи Вон, Чхве Чхун, Ким Бу Сик т.б. Олар азаматтарды адамгершілік рухта тәрбиелеудің негізі буддизм деп, ал мемлекет басқаруда конфуций іліміне сүйенген жөн деп санады. 13-14 ғасырлардың соңында қытай философы Чжу Сидің жаңа конфуцийшілдік ілімі тарап, ол 14 ғ. соңында мемлекеттікидеологияға айналады. Кейіннен жаңа конфуцийшілдік әр түрлі идеялық ағымдарға және философиялық мектептерге бөлінеді. 16-17 ғасырларда Кореяның ең ірі идеалистік философиялфқ мектебі Чжу Си ізбасарларының соннихак Немесе лихак деп аталған мектебі қалыптасады. Бұл кезде материалистік дәстүрді сақтаған Ким Си және Со Гён Докболды. 17 ғ. Кореяда қытай философы Ван Ян-мин ілімін жақтаушылар жаңа конфуцийшілдікке қарсы шықты.

17-19 ғасырларда Кореяның қоғамдық ойы мен материалистік дәстүріне философиялық және социологиялық идеяларды қосқан сирхак қозғалысының өкілдері болды (Ли Су Гван, Пак Чи Вон т.б.). 18 ғасыр соңы - 19 ғасырдың ортасында (Ки Джон Джин т. б.) жаңа конфуцийшілдік ілімін «ақиқатты қорғау және жалған ілімдерді түбірімен жою» деген ұранмен нығайтуға тырысады. 1860 ж. Чхве Дже У негізін қалаған Тонхак сектасының діни ілімінде пантейстік элементтермен қатар барлық адамдардың теңдігін арман ету мәселелері де болды. Кореяға шет мемлекеттердің келуіне мүмкіндік тууымен қатар елде Батыстың саяси-әлеуметтік теориялары етек ала бастады. 1919 жылғы көтерілістен кейін Кореяда марксизм-ленинизм идеялары тарай бастады.

Тарих ғылымы. Кореяда тарихнама дәстүрі үш мемлекеттің кезінен бастап (б.з. алғашқы ғасыры) туа бастады. Кореяның феодалдық тарихнамасынаң сақталған ең тұңғыш ескерткіш - «Самгук саги» («Үш мемлекеттің тарихи жазбасы», 1145). Бұл еңбек конфуцийшілдік тарихнама рухында жазылып, бір орталыққа бағынған феодалдық мемлекетті нығайту идеясы қамтылған. Осындай ескерткіштің және бірі «Самчук юси» (13 ғ. аяғы). Оны будда сопысы Ирен жазған. Ли әулеті кезінде (1392-1910) тарихнамада конфуцийшілдік дәстүр қалыптасып, әулеттік жылнаманы жоғары үкімет органдары, ресми тарихшылар жүзеге асырып отырды. 16 ғасырдың аяғы - 17 ғасырдың басында корей тарихнамасы сирхак қозғалысының прогресшіл өкілдерінің (Ли Су Гван, Хан Бэк Кём т.б.) ағартушы еңбектерімен толықтырылды. Бұлар тарихты баяндаудағы ескі конфуцийшілдік дәстүрге сын көзбен қарады. Бұл бағыттағы ғалымдардың бір ерекшелігі қоғамдық-саяси мәселелерге көңіл бөлуінде еді. Олар болашақ қоғам жайында бірнеше утопиялық теориялар ойлап шығарды. 20 ғасырдың басында прогресшіл тарихшылар - буржуазия мәдени-ағарту қозғалысының қайраткерлері (Пак Ын Сик, Син Чхэ Хо т. б.) демократиялық бағыттағы, патриоттық рухтағы еңбектер жазды. 30 жылдары прогресшіл тарихнама, ресми жапон тарихнамасының Корея тарихын бұрмалау, оның өзіндік ерекшелігі жоқ деуіне қарсы шығып, ұлттық тарихты объективті тұрғыдан көрсетуге тырысты. Осы кезде Кореяның қоғамдық тарихи процесін ілім тұргысынан көрсетуге, алғашқы бетбұрыс жасалды.

Экономика ғылымы. Феодалдық дәуірінде экономикалық көзқарастар, негізінен алғанда, тарихи еңбектер мен энциклопедияларда дамыды [Ким Бу Сик (11-12 ғ.), Чон До Джон (14 ғ.), Хон Бон Хан (18 ғ.)]. Негізгі мәселе ірі феодалдық меншікке шек қойып, орталықтанған (мемлекеттік) жер меншігін нығайту еді. Кореяғалымдары - сирхак қозғалысының өкілдері (Хан Бэк Кём, Ким Юк, Ли Ик, Чон Як Ён, 16 ғасырдың аяғы - 19 ғасырдың басы) егіншіліктегі өндіргіш күштердің дамуына, қолөнері мен сауда прогресі, шаруалардың пайдасы үшін агрария қайта құруға ат салысты. Корея отарлық тәуелділік кезінде ел экономикасының тарихын зерттеу тенденциялы сипатта жүргізілді. 1919 ж. Кореядағы Март көтерілісінен кейін ел-елде ұлттық-реформизм экономикалық идеясы етек алды. 30 жылдары Кореяның жапондарға қарсы ұлт-азаттық күресінің экономикалық программасына маркстік экономикалық көзқарас ықпал етті. 1945 жылдан бастап экономикалықғылым Солтүстік Кореяда дамыды.

Тіл білімі. Корея тіл білімі саласында алғашқы еңбек 7 ғасырда жазылды. Силла мемлекетінен Соль Чхон қытай иероглифтерін өзгертіп, корей сөздерін жазуға бейімдеді. Бұл іс қағаздарында 19 ғасырдың ақырына дейін пайдаланылып келді. 1446 ж. Чипхён-джон ғалымдары корей дыбыстарының пайдаланылуын және қытай тіл білімін терең зерттеу негізінде корольдың «Хунмин чоным хэре» атты корей алфавитін енгізу туралы қаулысына түсініктеме жазды. 15-20 ж. басына дейін тіл білімі саласындағы негізгі еңбектер корей жазуын зерттеуге, орфографиясын жетілдіруге, әр түрлі сөздіктер, оқу құралдарын құрастыруға бағытталған. 1897 ж. Ли Бон Ун жазган корей тілінің алғашқы грамматикасы пайда болды.

Қазіргі корей тілінің негізін қалаушылар Чу Си Ген, Чи Сок Ен (19 ғ. аяғы - 20 ғ. басы) және басқалар болды. Бұл уақытта корей орфографиясы морфологиялық принципінің негіздері, корея тіл білімінде дәстүрге айналғанСөз туралы ілім жасалды. 1921 жылы корей тілін зерттеу жөнінде Қоғам құрылды. 1945 ж. Корея жапон езгісінен азат етілгеннен кейін тіл білімі одан әрі өрістеді.

Әдебиеті. Корей әдебиеті б. з. алғашқы кезіндегі ежелгі корей фольклорынан басталған. 19 ғасырдың аяғына дейін ол қытайдың вэньян әдеби тілінің корейлендірілген түрі - ханмун ресми әдеби тілінде және корей тілінде дамыды. Корей әдебиетінің ежелгі үлгісі ретінде 7-11 ғасырларға жататын 25 шағын өлең-хянгаларды («Туған ел әуендері») айтуға болады. 12-14 ғасырларда хянга дәстүрі Корё кае («Корё әндері») түрінде дами бастады. Ханмун поэзиясының қалыптасуына Чхве Чхи Вон (857 ж. т.) елеулі үлес қосты. Осы поэзияның нағыз гүлденген шағы Ли Ин Но (1152-1220), Ли Гю Бо (1168-1241) және Ли Дже Хеннің (1288-1367) лирикалары туындаған кез болды. Ертедегі проза ханмунмен жазылған буддалық Хёк Нён Джонның «Кюннің тұрмыс күйі» (1075), Ким Бу Сиктің (1075-1151) өз бойы конфуцийшілдік идеяларға толы «Үш мемлекеттің тарихи жазбалары» (1145) атты ресми хроникасы мен буддалық «Теңізден шығысқа қарай созылған елдің көрнекті монархтарының өмірбаяны» (1215) атты шығармалар арқылы танылды. Көркем проза бірте-бірте тарихи әдебиеттен бөлінді. Новелла жанрының негізін «Алтын тасбақа тауында естіген жаңа әңгімелер» атты жинақтың авторы Ким Си Сып (1435-1493) салды. 1478 ж. Со Го Джон (1420-1488) ханмунмен жазылған поэзия мен прозаның озық үлгілерінен тұратын «Шығыс антологиясын» (130 кітап) құрастырды. Сатирик жазушы Им Дже (1549-1587) «Сотталған мысық», «Гүлдер тарихы», «Қайғы жамылған қала» повестерін жазды.

Корей алфавитімен жазылған тұңғыш шығарма «Аспанга ұшқан айдаһар туралы ода» (1445) еді. 16-17 ғасырларда әдебиетте даос мотивтеріне толы табиғат лирикасы басым болды. 17-19 ғасырларда корей тілінде Хо Гюннің (1569-1618) «Хон Гиль Дон туралы повесть», «Сим Чхон туралы повесть» (18 ғ.) сияқты шығармалары туды. Ким Ман Джунның (1637-1692) «Тоғыздың түсі» т.б. алғашқы романдары жарық көрді. 19 ғасырдың аяғында орта ғасырлық әдебиеттен жаңа әдебиетке көшу кезеңі басталды. Ли Ин Джиктің (1862-1916) және Ли Хе Джонның (1869-1927) мәдени-ағарту идеяларын арқау еткен романдары жаңа прозаның (син сосоль) алғашқы кезеңін қамтыды. Қазіргі корей новелласының қалыптасуына Ли Гван Су (1892-1951) мен Ем Сан Сон (1897-1963) т. б. ықпалы тиді.

Жапонияның Кореяны жаулап алуы (1910) корей әдебиетінің дамуына уақытша кедергі жасады. Көптеген жазушылар қудалауға ұшырады. Алайда 1919 жылдан кейін пролетариат әдебиеті қалыптаса бастады. Шаруа өмірінің жыршылары атанған прозаик На До Хян (1902-1927) мен ақын Ким Со Вольдің (1903-1935) шығармалары реалистік сипатымен көпшілік көңілінен шықты. 1925 ж. пролетариат өнерінің Корей федерациясы құрылды (1935 ж. таратылды). 30 жылдардың 2-жартысында тарихи роман белең алды. 1930-1940 жылдары Жапонияға қарсы соғысып жатқан партизан отрядтарында революция жауынгер өлеңдер туды.

Архитектурасы мен бейнелеу өнері. Корея жерінде неолит дәуірінде салынған жер кепелер (балшықтан домбаздап салған), б.з.б. алғашқы ғасырларды сипаттайтын гөрханалар (дольмендер, сандық пішінді молалар т.б.), металдан жасалған қарулар мен нақышты қыш ыдыстар сақталған. Корея мәдениетінің гүлдену кезеңі үш мемлекет (Когурё, Пэкче, Силла) билік құрған дәуірге саяды. Когурё өңірінен көбінесе жер асты құрылысына ұқсатып салған гөрханалар (3-7 ғ.) табылды. Олар ағаштан (4 ғ.) немесе тақтай тастар мен кірпіштен (5-7 ғ.) салынған. Мемлекет дәуірін айқын бейнелейтін байырғы ескерткіштің бірі - гранит блоктардан алып құмыраға ұқсатып салған Чхомсондэ астрономия Мұнарасы 7 ғ., Кёнджу маңы). Кореяның 8 ғасырда Силла мемлекеті болып бірігуі мәдени өркендеудің жаңа кезеңін бастады. Қалалар жүйелі түрде салынып, құрылыс ісінде жер жағдайын, табиғатты тиімді пайдалану - қытай сәулет өнерімен астасып жатты. Буддизмнің тарауы (6 ғасырдан Силланың ресми дініне айналды) діни құрылыстар мен пагодаларды (Кёнджу өңіріндегі Соккурам ғибадатханасы, 742-764, Польгукс комплексі, 751) салуға жол ашты. Бұл құрылыстар формасының қарапайым өрі көркемдігімен ерекшеленеді. 7-10 ғасырдағы мүсін өнерінен Үндістан мен Қытайда дамыған будда пластикасы конондарының жаңа мәнермен (образдың руханилығы, форма биязылығы) біріккендігін көруге болады. Осы кезеңдегі сән және қосалқы өнер тасқашау, темір қақтау, жібек тоқу, лак бұйымдар жасау, бамбук пен шөп талшықтарынан тоқыма тоқу т.б. негізінде дамыды. Корё мемлекеті билік құрған дәуірде (918-1392) күрделі формадағы пагодалар (Хёнмётхап пагодасы, 1085), діни бағыттағы комплекстер (Согванс монастыры, 1386; 1950-1953 ж. қираған) және зиялыларға арналған ғимараттар (Манвольдэ әкімдерінің сарайы, 918, 1361 ж. қираған) салынды. Сән-нақыш айшықтарының мол болуы осы кезеңдегі Корея архитектурасына тән қасиет.

Ли әулеті тұсында (1392-1910) тас қашау, ағаш ою өнерінің тамаша үлгілерімен безендірілген сәулетті сарай ансамбльдері (Хансондағы Кёнбок- кун, 1394; 16 ғасырда қирап, 19 ғасырда қалпына келтірілген, 1950-1953 ж, қайтадан қиратылған), бай нақышты діни құрылыстар (Тхондос монастыры, 16 ғ. Хансондағы Вонгакс монастырының пагодасы, 1467; т. б.) тұрғызылды. Ұлттық баспаналары - террасасы және еден астында жылыту жүйесі бар бір қабат үйлер (тастан, ағаш немесе балшықтан салған). Бейнелеу өнерінің дамуына 14 ғасырдың аяғында құрылған Тохвасо мекемесі ықпал жасады. Ол негізінен кескіндеме академиясының ролін атқарды. 19 ғасырда «құс-гүл» жанрында еңбек еткендер Чан Сын Оп, Нам Ге У болды. 19 ғасырдың аяғында майлы бояумен салынатын кескіндеме пайда болды. 15-19 ғ. аралығында фарфор мен керамика бұйымдарын жасау ісі жетіле түсті.

Жапон отарлауы кезеңінде (1910-1945) сол кездегі европа архитектурасының және жапон сәулет өнерінің үлгісіндегі ғимараттар бой көтерді. Бұл кезеңде корей халқының азаттық үшін күресін өз шығармаларында шынайы бейнелеген прогрессившіл суретшілер мен мүсіншілер (Ким Бок Чин - Корея федерациясы пролетарлық өнерінің тұңғыш жетекшілерінің бірі) еңбек етті.

Музыкасы. Корея музыкасының ладтық құрылысы Ежелгі Шығыс елдеріндегідей диатоника мен хроматизм элементтерінен тұратын пентатоникаға негізделген. Осы кезеңнің аяғында сарай жанынан аспаптық ансамбльдерұйымдастырылды. 200-ден астам композициялардың авторы, каягым аспабын жетілдіруші Урыка және көптеген музыкалық аспаптарды (лютня секілді 6 шекті комунгоны) жасап шығарған Ван Санаканың еңбектері Корея музыкасына қосылған елеулі үлес болды. 6-8 ғасырда өмір сүрген Кего, Мандок, Нимун Урыка дәстүрін жалғастырушылар. 14-16 ғасырда ірі-ірі оркестрлер мен хорлар астанада өнер көрсетіп, көрнекті музыка майталмандары шетелдерге танылды. Корея музыкасының өркендеуіне тұңғыш оқу орнын ашушы, ежелгі музыка аспаптарын іріктеп пайдаланып, сарайлық және халық өндерін орындаушы Пак Ён (15 ғ.) сүбелі үлес қосты. 1432 ж. канондық сарай музыкасы енгізіліп, нота жазуының қалыптасуы нәтижесінде ежелгі әуендер бәз қалпында сақталып қалды. 1493 ж. Сон Хён және т.б. корей музыкасының энциклопедиясы «Акхак квебомды» («Музыка білімінің негіздерін») шығарды. 16 ғасырды 2-жартысындағы соғыс музыканың дамуын тежеді. 17-18 ғасырда сөзбен айтылатын пхансоридің дамуынан музыка қайта жанданды. 19 ғасырдың ортасында дауыс тану жүйесі (пхансори мелодиялары бойынша) жасалды. 19 ғасырдың 2-жартысында пхансориден чхангык (халық музыкалық драма жанры) пайда болып, кейіннен ол ұлттық драмаға айналды. Оның негізін салушы - Син Джэ Хё. 20 ғасырдың басында Кореяға европалық музыка ене бастады. 1910 ж. басталған жапон отарлауы музыкалық мәдениетінің дамуын 1945 жылға дейін тежеді.

Театры. Кореяның ежелгі тұрмыс-салт ойын-сауықтарында драматикалық элементтер болған. Үш мемлекет кезеңінде маскамен орындалатын би тхальчхум қалыптасты. 14-15 ғасырда маскалы халық театры - камёнгык және қуыршақ театры - инхёнгык пайда болды. Халық театрының қалыптасуына квандэнің (гистриондардың) әсері болды. 19 ғасырда корейдің профессионал театры құрылды. 1911 жылдан «Хёксиндан» («Реформа труппасы») театрының негізі қаланды. 1921 ж. Жапонияда оқыған корей студенттері «Драма өнері одағы» труппасын ұйымдастырды. 1930ж. Пхеньянда «Мачхи» («Балга») пролетарлар театры, Тэгуде «Көше театры», 1931 ж. Кэсонда «Көпшілік театры», 1932 ж. Масанда Драма өнері қоғамы, 1932 ж. Пхеньянда «Болашақ театры» жұмыс істей бастады.

Киносы. 1921 ж. тұңғыш кинофильм түсірілді. 20 жылдардың 2-жартысында халықтың ауыр тұрмысын бейнелейтін «Қаңғыбас» (1927), «Бұлыңғыр көше», «Көмескі жол» (екеуі де 1928 ж. түсірілген) кинофильмдері жарық көрді. Үлттық прогрессившіл киноның дамуына режиссёр, актёр әрі сценарист На Ун Гю мол үлес қосты. Ол «Ариран» (1926), «Махаббат іздеу жолында» (1928), «Иесіз паром» (1932) фильмдерінде әлеуметтік теңсіздік пен отаршылық езгіні әшкереледі. 30 жылдардың ортасы мен 40 жылдардың басында (корей ұлттық өнерін тұншықтыру әрекеті кезінде) корей кинематографиясы жапондардың бақылауында болды. Экранда негізінен неміс, итальян, жапон фильмдері көрсетілді.

Мәлімет сізге көмек берді ма

  Жарияланған-2019-08-16 10:34:57     Қаралды-4988

СУ ҮЙДІ ЖАРЫП ЖІБЕРУІ МҮМКІН БЕ?

...

Су зиянсыз зат сияқты. Ал кейде су мылтықтай жарылып кетеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ НЕДЕН ТҰРАДЫ?

...

Мұнай – қою қызыл-қоңыр, кейде дерлік қара түсті майлы сұйықтық.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ТЕЛЕДИДАР ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Қара және ақ түстің әртүрлі реңктерінен тұратын қозғалмалы бейне

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙДАН НЕ ЖАСАЛАДЫ?

...

Шикі мұнай іс жүзінде қолданылмайды. Ол тазартылады және өңделеді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МҰНАЙ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

...

Бүгінгі таңда ғалымдардың көпшілігі мұнайдың биогендік шығу тегі деп есептейді.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ҒАРЫШТЫҚ ШАҢ ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

...

Ғарыштық материяның барлық фрагменттері ғарыштық шаң деп аталады.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

БӨЛШЕКТЕР ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Алдымен бұлар «жай бөлшектер» деп аталды.

ТОЛЫҒЫРАҚ »

ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ ЦИРК ҚАШАН ЖӘНЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ АШЫЛДЫ?

...

Қазіргі кездегі заманауи цирктің әкесі - ағылшын кавалеристі аға сержант Филип Астли

ТОЛЫҒЫРАҚ »

МЕТРО ҚАЙ ЖЕРДЕ ЖӘНЕ ҚАШАН ПАЙДА БОЛДЫ?

...

Метро - теміржол көлігінің бір түрі, оның жолдары көшелерден алшақ, көбінесе жер асты.

ТОЛЫҒЫРАҚ »